АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Бір үзім нан беруге жарайтын шығарсыздар»: Вице-министр құрылысшыларға шағымданған Арыс тұрғындарына[:]

[:kz]

Жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласында үйлері жөндеуден өтіп жатқан тұрғындардың кейбірі құрылысшыларға ас-ауқатын беріп келеміз десе, ал енді бір жұмысшылардың  жергілікті тұрғындарға деген өкпесі қара қазандай. Талап бойынша арыстықтар құрылысшыларға жағдай жасауы тиіс пе? Бұл сұраққа жауапты ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев берді, деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшісі.

Арыс қаласында аталған ведомствоның тікелей үйлестіруімен жүргізіліп жатқан тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарымен таныстыру мақсатында  пресс-тур ұйымдастырылды. Онда бірінші вице-министр тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде соңғы кезде әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен сауалдар да болды. Мәселен, арыстықтар үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшыларды өз үйлеріне пана етіп, ас-ауқатын беріп отырмыз деген мәселе жиі көтерілуде.

Қайырбек Өскенбаев арыстықтар жұмысшыларға мұндай жағдай жасауға міндетті емес деп отыр. Себебі жатын үй мен олардың тамағын жұмысты жүргізуші мердігер мекеме қамтамасыз етуі тиіс немесе ақшасын береді. Дегенмен ведомство өкілі тұрғындарды адамгершілік тұрғыда түсіністік қарауға шақырды.  

«Адамгершілік болу керек қой, мысалы, Арыс халқының азаматтары да көп мәселе қойып отыр, оны түсінуге болады. Бірақ құрылысшылардың да оған айтатын мәселелері көп… Құрылысшылар мынандай тапа-тал түсте, удай ыстықта жұмыс істеп жатырмыз, анау (атвор: тұрғын) сырасын ішіп, шылымын тартып біздің жанымызда жүреді дейді. Қолына бір күрек те ұстамай, шеге де ұстамайды дейді. Олардың да ренжитін жағдайы бар. Сондықтан бір-бірімізге көзқарасымызды өзгертіп,  бір-бірімізге қайырымды болайықшы» деген вице-министр қазақ халқы қашан да кішіпейілдігін жоғалтпағанын атап өтті.   

«Бір көже, бір суға, бір жапырақ нанға жаритын адам шығармыз. Оған ет ас деп ешкім айтып жатқан жоқ қой. Кішіпейіл халықпыз ғой, бөтен адам келіп жатса, алдына шығып су бересің. Ал сенің үйіңді жасап жатса,  бір үзім нан беруге жарайтын шығарсыңдар», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар вице-министр тұрғындар тарапынан «менің үйімді жөндеуді бастамады, мына үйді бастап кетті» деп шағым айтушылардың барын да жасырмады. Осы ретте ведомство өкілі арыстықтарды егер құрылысшы үйлерін жөндеуді бастамай жатса, туған-туысын шақырып, асарлату арқылы үйлерін жөндеп алуға кеңес берді. Ондайларға ақы төленеді. Яғни, өз үйімді өзім жөндеп аламын деушілер болса, жұмыстардың ақысы төленетінін атап өтті. Сонда жұмыс тезірек бітеді әрі шағымның алдын алуға болады.

Естеріңізге сала кетсек, 28 маусым күні арыстық тұрғындардың алғашқы көші өз үйлеріне оралды. Оларды қалаға кіре-беріс аумақтан күтіп алған Мұрат Қадырбек тұрғындар бірнеше күнге жететін азық-түлікпен қамтылатынын айтты. Себебі жарылыстан соң қалған азық-түлікті тұтынудың қауіптілігі бар.

Stan.kz

 

[:]