[:kz]
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, 29 жастағы жігітке тұрмысқа шыққан 15 жастағы қыздың анасы сот-медициналық сараптамадан бас тартты, деп хабарлайды «Мой Город».
Бұрын хабарланғандай, қыркүйектің ортасында облыстық полиция департаментіне жасөспірім қыздың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Кейін қыз бала Оралдан табылды. Ол 29 жастағы жігітпен қарым-қатынас жасағаны белгілі болды. Полицияның айтуы бойынша, бойжеткен дәстүрлі емес діни ағымды ұстанады.
БАҚ мәліметінше, бойжеткен қара түсті ниқаб киіп, бетін толық жауып жүреді. Отбасы мүшелерімен байланысын үзген.
Полиция бұл іске түсініктеме бере отырып, неке ресми түрде тіркелмеген, ол мешіт өкілдері мен кәмелетке толмаған қыздың заңды өкілдерінің қатысуынсыз жасалған деп түсіндірді. Ер адам жалған неке атын жамылып, жыныстық қатынасқа түскен дейді полиция.
Ер адамның іс-әрекеті құқық қорғау органдарымен Қылмыстық кодекстің 122-бабы, 1-бөлігіне (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас) сәйкес квалификацияланған. Бапта бес жылға дейінгі бостандықты шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Кейінірек белгілі болғандай, тергеу барысында 15 жастағы қыздың анасы сот-медициналық сараптамалардан және басқа биологиялық сараптамалардан үзілді-кесілді бас тартқан.
«Кәмелетке толмаған баланың анасының ер адамға қатысты талаптары жоқ. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып қалдырды», — деді Батыс Қазақстан облысының полиция бөлімі.
[:]