АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Басқаға үйленетінін айтты»: Шымкентте күйеуі ұрып-соққан әйел 7 баласымен далада қалды[:]

[:kz]

Шымкентте көпбалалы ана көше кезіп, босып жүр. Өз күйеуінің қысымына шыдай алмаған 45 жастағы келіншек арнайы әлеуметтік орталықта перзенттерімен бірге тұруға мәжбүр.

Ол бұл қадамға амалының жоқтығынан барып отырғанын айтады. Тіпті, балаларының «бақытты өмірі» үшін 21 жыл отандасқан жолдасымен жарты жолда ажырасыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Бір күні біреудің моншасында отырамын, бір күні үйдің төбесінде отырамын. Бір күні, жаңғақ бар ма, арық бар ма соның астында отырамыз балаларыммен бірге, үстімізге плащ, курткаларды жамылып алып», — деді көпбалалы ана.

Раушан Жүнісбекова қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына налиды. Өйткені, кезінде күшпен алып қашқан күйеуі өмірінің астаң-кестеңін шығарыпты. 7 ұл-қыздың әкесі бола тұра, отбасының шырқын жиі бұзып, білгенін істесе керек. Шектен шыққаны соншалықты, мен түгілі балаларыма да қол көтеретін кездері көп болатын дейді отанасы.

«Үлкен баламның аяғына шеге тықты, 8-сынып оқитын баламды басынан теуіп-теуіп талдырып тастаған. Мені ажыратпақшы болып, «папа қойсаңызшы, қолыңыз жылдам екен деген қызымды қабырғаға қылқындырып, оны ұрып жатыр. Мен түгілі, бала-шағамда таяқ жеп бітті», — дейді Раушан Жүнісбекова. 

Күйеуінің озбырлығынан әбден күйінген келіншек ақыры болмаған соң, биыл жазда айырылысып тыныпты. Ажыраспасқа болмады дейді. Бір емес, бірнеше мәрте төркінін жағалағанымен, ұл-қыздарының болашағы үшін шаңырағына қайта оралып жүрген. Ең соңында, одан да ауыр соққыдан денсаулығы сыр беріп, осындай шешім қабылдауға тура келіпті. Ал, жарты жылдан бері ауылдан кеткен балаларын әкесі бір рет болса да іздеп келмеген.

«Білмейді, бір рет келіп хабарымызды алған жоқ. Әпшесіхабарласыпты қызыма: «Әкең үйленейін деп жатыр» деп. Қызым айтыпты: «Не дейміз, бақытты болсын! 7 баласымен бір анамызды бақытты ете алмаған, адам басқа әйелді бақытты ете алады ма екен?» деп. Сөйтсе: «Неге олай айтасың, ит те болса, әкең ғой» деп ұрсыпты», — дейді 7 баланы анасы.

Раушан апайдың үлкені 18-де екен. Тұрмыста. Қалған 6 баласы жанында. Барлығы Шымкенттегі арнаулы қызмет көрсету орталығында тұрып жатыр. 17 жастағы ұлын орталық қызметкерлері колледждің біріне ақысыз оқуға түсіріпті. Өзгелерін сол маңдағы мектепке орналастырған. Олар мұнда үш айдан бері тұрады. Енді тағы үш айдан кейін босатулары тиіс. Одан кейінгі тағдырлары бұлыңғыр. Әйтеуір мұндағыларға көңілі тоқ. Бес уақыт ас-ауқат пен уақытша болса да әйтеуір жайлы баспана бергеніне разы.

«Ол кісі өзі жұмыс істейді. Жұмыс кезінде орталықтың тәрбиешілері балаларға қарауда және 3 айдың ішінде тұрғын үй мәселесі бойынша негізі бұл кісі Түркістан облысының тумасы. Қазір хат дайындап жатырмыз, тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша», — деді Шымкент қаласы әкімдігінің арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Айнұр Қарымсақова. 

Бұл — әзірге Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша бірегей орталық. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 10 әйел мен 27 бала бар. Оларға арнайы білімі бар мамандар қарайласады. Орталық басшысы Айнұр Қарымсақованың айтуынша, былтыр 227 адамға көмек көрсетіліпті. Ал, биыл 9 айдың ішінде 770 жан осында паналаған. Әлеуметтік ғана емес, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени және құқықтық бағытта кеңес береді. Енді жақын күндері Раушан Жүнісбековаға әлеуметтік жәрдемақысын алуға құжаттарын өткізіпті.

Stan.kz

[:]