[:kz]
Бір әкім кетіп, екінші әкім келді. Маңайында, әлбетте, сол журналистер мен блогерлер. Жазба стилінде өзгеріс жоқ. Сол… «Бүгін әкім мынадай жерге барды…» деумен басталады.
Биылғы 21 қаңтарда ғана Шымкент қаласының әкімі болған Мұрат Әйтенов жаңа орнын «жылытпай» жатып, жергілікті белсенділердің сынына іліге бастады. Оның былтырғы әкім Ғабидолла Әбдірахымов сияқты маңайына журналистер мен блогерлерді жинап алып, қоғамдық көлікпен жүре қоюы сондағы әріптестеріміздің біріне жақпай қалды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бір әкім кетіп, екінші әкім келді. Маңайында, әлбетте, сол журналистер мен блогерлер. Жазба стилінде өзгеріс жоқ. Сол… «Бүгін әкім мынадай жерге барды…» деумен басталады. Айырмасы, автобуспен жүргені болмаса.
Объектілері де сол, алдыңғы әкімнің барған жері. Бір әкім шайтанарбамен жүріп еді, мына кісі автобуспен, оптым алып жүр. Біздің журналистер – ең белсенділер. Сыйлаймын. Жедел хабары үшін құрметтеймін. Желтоқсанда көбі әкімнің марапатын қолынан алғанына бақытты болды.
Енді кеп… кейбірінің кеткеннің соңынан жәйсіз сөздер жазғандарын оқығанда, Олег Табаковтың режиссерлыққа ауысқан шәкіртіне: «Ну, дорогой, помни одно. Куда не целуй актера, везде жопа?» — дегенін есіме салғаны болмаса» деп жазды журналист Сая Қасымбек facebook парақшасына.
Тұрақтылықты құрметтеймін деген ол, шымкенттік әріптестеріне құбылмалы болғанның түбі жақсылыққа апармайтынын ескертіп қойды. «Соңғы кеткен екеуі қол алысқан адамдарым емес. Бірақ, сыртынан ғайбат та айта алмаймын. Бетке тіліп-сойып айтқанға не жетсін?!» — деді, аяқ астынан әйтеновшіл бола қалған тілшілерге ренжіген әріптесіміз.
Одан кейін желі белсендісі, белгілі заңгер Айгүл Орынбек: «Бәрібір Ғабидулла сияқты бола алмайсың! Ғабидулла оригинал!» — деп, жаңа әкімнің автобуста жүрген суретін жариялады.
Айта кетсек, Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласына әкім болып 2018 жылдың 20 маусымында тағайындалған еді. Ол оған дейін де, яғни 2015-2017 жылдар аралығында сол қаланың әкімі болған.
Ал 2016 жылы Ғабидолла Әбдірахымов алғашқылардың бірі болып қалалық велосипедтің жылдық абонементін сатып алды. Сөйтіп, Шымкент жұртын шайтанарбаға отырғызған әкім болып ел есінде сақталды. Тіпті, бір сұхбатында өзінің жұмысқа күнде велосипедпен баратынын айтып қалған. Сол үшін оған веложарыстан Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың өзі вилосипед сыйлаған болатын.
Әкімдік қызметкерлеріне қызметтік көлік қолдануға бір айға тыйым салып, қоғамдық көлікпен жүруге кеңес бергені де сол кезде қызық бастама болып көрінген. Айгүл Орынбектің Мұрат Әйтеновке айтып отырғаны сол, қанша автобусқа мінсең де оригинал Әбдірахымовтай бола алмайсың деп.
Жалпы, Шымкент қаласы республикалық статусқа ие болғалы бері бірінен соң бірі үш әкім ауысты. Атап айтқанда, Ғабидолла Әбдірахымов – 1 жыл, 1 ай, 10 күн, ал Ерлан Айтаханов – 5 ай 21 күн ғана әкім болды. Енді олардың соңын ала жайғасқан Мұрат Әйтеновтің әкім шақ келтірмейтін «асау креслода» қанша отыратыны – уақыт еншісінде. Тек ел есінде біреудің көшірмесі болып қалмағаны дұрыс қой.
[:]