[:kz]
Бұдан былай алматылықтар брендтік киімдердің көшірмесін кие алмайды. Луи Вьютон, Шанель және Эрме сынды аттары әлемге танымал сауда маркаларының базарларды сатылып жатқан көшірмелері тәркіленді. Осы маркаларға иелік ететін франциялық компанияның арызы бойынша сауда орындарын тексеруге шыққан Әділет басқармасындағылар небәрі 46 сөмкені саудадан алдыртып тастады. Бұл туралы КТК хабарлады.
Әлемге танымал тауарлардың көшірмелері базар мен сауда орталықтарында самсап тұр. Оларды түпнұсқадан ажырату қиын. Алайда, жасанды тауарларды жаппай тәркілеп, көзін жоюға құзырлы органдар қауқарсыз. Себебі, тексеріс жүргізу үшін бренд өкілдері шағым түсіру керек.
Франциядан жеткен арыздардың бірі бойынша бүгін әділет департаменті әйгілі Барахолка базарындағы дүкендердің біріне бас сұқты. Тексеріс барысында кәсіпкерден жалпы соммасы 215 мың тг болатын үш танымал тауар таңбасы бейнеленген 46 сөмке тәркіленді. Түпнұсқасының бір данасы мыңдаған доллардан асатыны анық. Алайда, барлық тауарынан қағылған саудагер «неге тек менің дүкенімді тексеріп жатыр» деп аң-таң. Айтуынша, нағыз брендтік затты базардан іздеу ақымақтық.
«Барлық базардан маған ғана келді. Енді заңды болған соң қарсылық білдірмейміз. Мен келген адамға оригинал емес деп ескертем. Арзан бағада сатамын»,-деді кәсіпкер Мерейгүл Жұмахан.
2017 жылдың өзінде 3 миллионнан астам жалған өнім тәркіленіпті. Дегенмен, Гучи, Долче Габана, Шанель, Эрме және өзге әлемдік брендтердің атын жамылып тігілген киімдер мен тұрмыстық заттарды саудагерлер көрші елдерден тасымалдайды. Кейін қолжетімді бағаға сатады.
«Танымал маркалардың белгісімен тауар щығару үшін сол компаниядан рұқсат қағазын алу керек. Бұл тәртіпке бағынбаған шағын және орта бизнес өкілдері 40,ірі кәсіпкерлер 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Барлық құзырлы органдар бірігіп, бұл мәселені шешу керек.Себебі, олар еліміздің тауар айналымына зиян келтіреді»,-дейді Алматы қаласы әділет департаментінің бөлім басшысы Бақытжан Құлантаев.
Билік өкілдері сырттан келетін жалған өнімді бақылауға қауқарсыз екендерін жасырмады. Жыл басынан бері арыз-шағым бойынша жұмыс істеген олар базарларды тексеруге шамалары жетіп, екі кәсіпкерге 500 мың көлемінде айыппұл салған.
turkystan.kz/
Анар Лепесова
[:]