[:kz]
Қарағанды облысы Балқаш қаласының тұрғындары жаңадан құрылатын Ұлытау облысына қосылуға қарсы. Айтуларынша, Балқаш қаласынан Жезқазғанға дейін жол шалғай. Ал Ағадыр кентінің тұрғындары елдімекенге бұрынғы аудан орталығы статусын қайтарып беруді сұрап президентке үндеу жолдады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
«Кезінде аудан болып тұрғандағы ғимараттың барлығы қазір толығымен жұмыс істеп тұр. Ешқайсысы бүлінген емес, бүлінгендері орнына келтірілді. Сондықтан қаражатқа да еліміз қатты қиналмайды.
Ағадырға қайтадан аудан статусын қайтарып берсеңіздер дейміз. Біз халық болып соны сұраймыз. Сұраймыз! Сұраймыз!», — дейді тұрғындар. Телеарнаның мәліметінше, Ағадыр кенті 1997 жылы аудан статусынан айырылып Шет ауданы құрамына енген. Бұрынғы аудан аумағында 23 мыңнан аса тұрғын бар. 10 теміржол бекеті және 5 ауыл мен 2 өндіріс орны жұмыс істейді. Тұрғындардың айтуынша инфроқұрылымы мықты, темір жолдың ірі торабы орналасқан кент аудан орталығы болуға әбден лайық.
Ал Балқаш қаласының тұрғындары соңғы жаңалықтарға қуана қоймаған. Егер Ұлытау облысы құрылатын болса, онда облыс орталығы алыстап кететін көрінеді. Сөздерінше, 400 шақырым жердегі Қарағандыдан Жезқазған тіпті алыс болмақ. Оның үстіне Қарағанды мен арадағы автобан құрылысы да аяқталып қалған екен. Ал жергілікті билік халықтың бұл тілегін карта сызатындарға жеткіземіз деп отыр.
«Экономикалық жағдайын айтпағанда Балқаш қаласының жасы ұлғайған қарттары, мүмкіндігі шектеулі жандардың емделуге, ем-шараға баруына жолдың ұзақтығы үлкен қиындық тудырары сөзсіз. Сондықтан да біз, балқаштықтар, түбегейлі Ұлытау облысына қосылуға қарсымыз», — деді Балқаш қаласының тұрғыны Нұрдос Кәрім.
[:]