АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Диплом: Исмаилизм Хасан Ибн Саббах және Ассасиндер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

       Исмаилизм: Хасан Ибн Саббах және Ассасиндер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                          Орындаған: Омарханова Г.Ж.    

 

 

 

 

 

 

 

 

Жұмыстың мазмұны

 

 

  1. Кіріспе…………………………………………………………………..…….3

 

  1. Негізгі бөлім:……………………………………………………………………………………..6

 

    1‑тарау. Исмаилизм…………………………………………………………………………… 10

        1.1.  Исмаилиттердің 765-1171 жылдар аралығындағы тарихы………… 10

        1.2.  Исмаилизм діни‑философиялық ұстанымы………………………………. 21

 

    2‑тарау. Хасан ибн Саббах және ассасиндер………………………………………..27

        2.1.  «Тау ақсақалының» өмірбаяны мен қызметі. Неоисмаилизм    концепциясы…………………………………………………………………………………………..27

        2.2 Аламут және ассасиндер мемлекеті және оның XIII ғасырдан

кейінгі тағдыры………………………………………………………………………………………35

 

III. Қорытынды…………………………………………………………………………………….49

 

  1. Қолданылған әдебиеттер тізімі……………………………………………………….52

 

  1. Қосымша мәліметтер……………………………………………………………………….54

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                              

 

 

 

Кіріспе

 

          Бөлініс – адамзаттың баяғыдан келе жатқан соры. Бірақ бұл жаратылыстағы қозғалысты қамтамасыз ету үшін, яғни өмір‑өлім айналымын тудыру үшін қажет болғандықтан, адамдар еріксіз, тіпті бейсана қалыпта бұл үрдіске тартылып кетеді.

          Бөліністің бір түрі  жаратушыны тану мәселесіне қатысты туындайды.  Осыған байланысты әлемде бірнеше дін пайда болды. Түп негізінің бір екені мәлім болса да, адамдар топтарға бөлініп алып, дінді саяси билікке талас құралына айналдырып, дүниені бөліп‑жарып қақтығыс тудырады.

          XXI ғасырдың басы діни көзқарастар айырмашылығы негізіндегі қақтығыстарға толы екендігін көзімізбен көріп отырмыз. Мұның бәрі діннің түпкі мәнін түсінбеушіліктен болып отыр.

Әлемдік тарихта, әсіресе Шығыста дін саяси‑қоғамдық өмірде ежелден‑ақ шешуші роль атқарып келеді. Шығыс  (Орта және Таяу Шығыс) пен  Солтүстік Африканың орта ғасыр тарихында дін тарих шеңбері айналуының басты факторы болды. Бұл VII ғасырда Шығыста ислам дінінің пайда болуымен тығыз байланысты. Ислам ‑ иудаизм, христиандықтан кейінгі үшінші және соңғы монотеистік дін.

Ислам дінін ұстаушылар үлкен екі ағым сүнниттер мен шииттер болып бөлінеді. Қазіргі таңда шиизм Иран Ислам Республикасының ресми діни ұстанымы  болып табылады. Иранда халықтың  97 пайызын шииттер құрайды./21/

Диплом жұмысының тақырыбы «Исмаилизм: Хасан ибн Саббах және ассасиндер» деп аталады.

Бұл тақырыптың өзектілігі діни  көзқарастарының айырмашылығы және мұрагерлікке талас негізінде пайда болған шииттік ағымның исмаилиттік тармағының шығу тарихы мен өзге діни ағымдардан айырмашылығы мен ұқсастығы айқын баяндалатындығында болып отыр. Өйткені 2001  жылы          11 қыркүйек оқиғасынан кейін баспасөз беттерінде әлемнің түкпір‑түкпірінде белең алған мыңдаған бейкүнә жандардың мәнсіз өліміне себепші болып отырған жанкештілердің өзін‑өзі өлтіру сияқты адамгершілікке жат әрекеттерінің төркінін тарихтан іздеп түсіндіру басталды. Олар көбіне ғасырлар бойы негізінен сүннит мұсылмандары тарихшылары мен кресшілер жорығының еуропалық тарихнамашыларының исмаилиттер жайлы қалыптастырған пайымдары мен деректеріне сүйенеді. Ал бұл авторлардың антиисмаилиттік бағыт ұстанғандығын білетіндіктен, мәліметтердің ақиқат ауылынан алыс болуы мүмкіндігін  ескеру керек.

Диплом жұмысының мақсаты шиизмнің бір тармағы исмаилизм тарихын зерттеп, ондағы Хасан ибн Саббахтың атқарған ролін қарастырып,  ассасиндер  мемлекетінің тарихын баяндау болып отыр.

Диплом жұмысының міндеттері:

  • Исмаилизм тармағының шығу тарихын нақтылап жазу;
  • Исмаилизмнің концепциялық ерекшеліктерін талдау;
  • Низариттік исмаилиттер мемлекетінің негізін қалаушы Хасан ибн Саббахтың тұлғасын зерттеу;
  • Ассасиндер мемлекетінің тарихын жүйелеу;
  • Исмаилиттер имамдарының тізбегін қалыптастыру.

 

Диплом жұмысының құрылымы алты бөлім – кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, қолданылған әдебиеттер тізімі және қосымша мәліметтер бөлімінен тұрады.

Кіріспе бөлімінде диплом жұмысына жалпы шолу жасалады. Негізгі бөлім 2 тараудан, әр тарау 2 тармақтан тұрады.

  • тараудың 1‑тармағында исмаилизмнің 765-1171 жылдар аралығындағы тарихы баяндалады. Исмаилизм тармағының пайда болуы, алғашқы исмаилиттердің дава – үгіт‑насихат жүргізу қозғалысын ұйымдастыру мен Фатимидтер мемлекетінің пайда болу, даму және құлдырау кезеңі сөз болады.
  • тараудың 2‑тармағында исмаилизмнің пайда болуының діни‑философиялық негізінің қалыптасуы мен оған әсер еткен әртүрлі ілімдер қарастырылады.
  • тараудың 1‑тармағында Хасан ибн Саббахтың өмірбаянымен қатар оның діни‑саяси қызметі талданады. Низариттік исмаилиттік ағымның қалыптасуындағы Хасан ибн Саббахтың ролі аталып өтіледі. Хасан ибн Саббахтың «жаңа шақыру» концепциясының исмаилиттердің «ескі шақыру» ұстанымынан айырмашылығы баяндалады.

2‑тараудың 2‑тармағында Ассасиндер мемлекетінің 1090‑1256 мен 1273 жылдар аралығындағы тарихы баяндалып, Персия мен Сириядағы низариттік исмаилиттердің дава – үгіт‑насихат жұмыстарының қарқыны анықталады. Моңғол шапқыншылығынан кейінгі низариттік исмаилитердің қауымы мен мемлекетінің жағдайы сөз болып, Анджудан қайта өрлеу кезіндегі исмаилизмнің суфизммен астасып, ортақ діни‑философиялық көзқарастың туындауы баян етіледі.

 

          Диплом жұмысынын жазу барысында зерттеу еңбектері, оқу құралдары, мерзімді басылымдар мен интернет ресурстары қолданылды.

          Зерттеулер ішінен диплом жұмысын жазу барысында қолданған бірнеше еңбекті бөліп айтуға болады. Солардың бірі – Фархад Дафтаридің «Традиции исмаилизма в средние века»/1/ атты еңбегі. Бұл автор исмаилизмді зерттеу институтының академиялық зерттеулер мен басылымдар бөлімін басқарады. Автор бұл еңбегінде мұсылман тарихшылары мен еуропалық кресшілер жорығы кезі тарихнамашыларының деректерін салыстыра отырып, ғасырлар бойы исмаилиттер жайлы қалыптасқан жалған ой, теріс пікірге тойтарыс беріп, шындықтың бетін ашуға тырысқан. Автор баяндауындағы исмаилиттер қанішер ассасиндер емес, тәуелсіздік үшін басқыншылармен күрескен низариттік исмаилиттер бейнесінде көз алдымызға келеді. Біз автор сараптамасымен келісіп, оның көзқарасын қанағаттандырарлығ деп бағалаймыз.

          Екінші еңбек – И.П. Петрушевскийдің «Ислам в Иране в VII-XV веках»/5/ атты кітабы. Бұл кітапта жалпы исламның пайда болуы, оның әртүрлі ағымдарының туындауы және Иранда шиизмнің басты ағымға айналуы туралы толық мәлімет беріледі. Автор өз еңбегінде тарих пен философияны астастырып, әр ағым туралы біртұтас ұғым қалыптастырады. Еңбектің Кеңес заманында жазылғандығына байланысты қолда бар мәліметтер біркелкі баяндалып, объективтілік толық сақталған.

          Үшінші еңбек ‑ Әл‑Хасан ибн Мұса ан‑Наубахтидің «Шиитские секты»/4/ атты кітабы. Бұл еңбекте шиизм ағымының пайда болу тарихы мен шиизмнің әр тармағының туындауының себептері мен салдарлары, айырмашылықтары мен ұқсастықтары кеңінен баяндалып, әр тармақтың кейінгі тағдыры сөз болады. Автор өзі орта ғасырда өмір сүргендіктен  оның берген мәліметтері құнды деректер болып табылады.

          Төртінші еңбек ‑  В.Бартольдтың «Культура мусульманства»/6/ атты кітабы. Бұл еңбекте ислам мәдениеті мен философиясының қалыптасуына әсер еткен барлық факторлар жүйелі түрде қарастырылып,  ортағасыр мұсылман билеушілері тұсында өмір сүрген мәдениет қайраткерлері туралы мол мағлұмат беріледі. Автор баяндауында ислам мәдениеті адамзат тарихының ажырамас бөлігі, өркениет пен мәдениет алмасуының заңды жалғасы ретінде көрініс табады.   

Бесінші еңбек – П. Куслийдің «Ассасины у границ России»/10/ атты мақаласы. Бұл мақалада соңғы жылдары халықаралық ылаңкестік мәселесі әлемдік қауымдастықты қатты алаңдатып отырғандығы туралы айтыла келіп, ылаңкестік актілерін орындайтын радикалдық діни ұйымдар өкілдері мен мұсылман әлемінде XI ғасырда пайда болған саясатта кісі өлтіру тактикасын қолданған ассасиндер салыстырылған.  

Сонымен қатар  М.С. Ивановтың «История Ирана»/3/ атты очеркі мен Фархад Дафтаридің тағы бір «Краткая история исмаилизма»/2/ атты еңбегі кеңінен пайдаланылды.

 

 

          Диплом жұмысының қорытынды бөлімінде исмаилиттер тарихының өткені қайта сараланып, бүгінгісі таразыланады.

 

 

 

 

 

Негізгі бөлім

 

Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін Ислам әлемі өз біртұтастығын жойды. Оның бірден бір себебі ұлан‑ғайыр жерді алып жатқан аумақты мемлекетті саяси және діни тұрғыда басқаруды кімге тапсыру керек деген сауал төңірегінде болды. Әрине алғашқы төрт халиф кезінде  барлық назар мемлекет аумағын кеңейту, ислам дінін тарату ‑ шапқыншылық‑басқыншылық істерге аударылып ішкі іріткі  көзден таса болып қала берді, бірақ бір мезет те толастамады. Алғашқы бөлінушілік басшы тандау (билікке таласу) ісінде болды:

  1. сахабалар (пайғамбардын жақын достары) басшылыққа пайғамбарға жақын, дін таратуда айтарлыктай үлесі бар, ел ішінде беделді сахабалар арасынан бір адам таңдалу керек деп есептеді;
  2. ансарлар (пайғамбар және оның жақтастарына Медине қаласында пана беріп көмектесушілер) ел билеуге олар да қатысуға құқылы деп санады;
  3. хариджиттер (шетке бөлініп кеткен, теңдікті ұран еткен топ) ел басқаруға тек сахабалар мен ансарлар ғана емес, жалпы бүкіл ел қатысып, пайғамбар үмбеті арасынан лайықты адам тандалуы керек деп есептеді;
  4. шииттер (пайғамбардың күйеу баласы Әлиді жақтаушы топ) билік пайғамбар ұрпақтарына, атап айтқанда, пайғамбарға ең жақын және «ізбасарым» деп пайғамбардың өзі нұсқап кеткен Әлиге беріліп, оның ұрпақтарына мұра етіліп қалу керек деп санады.

Осындай көзқарас айырмашылықтарына қарамастан, барлық мұсылман қауым төрт халифті заңды деп таныды.

VII ғасырдың орта шенінен бастап Ислам әлемінде тұғырнамалық айырмашылығы бар екі үлкен ағым – сүнниттер және шииттер  қалыптасты. Сүнниттер негізгі бес парызды бекем ұстап, Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбар хадистерін қасиетті деп танып, соған берік сенеді.

Ал шииттер осы бес парызға алтыншы имамат атты ұғымды енгізіп, Құран Кәрім, хадистермен қатар ахбарға  (пайғамбардың жақын жолдастары куә болып баян еткен)  сенім артты. Шииттер үшін  пайғамбардың туысы ретінде және Алланың нұры жауған адамы ретінде Әли ибн Әбу Тәліп Мұхаммед пайғамбармен тең дәрежеде орын алады.

Шииттердің діни ағымы мен доктринасы Хұсейн ибн Әлидің қаза болған кезінен (680 ж.) бастап Аббасидтер әулетінің билікке келуі (749/50 ж.) жылдары арасында қалыптасты.

Шииттік діни доктринаның негізін қалаушы – Абдолла ибн Саба. Ол халиф Осман кезінде қызмет жасаған. Аңыз бойынша, ол Йемендік иудей болыпты. Кейін ислам дінін қабылдапты. Иудей, христиан және мұсылман ілімдері туралы білімі мол болыпты. Дін тақырыбында пікір таластыруды ұнатады екен. Ибн Саба  ұлы пайғамбарлардың барлығының көмекшісі және өкілі – васидің болғандығы туралы айтады. Мысалы, Мұсада – Аарон, Йеремийде – Варух, Исада – апостол Петр. Дәл сондай васи Мұхаммед пайғамбарда Әлиден басқа ешкім де бола алмайды дейді. Сонымен қатар Ибн Саба Мұхаммед пайғамбардың қайтып келуі – раджа туралы ілім енгізді. Ол Исаның қайтып келуге тиістілігі сияқты Мұхаммед те қайтып келуге тиіс деп пайымдады. Кейіннен осы ілім шеткі (радикал) шииттерде Мұхаммед пайғамбардың Әлиде қайта туып (жанданып) және Әлидің жанының кейінгі имамдарда көрініс беруі туралы ілімдерге ұласты./5,39-40/

Абдолла Ибн Саба шеткі (радикал) шииттердің бастаушысы ғана емес, ол Әлидің құқығын  жақтаумен қатар оны құдайылық дәрежеге дейін көтерді.

Имамат діндарлары өз ұстанымдары ретінде бес негізгі сенім догматикасын алға тартады:

  1. таухид (құдайдың бірлігін мойындау) – құдайдың бірлігі;
  2. адль (әділеттік) – құдай сотына сену;
  3. набувват (пайғамбарлық) ‑ Мұхаммед және оның алдындағы пайғамбарлардың миссиясын қабылдау;
  4. имамат ‑ Әли әулетінің мұрагер имамдарының қауымға қажеттілігін мойындау, қабылдау;
  5. кийамат (қайта тірілу), басқаша маад (құдайға қайтып келу орны) ‑ өлімнен қайта тірілуге сену, қиямет күніне және өлімнен соңғы өмірге сену.

Бес негізгі догматтың төртеуін – таухид, адль, набувват және кийаматты сүннитер де қабылдайды. Бірақ адльді шииттер мутазилиттер түсіндірмесінде қабылдайды, яғни алдын‑ала жазылып қою дегенді теріске шығарады.

Имамат ілімі туралы шииттер мен сүнниттердің ойлары тоғыспайды. Шииттер имамның таңдамалылығы туралы принципті қабылдамайды. Олар бойынша мұсылман үмбетінің басшылығының жоғары билігі құдайдың тағайындауы арқасында заңды деп есептелінеді.

Шииттердің имамат‑халифат ұғымы туралы түсінігі:

  1. исма – халиф‑имамның күнәдан тазалығы және ешқашан күнәһар болмайтындығы;
  2. зухур (көріну, көрініс беру) – құдайдың мәңгілік нұры туралы ілім. Ол ілім «Нури Мухаммади», яғни «Мұхаммед пайғамбар нұры» деп аталады. Ол бойынша Мұхаммед пайғамбар нұры Әлиге беріліпті, содан кезекпе‑кезек имамдарға беріліп отырған. Кейіннен бұл хулуль – тікелей құдай етуге, құдай деп есептеуге әкеліп соқтырды.
  3. «заман имамы» ‑ әр адам өз жанын құтқару үшін өз заманының имамын қабылдауға тиісті болды.
  4. иджма – белгілі бір заманның ең беделді адамы. Сол заманның имамы шииттер үшін ең беделді адам болып есептеледі.
  5. құпия білім – барлық имамдар Мұхаммед пайғамбардан Әлиге, атадан балаға беріліп келе жатқан Құранның ішкі (батин) сырын біледі. Имамдар өткенді де, болашақты да біледі деп есептелді.
  6. ғайба туралы ілім – ғайыптағы имамға сену. Махди өлген жоқ, ол жерді жасырын бақылап отыр. Кейде таңдаулыларға, мысалы рухани жетекшілерге аян береді.
  7. шахидтер культы ‑ Әли мен Хұсейн қайтыс болғаннан кейін шииттер арасында дін жолында жанын пида ету ұғымы пайда болды. Барлық Әли ұрпақтары дін үшін өлуге туған деген ұғым қалыптасты. Олардың жерленген орындарына зиарат ету басталды.
  8. раджа – ғайыптағы имам Махдидің қайтып келуіне сену. Махди келген кезде әлемде әділеттік орнайды деп сенді.
  9. шииттер сенім символы ретіндегі «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – оның елшісі» деген мұсылман формуласына «және Әли – Алланың жақын әулиесі» деп қосады./5, 263-269/

 

     Шииттердің басқа да ұстанымдары туралы:

  1. такийа – саналылық, сақ болу. Шииттер оппозицияда болғандықтан, басқа топ өкілдері арасында қуғынға ұшырамау үшін өзінің шын ұстанымын жасыруына болады.
  2. іштей жасырын түрде дұшпандарға қарғыс айту шииттер үшін моральды міндет болып табылады. Мысалы, Сефевидтер кезінде Абу Бекр, Омар, Османға халық көзінше қарғыс айту болыпты.

 

Әли қайтыс болғаннан кейін, халифатты Омейядтар әулеті басқарып тұрғандығына қарамастан, шииттер оның ұлдары Хасан мен Хұсейнді екінші және үшінші имам деп таныды. Кейінгі имамдарды тану‑мойындау барысында шииттер ағымында имаматты басқаруда мұрагерлікті айқындау турасында келіспеушіліктер туындады. Олардың біразы шииттік ағым құрамындағы жеке топтарға айналып кетті. Мұның өзі шиизмді ұстамды және шеткі (радикалды) деп бөлінуге алып келді.

Шииттік ағымның тармақтарға бөлінуінің басты себебі – имам мұрагерін айқындау кезінде туған келіспеушіліктер.

 

Шиизмдегі негізгі тармақтар:

  • Төртінші имам ретінде имам Әли ибн Әбу Тәліптің үшінші ұлы Мұхаммед ибн Ханафияны рухани мұрагер деп танушылар. Бастаушысы атымен кайсаниттер атанып кетті. Ұстамдыларға жатады.
  • Имам әл‑Бәкір тұсында оның ырықсыздығына қарсы шығып, оның бауыры Зейд ибн Әлиді жақтаушылар. Бастаушысы атымен зейдиттер атанып кетті. Ұстамдыларға жатады.
  • Әли ұрпақтарының мұрагерлік жолмен имаматты иеленуін жақтайтындар. Олар Мұхаммед ибн Әли әл‑Бәкірден кейін оның ұлы Джафар ибн Мұхаммедті алтыншы имам деп таныды. Оларды имамиттер деп атайды. Ұстамдыларға жатады.
  • Джафар ибн Мұхаммед ас‑Садықты құдайлық дәрежеге көтеріп жібергендер. Бастаушысы ‑ Әбу‑л‑Хаттаб. Оларды хаттабия деп атайды. Шеткі шиизмге жатады.
  • Джафар ибн Мұхаммед ас‑Садықтың қайтыс болған ұлы Исмаилды жақтаушылар. Олар Исмаилдың ұлы Мұхаммедті жетінші имам деп таныды. Оларды исмаилиттер деп атайды.

 

Шиизмнің барлық тармақтары арасынан ең үлкен екі топты ерекше атап көрсетуге болады:

  1. Он екі имамды қабылдайтын имамиттер тобы. Оларды иснаашарит деп атаған.
  2. Жеті имамды қабылдайтын исмаилиттер тобы. Оларды сабийа деп атаған.

 

Исмаилиттер тарихы төменде баяндалады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                    

 

 

 

 

1 – тарау

Исмаилиттердің 765-1171 жылдар аралығындағы тарихы

 

          Исмаилизм діни‑саяси қозғалысының қалыптасуының бастапқы кезеңі құпияға толы. Бұл исмаилит ойшылдары өз ілімін жасырын ұстауы мен имамит немесе сүннит бағытын ұстаушы ғалымдар еңбектерінде исмаилизм туралы теріс, кейде бопса мәліметтердің көптігіне байланысты.

          Исмаилизм деген ұғым бұл діни‑саяси қозғалысқа кейіннен  берілген атау болып есептеледі. Исмаилды жақтаушылар өздерін  алдымен мубаракийа, кейіннен карматтар деп атаған /3, 134/.

          Исмаилизм тарихы  VIII ғасыр ортасында алтыншы  имам Әбу Абдолла Джафар ибн Мұхаммед ас‑Садықтың мұрагерін анықтау барысында туындаған даудан  басталады. Джафар ас‑Садық өзінің отыз жылдық имаматы кезінде ел ішінде дін ілімі саласындағы танымының жоғарылығымен ерекше әйгілі болған. Оның кезінде шииттердің иснаашарит (он екі имамды қабылдаушылар) және исмаилит  ағымдарының өркен жаюына мүмкіндік берілді. Джафар ас‑Садықтың айналасына әртүрлі ұстанымдағы интеллектуалдар жиналған еді. Ол өз ымырашыл саясатымен  әртүрлі топтардың теориялық ұстанымдарының ресми дін мен көпшілік мұсылман қабылдайтын шектен шығып кетпеуін қадағалап отырды.   

          Басында имам  Джафар ас‑Садық өзінің мұрагері ретінде өзінің үлкен ұлы Исмаилды тағайындайды. Имаматты басқаруды кейінгіге беру насс принципі бойынша жүзеге асырылды. Ол бойынша имам Алланың еркімен өз мұрагерін тура атап көрсететін болған. Мұндай жолмен  мұрагерді анықтау шииттер арасыда ешқандай шәк тудырмайтын. Сөйтіп, имам Джафар ас‑Садыққа Исмаил мұрагер болуы керек еді. Бірақ ол кезде Исмаил бұл өмірде жоқ‑тын, ол әкесінен бұрын қайтыс болған. Имам мұрагерінің өлімі  Джафар ас‑Садық жақтастарының арасында оның діни танымы мен имаматты басқару құқығына күмән туғызды. Алланың өзімен жетекшілік етіліп отырған имам Джафар ас‑Садық мұрагерлік істе қателік жіберді. Сөйтіп,  имамның көзінің тірісінде‑ақ шиит имамиттердің бір тобы  одан бөлініп кетті. Исмаил шарап құмарлығының арқасында имаматты басқару құқығынан айырылды деген болжамдар бар. Бірақ  имам Джафар ас‑Садықта бұдан гөрі ауырырақ себептің болғандығы анықталды. Ол үлкен ұлының экстремистік топпен байланысы болуынан сескенді. Имам Джафар ас‑Садықтың  үлкен ұлының өлімінен кейін басқа ұлын мұрагерлікке тағайындағаны туралы мәлімет жоқ. Иснаашариттер мұрагерлікке Джафар ас‑Садықтың кіші ұлы Мұсаны тағайындауды талап етті. Негізі мұрагерлікке Джафар ас‑Садықтың қалған үш ұлы да таласты. Бірақ ешқайсысы нақ өзінің тағайындалғандығын дәлелдеп бере алмады. Сол себепті имамиттік шииттер алтыға бөлініп кетті. Оның екеуі  исмаилизм қозғалысының негізін қалады.

          765 жылы алтыншы имам Джафар ас‑Садық қайтыс болды. Джафар ас‑Садықтың қайтыс болғандығына бір топ сенбеді, олар имамның «махди» ретінде қайтып келуін тосуға бекінді. Олар өз көшбасшыларының Абдолла ибн ан‑Навус атымен «навусия» атанды. Екінші бір топ Мұса ибн Джафардың туған бауыры Мұхаммед ибн Джафарды қолдап, көшбасшысы Йахйи ибн Әбу аш‑Шумайта есімімен «шумайтия» атанды. Джафар ас‑Садықтың жақтастарының көп бөлігі Исмаилдың туған бауыры Абдолла ал‑Афтахты қолдап, «афтахия» атанды. Бірақ Абдолла ибн Афтахтың әкесінен кейін тез қайтыс болып кеткендігіне байланысты оның жақтаушылары имамиттердің жетінші имам деп танып ал‑Казим деп атап кеткен Мұса ибн Джафар тарапына шықты.  

          Осы кезден бастап Исмаил ибн Джафарды қолдаушы екі топ имамиттерден бөлініп шықты. Олар негізі Исмаил өлімінен кейін  пайда болған еді, бірақ тек имам Джафар ас‑Садық қайтыс болғаннан кейін ғана имамиттерден бөлініп кетті. Бірінші топ Исмаилды Джафар ас‑Садықтың құқылы мұрагері деп танып, оның өлімін қабылдамай, махди ретінде келуін күтуге бекінді. Бұл топтың айтуы бойынша, Джафар ас‑Садық Исмаилдың өлімін ұлын қауіптен сақтап, мұрагердің қауіпсіздігін қамтамассыз ету мақсатында жария етті. Бұл топты белгілі тарихтанушылар ан‑Наубахти мен әл‑Кумми «нақ исмаилиттер» ‑ әл‑исмаилийа әл‑халиса деп атады. Исмаилды имамдар тізбегінің ең соңғы имамы ретінде танығаны үшін бұл топ әл‑исмаилийа әл‑вакифа есіміне ие болды.

          Екінші топ имам Джафар ас‑Садықтың кезінде‑ақ Исмаилдың өлімін қабылдап, оның ұлы Мұхаммед ибн Исмаил имаматтығын қолдады. Олар Джафар ас‑Садық үлкен ұлы  Исмаил қайтыс болғаннан кейін өз немересі Мұхаммедты имам етіп тағайындап кетті дегенге сенді. Мұхаммед ибн Исмаилды жақтаушылардың пікірінше,  Мұхаммед пайғамбардың немерелері Хасан мен Хұсейн жағдайынан кейін (шиизмде тек Алланың нұры жауған Әлидің балалары болғандықтан, Хасан мен Хұсейн бірінен кейін бірі имаматты басқару құқына ие болды, олардан кейін имамат Хұсейн ұрпақтары арқылы жалғасын тауып, атадан балаға беріліп отырды) имамат ағадан ініге беріле алмайды. Осы себепті олар Исмаилдың басқа ағайындарының имаматтыққа таласуын заңсыз деп тапты. Бұл топты тарихшылар мубаракийа деп атайды. Әл‑Мубарак (қасиетті) Исмаил ибн Джафарға берілген эпитет болса керек. Мубаракиттер  Джафар ас‑Садықтың Исмаилға  имаматтықты тапсырып кетуін бұлтартпас дәйек деп біледі, сондықтан мубаракийа тобын исмаилийа қозғалысының бастамасы деп айтуға болады.

          Исмаил ибн Джафардың өмірбаяны толық мәлім емес. Джафар ас‑Садықтың бірінші әйелі Фатимадан (Хасан ибн Әлидің немересі) Исмаил мен Абдолла, екінші әйелінен Мұса, Ысқақ, Мұхаммед атты ұлдары болған. Исмаилдың нақты туған жылы белгісіз. Шамамен 699-702 жылдар арасы. Оның нақты қайтыс болған жылы да белгісіз. Тек  әкесінен бұрын қайтыс болғандығы ескеріліп, шамамен 762-763 жылдар арасы деп көрсетіледі. Исмаил Мединеде қайтыс болып, Баки зиратында жерленген. Исмаил  әл‑Муфаддал ибн Омар әл‑Джуфи баскарған шеткі шииттер құрамында болып, антиаббасидтік әскери бүлікке қатысқан. Әл‑Муфаддал Джафар ас‑Садықтың оқушысы және Әбу‑л‑Хаттабтың жақтасы, кейіннен муфаддалийа тобын құрып Әбу‑л‑ Хаттабтан бөлініп кеткен. Сонысымен‑ақ консервативті және пассивті имам Джафар ас‑Садықтың наразылығын туғызған.

          Исмаилиттердің жетінші имамы Мұхаммед ибн Исмаил өмірбаяны да құпияға толы. Өйткені ол ел өмірінде белсенді түрде атсалыспаған. Сондықтан ешқандай мұсылмандық тарихи әдебиетте аты аталып көрініс таппаған. Мұхаммед ‑ Исмаилдың үлкен ұлы. Атасы Джафар ас‑Садық қайтыс болған кезде Мұхаммед жиырма алты жаста еді. Ол ағасы Мұса ибн Джафардан сегіз жас үлкен болған. Осыған сәйкес  Мұхаммед шамамен 738 жылы дүниеге келген деуге болады. Ол ағасы Абдолла әл‑Афтах қайтыс болғаннан кейін Джафар ас‑Садық жанұясының жасы үлкен азаматы саналып, Фатимид‑Әлидтер үйінің құрметіне бөленген. Бірақ Джафар ас‑Садық жақтастарының көп бөлігінің Мұса әл‑Казим имаматтығын қабылдап кеткенінен кейін Мұхаммедтың туған Хиджаздағы жағдайы қиындап кетеді. Осы кезде Мұхаммед Мединені тастап, шығысқа қарай жол тартып, ғайып болып кетеді. Осы кезден бастап оған «әл­‑Махтум» (ғайып) деген эпитет беріледі. Бұл шара бір жағынан оны Аббасидтер тарапынан қудалаудан сақтануға көмектесті, екінші жағынан Куфа қаласында орналасқан мубаракийа және басқа да шииттік топтармен байланыс орнатуға көмектесті. Кейіннен қайда тұрақтағаны туралы мәлімет жоқ, тек алдымен оңтүстік Иракта, сонан соң Персияға жол тартқаны белгілі. Мұхаммед өмірінің бір бөлігін Персияның оңтүстік‑батысында орналасқан Хузистанда өткізген. Онда Мұхаммадтың жақтаушыларының біраз бөлігі шоғырланған еді. Жетінші имам сол жерден жапсарлас жатқан аудандарға өз миссионерлері‑ даилерді жіберіп отырған. Мединеде өмір сүрген кезінде оның екі ұлы – Исмаил мен Джафардың бары мәлім еді, жер аударылғанда оның тағы төрт ұлы болған. Соның ішінде Абдолла, кейінгі исмаилиттердің пікірінше, әкесінің өкілетті мұрагері болып танылған. Мұхаммед ибн Исмаилдың нақты қайтыс болған жылы белгісіз. Ол Харун ар‑Рашид халифаттығы кезінде, 795-796 жылдардан кейін ар‑Рашидтің антиалид саясаты негізінде Мединеде Мұса әл‑Казимді ұстап, Иракка жер аудару кезінде қайтыс болған деген пайым бар.

          Мұхаммедтың бұл қоныс аударуы ерте (алғашқы) исмаилизм тарихының жана дәуір – жасырын дәуір – даур ас‑сатрдың басталғандығын білдіреді. Бұл дәуір Фатимидтер халифатының орнағанына дейін жалғасады.

          Исмаилизмнің Мұхаммед ибн Исмаил қайтыс болғаннан кейінгі тарихы туралы IX ғасырға дейін нақты мәліметтер жоқ. Жетінші имам қайтыс болғаннан кейін мубаракийа тобы арасында бөлініс пайда болды. Бір топ имамның ұрпақтарының имаматына қызмет етуін тоқтатпады. Бұл жайлы толығырақ Фатимид халифатының негізін қалаушы Ұбайдолла әл‑ Махдидің исмаилизм доктринасына өзгеріс енгізіп өзінің және өз ата‑бабасының имаматтыққа толық құқығы барын жария еткенде мәлім болды.

Мубаракийа тобының көп бөлігі жетінші имам Мұхаммед ибн Исмаилдың өлімін қабылдаудан бас тартып,  оны махди немесе каим (қайта тірілуші) ретінде келуін күтетін болды. Олар басқа имамның пайда болуын мүлде қабылдамады. Осы топ  шииттердің тағы бір тармағы карматтардың негізін қалады. Карматтар мубаракийа тобынан бастау алып, исмаилиттердің негізін қалады. Олар өз имамдар тізбегін  жеті санымен шектеді. Сондықтан исмаилиттерге қосымша сабийа деген ат берілген. Жеті имам мыналар: 1) Әли ибн Әбу Тәліп, 2) әл‑Хасан ибн Әли, 3) әл‑Хұсейн ибн Әли, 4) Әли ибн әл‑Хұсейн Зейн әл‑Абидин, 5) Мұхамед ибн Әли әл‑ Бәкір, 6) Джафар ибн Мұхаммед ас‑Садық, 7) Мұхаммед ибн Исмаил ибн Джафар.

IX ғасырдың екінші жартысында  шамамен жүзжылдық заңсыз өмірден кейін исмаилиттер қозғалысы тарих сахнасына шықты. Бұл қозғалыс  бір орталықтан басқарылатын тармақталған миссионер–даилар жүйесінің үгіт‑насихат жүргізетін революциялық ұйымы‑ дава (шақыру) ретінде көрініс тапты. Осы кезеңде әлі де  Мұхаммед ибн Исмаилдың келуін күтетін әл‑карамита (карматтар) есімімен мәлім исмаилиттер ел ішіне аты таралып, Аббасидтер билік органдарының көзіне түсе берді. Карматтардың ол кезде саны  100000 адамға жетіпті. Көп ұзамай исмаилиттер қозғалысы бұрын соңды болмаған жеңіске жетті. Бірнеше онжылдықта оңтүстік‑батыс Персия мен оңтүстік Ирак территориясынан шығып, мұсылман әлемінің басқа аймақтары‑ Йемен, Бахрейн, Сирия, Джибал, Хорасан, Мауренахр, Синд және Солтүстік Африка жеріне таралды. Басты мақсаты ‑ ел басқарушы Аббасидтерді құлатып, әділетті қоғам орнататын жасырын имам Мұхаммед ибн Исмаилдың келуін күту. Қозғалысқа негізінен Аббасидтер билігінен жәбір көрген  Иран мен Ирактың қарапайым халқы мен 874 жылы имамсыз қалған иснаашарит өкілдері мен биліктен қағылған тайпа көсемдері тартылды. Үгіт‑насихат жасырын жүргізіліп, құпиялылық–такийа толық сақталды. Қозғалыс бастапқы кезде Хузистаннан, кейіннен Сирияның Саламия қаласынан жасырын имам атынан худжжа‑ өкілетті өкіл‑жетекші арқылы басқарылып отырды. Иракта дава 874 жылы иснаашариттердің он бірінші имамы қайтыс болып, он екінші имамы ғайып болып кеткеннен кейін  басталды. 877-878 ж.ж. әл‑Хұсейн әл‑Ахвазидің көмегімен  Хамдан Кармат исмаилизмге тартылды. Бұл әйгілі даи исмаилимзді насихаттау үшін оңтүстік Иракка жіберілді. Ол Куфа маңы ауылдарында дава ұйымдастырды. Ол исмаилизмге көптеген адамды тарта білді. Олар бастаушысы атымен карматтар аталып кетті. Кейіннен Хамдан Карматқа қатысы жоқ исмаилит қозғалысы ішіндегі автономды бөлік карматтар атауына ие болды. Хамданның басқару орталығы Бағдадта болды. Ол орталықтан үнемі нұсқау алып отырды, бірақ басқарушы есімі жасырын түрде қалдырылды. Персияның оңтүстігінде үгіт‑насихат кармат көшбасшыларының басқаруымен жүргізілді. 879-880 жылдары дава жүргізу үшін Йеменге даилар Ибн Хаушаба мен Ибн Фазла жіберілді. 894 жылы дава Шығыс Арабияда жүргізіле бастады. Оңтүстік Персияда жақсы жетістіктерге жеткендігі үшін даи Әбу Саид әл‑Джаннаби Бахрейнге жіберілді. Ол онда 899 жылы екі ғасыр өмір сүрген тәуелсіз мемлекеттің негізін қалады. Біртіндеп исмаилизм Персияның солтүстік‑батыс,  батыс және  орталық бөлігін жайлады.

          899 жылы исмаилиттер арасында бөлініс пайда болды. Бұл Ұбайдолла әл‑ Махди есімімен тығыз байланысты. Ол өзінің және өз ата‑бабасының имаматтыққа толық құқығы барын жария етіп, исмаилизм доктринасына реформа енгізді. Ол өзінің Әлидтер үйіне қатыстылығын былай түсіндірді: Мұхаммед ибн Исмаил өз мұрагері етіп үлкен ұлы Абдолланы (кейіннен ар‑Ради деген атты алған) тағайындаған.Ол исмаилиттік жеті имамның екінші тобының бірінші имамы. Абдолла Аббасидтердің қудалауынан арылу және өз шығу тегі мен діни мәртебесін жасырын сақтау үшін ар‑Ради деген атты алып, таңдаулы шағын топқа сеніп Персияға бас сауғалап кетеді.Ол Хузистандағы Ахваз қаласына қоныс тепкен. Содан Иракка жол тартқан. Кейіннен  Сирияның солтүстігіндегі Саламия қаласына аттанды. Бірнеше онжылдық Саламия қаласында болып Абдолла исмаилит давасының бас пәтерін құрды. Имам сауда‑саттықпен айналысатын қарапайым хашимит ретінде өмір сүрген. Шамамен 827-828 жылдары имам Абдолла өлерінің алдында өз мұрагері ретінде Ахметті атап кетті. Ахметтің мұрагері – әл‑Хұсейн. Әл‑Хұсейннің мұрагері – Абдолла (Әли). Оның Сейед деген аты да бар еді. Кейіннен ол Ұбайдолла әл‑Махди есімімен әйгілі болды. Ұбайдолла 873-874 жылдары дүниеге келген. Әкесінің өлер алдында шамамен 881-882 жылдары  Ұбайдолла сегіз жаста еді. Ұзақ уақыт бойы бала әке жағынан ағасы Мұхаммед ибн Ахметтің қолында болады. Ұбайдолла  қауымның жетекшілігіне келмес бұрын ағасы бірнеше рет билікті өз балаларына алып бермекші болған. Бұл Фатимидтердің ресми ұстанымы ретінде қабылданды. Бұған дейін исмаилиттердің қауымы худжжа арқылы басқарылып келіп еді. Худжжа жасырын имам Мұхаммед ибн Исмаилдың толық құқылы өкілі болатын. Ұбайдолла реформасы қауым мүшелері тарапынан аса қатты қарсылыққа ұшырамады. Өйткені бұрын басқарған худжжалар  бүкіл билікті өз қолдарына шоғырландырып алып, тек сөз жүзінде ғана  Мұхаммед ибн Исмаилға сілтеме жасап отырған болатын. Убайдаллах өз реформасымен өзін және өз ата‑бабасын жасырын имам Мұхаммед ибн Исмаилдың худжжасы лауазымынан имам дәрежесіне дейін көтерді. Бұл өз кезегінде махди Мұхаммед ибн Исмаилды күтуден бас тартуды білдіреді. Алғашқы исмаилиттер ұстанымынан алшақтау осылай басталды.

          Ұбайдолла өзін Әли ибн әл‑ Хұсейн ибн Ахмет ибн Абдолла ибн Джафар ас‑Садықпын деп жариялады. Қызығы Ұбайдолла өзінің ата‑тегін Исмаил ибн Джафардан таратпай, оның туған бауыры Абдолла есімін атайды. Ұбайдолла Абдолланы ас‑Садықтың заңды мұрагер‑сахиб әл‑хакк деп таниды. Өз шешімін Ұбайдолла былай түсіндіреді: Мұхаммед ибн Исмаил есімі барлық шын өмір сүрген имамдарға, Исмаил атын алған Абдолла ұрпақтарына берілетін болған. Такийа принципі бойынша, Абдолла ұрпақтары Мұхаммед лақап атын иеленіп худжжа дәрежесін алған. Убайдаллах бұл жайлы Йемен исмаилиттеріне жолдаған хатында баян етеді.

          Ұбайдолланың бұл доктринадық реформасын Фатимид халифатының төртінші халифі әл‑Муизз қайта өзгертіп, фатимидтер ата‑тегін Исмаил ибн Джафар мен Мұхаммед ибн Исмаилдан бастады. Мұхаммед ибн Исмаил қайта ал‑каим деп танылды, бірақ ол толық жасырынған‑жоғалған күйде деп есептеліп, материалдық дүниенің соңына дейін оның фатимидтік исмаилиттерден шыққан орынбасарлары‑хулафа елді басқаруы керек деп ұйғарылды. Әл‑каим Мұхаммед ибн Исмаилдын келуін күтпей‑ақ қою ұсынылды.

Имам Мұхаммед ибн Исмаилды жоққа шығару исмаилиттердің екі фракцияға бөлінуіне әкелді. Бірінші фракция исмаилит қауымының басында  тірі имам отыруы керек деп тапты. Олар фатимидтік исмаилизмнің ресми имамат доктринасын қабылдады. Фатимид халифтерін өздерінің имамдары деп таныды. Хамдан Кармат пен Абдан бастаған оппозициялық топ, оларға Әбу Саид әл‑Джаннаби де қосылды, Ұбайдолланың имаматтыққа таласын құптамады. Олар бұрынғы доктринаға сүйеніп, жасырын имам Мұхаммед ибн Исмаилдың  келуін күтумен болды. Осы кезден бастап  оңтүстік Ирак, Бахрейн және Персияның бірнеше аудандарындағы фатимидтік халифтерді имам деп қабылдамаған исмаилиттік топтар «карамита»‑карматтар деп аталып кетті./1,75/

902 жылы бөліністен кейін Ұбайдолла өз өмірі үшін қауіптеніп Саламиедегі даваның орталық пәтерін тастап кетуге мәжбүр  болды. Ол Солтүстік Африкаға жол тартты. Бұл аймақ исмаилит давасының шарпуына іліккен болатын. Солтүстік Африкадағы  исмаилиттік даваны даи Әбу Абдолла аш‑Ши  басқарды. Ол Мағрибқа 892 жылы жіберілген болатын. Ол кутама берберлері арасында исмаилиттік үгіт‑насихат жүргізіп, Ұбайдолланың келіп фатимид халифатын құруына жақсы негіз жасап берді.

909 жылы исмаилиттер тарихының алғашқы кезеңі аяқталып, фатимидтік исмаилиттер кезеңі басталды.

909 жылы Убайдаллах Солтүстік Африкада  Фатимидтер халифатының негізін қалады. Фатимид халифаты 909‑1171 жылдар аралығында өмір сүрді. Ифрикияда Фатимид халифатын басқарған халиф‑имам Ұбайдолла әл‑Махди мен оның үш мұрагері мемлекетті біртұтастандыру барысында көптеген қиындықтарға тап болды. Олар халифаттыққа таласқан Аббасидтер мен Испаниядағы Омейядтармен қақтығысумен қоса византиялықтармен соғыс алаңында кездесіп отырды. Хариджит берберлердің көтерілісі мен маликит Ифрикия қалаларындағы заңгерлерінің ықпалындағы сүнниттердің наразылығын тоқтатуға көп күш жұмсалды. Мұның бәрі Фатимидтер үшін Ифрикиядан тысқары жатқан Мағриб аймағын қол астында ұстап тұруды қиындатты. Мағриб аймағында дава – үгіт‑насихат жұмыстары нәтиже бермеді.  Бірақ енді исмаилиттер өз территориялары аймағында  үгіт‑насихат жұмыстарын ашық түрде жүргізуге мүмкіндік алды. Мемлекеттен тысқары аймақтарда такийа‑ саналы түрде өз дінін жасыру әдісін қолдануға мәжбүр болды.

Даваны жүргізудің қалыптасқан жүйесі болды. Тәжірибелі даилардың бір тобы жаңа адамдарды тарту үшін жұмыс істеді. Олардың оқуы бірнеше сатыдан тұрды. Олар жаңа тартылған адамнан заман имамына адал болуға және исмаилизм ілімін құпия сақтауға ант алып оқытуды бастаған. Екінші  топ исмаилиттердің өзімен жұмыс жасаған. Олар заман имамы атынан тараған әртүрлі доктриналық өзгерістер мен  жарлықтарды түсіндіретін болған. Даилер сабағы даналық сессиялары «маджалис әл‑хикма» деп аталған.

Фатимид халифтері исмаилизмді таратып, әлемде Әлидтердің билігін орнату мақсатында дава‑ үгіт‑насихат жұмыстарынан бас тартпады. Өз территориясында дава жүргізу оларға қиын болды. Тек бірнеше онжылдықтан кейін ғана Солтүстік Африканы бағындыра алды. Тек төртінші халиф‑ имам ал‑Муизз  исмаилиттік даваның сәтті нәтижелерін ескере отырып әскери әрекет пен дипломатияны ұштастыра білді. Ол Фатимидтер билігін өз бақталастары испандық Омейядтар, византиялықтар мен Аббасидтер территориясына таратуды басты мақсатым деп білді. Оның тұсында исмаилиттердің заң кодексі  толық қалыптасты. Оның негізін танымал фатимидтік заңгер кади ан‑Нуман қалады. Кодекс «Даим әл‑ислам»(Ислам негіздері) деп аталады./1,86/

Алғашқыда карматтардың Фатимид халифтерін қабылдамауы фатимидтік исмаилиттер давасының үгіт‑насихат жұмыстарына кедергі келтірді.Бір жағынан сүнниттер карматтарға қарсы антиисмаилиттік әдеби кампанияны бастады. Сүнниттер исмаилиттерді қаралап, оларды діннен алшақтады деп есептеді. Бұл кампания карматтар 930 жылы Меккеге шабуыл жасағаннан кейін ұлғайып кетті. Әл‑Муизз  Аббасидтермен күресте карматтар күшті көмек бола алатынын жақсы түсінді, сондықтан ол карматтарға жағу үшін алғашқы исмаилиттер іліміне негізделген доктринаға өзгерістер енгізді. Ол 912 жылы кармат даи Мұхаммед ан‑Насафи ұсынған неоплатонистік космологияны қолдады. Әл‑Муизздің исмаилит мемлекетінен тысқары жүргізген дава стратегиясы өте сәтті болды. Даи Әбу Йакуб ас‑Сиджистанидің арқасында Хорасан, Систан, Мекран мен Орта Азияның көп бөлігі фатимид имамын қабылдады. 958 жылы Үндістанның солтүстігіндегі Синд аймағында фатимидтік даилердің көмегімен исмаилиттер иелігі құрылды. Орталығы Мултан қаласында болды. Бұл иелік 1005 жылы Мултанды сұлтан Махмұд Ғазнави жаулап алғанға дейін өмір сүрді. Бірақ Синд исмаилиттері тәуелсіз Сумрас династиясының қолдауына ие болып тірі қалды.

Әл‑Муизз  Бахрейн карматтарымен одақ құра алмады, сондықтан Фатимид халифатының Шығысқа экспансиясы жүзеге аспай қалды. Әл‑Муизз  Мысырға көз тікті. Ол кезде Мысырды Ихшидидтер басқарып тұрған еді. Мысырға жорықтың бастығы дарынды әскер басшысы Джаухар еді. Ол Әл‑Муиззге Солтүстік Африканы бағындырып берген болатын. 969 жылы Джаухар Мысырдың астанасы Фустатқа басып кірді. Мысырға исмаилиттік масхаб тек үстіртін енгізілді. Ешқашан  шиизм Мысырда тұрақ таппады. Онда шафииттік сүнниттер мен копт‑христиандар басым болды. Шииттер азшылық болып қала берді. 973 жылы Әл‑Муизз  Ифрикиядан Джаухар салғызған Фатимид халифатының жаңа астанасы Каирге қоныс аударды. Каир өз әл‑Азхар мешітімен исмаилиттік даваның  орталығына айналды.

975 жылы Әл‑Муизз  қайтыс болды. Ол Фатимид халифатын үнемі ұлғайып тұрақты даму жолындағы ұйымдастырылған дава жүйесі бар державаға айналдырды.

Фатимидтік дава алтыншы халиф‑имам әл‑Хаким тұсында Ирак пен Персия территориясында тұрақты түрде үгіт‑насихат жұмыстарын жүргізіп отырған. Олар Ирактың тайпа көсемдерінің қолдауына сүйене отырып, Аббасидтер империясының шаңырағын шайқалтты. Бұл кезде даи Хамид ад‑дин әл‑Кирманидің еңбегін ерекше атап өту керек. Ол бүкіл фатимид заманының ең білімді исмаилит ғалымы болған. Ол Ирак пен Персия территорияларында даилық етті. 1011 жылғы Аббасидтерің исмаилиттерді даттау «Бағдад манифестін» жариялағаннан кейін әл‑Кирмани Каирге шақыртылып алынды. Ол «шеткі»(радикал) шииттерден бастау алған друздар қозғалысын басу үшін шақыртылды.

Дава‑үгіт‑насихат жұмыстары Ирак, Персия және басқа да шығыс жерлеріне 1055 жылы Аббасидтердің орнына Селжұқ сүнниттері  келген кезінде де сәтті жалғасын тапты.

Исмаилиттік даваны ұйымдастырып тарату ісі фатимидтік халиф‑имам әл‑Мустансирдің кезінде кемелдендірілді. Ол исмаилит давасын тарату аймағын он екіге бөліп, арал‑«джазира» деп қарастырды./2,100/ Аралдарға мына аймақтар жатады: Рұм (Византия), Дайлам (Персия), Синд, Хинд (Үндістан), Чин (Қытай) және арабтар, нубийлар, хазарлар, славяндар, берберлер, африкандықтар (зиндж), аббасиндер (хабаш). Әл‑Мустансир кезінде аталған аймақтарда тұрақты исмаилиттік қауымдар құрылған. Ал карматтар қауымы тарап кетті немесе фатимидтік дава құрамында жұмыс істей бастады.  Персияның Фарс аймағында үгіт‑насихат жұмыстары Буидер сарайында қызмет еткен даи әл‑Муаййад фи‑д‑Дин аш‑Ширазидің арқасында сәтті өтті. Ол Буидтер әмірі Әбу Калиджара Марзубанды исмаилиттер қатарына тартты. Бірақ Аббасидтердің қудалауынан сақтанып әл‑Муаййад фи‑д‑Дин аш‑Ширази Каирге кетіп, фатимидтік мемлекет‑давла мен даваны басқаруға өмірінің соңына дейін атсалысты. 1058 жылы  әл‑Муаййадтың көмегімен Селжұқтар мен Аббасидтерге қарсы фатимидтер мен түріктердің әскерін басқарған Арслан әл‑Басасири Ирактың бірнеше қалаларын жаулап алып, Бағдадқа басып кірді. Бір жыл бойы Аббасидтердің астанасы Бағдадта әл‑Мустансир есімімен құтпа оқылды.

Исмаилиттер давасы Селжұқтардың Персиядағы иеліктерінде де таралып жатты. 1070 жылы жергілікті исмаилиттер құпия пәтері Исфаханда орналасқан даи Абд әл‑Малика ибн Атташтың қарауында болды. Әйгілі ғалым‑теолог, дарынды ұйымдастырушы  Абд әл‑Малика ибн Атташ өзінің болашақ мұрагері низариттік исмаилизмнің давасы мен мемлекетінің негізін қалаушы Хасан ибн Саббахтың   мансап жолында көтерілуіне көп ықпал етті.

1052 жылдан бастап атақты Мысырға сапарынан қайтып келгеннен кейін әйгілі парсы ақыны, теолог, философ Насыр Хосроу Хорасанда дава‑ үгіт‑насихат жұмыстарын жүргізе бастады. Бұл кезде Саманидтердің көбі исмаилизмді қабылдап қойған еді. Насыр Хосроудың Хорасандағы бас пәтері Балх қаласында орын тепті. Сүнниттердің жаулық әрекеттерінен кейін Насыр Хосроу Хорасанды тастап, Бадахшандағы Йумган даласына қоныс тебуге мәжбүр болды. Бірақ ол Каирдегі бас пәтермен қатынасын үзген жоқ. Қазір Бадахшандағы жергілікті барлық исмаилиттер мен Хунза және  Пәкістанның басқа аймақтарындағы қауымдар Насыр Хосроуды өз діни қауымдастықтарының негізін қалаушы деп есептейді.

Исмаилиттер давасы Фатимидтер кезінде Йеменде кең өркен жайды. Ондағы даваны даилар Ибн Хаушаб Мансур әл‑Йаман мен Ибн әл‑Фадл басқарды. Мұнда исмаилизм ұстамды ағым ретінде қалыптасты. Әл‑Мустансир билік басына келместен бұрын Йеменде исмаилиттік даваны  бану хамдан көсемі даи Әли ибн Мұхаммад ас‑Сулайхи басқарды. 1038 жылы ол Хараз таулы аймағында көтеріліс жасап, Сулайхидтер династиясының мемлекетін құрды. Ол Фатимид халифатының суверенитеттін мойындады. Сөйтіп, бір адамның қолында ел билігі мен дава билігі шоғырланды. Мұндай жағдайға кейіннен жол берілмеді. 1063 жылы  Әли ибн Мұхаммад ас‑Сулайхиге бүкіл Йемен бағынды. Яғни бұл жерде исмаилиттік дава‑үгіт‑насихат жұмыстары ашық жүргізіле бастады. Әли ибн Мұхаммад ас‑Сулайхи Каирмен, ол кездегі дава бастығы әл‑Муаййадпен тығыз байланыс орнатты. 1067 жылы Әли тайпалық кек себебінен өлтірілгеннен кейін елді оның ұлы Ахмет ибн әл-Мукаррам басқарды, ал йемендік даваны даи Ламак ибн әл‑Хаммади өз қарауына алды. Йемендегі билікті негізі Ахмет ибн әл-Мукаррамның әйелі әл‑малики ас‑Саййида Хурра жүргізді. Ол йемендік даваның өркендеуіне үлкен үлес қосты. Сондықтан  оған йемендік даваның худжжасы деген дәреже берілді. Бұл әйел адамды жоғары дәрежеге көтерудің бірегей  жағдайы болды. Әл‑Мустансир оған Үндістандағы даваны да басқаруды тапсырды. Сулайхидтер Фатимидтердің Үндістанға исмаилизмді тарату ісіне ерен еңбек сіңірді. 1067 жылдан бастап Сулайхидтер Гуджаратқа йемендік даиларды жіберу ісімен айналысты. Бұл даилар онда исмаилиттік қауым құрды, кейіннен бұл қауым бохра тайибиттері қауымына айналды.

Әл‑Мустансир билігінің соңғы онжылдықтарында Фатимид халифатында дағдарыс байқалды. Фатимидтер Мысыр мен Ливанның кейбір жағалау маңы аудандарынан басқа территорияларының бәрінен айырылып қалды. 1094 жылы Әл‑Мустансирдің қайтыс болуы мұрагерлік туралы талас тудырып, Фатимид халифатындағы дағдарысты одан әрі ушықтыра түсті. Әл‑Мустансирдің үлкен ұлы Низар сол кездегі уәзір әл‑Афдалдың сұрқия саясатының арқасында заңды мұрагерліктен шеттетіліп, оның орнына «әл‑Мустали биллах» атағымен кіші інісі Ахмет билікке келді. Оны Каирдегі орталық дава қолдады. Низар мұрагерлік құқығының бұзылуына қарсы Александрияда көтеріліс жасады, бірақ ол аса қатігездікпен басылып тасталды. Низар 1095 жылы өлім жазасына кесілді. Бұл оқиға исмаилиттік дава мен қауымды мәңгіге екі фракцияға бөліп жіберді. Фракциялар билікке таласқан Әл‑Мустансирдің ұлдарының атымен мусталийа және низарийа деп аталды. Фатимид тағына отырған әл‑Мустали имаматтығы Каир орталық дава ұйымы тарапынан заңды деп танылғаннан кейін, Мысыр, Йемен, Үндістан және Сирия исмаилиттерінің біраз бөлігіне  бас пәтер болып қала берді.

 Бірақ ислам жерінің шығысында жағдай мүлде басқаша болды. Мұнда Фатимидтер өз саяси ықпалынан айырылған еді. 1094 жылға дейін Селджұқтар қол астындағы территориядағы Персия исмаилиттерін дарынды стратег және ұйымдастырушы даи Хасан ибн Саббах өз қарауына алып алған еді. Осыған дейін ол Мысырда үш жыл болып, Фатимидтер халифатының жағдайынан іштей хабардар болып, дағдарыс жағдайындағы мемлекеттен көмек күтудің қажеттігі шамалы екендігін пайымдап қайтқан. Мұрагерлікке талас туған шақта ол бірден Низар жағына шығып, Фатимидтер халифатынан толық қол үзді. Бұған Хасанның  әл‑Афдалдың әкесі Бадр әл‑Джамалимен келіспеушілігі де өз ықпалын тигізбей қойған жоқ.

1101 жылы әл‑Мусталидің  мезгілсіз қазасынан кейін   мусталиттік исмаилиттер арасында бөлінушілік пайда болды. Мусталиттік исмаилиттер имам ретінде әл‑Мусталидің ұлы мен мұрагері әл‑Әмірді таныды. Йеменнің басшысы малика Саййида да фатимидтік Мысыр мен сулайхидтік Йемен арасында келісімге сәйкес әл‑Әмірдің имаматтығын қабылдады. 1130 жылы имам әл‑Әмірдің өлтірілуі мусталиттік дава мен қауым арасында дағдарысты ұлғайта түсті. Осы кезде Фатимид халифаты  өздігінен құлдырап бара жатыр еді, Сулайхидтер де көптеген қиындықтарға тап болған болатын. Әл‑Әмірдің өлімінен кейін оның әке жағынан ағасы Абд әл‑Маджид регент ретінде билікке келді. Әл‑Әмірдің кәмелетке жетпеген мұрагер деп тағайындалған ұлы ат‑Таййиб белгісіз жағдайларда жоғалып кетті. Көп ұзамай 1132 жылы Абд әл‑Маджид Фатимид халифатында толық билікке қол жеткізіп, «әл‑Хафиз ли‑Диналлах» атағымен мусталиттік имаматты басқарды. Оны Каирдегі орталық дава қолдады, сондықтан Мысыр, Сириядағы мусталиттік қауым да қолдау көрсетті. Кейіннен әл‑Хафизді қолдаған мусталиттік исмаилиттер хафизийа атанып кетті. Әл‑Хафизді Йеменнің Сулайхидтерден бөлініп кеткен Зурайд Адан бастаған шағын мусталиттер тобы қолдады. Сулайхидтер басшысы ас‑Саййида Хасан ибн Саббах секілді Фатимидтермен өз байланысын үзіп, әл‑Әмірдің ұлы ат‑Таййибтың имаматтығын қабылдады. Оны Гуджарат исмаилиттері де қалтқысыз қабылдады. Ас‑Саййида йемендік дава мен таййибиттік имаматқа қолдау көрсетіп отырды. Бұл жақ исмаилиттері кейіннен таййибийа аталып кетті. 1132 жылы ас‑Саййида аз‑Зуайба ибн Мусу әл‑Вадииді йемендік даваның ерекше өкілеттілігі бар ад‑даи әл‑мутлак немесе даи қызметіне тағайындады. Бұл ат‑Таййиб пен оның ұрпақтарының атынан іс жүргізетін тәуелсіз таййибиттік мусталиттік  даваның құрылғандығын білдіреді. Таййибиттік дава Фатимидтерге де, Сулайхидтерге де бағынбайтын болды.  Басында дава даи атағын алған аз‑Зуайб мұрагерлерінің атынан басқарылды. Кейіннен дава орталығы Үндістанға көшірілді. Қауым бірнеше топқа бөлініп кетті.

1171 жылы 10 қыркүйек Фатимидтер халифатының соңғы уәзірі Салах ад‑Дин ресми түрде Фатимидтер халифатының дәуірінің аяқталғанын көрсетіп, Каирде құтпаны ел басқарып тұрған Аббасид халифінің атын атап оқыды. Бұл кезде ал‑Хафиздің екінші немересі Фатимид әулетінің «мөрі» болуға тиіс жасөспірім әл‑Адид өз сарайында хал үстінде жатыр еді. Сөйтіп, 262 жылдық өмірден кейін Египет халқын толық құлдыратып Фатимидтер мемлекеті құлады.

Ортодоксалды суннизмнің жақтаушысы және болашақ Айубидтер әулетінің негізін қалаушы Салах ад‑Дин дава мен хафизиттік ғұрыптарды жойып, мысырлық исмаилиттерді қудалады. Фатимидтер халифатының жойылуы салдарынан Йемендегі хафизиттік дава да құрдымға кетті. 1171 жылы  низариттік және таййибиттік дава мен олардың қауымдары Персия, Сирия, Йемен, Гуджарат жерінде өркен жайды. Кейіннен Орта Азия мен Үндістандағы қожа қауымының  исмаилиттері низариттік исмаилизмді қабылдады.

Фатимидтер халифатының құлағандығына қарамастан, исмаилизм сақталып қалды. Бұл Фатимидтер кезіндегі исмаилиттік даваның мемлекеттен тысқары жерде жүргізген үгіт‑насихат жұмыстарының жемісті болғандығының айғағы.

Тағы бір ұлы жеміс фатимидтік исмаилиттер жеті имам тобы тізбегінің бірінен‑бірі берілу салтын қалыптастырды. Бұл исмаилиттік имамат бүгінге дейін жалғасын тапты. Қазіргі низариттік исмаилиттердің заман имамы‑ имам хазир ханзада Аға‑Хан IV, ол қазір қырық тоғызыншы имам және имамдардың жетінші жетілігі тізбегінің жетінші имамы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                               Исмаилизм діни‑философиялық ұстанымы

         

Исмаилизмнің идеялық бастамасы хаттабиттерден басталады.

Джафар ас‑Садықтың айналасына әртүрлі ұстанымдағы интеллектуалдар жиналған еді. Ол өз ымырашыл саясатымен  әртүрлі топтардың теориялық ұстанымдарының ресми дін мен көпшілік мұсылман қабылдайтын шектен шығып кетпеуін қадағалап отырды. Джафар ас‑Садықтың айналасында бірнеше «шеткі» (радикал) шииттер болды. Ерекше атап өтуге тұрарлық есім – Әбу‑л‑ Хаттаб Мухаммад ибн Әбу Зайнаб Миклас әл‑ Аджда. Ол эзотерика мен гностикаға сүйенген  ерекше батини (ішкі) атты қозғалыстың негізін қалаған бірінші шиит болды. Ол Джафар ас‑Садыққа өмірінің соңына дейін адал болды, бірақ имамда құдайылық белгілер болуы тиіс деген көзқарасы үшін имамның қаһарына ұшырады. Әбу‑л‑ Хаттаб идеялары кейіннен Джафар ас‑Садықтың ұлы Исмаилден қолдау тапты. 

Әбу‑л‑ Хаттаб доктринасында рухани иерархия мен рухани тәрбиеге көп көңіл бөлінді. Ол бойынша, рухани иерархия періштелер, пайғамбарлар, құдаи (божественный) елшілерден тұрады. Әбу‑л‑ Хаттаб теориясы бойынша, барлық заманда екі пайғамбардан болуы керек: біріншісі – жария етуші, натик; екіншісі – үнсіз тұрушы, самит.  Ислам заманында Мұхаммед жария етуші пайғамбар еді, Әли  үнсіз тұрушы болатын. Ал алтыншы имам кезінде Джафар ас‑Садық жария етуші пайғамбар деп танылып, Әбу‑л‑ Хаттаб үнсіз тұрушы деп есептелуі керек болды. Хаттабиттердің іліміне имамның құдаи жаратылысы туралы тезис те болды. Бұл тезис Алланың нұрының мирас ретінде берілуіне негізделді.  Олар Құран мен қасиетті аңыздарға эзотерикалық, аллегориялық түсіндірмелер – батини тавил жасауға ерекше назар аударды. Кейіннен бұл  үрдісті  исмаилиттер толық жүзеге асырды. Хаттабиттер  имамды құдайландырып, Джафар ас‑Садық құдаи рухты Әбу‑л‑ Хаттабқа беріп кетті деп есептеді. Әбу‑л‑ Хаттаб қайтыс болғаннан кейін хаттабиттердің бір бөлігі құдаи рух Мұхаммед ибн Исмаилға берілді деп санады, басқа топ‑мубаракийа құдаи рух бірден Джафар ас‑Садықтан Мұхаммед ибн Исмаилға берілді деп есептеді./1, 50/

Ал карматтардың пікірінше, Мұхаммед ибн Исмаил тірі, тек жасырын‑ ал‑каим болып кетті. Ол ‑ ең соңғы пайғамбар‑елші. Мұхаммед ибн Исмаил халыққа қайтып келіп, Мұхаммед пайғамбардың жария еткен заңының орнына жаңа қасиетті заң‑шариат әкеледі. Карматтар жеті пайғамбар тізбегін – Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса, Мұхаммед, Әли және Мұхаммед ибн Исмаилды қабылдады. Соңғы пайғамбар «пайғамбарлар мөрі» деп есептелді./1,58/ Алидің  бұл тізімге енуі исмаилиттердің қасиетті кітаптардың сыртқы және ішкі мәнінің барлығына сенуінен туындаса керек. Бұл  ретте Әлиге Мұхаммед енгізген заңның ішкі‑батин мәнін түсіндіруші, аянды сақтаушы ролі берілді. Басқы рольді Мұхаммед ибн Исмаил иеленді.

IX ғасырдың соңында ерте (алғашқы) исмаилиттердің діни‑ философиялық ұстанымы толық қалыптасып бітті деуге болады. Ұстаным бойынша, қасиетті мәтіндер мен исламның ритуалдық ғұрыптары және Құран мен шариғаттың тура мағынасы мен жасырын мәні арасында  экзотерикалық‑захир және эзотерикалық‑батин айырмашық бар. Яғни әрбір қасиетті кітап пен заңның мәтіндік тура мәні мен ішкі шын мағынасы бар. Осыған сәйкес захир жаңа діни заң енгізетін және адамзат тарихында  жаңа дәуірді бастайтын әрбір пайғамбар‑натик тұсында өзгеріске ұшырап отырады. Эзотерикалық бөлімді құрайтын батин‑ақиқат керісінше өзгермейді, өлмейді, өшпейді. Яғни мәнгілік. Пайғамбарлар діни заңдар енгізгеннен кейін, пайғамбарлардың авсийасы (васи)‑имамдардың қызметі исмаилит имамын қабылдаған лайықты таңдаулыларға заңның шын мәнін түсіндіру болып табылады. Өйткені батинде сақталынған өзгермес ақиқат тек Алла жетекшілік ететін күнәдан ада исмаилиттік имам мен оның насихат етуші‑ даилерінің еншісінде. Мысалы, Мұхаммед ибн Исмаилдың жасырын кезінде ол бірнеше худжжа арқылы көрініс берді. Худжжаға бағынатын тармақталған даилар жүйесі неофиттерді‑ жаңа  адамдарды тарту және оқыту ісімен айналысты.

   Қаситетті кітап пен заң мәтінінде жасырынған ақиқат тек тавил‑ символдық, аллегориялық немесе эзотерикалық түсіндірмеден кейін ғана ашылады. Бұл исмаилизмнің айқындауыш айырмашылығына айналды. Басында тавил сырттай каббала түсіндірмесіне ұқсайтын, өйткені онда  басты орында әріптер мен сандардың символизмі мен мистикалық қасиеттеріне көп көңіл бөлінді. Ал ақиқат шын мәнінде тарих пен космология айналымдары жүйесінде көрініс табатын гностикалық жүйеден тұрды. Ерте исмаилиттер уақытты да басы мен аяғы бар айналымдардың кезек‑кезек ауысуы деп білді. Осының нәтижесінде оларда адамзат тарихының, әсіресе діни тарихтың айналымдылығы туралы ұғым қалыптасты. Діни тарихтың айналымдылығы әртүрлі пайғамбарлардың дәуірінің бірінен соң бірі ауысуынан көрінеді. Бұл ұғым ерте исмаилиттердің имамат туралы доктринасымен ұштастырылды. Олар адамзат тарихы әртүрлі ұзақтықтағы жеті дәуірден  тұрады деп санады. Әр дәуірді діни заң туралы аян алған жария етуші пайғамбар‑натик ашады. Адамзат тарихының алғашқы алты дәуірінде  натик ретінде Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса, Мұхаммед болды. Ан‑Наубахти мен әл‑Куммидің айтуы бойынша, басында ерте исмаилиттерде пайғамбарлар тізімінде  Адамның орнында Әли болған. IX ғасырдың екінші жартысында исмаилиттер Әлидің дәрежесін василікке дейін төмендетіп, Адаммен ауыстырды. Адам натик деп танылды. Алты пайғамбардың әрқайсысында олардың өсиетін орындайтын рухани мұрагері‑ васи, асас немесе самит болған. Олар өз дәуірінің жолдауының батин мәнін ашып түсіндіретін болған. Әрбір васи, асас немесе самитте бірінің артынан бірі келетін жеті имам болған. Олар қасиетті кітап пен заңдардың ішкі‑сыртқы шын мағынасын сақтайтын болған. Пайғамбарлық дәуірдің жетінші имамы келесі дәуірдің натикіне айналады. Ол өзіне дейінгі натиктің діни заңын алып тастап, адамзатқа жаңа шариғат енгізеді. Тек адамзат тарихының соңғы жетінші дәуірінде бұл тәртіп бұзылады./1,67-68/

Алтыншы Мұхаммед пайғамбардың дәуірінің жетінші имамы жасырын күйге кеткен Мұхаммед ибн Исмаил еді. Өзінің жаңа келісінде ол соңғы эсхатологиялық дәуірді басқарушы жетінші натик және каим ретінде келуі керек. Тек Мұхаммед ибн Исмаил соңғы имам ретінде натик пен асас дәрежелерін бір өзі иемдене алады. Ол Мұхаммед пайғамбардың енгізген исламның қасиетті заңын алып тастап, жер бетінде соңғы дәуірдің орнағанын көрсетуі керек еді. Бірақ оған жаңа заң‑шариат енгізудің қажеті жоқ. Ол барлық өткен жолдаулардың ішкі ақиқатын толық ашып беруі керек. Сол соңғы дәуірде ақиқат ашылып көпшілік назарына ұсынылатындықтан, заңның қажеті болмай қалады. Мұхаммед ибн Исмаил әлемді әділетті басқарып, физикалық әлемнің өмірін аяқтап, Соңғы Сотты жүзеге асырады. Сөйтіп оның дәуірі уақыттың соңы мен адамзат тарихының соңын білдіретін еді.

Бірақ Убайдаллах ал‑Махди және Фатимид халифтері имаматтыққа қол жеткізуді қалап, исмаилиттердің бастапқы доктринасына өзгерістер енгізді. Ол бойынша,  жетіден артық имам тізбегі қабылданды, бұл әл‑каимның келуін белгісіз уақытқа шегеруге көмектесті. Сөйтіп, жетінші имамның эсхатологиялық мәні жойылды.

Ерте исмаилиттердің космологиясы қарапайым гностикалық аңыздан бастау алады. Ол бойынша, әртүрлі себептердің жиыны мифологиялық космогонияға біріктірілген, бұл Құдайдың еркімен  екі бастаудан‑куни мен кадардан ғалам жаралғанын көрсетеді. Бұл космологиялық жүйеде әріптердің символдық мәніне  маңызды орын берілген. Сол арқылы ғаламның пайда болуына мистикалық түсініктеме беруге болады. Әріптер есімді құрап, олар кейіннен заттардың атауына айналған. Кейіннен исмаилиттердің бастапқы космологиясы жаңа исмаилиттік неоплатонистік космологиямен ауыстырылды.

Бұл жаңа космологияның негізін Хорасан мен Мауренахрдың даи Мұхаммед ибн Ахмет ан‑Насафи қалады. Ол алғаш рет исмаилиттер санасына исмаилиттенген неоплатонизмді енгізді. Бұл жаңа космологиялық доктринаны  фатимидтік халиф‑имам әл‑Муизз имаматтығы кезінде фатимидтік исмаилиттің давасы ресми түрде қабылдады.

Фатимидтік исмаилизмнің идеологиялық жүйесі мынадай болды. Идеологиялық жүйе екіге бөлінді: «сыртқы» экзотерикалық доктрина‑захир, яғни барлық қатардағы мүшелер білетін жалпыға ортақ ілім және «ішкі» эзотерикалық доктрина‑батин, яғни  тек жоғары дәрежедегі қауым мүшелері білетін ілім. «Ішкі» жүйе сыртқы доктринаның аллегориялық түсіндірмесі‑тавил болып табылады. Исмаилиттік принцип былай дейді: «Ішкісіз сыртқы жоқ және керісінше сыртқысыз ішкі жоқ» /5,286/. Басқаша айтқанда, «сыртқы» доктринаның әрбір бөліміне оны түсіндіретін «ішкі» доктринаның құпия мәні сәйкес келеді.

Исмаилиттердің экзотерикалық «сыртқы» доктринасының имамиттік шиизмнен еш айырмашылығы жоқ, тек имамиттердің жетінші имамы Мұса әл‑Казимнің орнына Мұхаммед ибн Исмаилды, одан кейін ғайып имамдарды және олардан кейін фатимидтік халиф‑имамдарды қабылдайды. «Сыртқы» доктрина барлық мүшелер үшін (жоғары дәрежедегі хабардар мүшелерден басқа) шариаттың ғұрыптық және құқықтық ережелерін, әсіресе намаз, ғұсыл, мешітке бару, ораза ұстау қатаң сақтау міндеттелді. «Сыртқы» доктринаға X ғасырда имамит заңгері қазы Нуманның Мысырда жасаған фикх жүйесі де жатады. Бұл фатимид халифтарының ешкімді мәжбүрлемей енгізген ресми ұстанымы болатын. Әр ағым, имамиттер, сүнниттік мазхабтар (маликиттер, ханифиттер және т.б.), не христиан зиммийлері  болсын, еркін өзінше сыйына алатын болды.

Эзотерикалық «ішкі» доктрина екі бөлімнен тұрды:

  • тавил – Құран мен шариғатты аллегориялық түріндіру. Мысалы, тамұқ ‑ адамзаттың көп бөлігі түсіп қалған надандықтың аллегориялық түсіндірмесі, жұмақ – исмаилизм ілімінің ішкі мәнін біліп, хабардар болудың бірнеше сатысынан өтіп барып қол жеткізетін кәміл білімнің аллегориялық түсіндірмесі.
  • хакаик – теологиямен қосылған философия мен білімнің жалпы жүйесі.

 

Хакаиктың өзіндік ештеңесі жоқ. Оның көп бөлігі  неоплатонизмнің эллинистік идеалистік философиясынан алынған. Тек таза Плотиннің «Эннеад» туындысынан емес, оның кейінгі христиандық, иудейлік авторлардың өзгертіп, басқа элементтермен қосылған түрін пайдаланған. Исмаилиттер христиандық, және иудейлік мистиктер мен мұсылмандық суфийлер сияқты неоплатонизм философиясындағы монотеистік идея мен сыртқы әлемнің көптүрлілік құбылысын синтездеу пайымын қабылдады. Исмаилиттер Платоннан бірнеше пайым алған, бірақ тағы да тікелей емес, бірнеше қолдан өткізіп барып пайдаланған. Исмаилизмдегі органикалық және биорганикалық ілім туралы натурфилософия Аристотельдің рационалистік философиясына негізделген. Ортағасырлық авторлар исмаилиттер  танасух ‑ жанның ауысуы ілімін қабылдаған деп есептейді. Ол ілім неопифагоризмнен алынған. Исмаилизмде христиандық пен христиандық гностицизмнің ықпалы білінеді. Манихейлік исмаилизмге  әсер етпеген, өйткені исмаилиттер манихейліктің басты ұстанымы жамандық пен шайтанның барлығын қабылдамайды. Жалпы исмаилиттік философиялық жүйе рационалдық негізде құрылған, бірақ оған мистика мен магияның бірнеше элементтері кірген.

Исмаилизмнің эзотерикалық доктринасына сәйкес әлемнің көптүрлілік құбылысының біртұтас бастауы құдай ‑ әл‑ғайып таала (араб. «жоғары құпия» немесе «көрінбейтін»), «Бүтін» ‑ Ахад, абсолютті ақиқат (хақ) болып табылады. Онда ешқандай атрибут  жоқ, оны адамдар  анықтай да,  тани да алмайды. Адамдар онымен тікелей байланысқа шыға алмайды. Сондықтан оған сыйыну қажет емес. Осы пункте исмаилизм құпия ілімінің суфизм мен неоплатонизмнен айырмашылығы көрінеді. Олар адамның құдаймен жеке және тікелей байланыс орната алу мүмкіндігін қабылдайды. Сөйтіп, исмаилизм неоплатонизмнен оның космогониясын алып, мистикасын алып тастады.

Исмаилиттік космогонияға сәйкес ақиқат‑құдай  мәңгілік тыныштық қалпында. Ол иудаизм, христиан, ортодоксалды ислам үйрететіндей әлемді тікелей тудырмайды. Ақиқат‑құдай қарапайым бастапқы еркі‑амр (араб. «бұйрық») арқылы өзінен тудырушы субстанцияны ‑ Әлемдік Сананы – акль әл‑кулль бөліп шығарды. Бұл құдайдың бірінші эманациясы. Әлемдік Санада құдайылық атрибуттардың барлығы бар. Оның басты атрибуты – білім. Соған сыйыну керек. Әлемдік Сананың эпитеттері көп: «бірінші», «жамылғы», «рух» және т.б. Әлемдік Сана екінші, төменгі эманация ‑ Әлемдік Жанды – нафс әл‑кулль  тудырды. Ол кемелсіз (жетілмеген), оның басты атрибуты ‑ өмір. Кемелсіз болғандығынан,  Әлемдік Жан өзінен жаңа эманациялар бөліп шығарып  кемелдікке ұмтылады. Ол бастапқы материяны – хаийула тудырды. Бастапқы өз кезегінде жер, планеталар, шоқжұлдыздар мен тірі мақұлықтарды тудырды. Сөйтіп,  бастапқы материя әлемнің (мубди) бастаушысы болып табылады. Бірақ бастапқы материя ырықсыз, оның тудырушылық бастамасы жоқ, сондықтан ол тек Әлемдік Сананың тудырған бастапқы бейнелерімен салыстыруға келмейтін формаларды тудыра алады.

Әлемдік Сана мен Әлемдік Жан идеясы неоплатониктерден алынған. Сезілетін, өтпелі заттар бастапқы бейнелердің (идея) көрінісі ғана екендігі туралы ілім Платоннан алынған, бірақ өте өзгертілген. Исмаилиттерде Кемел Адам ‑ әл‑инсан әл‑камил  адамзаттың тәжіндей жерде өмір сүру керек. (Платонда ол сезетін адамның идеалдық әлемдегі бастапқы бейнесі ғана.) Адамның пайда болуы Әлемдік Жанның кемелдікке ұмтылуымен түсіндіріледі.

Эманацияның жеті кезеңі: ақиқат‑құдай, Әлемдік Сана, Әлемдік Жан, бастапқы материя, кеңістік, уақыт және  Кемел Адам. Бұлар исмаилиттер үшін «таулы әлем»‑алам ульви, тудыру негізін‑дар әл‑ибда құрайды. Әлем – макрокосм, «үлкен әлем»‑ әл‑алам әл‑кабир. Адам – микрокосм, «кіші әлем»‑әл‑ алам ас‑сағир. Исмаилизм құпия доктринасы микрокосм мен макрокосм арасы және сезімдік әлем мен «таулы әлем» арасына байланысты туындайтын параллелизмді ерекше атап көрсетеді.

Әлемдік Сананың сезімдік әлемдегі көрінісі ‑ Кемел Адам, яғни пайғамбар‑натик (сөйлеуші). Әлемдік Жанның сезімдік әлемдегі көрінісі – пайғамбардың көмекшісі‑самит (сөйлемеуші) немесе асас (негіз). Оның міндеті – тавил арқылы пайғамбар сөзін адамдарға түсіндіру. Мұндай көмекшілер барлық пайғамбарларда болған: натик Мұсаның  Аарон самиті, натик Исаның апостол Петр самиті, натик Мұхаммедтің Әли самиті болған. Натик пен самиттер адамзатты құтқару үшін келген. Құтқару кемел білімге қол жеткізгенде жатыр. Жұмақ осы  кемелдік қалпының аллегориясы болып табылады. Таулы әлемдегі эманация кезеңдері сияқты адамзат өмірі де жеті пайғамбарлық айналым – кемелдену жолындағы сатылардан тұрады. Бұл натик пен самиттің пайда болуымен ерекшеленетін әлемдік айналым жетеу болуы керек. Осындай алты айналым ұлы пайғамбарлар – Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса және Мұхаммедтің пайда болуымен байланысты өтіп кетті. Жетінші айналым соңғы ұлы пайғамбар Әл‑Каимнің ақырзаман алдында келуімен ерекшеленетін болады. Әр пайғамбарлық айналымда натик артынан имам келіп отырған. Ақырзаман натик, самит және имамдар көмегімен адамзат кемел танымға қол жеткізген уақытта орнайды. Сол кезде білместік болып табылатын жамандық жоғалып, әлем өз негізі Әлемдік Санаға қайтып келеді./5,286-290/

Мұсылман ересиологтары исмаилиттер бірде‑бір жан мәңгі тамұқ азабына салынбайды, яғни білместік жағдайында бола алмайды деген идеяны қолдаған деп есептейді. Жан метемпсихоз арқылы бірнеше өмір сүре отырып танымға жете алады. Алғашқы исмаилиттерде мұндай идеяның болған‑болмағаны белгісіз, бірақ олар кемел танымды тек заман иманына сену арқылы, яғни исмаилит болу арқылы жетуге болады деп есептеген.

Фатимидтік исмаилиттерде тармақталған мықты ұйыммен қоса діни дәрежелер иерархиясы болды:

  • мұстаджаб (қабылданған) – жаңадан келуші, ол әлі құпия доктрина жайлы ештеңе білмейді.
  • мазун (жіберілген) – құпия доктринаны үйренуге жіберілген адам, оған эзотерикалық ілім ара‑тұра айтылатын болған.
  • даи (миссионер) – доктринаны меңгеріп алған адам, ол жергілікті ұйымның басында тұрады.
  • худжжа (дәлел) бүкіл облыстың ұйымдар жүйесін басқарады.
  • имам (бастаушы‑басқарушы) – рухани жетекші, ол өз заманында бүкіл қауымға жетекшілік етеді.
  • самит (сөйлемеуші) натиктің көмекшісі, ол сөзінің ішкі мағынасын түсіндіреді.
  • натик (сөйлеуші) – пайғамбар, ол жаңа пайғамбарлық айналымды бастап, жаңа діни заң әкеледі.

 

Дінге сенушілердің дені әдетте бірінші‑екінші сатыдан жоғары

көтерілмейтін. Үшінші‑төртінші топтағылар секта элитасы ретінде таңдаулылар қатарына жатады. Бірақ олар да үш жоғары дәреже – имам, самит, натик сатысына жете алмайды. Сектада қатаң тәртіп сақталды.

          Қазы Нуманның шариғаттық исмаилиттік жүйесі келешекте қолданысқа енбей қалды. Өйткені ол тек қатардағы бірінші‑екінші саты мүшелеріне арналды. Эзотерикалық «ішкі» ілімді білетін жоғары саты мүшелері шариатқа көңіл бөлмеді. Оларға намаз оқу, әртүрлі тыйым салулар, ораза мен «сыртқы» заңның ережелерін орындау міндетті емес болды.

 

 

 

 

2 – тарау

Хасан ибн Саббах және ассасиндер

«Тау ақсақалының» өмірбаяны мен қызметі

 

Хасан ибн Саббах ‑ Абд әл‑Малика ибн Атташтың мұрагері, низариттік исмаилизмнің давасы мен мемлекетінің негізін қалаушы.

Хасан ибн Саббах 1050 жылдардың ортасында Құмда иснаашариттердің  отбасында дүниеге келді./8/ Оның әкесі ‑ Әли ибн Мұхаммад ибн Джафар ибн ал‑ Хұсейн ибн Мұхаммед ибн ас‑Саббах әл‑Химйари, куфалық. Ол өз ата‑тегін йемендік химийариттерден бастайды. Жанұясы Куфадан Құмға жер аударған.  Кейіннен Саббах жанұясы Персияның өте маңызды шииттік орталықтарының бірі Рей қаласына көшеді. Сол жерде жас Хасан иснаашарит шииті ретінде дін саласында бастапқы білім алады. Исмаилиттер қызметі орталығы Рей қаласында Хасан он жетіге толған шақта исмаилиттер ілімімен танысады. Жергілікті даилардың бірі Әмір Дарраб оның ұстазы болды. Исмаилиттер туралы тереңірек білімді Хасан Рейдің басқа даиларынан, атап айтқанда Әбу Наср Саррадждан алды. Хасанның исмаилиттерге қосылуы көп күттірген жоқ. Мумин атты даи оны имам Әл‑Мустансирге ант‑байат беруге дайындады. 1072 жылы маусым айында жаңа қабылданған Хасан  Абд әл‑Малика ибн Атташтың көзіне түсті. 1070 жылдан бастап жергілікті исмаилиттердің құпия пәтері Исфаханда орналасқан даи Абд әл‑Малика ибн Атташтың қарауында болған еді. Әйгілі ғалым‑теолог, дарынды ұйымдастырушы  Абд әл‑Малика ибн Атташ өзінің болашақ мұрагері низариттік исмаилизмнің давасы мен мемлекетінің негізін қалаушы Хасан ибн Саббахтың   мансап жолында көтерілуіне көп ықпал етті. Ол Хасанды даваны ұйымдастыру қызметіне тағайындап, исмаилиттік білімін жалғастыру үшін Каирге оқуға баруды ұсынды. 1074-1075 жылдары ибн Атташ Хасан ибн Саббахпен бірге Рей қаласынан  Персиядағы дава орталығы Исфаханға қайтып оралды. 1076-1077 жылдары Хасан ибн Саббах Исфаханнан Каирге жол тартты.Ол кезде Каирде әл‑Муаййад фи‑д‑Дин аш‑Ширази даи, даи ад‑дуат дәрежесінде еді. Хасан Әзербайжанды кесіп өтіп, Майафарикинға бағыт алды. Дінді түсіндіруде исмаилит имамының ерекше діни құқы бары мен сүннит үлемінің ондай құқығының жоқтығын айтып дауласқаны үшін қала кадиі Хасанды ол жерден қуып жіберді. Кейіннен бұл ұстанымдар Хасан дайындаған талим доктринасына енеді. 1078 жылы тамыз айында Хасан Каирге келіп жетті. Дәл сол жылы Фатимидтер Селжұқ Тутушқа беріп Сириядан айырылды. Хасан Мысырда үш жыл болды: басында ‑ Каирде, кейін ‑  Александрияда. Александрия қаласы әскер басшы және құдіретті фатимид уәзірі Бадр әл‑Джамалиге оппозицияда болатын. Шамамен сол жылдары  Бадр әл‑Джамали даи ад‑дуат лауазымында әл‑Муаййадтың орынбасарына айналды. Хасанның Мысырдағы өмірі жайлы ештеңе белгісіз. Тек ол Бадр әл‑Джамалимен келіспей қалғандығы белгілі. Оған Хасанның Низарды жақтауы себеп болуы мүмкін. Кейбір деректер бойынша, Әл‑Мустансирдің өзі Хасанға Низар мұрагер ретінде танысын деп айтып кеткен /1,119/. Бадр әл‑Джамалидің нұсқауы бойынша  Хасан Мысырдан қуылады. Бұл нұсқаудың нақты себебі әлі белгісіз. 1081 жылы маусым айында Хасан Исфаханға қайтып келді.

Мысырда болған кезде Хасан маңызды сабақ алып келді. Кейін оны өз революциялық қызметінде жүзеге асырды. 1070 жылы Фатимидтер мемлекеті саяси, экономикалық, әскери саладағы көптеген проблемаларға тап болды. Парсы исмаилиттеріне Фатимидтер билігінің аяқталып қалғандығы айқын білінді. Хасан Мысырда болған үш жылында Фатимидтер халифатының жағдайынан іштей хабардар болып, дағдарыс жағдайындағы мемлекеттен көмек күтудің қажеттігі шамалы екендігін пайымдап қайтқан.

Персияға қайтып келіп Хасан Исфахандағы дава пәтерінде қалмауға бекінді. Бірнеше аймақтарда дава‑үгіт‑насихат жұмыстарын жүргізудің тоғызжылдық ел аралау жоспарын құрды. Міне осы тоғыз жылда оның революция стратегиясының негізіне айналған жеке пікірі қалыптасты. Сонымен қатар Персиядағы Селжұқтардың әскері күшін бағалауға мол мүмкіндік алды. 1080 жылы ол Селжұқтар иелігінің орталығынан алшақ жатқан Дайлам аймағына көзі түседі. Ол жердің тұрғындарының көбі шииттер еді.  Хасан Селжұқтарға қарсы көтерілісті ойластырып, сол кезде Персиядағы даваны Абд әл‑Малика ибн Атташтың басқарып тұрғандығына қарамастан, бас пәтерін орналастыратын жер іздеп жүрген болатын.  Хасан барлық істе тәуелсіз болуға бекінді. 1087-1088 жылдары ол Эльбурс тау сілемінің ортасындағы биік кұзда Дайламның Рудбар аймағында орналасқан Аламут қамалын таңдады.  Бұл қамалды ол өз штабына қолайлы жер деп тапты. Ол Аламутты  жаулап алудың жоспарын құрды. Ол кезде Аламут Мехди деп аталатын Алидтің қолында болатын. Аламутты оған Селжұқ сұлтаны берген болатын.  Аламут маңы тұрғындарын өз дініне қаратып алу үшін Хасан сол аймаққа өз даиларын жіберді. Дайлам аймағының даи болып сайланғаннан кейін Хасан шындығында Персияның солтүстік аймағында давалық қызметті жандандырды. Көп ұзамай оның қарқынды қызметіне исмаилиттерге қарсы Низам әл‑Мүлк көңіл аударды. Низам әл‑Мүлк Тұғрыл сұлтанның екі ізбасары Алып Арслан мен Мәлік Шах тұсында Селжұқтар мемлекетінде отыз жыл уәзір болып қызмет еткен.  Бірде Низам әл‑Мүлк Рудбарда болғанында Хасанды қолға түсіруге тырысты, бірақ  нәтиже шықпады.

1090 жылы Хасан мұғалім ретінде Аламут маңына келіп, сонда біраз тұрақтады. 1090 жылы 4 қыркүйекте ол Деһхода есімімен қамалға кірді. Біраз уақыт ол қамалдағы балаларды оқытып жасырын өмір сүрді. Сонымен қатар қамал ішін өз адамдарымен толтырды. Оның жақтастары қамал іші мен сыртында өздерін еркін ұстай бастағанда Хасан оларға өзінің шын аты мен дәрежесін айтты. Мехди Аламуттағы билігінің әлсіздігін көріп, қамалды соғыссыз берді. Хасан қамал үшін Мехдиге 3000 алтын динардың векселін берген. Бұл вексель Селжұқтартар қызметіндегі жасырын исмаилит Мұзаффар тарапынан төленіп беріледі. Кейін  Мұзаффар Гирдкух қамалының басшысына айналды.

Парсы исмаилиттері үшін Аламутты басып алу Селжұқтарға қарсы көтерілістің басталғандығының белгісі болды. Осы күнге дейін жасырын жүргізілген революциялық қозғалыс жаңа кезеңге өтіп, низарит мемлекетінің пайда болуының алғышарттары жасалды. Каирдің Персиядағы революциялық қозғалысқа еш қатысы жоқ. Аламутте орналасып алып Хасан қамалды қайта қалпына келтіру ‑ қорғаныс жүйесін жақсарту, су құбырларын жөндеу және қоймаларды кеңейту  жұмыстарына кірісті. Аламут шынымен‑ақ ұзақ қоршауға да төтеп бере алатын қамалға айналды. Хасан ауылшаруашылық жерлерін кеңейтіп, суармалы жерлер жүйесін жақсартып, Аламутқа өзін‑өзі азық‑түлікпен қамтамассыз ете алу мүмкіндігін берді. Кейіннен мұндай өмірлік қажеттіліктерді қамтамассыз ету шаралары басқа да маңызды үлкен қамалдарда жүзеге асырылды.

Хасан ибн Саббах бірегей адам еді.  Низариттер оған толығымен сенім артып, оны «біздің мырза»‑«саййидна» деп атаған. Қабілетті ұйымдастырушы, саяси стратег болумен қатар ол танымал теолог және аскет болған. Мұны Хасанның өмір сүру тәсілінен көруге болады.  Аламутта өткізген отыз сегіз жылда Хасан бірде‑бір рет қамалды тастап шықпаған.  Тек екі рет ол қамалдың  ең биік нүктесіне көтерілу үшін  оның ішкі тұрғын үй бөлімінен шыққан./27/ Басқа уақыттарда ол қамалдың ішкі тұрғын үй бөлімдерінде өмір сүріп, кітап оқып, даи ілімінің негіздерін қағазға түсіріп, сол жерден өз иелігін басқарып отырған. Ол өз достары мен қарсыластарына бірдей қатал болды. Ешкімге жеңілдік жасамады. Өзіне демалыс бермеді. Хасан шариат заңдарын қатаң сақтап, қауым мүшелерінен де соны талап етті.  Сол кезде ешкім Аламутта шарапты ашық түрде ішпеді. Қамал қоршауға алынған кезде Хасан өз әйелі мен қыздарын Гирдкух қамалына жіберді. Ол жерде олар жергілікті әйелдердей қарапайым, тоқумен өз өмірлеріне қаражат жинап өмір сүрді. Тағдыр оларға үйге қайтып оралуды жазбапты. Хасанның өз туған‑туысқандарымен қатынасы исмаилит қамалдарын басқарушыларға үлгі болды: ол өз екі ұлын – бірін кісі өлтірді деген жалған жаламен, екіншісін шарапқа құмарлығы бар деген күдікпен өлім жазасына кесті.

Осы аскеттік өмірі, өзіне де, өзгеге де қаталдығы және ел арасындағы беделі арқасында Хасан ибн Саббахқа кресшілер мен европалық тарихшылар «Тау ақсақалы» (шайх әл‑джабал) деген лақап ат берген. Бірақ парсы исмаилиттері оны өз ішінде «саййидна» деп атаған. «Тау ақсақалы» лақап атын Сириядағы низариттік исмаилиттік даваның бас даи Рашид ад‑Дин Синан да иеленген.

Селжұқтарға қарсы көтерілісті бастауда Хасан діни‑саяси себептерге сүйенген. Ол шиит исмаилит ретінде сүннит селжұқ түріктерін қолдамады. Көтерілісте ирандықтардың ұлттық мүддесі қорғалды деуге болады. Бұл көтерілісте Персия халқы Хасанды тез және жан‑жақты қолдап кетті. Хасан түріктердің Персия жерінде билік етуіне қарсы болды. Ол селжұқ сұлтанын надан түрік деп атап, түріктерді адам деп санамай, жын деп атаған. Ол күшті парсы исмаилиттерінің революциялық қозғалысын ұйымдастырып, өз өмірін  Персияны селжұқ түріктерінен ада етуге жұмсады. Парсы исмаилиттері революциялық қозғалысқа тартыла отырып, бір‑біріне жолдас‑«рафик» деп айта бастады. Хасан парсы исмаилиттерінің менталитетін ескере отырып, өзінің исламға қатты берілгендігіне қарамастан, Персия низарит исмаилиттерінің діни тілін араб тілінен парсы тіліне ауыстырды. Бұл бұрын соңды тарихта болып көрмеген жайт.  Бұл Аламут кезіндегі низарит әдебиетінің тек қана парсы тілінде жазылғандығын түсіндіреді.

Аламутта орнығып алғаннан кейін Хасан өз ықпалын аймақта тарату қамына кірісті.  Ол біртіндеп Рудбар мен Дайламның жақын жатқан аймақтарындағы қамалдарды бағындырып алды. Хасан барлық мүмкіндіктерді пайдаланып сол кезде өмір сүрген қорғандарды басып алып, қолайлы құз көрсе, сол жерге қамал салды. Хасан ибн Саббахтың діни‑саяси үндеуі Рудбардың исмаилизм және шиизмнің басқа ағымдарымен таныс тұрғындарының қолдауын тапты.  Хасан өз жағына Әзербайжанда пайда болған хуррамит, кейіннен «парсийан» деп аталып кеткен тобын тарта білді. Көп ұзамай Аламут аймағындағы жергілікті селджұқ әмірінің әскері Хасан штабына алғашқы жорығын бастады. Осы кезден бастап селжұқтар әскері мен парсы исмаилиттері арасында толассыз әскери қақтығыстар басталды.

1091-1092 жылдары Хасан Аламутты басып алуда ерен еңбек сіңірген дарынды даи Хұсейн Каиниді тұрғындарды парсы низариттерінің басты шебін қолдату үшін туған Кухистанына жібереді.  Хұсейн Хорасанның оңтүстік‑шығысында тез табысқа жетті. Бұл жердің тұрғындары да шииттік дәстүрмен таныс болатын. Сонымен қатар олар жергілікті селжұқ билеушісінің зорлық әрекетіне наразы еді. Нәтижесінде құпия түрде исмаилизмге өткізіп, қамалдарды басып алумен айналысатын осы өңірдегі исмаилиттік дава  Селжұқтардан азаттық алу көздейтін халықтық көтерілісіне айналып кетті. Көтеріліс Кухистанның көп бөлігін жайлады. Тун, Табас және Каин қалалары алынды.  Кухистан да  Дайламдағы Рудбар сияқты парсы исмаилиттері қол астындағы маңызды территорияға айналды. Аламутты алған екі жылдан кейін Селжұқтар исмаилиттердің беріктігін тексерді. Сөйтіп, Селжұқтар сұлтанатының қақ ортасынан өз егемендігін сәтті қорғай білген парсы исмаилиттері мемлекеті орын алды.

1092 жылы Мәлік Шах жергілікті селжұқ жасақтарының парсы исмаилиттеріне төтеп бере алмайтындығын ұқты. Низам әл‑Мүліктің кеңесімен Мәлік Шах Рудбар мен Кухистанға әскер аттандыруды ұйғарды. Бірақ 1092 жылы қазанда Низам әл‑Мүліктің өлтірілуі мен көп ұзамай Мәлік Шахтың да қайтыс болуы әскери амалдардың тоқтатылуына алып келді. Мәлік Шахтың қайтыс болғандығын естіген Аламут пен Кухистанды қоршап тұрған селжұқ әскері бытырап кетті, өйткені салт бойынша селжұқ әскери күштері мемлекетке емес, тек билеушіге бағынады.

Мәлік Шах қайтыс болғаннан кейін Селжұқтар империясында азаматтық соғыс басталып кетті. Сұлтан балалары таққа таласты. Бағынышты әмірлер бір күн мына, екінші күн ана топқа қосылып, мемлекеттегі тұрақсыз жағдайды одан ары ушықтырды.  Рей қаласында таққа Мәлік Шахтың үлкен ұлы Баркийарук отырғызылды. Баркийарукқа өз туыстарын жеңуге көп күш жұмсауға тура келді. Бұл, әсіресе, ағасы Санжардан қолдау тапқан Мұхаммед Тапарға қатысты. Селжұқтар мемлекетіндегі жағдай 1103 жылы Баркийарук қайтыс болып,  Мұхаммед Тапар жалғыз сұлтан болғаннан кейін ғана тұрақталды. Санжар Мұхаммед Тапардың Шығыстағы өкілі ретінде Балхта қала берді.

Хасан Селжұқтар мемлекетіндегі тұрақсыздықты пайдаланып өз жақтастарының күшін ұлғайтты.  Селжұқтар мемлекетіндегі былық жатжерлік билеушілерді құлатуға шақырған Хасанның үндеуінің парсылар арасына кең таралуына көмектесті. Осы кезде Персияның Дайлам мен Кухистан аймағынан басқа жерлерде де исмаилиттердің орталықтары пайда болды. Исмаилиттер қамалдар жүйесін кеңейте отырып, Кумис облысының астанасы Дамган қаласына жақын жердегі бірнеше қорғанды жаулап алды. Олар батыс Персия мен Хорасанды жалғастырар жолда орналасқан Гирдкух қамалын өздеріне бағындырды. Сонымен қатар олар Фарс пен Хузистан облыстарында Загрос тауындағы Арраджанға жақын орналасқан  бірнеше қамалдарын басып алды. Олар Селджұқтар мемлекеті территориясында шашылып жатқан көптеген қалаларынан жақтастар тапты.

Осы кезде Хасан Дайламда өз позициясын күшейтті. Исмаилиттер бірнеше рет селжұқ әскерінің шабуылына тойтарыс берді. 1096 жылы Хасан Аламуттан батысқа қарай орналасқан Ланбасар (Ламасар) қамалын өзіне бағындырды. Қамалды басқаруды Кийа Бозорг‑Үмітке тапсырды. Кийа Бозорг‑Үміт Ламасарда 1124 жылға дейін басшылық етті.

Низарит қозғалысының бастапқы кездегі мақсатын түсіндіру үшін маңызды роль ойнаған қайраткерлерге көңіл аудару керек. Олардың Хасаннан басқаларының бәрі ирандықтар. Және олар әрқайсысы өз ата‑бабасының жерінде тұрып шешім қабылдады. Мысалы, Кийа Бозорг‑Үміт Дайлами Дайламда, Хұсейн Каини Хорасани Кухистанда, Әбу Хамза Арраджани Арраджанде, раис Мұзаффар Кумисте қызмет етті. Олардың бәрі қамалдар бастығы мен дарынды қолбасшылар болған. Олар теология мен философияға аса қатты көңіл аудармады.

Селжұқтарға қарсы парсы исмаилиттері көтерілісі  Мәлік Шахтың қайтыс болғанынан кейін ерекше сипат алды. Бұл селжұқ әскери күштерінің бытыраңқы орналасуымен тығыз байланысты. Селжұқтарды жеңу үшін жаңа тактика қажет болды. Хасан көптеген әмірлердің жерлері мен қамалдарды біртіндеп басып алып, келесіге платцдарм ретінде қолдану тактикасын қолға алды. Хасан бір орталық Аламуттан басқарылатын көтеріліс ұйымдастырды.  

Селжұқ әскери күштерінің бытыраңқы орналасуы және айтарлықтай әскери басымдылығы Хасанды әскери және саяси мақсаттарға жетудің дәстүрлі емес  әдісі‑ кісі өлтіруді қолдануға мәжбүр етті. Діни‑саяси оппонеттерді өлтіру Хасанның ойлап тапқан әдісі емес. Бұған дейін бұл әдісті гулат мен хаваридж шииттері қолданған. Бірақ Хасан бұл әдісті ерекше саяси құралға айналдырды. Қорқыту актілері енді ашық орындалатын болды.  Бұл әдісті Хасанның ізбасарлары да кеңінен қолданды. Кейіннен бұл әдіс екінші орынға ысырылды. Бірақ әсірелеп суреттеудің арқасында Аламут кезеңінде болған әрбір діни, саяси, әскери адамды өлтіру низарит исмаилиттеріне таңылды.

Парсы исмаилиттерінің көтерілісі қарқын алып күшейе бастаған кезде исмаилизм өз ішінде үлкен дағдарысты басынан кешірді. Бұл 1094 жылы желтоқсандағы Фатимид халифатында халиф‑имам әл‑Мустансирдің қайтыс болып, мұрагерлікке таластың басталуына байланысты болды.(Бұл жайлы 1-тарауда кеңінен айтылып өтілді).

1094 жылы Хасан ибн Саббах Селжұқтар мемлекетіндегі барлық исмаилиттер, әсіресе парсы исмаилиттерінің  толық көшбасшысына айналды. Абд әл‑Малика ибн Атташтың соңғы бес жылдық қызметі жайлы мәлімет аз. Бұл кезде оны Хасан ығыстырып шығарған еді. Низарит‑мусталит қақтығысы жайында барлық селжұқ жеріндегі исмаилиттер атынан Хасан ибн Сабах шешім қабылдайтын болды. Нәтижесінде Хасан ибн Саббах Низарды қолдап шықты. Персиядағы исмаилиттік қауым  Хасанның шешімін құптады. Бұл Хасанның парсы исмаилиттері ішіндегі беделі мен басқаруда табысты болғандығының белгісі.

Хасанның шешімін Ирак исмаилиттері де қолдады. Персия мен Ирак исмаилиттері Низардың имаматтығын қолдап низарийа атанды.

Сирияда басында екі ағым өкілдері де болды. 1120 жылдан кейінгі Аламут даиларының табысты қызметінің арқасында олар низариттер қатарына тартылып алынды.

Низарды жақтаған исмаилиттер тағы бір проблемаға тап болды. Низарит имаматтығын кім басқарады деген әңгіме. Низар әкесінен кейін бір жылдан соң өлтіріліп, оның орнын басуға ешкім таласа қоймады. Низарда екі ұлы болған, бірақ екеуі де низарит имаматтығына таласу барысында ұсталып өлтірілген.

Хасан ибн Саббах Низардың мұрагерінің  есімін атамады. Шығыс исмаилиттеріне Низардың өлімі туралы мәлімет көпке дейін мәлім болмады. Олар имамның келуін күтумен болды.

Қайткенде де, низарийа қозғалысы имамнан айырылды. Низариттер бұл жағдайды ғайып дәуірі‑даур ас‑сатрдың басталуы деп түсінді. Низариттер Низардың баласы немесе немересі жасырын Мысырдан Персияға алып келінді деп есептеді. Ол кейіннен Аламуттан шыққан низарит имамдарының тізбегінің бастамасы болды.    

Хасан 1094 жылғы бөлінушіліктен кейін ғайыптағы имамның бас өкілі‑худжжасы  деп танылды. Ол имамның өзі қайта келіп қауымды басқару ісін өз қолына алмайынша худжжа ретінде оның міндеттерін атқаруға тиіс болды.

Баркийарук кезінде де Персиядағы исмаилиттер қозғалысы ұлғая түсті. Исмаилиттер енді Исфаханға көз тікті. 1100 жылы Ахмет ибн Абд әл‑Малика ибн Атташтың көмегімен Исфаханға оңтүстікке сегіз километр жерде орналасқан Шахдиз қамалын басып алды. Бұл қамал Мәлік Шахтың бұйрығымен қайта салынып, Селжұқтар астанасына кіреберістегі бас қамалға айналдырылған болатын. Батыс Персияда Баркийарук пен Хорасанда Санжар қосылып исмаилиттердің бетін қайтармақ болады, бірақ Персиядағы исмаилиттер көтерілісі өз позициясын бермеді.

1105 жылы Баркийарук қайтыс болған кезде Хасан Ибн Саббах өз ісін Сирия жеріне дейін таратып үлгерді. Сирияда исмаилиттер Алеппо мен Джазр облысындағы қалаларда орналасты. Бұл қалаларға парсы даилары жіберілді. Парсы даилары Сирияда ұйымдасқан низариттік қауым құруды мақсат етті. Бұл жерде де исмаилиттік даилар Персияда қолданған әдістерін қолданды.  Хасан ибн Саббах Сирия жерінде исмаилиттік қауым құра алғанымен, орталық Сирияда тау қамалдарының жүйесін орнату үшін елу жылдай уақыт кетті.

Мұхаммед Тапардың билік басына келуі Селжұқтар мемлекетінің ішкі әулетаралық таласын жойды. Селжұқ‑исмаилит қатынастарында жаңа кезең басталды. Мұхаммед Тапар исмаилиттермен қатынасында қатаң позиция ұстанды. Соның кезінде исмаилиттер Загрос пен Ирактағы бекіністерден айырылды, Сирияның солтүстігіндегі позицияларын қолдан берді. Бірақ Мұхаммед Тапардың антиисмаилиттік кампаниясының басты нысанасы Шахдиз қамалы болды. 1107 жылы низариттер Шахдизді қолдан беріп, Исфахан аймағындағы ықпалынан  айырылды. Мұхаммед Тапар басынан‑ақ Рудбар, әсіресе Аламуттағы низариттердің күшіне алаңдаушылық білдірген болатын. 1100 жылы Аламутты басып алуға  Сава билушісі Ануштегін Ширгир аттанды. Ол он сегіз жыл бойы Аламут пен Ламасарды қоршауға алып, Рудбардың егін алқаптарын құртты. Ширгир Хасанның қарсылығына таң қалды. Өз әскерінің айтарлықтай артықшылығының болғандығына қарамастан, ол Аламутты ала алмады. 1118 жылы Мұхаммед Тапардың өлімі туралы хабарды естігеннен кейін Ширгир әскері тез арада Рудбар аймағын қоршаудан босатып, тастап кетті. Хасан бұл қиын жағдайдан жеңіспен шықты.

Мұхаммед Тапардың өлімінен кейін Селжұқтар мемлекеті қайта ішкі тартыстардың астында қалды. Бұл жағдай низариттерге қайта күш жинап алуға көмектесті. Бірақ олардың Селжұқтарға қарсы көтерілісі нәтиже беруден қалды. Мұхаммед Тапар билігінде де сондай жағдай қалыптасты. Оның да низариттерге қарсы әскери әрекеттері еш нәтиже бермеді. Селжұқ‑низарит қатынасында жаңа «тығырық » атты кезең орнады. Отыз жыл бойы низариттер Селжұқтар территориясында тұрып, олармен ашықтан ашық соғысты. Тіпті астанасы Исфаханға қауіп төндіріп отырды. Сонымен қатар өздері де қоршауда қалып, көптеген адам шығынына ұшырады. Хасан ибн Саббах Селжұқтар мемлекетін құлата алмады, барлық қамалдардың күшін қосып шабуылға шыға алмады. Оның табандылығы низариттік исмаилиттерге Рудбар, Кумис, Кухистан территорияларын сақтап қалуға көмектесті.

Хасан ибн Саббах өмірінің соңына дейін көздеген мақсатын орындау жолында әрекет етті. Ол сәтсіздіктер мен әскери жеңілістерге бой ұсынып өз мақсатын ешқашан өзгерткен емес. Оның даналығы оның соңғы ісі низарит қауымын басқаруды ізбасарына тапсыру барысында да көрінді. Күнінің санаулылығын сезген Хасан Ламасар басшысы Кийа Бозорг‑Үмітті өзіне шақыртып алды. Хасан оны низарит қауымы мен мемлекетінің басшысы етіп тағайындады. Низариттердің  ғайып имамының келгеніне дейін Кийа Бозорг‑Үміт әртүрлі салалардағы сарапшы үш кеңесшінің көмегімен ел басқаруы тиіс болды. 1124 жылы 23 маусымда Хасан ибн Саббах қысқа мерзімді аурудан кейін көз жұмды./8/ Оны Аламутқа жақын маңға жерледі. Оның қабірі 1256 жылы моңғолдар шапқыншылығына дейін низариттердің зиарат ететін жері болған.

 

 

                            Неоисмаилизм концепциясы

 

Хасанның жаңа шақыруы‑«ад‑дава әл‑джадида» сырттай қарағанда низариттік парсы исмаилиттерінің фатимидтік мусталиттік исмаилиттердің ұстанған ескі шақыру‑«ад‑дава әл‑кадимадан» ауытқу болып көрінді. Жаңа шақыру парсы тілде жүргізілді. Бұл парсы исмаилиттерінің бұрынғы араб тілінде жүргізілген исмаилиттік әдеби дәстүрден қол үзгенін көрсетеді. Тек сириялық исмаилиттердің арқасында араб тілді исмаилиттік әдебиет сақталынып қалды. Доктрина тұрғысында жаңа шақырудың ескіден еш айырмашылығы жоқ. Бұл тек бұрынғы ілімді талқылауға өкілеттілік туралы талим исмаилиттік шииттік доктринаны  нақтылай түсу ғана болатын. Хасан бұл жайлы парсы тілінде жазылған «Чахар фасл» деп аталатын трактатында жазып кеткен. Трактат мәтіні бізге жетпеді. Хасан төрт бастапқы негізді құрып алып былай жазған: Адам санасы Алланы тануға қабілетсіз, сондықтан адамзатты рухани басқару үшін беделді ұстаз‑«муалим‑и садик» қажет. Тек  исмаилитік заман Имамы мұндай ұстаз бола алады. Талим доктринасы жүріп тұрған дәуірдің имамының ұстаз ретіндегі құқығын  оның ерекше өкілеттігі мен жоғары беделі негізінде айқындап берді. Бұл доктрина алғашқы низариттер үшін негізгі болып есептеліп, талимийа деген атқа ие болды. Доктрина имамға  және оның жүріп тұрған уақытта қозғалысты басқарып тұрған өкіліне деген адалдыққа ерекше мән беріп, Аламут кезіндегі басқа да низариттік ілімдердің діни негізіне айналды. /2,138/

Хасанның жаңа  шақыруы‑«ад‑дава әл‑джадида» шартты түрде зерттеуші‑ғалымдар арасында неоисмаилизм деп аталады./23/                     

 

 

                                    Аламут және ассасиндер мемлекеті

 

          Низариттік исмаилит мемлекеті – шекарасыз мемлекет. Ол Селжұқтар мемлекеті территориясының әр жерінде орналасқан қамалдар жүйесінен тұрған./8/Низариттік исмаилит мемлекетінің негізі 1090 жылы қаланған. Астанасы ‑  Дайламның Рудбар аймағында орналасқан Аламут қамалы. Негізін қалаушы – дарынды даи, шебер ұйымдастырушы Хасан ибн Саббах. Низариттік исмаилит мемлекеті 1090-1256 жылдар аралығында өмір сүрді. Ол 166 жыл өмір сүріп, моңғолдар шапқыншылығы қысымынан жойылды.

          Аламут «Бүркіт ұясы» деген мағынаны білдіреді деп келінген, бірақ И.П. Петрушевскийдің пайымдауынша,  Иранда ұя мағынасын беретін «амут» сөзі жоқ. Аламут сөзі парсының «алух амухт» сөзінің бұрмалануынан туындауы мүмкін. Олай болса, Аламут «бүркіт үйрету» мағынасын білдіреді. Исмаилиттер абджад сөз әріптерінің сандық мағынасына көп көңіл бөлген. Аламут  483 (1+30+5+1+40+6+400) сандық жиынынан тұрады. Ал бұл Хасан ибн Саббахтың Аламутты басып алған хиджра жыл санауындағы жыл. 483 хиджра жылы 1090/91  грегориан жылына сәйкес келеді./5, 293/

          Ассасин термині арабтың хашиши сөзінен шыққан. Мұсылмандар оны исмаилиттерге қаратып «қауымнан қуылған, дінсіз топ» деген мағынада қолданған. «Хашиш» сөзінің тура мағынасы «гашиш шегуші» кресшілер арасында тез таралып кетті. Ассасин аты низарит исмаилиттеріне сырттан таңылған. Европада Низариттік исмаилит мемлекетін Ассасиндер мемлекеті деп атаған. Фидаилар кісі өлтіру ісіне аттанарда гашиш шегетін болған деген аңыз бар, сондықтан гашиш шегуші кісі өлтіруші сөзімен астасып кетіп, қазір кейбір европалық тілдерде «ассасин» кісі өлтіруші мағынасын береді./6/   

Өлтіру актілері фидаи деп аталатын ортақ іс жолында өзін‑өзі құрбан етуші қауымның жас мүшелері арқылы атқарылды. Ержүректігі пен ортақ іске берілгендігін қауым дәріптейтін фидаиларды тарту ісі туралы мәлімет аз. Аламутта және де басқа қамалдарда  фидаилардың және оларға жүктелген тапсырмалардың тізімі жүргізілуі мүмкін. Кресшілер жорығы тарихнамашылары мен европалық авторлардың пайымдағанындай фидаилар әртүрлі тілдер мен ғылымдарға үйретілмеген. Кресшілер фидаилар туралы алыпқашпа әнгімелер мен қияли аңыздардың тууына себепші болды.

Басынан‑ақ саяси өлтірулер исмаилиттерді қуғынға алуға және жаппай қыруға әкелді. Бұл өз кезегінде исмаилиттер тарапынан кек тудырып, кісі өлтірулердің жаңа легін тудырды.

          Низариттік исмаилит мемлекеті құрамына мынадай бекініс‑қамалдар кірген: Эльбурс тауында Аламут, Меймендиз, Лумбасар, Дерэ, Устунавенд, Вашмкух; Дамган маңында Гирдкух; Кухистанда Тебес, Тун, Туршиз, Зузан, Хур; Исфахан маңында Шахдиз және Халанджан; Фарс тауларында Калат ат‑Танбур; Хузистанда Калат ан‑Назир.

          Бірінші билеуші Хасан ибн Саббах қайтыс болғаннан кейін Низарит исмаилит мемлекетін басқаруға Ламасар басшысы Кийа Бозорг‑Үміт тағайындалды. Ол Низариттік исмаилит мемлекетін 1124 — 1138 жылдар аралығында басқарды. Ол Хасан ибн Саббах саясатын одан әрі жалғастырып, Низарит исмаилит мемлекетін күшейтті.

          1132 жылы  Аламуттан жіберілген даи Бахрамның арқасында Сирияда бірнеше қамалдардың басы біріктіріліп, ондағы низариттік дава жандандырылды. Низариттік исмаилит мемлекеті Сирия мен  Персия территориясындағы кеңістікте шашырай орналасты. Жау қоршауында тұрғандығына қарамастан, Низариттік исмаилит мемлекетінде ішкі саяси тұрақтылық сақталып, низариттер басшыға қалтқысыз бағынды. Бұл Селжұқтар мен басқа қарсыластардың таңданысын тудырмай қойған жоқ. Парсы низариттері көбіне таулы аймақтардың тұрғындары болғандықтарына қарамастан, дүниетанымдары өте кең болды. Олар білім алуды қолдады. Аламут және басқа да Парсы қамалдары мен Сирия бекіністерінде үлкен кітапханалар болған.  Ол кітапханаларда низариттер қолдауын алған мұсылман ғалымдары жұмыс істеді.

          Кийа Бозорг‑Үміттен кейін Низариттік исмаилит мемлекетін басқаруды ұлы Мұхаммед мұралық етті. Мұхаммед 1138-1162 жылдар аралығында билік етті. Ол Хасан ибн Саббах саясатын қалтқысыз сақтап, ары  жалғастырды. Жаңа басшымен низариттер өз давасын Грузия жеріне дейін жеткізе алды. Низарит даилары Кухистаннан шығысқа қарай жатқан Гур (қазіргі орталық Ауғанстан) аймағын иеленуге күш салды. Низариттік исмаилиттік дава бұл жерде Гур билеушісі Ала ад‑Дин Хұсейн Джахансуздың шақыртуымен 1155 жылдан басталды. Дайламда низариттер Зайдиттер мен жергілікті әулеттердің, әсіресе Табаристан мен Гиланның Бавандиттерінің қарсылығына ұшырап отырды.

          1162 жылы Низариттік исмаилит мемлекетінің басына Хасан II келді. Ол 1166 жылға дейін елді басқарды.

1164 жылы Кухистан мен Аламутта өткізілген салтанатта Низариттік исмаилит мемлекетінің төртінші басшысы ала захири с‑салам Хасан II Ұлы қайта тірілу‑кийамның келіп жеткенін жария етті. Рухани аспектіде тавил эзотерикалық түсіндіру бойынша, кийам ақиқаттың беті низариттік исмаилиттік имамның келуімен ашылады дегенге саяды. Сөйтіп, ақиқатты толық мәнінде қабылдай алатын низариттік исмаилиттер үшін жәннат дәл осы әлемде мүмкін болды.  Кийамды жариялау низариттердің «басқалардан» тәуелсіздігін жариялағанмен тең болды. Кийам дәуірін жариялаған низариттер үшін сыртқы әлем шынайы болудан қалды. Олар қарсыластарымен барлық қақтығыстарды тоқтатты. Кийамды жариялаған адам ретінде Хасан II  Низар ибн әл‑Мустансир ұрпақтарынан тарайтын өкілетті имам деп танылды.

 Хасан II‑нің ұлы мен ізбасары Нұр ад‑Дин Мұхаммед өзінің ұзақ басқару мерзімінде (1166-1210 ж.ж.) әкесінің кийам доктринасын жалғастырды.

          Бұл кезең Сириядағы Рашид ад‑Дин Синанның қызметімен тұспа‑тұс келді. Синанның жастық шағы Аламутта өткен. 1162 жылы Хасан II оны жергілікті низариттерді басқару үшін Сирияға аттандырады. Синан сириялық қауымды отыз жыл өмірінің соңы 1193 жылға дейін басқарды. Ол сириялық низариттер қауымын гүлдентіп, билік шыңына жеткізді.

          1157 жылы Санжар сұлтанның қайтыс болғанынан кейін Селжұқтар мемлекеті ыдырап, оның орнына әртүрлі түрік әулеттері келді. Персия жері салыстырмалы түрде азаттық алды.  Шығыста бұрынғы Селжұқтар вассалы    «хорезм‑шах» титулымен  Хорезмде мемлекетін құрды. Тез арада Хорезм‑шах бұрынғы Селжұқтар территориясын өзіне бағындырып алды. Хорезм‑шах низариттерге жаулықпен қарады. Бұл кезде низариттер Кухистанда Гуридтер және Систан билеушілерімен қақтығысып жатқан болатын.

          Осы кездегі Аламуттың кезекті басшысы Джалал ад‑Дин Хасан III сүнниттік билік орындарымен жақындасуды қалап, өз жақтастарына шариғаттың сүнниттік формасын қатаң сақтауға шақырды. Кейіннен бұл саясат такийаның бір түрі деп бағаланды. Бұл аман қалу және басқа мұсылмандық қауымдармен байланыс орнату үшін қажет еді.  Кийам кезімен салыстырғанда низариттік имам әлемге өзін ашық көрсетті. Низариттердің жаңа әдісі өте табысты болды.  Джалал ад‑Дин Хасан III‑ні   әл‑Насир Гурид және басқа сүнниттік басшылар мұсылман билеуші ретінде таныды. Бұл Низариттік исмаилит мемлекеті де танылды деген сөз. Джалал ад‑Дин Хасан III Гуридтермен одақтасты. Айубидтер сириялық низариттерге кресшілермен соғысуға көмектесетін болды. Моңғолдардың Хорасанға алғашқы шапқыншылығынан қашқан сүннитер, әсіресе ғалымдар Кухистандағы низариттік қалалар мен бекіністерден пана тапты.  

XIII ғасырда низариттік дава Бадахшанда жүргізіле бастады. Исмаилиттік қауым ол жерде бүгінде  өмір сүріп жатыр.  Аламуттан низариттік даилар Мултан мен Синдтің басқа да аудандарына жіберілді.

Персиядағы Низариттік исмаилит мемлекетінің соңғы онжылдығы Ала ад‑Дин Мұхаммед III билігіне (1221-1225ж.ж.) тап келді.

1220 жылы Моңғол империясының басшысыи Шыңғысхан Бұхара мен Самарқандты басып алды. Келесі жылы ол Пандж өзенінен өтіп Балхты басып алды. Содан Хорасан басып алынып, Мерв пен Нишапур қиратылды. Тура Ала ад‑Дин Мұхаммед III билігі кезінде сүннит те, шиит те мұсылмандар Кухистанда баяғыдай гүлденіп тұрған низарит тұрақтарынан пана тапты.

Соңғы Хорезм‑шах Джалал ад‑Дин Менгбурни қайтыс болғанынан кейін Персия низариттері моңғолдармен тікелей қақтығысқа түсті. Ала ад‑Дин Мұхаммед III‑нің   Аббасид халифі, Франция мен Англия корольдерін моңғолдарға қарсы коалиция құруға шақыру талпынысынан еш нәтиже шықпады. Низариттердің тікелей моңғолдармен келісімге келу шараларынан да түк шықпады. Моңғолдардың ұлы ханы Менгу Батыс Азияны жаулап алуда бірінші Персиядағы низариттерді құртуды басты мақсатым деп санады. Бұл миссияны ол өз ағасы Хулагу ханға тапсырды.

1255 жылы желтоқсанда Ала ад‑Дин Мұхаммед III‑нің кіші ұлы Рукн ад‑Дин Хуршах Низариттік исмаилит мемлекетінің билігін қолына алды. Бұл кезде  моңғолдар Кухистан мен Кумисқа үнемі қысым жасап отырды. Рукн ад‑Дин Хуршах Аламуттың соңғы билеушісі болды. 1256 жылы көктемде Хулагу хан бастаған моңғол әскері Персияға Хорасан арқылы кірді. Низариттік исмаилит мемлекетінің соңғы уақыттарында Хуршах пен Хулагу бір‑біріне көптеген елшілер жіберіп, келіссөздер жүргізіп отырды. Бірақ нәтижесіз болды. Хуршах қарсылық көрсетуден де, берілуден де тайсалып, тым болмаса, Персиядағы маңызды низариттік бекіністерді аман сақтап қалуға тырысты. Бірақ Хулагу  низариттердің толық берілуін талап етті. 1256 жылы 19 қарашада моңғол әскерлері Маймундиз қамалына келді. Имам Рукн ад‑Дин Хуршах осы қамалда еді. Низариттер мен моңғолдар  шайқасқа түсті. Ақырында Рукн ад‑Дин Хуршах беріліп, Иран жеріндегі исмаилиттер тарихын аяқтады. Аламут бір айдан кейін берілді. Ламасар бір жыл қарсылық білдірді. Гирдкух 1270 жылға дейін берілмеді.

1257 жылы Менгу Персиядағы низариттерді жаппай қыру шарасына рұқсат берді. Осы жылы көктемде ұлы ханмен келіссөздер жүргізуге аттанған Рукн ад‑Дин Хуршах орталық Моңғолияда моңғол күзетшілерінің қолынан қаза тапты.  

 

XII ғасырдың басында  немесе сәл ертерек Хасан ибн Саббах Сирияға низариттік исмаилиттер қозғалысын ұйымдастырып, басқару үшін парсы даиларын аттандырды. Сириядағы саяси бытыраңқылық пен аймақта конфессиялардың көптігі низариттік исмаилиттер давасын ұйымдастыруға қолайлы жағдай тудырды. Аламуттан Сирияға аттандырылған даилар мұнда Персияда қолданатын әдістерін қолданды. Олар стратегиялық маңызды қамалдарды басып алу әрекеттерін жасады. Қамалдар болашақ әскери қимылдарға плацдарм ретінде қарастырылды. Олар саяси кісі өлтірулерге де барды. Бірақ Сириядағы даилардың тапсырмасы қиын еді. Орталық Сирияда тұрақты бекіністер жүйесін жасау үшін олар елу жыл күрес жүргізуге мәжбүр болды. Сирияда низариттік исмаилиттер давасы жұмысының басталуы бұл аймақта кресшілердің пайда болуымен тұспа‑тұс келді. Бұл Сирияда саяси бытыраңқылық мен жергілікті дау‑жанжалдың асқынып кеткендігінің тағы бір дәлелі.

1095 жылы кресшілер Папа Урбан II‑нің үндеуіне сәйкес Шығысқа христиан әлемі жауларына қарсы соғысқа шықты./26/ Европалықтар христиандар үшін қасиетті Палестина мен Израиль жері мұсылмандар қол астында болмауы керек деп есептеді. Христиан‑мұсылман қатынастарының жаңа дәуірі басталды. 1097 жылы Бірінші кресшілер жорығына қатысушы христиан жауынгерлері Сирияға келіп жетті. 1099 жылы олар Фатимидтердің жергілікті гарнизонын жеңіп, басты мақсаттары Иерусалимге кірді. Бірінші кресшілер жорығының тез табысқа жетуіне Сириядағы саяси бытыраңқылық мен мұсылмандар лагерінде ауызбіршіліктің жоқтығы себеп болды. Таяу Шығыстағы жаулап алған жерлерінде кресшілер төрт кіші мемлекет құрды. Кейіннен олар Аутремер – «теңіздің арғы бетіндегі жерлер» деп аталып кетті. Франктік мемлекеттік құрылымдар Эдесс, Антиохия, Триполиде құрылды. Вассал ретінде олар Иерусалим корольдығына бағынды.

Сириялық низариттік исмаилиттер бірден кресшілерге тойтарыс берді. Олар тиісінше 1113,1119 жылдары құрылған тәуелсіз әрекет ететін әскери ордендер госпитальерлер және тамплиерлермен де қақтығысқа түсіп отырды. Әскери ордендер Сирияда көптеген қамалдарды иеленіп алып,  низариттік исмаилиттерге көршілес орналасты. Низариттік исмаилиттер шиит мұсылман қауымынан бірінші болып кресшілермен байланысқа түсті. Низариттік исмаилиттер мен кресшілер арасындағы қиын да өзгермелі қатынас XIII ғасырдың ортасына дейін толассыз жалғасты. Бірақ бұл жағдай кресшілердің низариттік исмаилиттер туралы танымдарын толықтыруға көмектеспеді, олар исламды да жақсырақ түсіне алмады.

Алғашқыда сириялық исмаилиттер  өздерінің орталығы Алепподан әрекет жасады. Оларға  Алеппода қаланың селжұқ билеушісі Ридван қолдау көрсетіп отырды. 1106 жылы фидаи тобы Апамей билеушісін өлтіріп кеткеннен кейін, сириялық исмаилиттер Алеппо маңында орналасқан әскери бекіністі басып алды./11/ Бірақ низариттік исмаилиттер Апамейді өздерінің Сириядағы бекіністері қатарына қоса алмады. Антиохия регенті Танкред Апамейді қоршауға алып, низариттік исмаилиттерді берілуге мәжбүр етті. Исмаилиттер даи Әбу Тахир мен оның жақтастары тек Танкредке өтемақы төленгеннен  кейін ғана Алеппоға қайтып оралды. Бұл низариттік исмаилиттер мен кресшілердің бірінші қақтығысы болды. 1113 жылы Ридван қайтыс болып, низариттік исмаилиттердің солтүстік Сириядағы жағдайы қиындап кетті. Алеппоның жаңа селжұқ билеушісі исмаилиттерді жаппай қыруға рұқсат берді. Аман қалған исмаилиттер көрші облыстардан, сонымен қатар франк иеліктерінен жасырынып пана тапты.

Алепподағы жеңілістен кейін Сириядағы қызметінің екінші кезеңінде исмаилиттер өз орталығын оңтүстікке, Дамаскке ауыстырды. 1125 жылы жаңа исмаилиттер даи Бахрамның басқаруымен  қайта күш жинап, әскер жасақтап, аймақтағы Буридтер билеушісі қолымен бірігіп франктарға қарсы соғысқа дайындалды.  Даи Бахрам  Буридтерден талап етіп Иерусалим корольдығының шекарасындағы Банийас қамалын алды. Ол Банийасты нығайтып, оны өз әскери қимылдарының плацдармы ретінде қолданды. Сол жерден көршілес аудандарға  өз даиларын жіберіп, өз қатарларын жаңа қабылданушылармен толтырды. Исмаилиттер Сирияның оңтүстігіндегі сәттілігі баянды болмады. 1128 жылы қақтығыста даи Бахрам мерт болып, сол жылы Дамаскте исмаилиттердің буридтік қолдаушысы қайтыс болды.  Келесі жылы Дамасктің жаңа буридтік билеушісі исмаилиттерді жаппай қыруға рұқсат берді. Дамасктің сүнниттік көпшілік тұрғындарының қолдауымен қаланың әскери күзетшілері және қарапайым тобыр 6000 исмаилитті өлтірді. Сириялық исмаилиттер басшысы төніп қалған қауіпті сезіп, король Болдуин II Иерусалимскийге жолдау жіберіп, егер исмаилиттерді қорғаса, Банийасты франктерге беруге дайын екендігін айтты. Нәтижесінде даи және оның жақтастарының бір бөлігі Иерусалим корольдығынан пана тапты. Көп ұзамай исмаилиттерді қудалаған Дамаск билеушісі екі федаи қолынан қаза тапты, бірақ Сирияның оңтүстігінде исмаилиттердің жағдайы сол күйі жақсармады. Осыдан кейін исмаилиттер өз қызметтерін қаладан тысқары жерде жүргізетін болды. Ақырындап жаңа әдіс нәтиже бере бастады. Бұл кезде Фатимидтер кресшілермен күресудің алғашқы  тәжіребелерін көрді. 1153 жылы олар өздерінің Ливандағы соңғы мекені Аскалонды кресшілерге берді.

1129 жылы Дамаск құлағаннан кейін исмаилиттер тарихында жаңа кезең басталды. Ол екі онжылдыққа созылды. Тек осы кезде сириялық исмаилиттер  Хама қаласы мен Жерорта теңізі жағалауы арасындағы Джабал Бахра елді мекенінде бекіністер жүйесін құрды. Бұдан ертерек кресшілер бұл жерде тұрақтап қалмақ болған. 1133 жылы исмаилиттер жергілікті мұсылман билеушісінен тартып алынған Кадмус қамалын франктерден жеңіп алды. Бұл қамал исмаилиттердің осы аймақтағы бірінші форпостына айналды. Содан олар кейіннен басты бекініске айналған Кахф қамалын жаулап алды. 1137 жылы исмаилиттер Хариб қамалында шоғырланған франк гарнизонын ығыстырып тастады. 1140 жылы олар Масйафты басып алды. Масйаф кейіннен исмаилиттердің Сириядағы бас қамалы, жоғары даидың штабына айналды.  Шамамен сол уақытта олар франк территориялары Антиохия мен Триполиге жақын маңдағы Джабал Бахраның оңтүстігіндегі жерлерді жаулап алды.  Сирияда он қамал болған. Аймақта тұрақтаған исмаилиттер саны шамамен 60000. Осы кезден бастап жергілікті низариттік исмаилиттер үнемі франктар және әскери ордендермен  әскери қақтығыстарға түсіп отырған.

Сөйтіп, низариттік исмаилиттер Сирияда тұрақты базаға ие болды. Олар сүнниттер билеушілерінің өшпенділігіне, кресшілерден төніп тұрған қауіпке қарамастан, күш жинап, өз бекіністерін нығайтты. Сириялық исмаилиттер үнемі тәуелсіздікке ұмтылып отырды. Бірақ сүнниттерден қауіп төнгенде олар сыртқы саясатта өз мүддесін ойлап франктармен одақтасты. 1149 жылы исмаилиттер қамалдарына Сирияның билеушісі сүннит Зангид Нур ад‑Дин  қауіп төндірді. Оған  төтеп беру үшін исмаилиттер Раймунд Антиохийскиймен бірікті. Зангидтердің территориялық талабы исмаилиттерге де, Раймундқа да тиімсіз еді. Исмаилиттердің әскербасшысы мен Раймунд Инаб түбіндегі шайқаста қаза тапты. Бірнеше жылдан кейін 1152 жылы фидаи тобы тура Триполи қаласы қақпасының алдында бірнеше рыцарьларымен бірге жергілікті граф Раймунд II‑ні өлтірді. Исмаилиттердің бірінші франкілік құрбаны Раймунд II‑ні өлтіру себебі сол күйі анықталмады. Кек ретінде франкілер көптеген мұсылмандарды өлтірді. Тамплиерлер рыцарьлары Джабал Бахрадағы исмаилиттер қамалдарына рейд жүргізіп, исмаилиттерді әскери ордендерге 2000 алтын бұйымдары көлемінде жыл сайын  салық төлеп тұруға мәжбүрледі.

1160 жылдары басында сириялық исмаилиттер өз тарихының жаңа кезеңіне өтеді. Бұл кезең Рашид ад‑Дин Синан, Тау ақсақалы (шайх әл‑джабал) есімімен тығыз байланысты. Синан біраз уақыт исмаилиттік білімін толықтыру үшін Аламутта болған. Ол Аламуттың бірінші имамы Хасан II‑нің нұсқауымен сириялық низариттік исмаилиттер қауымын билікке алды. Синан кейде көрші мұсылмандық билеушілермен, кейде кресшілермен одақтасып өз қауымының позициясын жақсартты./26/ Қауымның қауіпсіздігін қамтама сыз ету мақсатында Синан Сириядағы исмаилиттер қамалдарын қайта құрды. Ол госпитальер орденіне қарасты Маркаб қамалына жақын жердегі Уллайка бекінісін жаулап алды.

Синан кезінде франктерден бұрын сириялық исмаилиттерге Фатимидтер мемлекетін құлатқан және кресшілерге қарсы мұсылмандардың қасиетті жорығын басқарған Нұр ад‑Дин мен  Салах ад‑Дин үлкен қауіп төндірді. Сондықтан Синан ондаған жылдар бойы сириялық исмаилиттер қамалдар үшін соғысқан кресшілермен бейбіт қатынас орнатуға тырысты. 1160 жылдары король Амальрик I Иерусалимский тамплиерлер мен госпитальерлерге исмаилиттерге жақын жатқан қорғандардың бір бөлігін берді. Осы кезден бастап исмаилиттер мен кресшілер арасында қақтығыстар көбейіп кетті. Бір жағынан сириялық исмаилиттер Тортос пен оның солтүстік аймақтарын  басқарып тұрған тамплиерлерге салық төлеп тұрған еді, екінші жағынан 1142 жылы Триполи билеушісінен исмаилиттерге көрші жатқан Крак де Шевалье қамалын алған  госпитальерлерінің өшпенділігін сезінді. Король Амальрик I‑дің қолдауына сүйеніп Синан көрші франктармен бейбіт келіссөздер жүргізуге көп күш салды.

1173 жылы Синан король Амальрик I‑ге Иерусалим корольдығымен жақындасу туралы елші жіберді. Синан сонымен қатар тамплиерлерге төлеп жатқан ауыр салықтан арылуды да көздеген болар. Король Амальрик I келісті. Синанның елшісі қайтар жолда тамплиерлер рыцарі Месниладан шыққан Вальтердің қолынан қаза тапты. Елшінің өлтірілуіне ыза болған король Амальрик I әскермен Сидонға жол тартып, тура шіркеуке кіре берісте Вальтерді ұстап алып, Тир қаласына қамауға атандырды, ал Синаннан кешірім сұрады. 1174 жылы шілдеде  король Амальрик I қайтыс болғаннан кейін король мен Синан  арасындағы келіссөздер аяқсыз қалды. Архиепископ Вильям Тирскийдің айтуы бойынша, осы келісімдер барысында Синан өз қауымының толығымен христиандықты қабылдайтындығы туралы хабардар еткен. Бірақ бұл архиепископтың Синанның сириялық исмаилиттер мен Иерусалим корольдығымен қатынасын нығайтуға деген шынайы ниетін тура мағынасында қабылдағаны болып табылады. 1174 жылы Нұр ад‑Дин Зангид қайтыс болғаннан кейін Фатимидтер әулетін құртқан, ортодоксалды сүннизмді қатты ұстаушы, исмаилиттердің қас жауы Салах ад‑Дин билік басына келді. Салах ад‑Дин Сирияда өз билігін нығайтып жатқан кезде Синан Алеппо Зангидтарымен одақтасты. Оларға да Салах ад‑Динмен қарама‑қарсы келіп қалу қаупі төніп тұрған. 1174, 1176 жылдар фидаилар екі рет Салах ад‑Динді өлтіруге әрекет етті. Бірақ белгісіз жағдайларда Салах ад‑Дин мен Синан бейбіт келісімге келді.

Мысыр мен Сирияны бағындырып алғаннан кейін Салах ад‑Дин мұсылмандардың кресшілерге қарсы қасиетті соғысын бастады. 1187 жылы Иерусалимді басып алды. 1174 жылы шілдеде  король Амальрик I қайтыс болғаннан кейін Иерусалим корольдығындағы жағдай қиындап кеткен еді. Берілер алдында Иерусалимді Ги Лузиньян басқарып тұрған. Ги Лузиньян өз күшін тамплиерлер мен госпитальерлер магистрларымен біріктірді. 1187 жылы Иерусалим берілгеннен кейін келісім бойынша Ги Лузиньян мен  тамплиерлер және госпитальерлер магистрлары Салах ад‑Дин қолында бір жылдай тұтқында болуы тиіс болды. Содан кейін олар азаттық алды. 1189 жылы франктардың қолында тек Антиохия мен Триполидің маркизі Конрад де Монферрат сақтап қалған Тир қаласы ғана қалды. Тез арады Қаситетті жерге үшінші кресшілер жорығы ұйымдастырылды. Оны Англия королі Ричард I Арыстан жүрек (1189-1199 ж.ж.), Франция королі Филипп II Август (1180-1223 ж.ж.) және екеуінің де жиені граф Анри Шампанский  бастаған болатын. 1191 жылы кресшілер жаңа табысқа жетіп, болашақ  Иерусалим мемлекетінің астанасы Акра қаласын жаулап алды.

Маркиз  Конрад де Монферрат үшінші кресшілер жорығында ерекше роль атқарды. Ол 1190 жылы Амальрик I‑дің қызы, Сибилланың сіңілі Изабеллаға үйленді. Сөйтіп, Иерусалим корольдығының тағына үміткер болып шыға келді. Конрад де Монферрат король болып сайланып, оның статусын король Ричард I Арыстан жүрек пен танымал кресшілер рыцарьлары танығаннан кейін ол Салах ад‑Динмен келіссөздер жүргізе бастады. Бірақ 1192 жылы сәуірде тәж салу салтанаты кезінде Конрад де Монферрат Тирде өздерін христиан монахтары деп танытқан екі белгісіз адамның қолынан қаза тапты. Бұл оқиға үшінші кресшілер жорығынның батыстық тарихшылары мен мұсылман тарихшыларының еңбектерінде көрініс тапты. Өлтіруге тапсырыс берген адам жайлы көптеген пайымдар бар. Конрад де Монферратпен жауласып жүрген сол кезде әлі де Қаситетті жерде болған  король Ричард I Арыстан жүрек ұйымдастырды деген мәлімет бар./24/ Кейіннен король Ричард I Арыстан жүректі аз мерзімге австриялық түрмеге осы айыппен отырғызылған. Ағылшын тарихшылары Тау ақсақалы атынан жазылған деген болжам бар екі европалық шенеунікке жіберілген екі хатты қалпына келтірген.  Бұл Англия королінің Конрад де Монферратқа қарсы жасалған қастандыққа ешқандай қатысы жоқтығын дәлелдейді.  Атақты мұсылман тарихшысы Ибн әл‑Асир  Салах ад‑Дин  Синанға Конрад де Монферрат пен корол Ричард I Арыстан жүректің көздерін жою туралы тапсырма берген деп мәлімдейді. Кейінгі сириялық исмаилиттер ақпарат көзі бұл бастама Синанның өзінен туындағанын хабарлайды.  Ал шындығында, Конрад де Монферрат өлтірілгеннен кейін король Ричард I Арыстан жүрек Салах ад‑Динмен бейбіт келісімге қол қойды. Салах ад‑Диннің талабымен бұл келісімде сириялық исмаилиттердің де территориясы атап көрсетілді.

Үш онжылдық барысында Синан сириялық исмаилиттерді даңқ пен кұдірет шыңына жетеледі. Ол 1193 жылы Кахф қамалында қайтыс болды. Синан саясат саласында шебер стратег,  дарынды дипломат болды. Оның кресшілер, Салах ад‑Динмен уақытылы жасаған  одақтары исмаилиттер қауымын аман алып қалуға көмектесті. Кресшілер арасында ассасин деген атпен мәлім болып кеткен сириялық исмаилиттер туралы пайда болған аңыз‑әнгімелер Синанның кезінде де толастамады.

Синан мен  Салах ад‑Диннің қайтыс болуы және Иерусалим корольдығының құлдырауынан кейін кресшілер мен исмаилиттер қатынасының қиын кезеңі аяқталды.

Синанның ізбасарлары, сириялық исмаилиттер көшбасшылары көршілері мұсылмандар және  франктармен қатынаста айқын тәуелсіздікке қол жеткізіп отырғанмен, Синан сияқты Аламуттан тәуелсіз бола алмады. Сириялық исмаилиттер  Салах ад‑Диннен кейін келген Айубидтер әулеті билеушілерімен бейбіт қатынасты сақтап отырды. Ара‑тұра кресшілер және  әскери ордендермен де байланысқа түсіп отырды. 1213 жылы Тортос кафедралдық соборында фидаилар Богемунд IV Антиохийскийдің ұлы Раймундты өлтірді. Келесі жылы кек алу үшін  Богемунд IV исмаилиттердің Хаваби қамалын қоршауға алған кезінде Айубидтер уақытылы көмек көрсетіп, франктар кері шегінуге мәжбүр болды. Богемунд IV‑тің әрекеті оның кресшілер мен франктар арасында беделін төмендетті. 1208 жылы Папа Иннокентий III‑нің бұйрығымен ол шіркеуден аластатылды. 1230 жылы сириялық исмаилиттер көмегімен госпитальерлер Богемунд IV‑қа қарсы әскери кампания бастады. Соған қарағанда Раймундтың өліміне кресшілер өздері қол салған болуы мүмкін.

Осы кезде сириялық исмаилиттер мұсылмандық және христиандық билеушілерден алым алып тұрудың жаңа тәсілін ойлап тапты. 1227 жылы қасиетті Рим империясының императоры және Иерусалимнің титулды королі Фридрих II Гогенштауфен Қасиетті жерге кресшілер жорығын басқару кезінде сириялық исмаилиттер даи әл‑Маджд ад‑Динге елші жіберді. Герман елшісі 80000 динар көлемінде сыйлық әкелді.  Фридрих II  Папа Григорий IX саясатына қарсылық білдірді, сондықтан кейіннен шіркеуден аластатылды. Фридрих II‑нің сириялық исмаилиттермен жақындасуын госпитальерлер де жақтырмады, өйткені олар исмаилиттерді өздеріне алым төлеп тұруға мәжбүрлемекші болған. Госпитальерлер исмаилиттерден алым төлеуді талап еткенде сириялық исмаилиттер кейбір франк корольдерінің өздеріне сый жіберіп, алым төлеп отырғандығын айтып бас тартқан. Келіссөздер арқылы еш нәтижеге жетпеген госпитальерлер сириялық исмаилиттер иеліктеріне шабуыл жасап, олжалы қайтты. 1228 жылдан бастап сириялық исмаилиттер бейбітшілік туралы келісімге сәйкес госпитальерлерге алым төлеп тұратын болды. Бұл кезде олар тамплиерлерге алым төлеп тұрған болатын.

Осы жылдары сириялық исмаилиттер госпитальерлерге көмектесіп, кейбір латын мемлекеттері билеушілеріне қарсы күрес жүргізді. Кейде исмаилиттер оларға Антиохия мен Триполиден шабуыл жасалғанда госпитальерлерден әскери көмек алып отырды. Мынадай жағдайлар да болған: 1230 жылы исмаилиттер әскери контингенті госпитальерлердің Богемунд IV Антиохийскийге қарсы кампаниясында атсалысты. Богемунд IV Папа    Григорий IX‑ға жасаған шағымында госпитальерлердің ұлы магистрі мен ассасиндер одағын пасықтық деп бағалады. Нәтижесінде 1236 жылы Папа Григорий IX Тир архиепископы мен Аутремердің діни басшыларына әскери ордендер мен «ассасиндер, Құдай мен христиандардың жауы» арасында барлық қатынастар тоқтатылсын деген жолдау жіберді.

Сириялық исмаилиттер мен кресшілер арасындағы соңғы айтулы қақтығыс Франция королі Людовик IX‑ның дипломатиялық жоспарларына байланысты болды. Франция королі Людовик IX көбіне  Қасиетті Людовик деген атпен мәлім, ол Жетінші кресшілер жорығын басқарған. Бұл жорық сәтсіз аяқталды. Людовик IX  төрт жылға (1250-1254 ж.ж.)Акраны өз резиденциясы етіп таңдады. Бұл жерде жергілікті исмаилиттер көшбасшысы даи Тадж ад‑Дин Людовик IX‑дан сол заманның басқа билеушілері сияқты алым төлеп тұруды талап етті, болмаса, исмаилиттердің әскери ордендерге алым төлеуінен босатсын деді. Тек тамплиерлер мен госпитальерлердің ұлы магистрлері Вишиден Реджинальд пен Шатонефадан Вильямның араласуы салдарынан Тау ақсақалы мен Франция королі арасында келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермеді. Сөйтіп, исмаилиттер тағы біраз уақытқа дейін тамплиерлер мен госпитальерлерге алым төлеп тұруға мәжбүр болды. Осыған қарамастан, Людовик IX Тау ақсақалына елшілік жіберді. Осы елшілік құрамына арабша сөйлейтін монах Ив Бретон да кірді, ол исмаилиттер басшысымен дінге қатысты бірнеше мәселені талқылады.

XIII ғасырдың алғашқы онжылдығында моңғолдар өз шапқыншылық жорықтарын бастап, әскери күш ретінде кресшілердің назарын өздеріне аударды. Кресшілер моңғолдарды өз одағы етіп алмақшы болды.  Мұсылман күштерін жеңуге үміттеніп және моңғолдардың тез жеңістеріне қызығып европалықтар «татарлармен» альянс құруға тырысты.  Мұсылмандардың моңғолдарға қарсы европалықтармен одақ құруға ұмтылуы да еш нәтиже бермеді.  Ағылшын монахы бенедикші және тарихшы Мэтью Пэристің айтуы бойынша, 1238 жылы Аламуттың исмаилиттік имамы мен Аббасидтер халифі Европаға ортақ елшілік жіберді, олар   Франция королі Людовик IX мен Англия королі Генрих III‑ден моңғолдарға қарсы көмек сұрады. Бірақ тараптар көмектесуден бас тартты. 1253 жылы Қасиетті жерде тұрып Франция королі Людовик IX мұсылмандарға қарсы моңғолдармен бірігу ниетімен Менгу ханның ордасына Виллем Рубрукты жіберді. Аламуттың исмаилиттік имамы мен Аббасидтер халифінің дипломатиялық әрекеттері нәтижесіз болып қалды. Моңғолдардың Батыс Азияны жаулап алмақ әрекетінің басты мақсаты Аламут исмаилиттік мемлекеті мен Аббасидтер халифатын жою болды. Олар бұл мақсатын аса қаталдықпен 1256‑1258 жылдары жүзеге асырды./21/

Персия исмаилиттік қауымы моңғолдар шапқыншылығы нәтижесінде өз қамалдарынан ығыстырылып шығарылып тасталды. Моңғол шапқыншылығынан аман қалғандары үшін жаңа кезең басталып, жасырын өмір сүруге мәжбүр болды.  Көбі Орта Азия мен Үндістанға қоныс аударды. Низариттік исмаилиттер мәңгіге саяси ықпалын жоғалтты. Олар діни азшылық топқа айналды.

Сирия исмаилиттері моңғол шапқыншылығынан аман қалды. Бірақ Мысыр мен Сирияны бағындырып алған Айубидтердің мұрагерлері Мәмлүктер қысымымен сириялық исмаилиттер өз тәуелсіздігінен айырылды. 1260 жылы Мәмлүктер моңғолдардың Сирияға басып кіруін тоқтатты. 1267 жылы сириялық исмаилиттер Мәмлүктер сұлтаны Бейбарс I‑ге алым төлеп тұруға міжбүр болды. 1266 жылыдан бастап  сириялық исмаилиттер Мәмлүктер қармағында болғаннан кейін кресшілерге алым төлеуді қойды. Исмаилиттердің қамалдары бірінен соң бірі  сұлтан Бейбарсқа беріліп жатты. 1273 жылы исмаилиттердің соңғы мекені Кахф берілгеннен кейін сириялық исмаилиттер өздерінде болған номиналды тәуелсіздіктен де айырылып қалды. Оларға өздерінің Джабал Бахр қамалдарында өмір сүруге рұхсат берілді, бірақ олар үнемі мәмлүктердің бақылауында болды. Сұлтан Бейбарс және оның ізбасарлары да исмаилиттерді қызметке алып, өз жауларына қарсы қолданып отырған. Мысалы, 1270 жылы Тир билеушісі Филип Монфор фидаилар қолынан қаза тапты. Оған Бейбарс тапсырыс берген. Исмаилиттер тәуелсіздігін жоғалтып, саяси ықпалдан айырылғаннан кейін кресшілермен тікелей қатынастарын үзді. 1291 жылы Мәмлүктер Аутремерде франктердің билігін талқандап, христиандардың мұсылмандарды жеңу арманын жойды.   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                    Ассасиндердің XIII ғасырдан кейінгі тағдыры

 

          1256 жылы  Низариттік исмаилиттер мемлекеттің құлауы ирандық исмаилиттердің ортағасырлық тарихының жаңа кезеңінің басталғандығын білдіреді. Бұдан былай олар өз саяси ықпалын жоғалтып, тек Персия, Ауғанстан және Орта Азиядағы діни азшылық қауымды құрады. Бұл қауымдардың  Аламут кезеңінен кейінгі екі ғасыр тарихы толық мәлім емес.

          Моңғолдардың Персияға шапқыншылығы нәтижесінде  низариттер құлдырауға ұшырап, басылып тасталды. Рудбар мен Кухистанда олар жойылып жіберіліп, жергілікті тұрғындар үйлерінен, қамалдардан, қалалардан қуылып тасталды. Моңғол шапқыншылығынан аман қалған низариттертер Ауғанстан мен Бадахшан және Синд аудандарына қоныс аударды. Көптеген низариттік қауымдар  алыс аймақтарда қалып, бір‑бірімен байланыстарын үзіп алды. Олар ассимиляцияға ұшырап, саны жағынан өзінен көп басқа конфессияларға қосылып кетті. Низариттер бұрын Аламутта болған орталық басқарусыз қалды. Шашырап ұйымшылдықтан айырылған низариттер қауымы тағы да такийа ұстанымын қолдануға мәжбүр болды. Аламут құлағаннан кейінгі екі ғасырда низариттер Персия, Ауғанстан, Бадахшан, Сирия және Үндістанда жергілікті даилардың басқаруымен жеке­‑жеке дамыды.

          Низариттік діндарлардың бір тобы Рукн ад‑Дин Хуршахтың кіші ұлы исмаилиттік имаматтың мұрагері Шамс ад‑Дин Мұхаммедті аман алып қалды. Оны Әзербайжанға алып кеткенге ұқсайды. Ол өмірінің соңына дейін сонда болып, өзін тігінші ретінде көрсеткен. XV ғасырдың екінші жартысына дейін жиырма сегізінші имам Шамс ад‑Дин Мұхаммедтің Персиядағы мұрагерлері туралы ешқандай мәлімет жоқ. Шамс ад‑Дин Мұхаммед шамамен 1310 жыл қайтыс болған. Оның мұрагерлері туралы дау низариттердің имамдар тізбегін екі топқа бөліп жіберді. Олар кейіннен мұхаммадшахи және қасымшахи деген аттармен белгілі болды. Дайлам мен Бадахшанда көптеген жақтастары болған мұхаммадшахи тізбегі 1786 жылдан кейін тоқтап қалды. Қасымшахи тізбегі әлі күнге дейін сақталған. XIX ғасырдың басында осы тізбек имамдары «Аға‑хан» атағымен әйгілі болды. Аталған бөлініп‑жарылушылық онсыз да әлсіз низариттер давасына өте қатты соққы болды.

          Илханидтер мен Тимуридтер кезінде де Дайламда  низариттер давасы бір сәтке толастамады. Дайламда ол кезде саяси жағынан бытыраңқы жергілікті әулеттер билеп тұрған. Бұл низариттерге бірнеше рет Аламут пен Ламасарды қайтарып алуға әрекет етуге мүмкіндік туғызды. Низариттер Персияның солтүстік аймағындағы бірнеше жергілікті билеушілерді өз жақтарына тартап ала алды. Кушайджидтер әулетінің бірнеше өкілі исмаилит еді. Атап айтқанда, исмаилитт Кийа Сайф ад‑Дин 1368 жылы Дайламның аумақты бөлігін басқарып тұрды. Мұхаммадшахи тізбегінің низариттік имамы Мұхаммед ибн Мумин‑Шах деп тануға болатын атақты низариттік көшбасшы худаванд Мұхаммед Дайламдағы жергілікті қақтығыс және одақтарға қатысқан. Ол біраз уақыт Аламутта тұра алды, бірақ оны Султанияға (Гиландағы қала) жібергеннен кейін Тимурдан пана сұрауға мәжбүр болды. Кейіннен Мазандаранда билік еткен бану ескендір руы низариттерге қолдау көрсетті. XVI ғасырдың соңында Каспий маңы аймағы Сефевидтер мемлекеті құрамына кіргенге дейін низариттердің Персияның солтүстігінде ықпалы болды. Аламут ол кезде толық қиратылып бітпеген еді, Сефевидтер оны өз әулетінің шектен шыққан мүшелерін айдауға айдайтын жері ретінде пайдаланды.

          Кухистан исмаилиттері моңғол шапқыншылығы салдарынан қайта айыға алмады. Ол жер низариттері саяси ықпалынан толық айырылып, Хорасандағы өз қалаларының айналасында бытыраңқы өмір сүрді. Бадахшан низариттері Насыр Хосроуға берілгендіктерін көрсетіп, низарит мемлекеті территориясынан тысқары жерде қала берді. Бірақ, айтылып өткендей, низариттік даилар сол жерде дава ‑ үгіт‑насихат жұмыстарын жүргізген болатын, сондықтан Аламуттан жіберілген даилар Саййид Шах Маланг пен Саййид Шах Хамуш Шугнанда мир және пир атты әулеттер негізін қалады. Олар кезек‑кезек билікке келіп, Шугнан мен Рушанда билікті мұрагерлікке беріп отырды. Бадахшан моңғол шапқыншылығынан аман қалды. XV ғасырда бұл ауданды Тимур өз қолына алды. Біраз уақытқа  Бадахшан өзбектердің қол астына өтті. Бұған жергілікті билеушілер қарсылық білдірді. Низариттердің мұхаммадшахи тізбегі бойынша имам Шах‑Ради ад‑Дин өз тұрағы Кухистан мен Систанды тастап, Бадахшандағы қақтығысқа араласып, жергілікті низариттердің көмегімен сонда өз билігін орнатты. Бірақ 1509 жылы Шах‑Ради ад‑Дин соғыста қайтыс болып, жергілікті тимурид әмірі Мирза‑хан Бадахшан низариттерін қатты қуғынға алды.

          Орталық Персияда орналасқан Кұм мен Махаллатқа жақын аймақтағы Анджудан елді мекенінде қасымшахи тізбегіндегі низариттік имамдар ғайыптан шықты. Бұл Аламуттан кейінгі низариттік исмаилиттердің қайта жандануына әсер етті. Имам әл‑Мустансир биллах осы тізбектің бірінші имамы болды. Ол  Анджуданда орын тепті./2,175/ Осы кезде Персиядағы низариттік исмаилизм суфизмнің ықпалына түсті. Сонымен қатар суфилік пірлер исмаилиттер доктринасында бар ұғымдарды қолдана бастады. Бұл бір‑біріне әсер етудің айқын көрісі ретінде низариттерде пайда болған сырттай тарика суфийлік одақтарына ұқсайтын ұйымдардың пайда болуын айтуға болады./2,165/ Низариттер өз имамын пір, өздерін мурид (муршид) деп атай бастады. Бұл бір жағынан такийа ұстанымының бір әдісі ретінде сүнниттер арасында қауіпсіздікке қол жеткізу үшін қолданған жамылғы болып есептелді. Сонымен қатар бұл жағдай Бадахшан  мен Персия низариттерінің парсы мистиктері Фарид ад‑Дин Аттар мен Джалал ад‑Дин Румиді исмаилит деп есептейтіндіктерін түсіндіреді.

Иснаашаризм Сефевидтер мемлекетінде ресми дін деп қабылданғанда низариттер такийа ұстанымы бойынша шииттік имамиттер ретінде өздерін көрсетті.

Персияда Сефевидтер билік еткен екі ғасыр бойы қасымшахи тізбегі низариттік имамдарының дава жүргізу әкімшілік орталығы Анджуданда болды. Осы күнге дейін Анджуданда  имам әл‑Мустансир биллах (ШахКаландар атты суфийлік есімі болған) пен оның бірнеше ұрпақтарының зираты бар. Анджуданда орталық ашу сол күнге дейін бытырап жүрген низариттер қауымын қайта біріктірді.  Анджудан қайта өркендеуі Персияда шииттер ықпалының көбейіп, суфийлік одақтардың қарқынды дамуының арқасында мүмкін болды.

Анджудан кезеңі кезінде қасымшахи тізбегінің низариттер давасы қайта құруларды басынан өткерді. Дава күші тек жаңа адамдарды тартуға ғана емес, Бадахшандағы мұхаммадшахи тізбегі имамдарын қолдайтын низариттер үшін күресуге жұмсалды. Имамдардың қарқынды қимылы даи әулеттері мирлар мен пирлардың ирандық исмаилиттер қауымына ықпалын азайтуға көмектесті. Енді Хорасан, Ауғанстан, Бадахшанды басқаруға Анджудан имамдары өз өкілін жіберіп отырды. Бұл өкілдер Анджуданға үнемі келіп, өз қауымы туралы есеп беріп, жиналған садақаны тапсыратын болған.

XVII ғасырдың екінші жартысында Анджудан көптеген жетістіктерге жетті: низариттер қауымы орталық Персия, Керман, Хорасан, Ауғанстан және Бадахшанда құрылды. Анджуданнан басқарылатын низариттер давасы Синд пен Гуджаратта және Үндістанның басқа да аудандарында айтарлықтай табысқа жетті. Анджудан имамына мұхаммадшахи тізбегі низариттері де көптеп қосылды.  Исмаилиттер өздерінің моңғолдар шапқыншылығы нәтижесінде шайқалып кеткен Аламут кезіндегі жағдайын қайтарып алып, діни‑саяси ықпалға ие болуға тырыспады. Бірақ анджудан  қайта өркендеуі моңғолдар тигізген зарардың орнын, аздап болса да, толтырды. Анджудан  қайта өркендеуі низариттік исмаилитерге Иран, Ауғанстан, Орта Азия мен әлемнің басқа аймақтарында өз діни қауымдарын сақтап қалуға және олардың бейбіт дамып гүлденуіне мүмкіндік берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                               Қорытынды

 

Исмаилиттер ‑ шиизмдегі азшылық қауым, олар әлемнің барлық шииттік мұсылмандарының шамамен он пайызын құрайды. Олардың негізгі бөлігі ‑  низариттер. Низариттер қауымы бірнеше миллион адамнан тұрады. Қазір низариттік исмаилиттер Азия, Таяу Шығыс, Африка, Европа және Солтүстік Америкадағы жиырма бестен аса мемлекетте өмір сүреді. Низариттік исмаилиттердің рухани басшысы ‑ қырық тоғызыншы имам ханзада Аға Хан IV.

Исмаилиттер тарихы VIII ғасырдан бастау алады. Шиит бола отырып, исмаилиттер  Мұхаммед пайғамбардан кейін мұсылман қауымын тиісті діни өкілеттігі бар адам басқару керек деген концепцияны ұстанған. Мұхаммед пайғамбардың ізбасары ретінде халифтерді қабылдайтын мұсылмандардың көпшілі сүнниттер бұл назарды қолдамайды. Сүнниттер Омейядтар әулеті, содан кейін Аббасидтер халифатының қабылдады.  Шииттер Әли қауымының өкілетті басшысы ретінде  пайғамбардың ағасының баласы және Фатимаға үйленген күйеу баласы Әли ибн Абу Тәліп және оның ұрпақтарын қолдады.  Шииттердің ойынша, Әлидтер пайғамбардың отбасына ‑ ахл әл‑байт жататындықтан, оларға ерекше білім берілген, сондықтан олар ислам жолдауының «ішкі» мәнін түсіндіре алатын өкілетті адамдар ретінде шыға алады. Олар ‑ абсолютті бейкүнә жандар, сондықтан дінге сенушілерді ақиқаттың тура жолына салуға құқығы бар толық билікті көшбасшылар – имамдар бола алады. Шииттер көптеген қауымдар мен топтарға бөлінеді. Бұл бөлінушіліктер Әлидтер имамдарының нақты тізбегін анықтау барысында туындап отырды. Әртүрлі топтар Әли ұрпақтарының түрлі тармақтарын қолдады.

IX ғасырдың ортасында исмаилиттер Аббасидтердің діни‑саяси тәртібіне қарсы әлеуметтік наразылық ретінде құпия қозғалыс ұйымдастырды. Бұл қозғалыстың басты мақсаты ‑ Әлидтердің заңды құқын тартып алған билеуші халифтерді  алып тастап, исмаилиттер қабылдаған Әлидтер имамдарының билігін барша мұсылмандар жеріне орнату. Исмаилиттердің өздері дава деп атаған осы ағымның жолдауы ислам әлемінің көптеген аймақтарында Орта Азия мен Үндістаннан бастап, Йемен мен Солтүстік Африкаға дейін даи‑ діни‑саяси миссионерлер жүйесі арқылы таратылды.

Исмаилиттік даваның бірінші жемісі 909 жылы Африканың солтүстігінде Фатимидтер мемлекеті – давланың құрылуы болды. Бағдадтағы сүнниттік Аббасидтер халифатына қарсылық көрсететін шииттік халифатты шииттік исмаилит имам басқарды. 973 жылы Фатимидтік халиф‑имамдар өз астанасын 969 жылы Мысырды жаулап алғаннан кейін негізі қаланған Каир қаласына ауыстырды. Көп ұзамай Фатимидтер билігі  Сирия мен Палестина территорияларына таралды. Тіпті Бағдадта 1058 ‑1059 жылдары жұма намазындағы құтпа Фатимидтер халифінің аты аталуымен оқылды. Бірақ Фатимидтер Аббасидтерді құлата алмады, даваның басты мақсаты ‑ ислам әлеміне билік жүргізу жүзеге аспай қалды. Олар мемлекеттік аппараты жетілген, қаржылық жүйесі сенімді дамыған империя құра алды. Фатимидтер интеллектуалды қызметке қолдау көрсетіп отырды. Осы ісімен ислам мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Исмаилиттер тарихында фатимидтік кезең гүлдену кезеңі болды.  Ол кезде даи ‑ үгіт‑насихат жүргізушілер өз қауымында ғалымдардың да ролін атқарған. Олар экзотерикалық және эзотерикалық мәселелер жөнінде исмаилиттік мәтіндер корпусын жасады. Бұл  жан‑жақты білімі бар, әр түрлі оқу орындарын бітірген теологтар ислам ойына маңызды үлес қосып бірегей концепция жасап шығарды. Исмаилиттік дава тағдырдың салғанына қарай Фатимидтер территориясынан тысқары исмаилиттік даилар көбінесе қудаланған жерлерде табысқа жетті. Исмаилиттер «джазаир» деп атап кеткен аймақтарда, әсіресе Персия мен иран әлемінің басқа да жерлерінде, сонымен қатар Йемен мен Сирияда исмаилизм 1171 жылы Фатимидтер әулеті құлағаннан кейін де сақталып қалды.

X ғасыр барысында исмаилит авторларына таңылған ойдан шығарылған есептер мен жала жабулардың арқасында мұсылман ортасында антиисмаилиттік дәстүр қалыптасты. Бұл жалаларда исмаилизм ересьтен де жоғары исламды іштен құртуды көздеген ағымдай көрінеді. XI ғасырдың соңына қарай бұл антиисмаилиттік жалған пікірлер – «қара аңыз» исмаилиттер сенімі мен дәстүрін көрсететін нақты фактідей есептеліп, дүние жүзіне тарап кетті.

1094 жылы исмаилиттер қиын дағдарысқа тап болды, ол тағы да  мұрагерлікке байланысты   болды. Исмаилиттер низариттер және мусталиттер болып екіге бөлініп кетті.

Низариттік‑мусталиттік дағдарыс кезінде Персиядағы исмаилиттерді Хасан ибн Саббах басқарған болатын. Ол алғашқыда даваны әл‑Мустансир атынан жүргізді. Дағдарыс қарсаңында Хасан өзінің тәуелсіз революциялық бағытын қалыптастырып алған болатын. Ол революцияны селжұқ түріктеріне қарсы бағыттады. Бұдан сәл ертеректе 1090 жылы Хасан Персияның солтүстігіндегі Аламут қамалын басып алған еді. Сөйтіп, селжұқтарға қарсы ашық әскери көтеріліс басталды. Парсылар бар жан‑тәнімен сырттан келген басқыншыларды жек көреді. Хасан ибн Саббахтың көтерілісі діни‑саяси себептердің жиынынан туындады. Исмаилизммен қоса онда ирандық ұлттық сана ерекше көрініс тапты. Осы себептен Персияда қозғалыс халық тарапынан қолдау тауып, тез тарап кетті. Аламутты басып алу низариттік исмаилиттер мемлекетінің құрылғандығын білдірді. Бұл державаның өзіндік территориясы – Персия мен Сирияның әртүрлі бөліктеріндегі тау бекіністерінің жүйесі болды. Низариттік‑мусталиттік дағдарыста Хасан Низарды жақтап шықты. Сөйтіп, Фатимидтер режимінен тәуелсіз низариттік дава құрылды. Сол кезден бастап  Аламут низариттік исмаилиттер давасының бас пәтеріне айналды. Хасан және оның екі ізбасары низариттік дава мен мемлекетті ғайыпқа кеткен имамдар даиі ретінде басқарды. 1164 жылы ғайыпта болу кезеңі аяқталып, Аламутта Низардан бастау алатын низариттер имамы пайда болып, олар қауым мен мемлекеттің тағдырын өз мойынына алып ашық өмір сүре бастады. Персиядағы низариттік мемлекет өз өмірі барысында  көптеген қиындықтарды басынан өткерді. Низариттік мемлекет 1256 жылы моңғолдар шапқыншылығы қысымынан құлады.

XII ғасыр ортасында Сирияда низариттік исмаилиттердің тұрақты бекіністер жүйесі қалыптасты. Олар моңғол шапқыншылығынан аман қалды, бірақ 1273 жылы Мәмлүктер мемлекетінің сұлтаны Бейбарс қысымынан күйреді.

XV ғасырда низариттік исмаилизм қайта өрлеу дәуірін басынан кешірді. Ол низариттік исмаилиттер давасының жаңа орталығы Анджудан мекенімен тікелей байланысты.

 

Исмаилиттер тарихы қазіргі таңда маңызды оқиғаларға толы он екі ғасырды құрайды. Солтүстік Африкадан Орта Азия мен Үндістан түбегіне дейінгі мұсылман елдерінің көп тұрғындары өздерін исмаилит деп таниды. Исмаилиттер өз тарихында екі рет үлкен мемлекет құра алды. Олар ‑ Фатимид халифаты (909-1171ж.ж.) мен Персия мен Сириядағы низарит мемлекеті (1090-1256).

Диплом жазу барысында мынадай нәтижелерге қол жеткізілді:

  1. Исмаилизм тармағы шиизмнен бастау алып, оның имамат ұстанымын қабылдай отырып, уақыт өте келе тәуелсіз ағым ретінде қалыптасты.
  2. Исмаилиттер неоплатонизм негізінде құрылған айналымдық тарихи дамуды қабылдап, оны шиизмнің имамат ұстанымымен ұштастырған.
  3. Низариттік исмаилиттер мемлекетінің негізін қалаушы Хасан ибн Саббах өмірбаяны мен ассасиндер мемлекетінің тарихы әртүрлі дерек көздері негізінде біртіндеп қалыптастырылды.
  4. Исмаилиттердің 1256 жылға дейінгі имамдарының тізбегі қалыптастырылды.

 

Тақырыптың ауқымы өте кең болғандықтан, бір диплом жұмысында оны толық қамту мүмкін болмады.

     Бұл тақырып Қазақстанда да өзекті мәселелердің біріне айналып барады, сондықтан келешекте әлі де тереңірек зерттелетін болады.

Қазір исмаилиттер Азия, Таяу Шығыс, Африка, Европа және Солтүстік Америкадағы жиырма бестен аса мемлекетте өмір сүреді. Исмаилиттердің әлемдегі ең тығыз орналасқан мекені ‑ Тәжікстандағы Таулы Бадахшан ауданы. Онда 200 мыңнан астам исмаилит өмір сүреді.

Қазіргі исмаилиттер қауымы имамының бас пәтері Женева қаласында орналасқан. Исмаилиттердің қырық тоғызыншы имамы ұлы мәртебелі Кәрім әл‑Хұсейн Аға Хан VI 1967 жылы құрылған өзінің қайырымдылық қоры арқылы исмаилиттер қауымының гүлденіп дамуына жағдай жасап, олар көп орналасқан аймақтарды қамқорлыққа алып отыр./10,3/                           

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

 

Зерттеу еңбектер:

  1. Фархад Дафтари. Традиции исмаилизма в средние века. Москва, 2006г.
  2. Фархад Дафтари. Краткая история исмаилизма. Москва, 1998г.
  3. Иванов М.С. История Ирана. Очерки. Москва, 1977г.
  4. Әл‑Хасан ибн Мұса ан‑Наубахти. Шиитские секты. Москва, 1993г.
  5. Петрушевский И.П. Ислам в Иране в VIII-XV веках. Москва, 1966г.

 

 

Интернет ресурстарынан алынған мәліметтер:

  1. Бартольд В. Культура мусульманства. Москва, 1966г. http://www.krotov.info/libr_min/b/bartold.html
  2. Брик Е.А. Выбить фундамент из-под фанатиков. Статья.2002г. http://atheismru.narod.ru/Atheism/society/Brik.htm
  3. Голяндин А. Ассасины или Люди гашиша. Статья. http://www.znanie-sila.ru/online/issue­_1661.html
  4. Исмаганбетов Т. О некогда грозных ассасинах. http://www.continent.kz/2001/18/08/html
  5. Куслий П. Ассасины у границ России. Статья. 2003г.
  6. Опарин А.А. В поисках бессмертия. Археологические исследование Первой книги Царств. http://www.nauka.bible.com.ua/bessmertie/1-02.htm
  7. Орлов А. Ага-Хан IV, исмаилиты, НАТО и международный терроризм. Статья. http://www.e-journal.ru/p_besop-st8-18.html
  8. Петраш Ю.Г. Мусульманское сектантство. 2001г. http://www.proza.ru/texts/2001/09/14-133.html
  9. Прокопенко В. Шиизм и шиитское сектанство. Исмаилиты и карматы. Статья. http://gullgroup.narod.ru
  10. Семенов Ю., Горбовский А. Люди «Старика с гор».Статья.2004г. http://www.jewukr.org/observer/eo2003/page_show_ru.php?id=630
  11. Смирнов А. Исмаилизм как философское течение. Статья.1999г.

     http://humanities.edu.ru/db/msg/24590

  1. Смирнов А.В. Христианские мотивы в религиозно‑философских концепциях суфизма и исмаилизма. Статья. Журнал Восток, №6,1993г.с. http://edu.ru/db/msg/24741
  2. Сухова И. Гибель Черного ордена. 2004г. http://www.archeology.ru/phpBB2/viewtopic.php?t=1187
  3. Юрков А. Ага-Хан, который построил мост. Российская газета, 29.12.2006, с.11 http://www.arba.ru/news/1030

 

 

  1. Возникновение арабо-исламской философии. 2006г. http://artarab.5bb.ru/viewtopic.php?pid=950
  2. Возникновение ислама. http://borz-wolf.ucor.ru/forum/27-446-1
  3. Исламские секты. http://afrikafriend.4bb.ru/viewtopic.php?id=806
  4. Ислам как он есть. Электронный журнал «Ислам – регилия истины». Выпуск №10 09.09.2000г. http://islam.boom.ru/subs/10/html
  5. История Ассасинов, тайного ордена сарацин. Статья. 13.09.2001г., http://www.rolemancer.ru/sections.php?op=viewarticle&artid=1137
  6. История ордена Ассасинов. http://Izband.narod.ru/history.htm
  7. Полная история ассасинов. http://artassasins.narod.ru/str6.html
  8. Убийство как искусство:история ассасинов. 11.11.2004г. http://www.ural.ru/news/life/news-44365html

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қосымша мәліметтер

 

Имамиттік шииттер имамдарының тізімі:  

 

 

  1. Әли ибн Әбу Тәліп әл‑Мұртаза («Таңдаулы», 661 жылы өлтірілген);
  2. Хасан ибн Әли (669 жылы қайтыс болған);
  3. Хұсейн ибн Әли әл‑Шахид («Шахид», 680 жылы қаза болған);
  4. Әли Зейн әл‑Абидин (713-714 жылы қайтыс болған);
  5. Мұхаммед әл‑Бакир (732 жылы қайтыс болған);
  6. Джафар ас‑Садық (765 жылы қайтыс болған);
  7. Мұса әл‑Казим (799 жылы түрмеде қайтыс болған);
  8. Әли ар‑Рида (818 жылы қайтыс болған);
  9. Мұхаммед ат‑Таки (Джавад, 835 жылы қайтыс болған);
  10. Әли ан‑Наки (868 жылы қайтыс болған);
  11. Хасан әл‑Асқари ( 873 жылы қайтыс болған);
  12. Мұхаммед әл‑Махди (874-878 жылдар аралығында ғайып болып кеткен).

 

 

 

 

 

 

Исмаилиттік шииттер имамдарының тізімі:

 

 

  1. Әли ибн Әбу Тәліп әл‑Мұртаза («Таңдаулы», 661 жылы өлтірілген);
  2. Хасан ибн Әли (669 жылы қайтыс болған);
  3. Хұсейн ибн Әли әл‑Шахид («Шахид», 680 жылы қаза болған);
  4. Әли Зейн әл‑Абидин (713-714 жылы қайтыс болған);
  5. Мұхаммед әл‑Бакир (732 жылы қайтыс болған);
  6. Джафар ас‑Садық (765 жылы қайтыс болған);
  7. Мұхаммед ибн Исмаил (Джафар ас‑Садықтың немересі, 795 жылы қайтыс болған).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Фатимидтер әулетінің халиф‑имамдары (909-1171 ж.ж.):

 

  1. әл‑Махди (909-934 ж.ж.);
  2. әл‑Қайым (934-946 ж.ж.);
  3. әл‑Мансұр (946-953 ж.ж.);
  4. әл‑Муизз (953-975 ж.ж.);
  5. әл‑Әзиз (975-996 ж.ж.);
  6. әл‑Хәкім (996-1021 ж.ж.);
  7. аз‑Захир (1021-1036 ж.ж.);
  8. әл‑Мустансир (1036-1094 ж.ж.);
  9. әл‑Мустали (1094-1101 ж.ж.);
  10. әл‑Әмір (1101-1130 ж.ж.);
  11. әл‑Хафиз регент ретінде (1130-1132 ж.ж.);

                      халиф ретінде (1132-1149 ж.ж.);

12.әл‑Зафир (1149-1154 ж.ж.);

  1. әл‑Фаиз (1154-1160 ж.ж.);
  2. әл‑Әдід ( 1160-1171 ж.ж.);

 

 

 

Аламуттың низариттік исмаилит билеушілері (1090‑1256 ж.ж.):

 

     Даи немесе худжжалар:

  1. Хасан ибн Саббах (1090-1124 ж.ж.);
  2. Кийа Бозорг‑Үміт (1124-1138 ж.ж.);
  3. Мұхаммед ибн Бозорг‑Үміт (1138-1162 ж.ж.);

 

Имамдар:

  1. Хасан ала зикрихи с‑салам (1162-1166 ж.ж.);
  2. Нұр ад‑Дин Мұхаммед (1166-1210 ж.ж.);
  3. Джалал ад‑Дин Хасан (1210-1221 ж.ж.);
  4. Ала ад‑Дин Мұхаммед (1221-1255 ж.ж.);
  5. Рукн ад‑Дин Хуршах (1255-1256 ж.ж.).