Жоспар
Кіріспе…………………………………………………………………………………………..
Негізгі бөлім………………………………………………………………………………….
І тарау
Тележурналистиканың интегративтік функциясы және руханият әлеміндегі көкейкесті мәселелері……………………………………………………..
ІІ тарау
«Қазақстан» және «Хабар» телеарналарындағы адамзатқа тән құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалардың шығармашылық сипаты……………………………………………………………………………………………
Қорытынды…………………………………………………………………………………….
Сілтемелер тізбегі…………………………………………………………………………..
КІРІСПЕ
Қазір жер беті халқтарының телевизиялық өнімдерсіз өмір сүре алмайтындығы баршаға аян. Бүкіл әлемдегі телеарналардың қай-қайсысын алсаңыз да адамзат үшін аянбай қызмет ететін, мақсаты мен мүддесі айқын ғаламат идеологиялық күшке айналып барады. Сондықтан көгілдір экранның құпиясы көрерменін лезде елітіп, баурап алуға дайын тұрады десек, оны телевизиялық көрсетілімдердің әр қырынан саралап беру қиынға соқпайды. Бірақ біздің айтпағымыз, сол рухани өнімдердің сипаты қазіргі адам тәрбиелеу ісіне керісінше тойтарыс беріп отыр десе де болғандай. Батыстың шым-шытырық, айқай-шу мен анайылыққа негізделген, одан қалса адам нанғысыз айуандық сипатқа тән көрсетілімдері жайында бүгінгі БАҚ аз қозғап, бәсең айтып жүрген жоқ. Сол себепті «Адамзатқа тән құндылықтарды насихаттаудағы тележурналистиканың рөлі» атты тақырыпты бітіру жұмысымызға арқау етуіміз осыдан кейін өздігінен түсінікті болса керек-ті. Өйткені, тақырып бұрын-соңды айтылып жүрген мәселелерді қайта тізбелеп шығуға емес, көтерілген мәселелерге қатысты отандық телевизиямыздың дәл қазіргі күйінде қандай қадамдарға баруын зертеп көруге жетелейді. Олай болса бітіру жұмысының мақсаты мен міндеті де айқын: бүгінгі жаһандану дәуірінің көшімен қатар жылжып бара жатқан төріміздегі көгілдір экранымыздың ұлттың жан-дүниесіне әсер етер түрлі қауіп-қатерлерден сақтану жолын анықтап, нендей іс-қимылдар жасау керектігін ой елегімізден өткізу.
Күнделікті таңертеңнен қара кешке дейінгі өмірімізде талай ақпаратты қабылдап жатырмыз. Оның тең жартысынан астамы жадымызда берік жатталып та қалады. Солардың ішінде жаманы-жақсысы да, зияны-пайдалысы да аралас жүреді. Бір өкініштісі, сол ақпараттарды елеп-екшеп, артығын, яғни санамызға улысын ысырып тастау бізде жоқ әдет. Демек, қайтсек халқымыздың мақсат-мұратымен ұштасар, ұлттық құндылықтарын насихаттайтындай, адамзаттық санасына оң ықпал етер көрсетілімдерді талдап-таразылап, оны байытудың түрлі жолдарын қарастырамыз деген мәселе бітіру жұмысының өзектілігі болып табылады. Бұл ретте жұмыс барысында зерттелетін тараулардың бірі де «Тележурналистиканың интегративтік функциясы және руханият әлеміндегі көкейкесті мәселелерге» арналып, ал басты нысаны ретінде «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарындағы адамзатқа тән құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалар таңдалып алынды. Яғни, аталған телеарналардың адамзатқа тән құндылықтарды насихаттаудағы шығармашылық сипаты сарапқа салынып, ондағы кемшін тұстарды дөп басып, алдын алудың амалдарын іздестіруге талпынып көрдік. Рас, соңғы кездері телеарналардан әлдеқандай «тосын» жаңалықты күтетін болып алдық. Теледидардың құдіреттілігі де осында жатыр. Ел ішіндегі елеулі жаңалықтар өте-мөте елене қоймай, керісінше әлемдегі апат, соғыс сияқты соңғы суыт хабарлар елең еткізетін жағдайға бой алып барамыз. Демек, теледидар өзінің аудиовизуалдық қасиеті арқылы адам санасын сиқырлап алуға дендеп барады. Мәселе, енді сол ақпараттардың адамзат баласына берер пайдасы мен мән-маңызында болып тұр. Ал отандық беткеұстар қос телеарнамыз – «Қазақстан» мен «Хабардың» қабілеті адам санасын дұрыс жолға бағыттап, өнегелі тәрбие көзіне айнала алып отыр ма?
Күнделікті эфир төрінен орын алып жатқан бағдарламаларды айтпағанда жұмыс барысында біз мынадай жайттарды да қаперімізге алдық. Біріншіден, аталған телеарналар жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауда танымдық деректі фильмдер легін дұрыс ұсына алып жатқан жоқ. Жалпы, деректі фильмнің ұлттық мәдениетті сомдап, саралап, таразылап, байытуға келгенде берері мол берекелі шығармашылық өнім екенін айтпасқа болмас. Ең бастысы оның халықты тәрбиелеуге қосатын үлесін айрықша деп түсіну керек. «Хабар» телеарналарындағы деректі фильмдердің берілуі әлі де болса мол шығармашылықты қажет етеді. Олай дейтініміз, арналардың эфиріндегі деректі сериалдардың басым көпшілігі шетелдік туындылармен келе жатқанын мойындауымыз керек. Оған бұған дейін «Хабар» арнасының эфирінен беріліп келген «Табиғат әлемі», «Еуропаның ғажайып қамалдары», «Расчищая джунгли» сияқты т.б. фильмдерді жатқызсақ болады. Сондай-ақ, бұлардың қатарына “Қазақстан” телеарнасындағы «Ғылым және өмір», «Адамның микроорганизмдері», «Хайуанаттар әлемі», «Жер жаһанға саяхат» деректі сериалдарын қосамыз. Қос телеарнадағы аталған өнімдердің, әрине, көрерменге аударма арқылы тарап жатқаны мәлім. Ал тура сондай форматтағы туындыларды осы арналардың өздерінің жасауына шамасы жетер еді. Дегенмен, бұл арналардағы деректі туындылардың барлығын жоққа шығаруға болмас. Мысалы, «Хабардағы» мерзімді беріліп тұратын «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Ел ағалары», «Сәулет сыры» сияқты деректі фильм жанрындағы көрсетілімдер үнемі көрермен назарында келеді. Ал бір кездері «Қазақстан» телеарнасының арнайы түсіріліміне ие болған деректі туынды – «Бір бала» қысқаметражды фильмінің өміршеңдік деңгейі әлдеқайда жоғары болды. Және бұған тағы бірнеше мысалдар келтіре беруге болады.
Қазір «Россия», «НТВ», «BBC» және Батыстың басқа да телараналарындағы арнайы деректі фильм жасаумен айналысатын шығармашыл топтар бүгінгі мен кешегі тарихтың беймәлім сырын, танымдық тәрбие әлемін ғажайып көк сандық арқылы көрсетуге көшкені қашан. Бұл ретте отандық телеарналардың экранды көркем кадрлермен өрнектей білуі дәл қазіргі күні ұлттық эфирімізге жетіспей тұрған мәселе.
Екіншіден, аталған арналардағы отандық киноның насихатталу жайы да ұлттық санамызды тәрбиелеуге орасан зор күш беретінін айтып өткіміз келеді. Өкініштісі, сол тағы да шетелдік сериалдар мен түрлі бағыттағы фильмдердің әлі де саябыр табатын емес. Ал қазіргі қазақ киносында жанрлық жан-жақтылық жетіспейді. Бізде басынан аяғына дейін деміңді ала алмай көретін детективтер, кейіпкерлерінің бастан кешкен хикаяларының өзі қызық шытырман оқиғалы экшн-туындылар, өмірге деген құштарлығыңды арттырып, кинозалдан шыға сала танымайтын адамдарыңа да әлдеқандай жақсылық жасауға ұмтылдыратын тамаша отбасылық-тұрмыстық мелодрамалар, күлдіре отырып ойландыратын лирикалық комедиялар, езу жиғызбайтын эксцентрика, сюжетіне ән-биі шебер қиюласқан мюзиклдер жоқ. Сол сияқты біздің фильмдерден қазақ даласының тамаша табиғатын да көре алмайсыз. Ал нағыз отаншылдықты оятар сезім — өз ұлтыңның керемет сұлулығын ұғыну мен өз жеріңнің ғажайып көрікті екеніне көз жеткізуде жатыр.
Үшіншіден, журналистика ұлттық идеологияны қалыптастырушы негізгі құрал десек, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухтың дәнін себу үшін және жалпыадамзаттық құндылықтар негізіне баулуда бүгінгі жас бүлдіршіндердің, әсіресе қазақ балаларының рухани қажеттілігін қанағаттандыру мәселесі бізде әлі жүйесін таппай келеді. Ал балалар бағдарламасын тек ертегімен ғана елестететін кез әлдеқайдаға өткен сияқты. Иә, балаларға арналған хабарлардың жанры да бөлек. Маңыздылығы сол, ондай дүниені ересектер баланың көзімен жасай білуі тиіс. Балаларға арналған бағдарламаларды жасауда тәрбиелік пен көркемдік сипатқа аса мән берілуі шарт.
Міне, осы айтылған дүниелерді саралап, салмақтай келе түйткілдерді шешу жолында тың ұсыныстар ұсынып, қорытынды жасау бітіру жұмысының жаңалығын танытса керек. Ондай жаңалық өз кезегінде кез-келген БАҚ өкілі мен ұлтын сүйер болашақ журналист қауымы үшін таптырмас азық. Жұмыстың тәжірибелік құндылығы да осында жатыр. Ал бітіру жұмысының зерттеу әдісі салыстыру, сараптау және ұсыныс енгізуді қатар алып жүрді. Еңбектің құрылымы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланған сілтемелер мен әдебиеттер жиынтығын қамтыды.
І тарау. Тележурналистиканың интегративтік функциясы және руханият әлеміндегі проблемалар
Тележурналистика бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы, соның ішінде орасан зор мүмкіндіктерді иеленетін жүйе. ХХІ ғасыр адамзат игілігіне ұсынған ұлы жаңалығы адам баласының көзқарасына, ой – санасына тікелей әсер ететін идеологиялық құрал. Рухани нәр мен эстетикалық әсер беретін өнердің өзгеше бір түрі. Қазіргі таңдағы уақыт аясынан «ақпарат ғасыры» деген ұғымды иеленіп отырған кезеңде тележурналистиканың ақпарат кеңістігінен алатын орны айрықша.
Тележурналистің көпшілікпен сырласуы, өзімен — өзі кеңесетін шақтары қашанда қоғам, ел мүддесімен, адамзаттың көкейкесті арманымен ұштасып жатады. «Тележүргізуші жүрек түбінде өзін толғантқан сырын өзгеге айтады. Телехабарда автор тақырыбын тереңнен толғап, содан әлі өзгелер көрмеген шынайы көріністі табу жолында ізденіске түседі. Әңгімелеуші өз ойын, айтайын дегенін әңгімелеу кезінде сарықпай тынбауы тиіс. Хабар барысында жүргізушінің тақырып өзегінен шықпай, әңгіме көпшілікке мейлінше ұғынықты, ықшам айтылуы тиіс. Қосалқы сөз, артық тіркес болмауы, әңгімелеушінің айтамын дегенін жеріне жеткізіп, шағын көлемде шебер суреттелуі – парыз. Кадрдан тыс мәтін не жүргізушінің сөйлеуі көпке ұғынықты сөйлемдерге құрылғаны жөн. Бұл көрерменнің көрініс пен мәтінді есінде ұстап қалуына, әрі хабар туралы өзіндік пікір қалыптастыруына. Жүргізушінің аудиториямен жанды байланысында оның тілге жетіктігі мен майда биязы қоңыр үнді көрермендерді теледидар алдына көптеп тартады. Әрі хабарды жүргізу кезіндегі қонақтардың талғам таразысының қандай екендігінен жүргізушінің хабардарлығы да студияда жылы байланысқа негіз қалап отырады.»[1]
Көрермендерге экранда оқиғаны хабарлау кезінде фактілер мен теориялық тұжырымдар, салыстырулар мен дәлелдердің, көрнекі суреттердің мол болуы аудитория мен студия арасын жақындастыра түседі. Өйткені фактіні іріктеу, оны сөзбен суреттеу кезінде автордың тақырыпқа шын жетіктігі айқындалып, ашыла түседі. Көрермендер жылдар өткен сайын рухани жағынан өсіп – жетіліп, байыпты бола бастады.
Журналист адамдармен қарым – қатынас жасай жүріп, өмірдің таңғажайып сырларына қанығады, өзінің ой – түйсігін тереңдетеді. «Бұл журналисті байқағыштыққа тәрбиелейді, ойдан ой туғызуға көмектеседі, рухани әлемінді байытады. Маман ретінде басқа жұрттан ерекшелігіңді байқатады. Өзгелер аңғармағанды журналистің аңғаруына мүмкіндік береді». [2]
Қазіргі заманғы тележурналистикада әлеуметке ықпал ететін, көрермендерге бағыт бағдар сілтейтін мүмкіндіктер жеткілікті. Теледидар бағдарламаларындағы ықшамдылық, өткірлік, айқындылық, маңыздылық тележурналистикаға қойылар басты шарттар. «Қарапайым хабардың өзі телепублицистикалық үнмен естіледі, оқиғалық ақпарат қоғамдық пікірді қалыптастырады, информациялық заметка да публицистикада басқаша көрініспен танылады» — дейді, Е. Прохоров. [3] Минут, сағат сайын сан – саладан ағылып жатқан ақпараттар тасқынында өткір де маңызды идеялар мен пікірлер жетерлік. Бізде хабар авторы елеулі проблеманы алып, соны экранға шығарғанымен де, оны тиімді, әсерлі жеткізу жолдарын іздестіре бермейді. Шағын сюжет не көлемді хабар болсын, онда тақырып актуальді, тосын, тың, маңызды болып, қоғамның мәнді проблемасын өзек етсе, әрі ол автордың тақырыпты жан – жақты аша білуімен іштей қабысса, көрермен де одан сырт қалмайды.
Хабардың тақырыптық ауқымы мол, идеялық деңгейі биік, әлеуметтік философиялық мазмұны терең болуы шарт. Көркем жанрдың үлесі тек сыр шерту емес, сонымен қатар үлкен әлеуметтік, қоғамдық, тіпті бүкіл адамзаттық тақырып бойынша азаматтық үн көтеру, терең ой толғау, заман кеселін қозғау болуы керек — ті. Теледидарда «барлаушыға тән – тапқырлық, ғалымға тән – тереңдік, білгірлік, күрескерге тән – табандылық, істі ақырына дейін апара білетін алғырлық, батылдық болуға тиіс». [4] Автор мен редактор, жүргізуші мен режиссер – оператор түсірілмек тақырыпты егжей – тегжейлі танымақ керек. Ал қолына микрофон ұстаған тележүргізуші байқау да, байыбына бару да оңай, өтіп жатқан күнделікті өмір ғой деп ойлайды. Қазіргі заман оның кейіпін көріп, біліп қоюда ғана емес, ол ұшқыр қиялға нәр беретін, әр түрлі деректердің көзге көрінуге тиіс ішкі үндестігін тап басып тануда. Бүгінгі күннің тұтас көркем суретін көңілге таңбалау, оны ақыл – ой қазанында қайнатып, экран көзіне лайықтап, шынайы картина дәрежесіне жеткізу үшін өмір тұнығына терең бойлау керек.
«Сценарийде бейнелердің типтік мінездерін жасау кезінде автор өмір шындығын бұрмаламай, кездейсоқ емес, шыншыл құбылыстарды көре білуі керек. Шеберлік ең алдымен, осыдан басталады. Сценарийдегі нақты кейіпкерлер арқылы автор белгілі бір заманның, әлеуметтік ортаның жетекші ерекшеліктерін танытуы тиіс. Кейіпкерді өмірде кездесетін түрлі қиындықты жеңу үстінде көрсетсе, кей сәттерде өмірдің көлеңкелі жағын баса суреттеуге жол беріп жатады. Өмір шындығы – жаңа өмірді, жаңа көзқарасты, жаңа қарым – қатынасты орнықтыру тұрғысынан бейнеленеді.» [5]
Теледидар бағдарламаларының тақырыбы жағынан өте ұнамды, ал мазмұны жағынан көрермендерге мейлінше ұғынықты болуы – экран шарттылықтарының бірі. Тақырып өмірдің өзіндегі бар құбылыстар мен әрекеттерден туындайды. «Саяси мәні бар, кезең қойып отырған міндеттерге жауап беретін, жұрттың назарын аударатын тақырыпты таңдай білу аса қажетті шарт», — дейді профессор Т. Амандосов. [6]
Эфирдегі телехабардың берер тағылымы мол. Ұлттық діл, ұлттық сезім, ұлттық рух, ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық болмыс – бітім бойымызға ананың сүтімен, әженің тілімен, ата – бабамыздың салт – дәстүрімен қалыптасса, соны дүние жүзі халықтарына бар артықшылығымен танытуда телеэкранның атқаратын қызметі ұшаң – теңіз.
Аға ұрпақтың өкілдері атасы мен әжесінің аңыз – ертегілерін тыңдап, олардың сөз саптау, ой құрау мәнерін көріп, таза қазақы ортада өсті. Ал соңғы кездері ұлттық орта қалалық жерлерде жоқ деуге болады. Осы тұрғыдан, жас ұрпақтың мәңгүрттену бағдарының одан әрі жалғасуын тоқтату, оларды халқымыздың рухани дүниетаным негіздерінен ажырап қалмау ісінде ақпарат құралдарының, соның ішінде теледидардың атқарар рөлі зор. Теледидар кеше де, бүгін де шын мәніндегі «тәрбиешіге» айналып отыр. Тек, жастарымыздың ғана емес, ол күллі елдің тәрбиешісі болуда. Ақпарат құралдары арқылы халық санасына кез келген идеяны сіңіруге болатындығы дүниежүзілік тәжірибеде толық дәлелденді. Демек, қазақ халқының ұлттық қайта жаңғыруы, оның бірігуі, ұйысуы, мемлекеттігін нығайтуы сияқты аса күрделі құбылыстар ақпарат құралдары арқылы жете түсіндірілгені орынды. Осы бағытта теледидарға жүктелер мәдени – рухани шаралар ұшаң – теңіз. Соған орай, кезінде халық ықыласын өзіне еріксіз тартқан «Шаңырақ», «Алтын сақа» атты сауықтық – тағылымдық көрсетулердің бергені мол. Бұлар бір жағынан қызықты ойын – тамаша ретінде қабылданса, екіншіден ойын – сауық ретінде көпшілікке, соның ішінде жас толқынға халық тарихынан, оның салт – дәстүрлері мен ұлттық рухына тән ұғым – түсініктерінен маңызды деректер беріп, оны ұрпақ санасына сіңіру арқылы қыруар тәрбиелік жұмыстарды жүргізді. «Мұндай бағдарламалар еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін , үлкенді – кішіні толық қамтитын бағдарлама. Соңғы жылдары жас ұрпақтың белгілі бір бөлігінің ұлттық тәрбиелік ортадан тыс өмір сүруі, мәңгүрттенуі сияқты келеңсіз құбылыстармен қатар, қазақ отбасында халқымызға жат, жағымсыз құбылыстар жиі кездесетін болды» — дейді, Ш. Битаева. [7] Бүгінгі жас балдырған ертең еліміздің тұтқасын ұстайтын азамат болады.
Көгідір экран арқылы аудиторияға хабар таратудың маңыздылығы орасан зор. Жаңа ақпарат ғасыры кезеңінде жоғары дәрежеде дамыған технологияның көмегімен, қоғамдық көңіл – күйде, қарқынды түрде эволюциялық процесс жүріп жатыр. Сондықтан теледидар табиғаты, тележүргізушінің қызметі қандай деген мәселенің алдыңғы кезекке шығаруы заңды болып табылады. Жаңа ақпараттық ғасыр кезеңінде электрондық бұқаралық ақпарат құралдары көпшіліктің дүниетанымын, өзіндік көзқарасын қалыптастыруда ерекше белсенділік танытып отыр. Өйткені, бүгінде әлем тез өзгеріп, тез жаңаруда. Адамзат өркениетінің әлемдік даму эволюциясы жеке адамның сезіміне ақпараттың барлық түрімен әсер етуде.
«Теледидар өз бойына театр мен киноның, баспасөз бен радионың сан қырын тоғыстырған синкретті өнер түрі болғандықтан, оның табиғатының да күрделілігі өз — өзінен айқындала түседі. Ол тележурналистиканың негізгі бейнелеу элементтері жанды көрініс пен дыбыс, мәнерлі сөз арқылы аудиториямен байланыс орнатады.» [8]
Теледидарда көркемдік, публицистикалық сарын жалпы журналистиканың заңдылықтарынан туындайды. Телеэкрандағы хабарлардың көркемдік деңгейі, ішкі құрылымының қуаты, кіріспе сөздерден бастап шарықтау шегіне, шешім табуына дейінгі сыңарлар әрбір бағдарламаның өн бойынан көрініп отыруы тиіс. Мысалы, теледидардың әдеби – драмалық хабарларында әдебиетке тән көркемдік тәсілдер барынша еркін сақталып қолданылады. Эфирдегі көрініспен қатар естілетін не сөйленетін сөздің дыбыс мүмкіндіктеріне, дауыс ырғағына қарай құбылып, әсер, ықпалының арта түсетінін ескерсек, қойылымдардағы әдіс, тәсілдер сөздің реңін ашып, ойдың бейнелі түрде көрермендерге эстетикалық ләззат беріп, құлақтан кіріп, санаға сіңіп қалатындай көркем дүниелер ұсынуына мүмкіндік туғызады. Хабарлар тілінің шұрайлылығы, онда троптардың (эпитет, метафора, антитеза, теңеу, аллитерация, гипербола т.б) мол қолданылуы бір мезгілде көрермендердің санасына ғана емес, сезіміне де әсер етеді. Сондай – ақ, теледидардың акустика мен бейнеге қатар ие екендігін ескерсек, хабардың көрерменді әсемдік әлемімен бірге тәрбиелік қасиеттерге үндейтіні ақиқат.
«Тележурналисте тарих, мәдениет, ғылым туралы жүйелі ой, толымды пікір болмаса, мұның түйіні – теледидардың өз аудиториясын жоғалтуына әкеліп соғады.» [9] Радиолампаны ойлап табушы, американдық Ли де Форестаның сөзімен айтсам: «… Сіздер менің балаларыма не істедіңіздер. Ол қоғамның дамуы, әрі әсем музыка мен мәдениетті насихаттаудың өткір қаруы түрінде ойластырылған болатын. Сіздер, оларды көшеге шығарып, тобырдан ақша жинауға дейінгі дәрежеге дейін жеткіздіңіздер». [10] Осыған орай, бүгінде теледидардың қоғамдық тәрбиешілік әрі ағартушылық рөліндегі маңыздылығы баршамызды толғандырады.
Көрермен сезімінде әлдеқайда көркем фильмнің қабылдануы кинотеатрдағыдан өзгеше. Талғамдық жағынан теледидарда көңіл – күйге әсер етушілік кинодағыдан үстем. Ол репродукция, фильмнің ішкі құрылымын өзгерту, көркем полотно, симфония, эстрадалық концертті қабылдау үрдісі кезінде оны «қайта жасауға» тіптен құдіретті. Теледидардың комуникативтік міндеті, оның аудиториямен тікелей қатынас кезеңінде көрерменнің түрге деген қызығушылығын тудыратындығын осыдан байқауға болады. Олардың кейбіреулері мыналар: телеқабылдау кезеңінде көпсериялылықтың бұлдыр сағым түзуі; қабылдаудағы тұрақсыздығы; ұзақтығы; деректілігі; айдар тізбектің телефильмің әсер ету тетігіне сүйенуі. Айырмашылығы, тізбек әлде айдар тақырыбына біріккен кез келген хабарлама сюжеттік жағынан тұйық әрі шексіз мүмкіндікке ие. Тәжірибеде телетізбек не айдардың ұзақтығы тақырыптың мазмұнына да қатысты.
«В. Вильчек, А. Вартанов, Ю. Богомолов, Р. Копылова т.б зерттеушілер, теледидардың қайталампаздық әмбебаптығын, телехабарламаның өзіндік эстетикалық маңызды алғы шарты деп бағалап, әрі теледидарды өнердің өзінен бұрынғы түрлеріне мәнерлік әсерін сезінетіндігін мойындайды.» [11] Шын мәнінде, уақыт өткен сайын теледидар көпшілікпен бірте – бірте жақындасу сатысын бастан өткеруде. Сонымен бірге экранда көрермен, шығарма және суретшінің шынайы қатынасы іштей түсіністікке ұласып, ол өзара жымдаса түсуде. Осының нәтижесінде теледидардағы айшық әрбіріміздің сырбаздық сезімімізге күн сайын өзгеше бір айқындықпен әсер етуде.
«Телевизионная журналистика» оқулығында тележурналистиканың жеті түрлі функциясын атап көрсетеді. Олар: ақпараттық функция, қарым – қатынас жасау функциясы, тәрбиелеу функциясы, үгітшілдік, насихатшылдық, ұйымдастырушылық функциясы, интегративтік функциясы, мәдени – ағартушылық функциясы, рекреативтік функциясы.» [12]
Менің дипломдық жұмысымның негізгі өзегі тележурналистиканың интегративтік функциясы болып табылады. «Яғни, интегративтік функцияның атқаратын қызметі адамзатқа тән құндылықтарды адамзат баласының (адамға қатысы бар) бойына сіңіру, соның бәрінің кез келген адамға қатысы бар дүние екенін олардың әрқайсысына ұғындыру. Өмірдегі таңғажайып нәрселерге етене араласып одан ешкімді шет қалдырмау. Әлбетте, әр көрерменнің талғамы әр түрлі. Интегративтік (шоғырланған, бірлескен) функция теледидардағы хабарлардың барлық түрінде дерлік жасалады. Публицистика, көркем өнер, спорт және тағы басқа функциялармен тығыз байланысты.» [13]
Осы жерде адамзатқа тән құндылықтар дегенге түсініктеме беріп кетсем. «Адамзатқа тән құндылықтар ол: халықтың ұлттық тілі, ұлттық мінез – құлқы, ерекше адамгершілік қасиеттері, ауызша – жазбаша ұлағатты тәлім – тәрбиелік мәні бар даналық өсиеттері, мақал – мәтелдері, әдеби және музыкалық шығармалары, салт – дәстүрлері, ділі мен діні, ойындары, мерекелері, халықтың еңбек құралдары, сәулет өнері, кәсібі, киімдері, тұрмыстық тұтыну заттары мен құралдары, қолданбалы өнері және т.б.» [14] Мысалы, сәулет өнеріне жататын әлемнің жеті кереметі бүкіл адамзатқа тән ортақ құндылық. Оған Мысыр пирамидалары, Вавилонның аспалы бағы, Эфес Артемидасының ғибадатханасы, Галикарнас мавзолейі, Радос алыбы, Александрия маягі, Олимпиядағы Зевс мүсіні жатады. Және де Тәж – Махал Ақ дидарлы кереметі мен Ұлы Қытай қорғанын осы тізімге жатқызамыз. Аталған әрбір кереметтің өзіне тән тарихы бар.
Мәселен, бірінші кереметтің қатарынан көрінген, Мысыр пирамидалары туралы ғалымдарда қанша ой болса , осы бір тарихы дүниелер туралы журналистердің зерттеген дүниелері де өте көп. Мысырдағы перғауындардың (фараон) төртінші әулеті – Хафу (Хеопс) мен Хафраға (Хефрен) орнатылған зәулім қабыр түрі заманды бастан кешсе де, өз құндылығын сақтап экран арқылы көреременге жол тартты. «Пирамидалар салынғаннан кейін Мысыр мемлекеті үш мың жылдай өмір сүрді. Талай перғауын мен патша тақтан тайды, алайда, Мысыр мәдениетінің бастауында дүниеге келген пирамидалар өз еліндегі ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі ең құдіретті ғимарат болып қалуда. Пирамидалардың биіктігі 137 метірлік зәулім ғимараттың әрқайсысы мұқият өңделген 2300000 мың әктастан қаланды» [15] деген мәліметтер ғаламдардың еңбектерінде зерттеліп, БАҚ арқылы халықтың назарына ұсынылды.. Осыған байланысты Герадоттың тарихи еңбектерінде мынанадайда мәліметтер жоқ емес. «Ғұламаның ойынша, дүниенің жеті кереметінің қатарынан көрінген, дүние жиырма жыл бойы салынған деседі. Сондай-ақ құрылыс жұмысымен бір мезгілде жүз мың адам айналысып, олар әрбір үш ай сайын ауыстырылып отырған деген ақпарды оқымысты алға тартады.» [16] Осы сияқты құнды ойлар өте көп. Дегенмен сол бір кереметтің ашылмаған құпиялары турасында шетеледік телеарналар жүйелі зерттеулер жүргізіп, халықққа құнды бұрынды соңды айтылмаған ақапарат беруді көздейді. Мұндай, адамзаттың рухани мәдениетінен көрерменге жаңалық ұсыну арқылы, БАҚ ұжымы жұртшылықты тарихи мәдени оқиға ұсыну арқылы сол телеарна немес газет арқылы өз рейтингін көтерудің бір тәсілі. Ал БАҚ-тың озық болуы қоғамда айтарлықтай рөл ойнайды. Десекте отандық телеарналарда еліміздің тарихи мәдениетінен, ертедегі көшпенді қазақ жұртының тұрмыс тіршілігінен мағлұмат беретін бағдарламалар саусақпен санап аларлық.
Сол сияқты пирамидадан бөлек Вавилонның аспалы бағы, сондай-ақ Эфес Артемидасының ғибадатханасы, Галикарнас мовзолей
туралы журналисттік зерттеу жұмыстарда жоқ емес. Сонымен қатар Қытайдағы ұлы қорған, Александрия маягі, Омилпиядағы Зевс мүсіні Европа құрылығындағы әлемнің жалғыз ғана кереметі. Осындай дүниелерден тұщымды мәлімет беретін, шетелдік « Evro News » , «ВВС», «Аль жазира», сынды телеарналарында «history» сынды айдарларының рухани құндылық, әр елдің төл тарихы туралы айтары мол. Осы және өзге елдердегі көші ілгері телеарналарда осы бір құнды дүниелерге бағдарламалар жан-жақты зертеулер жүргізіп, аудиторияға сол ашуларды дер кезінде жеткізуді басты міндет санайды. Мәселен Ұлыбританиядағы «ВВС-1, ВВС-2, ВВС-3, ВВС-4 » телеарналарында күнделікті маңызды жаңалықтан бөлек, ғаламдық тарих қойнауынан сыр шертетін бағдарламалар легі көп. Сол сияқты АҚШ астанасы Нью-Йюрктың өзінен тарайтын 220 телеарнаның басым бөлігі, рухани құндылықты назардан тыс қалдырған емес. Солардың бірі «NBS» мемлекеттік телеарнасында аптасына тарихқа арналған 15 минуттық «History» бағдарламасында Қытайдағы Ұлы қорғанна бастап, Африка, Австралия елдеріндегі көне молалардағы мумиялардың әрқайсысы қай дәуірге жататыны туралы бүге шігесіне дейін зерттелген телевизялық жобалар бар. Одан қалды осы арнада ғылыми танымдық айдарымен берілетін бағдарламаларда ғалымдардың тарихқа жасаған саяхаттарына жарыса жария ету заңды құбылысқа айналғандай.
Ал елеміздегі рухани құндылықтардың дәріптелу қандай ? Әрине бұл тұрғыдан ел үкіметінің алға қойған жеке саяси бағыты бар. Айталық елемізде 1999 жылдан бастап қолға алынған мәдени мұраны қолдау жылдары аясында көптеген Отандық телеарналарда бағдарламалар ашылып, төл тарихымызға қатысты біраз дүниелер шетелдік аудиторияға көрсетіліп келеді. Солардың қатарында спутник арқылы әлемнің бірнеше елдеріне тарайтын «Caspionet» телеарнасында қазақтың тарихынан сыр шертетін бағдарламалар бар. Айталық аптасына бірнеше рет «history» айдарымен тарайтын бағдарламаларда еліміздің рухани құндылықтарды шетелге таныстыру болып табылады. Бұл жобаларда еліміздің тарихынан ойып орын алған тұлғалармен, құпиясын жасырған дархан даланың бетіндегі қорғандармен, ескерткіш, мавзолейлерге қамтылған. 20-30 минуттық аталмыш телевизиялық жобадан өзге, «Fesses» сынды айдардың мақсаты көрерменге тарихты сөзсіз, бейне арқылы жеткізуді көздейді. Онда тарихи жерлермен бірге, елде болып жатқан оқиғаларды суреттейді. Оның бір ерекшілігі видиолық қатарда ешқандай мәтін берілмейді. Мәселен «Caspionet» телеарнасы арқылы 2006 жылдың желтоқсан айының 26 жұлдызында «Fesses» айдары бойынша көне Тараз қаласындағы XV ғасырға жататын шығыс моншасы тек интершум арқылы көрсетілді. Мұнда видео арқылы көрермен тарихтан сол көне ғимаратты көріп қана қоймайды, адамдар арасында соны зерттеуге деген қызығушылықтарын тудыруы мүмкін.
Бұдан бөлек елімізде рухани құндылықтарды сақтау мақсатында «2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қаңтарындағы N 1277 жарлығына сәйкес еліміздің Конституциясының 44-бабының 8 тармақшасында рухани және бiлiм беру саласын дамыту, Қазақстан Республикасының мәдени мұрасының сақталуы мен тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ету жайлы қаулы қабылданып ұмыт болған дүниелер жаңартылып, өшкеніміз жаңғырған еді». [17]
Мәдени мұраны, соның iшiнде қазiргi заманғы ұлттық мәдениеттi, ауыз әдебиетiн, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерделеудiң тұтастай жүйесiн құру. Сондай-ақ көркем және ғылыми толық кестелерiн шығару арқылы ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжiрибесiн қорыту
Қазақстанның мәдени мұрасының қазiргi жай-күйi сан ғасырлық дәстүрлердi сақтау мен одан әрі дамыту жөнiндегi шаралар кешенiн қолдан келгенше қамтамасыз етумен, тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткiштерiн ашумен, кесенелердi, ескi мешiттердi, ежелгi кенттердi тұмшалаумен, қалпына келтiру жөнiндегi жұмыстарды жандандырумен, олардың негiзiнде жаңа тарихи-мәдени мұражай-қорықтардың құрумен сипатталады.
«Қазақстанда қазiргi уақытта тарих, археология, сәулет және мүсiн өнерінің жылжымайтын ескерткiштерi 25 мыңнан астам, 11 мың кiтапхана, 147 мұражай, 8 тарихи-мәдени қорық-мұражай, 215 мұрағат бар деп есептеледi».[18]
Тарихи және этнографиялық бейіндегі мемлекеттiк мұражайлардың, Қазақстан тарихындағы есте қалатын оқиғаларға арналған мемориалдардың тармақталған желiсi жасалды.
«Қазақстанның тарихы мен мәдениетiнің қайталанбас ескерткiшi — Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесi 2003 жылғы маусымда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тiзiмiне енгiзiлдi».[19]
Астана қаласының мәдени инфрақұрылымын жақсарту жөнiнде шаралар қолданылды: республика астанасында соңғы жылдары Қазақ музыкалық комедия театры, мұражайды, кiтапхананы және концерт залын қамтитын Президенттік мәдени орталығы ашылды. Ұлттық кiтапхананың құрылысы аяқталды. Киноконцерт залы мен цирктің құрылысы жүргiзiлуде.
«Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы», «Мәдениет туралы», «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданып, күшiне ендi.
Ішкі саясаттағы медениетті қолдауға жасалған тың қадамдар тек жүзеге асып қана қоймай, олардың болашақта халық арасында ұмытылмай дәріптелуіне еліміздегі БАҚ-ты қосары мол. Ол үшін басылыммен, теледидарларда арнайы айдар немесе, бағдарламалар ашылуы маңызды. Мейлі ол деректі фильм ретінде , немесе, жеке телевизиялық жоба болсын, өзін ақтары сөзсіз. Өйткені, ол бағдарламалар тек танымдық бағытта ғана емес, ел жадында соның ішінде жастар арасында патриоттық тәрбие беруде үлесі телегей теңіз.
Қазіргі таңда бала тәрбисі телевизиямен тығыз байланысты. Оған себеб сәби кезінен бастап теледидар көріп дағдалануында. Кез келген баланың көгілдір экраннан көргісі келетіні – әрине, мультфильм. Және бұл тұрғыдан алғанда, қазір айтарлықтай қиындық жоқ. Тәулік бойы бір тынбайтын «Nіckelodeon», «Jetіx», «Fox Kіds» сияқты спутниктік телеарналар отандық экрандардың бұл тараптағы олқылығын толтырып отырғалы қашан!..
Осының салдарынан бүгінгі бүлдіршіндер өз мәдениетімен, өз болмысымен мүлде қабыспайтын Бетман, Терминатор, Человек-Паук, Маска, Робот-полицейский, Спайнч Боб, Сквер Пентс пен Медаботтарға еліктеп өсіп келеді. Аты да, заты да түсініксіз осы тәрізді құбыжық бейнелердің бүлдіршін санасын жаулағаны соншалық, перзентіңіз сіздің: «Менің балам кейін Алпамыстай асқан батыр болады!» деген сөзіңізге бірден: «Жоқ, мен Бетман сияқты боламын!» деген қарсылықпен жауап береді. Бұған, әрине, ол кінәлі емес. Біз Алпамысты жыр қылып, ауызша қанша айтқаныңызбен, батырдың бейнелі тұлғасын «көзімен» көрмеген, жойқын күшін, жүйрік ақылын экраннан бақыламаған бала оған бәрібір нанбайды да, әсерленбейді де…
Қарап тұрсам, бүлдіршін біткен көз айырмай қарайтын қазіргі мультфильмдердің дені кейіпкерлері бір-бірін аяусыз зәбірлеп, болмаса алдап-арбап, қырып-жойып жататын кәдімгі «ужас» фильмдерден аумайды. Қазір үлкендерді қойып, титтей балалардың өзінің өте агрессивті, ашушаң, қатыгез болып бара жатқандығы көгілдір экранды жаулап алған осындай зиянды дүниелердің кесірі екендігі күмәнсіз.
Осы ретте, «баланы – жастан» қолға алған қазақи, ұлттық тәрбие қандай еді?» деп еріксіз ойланамыз. Рас, біз өзіміздің қайнарымыздан қол үзіп қалдық, тұнық бастауымыз лайланды. Ер Төстік, Тазша бала, Алдар Көсе, Аяз би дегендер есте жоқ ескі замандардағы «қараңғы халықтың» еріккен кезінде айта салған бос бір әңгімесі сияқты болды да қалды… Ал шындығына келгенде, тарих та, мәдениет те, философия да, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр де тура сол ауыз әдебиетінде жатыр емес пе? Қадірін білген адам болса, мультфильмнің де, басқа фильмнің де ашылмаған кенін тап сол арадан табар еді. Әмен Қайдаровтың осыдан қырық жыл бұрын түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмінің күні бүгінге дейін жылы қабылданатындығы да оның халық ертегісінің негізінде түсірілгендігінен және ең бастысы, ойлы, тағылымды дүние екендігінен болса керек. «Қазақ мультфильмінің атасы» есебіндегі Әмен қария: «Мультфильмнің кейіпкерлері балаларға жақсы таныс, жандарына жақын, түсінікті болуы қажет. Және олар бүлдіршіндерді мейірімділікке, адамгершілікке баулып, басқа да жақсы қасиеттерге үйретуі тиіс» деп есептейді. Сөйтіп, осы ең алғашқы дүниесінің өзінде-ақ «түбінде бәрібір жақсылық жамандықты жеңеді» деген ойды жеткізуге тырысқандығын айтады. [20] Аталмыш мультфильмде бірде-бір сөз жоқ екендігіне қарамастан, барлық мағына әрекет пен іс-қимыл арқылы-ақ беріліп тұр. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің арнайы жазған музыкасы да мультфильм табиғатымен әдемі үйлесім тапқан. Немесе режиссердің келесі бір мультфильмі «Ақсақ құлан» туралы айтар болсам. Әмен Қайдаровтың айтуынша, оны түсіруге Шәкен Айманов та қатысып, дикторлық мәтінді тіпті өзі оқыған! [21] Шындығында, Тілендиев те, Айманов та – өз ісінің үлкен шеберлері, ұлы суреткерлер. Осындай адамдардың қатысуымен дүниеге келгендіктен де аталмыш мультфильмдердің құны ешқашан жойылмақ емес.
«Қазақ әдебиеті» басылымының 2003 жылғы санында мынадай бір мәліметті көзім шалып еді. Германияда 2000 жылы балалар арасында сауалнама жүргізіліпті. «Егер сені алыстағы аралға апарып тастаса, өзіңмен бірге не алар едің?» деген сұраққа олардың көбісі өзімен бірге теледидар, кассета, компакт-дискілер алатынын айтыпты. Екінші орынға тамақ пен суды, үшінші орынға барып ата-анасын жатқызған. Егер осы сауалнаманы қазіргі біздің балалардың арасында жүргізсе, дәл осы жағдай қайталанар еді деп ойлаймын. Себебі біздің бүлдіршіндерді тәрбиелеп жатқан да сол «қара жәшік». Меніңше, балалар бағдарламасын тек ертегімен ғана шектеп қоятын кез әлдеқашан өткен сияқты. Неге бізде ауыз әдебиетімізге, мақал-мәтелдеріміз бен жаңылтпаштарымыз, жұмбақтарымызға үңілу жоқ. Бізде балалар тақырыбына қалам тартатын жазушылар жетіспейді емес, мәселе соларды іздеп, жүйеге салып, топтастыратын журналистер жоқ па деп қаламын. Ресейдің арналарын қосып қалсаңыз, балалар бағдарламасының сан-алуанын кезіктіресіз, ал оларды жүргізетін де белгілі журналистер, өнер адамдары. Олар балалар түгілі, ересек көрерменнің өзін экранға телміртіп қоярлықтай әсер береді. Бұл да аңғаратын дүние. Түйіндей келгенде, Ыбырай Алтынсариннің айтқан мынадай бір тамаша ойы бар еді: «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін — өзі кінәлауы тиіс». Телеарналарда отырған басшыларымыз бен қызметкерлеріміз алдымен осыны да ескеріп алса» — дейді доцент Дәмегүл Баялиева. [22]
Ал, Ләззат Оңғар, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «үшінші сынып» балалар бағдарламасының редакторы былай дейді:
«Балалар бағдарламасын жасау үшін алдымен көп мөлшерде қаржы керек. Егер үлкен адамдармен сұхбат жасайтын болсаңыз, мұны балаларға арнап жүзеге асыра алмайсыз. Демек, бейне тез ауысып отырмаса, ойнақы болмаса, көп әңгімеге ойысып кетсе оны ешбір бала қабылдамайды. Мысалы, қазақша жасалған бағдарлама әдетте нашар болады да, тез жабылып қалып жатады. Сонан соң көбіне журналистер, телеарна басшылығы ондай шығынға бара бергісі келмейді. Бізде осыған дейін балалар хабарларына «екінші сорт» есебінде қарап келді. Ең басты қателігіміз сол. Қазіргі қазақ телевизиясында балаларға бағытталған ұлттық ойындар, ертегілер жетіспейді. Керек десеңіз, әр бүлдіршіннің жас мөлшеріне лайықты өнім қажет. Қазір экономикалық ахуалымыздың жақсара түсуіне байланысты ата-аналар балаларына мазмұнға бай, жақсы безендірілген қымбат кітаптарды іздеп жүріп, сатып әперетін жағдайға жетті. Сол сияқты телеарналарымыздан да жақсы деген бағдарламаны таңдап, балаларын сонымен тәрбиелеуге кірісе бастады. Демек, ұрпағымды қалай баулимын деген мәселе – ең өзекті жолға түскендігін көрсетіп отыр».[23] Дегенмен қазақ мультфиліміне көңілі толмайтын жұртшылық , әсіресе ата –аналар бүгінгі жастарға үлгі боларлық Отандық кейіпкерлерді іздейді. Оларды табу жолында мультипликаторларымыз еңбектенгенімен, сол дүниелердің жүзеге асуына қаржының жоқтығына кері әсер етіп отыр. Айталық еліміздегі кейінгі кездері қолға алынған «құйыршық» атты балаларға арналған дүниенің басқа білімдері әлі күнге дейін қолдаудың жоқтығынан балдырғандардың көзайымы бола алмай отыр. Ұлттық тәрбиемен, ана тілімізді дәріптейтін мультфильмнің қазір екінші бөлімі жасалып, өңделу үстінде. Осы сияқты отандық дүниедердің айтар ойы шетелдің жынойнақ мультфильмдерінене әлде қайда бағалы болып отырғанын еліміздегі режиссерлар құптап отыр.
Бізде тек мультфильдер мен балалар бағдарламасының аяғы ақсап тұрған жоқ, оған қоса қазақ киносынының да хал – жағдайы нашар.
«Бізде өзгелерге ұялмай, қайта мақтана отырып көрсете алатын және өзіміз де сүйсініп, көре беруден жалықпайтын қандай фильм бар?» дегенде, қай-қайсымыз да бір құшақ тізімді санамалай жөнелетініміз анық. Және оңайлықпен мүдіре қоймаймыз, өйткені, шыны керек, оларды әлдеқашан жаттап алғанбыз.
Кино — тәрбие құралы. Қарбалас тірлік, қым-қуыт өмір ағымына ілесіп, жас көрермен аудиториясы болатынын мүлдем естен шығарып алған сыңайымыз бар. Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Соңғы кездерде етек алып, аса жылдам жайылып бара жатқан «қоғамдық дерттің» тағы бірі – айуандықпен кісі өлтіру. Бізде сотталғандардың 33 пайызы порнаграфиялық фильмдердің әсерінен жазаға тартылады. Ал бір ғана жердегі жердегі жазасын өтеп жатқандардың 10 пайызы шетел киноларының әсерінен қылмысқа барғандар. Соның көбі – жастар. Ақпарат күнделігінен естіп жүргеніміздей, жасөспірім өз мұғалімін өлтіреді, немересі әжесін бауыздап кетеді, әкесі өз туған қызын қорлайды… Осының бәрі қазір жиі тіркелетін қылмыс түріне айналған. Кісіні азаптап өлтіру біздің салт-дәстүрімізге аса жат нәрсе. Тарихтағы адамды киізге орап, омыртқасын үзіп өлтіру де қазақтың болмысынан тумаған. Ол айуандықты өзімен бірге Шыңғысхан әкелген. Ендеше, зорлық-зомбылық, қатігездік шетел өнімдері арқылы бойымызға сіңіп жатыр десек, жалған емес. Осы тұста айта кету керек, өмір шындығын көрерменге жеткізуде сапасы өте төмен шетелдік киношығармаларды жасырын жолмен тасымалдаушы киносаудагерлердің үлесі айтарлықтай болып отыр. Естеріңізде болса, осыдан 4-5 жыл бұрын «Титаник» шығып, елді бір дүрліктіргені белгілі. Сол кезде Мәскеудегі кинотеатр билеттерінің бағасы 12 долларды құрапты. Бізге шетел өнімдерінің тоқтаусыз ағылып келіп, сатылып жатқаны, біріншіден, шетел өніміне деген сұраныстың көптігінде жатса керек. Демек, оларға деген тосқауылдың да қажет екенін айта кеткеніміз жөн. Ал екіншіден, заң жүзінде белгілі мөлердегі шектеу мүлдем жоқ.
2001 жылы Тіл департаментінің отырысы болды. Қоғамдық келісім, мәдениет, ақпарат министірлігі БАҚ заңына өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Бұл ұсынысты өзіміздің ұстаздар Н. Омашев, Б. Жақып, Қ.Сақ, С. Қозыбаев, Г. Ибраева, Ш. Нұрғожина, Р.Бегімтаева қолдап, өз ойларын ашық жазды. Олар: “Шетел программаларына шектеу қою – ұлт мұдесін қорғау деген сөз. Сондықтан тәуелсіз арналардағы шетел өнімдерінің таралымы эфир уақытының 20 пайызынан аспауы керек. Сонда ғана отандық журналистика дамып, азаматтарымыз шетел өнімін көруге мәжбүр болмайды. Сол арқылы біз олардың құқығын қорғаймыз. Жас мамандарға да жұмыс табылады», — деп ұсыныс айтқаны белгілі.[24] Бірақ, ұсыныс жағалай мақұлданса да, жапырылып іске аспады. Себеп біреу-ақ, құзырлы мекемелер тарапынан қолдау болған жоқ. Шетелде бұл мәселе баяғыда қаралып, арнайы бағдарламалар да қабылданып қойған. Мысалы, Францияда ұлттық мәдениет пен тілді дамыту және қорғау бағдарламасы бар. Осы бағдарлама негізінде прокатқа келген фильмдерден түскен қаржы отандық киноөндірісін дамытуға жұмсалады екен. Фильмдерінің бәрі сапалы, әлемдік киноайналымда рейтингі де жоғары. Сондықтан да оларда шетел кинолары көрсетілгенмен, отандық киноға деген сұраныс өз күшінде қалып отыр. Бізде киноөндірісіне ақша бөлінудей-ақ бөлінеді, режиссерларымыз да түсірудей түсіріп жатады. Бірақ, жемісін халық көріп жатқан жоқ. Тіпті киноның өзін көрерменін әбден сарылтып барып, бірақ эфирге шығарады. Құжат бойынша “Көшпенділер” фильміне 25 млн. доллар (іс жүзінде одан да көп болуы мүмкін) бөлініп, қомақты қаржы есебінде түсірілген осы фильмен көп үміт күткендей едік. Оның өзі қазақ мәдениетінен алыстау ма деп қалдық. Мына бір мәлімет пен әртістер тізімінің өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Көшпенділер фильмін түсіру 27– қыркүйекте аяқталды. Оны монтаждау жұмысы Америкада жүргізіліп жатқаны белгілі. «Көшпенділер» фильмінде қазақ жерінде ХVIII ғ. өткен нақты тарихи оқиғалар негіз етіп алынғаны көпшілікке белгілі. Жоңғар батыры Шарышты – Марк Дакаскос, қазақ батыры және ақылгөйі Ораздың рөлін Джейсон Скотт Ли, Мансұр – Абылай хан оның сыңары Ералыны Голливуд жұлдыздары Куно Беккер мен Джей Эрнандес бейнеледі. Қалдан Церен мен Әбілқайыр рөлін Досқан Жолжақсынов пен Тұңғышбай Жаманқұлов ойнады. Көріп отырғанымыздай, басты рөлдің көбін шетел «жұлдыздары» сомдаған. Сомдауын сомдағанмен, олар қазақи болмысты аша алды ма? Міне, гәп сонда. “Көшпенділер” туралы көп пікір де, сын да айтылды.
Соңғы 15 жылда жарық көрген қалған фильмдердің бір тобы — көрерменнің күллі құқығын жиыстырып қойып, өз ойын өзі қызықтап кететін авторлық шығармалар, екінші бөлігі — халқымыздың есте жоқ ескі замандардағы айтөбел тұлғалары, әрі кетсе азаттық үшін күресі туралы тәспірлейтін тарихи туындылар, тағы бірсыпырасы — қазақы қалыпқа, қарапайым жұртшылыққа жақындауға тырысқанымен, кәсіби жағынан талап биігінен көріне алмай жатқан ала-құла жобалар. Яғни, алдыңдағы самсаған бейнетаспалардан, DVD-дискілерден әр елдің фильмдерін салыстырып отырып: «Басқаның бәрін қоя тұрып, ең әуелі мынаны көрейінші!» — дейтіндей жаңа қазақ кинолентасын таппайсың.
Мәселен, қазіргі қазақ киносында жанрлық жан-жақтылық жоқ. Қазақстандық режиссерлер бір-бірінен аумайтын іш пыстырарлық дүниелер түсіреді. Бізде басынан аяғына дейін деміңді ала алмай көретін детективтер, жүрегің суылдап отыратын триллерлер, атыс-шабысы мен қуғын-сүргіні аралас криминалды вестерндер, кейіпкерлерінің бастан кешкен хикаяларының өзі қызық шытырман оқиғалы экшн-туындылар, өмірге деген құштарлығыңды арттырып, кинозалдан шыға сала танымайтын адамдарыңа да әлдеқандай жақсылық жасауға ұмтылдыратын тамаша отбасылық-тұрмыстық мелодрамалар, күлдіре отырып ойландыратын лирикалық комедиялар, езу жиғызбайтын эксцентрика, сюжетіне ән-биі шебер қиюласқан мюзиклдер жоқ? Қазақ киносының көрермендері осының бәрін шеттен іздеу керек.
Біздің фильмдерде өмірге деген құштарлық жоқ. Жартысы авторлық, жартысы тарихи, жартысы өзінің не орыс, не қазақ екенін білмейтін дүбәра дүниелер болса, олардан қандай құштарлық күтуге болады. Дегенмен бұған тағы да көрерменді кінәлау қиын. Олардың бәрі бірдей элитарлық ленталардың режиссерлік ребусын шешіп отырудан, тарихи тұлғалардың қаһармандық бейнесіне сүйсінуден немесе кейікерлерінің бітім-болмысы барынша айқындалмаған қарадүрсін дүниелерден ләззат ала алмайды. Яғни, ересектерге де шындыққа бергісіз ертегілер керек. Әйтпесе жұрт неге отыз жылдан бері Элъдар Рязановтың «Тағдыр тәлкегіне» телміріп келеді? Неге Франсис Вебердің «Қашқындарынан» жалықпайды? Жаттап алған сюжетін, сұраса түсінде де айтып бере алатын диалогтарын қайта есіне түсіру үшін бе? Жоқ. Аталған картиналарды әр көрген сайын өмір сүргің келеді, ертеңнен бастап бәрін басқаша жасағың, ренжіскен адамдарыңмен қайта татуласқың келеді. Ал бізде көрерменге осыншалықты жақсы әсер бере алатын фильмдер қазір жоқ.
Режиссерлар актер және натура таңдауда ешқандай эстетикалық талғам көрсетпейді. Шынында да, қазақтың кейінгі жылдардағы бірде-бір кинолентасынан көркіне көз тоятын, сымбатына жан сүйсінетін актер мен актрисаны көре алмайсың. Бүгінгі киноға түсіп жүрген кейіпкерлердің түр-тұлғасына қарап отырып, «режиссерлер жүз адамның ішінен әдейі ең сұрықсызын сұрыптап алған ба?» деген ой келеді. Біздің киногерлер үшін әртістің сырт келбеті ешқандай рөл ойнамайтын сияқты. Қай фильмді қарасам да, не бойы кішкентай, не мұрны жапырайған, не көзі сығырайған, не мойны қылқиған, не даусы шіңкілдеген, не беті табақтай, біреулер жүреді…
Кино — эстетикалық талғамды қалыптастыратын өнердің бір түрі. Адам, әсіресе жас көрермен жақсыдан үлгі алуға, әдеміліктен әсерленуге, көз қуантар көркемдіктен қуат алуға тырысады. Жас ұрпақ өзіне үлгі тұтар, нағыз жігіттің және нағыз арудың идеалы санар ұлттық қаһармандарды іздесеңде таппайсың. Орыстарда кеше Андрей Миронов пен Татьяна Друбин болса, бүгін Михаил Пореченков пен Анастасия Заворотнюк. Америкалықтарда кеше Майкл Дуглас пен Сандра Баллок болса, бүгін Брэд Питт пен Анжелина Джоли бар, үнділерде кеше Амитабх Баччан мен Рекха болса, бүгін Шахрух Хан мен Айшварья Рай бар… Әрине тұлғалы серілер мен сымбатты сұлулар қазақтан да табылады, бірақ режиссерлердің оларды іздеп әуре болғанын байқамадым.
Сол сияқты біздің филъмдерден қазақ даласының тамаша табиғатын да көре алмайсыз. Әйтпесе нағыз отаншылдықты оятар сезім — өз ұлтыңның керемет сұлулығын ұғыну мен өз жеріңнің ғажайып көрікті екеніне көз жеткізу емес пе? Оның үстіне, бізде әдейі кино түсіруге жаралғандай көркем жерлер көп қой! Киногерлеріміз әзірге бұл жағына да аса мән беріп отырған жоқ.
Қазіргі қазақ киносында ұлттық мінез, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты кездестіру мүмкін емес. Кейіпкерлердің көпшілігі қазақ болғанымен, олардың іс-әрекетінен, ой-санасынан қазақылық байқалмайды. Шәкен Аймановтың «Атамекеніндегі» немесе Серік Жармұхаммедовтың «Өтелмеген парызындағы» ақсақалдардың әр қимылынан байқалып тұратын ұлттық мінез бүгінгі фильмдерде жоққа тән. Сондай-ақ келін түсіру, қыз ұзату, шілдехана, тұсау кесу секілді қазақы той-думан, әке мен баланың, келінмен ененің, құдамен құданың, ата мен немеренің тек біздің халыққа ғана тән, басқалар үшін таңсық қарым-қатынастары, содан туындайтын жөн-жосық, ырым-жоралғылардың да экраннан көрініс тапқанын аңғармадым. Ал негізінде ұлттың кім екенін өзгелерге танытатын саланың бірі осы кино емес пе? Біз жапонның, корейдің, үндінің, иранның немесе түріктің қандай халық екенін солардың фильмдеріне қарап білеміз.
Біздің бүгінгі фильмдерде шынайы актерлік ойын жоқ. Мұның себебі — актердің ойынын ашатын, соның шеберлігіне сүйенетін сценарийлер тапшы. Және актердің сол драмалық дарынын қажет етіп жатқан режиссерлер де шамалы. Дәріжан Өмірбаев сияқты киногерлер тіпті «маған актердің ойнағаны керек емес, тек менің камера алдында өйт, бүйт деген талабымды бұлжытпай орындаса болғаны» деп ашық айтады.[25] Негізінде фильм табысының кілті ең ұстамды деген көрерменнің өзінің жүрегін елжіретіп, жанарын жасаурата алатын, риясыз ризашылығын немесе ашу-ызасын оятатын осы актердің шеберлігінде емес пе?
Қазақ киносында музыкаға маңыз бермейді. Фильмнің түсіру тобына композитор тартуды қажет санамайтын режиссерлер жеткілікті. Олар «нашар режиссерлер ғана музыкаға сүйенеді» деп есептейді. Керісінше, сөздің құдіреті жүрмеген, актердің ойыны араша түсе алмаған эпизодтарда бүкіл буырқанған сезімнің бәрін жүрекке музыка жеткізеді. «Қалқанмен семсер» фильміндегі Иоганн Вайстың сүйгенімен жолығысатын сәті немесе «Монте-Кристо қазынасындағы» тұтқынның зынданнан өліктің кебініне оранып қашатын кезі — драматизмін тек музыка құдіретімен ғана түйсінуге болатын ғажап көріністер қаншама. Осындай кемшіліктердің арқасында, қазір қазақ тек шетел фильмдерін ғана тамашалай алады.
Ендеше, тележурналистиканың интегративті функциясы қазіргі тәуелсіз мемлекетіміз бастан кешіріп отырған тарихи кезеңде бұрынғыдан да айрықша маңызға ие болып отыр. Қазіргідей экономикалық белсенділік алдыңғы қатарға шығып, рухани жұтаңдық жайлаған заманда адамзат баласына тән құндылықтарды насихаттау адамгершілік тұрғыдағы абзал борышқа, күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналып отырғаны ақиқат.
IІ тарау
«Қазақстан» және «Хабар» телеарналарындағы адамзатқа тән құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалардың шығармашылық сипаты.
Уақыт үрдісіне сай бұқаралық ақпарат құралдары деген атқа ие болған баспасөз, заман жаңалықтарына сәйкес радиомен және теледидармен, одан кейін осы заманғы байланыс және коммуникация құралдарынмен толықты.
Ғылыми — техникалық прогрестің қарқынды дамуы заманында адамзат баласының уақыт тынысын теледидар арқылы бақылауы үйреншікті құбылысқа айналды. Бүгінгі таңдағы Қазақстан сияқты тоталитарлық езгіден құтылған елдер үшін телевидениенің маңыздылығы өркениеттің күшіне анағұрлым бұрын ілескен мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда артық. Сол себептен де қазіргі таңдағы телевизия қоғамның дамуы немесе кері кетуіне, қоғамдық ойдың қалыптасуына зор ықпал етуші күш. Бұл тұрғыдан алғанда біздің елімізде теледидар тек ақпарат алу көзі ғана емес, сол ақпараттармен бірге ұлт мінезін, ұлттық иделогияны қалыптастыратын, мемлекеттігімізді бянды етудің аса маңызды құралы екені даусыз. Ал Кеңестер одағы күйреп, халқымыздың ғасырлар бойғы арманы — Тәуелсіздігімізге ие болып, өз тізгініміз өз қолымызға тиген сәттегі қоғамымыздың өміріндегі телевидениенің рөлі одан сайын арта түсті. Содан да келіп көп ұлтты мемлекетіміздің бірлігін сақтайтын біртұтас Ұлттық идеологияны жасауды ұлттық арналардың басты ұстанымы етіп алынды. Ал осы зор мақсатты іс жүзіне асыру жолында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Хабар» арнасының орасан ауқымды еңбек атқармаққа белін бекем буғандығын байқатуды бастады.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен «Хабар» агенттігі Қазақстанның өз алдына мемлекет екендігін, оның мемлекеттік тілі бар екендігін есімізге салып, жүрегімізді жылытып, көңілімізге жұбаныш ұялататынын бірден-бір арна болды. Тыңдарман қауым қай күні, қай мезгілден, қандай хабар жүретінін күтіп, басталған сәтте қадірлі қонағы келгендей әсерде болады.
Мен сөз етіп отырған екі ұлттық телеарнадан ақпарат алумен қатар публицистикалық, музыкалық, спорттық және өзге де бағдарламаларды тамашалауға болады. Арналардың ұсынатын телевизиялық сериалдар, деректі және көркем фильмдер рейтинг бойынша ең жоғарғы орында тұр. Репертуарларында элитарлы кинодан бастап, ең таралымға ие блокбастерлерге дейінгі жанрлар қамтылған. Тек бір әттеген айы, отандық дүниелерді көрермен шөліркеп барып көріп жатады. Олардың жүйелі түрде көрсетілуі, әлі де болса қолға алынбай отыр. Бұл сол телеарна ұжымына қатысты ой. Дейтұрғанмен, сол арнадан отандық фильмдердің көрсетілуі, еліміздің болашағын тәрбиелеуде зор үлес қоспақ.
Әрбір уақыты қат-қабат құпия жұмбақтарға толы ағымдағы өмірдің тереңіне бойлап, оны қаз қалпы жанды көрініспен айшықтау, сөйтіп көрерменнің назарына жеткізу бұл – деректі фильмнің көтерер жүгі. Тарихқа айналған сол кешегі күндерді бұрмаламай, тура мағынасында, со қалпы суреттеп бүгінгі замандастармен сырластыру, өмірде болған оқиғаларға шынай куәгер кейіпкерлермен жүзбе-жүз сұхбат сыры деректі фильмнің мазмұнын шындық пен ақиқатқа жақындата түсері сөзсіз.
Ал, сол қым-қуыт өмір өрнектерін кестелеуге тырысатын сол деректі фильмдер қалай дайындалады? Әрі бұған дейін де қалай дайындалып келді?.. Бұған дейінгі уақыт ағымымен салыстырмағанда шынымен қазір заман басқа. Тәуелсіз еліміз нарықтың жолымен келеді. Кеңес одағы кезіндегі деректі фильм жасаудың өнері мен өндірісін жоғарыда да біраз атап өттік. Ал, қазіргі ХХІ ғасыр – ақпараттың, дамыған техниканың дәуірі. Шынайы өнерді қастерлеп, мәдениетті шын бағалай білгендер үшін бар мүмкіндіктерін аямайтын заман.
Қазіргі деректі фильм жасауға қажетті алғышарттардың біразын атап өткеннің өзінде телевизия өнерінің осы бір саласының қаншалықты оңайлықпен келе қоймайтынын түсінеміз. Мысалы: түсірілім тетіктері, сценарий жазу, режиссурадағы ізденістер, монтаж жасау, бейнеқатар мен дыбыстың үндестігі, идея іздестіру, дикторлық мәтін ережесі, ал экономикалық тұрғыдан қаржы көздерін іздестіру, деректі фильмді ұйымдастыру, маркетинг т.б көптеген қажеттіліктер артылып жығылады. Бұның сыртында жалпы продюссерлік мәселенің де жетіспеушілігін жеке бөліп айтуға болады. Телелевизия саласының көш ілгері дамығандары саналатын Батыстың елдерінен үнемі деректі туындыларды көшіріп, оны тәржімалап халықты алдай беруге болмас?.. Сонда…
Жалпы, деректі фильмнің ұлттық мәдениетті сомдап, саралап, таразылап, байытуға келгенде берері мол берекелі шығармашылық өнім деп атауға әбден тұрарлық. Ең бастысы оның халықты тәрбиелеуге қосатын үлесін айрықша деп түсіну керек. Осы орайда дәл қазір отандық телевизиядағы деректі фильмдердің орны мен мәртебесін қалай бағалаған дұрыс? Әуелі республикадағы хабар таратушы телеарналардың рейтингтерінің өзі ала-құла көрсеткішке ие боп жүргендігін атай кеткеніміз дұрыс шығар. Олай дейтініміз, оның біреуінде – жаңалықтар басты маңызға ие, екіншісінде – ақпаратты-сараптамалы дүниелер мол, ал енді біреуінде сәтті, көңіл көтеретін хабарлар басым. Кейбіреулері «Мәскеу мен Санкт-Петербургтағы кинотелефильмдерді саудалайтын мекемелермен тиімді қарым-қатынас орнатып, көрермендерді шетелдік және ресейлік фильмдер арқылы арбамақ».[26] Оның сыртында шетелдік өнімдердің қаншама екендігін де саралап көріңіз?
Қазір еліміздегі көрермендердің түгелдейінің назарына ие әрі маңыздылығы жоғары арналар деп “Хабар” мен “Қазақстанды” атауға болады. Сондықтан да эфирлік өнімдерінің ауқымдылығы мен сапалылығына қарай бұлардың зор сипатқа ие болып, аудитория талғамы үдесінен шығып отырғанын айтқан жөн. Әрі ұлттық деген мәртебеге ие бола тұра бұл қос арнаның шығармашылық мүмкіндіктері де жоқ емес. Соның ішінде олардағы деректі фильмдердің алар орны мен мән-маңызына кейінірек тоқталамыз.
Ал “КТК”, “Еларна”, “31 канал”, “Рахат”, “Астана ТВ”, “НТК” телеарналарының өз “салмақтарына” сай көрерменнің қошеметіне ие болып жатуы “кейде олай, кейде бұлай” күй кешіп жатады. Бұның түпкі себептері де айқын. Әріберіден соң сол телеарнаның құрылтайшысы, оның бөлетін қаржысының өзі көп мәселенің түйініне арқау. Осыдан барып, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басар танымдық, тағылымдық, рухани құнды дүниелер шығарудың жетіспеушілігін салмақтап көруге болады. Бұның бір ұшы деректі фильмдерге де қатысты. Себебі, біздің айтпақ ойымыз да осы еді.
Жалпы елдегі телевизиялық ақпарат құралдарының түгелін айтпағанда республикалық жиіліктің басым бөлігіне ие деген арналарымыздағы бүгінгі деректі фильмнің қамтылуы көңіл көншітерліктей емес. Мысалы, олардың арасында коммерциялық бағыттағы арналарды (“КТК”, “31 канал”, “НТК”, “Астана ТВ”, “Рахат”) алып қарастырсақ, аудиториясына деректі фильм беруі жағынан әлі артта келе жатыр деуге болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, аталған арналардың көрсетілімдеріне көз жібертсек, олардың арасындағы деректі фильмнің бір апта бойындағы үлесі 2-3-еуден ғана аспайды. Оның өзі шетелдік өнімдерге тиесілі. Ал “НТК” арнасының өн бойынан тіпті бір апта бойына деректі фильм табудың өзі қиын. “НТК”-ның эфирі бүгінде деректі сериалдардан көрі батыстық телесериалдарға толып кетті. Бұл қалған арналарға да тән. Алайда, қазіргі заманғы ағымды дәл бейнелейтін, адамдар образын аша білетін деректі сериалдар мүлдем жетіспейді. Коммерциялық арналардың деректі фильмге бару жолын әсіресе Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойы қарсаңындағы көрсетілімдерінен байқауға болады. Мысалы, орыс тілінде жарық көрсе де, “КТК” арнасындағы “Победа одна на всех…”, ал “31 арнадағы” “Отқа оранған жылдар” айдарымен берілген деректі топтамалардың орны бөлек.[27]
Дәл осындай телеролик формасындағы деректі сериалдар “Қазақстан” мен “Хабарда” да көрермендер назарына молынан жол тартты. Олардың ішінде аудиторияның назарын өзіне аударған “Майдангер лебізі”, “60 жыл, 60 күн” сияқты шағын топтама деректі фильмдер бар. “Қазақстан” телеарнасынан берілген “Мәншүк” атты деректі фильмнің есімін жеке бөліп айту керек.
Жалпы, “Қазақстан” мен “Хабар” телеарналарындағы деректі фильмдердің берілуі әлі де болса мол шығармашылықты қажет етеді. Себебі, бұл арналардың эфиріндегі деректі сериалдардың басым көпшілігі шетелдік туындылар. Оған “Хабар” арнасындағы “Табиғат әлемі”, “Еуропаның ғажайып қамалдары”, “Ғылым және өмір”, “Расчищая джунгли” сияқты фильмдерін жатқызсақ болады. Сондай-ақ, бұған “Қазақстан” телеарнасындағы “Ғылым және өмір”, “Адамның микроорганизмдері”, “Хайуанаттар әлемі”, “Жер жаһанға саяхат” деректі сериалдарын жатқызамыз.[28] Қос телеарнадағы аталған өнімдердің әрине, көременге аударма арқылы тарап жатқаны мәлім. Ал тура сондай форматтағы туындыларды осы арналардың өздерінің жасауына шамасы жетер еді. Әрине, бұл телеарналардағы деректі туындылардың барлығын жоққа шығаруға болмас. Мысалы, “Хабар” арнасындағы мерзімді беріліп тұратын “Бір сәт және бүкіл ғұмыр”, “Солай болған”, “Сәулет сыры” сияқты деректі фильмдер үнемі көрермен назарында келеді. “Хабар” арнасы В.Реррихтің басшылық еткен тұсында да деректі фильм жасауда бірнеше тың тақырыптарды қаузауға бет бұрған еді. Мысалы, Елбасы Н.Назарбаев жайында түсірілген “Арманшыл жастық шағым – Уакраина” филімінін дүниеге әкелудегі зор ізденісті жоғары бағалағанымыз жөн. Деректі фильмде Елбасымыздың балалық өмірінен бастап, еңбек жолында шыңдалғанына шейінгі ғұмырнамасы баяндалады. Әрине, фильмді түсіруші топ президентіміздің балалық шағына сапар шегіп, онымен жүздесіп қайтқан жоқ қой? Бірақ, фильм өзінің ғажап көріністік қатарлары арқылы Н.Әбішұлының сол кездегі портреттерін ашып беруге зор талпыныс жасайды. Және еңбек еткен жылдарындағы тарихты да режиссер Елбасының замандас құрдастарының естеліктері мен ой-толғамдары арқылы беруге тырысады. Сол үшін де деректі фильмді сәтті шыққан деуге болады. “Хабар” арнасының әйгілі Рим Папасы Иоан Павел ІІ-нің Қазақстанға жасаған сапарынан кейін жасаған жеке деректі филімін де портреттік түрге жатқызып, оң бағалауға болады.
Ал бір кездері “Қазақстан” телеарнасындағы арнайы түсірілімге ие болаған деректі туындылар – “Бір бала”, Ауғанстандағы ахуалға арналған “Күн нұры” қысқаметражды фильмдерінің өміршеңдік деңгейі әлдеқайда жоғары болды.[29] Дәл осындай өнімдерге тәуекел етуге шынымен елдегі коммерциялық арналардың шамасы жете бермейді. Әрине, әр телеарнаның күнделікті хабар тарату кестесі 18 сағаттан 24 сағатқа дейін қамтыса, мұншама уақытты бағдарламамен толтыра білу де оңай емес. Сол үшін күнделікті өмір турасындағы деректі фильмдердің қажеті ауадай. Бұл бір жағы көрерменнің ынтасын аударып, тәрбиелік ой сала білуде зор маңызға ие болары анық. Бір жағынан біздегі отандық бақта тәуелсіз продакшн-компаниялар, кәсіби продюссерлер жетіспейді. Нақтылы телеөніммен айналысатын мұндай студияларға барлық ақпарат құралдарына беріліп отырған салық жеңілдіктері де жоқтың қасы. Мысалы, Ұлыбританиядағы консерваторлар партиясының лидері Маргарет Тэтчер мен жергілікті қоғамдық телеарна ВВС-дің жетекшілері бір-бірін аса жақтырмаған деген қауесет те жеткілікті. Қалай болғанда да, “темір леди” Премьер-министрлік таққа мығым отырған соң, елдегі жүргізілмек стратегиялық тұжырымдамаларында телесаясатты да кеңінен қамтыған.
Демократиялық дәстүрді дәріптеген Маргарет Тэтчер ВВС-дің қоғамдық телевизия ретінде халықтың ақшасынан күн көріп отырғанын алға тартып, ВВС-дің әр тәуліктегі уақытының 25 пайызын, яғни, шмирек бөлігін қоғамдық студияларға алып береді. Қазір бізде де көптеген студиялар дайындаған деректі сериалдарын мүйізі қарағайдай телеарналардың бағдарламалар кестесіне орналастыра алмай жүрген жағдайы сол уақыттары Ұлыбританияда да кездескеніне күмән жоқ. Ал, ВВС-дің әр сағатының бюджеті қанша фунт стерлинг тұратынын ескерсек, қоғамдық студиялар бір күнде ВВС-дің бағдарлама кестесінен орын алып қана қоймай, қомақты бюджетін де қамтып қалу мүмкіндігіне ие болғандығын ескеру керек. Оның нәтижесі көп күттірмеді. Қуатты қаражат ақыл-ойды алға сүйреп, соның арқасында миллиондаған телекөрермен теледидардың алдына телмірді.
ВВС-де бәсекелестік күшейді. Креативтік (ерекше ұсыныстары бар) студиялар мен продюссерлер ашық жарыстағы әділ бәсекелестік майданына шықты. Ақыры олар Ұлыбритания аралына сыймай, төрткүл дүниенің сан қиырын шарлап, көрермендерді таң қалдырар таңғажайып туындыларын өмірге әкеліп, талантты шығармалардың тұсауын кесті. Уақыт өте келе ВВС-дің арнасына сыймаған деректі сериалдар тасқыны көрерменге басқа телеарнаны сыйлады. Ол жантайып жатып, жаның рахатқа батып көз алмайтын әйгілі “Discovery” арнасы. Алайда ағылшын телестудиялары мұнымен де шектеліп қойған жоқ. Сұранымы зор деректі сериалдар табысы кеткен шығынды ақтап қана қоймай, қомақты пайда түсіре бастады. Біріншіден, мемлекеттік бюджет, оған қосымша қаржылай демеушілік қолдау беру, тақырыпты түбегейлі зерттеп, деректі сериалдар түсіруге толық жағдай туғызды. [30]
Екіншіден, бұл деректі сериалдар өз телеарналарымыздан куә болып жүргендей, сандаған тілдерге аударылып, сатыла бастады. ВВС-дің деректі сериалдары қандай керемет болса, соған жетуге талпыну одан да керемет. Әсіресе, географиялық қоғам түсіретін туындылардың орны ерекше. Осы сериалдарға телеоператор болу — әлемдегі әрбір камерашының асыл арманы көрінеді…. Осылайша Ұлыбританиядағы телеөнер бәсекелестігі күшейе келе, сұранысты ескере отырып, кейін хайуанаттар әлеміне саяхат жасайтын “Animal planet” арнасы да дүниеге келді.
Демек, бұл сериалдардың қай-қайсысынан болмасын біз әркез ұлыбританиялық идеология мен мәңгілік мүддені аңғаруға болады әрі оны еріксіз мойындауға да тура келеді.
Жұмыр жер бетін жаппай жарылқаған деректі сериалдар фабрикасын жасақтауға Еуропадағы мықты мемлекеттер қатарынан Лондон әкімшілігі қалайша оқ бойы алға озып шықты? Демек, байқайтынымыз, қандай мемлекет болмасын оның телеарналары мемлекеттік бюджет немесе билікке біртабан жақын компания, концерн және қаржы топтарының қуатты қаржылық қолдауларына тәуелді.
Бітіру жұмысымда «Қазақстан» мен «Хабар» арналарындағы ерекше орынға ие рухани танымдық бағдарламаларға талдау жасағанды жөн көрдім. Олар «Қазақстан» ұлттық арнасынан әр сенбі сайын берілетін «Күмбез» рухани танымдық бағдарламасы мен «Хабар» агенттігіндегі бірнеше жылдан бері қоғамдағы өзекті мәселенің бірі тілдің тағдырына алаңдаған тіл бағдарламасын алдым. Бұл күндері дүйсенбі сайы жаңа бағытта өңделіп шығып жатқан, «Тіл тірегі» бағдарламалары турасында жеке жіліктеп саралап көрсек.
«Күмбез» рухани танымдық бағдарламасы. Аты айтып тұрғанда діни бағыттағы телевизиялық жобаның «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілгеніне біраз уақыт болды. Жоғарыда айтып кеткенімдей бұл бағдарлама сенбі күндері сағат 11:15 басталады. Ұзақтығы жиырма алты минут. Жүргізушісі Дархан Қыдырәлі. Бұл бағдарламаның әр тақырыбы діннің аясында болады. Мысалға:
«Мәдени мұра және дін» (7 суірде)
«Ғылым, өнер және дін» (14 суірде)
«Қазақстан Республикасы Президентінің имеджі» туралы
(21 сәуірде)
«Көп конфециялы дүние жүзілік дін басшыларының бас қосуы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің сіңірген еңбегі»
(28 суірде)
«Дін және бейбіт өнер» (12 мамырда)
«Дін және отбасындағы тәрбие» (19 мамырда)
«Жаһандану және ұлттық болмыс» (26 мамырда)
Бағдарлама сұхбат түрінде өтеді. Тақырыпқа байланысты зиялы қауым өкілдері келіп өз ойларын айтады. Мәселен «Жаһандану және ұлттық болмыс» тақырыбында ойларын ортаға салған Төрен Әбдіқұлов пен Әлихан Байменовтың әңгімесіне тоқталсақ. Бағдарламаның дәл осы санында жаһанданудың пайдасы мен кері жақтарын қарастырған студиядағы жүргізуші, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу төңірегінде зиялы қауымның ой-пікірін білісті. Міне сол сандағы бағдарламаның қысқаша мазмұнына тоқталсақ.
Бодандықтың темiр құрсауынан босаған ұлттың рухы мен санасы шарқ ұрып, жаһандану кеңiстiгiнен өзiнiң бiлiктiлiк дәрежесiне, даму қабiлетiне лайықты орнын iздейдi. Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында даму қарқынының үрдiсiмен көзге түскен Қазақстан Республикасы ең әуелi экономикалық, инновациялық саланың серпiндi дамуын қадағалады. Саяси-әлеуметтiк проблемалар түйiнiн бiртiндеп тарқату, қоғамды демократияландыру процестерiнiң сыннан өткен әдiстемелерiн қолдану қажеттiлiгi туындады. Жаһанданудың үрдiстерi дегенде, оның үш сипаты: елдердiң арасындағы тауар қозғалысының нығаюы, капиталдың, адамдардың еркiн қозғалысы айқын байқалуда. Елбасы жаһанданудың факторы ретiнде халықаралық валюталық операциялардың серпiндi дамуы болып табылатындығын атап көрсеткен еді. Расында, халықаралық валюта жүйесi үш кезеңдi: реттеудiң алынып тасталуын, интернационалданудың және инновацияны бiр мезгiлде бастан кештi. Жаһандану факторының шешушi идеясы және соның салдарынан туындайтын ақпараттың, зияткерлiк өнiм мен идеялардың еркiн қозғалысы жаһандану заманының бесiншi факторына айналды.
Жаһандану несiмен жақсы? – дегенде «Бұл мәселеге бiздер ең алдымен, қазақ халқының, қазақстандықтардың ұлттық, рухани, мәдени, дiни, әлеуметтiк даму мүдделерiнiң берiк қорғалынуы тұрғысынан қарауға тиiстiмiз. Қазақстандағы мемлекет құрушы халық – қазақ халқы. Жаһандану жағдайында халықтардың ассимилияциялануға ұшырамауын осы бастан билiк орындары, үкiмет, құқықтық қорғау органдары мықтап ойластырғаны жөн болар едi.
Көп уақыттан берi тынбай айтылып келе жатқан, әлi де айтыла беретiн Мемлекеттiк тiлдiң ҚР Конститутциясының 7 бабының талабына сәйкес қолданылуы жөніндегі проблеманы алайық.
ҚР Конституциясы бойынша қазақ тiлi Мемлекеттiк тiл мәртебесiне ие болды. Сондықтан да Мемлекеттiк орындар, Үкiмет, Парламент, Заң қорғау органдарының, барлық қоғамдық-саяси өмiрдiң саласында Мемлекеттiк тiлге көшуi қажет едi. Өкiнiшке қарай, Ата Заңның талабы көрер көзге бұрмаланды. Мұның өзi бiртiндеп қоғамдық-саяси өмiрiмiздiң өзектi проблемасына айналды. Бұл әрине, қалыпты жағдай емес-тiн. Қостiлдiлiк жағдайындағы қосұдай сезiмнiң жетегiне еру, Қазақстанды мекендейтiн 9 миллионнан астам мемлекет құраушы негiзгi ұлттың рухани өмiрiн өлеусiретуге қазақ халқының төзбейтiндiгi байқалынды», -дейді Әлихан Байменов.
Қазақ халқының белгiлi ақыны Несiпбек Айтұлы: «Тiл мәселесiнде ешқандай бiтiмге келуге болмайды. Қазақ тiлi – Мемлекеттiк тiл! Конститутцияда осылай жазылған бап орындалуы керек», — дейдi. Елбасы мемлекеттiк тiлдi жетiк бiледi. Ал бергi басшыларымыз бен қатардағыларымыз қазақ тiлiн түгел меңгерген жағдайда ұлтқа қауiп төнбейдi. Мәселен, қазiргi жаһандану дәуiрiнде халықтар ұлттық рухы, тiлi, дiлi мен болмысы деген проблеманы да айналып өтпедi. Осынау өткiр мәселеге Төрен Әбдіқұлов тоқтала келiп: «Өркениетке жету жолында қазақ ұлтының әлемдегi барлық ұлттармен жаһандасып, бiрлесуiнiң түк те қажеттiгi жоқ. Бiздi қайтсең де жаһанданасың деп кезiндегi ұжымдастыру сияқты итермелеп, күштеп жатқан ешкiм жоқ. Бұндайға және жол берiлмейдi. Жаһандасудың экономикалық, технологиялық, тұрғыдан тиiмдi экономикалық, бiлiм қуатын сiңiре бiлуiмiз қажет. Бұл қуатты технопарктер, индустриялды-инновациялық шағын бизнестiң дамытылуы. Ал, ендi рух, тiл, сана, дiн, ата-баба дәстүрiнде ешқандай ауытқуға болмайды халайық! Жапон халқы жаһандану мен өркениет технологиясының самғау биiгiне шықты. Бiрақ, осы күнге дейiн жапон азаматтары осыдан 15-20 ғасыр бұрынғы әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрiн, рухын, саналық ойлау пәлсапасын сақтады. Мiне, қазақ үшiн жаһандану кезiндегi тамаша үлгi жапон халқының өнегесi болып табылады», — дейдi. [31]
Қайсыбiр қоғамда болмасын сана, болмыс және экономикалық қажеттiлiк ұғымдары бiр-бiрiнен ажырамайды. Даму заңдылығының мұндай қағидаттары ХХІ ғасырдағы қазақ халқының болмысына да тiкелей қатысты екендiгiн ескергенiмiз жөн.
«Жаһандану заманында қазақ халқы, Қазақстан Республикасы өзiнiң қайталанбас келбетi мен ұлттық жеке болмысын сақтайды. Еуро одақтың, АҚШ-тың, оңтүстiк шығыс Азияның жоғары дамыған индустриалды-инновациялық елдерiне атбасын тiреген ғаламдық қауымдастыру проблемасына асықпай байыппен қарағанымыз жөн болады. Өйткенi, өркениеттiлiк заңы бойынша ол жоғары дамыған елдердiң озық технологиялары мен тәжiрибесiн дамушы елдерге жеткiзетiн өзара үйлестiрушi-әдiстемелiк құрал ретiнде пайдаланылады» — деп бағдарламаның жүргізушісі өз сөзін аяқтады.
Жаңа инновациялық ғылым, бiлiм экономикасына көшудегi ғаламдастырудың үрдiстерi мен сынақтары, оны игеру жолдары жайлы Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында тағы да тұжырымдады. Оны бiлгiрлiкпен пайдалану арқылы ұлттық болмысымызды жетiлдiре түсемiз. Мұның өзi өркениет биiгiне жетуiмiзге зор мүмкiндiктер тудырады. «Тіл – әр халықтың кешегі жүріп өткен
жолын, бүгінге жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелеуші, яғни бар тарихының куәгері, деректі көзі» деп
С.Аманжолов, айтқандай тәуелсіздік алып, ұлттық мемлекетінің іргетасын қалай бастаған қазақ халқы үшін өзінің ұлттық тарихын бағамдау парыз. Себебі барлық әлем халықтары секілді қазақ халқы да тартысты тарихи жолында жиған мол тәжірибесінің арқасында бүгінге жетті, бүгінгі болмысына сүйене ертеңіне қол созып отыр. Қазақ елінің бүгіні – қалтарысы мен қапылысы, шырғалаңы мен ұмтылысы көп кешегісінің, арман-мақсатқа жеткізер, мол үмітін артар ертеңі – бүгінгі шарайнаның жалғасы болып табылады. Ал, осы біртұтас ұлт өмірінің алтын діңгегі, оның тұла бойындағы өзегі – ғасырлар бойғы тарих қойнауында жатыр. Халық жадында жаңғырып, оның күнделікті өмірімен астасып, сабақтасып отырмайтын тарих – өлі тарих десек, жансыз тарихтың жер бетінен мүлдем жоғалған халықтарда ғана болатыны ақиқат. Өткенді жандандырып, замана келбетіне әкелетін ұлы күш – ұлт тілінде қалыптасқан. Академик Ә.Қайдар «Қасиетті ана тілді этностық қауымдастықтың басып өткен барша өмірі мен бүгінгі болмысының арасын үзбей жалғастыратын рухани көпірге теңейді».
Жалпы, тілді – халықтың жаны, ділі, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы дейтін болсақ, халықтың жүріп өткен жолы, кешегі тарихы оның басты құндылықтарының бірі – қасиетті тілінде көрініс табады. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ана тілі. Қазақ тілі ғасырлар бойы талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірсе де өзінің шынайы болмысын, ұлттық рухани күшін сақтап қала алды…
Бабаларымыздан аманат болып қалған тілді келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің еншісіндегі мәселе. «Әрбір халық жер бетіне мәңгі — бақи жасау үшін келеді» деген қанатты сөзді назарда ұстасам, әрбір ұлттың басты рухани құндылығы – тілі арқылы ғана мәңгі жасамақ. Ол үшін қазіргі тәуелсіздік, егемендік тұсындағы тілдік саясатты жоғары деңгейде жүргізе білу парыз. Өйткені ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысы мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізі түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді.
Қазіргі қазақ тілі өсіп-өркендеген, қоғамдық қызметі сараланған тіл. Қоғамның барлық салаларында қолдануға жарамды, заман талаптарына толық жауап бере алатын тіл болып табылады. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш – жігерімізді жұмсауымыз керек» деген мағыналы сөзінің орасан зор мәні бар.
«Хабар» агенттігінен берілетін «Тіл тірегі» ток – шоу жанрындағы бағдарлама. Ұзақтығы 30 минут. Жүргізушісі Шоқан Шөжеев. Бағдарлама үш бөлімнен тұрады. Біріншісі, дебат, яғни тақырыпқа байланысты шақырылған мамандар жүргізуші мен көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Екіншісі, «сөз тапқанға» деп аталынады. Мұнда қазақ тілін жетік білетін өзге ұлттың өкілдері екі топқа бөлініп жарысады. Оның өзі бірнеше сайыстардан тұрады. Үшіншісі, шешендер дәстүрін жалғастыруға арналған.
Осы уақытқа дейін бағдарламаның екі саны шыққан. Оның біріншісі «Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың қазақ тілінде сөйлеуі», екіншісі «Балабақшадағы бала тілі».
«Ел болам десең, бесiгiңдi түзе» деген дана халқымыздың көрегендiкпен айтқан нақылы ерiксiз ойға оралады. Сол түзеуге қажеттi бесiгiмiздiң бiрi — балабақша мекемесi, балабақша тәрбиесi.
Адамның қалыптасуы бала кезден басталатындығы бесенеден белгiлi жәйт. Жақсылық, iзгi игiлiк адам бойына нақ сол кезде егiлетiндiгi белгiлi. Мiне, осындай қасиеттердi бүлдiршiндерiмiз балабақша мекемесiндегi тәрбиеден қалыптасып, бойына сiңiреді. Балабақша — тәрбие мен алғашқы сауат ашуға мүмкiндiк ашар бастаудың бiрi. Жас бала дегенiңiз ол — ұрығын жарып, жаңа көктеп келе жатқан жас шыбық iспеттi де, ал тәрбиешi болса — жаңадан көктеп өсiп келе жатқан нәзiк шыбықты күтушi бағбан iспеттi.
Балабақша тәрбиесiн көрмей өскен баланың кейбiреуi нашар тәрбие алады да, өжеттiктi — дөрекiлiкке, бiлiмдiлiктi — тақуашылдыққа, тапқырлықты — қылжақбастыққа, кеңпейiлдiлiктi — жарамсақтыққа айналдырып жiберерi хақ. Мұндай жәйттер өмiрде байқалып қалып жүрген жоқ па? Сондықтан балабақша бала тәрбиесi мен алғашқы сауат ашу үшiн өте қажеттi, Әрi баланың адамгершiлiгiн қалыптастыратын рухани күш беретiн бiрден-бiр мекеме. Балабақшаларда балаларды тәрбиелей отырып, болашақ тарихын, дүние тарихын тәрбиелейтiндiгiмiздi әсте естен шығармауымыз керек.
Бұл мекеменiң құндылығы осында.
«Балабақшадағы бала тілі» тақырыбына өз ойларын бөлісуге, Медеу ауданының оқу бөлімінің меңгерушісі С. Ғалиқызы және де «Қыздар Педагогикалық Институттың» докторанты Н. Нағашбайқызы келді. Екі жақ та қазақ балабақшаларының аздығы, ондағы оқу құралдарының жоқтығы, мемлекет тарапынан қаржының төмен берілуі және де басқа сауалдарға жауап берді. Алматы қаласында 156 балабақшаның 34 ғана қазақ тілді. Қазіргі таңда отбасылардың көпшілігі балаларын қазақ балабақшаларында тәрбиелегісі келеді. Бірақ, барлық балабақшаларда орын жоқ немесе төленетін ақшасы қымбат. Ғалиқызы Сәуле апайдың айтуы бойынша орыс тілді балабақшаларда қазақ топтарын ашу және қазақ тілін үйрету үш жастан басталатындығын ескертті.
«Сөз тапқанға» бөлімінің осы күнгі санында қарашай (үшқоңыр) және татар (достар) ұлт өкілдерінен құралған топтар қатысты. Олар таратылған әріптерден басталатын сөз немесе сөйлемдерді құрап жарысты. Оған қоса қазақ халқының мақал – мәтелдері мен ұлттық салт – дәстүрлерін қаншалықты білетінін көрсетті. Жарыстың нәтижесінде «Үшқоңыр» тобы жеңіске жетті. Ойынның шарты бойынша бір – біріне сұрақ қойып, қолқа салу дәстүрімен жалғасты. Ұтылған топ өздерінің «тіл туралы» өлеңін баршаға тарту етті.
Үшінші бөлімінде Серғазы Дәурен мен Хамадуллин Есжанның «Бала сату» мәселесі тақырыбының аясында өздерінің шешендік өнерлерін ортаға салды. Жеңімпазды әділқазылар және көрермендер дауыс беру арқылы анықтады.
Сол сияқты әдеби танымдық, және рухани құндылықты дәріптеуге арналған бағдарламалардың қатарына 2006 жылдың маусым айынан бастап эфирға шыға бастаған «Журнал» бағдарламасына тоқталсақ. «Білім», «Қоғам», «Экономика», «Ұлтаралық татулық» сол сияқты «Тұлға», «Мәдениет» сынды айдарлардан тұрады. Мұндағы қоғам, мәдениет, тұлға сынды айдарлар ұлттық құндылықтарды қалпына келтіруде, және оларды сақтауға көмеге тиіп жатыр. Ең бастысы, жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениеттің гүлденуіне үлес қоспақ.
Мәселен, «Журналдың» осы жылғы 05 мамырында шыққан төл теңгеміздің тарихына байлынысты сюжетте, еліміздегі геральдика сияқты өнердің қалай келгені туралы суреттелген. Сондай- ақ еліміздің елтаңбасына қатысты өз ойын әнұранның авторы Шота Уалиханов сөзін саралап алсақ. Оның айтуынша Қазақстан егенмендігі оның әрбір рәмізі дәлелдеуі тиіс. Өйткен ол қазақ халқының төл мәдениеті.
Жиырмасыншы ғасырдың адамзат баласы ұрпағының өмірінен алатын орны тым қомақты десек, тек соның ішіндегі ұлы жаңалығы таңғажайып жәшік – теледидар болды. Өмірге келу мерзімін дәуірмен салыстырсақ, оның тарих қойнауынан шығып, көпшгіліктің қажетіне айналғанына да жарты ғасырдан сәл-ақ астам. Замана керуеніне көз қадап, айналаға зер сала қарасаң қас-қағым ғана сәт. Бұл сөз жоқ, ғаламат ілгерілеушіліктің көрінісі. «Сыйқырлы жәшік» сан қырлы тылсым жұмбақтардың ордасы бола білді. Енді ол ғажайып «көк сандық» уақыт уысынан шыға, әлем атты үлкен дүниеге әр қиырдан көз сала, өзіне өзгені табындыра әрі таң қалдыра отырып биік белестерге бет алуда. Сондықтан теледидардың құдіреттілігі де сол, адам өмірімен біте қабысып, күнделікті тіршілігінің бір бөлшегіне айналып үлгергендігінде болып тұр.
Қазір бүкіл әлемдегі телеарналардың қай-қайсысын алсаңыз да адамзат үшін аянбай қызмет ететін, мақсаты мен мүддесі айқын идеологиялық ғаламат күшке айналып барады. Көгілдір экранның құпиясы көрерменін лезде елітіп, баурап алуға дайын тұрады. Оны телевизиялық көрсетілімдердің әр қырынан саралап көрсетуге болатын да шығар… Дегенмен, қазіргі жер беті халқының телевизиялық фильмдерсіз өмір сүре алмайтындығы баршаға аян. Әрі оның үлесі үй экраннындағы тәуліктік көрсетілімдердің үштен біріндей. Ал біздің айтпағымыз, соның арасында телесериалдарға да тікелей тән. Олай дейтініміз сол сериалдардың сипаты қазіргі «адам тәрбиелеу» ісіне керісінше тойтарыс беріп отыр десе де болғандай. Түптеп келгенде санаға жат туындылардың астарында «салмақты саясаттың» да бұғып жатуы турасында айтылып қалып жүр. Ал үнемі зұлымдық пен озбырлықтан тұратын киноны эфирден беру көрерменге ауыр тиері хақ. Сондықтан бірдей көңіл-күй сыйлайтын бағдарламаларды да қаз-қатар қою эфир этикасына жат. Мысалы, ОРТ — да «Времяның» алдында, міндетті түрде, «Спокойной ночи, малыши!» көрсетіледі. Не үшін? Өйткені бұл бағдарлама қабылдауға жеңіл әрі көңілді. Балалар түгілі ересек адамдардың өзі қызыға көріп отырады. Сол сияқты, отандық арналарда да белгілі бір жүйе бар. Көрерменнің жас ерекшеліктеріне, талғамына қарай бағдарламалар реттеліп барып ұсынылады. Әдетте, демалыс күндері әзіл-сықақ театрларының кезекті қойылымы немесе жыр сүйер қауымға айтыс берілуі мүмкін. Егер тиімді пайдалана білсе, аудиовизуальді құралдар — қоғамдық пікірді өзгертуге орасан ықпал ететін алпауыт күш. Саяси жағдайды шынайы суреттейтін, дамыған, демократиялық тұрғыда ұйымдастырылған БАҚ-ның болуы — қоғамды тиімді басқарудың, тұрақты демократиялық мемлекет болуының ең негізгі кепілдіктерінің бірі екені даусыз. Тәуелсіз мемлекетіміздегі еркін БАҚ әрбір азаматтың өмірлік маңызы бар мүдделерін қорғауға, шыншыл да жан-жақты ақпарат ала отырып, қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға объективті көзқараспен қарап, аудиторияға дұрыс ақпарат жеткізе білуі керек сияқты.
Жауды жеңуге, бетін тойтаруға болар, ал бірақ, «күшейіп» алған БАҚ тасқынын тоқтату өте қиын. Мысалы, еліміздегі ақпарат кеңістігін жаулап алу жолында жүргізіліп жатқан Ресей саясатының жастар тәрбиесіне ықпал-әсері жоқ деп кім айта алады? Тек Ресей ғана емес, біздің елдегі Қытай, АҚШ, Түркия, Франция ақпарат агенттіктерінің алға қойған өз мақсаты, көздеген мұраты бары анық. Олардың қай-қайсысы да біздің ұлттық менталитетіміз бен таным-тағылымымызға кереғар ақпараттар таратуда: әлемнің әр түкпірінде болып жатқан түрлі саяси оқиғаларға байланысты өз позициялары мен көзқарастарын жастарымызға күштеп таңуда. Сондай ақпараттардың кесірінен әлемнің өзі мұсылман қауымын жау көріп, лаңкес деп тапты. Әрине, бұл пікірге қосылуға болмайды. Бірақ, аудиовизуальді ақпарат құралдарының, оның ішінде ең жақыны теледидардың қауқары жаханға осындай жат түсінікті қалыптастырып берді. Біздіңше аудиовизуальді мәдениеттің «жабайы» сипаты әрі кереғар көрінісі деп осыны айтуға болатын шығар. Қыл-аяғы 2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте болған бір ғана дүрлікпе оқиға күллі этностың бір бөлшегі саналатын мұсылмандар үшін таскенеше зиян боп жабысты.
Қазір отандық теледидарға байланысты сын аз айтылып жүрген жоқ. Бір ғана сол шетелдік түрлі фильмдерді жоғарыда сөз еттік. Ал оларға тосқауыл дер кезінде қойылмай келеді. Бұл әуелі елдегі «БАҚ туралы» заңымыздың олқылығы боп табылса керек. Онда тек парнографиялық көрсетілімдерге ғана жол берілмеген болса, адамзат қатыгездігін әспеттейтін, зұлымдық пен қанқұйлы қақтығысқа толы туындылар жайлы ештеңе айтылмайды. Ал ондай фильмдер өз кезегінде жас буынның санасын бірден улап алуға бейім. Немесе бір басталса, бітуі екіталай мән – мағынасыз телехикаяларды да жеке айтуға болады. Егер елімізде республика аумағына таралатын негізгі 9 арна бар десек, зертеуіміз бойынша сол тоғыз арнаның бір апта ішінде телехикаяны ең көп беруіне қарай былайша топтауға болады:
1. |
КТК |
62 сағат |
2. |
НТК |
50 сағат |
3. |
Еуразия — 1 |
25 сағат |
4. |
Рахат, Ел арна |
20 сағат |
5. |
Хабар, Қазақстан |
19 сағат |
6. |
31-арна |
16 сағат |
7. |
Астана |
2 сағат |
Дәл осы апталық қамтылымға сай 18 триллер мен боевиктің көрсетілетіндігін ерекше атап айтуымызға болады. Және бұл көрсетілімдердің барлығы да жұрт жұмыстан келіп, төрт көз түгел жиналғанда эфирге шыққан. Ал отандық кино апта бойына 10 рет қана берілген. Оның өзінде күндізгі сағат 11:00; 14:25; 16:35 шамаларында ғана. Ал, бұл уақытта теледидарға сұраныстың аса көп болмайтыны өздігінен белгілі. Көріп отырғанымыздай, эфир уақытының басым бөлігін шетелдің арзанқол телехикаялары алып тұр. Мәселен, NNT аталатын өзбек арналарының телетармағы бар. Бұл арнаны кейде сериалдардың арнасы деп те қаласың. Өзінің таралымы жағынан Оңтүстік өңірді де қамтитын бұл арнаның эфирінен жергілікті жұрт қазақ телеарналарынан гөрі өзбекше сериалдарды көруге әуес. Тіпті, бойжеткендерден бастап, әжелерге дейін қай сериалдың қай уақытта басталатынынан хабардар. Қазір осы арнаның өзінде 8 телесериал көрсетіліп жатыр. Халық оларды үзбей көреді. Мәселен, кешкі 7.00-де басталатын мексикалық “Esmeralda” атты сериал беріле бастағанда көшеден ешқандай жанды таба алмайсыз. Айтпағымыз, біздегі Ұлттық “Хабар” арнасында да осы сиапттағы сериалдар болды. Оған күнделікті таңертеңгісін 11.00-де көрсетілетін Қытайдың махаббат тақырыбындағы “Қосылар күн бар ма екен сүйгеніме” атты телехикаясын жатқызуға болады. Осы тұста “Хабар” мен өзбектің “Vashlar” арнасындағы сериалдарды салыстырғанымызда көп айырмашылықтың бар екендігіне көз жеткізуге болады. “Vashlar” махаббат сериалдарын бере тұра ұятты, ұлттық менталитетке жат көріністер болса, ол жерлерін қысқартып беріп отырған. Міне, осы жағы біздің тек “Хабар” ғана емес, өзге тәуелсіз арналарымыз үшін де жетісе бермейді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жаһандану жаңғырығы бүкіл әлемді шарпып тұрған дәл қазіргі шақта біздің ұлттық өркендеуімізге де аса үлкен қауіптің төніп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бүгінгі буын мен келер ұрпақ рухани сауатсыздықтың соңына түсіп кетпес үшін отандық телевизияның мойнына артылатын салмақ та орасан және оның да сұрауы болуға тиісті. Кез-келген жауды жеңіп, бетін тойтаруға болар, ал бірақ күшейіп алған БАҚ-қа тойтарыс беру қиынның қиыны. Рас, бұл ретте тәрбиелік мәнге ие көркем туындылар мен бағдарламаларға отандық телевизиямыздың дәл қазір әбден зәрулік танытып тұрғандығын баса айтқымыз келеді. Бұл – ондай дүниелердің бізде мүлдем жоқ дегендігі емес. Мәселе, телеарналар тарапынан ұрпақты тәрбиелей алатындай ұлттық нақышқа сай тың туандыларды дүниеге әкелуге деген құлшыныстың аздығында. Біздегі танымдық, көркем туындылардың, кинолар мен деректі сериалдардың көбісі шетелдік өнімдер екендін жоғарыда атап өттік. Алайда халық оларды тамашалай бергеннен түбі бір жалығары анық. Өйткені, көрермен көз алдындағы экранынан жұлдыздай жарқыраған соны серпіліс, ізгі идеялар, жанына ләззат сыйлар рухани байлық күтеді. Әңгіменің түйіні – теледидардың құдіретті күші халықтың ниетімен сабақтасып жатуында. Әрине, телевизия өнерінің өзі бізге Батыстан келді. Енді біз үшін сол мүмкіндікті пайдалана отырып, өз қабілет-қарымымызды дәлелдеп, әспеттейтін кез әлдеқайда жетті. Ол Еуропаға да, өзге жұртқа да керек емес, ол өз халқымызды рухани “азықтандыру” үшін қажет. Яғни, белгілі режиссер, кинематограф Сатбалды Нарымбетовтің сөзімен айтқанда “біз халықты тәрбиелейтін экран жасауымыз керек”. Сол үшін отандық телевизиядағы халық санасына оң ықпал етіп, тәрби құралы бола білетін өнімдер жиынтығын жандандыруға қажетті түйткілдерді шешудің мынадай жолдарын ұсынамыз:
- Мемлекет ұлттық немесе коммерциялық телеарналар болмасын көркем туынды қорын (кино, мультфильм, деректі фильм, телеочерк, сериал, танымдық хабарлар т.б.) көбейтуге арнайы қаражат көзін қарастырғаны абзал.
- Мемлекет жекеменшік студиялардың артуына жәрдемдескені жөн. Оларға салық жеңілдіктерін қарастыру да керек және отандық телеарналар ондай студиялармен байланысын үзбегені дұрыс.
- Қазіргі «Қазақфильм» киностудиясы мен елдегі телеарналар арасындағы байланысты жандандыру қажет.
- Телевизия саласындағы қабілеті жетік мамандарға қолғабыс, қамқорлық керек. Журналистика мен кино өнері факультеттерінде білім алып жатқан жастардың ынтасына ден қойып, талантына қолдау көрсетілуі тиіс.
- Қазір кинотеатрлардан бұрынғыдай “киножурналдар” көрсету ісі мүлдем байқалмайды. Ал нағыз халықты тәрбиелейтін деректі фильмдердің түп тамыры да сол “киножурналдарда” жатқандығын ескерсек, былайғы халықтың, оның ішінде жастардың да деректі фильм тамашалауға деген ынтасы артатын еді.
- Еліміздің Мәдениет, спорт және туризм министрлігі отандық телеарналарға арнап көркем туындылардың әр тақырыбы бойынша арнайы тапсырыс беруі керек. Себебі, кейбір телеарна басшылықтары тарапынан сол телеарна үшін оның еш қажеті де жоқ болуы мүмкін.
Рас, адамзатқа тән құндылықтарды насихаттаудағы тележурналистиканың рөлі бір ғана халықтың емес, түптеп келгенде тұтас бір ұлттың өсіп-өнуіне, өркендеуіне қаншама ықпалын тигізеді. Егер ол дұрыс тәрбие, насихат көзіне айнала алмаса қыл аяғы сол этнос пен оның мекен ететін мемлекетін азғындатып жіберуге дейін бар. Ең бастысы оған деген әр елдің рухани қуатының мығым болғаны маңыздырақ. Сонда ғана ондай мемлекеттің басты байлығы халқы мен құнды рухани дүниесі – мәдениеті ешқашан жұтылып кетпек емес. Қысқасы, бұдан шығатын қорытынды, ұлттық телеарналарымыздың халықты, адам санасын тәрбиелеу мәдениетіндегі талпынысы ұшан-теңіз. Тек бізге қажеттісі оның ұлттық санамызды оятып, рухани қажеттіліктерімізді жетілдіруге қарай бағытталуы. Қорыта айтқанда, ұрпақ тәрбиелеуде аудиовизуалды апарат құралдарының «төресі» теледидардың қуаты қашанда мығым. Оны біз жұмыс барысында отандық аналардың ішіндегі беткеұстарлары «Қазақстан» мен «Хабар» арқылы ашып беруге тырыстық. Ең бастысы сол ақпарат құралдарының аудиовизуалды мәдениетті қалыптастыруда қазіргі адам санасына қалай әсер етіп жатыр деген күрделі де келелі сұрақтың жүгі тұр. Оның да астарына үңіліп көрдік. Жинақтай келе, халықтың ұлттық ой-санасын қалыптастырып, танымдық зердесін ашуға біріншіден, қашанда мемлекет тарапынан қолдау, шынайы ықылас қажет. Екіншіден, телеарналарда халықтың рухани зердесін оятып, идеологиялық танымын күшейтуге машықтанған тәжірибелі шығармашылық бірлестіктің болғаны әбден дұрыс деген қорытындыға келеміз. Ол өз ісіне адал берілген, соны зерттей білетін кәсіби мамандарға тәуелді. Үшіншіден, ең бастысы, телевизия ғаламат күш болғандықтан да ондағы журналист қауымының көкейіне қашанда адамзаттық құндылықтарға арқау боларлық тың идея қажет, ол мәнді сценарий мен мықты тақырыптың шығармашылық талғаммен алға сытылып шыға білуінде. Бұларсыз қанша жерден қаражат табылып, қолдау-қолпаштау болғанымен, шығармашылық талғамға ие қандай да рухани өнімді дүниеге әкелу мүмкін емес. Яғни, кез-келген шығармашылық туынды мейлі ол қай салаға тән болмасын, алдымен, оның кім үшін, неге және қандай мақсатпен дүниеге келетіні ойландырса керек-ті.
Сілтемелер тізбегі:
- Тұрсын Қ. Қазақ тележурналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары. Алматы, Білім, 2006. – 220 – 225 бет.
- Тұрсын Қ. Қазақ тележурналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары. Алматы, Білім, 2006. 256 – 257 бет.
- Прохоров Е.П. Введение в теорию журналистики. М. МГУ, 1995. 294 бет.
- Тұрсын Қ. Көгілдір экран құпиясы. Алматы, Қазақ Университеті, 1998. – 198 бет.
- Тұрсын Қ. Қазақ тележурналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары. Алматы, Білім, 2006. 260 – 265 бет.
- Амандосов Т.С. публицистика – дәуір үні. Алматы, Қазақстан, 1974. 55 – 65 бет.
- Сәрсенов Ж. Көзімді жұмсамда көрем сені. // Айқын. 03.06.2006.
- Тұрсын Қ. Қазақ тележурналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары. Алматы, Білім, 2006. – 315 бет.
- Омашев Н. Радио журналистика. Алматы, Экономика, 2005. – 15 бет.
- Қазыбаев К. Ақиқатқа ар керек. Алматы, Қазақстан, 1989. – 239 бет.
- Смирнова М.Г. Социологические исследования печати, радио и телевидения в разных капиталистических странах. М. МГУ, 1984. – 217 бет.
- Кузнецов Г.В, Цвик В.Л. Телевизионная журналистика. М. МГУ, 1994. – 38 – 49 бет.
- Кузнецов Г.В, Цвик В.Л. Телевизионная журналистика. М. МГУ, 1994. – 42 бет.
- Есжанов А.Е. Қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтары жайында. // Білім. 2006. №1. – 5 – 6 бет.
- Мекішев Б. Әлемнің жеті кереметі. Алматы, Өнер, 1982. – 42 бет.
- Мекішев Б. Әлемнің жеті кереметі. Алматы, Өнер, 1982. – 44 бет.
- Серікқазы Ж. 2004 – 2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы. // Қазақ. 03.03.2004.
- Шаймерденұлы Е. Жауһан жәдігерлер жаңғырады. Тарихи бағдарлама тынысы. // Егемен Қазақстан. 16.12.2006.
- Елубай С. Ұлтты қалыпқа келтіргің келсе, ұлттық мәдениетті қолда. // Егемен Қазақстан. 10.06.2006.
- Рақымқызы Р. Көгілдір экран балаларды қайда бастап барады. // Айқын. 17.03.2007.
- Сәрсенов Ж. Балалар ерте есейгісі келмейді. // Айқын. 20.01.2007.
- Бөжен Б. Қазақ ертегілерін қашан экраннан көреміз? // Қазақ әдебиеті. 25.11.2006.
- Сәрсенов Ж. Балалар ерте есейгісі келмейді. // Айқын. 20.01.2007.
- Есенбекова Ұ. БАҚ ұлттық мәдениет хақында. // ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 2005. №14. 173 – 175 бет.
- Сыбанбай С. Мен қазақ киносына қайран қалам. // Жас қазақ. 06.10.2006.
- Садық М. Деректі фильмнен үлкен киноға дейін. Астана, Фолиант, 2004. – 7 – 11.
- 31.kz
- khabar.kz
- Садық М. Деректі фильмнен үлкен киноға дейін. Астана, Фолиант, 2004. – 26 – 31.
- bbc.com
- Әли С. Жаһандану және ұлттық болмыс. // Дала мен қала. 30.03.2007.
Қосымша: