АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Бейсен Құранбектің естелігінен: Өз анамды «ана» дей алмай кеттім, бұл менің өмірімдегі бірінші қателігім[:]

[:kz]

Бейсен Құранбектің анасы Ямалиға ана 79 жасында дүние салды. Тележүргізушінің дос-жақындары қара жамылған отбасыға қайғырып көңіл айтты. Журналист Есболат Айдабосын Бейсен Құранбектің анасы туралы айтқан естелігін жариялады.  

-Әй, сенің «Қателігің» жақсы болды-ей, кеше күні бойы өз өмірімдегі қателіктерді жіпке тіздім. Сен сұрай қалса не деп жауап беремін соны ойландым.

 

— Сұхбат берсеңізші онда?!

-Төрт сұрағыңа былай жауап бердім. Адамзаттың қателігі —адам бірінің етін бірі жеп жатыр. Қасқыр да қас қылмайды жолдасына. Ал, адам аңнан бетер жыртқыш боп кетті. Ұлт қателігі — ауызбірлік кетіп қалды. Бірлесіп бір іс қыла алмаймыз. Біздің қателік — жауапкершілікті сезіне алмадық. Өз міндетімізді толық атқара алмадық, сендерге үлгі көрсетіп кетуіміз керек еді, бастарыңды қосып жолға салып кетуіміз керек еді. Өкінішке қарай соны істей алмадық. Ал, менің қателігім — бастан асады,— деп қолымен төбесін көрсетті.

-Ең бірінші қателігім не білесің бе?

-Жоқ.

-Ең бірінші қателігім әке-шешемді мойындамағаным екен. Шал мен кемпірдің баласы болдым. Мектепте жүргенде атам қайтты. Ол кісі кеткен соң «сен біздің үйдің баласы едің» деген әңгіме шыға бастады. Сол кезде мен қырғын салдым. Кәдімгідей шайқастым. Бармай қойдым. Соным қате болған екен. Бармасам да «әке-шеше» деп айта салуым керек еді. Оларға сол ғана керек екен. Мен соны айтпай қойдым ғой қырсығып, «көке, тәте» деп кеттім. Кейінннен ержетіп, сүйек қатайған соң қиын болады екен, айта алмай қалады екенсің. Айта алмаған соң арада суықтық пайда болады екен. Осылайша олар өз балаларын «балам» дей алмай, мен өз анамды «ана» дей алмай қалдым. Бұл менің өмірімдегі бірінші қателігім.

«Бір көңілін сұрай барғанда Бейсен ағам осылай деп еді. Бүгін өмірге Бейсендей ұлды әкеліп, бірақ ененің қас-қабағына қарап, көңіліне кірбің түсірмейін деген оймен «балам» деп емірене алмай кеткен Ямалиға (Зияш) анамыз 73 жасында бақилыққа аттаныпты. Ертеңгі күн Бейсағаңның қырқына қамданып отырғанбыз. Сағат 12.00 ге құдайы тамақ берілетін де еді. Амал не, қайғы үстіне қайғы жамалды. Иманы жолдас болсын!», — деп жазды тележүргізуші желіде.

[:]