АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Балалар қорыққаннан жерге жатты». Назарбаевтың ауылындағы атыс[:]

[:kz]

 
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылында, экс-президенттің інісі Болат Назарбаевқа тиесілі делінген үйдің дәл алдында 7 наурызда жергілікті тұрғындардың қатысуымен атыс болды. Оқиға орнына Orda.kz тілшісі барды деп хабарлайды  kznews.kz 
Араға екі күн салғанда атыс орын алған жерде кемінде 30 адам қатысқан жанжал болмаған да сияқты. Ол күннен ештеңе қалмаған. Тек жерде сынған әйнектер, одан жеті метрдей жерде шұрық тесік баннер жатыр.
Атыс салдарынан бір адам зардап шеккенімен оқиға орнында оқтар мен қан іздері жоқ. Зардап шегуші полицияға жанжалға қатыспағанын, көшеде өтіп бара жатқанын айтқан. Алайда оның айғақтары тексеріліп жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, жанжал Үшқоңыр және Әйтей ауылдарының тұрғындары арасында болған. Бұл атысқа жергілікті билік өкілі Көпшік лақап атымен танымал Бауыржан Көпжасаров та қатысқан болса керек. Оны көбіне Назарбаевтар отбасына жақын адам деп атайды.
Ауыл тұрғындары атыс туралы көп сөз қозғағысы келмейді. Батылы жеткендердің өздері аттарын жасырып қалуды жөн көрді.
«Менің ойымша, Көпшік (Бауыржан Көпжасаров) Үшқоңырдағы базардағы жердің бір бөлігін тартып алмақ болған. Жер иесі оны бергісі келмеді, баласы Көпшікпен өзі сөйлесуді ұйғарған. Өзі кездесу ұйымдастырды. Көпшік Әйтейдегі достарын шақырды. Шамалғандық жігіттер Үшқоңыр жолындағы бұрылыста тұрды. Адам көп болды. Әйтейдің жігіттері келген бойда атыс басталды. Артынша барлығы тез тарап кетті» дейді жергілікті тұрғындардың бірі.
Ауыл тұрғындары балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы.
Жергілікті тұрғын Қанат Үшқоңыр трассасының маңында тұрады. Атыс басталған кезде ол балаларымен үйде болған.
Қанаттың айтуынша, қақтығыс орнында он шақты көлік болған. Қақтығысқа қатысушылар Калашников автоматынан оқ жаудырған.
«Алғашында фейерверк жарылып жатыр деп ойладым. Содан кейін келе жатқан көліктерді көрдім. Жолдың дәл ортасында қара түсті көлік тұрды. Жігіттер көлікке отырды да кетіп қалды. Артынша полицейлер келіп, бәрі тынышталып қалды. Мен жанжалға қатысушылардың бірі сақалды екенін көрдім. Мұнда өмір сүру қорқынышты болып кетті. Мұндай атыс бірінші рет орын алып тұр. Бұған дейін ешқандай қақтығыстар болмаған» дейді Қанат.
Балалардың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін
Ер адам ауылға «Сергек» камераларын орнатса деген оймен бөлісті. Оның айтуынша, мұнда үнемі жарыстар өткізіледі және бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
«Балалар қорыққаннан жерге жатты». Назарбаевтың ауылындағы атыс
Өзін Сапар деп таныстырған Қанаттың көршісі атыс кезінде сыртта жүрген. Ол полицейлер жолды жауып тастағанын алға тартты.
«Мұндай атыс бірінші рет болып тұр. Тек қанды қаңтар кезінде түнде бір-екі жағдай болғаны болмаса. Негізінен бұл жер тыныш» дейді Құрманғазы есімді тағы бір жергілікті тұрғын.
«Балалар қорыққаннан жерге жатты». Назарбаевтың ауылындағы атыс
Жас жігіт Мирас атыс оқиғасының мән-жайын білмейтінін, бірақ осы оқиғадан кейін балаларына алаңдайтынын айтты.
«Шынымды айтсам, жақында ғана қаладан көшіп келдік. Міне, осындай жағдай болды. Менің балаларым бар. Оларды мектепке апарамын, енді не істеу керек деп ойланып отырмын. Осындай жағдайлар болып жатыр».
Полицейлер түсініктеме бергісі келмеді. Жергілікті учаскелік полиция қызметкері Нұржан барлық сұрақтарды полиция бөліміне жолдау керектігін алға тартты.

[:]