[:kz]
Араның уы, жыланның сорпасы, сүліктің сілекейі бүгінде дәстүрлі емес медицинадағы тиімді ем түрі саналып жүр.
Олардың көмегімен көптеген ауруларға шипа дарытып, науқастың жағдайын жақсартып жүрген жандар да бар. Кәдімгі қоңызды қатерлі ісікті қайтарады деп саудалайтындарды да кездестірдік. Енді бұзаубасты кептіріп, ұнтақтап, ағза тазалайтын дәрі деп ұсынатындар жайлы жарнама көбейді. Біз осындай жарнама иесінің бірімен сөйлесіп көрген едік. Майра есімді атыраулық келіншек біздің қойған сұрақтарымызға бүкпесіз жауап берді.
– Бұзаубастан дәрі жасап сатамын депсіз. Ол қандай дәрі?
– Мың да бір ауруға дауа болатын дәрі. Өте керемет! Ағзаны тазалайды, жасартады. Жүрек ауырса да, бүйректе тұз, өтте тас болса, бауырыңыз сыздаса, асқазанда жара болса, өкпедегі құрт пен кох таяқшаларынан да түк қалдырмайды. Тіпті рак болса да жазып жібереді. Менен көп адамдар алып ішеді. Бәрі риза. Бұзаубасты Қытайдан әкелемін. Сосын ұнтақтап, өзім дайындап беремін.
– Сонда тірі бұзаубастарды әкелесіз бе?
– Жоқ, ол жақта бұзаубастың ерекше түрін жазда – топырақ нәрленіп, өсімдік тамырымен қоректеніп, толысқан кезде ұстап, кептіреді. Мен адамның қай жері ауыратынын сұрап аламын да, денсаулық жағдайына байланысты қанша уақыт ішу керек екенін анықтап, керек мөлшерде ұнтақтап, қорапшаға салып беремін. Қорықпаңыз, оған ештеңе қоспаймын. Таза табиғи дәрі.
– Бағасы қанша?
– Бір қорапшасы 10 мың теңге болады. Шай қасықпен күніне екі рет ішсеңіз бір айға жетеді. Ал егер асқынған ауру болса күніне үш немесе төрт рет ішу керек.
– Сонда асқынған ауруды да жазып жібере ме?
– Сенбей тұрсыз ба? Менің мұны сатқаныма он жылдан асты. Өтімде, бүйрегімде тас бар деп, операция жасатудан қорыққан талай адам алып ішті. Бәрі де қазір түк болмағандай сап-сау жүріп жатыр. Тастары еріп түсіп қалған.
– Дәрігер кеңесінсіз тасты еріту қауіпті деп жатады. Орнынан жылжып кетсе «приступ» беруі мүмкін ғой.
– Бұзаубас «приступсыз» ерітеді. Жай ғана өзі еріп түсіп қалады. Талай адам тастан солай құтылды ғой. Үш ай ішті, бітті. Бүкіл ағзаны тазартып, толығымен сауығып кетемін десеңіз, рак, цирроз сияқты асқынған ауру кезінде де үш ай ішеді. Оған отыз-ақ мың теңге кетеді. Алыста тұрамын деп уайымдамаңыз, таныс «проводниктер» бар, әдемілеп қорапқа салып, пойыздан беріп жіберемін, күтіп аласыз. Тек ақшасын карточкама алдын-ала төлеуіңіз керек. Кеше ғана жаңа тауар келді, аласыз ба? Сұрап жатқандар көп, «свежий» кезінде үлгергеніңіз жақсы.
– Ракты да емдеп жазады деп қайта-қайта айтып жатырсыз. Өзіңізде осы ауру бойынша ішіп, жазылған адам болды ма?
– Көп қой ондайлар. Ой, қазір ракпен ауыратындар, цирроз, туберкулез де көп. Бәрі ішіп жатыр. Негізі адам бір жері ауырса ештеңе етпейді деп жүре береді. Ол ауру екіншісіне әсер етеді. Сөйтіп асқазан – өтті, өт – бауырды, бауыр – бүйректі ауыртып, жалғаса береді. Бұзаубастан дәрі сатамын деп ағзаның бәрін біліп алдық қой. Кімге қанша уақыт ішу керек екенін түсініп қоямын. Ал мұны профилактика үшін де ішіп жүрген жақсы. Зияны жоқ. Ал пайдасын айтсаңызшы!
– Рактан, туберкулезден жазылған бір-екі адаммен сөйлестіре аласыз ба?
– Қайсыбірін есте сақтай беремін? Өзім үйдемін, кішкентайым бар. Тек ауырып, дәрі керек деп шырылдағандарға көмек болсын деп тез-тез дайындап беремін.
Осылай деген Майра дәріні алмайтынымызды түсінді ме, «Өзіңіз ішіп көрдіңіз бе?» деген сұрағымызға жауап бермей, қоштасуға асықты.
…Бұзаубас шынымен барлық ауруға ем бола ма? Бұл сұрақтың жауабын біз түрлі дерек көздерінен іздестіріп көрдік. Кәсіби халық емшісі, Шығыс медицинасын меңгерген Әсеткүл қажы Сариева былай деп жазыпты: «Бұзаубас – улы жәндік. Бірақ бүкіл денесі дәрі. Жаз бен күзде оны ұстап алып, қайнап тұрған суға салып өлтіріп, кептіреді. Оны ұнтақтап, күніне үш рет қайнаған сумен ішсе, бауыр қатаюына, жеңіл дәрежеде ішке у жиналғанда, несеп азаю ауруына ем. Қара андыз бен бір бұзаубасты ұнтақтап, қайнаған сумен ішсе, ішкі ағзалардың қызметін реттейді. Ал екі дана бұзаубас, жасыл бұршақ өркенінен жарым кило, ақ бұршақтан екі мысқалды қосып, жаншып, шырынын ішсе, буын қызметтерін жақсартып, қол-аяққа қуат береді. Бүйрек қабынып, ісінсе, несеп жолында тас байланса, алты дана бұзаубасты қақтап, кептіріп, талқандап, үшке бөліп, дәрілік сары арақпен күніне үш рет ішсе, ем болады».
Қытайдың Оңтүстігіндегі Хайнань провинциясында бұзаубас өсірілетін арнайы экологиялық таза аймақ бар. Пісіп-жетілген бұзаубасты онда 37 градус температурада кептіреді. Бірақ онда бұзаубас ұнтағына емдік өсімдіктер қосып дәрі жасайды. Туберкулез, бауыр ауруларында бұл дәріні дәрігер ғана тағайындауы тиіс. Өйткені дене қызуының көтерілуі, жүрек айнуы, іш өтуі сияқты жағымсыз әсері болуы мүмкін.
Табиғатта бұзаубастың 110-нан астам түрі бар. Адамды шақса өлтіріп жіберуі де мүмкін оның барлық түрі ем емес.
…Қалай ойлайсыз, Майра айтқандай, бұзаубас ұнтағын ішкен рак пен туберкулез, циррозбен ауырғандар түгел жазылып кетіп жатса, бұл аурулар көрсеткіші неге азаймай отыр?
Д. ӨМІРБЕК
.zamana.kz
[:]