АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Бокстан тапқан пайдасына жерлестеріне 1000 үй салып берген спортшы кім?[:]

[:kz]

 

Филиппин батыры Мэнни Пакьяо кәсіпқой бокстан 8 салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған жер шарындағы әзірге жалғыз боксшы. Бұл спортшы 1998-2018 жылдары WBO, IBF, WBC, WBA, TYE RING тұжырымдары бойынша дүние жүзінде алдына жан салмай тұрды. Бұл айтуға ғана оңай. Мұндай асқаралы белеске жер жүзінде саусақпен санарлық боксшы ғана жетуі мүмкін. Ал Мэннидің сегіз салмақтағы чемпиондық рекорды жақын арада бұзыла қоюы екіталай.

Пакьяо салған Пакман Виллаж ауылының үйлері

Балалық шағында жоқшылық  тауқіметін тартқан Пакьяо бозбала кезінде АҚШ-қа жалаңаяқ барып, кәсіпқой бокстың соңына түседі. Содан бағы жанып, бес құрылыққа кеңінен танымал болды. Мэнни Пакьяо рингтен тапқан ақшасын біреулер тәрізді жамбасына басып, жатып алған жоқ. Сақи жігіт өзінің туған ауылы Тангодағы 1000 кедей отбасына тұрғын үй салып берді. Бұған қоса Пакьяо ауылдастары үшін ашық және жабық спорт алаңын, көпшілікке арналған саябақ, көп функционалды орталық  тұрғызып беріпті.

Мэнни айқас үстінде

«Болар бала боғынан» дейді атам қазақ. Пакьяо бала кезінде таңғы сағат төртте оянып, жүгіруге шығады екен. Он екі жасынан тоқаш сатып, нәпақасын еңбегімен тауып дағдыланған Мэнни қазір Филиппин парламентінің депутаты. Осы елдегі ең беделді адамның бірі. «Мемлекеттік қызметкер ретінде не бітірдің, деген сауалға үн қатпағаным үшін сынға ұшырадым. Елім үшін не істегенімді жария қылып едім, тағы да сынның астында қалдым», дейді Мэнни Пакьяо. Жалпы, бұл жалғанда адам баласының көңілін табу қиынның қиыны.

Бір жолы өркөкіректеу қарсыласы: «Мен сенен күштімін! Екпініме шыдауың оңай болмас», деді өктем дауыспен. Сонда Мэнни Пакьяо сабырлы қалпын бұзбай, үні діріл қақпастан ақырын ғана: «Кеудесін жөнсіз көтерген адамды құдай сабасына түсіреді. Ал ақылмен сөйлеп, жөнімен жүрген адамды көкке көтереді», деді. Түсінген адамға осы бір ауыз сөздің өзінен Пакьяоның кім екені көрініп тұрған жоқ па?!

Қыдырбек Рысбек

«Қамшы» сілтейді

[:]