АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Байлардың тізімін кәріс бастап тұр[:]

[:kz]

 

2b52956ab986d48b33446a49658Биылғы көктемде Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің 2016-жыл қорытындысы бойынша рейтингі жарияланғаны белгілі. 

Ол жөнінде біз газетімізде жазғанбыз. Кешегі аптада «Forbes.kz» порталында жаңа мәліметтер жарық көрді. Онда мұның алдындағымен салыстырғанда біршама өзгерістер бар.

Мысалы, бұған дейінгі рейтингте Болат Өтемұратов 2 миллиард 400 миллион долларға татитын байлығымен көш бастап тұрған еді. Ал бұл жолы 1-орынға сол кезде 1 миллиард 700 миллион долларға тең деп бағаланған байлығымен 5-орында тұрған Владимир Ким көтеріліпті. Бұл ретте «Қазақмыс» АҚ басшысының байлық мөлшері 2 миллиард 500 миллион долларға бағаланған. Оның содан бері 800 миллион доллар шамасында баюына әлемдік нарықтағы металл бағасының өсуі, сондай-ақ еліміздегі бірер жаңа мыс кеніштерінен кен өндіріле бастауы мүмкіндік беріпті. Ал қаржы, телекоммуникация және мейрамхана бизнестерімен айналысатын Б.Өтемұратовтың байлығын сарапшылар бұл жолы да бұрынғысынша 2 миллиард 400 миллион долларға тең деп отыр.

Жаңа рейтингте алғашқы бестік құрамында Тимур және Динара Құлыбаевтар(бизнестің бірнеше түрімен қатар айналысатын олардың әрқайсысының байлығы тиісінше 2 миллиард 200 миллион долларға бағаланған) мен металл саудасымен айналысатын Алиджан Ибрагимов бар. А.Ибрагимовтің байлығы 2 миллиард долларға тең деп көрсетілген. (Бұрынғы рейтингте ол 4-орында еді, бұл жолы 5-ке ығысыпты).

6-орынға бұрынғы рейтингте 669 миллион долларға тең байлығымен 9-орында болған мұнай және металл саудасымен айналысатын Рашит Сәрсенов көтерілген. Оның байлығы  720 миллион долларға пара-пар деп көрсетіліпті.

«Қазкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев бұдан бұрынғы 7-орнын сақтап қалыпты. Өткен жолы оның байлығы 718 миллион долларға тең деп бағаланса, бұл жолы 705 миллион долларға тең деп көрсетілген.

Бұрын 486 миллион долларға бағаланған байлығымен 10-орында болған қаржы және агроөнеркәсіп саласымен айналысатын Дәурен Жақсыбек бұл жолы 8-орында тұр. Оның байлық мөлшері 498 миллион долларға теңеліпті.

Бұл рейтингтегі тағы бір жаңалық – оған Еркін Тәтішевтің есімі еніп отыр. Бірнеше бизнес түрімен айналысатын Е.Тәтішевтің байлығы 470 миллион долларға бағаланған, сөйтіп ол аталған рейтингте 9-орынды иеленіп тұр.

Бұл рейтингке Е.Тәтішевпен қоса тағы да жаңадан 3 адамның есімдері енген. Олар мына азаматтар:

Қайрат Сатыбалды. «Аллюр» компаниялар тобы» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Құрметті президенті. Қаржы бизнесімен айналысады, аталған рейтингте 34-орында, байлығы 150 миллион долларға тең деп бағаланған.

Талғат Ахметов. Ол – кезінде Қазақстан Үкіметін басқарған, Қорғаныс министрі болған, қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіндегі Даниал Ахметовтің ұлы, облыстық мәслихаттың депутаты. Өңдеу өнеркәсібі  бизнесімен айналысады, байлығы 145 миллион долларға тең деп бағаланған. 35-орынды иеленген 31 жастағы Т.Ахметов есімі бұл рейтингке енген ең жас бизнесмен саналады.

Асхат Омаров. Құрылыс және басқа да бірнеше бизнес түрімен айналысады. 70 миллион долларға тең деп бағаланған байлығымен аталған рейтингтің 50-орнын иеленген.

Осының алдында жарияланған рейтингте 230 миллион долларға татитын байлығымен 23-орында болған жерлесіміз, «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановтың мұнай, құрылыс, мейманхана бизнестерімен айналысатын отбасы бұл жолғы рейтингте 17-орынды иеленіпті. Олардың байлығы 296 миллион долларға тең деп бағаланған.

…Бұл бизнесмендердің әрбір үшіншісі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, ал тең жартысы орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлесе алады деп көрсетілген. Тек 1 бизнесмен ғана қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерін қатар меңгерген екен.

Т. ТҰРАН

Zamana.kz

[:]