АЛТЫНОРДА
ҚоғамНовости Казахстана

[:kz]ДИАС НҰРАҚЫН: Жалақысын алу үшін базар күзетшілері ай сайын сүрелер жаттап жүр[:]

[:kz]

 

Алматыдағы әйгілі барахолка діни фанатиктердің бақылауында сияқты. «Байсат» базарында күзетші болып, жұмыс істейтін танысым айлық алу үшін құран сүрелері мен аяттарды жатқа білуің керек деп айды аспанға бірақ шығарды. Яғни, ай сайын жалақының уақыты жақындағанда базарға молда келіп күзетшілерден емтихан алады екен. Кімде кім сүре немесе аяттан шатасса, айлығынан 5 мың теңге ұстап қалады дейді. 4 рет қателессең жалақыңнан 20 мың теңге жоқ деген сөз деп  хабарлайды  «Адырна» тілшісі.

Ең сорақысы жиі қателескендерді бірден жұмыстан шығарып жібереді екен.

Бәріміз білетін Фатиха мен Бақара емес ең қиын, қарилар ғана жатқа соғатын сүрелерді сұрайды дейді танысым. Кей дыбыстарға тілің келмей шатассаң, молдекең айқайлап, әңгір таяқ ойнатады екен. Жасы егде тартқан күзетшілер біразын жаттап алған. Ал, отбасын асырау үшін 2-3 жерде жұмыс істейтін жастарға обалды деп отыр таныс ағам.

Күзетшілерден сынақ алатын молда Жаңатұрмыс мешітінен келеді екен-мыс. Оған базар басшылары кәдімгідей айлық төлейді. Ол аздай барлық күзетшілерді намаз оқуға мәжбүрлейді екен. Бұрыннан келе жатқан бұл ереже қаңтардағы қырғыннан кейін сап тыйылған. Бірақ соңғы 1-2 айда қайта басталыпты. Күзетшілер Жаңатұрмыстан келетін жаңа молда қатал деп ашынып отыр.

Бірақ осы мәселенің бәрін ашық айтуға, журналистерді шақырып, шулатуға қорқады. Біріншіден, жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін. Екіншіден, бұл базар Мұхамеджан Тазабекпен бірге сапасыз суретке түсіп қалған әлгі кісінікі көрінеді. Сондықтан ол қамауда жатса да әлі қауқары күшті деп қорқады.

Абзал Құспан, Нұржан Үсипбеков, жұмысшыларды құран жаттатып намаз оқуға мәжбүрлеу қаншалықты заңды?

Ағабек Қонарбайұлы, діни басқарма тарапынан күзетшілердің мына жанайқайына не айтасыздар? Зайырлы мемлекетте кез келген азаматтың діни наным-сеніміне ешкімнің қол сұғуына жол берілмеуі тиіс қой. Сосын Жаңатұрмыс мешітінің молдасы дегенді де тексеріп көрсеңіздер. Бәлкім имам деген атты жамылып жүрген мүфтиятқа қатысы жоқ біреу шығар?!

[:]