[:kz]
Алматы облысы Ақсу ауданында тұратын мектеп оқушысы Қасен Ошанов Берікқазыұлы ерекше дарынымен елді тәнті етіп жүр. 14 жастағы оқушының дауысы 5 октаваға жетеді. Димаш Құдайбергеннің әндерін айтып, өңірге танылған қарапайым ауыл баласы туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқи аласыздар.
Қасен Ошанов Жансүгіров ауылындағы Ж. Сыдықов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы. Бүгінде ол туған өңіріндегі түрлі шараларға қатысып, талантымен елдің көзіне түсуде. Тамылжыта ән салатын жаөспірімнің дауысы оны тыңдаған адамды бей-жай қалдырмайды. Ал замандастары онц «Димаштың ізбасары» деп атап кетіпті.
Оқуда озат, еңбекқор әрі талабы зор баланың ерекше дарыны бар екенін бастапқыда ата-анасы білмеген. Алайда уақыт өте келе баласының әнге деген ыстық ықыласын көріп, бойындағы қабілетін байқап, өнер мектебіне берген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Негізі Қасен отбасындағы үшінші бала. 24 жастағы ағасы, 21 жастағы әпкесі бар. Сүт кенжеміз. Ағасы әнге жақын. Домбыра тартып, түрлі байқауларға қатысқан. Қасеннің дарыны әжесінен дарыған ба деп ойлап қоямыз. Ол кісі де дауысы зор, әнді керемет айтатын кісі болған», — дейді Қасеннің анасы Құндыз Асанова. Қасеннің әкесі Ақсудағы әйгілі қант зауытында қарапайым қызметкер. Қасеннің анасының айтуынша, ұлы балабақшадан бастап ән айтқанды жаны сүйген екен. Алайда олар оған мән бермеген. «Бала ғой деп мән бермедік. Кейін өнер мектебіне барғанда ұстаздары дауысы ерекше екенін байқады. Нәдира есімді апайымыз Қасенге көп жүгірді. Түрлі байқауларға апарды. Көптеген республикалық жарыстарға қатысып келіп жүр. Туған-туыстарымыздың барлығы көріп қуанып жатыр. Қасен өзі тоғыздан кейін оқуға кетемін дейді. Біз бірақ 11-сыныпқа дейін оқып, бір-ақ бар деп қорқақтап отырмыз. Димаш ағамдай боламын деп талаптанады. Соның әндерін айтады. Қазіргі ұстазы — Ілияс Чугаев», — дейді ол.
Жасы небәрі 14-те болғанымен Қасен бүгінде бірнеше республикалық байқаулардан бас жүлде алып үлгерген. Ол бүгінде Ақсу ауданы Е.Исабаев атындағы өнер мектебінде білім алуда. Баланың ән айтқан видеосын көріп, тәнті болғандардың бірі — Алматы облысындағы белсенді жастар қатарындағы Ғазиз Аманжолұлы.
Ол дарынды баланы тіпті ауылына іздеп барып, онымен жеке танысып келген. Қасен бүгінде «Ақ желкен», республикалық «Атадан мұра», халықаралық «Ән әлемі» байқауларында топ жарып, бас жүлдені иеленген. Бұдан екі апта бұрын Қасен Central Asia’s got talent атты халықаралық байқауға қатысу үшін кастингке қатысып, одан сәтті өткен. Алдағы уақытта танымал байқауда бағын сынауы әбден мүмкін.
Автор: Айтолқын Кенесхан
[:]