АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Билл Гейтс байлығын кімге қалдырады?[:]

[:kz]

Без названияАҚШ-тың әйгілі миллиардері, қоғам қайраткері Билл Гейтс өзінің бүкіл жиған байлығының басым бөлігін қайырымдылық қорында қалдыратын болды. 

Яғни ол 82 миллиард долларға тең келетін байлығын өзінен туған балаларға емес, арнайы қорға қалдыратынын мәлімдеді. Бар жиған-тергенін балаларына мирасқа түгел қалдырар болса, онда бұл оларды бұзып, өз беттерімен табысқа жетуге деген ұмтылыстарына кесірін тигізеді деп есептейді екен ол.

Балалардың дүниеге таласы жоқ

«Балаларым менің шеші­мімді түсінеді, оны мақтаныш тұтады, – дейді Б.Гейтс. – Әрине, олар үздік білім алады, оларға қандай да бір сомада ақша тиесілі. Ары қарай олардың өздерінің қаржысы, мансабы болады. Оларға кедейшілік қаупі төнбесі анық».

Билл Гейтс пен әйелі Мелинда өмірге Дженнифер, Рори және Фиби есімді екі қыз, бір ұл әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Үлкен қызының жасы 20-да, ұлы 17-де, ал кіші қызы 14 жаста. Дженнифер Калифорния шта­тын­дағы Стэнфорд универ­ситетінің 2-курсында оқиды. Миллиардер осында өз атындағы компьютер курсын ашуға 5 миллион доллар қаржы берген. Дженнифер спортпен айналысады, түрлі жарыстарға қатысып, көзге түсіп те жүр. Ал Гейтстің ұлы мен кіші қызы қазір Вашингтон штатындағы Сиэтл қаласына жақын елді мекен­дердің бірінде ата-аналарымен бірге тұрады.

Билл Гейтс өз қаржысының негізгі бөлігін әйелімен бірге ашқан арнайы қорға өткізбек. Бұл қор бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау және білім беру бағытындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады.

Минутына 6659 доллар табады екен

Б.Гейтс өзінің байлығын негізінен ақпараттық технология саласынан жинаған, ол әйгілі «Майкрософт» компаниясының іргетасын қалау­шылардың бірі, оның негізгі акционері болған, қазір атал­ған компания басшысының технология жөніндегі кеңес­шісі қызметінде істейді, тағы да бірер компанияны басқарады. Жарияланған кей деректерге қарағанда ол бүгінде минутына 6659 доллар табыс табатын көрінеді. Оның жасы қазір 61-де, әйелі одан 9 жас кіші. Екеуі 1987-жылы танысып, 7 жылдан соң үйленіпті. Яғни бұл кезде Гейтстің жасы 39-да болыпты.

Б.Гейтс 1996 – 2007-жылдар аралығында, сосын 2009-шы, 2015-ші жылдары әлемнің ең бай адамы дәрежесін иемденген болатын. 2016-жылы оның байлығы 76 миллиард 400 миллион долларға тең болды. Ол қайырымдылық саласындағы істерімен де алдыңғы қатарда жүр. Мысалы, 1994 –  2010-жылдар аралығында қайырымдылық қорына 28 миллиард доллар қаржы аударыпты. Әйелі екеуі 2000-жылы өздерінің қайырымдылық қорын ашты, сосын әлем байларын қаржысының жартысын қайырымдылық мақсаттарға бағыттап отыруға шақырды. Өздері 2009-жылдан бері өз қорларының ресми сайтында бұл бағытта қандай жетістіктерге жеткені, алда қандай жұмыстар атқармақ ниетте екені жөнінде жариялап тұрады.

Жылына 1 миллион долларға жуық салық төлейді

Гейтстер отбасының патша сарайындай үлкен үйлері бар. Оның көп бөлмелері компьютерлендірілген, қонақ күтетін бөлмелерінің үйі демалыс аймағы сияқты қажеттінің бәрімен жабдықталған. Үйіргелік жерінің өзі бірталай аумақты алып жатыр. Гаражында бүгінде өзінің алғашқы мінген көлі­гімен қоса барлығы 30-ға жуық көлік тұр.

Гейтстер үйінің құны 40 миллион долларды құрайды екен. Осы баспана үшін Гейт­с­тер отбасы жылына қазынаға 1 миллион доллардай салық төлейтін көрінеді.

…Міне, осындай әулеттің отағасы миллиардтаған доллар қаржысын өзінің атындағы қайырымдылық қорына қалдырмақ ниетте. Осынша қаржы әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге жұмсалады. Яғни бұл әрекетімен жалғыз Гейтстің өзі кейбір мемлекеттерден де әлдеқайда озып тұрған сияқты.

Ал біздің байлар ол кісідей бола алар ма екен?

Р. ҚЫДЫР

Zamana.kz 

[:]