АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Бейсен Құранбектің аруағы үшін»: Адвокат Абзал Құспан Арман Шораевтан кешірім сұрап, сотты тоқтатуды ұсынды[:]

[:kz]

Адвокат Абзал Құспан белгілі журналист, қоғам қайраткері Арман Шораевтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бейнежазба журналисттің Facebook-тегі парақшасында жарияланды. 

«Мен ел алдында белгілі қоғам қайраткері, журналист Арман Шораев ағамыздан кешірім сұрағым келеді. Егер естеріңізде болса, мен 2019 жылы қазан айында журналист Сәуле Әбілдаханқызына берген сұқбатымда өз қорғауымдағы Серік Түкеев пен Ислам Әбішевке қатысты қылмыстық іс бойынша «тапсырыс берушілердің» қатарында осы Арман Шораев та бар деген сипатта мәлімет таратқан болатынмын. Соған байланысты маған қарсы талап-арыз беріліп, азаматтық іс қозғалған еді. Қазір Алматы қаласы Алмалы ауданында басталған сот үдерісі күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр», — дейді Абзал Құспан.

Сөзінше, оның кешірім сұрауына бірнеше жайт түрткі болыпты. 

«Мән-жағдайларды түсіндіре кетейін. Біріншіден, Сәуле Әбединоваға сұқбат беру барысында Шораевты «тапсырысшы» деп атауыма өзімнің қорғауымдағы азаматтардың сөз себеп болды. Бағдарлама кезінде де солай ашық айтылды. Алайда олай айтуыма ешқандай материал не құжат түріндегі дәлел жоқ еді. Мен ондай нәрсе туралы сөз қозғамадым. Екіншіден, 2019 жылдың желтоқсан айында Алматының онкологиялық ауруханада емделіп жатқан досым Бейсен Құранбектің халін сұрап барған едік. Жанымда Сәуле, басқа да ортақ достарымыз болды. Сол кезде Бейсен бұл іске алаңдап жүргенін айтты. «Абзал, біріне айтып, бірін қалып қалмаңдар. Екеуің де ел азаматысыңдар, осы істі тоқтатсаңдаршы. Ертең жазылып тұрайын, бұл істі өзім тоқтатамын. Ешкімнің де әкесінің құны жоқ бұл істе» деді ол. Өздеріңізге белгілі Бейсекең дүниеден озды. Сол себепті оның аруағының ризашылығы үшін барып отырмын», — дейді ол. 

Бұған қоса адвокат қылмыстық іс аяқталып қойса да, азаматтық іс әлі де жалғасып келе жатқанын айтады. Сөзінше, бұл істі жалғастырудың еш мағынасы қалмаған. Сондай-ақ ол бұл іске Сәуле Әбілдаханқызынан бөлек, аталмыш ақпаратты басып шығарған басылымдар мен жариялаған сайттар да араластырылғаны жайлы сөз етті. 

«Сот 2019 жылдың қарашасынан бастап созылып келе жатыр. Соттың бірінші инстанциясы әлі шешімін шығармады. Осы жағдайлардың барлығын және ел алдында Сәуле Әбілдаханқызытың беделіне нұқсан келгенін ескере отырып, көпшіліктің көзінше ағамыздан кешірім сұраймын. Осы азаматтық істің нүктесін қояйық дегім келеді», — деді Абзал Құспан. 

Өз кезегінде Арман Шораев бейнежазбаның астына адвокатты кешіретінін жазыпты. 

Еске салайық, бұған дейін Арман Шораев журналист Сәуле Әбілдаханқызы мен адвокат Абзал Құспанды сотқа бергені туралы айтылған болатын. Шораев оларды жала жапты деп айыптап, әрқайсысынан 10 млн теңге моральдық өтемақы талап еткен. 

[:]