АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс: «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы ойын-сауық бағдарламалары

КІРІСПЕ

 

Қазір ақпарат заманы. Ақпараттар тасқыны кәдімгі Ы. Алтынсарин атамыз айтқандай «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызуға» мүмкіндік тудырып отыр. Батыс пен Шығыстың мүдделері тоғысқан, Америка бүкіл әлемнің қожасы болуға талпынған, Ресей ТМД елдеріндегі ықпалын жоғалтпауға күшін салған, Қытай аждаһадай аранын ашқан бүгінгідей заманда қазақ ақпаратының бәсекелестікке төтеп берерліктей мүмкіндігі болуы керек.

ХХІ ғасыр ақпарат билік құратын ғасыр болуы керек. Бұрын билік идеологияның, қарудың қолында болды. Енді ақпараттың қолына көшетін кез жетті. Ал, ақпарат ғасырында ақпараттың экспансияның астына көміліп қалмау біз үшін басты мақсат. «Қазақстан ұлттық телеарнасында» соңғы жылдары жасалып жатқан оң қадамдар, жаңа ізденістер осындай мақсаттың үдесінен туған секілді. Қазақ баспасөзінің жаңа белесі туралы профессор Намазалы Омашев былай дейді: «Қазақ баспасөзі жаңа үрдіске иек артып келеді. Бұқаралық ақпараттың көз-жанарын байлап, екі өкпесін қысқан тас қамалдың есігі ашылып, ішіне саңылау түскендей газет, журналдардың тілі стилі бұрынғы қалпын жойып жаңа леппен, жаңалықпен көрініс табуда. Ақпарат ағынында бәсекелестік пайда болды. Ал, бәсеке дегеніміз баспасөздің ішкі динамикасы, дамытушы күші емес пе?» [1.142].

Қазақстандағы телеарналардың саны оннан асып жығылады. Осы арналардың ішінде қазақ тілінде хабар тарататындығы жағынан «Хабар», «Қазақстан» және «31 канал» арналары өзара бәсекелесе алады. «Хабар» телеарнасы қазақ тіліндегі ақпараттық-танымдық және сараптамалық хабарларымен қоса, ойын-сауық бағдарламаларының көптігі жағынан ерекшеленсе, «31 канал» арнасы ақпараттық-танымдық және сараптамалық бағдарламалары жағынан көзге түседі. Ал, «Қазақстан ұлттық телеарнасының» бұл арналардан айырмашылығы неде? Бұл мәселелерді сөз етпес бұрын «Қазақстан» телеарнасының өткені мен бүгініне аз-мұз шолу жасап көрелік.

«Қазақстан» телеарнасы эфирге шығып, көрерменімен қауышқалы 50 жылға жуық уақыт болды. Дәлірек айтсақ келесі жылдың наурызында «Қазақстан» телеарнасының өмірге келгеніне 50 жыл толады екен. Бұл туралы С. Масғұтов «1958 жылы телевизия Қазақстанда пайда болды. Республика астана тұрғындары 8 мартта тұңғыш рет өз экрандарында қазақ телевизиясының алғашқы дикторлары З.Жұматова мен Н.Омарованың дидарын көрді» [2. 110] деп жазса, Құдайберген Тұрсын  «Қазақ телевизиясы ресми түрде 16 наурыз күні ашылды» [3.10] дейді. Содан бері «Қазақстан» телеарнасы талай белесті басынан өткерді. Ең әуелі небәрі 5-6 сағаттың көлемінде хабар тарата бастаған телеарна келе-келе әрі қуатты әрі жалғыз телемонополияға айналды. Алайда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңнің қиыншылықтары «Қазақстан» телеарнасын соқпай өткен жоқ. Сөйтіп нарықтың алғашқы жылдарында тұралап қалған телеарна сол баяғы 1958 жылдың таз кепешін қайта киген. Тек 2000 жылдан кейін ғана «Қазақстан» телеарнасының ісі қайта жандана бастады. Бұдан кейін «Қазақстан» телеарнасының бағдарламалар саны артып, эфирден берілетін уақыты 24 сағатқа жетті. Соның ішінде қазақ тіліндегі хабарларының үлес салмағы өзге тілдегі хабарлармен салыстырғанда 80%-ға жуықтады. Бұл  Қазақстан Республикасының «БАҚ туралы» және «Тілдер туралы» заңдарындағы «Электронды БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы өзге тілдердің жиынтық үлес салмағынан кем болмасын» [4.5] деген бабын орындауда өзге әріптестерінен қара үзіп кеткендігін танытады.

Алайда, 2006 жылдың сәуір айында ондағы басшылықтың ауысуына орай, бір топ қызметкер жаңа басшының келгенін құптамай телеарнадан жұмыстан кетті. Бұл жайында «Түркістан» газетінде журналист Гүлзина Бектасова «Қазақстандағы» наразылықтың төркіні неде?» [5] деген мақаласында айтады.

Телерадио корпорацияға жаңа басшының келуі әрі шығармашылық топтың едәуір бөлігінің (120 адам) жұмыстан кетуі «Қазақстан» телеарнасындағы барлық қазақтілді бағдарламалардың жабылуына алып келді. Сөйтіп, ондағы ақпараттық саясат, қазақ тіліндегі бағдарламалар қайта жасалу міндеті алға қойылды. 2006 жылдың сәуірінен жұмысқа кіріскен жаңа ұжым көрермендерге жар салып, «Күздің он жаңалығы» болатындығын мәлім етті. Біздің диплом жұмысымыздың негізгі нысанасы осы он жаңалыққа арналады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы ақпараттық-танымдық бағдарламалар

 

Бүгiнгi таңда қазақстандық ақпарат ғаламдық кеңiстiкке қанат жайып, жер жүзiнiң түкпiр-түкпiрiне таралып отыр. Өйткенi, дүние әлемнiң әр шетiнде өмiр сүрiп отырған адамзат баласы айналасында болып жатқан оқиғадан бiз өзiмiз жайлы бейхабар, құлаққа ұрған танадай жеке-дара тiршiлiк ете алмайды. Бұл қажеттiлiк ақпарат алмасу арқылы жүзеге асады. Ақпарат және ақпарат тiлi кеше мен бүгiннiң жемiсi емес. Оның түп тұқияны бiз бiлмейтiн ескi дәуiрлерде жатыр. Қазақ баласы атам заманнан берi ақпарат алудың ауыл үй арасының өсек-аяң, сыбыр-күбiр, ұзын құлағынан бастап, хабар беру, жоқ iздеу, аттан салу, сауын айту т.б. толып жатқан (ауызша, жазбаша) түрлерiн пайдаланып келдi. Осының нәтижесiнде ақпарат және ақпарат тiлi қалыптасып, ол қоғам өмiрiнiң бүкiл саласын қамтып, айрықша дамып отыр. «Бұл күндерi қазақ тiлi өмiрдiң азды-көптi 108 саласы мен кiшi саласында қолданылады»  [6. 31]. Ал, ақпарат тiлi болса, ол қоғам өмiрiнiң барлық саласына бiрдей қызмет ететiндiгiмен ерекшеленедi. Сондықтан да қазiргi таңда ақпарат тiлiне қойылатын талап та жоғары.

Ақпараттың басты мақсаты елiмiзде және әлемде болып жатқан түрлi саяси-экономикалық, әлеуметтiк, мәдени-рухани жаңалықтарды қоғам өмiрiнiң сан қырлы саласы бойынша дер кезiнде шұғыл да, жедел, анық та қанық, нақты да жылдам, толық нысанды (обьективтi) түрде маңызды әрi мәндi мәлiметтерiмен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, ақпарат тiлi адамға қажеттi мәлiметтердi жылдам жеткiзумен ғана шектелмейдi, ол жалпыға бiрдей әдеби тiл нормаларының қатаң қадағалануын тiл заңдылықтарының бұзылмауына, жаңа сөздер мен терминдердiң қалыптасуын, дұрыс жазылуын және дұрыс сөйлеудi өзiне мiндет етедi. Ол әрi таза, әрi шұрайлы адам санасына тез сiңiсiп, психологиясын еркiн меңгеретiн, өзiне баурап алатын күш-қуаты болуы керек. Ақпарат тiлiн көркем әдебиет тiлiмен қиюластырып, оқиғаның ажарын ашып, iс-әрекеттiң шеберлiгiн ширықтырып, болып жатқан көрiнiстiң көркiн кiргiзiп, тiлiнен бал тамып, сөздiң мәйегiмен мәнерлеп сөйлеу керек. Мәйексiз айтылған сөзге мән де аз берiледi. Қазақ тiлiнiң қай салаға салсаң да солай мәнерлi сөйлейтiн шамасы бар. Бұл қазақ тiлiнiң дара қасиетi. Демек, БАҚ-қа да әдеби тiл жат емес. Қазақстанда 1965 ақпарат құралы бар екен. Бұл анау-мынау дейтiндей аз сан емес. Әрi оның түрлерi де сондай әр алуан екен. Ал, өткен бiр жыл iшiнде жаңадан 65 газет, 44 журнал, 40 электронды ақпарат құралдарының қатарға қосылуы бұл салаға деген бұқара сұранысының мол екендiгiнiң айқын көрсеткiшi. Әманда, осы топаны мол БАҚ елiмiздiң мүддесiне қызмет етiп жатса құба-құп. Алайда, осының қаншасы қазақ тiлiнде, ал қаншасы өзге тiлде ақпарат бередi? Қазақтың «адамның тiлiне аспандағы бұлт азады» деген мақалы еске түскенде осыншама ақпарат құралдарының қаншасы халқымызды жаман әдет, жаттық салтқа азғыру бағытында қызмет ететiнiн я тектеп отырса деп ойлайсың [7].

БАҚ бiрiншi кезекте өзiң жайлы өзгеге өзiңдi өзiңе насихаттаушы. Осы салада тiлдiң барлық мүмкiндiгi пайдаланылуы керек. Сондықтан да оның тiлi әдеби тiлдiң қаймағынан қалқып алынған,сұрыпталып, елеп-екшелген, сындарлы мұнтаздай таза, крiшiксiз түзiледі. Сол себептен де ақпарат тiлi әдеби көркем тiлдiң алтын қорынан сусындап отыруы керек. Сонымен қатар, БАҚ — мемлекеттiк идеологияның жаршысы. Ал, жаршы тiлi қашан да қызыл тiлдiң қыраны. Оның өн бойында титтей де селкеулiк болуы мүмкiн емес.

«Қазақ телевизиясының тарихында ақпараттық бағыттағы хабарлар соңғы 40 жылда бірнеше қалыптасу кезеңдерінен өтіп келді. Бір айта кетерлігі, отандық теледидардағы ақпараттың пайда болуы қазақ телевизиясының құрылу жылдарымен тұспа-тұс келді. «Актуалды камера» аталған алғашқы ақпараттық бағдарлама бүгінгі техникалық қамтамасыз етудің мол мүмкіндіктерінсіз эфирге беріліп жүрді. Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Нейля Омарованың естелігіне сүйенсек, «алғашқы телевизия қызметкерлерінің өзі кәсіби журналистер емес еді. Барлығы дерлік сол кездегі киностудиядан тартылған». Алғашқы дикторларының бірі болған Ләзиза Аймашева: «Ол кезде концерт, спектакль, басқа да хабарлар ауқымы 200 метрлік тар студияда түсіріліп келді. Барлық хабар 3 тонналық зілдей камераға түсірілді. Барлық материал да тікелей эфир арқылы берілетін», – дейді.

60-жылдардың басында бүгінгідей сандық форматтағы бейненің мол мүмкіндіктерінсіз жұмыс істеген шығармашылық топтың негізгі материалы кино және фото материал болды. Барлық бейне киноүлдірге түсіріліп, жұмыс процесінде жеделдік жағынан бірқатар қиындықтар туындайтын. Ақпараттық технологиялар дамыған қазіргі заманда қалағаныңша бейнеүлдірді пайдалануға болады. Ал к иноүлдірдің тапшы болуына байланысты ол тұста телевизияда үлдір қатты үнемделетін. Оны үнемдеу мақсатында қатаң лимит еңгізілген болатын. Яғни журналист өз материалына, егер шамамен 15 метр үлдір ғана кетірсе, оператор бар болғаны 30 метр ғана үлдірді жұмсай алатын еді. Кейін бұл лимит тіпті 1/1,5 болып кетті. Әрине, осындай жағдайда жұмыс істеген шығармашылық топқа қаншалықты ауыр болғанын елестету қиын емес. Үлдірді үнемдеу жолында журналист пен оператор, режиссер тек қана ең қажетті кадрларды түсіруге машықтануы қажет болды. Түсіретін материалды лимитті киноүлдірге сыйғызудан бөлек, киноүлдірді басып шығарудың өзіне біраз уақыт жұмсалатын еді. Телевизия ардагерлерінің айтуынша, тек таңертең түсірілген киноматериал кешкі жаңалықтар эфиріне әзер дайын болатын. Ал түс ауа түсірілген кино тек ертеңгісін ғана әзірленіп, эфирге жіберілетін еді. Сондықтан уақыттың тапшылығына байланысты көбіне-көп ол замандағы телевизияда киноматериалдан гөрі фотоматериал көбірек пайдаланылатын.

Фотодерек – қазақ телевизиясында көп жылдар бойы кеңінен қолданылды. Әуелбаста қысқаша ақпараттық хабарламалармен шектеліп келген алғашқы ақпараттық хабарлар бара-бара жүйелі түрде тұрақты эфирден орын алған, аймақтық меншікті тілшілер қосыны бар күрделі бағдарламаға айналды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары масс-медиа рыногінде бірнеше жеке меншік коммерциялық телеарналар пайда болды. Онымен қоса, ақпараттық бағдарламалардың саны да өсті. Қазақстандағы тұңғыш тәуелсіз «КТК» және «Таң» телеарналарында жаңалықтар қызметі құрылды. Ақпараттық бағдарламалардың қалыптасу кезеңінің шарықтау шегі осы 90-жылдардың басымен тұспа-тұс келді. Отандық телевизияға заманауи озық техниканың келуімен жаңалықтар хабарының журналистері кәсіби тұрғыдағы мол мүмкіндіктерге ие болды. Оған дейін телевизияда қолданылып келген қарабайыр «Красногорск» кинокамерасының орнын VHS форматындағы телекамералар басты. Сол кезде құрылған республикалық «Қазақстан-1» арнасындағы ақпараттық бағдарламалар редакциясының бас редакторы қызметін атқарған белгілі телемаман Тыныс Өтебаевтың естелігіне сүйенсек, «Красногорск» кинокамерасымен түсірілімге кеткен шығармашылық топтың құрамында режиссер, режиссердің ассистенті, дыбыс режиссері, оператор және журналист барлығы 5 адам болған. Ал 1991 жылы қазақ телевизиясында VHS форматындағы телекамералар қолданыла бастағаннан бері шығармашылық топтың құрамында не бары 2 адам: оператор және тележурналист қана қалды. Келе-келе әлемде сандық технологияның дамуына байланысты Қазақстанда VHS және S-VHS форматындағы камералардың орнын кейін сандық камералар басты. Техникалық мол мүмкіндікке ие бұл камералардың келуімен ақпараттық бағдарламалардағы жаңалықтарды дайындаудың жаңашыл тәсілдері пайда болды. Отандық тележурналистикада әлі күнге дейін қолданыста жүрген бұл техникалық құрал-жабдық арқылы тележурналистерге шығармашылықты шыңдаудың жаңа жолдары ашылды» [8].

«Күздің он жаңалығына» ұлттық телеарнадағы ақпараттық-танымдық бағдарламалар да енді. Ең алдымен, ақпарат саясатында түбегейлі өзгеріс енгізілді. Әуелі ақпаратты таңдауда өзгешелік бірден көзге ұрды. Демек, бұрын телеарнадағы ақпарат сәл-пәл оппозициялық бағытта өрбісе, енді мемлекеттік саясатқа көбірек мән берілді. Әр сағаттың басында қазақ, орыс тілдерінде елде және әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар көрермен назарына ұсынылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.1.Телеарнадағы ақпараттық бағдарламалардың берілу тәсілі, обьективтілігі

Ақпаратсыз ең мықты саясаткер, ең күшті мемлекет, ең мықты халық ешкімге айналады. Барлығына да белгілі бір оқиға ақпарат береді. Журналистік ақпаратсыз барлығы да ешкім емес, нөлге тең, ештеңеге қажетсіз зат сияқты  болып қалады. «Журналистің қоғамдық міндеті – халықты барынша ауқымды және  сан алуан ақпаратпен қамтамасыз ету. Қандай шешім болса да, оны журналистер қабылдамайды. Журналистер тек жариялайды, әлгі ақпаратты таратады. Тыңдаушының өзі сараптап, қажетін сұрыптап алады, сол арқылы саяси ой қалыптастырады» [9. 18] дейтін болсақ, «Қазақстан» телеарнасындағы ақпараттың берілуі мен обьективтілігі де көзге бірден ұрды.

 «Қазақстан» телеарнасындағы ақпарат туралы сөз етпес бұрын, оның жанрлық ерекшелігіне тоқтала кеткен жөн. Профессор М. Барманқұлов ақпараттың анықтамасын былай ұсынады. «Ақпарат дегеніміз – күнделікті тұрмыстық шындықтың санадағы көрінісі. Субьективті оқиғаны сезіну. Ақпарат болған оқиғаны болды дейді. Ол мемлекеттің, олардың қайраткерлерінің  өміріне кері әсер етуі мүмкін. Ақпарат болған жайтты одан да күшті етіп беруі мүмкін. Ақпарат болған жайтты әр қырынан қызығушы мен қатысушының көзқарастарын сәйкестендіріп беруі мүмкін. Ақпарат тек болған оқиғаға ғана емес, оны хабарлағанға да, яғни қоғамға да байланысты. Аудитория сапалы, элитарлы болуы мүмкін. Бірақ, оларға бір ақпарат ұсынылады» [9. 41].

Ақпаратты әуелі репортажсыз елестету мүмкін емес. Жанрдың ең кең классификациясын Б. Чесноковтың зерттеу тұжырымдамасы берген болатын. «Репортаж – күрделі жанр. Сондықтан оны бірнеше аспектіде қарастыруға болады:

  1. Мазмұнына қарай:

— Оқиғалы

— проблемалық

  1. Оқиғаға репортердің қатысуына орай:

— проблемалық (репортердің қатысуы міндетті)

— түсіндірмелік (репортердің қатысуына аз-аздап шек қойылған)» [9. 173].

Сонымен «Қазақстан» телеарнасында «Күздің он жаңалығының» бірі ретінде ұсынылған «Айна-ақпараттың» рөлі өте маңызды. Ол біріншіден, елімізде және өзге шетелде болып жатқан маңызды оқиғалар мен ақпараттардың ең соңғысын ұсынуға күш салады. «Айна-ақпарат» өз хабарын күнде таңертең «Көңіл-ашар» бағдарламасының аясында ашады. Алғашқы таңертеңгілік хабар небәрі 5-10  минуттың айналасында. Бұл ақпаратта бәлкім кешегі күннің маңызды оқиғалары қайталануы мүмкін. Одан кейінгі әр сағаттың басында ақпаратпен көрерменін сусындатып отыратын «Айна-ақпараттың» ең соңғы көрсетілімі түнгі 21 сағатта эфирге шығады. Ұзақтығы – 20 минут.

Ең алдымен ақпараттың дәлдігі әрі обьективтілігі басты назарда ұсталынуы тиіс. Бұл туралы қазақ телевизиясының атасы атанған профессор М. Барманқұлов былай ой өрбітеді. «Ақпаратты беруде жылдамдық қана маңызды емес. Мұнда саяси және психологиялық маңызы болуы шарт. Мәселен, қандай да бір телеграфты агенттік немесе тәулік бойы таралатын ақпараттық телебағдарлама басқа газет материалдарынан немесе басқа телебағдарламадан ақпаратты беруден кешігіп қалса, онда ол арнаның беделі төмендеп, халықтың қызығушылығын тудырмайды. Демек, әлемдік телеграф агенттіктері арасындағы жылдамдық тек коомерциялық тұрғыдан ғана емес, саяси жағынан да маңызды. Яғни, бірінші таратылған ақпарат оқиғаны өз деңгейінде жеткізе алса, басқа бағдарламалардан өткен тура сол оқиға көрерменді қызықтырмайтын болады» [9.61].

Шынында да, кешкілік телеарналардың түймесін басып, қазақ тілінде ақпаратты тамашалауға кіріскен көрермен бұған дейінгі басқа телеарнадағы оқиғаның қайталанып жатқанын көргенде не түймені баса салады, не басқа арнаға ауысып кетеді. Тек осы тақырыпты бұлар қай қырынан көрсетеді екен, дегенге мүдделілер ғана сол арнада қала беруі ықтимал. Бұл жағынан алғанда, «Қазақстан» телеарнасының қызметкерлері өзге арналардың алдына түсу үшін барын салып бағатындығы байқалады. Ең бастысы, телеарнаның республиканың әр түкпірінде өз журналисі барлығы көңілге демеу.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы ақпараттар туралы «Айқын – TV-дидар» апталығындағы мына бір мақалаға назар аударып көрелік: «Таралу ауқымының кеңдігі жағынан бірінші орында «Қазақстан» Ұлттық арнасы тұр. Бағдарламаларын еліміздің барлық облыстары және көршілес 6 мемлекеттің халқы көре алатын «Қазақстан» арнасының сигналдары «Интелсат-703» спутнигі арқылы да дүние жүзіне таралып жатыр. Сәйкесінше, «ҚҰТ» жаңалықтар бағдарламасы кең ауқымды аудиторияны қамтып жатыр деуге толық негіз бар. Жалпы, бұл арнадағы ақпараттық бағдарламаның тарихы тереңде жатыр. 80-жылдары «Қазақстан», 90-жылдары «Шарайна», «Хабар», «Ақшам» деген аттармен эфирден беріліп жүрген жаңалықтар хабары бүгінде 14 облыстағы аймақтық тілшілер жүйесі дамыған бағдарламаға айналып отыр. Арнадағы жаңалықтар бағдарламасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы /АСБД/ аталатын шығармашылық құрылымның құрамына кіреді. Дирекцияның қарамағында жаңалықтардан бөлек, «Бизнес.кz», «Елден хабар», «Парламент» сияқты ақпараттық бағдарламалар бар. Бұдан 4 жыл бұрын құрылған АСБД жаңалықтар блогін күшейтуді көздейді. Әрине, бірінші хабарламасынан-ақ арнаның ұстанған бағыт-бағдары, басшылықтың саясаты жөнінде білуге болады. Кейбір телеарналар көрерменін тақырыптың өткірлігімен баурап алғысы келеді. Мәселен, «бір жерде наразылық шарасы өтті» немесе «әкім пара алып ұсталды» деген хабарламар кей телеарналарда бірінші кезекте кетуі мүмкін. «ҚҰТ» жаңалықтары бірінші кезекте Президент пен Үкіметте болып жатқан ақпараттарға орын береді. Әрине, бұл «ҚҰТ» шалғайдағы ауыл-аймақта болып жатқан әлеуметтік мәселелерді тасада қалдырады деген сөз емес. Ондай ақпараттық хабарламаларға 22-23 минуттық бағдарламаның өн бойынан міндетті түрде орын беріледі.

 Жаңалықтар беру тәсілі жағынан «Қазақстан» Ұлттық арнасымен ұқсас телеарнаның бірі – «Хабар» телеарнасы. Екі арнаның жаңалықтарының берілу тәсілі ұқсас болғандықтан, бірін-бірі толықтырып тұрады. Мәселен, «Қазақстанның» қазақ тіліндегі қорытынды жаңалықтары сағат кешкі жеті жарымда болса, «Хабардікі» сағат сегізде» [10].

Алайда, «Қазақстан ұлттық телеарнасы» телерадиокорпорациясы шетелде арнайы тілші ұстамайды. Бұл тек осы арнаға қатысты емес, Қазақстанның басқа да телеарналарына қатысты кемшілік. Сондықтан болар, шетелде болып жатқан әлемдік маңызы бар оқиғаларды біздегі телеарналардың көбі интернеттен алып бере салатын әдетке бой алдырған. Көбіне-көп орыстілді телеарналар мен ақпарат агенттіктерінің ақпараттарына сүйенетіндіктен, берілетін  баға біржақты. Яғни, Ресейдің көзқарасы тұрғысынан ақпарат таратылады, сөйтіп былайғы көрерменге де Ресейдің көзқарасы еріксіз таңылады.

«Айна-ақпараттың» тұрақты жүргізушілерінің бірі Нұрділдә Серікұлының «Айқын – TV-дидар» апталығындағы мына бір сұхбатына назар аударсақ, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ақпараттық саясатын, оның берілу ерекшелігін аңғаруға болады: «Нұртілеу Иманғалиұлы аға­мыздың айтқан бір сөзі есіме түсіп отыр: «Осы жерде отырған режи­ссерің болсын, операторың болсын, журналисің болсын, барлығы тележүргізушіге жұмыс істеу керек. Сонда ғана біздің еңбегіміз ха­лықтың, көрерменнің көңілінен шығады.

– Әрбір журналистің жеке стилі, өзіндік бағыты бар. Дегенмен дик­тор болғаннан кейін, мәтінді дайын­дауда осы тілшілерге талап қоясыз­дар ма?

– Бір ұжымда жұмыс істеген­нен кейін редакторлар мен жүргі­зу­шілердің бағыт-бағдары, сөз саптауы бір арнаға түседі. Мен жүр­гізуші ретінде өзімнің тіліме ыңғайлап алғаным болмаса, тіл­шінің өзіндік стилін өзгерте ал­май­мын. Тілшілердің де арасында түрлі-түрлі болады. Біреулері тілі орамды, салмақты жазады, ал кейбіреулер қарапайым сөзбен жазса да, сюжеттері тартымды болып шығады» [11].  Демек, телеарна басшылары ақпараттың маңызды әрі салмақты болуы үшін тележүргізушіге көп міндет артады әрі сенім жүктейді.

«Айна-ақпараттың» ең негізгі күретамыры – репортаж. Өйткені, телевизиялық ақпаратты репортажсыз елестету мүмкін емес. А. Юровский мен Р. Борецкий  «Репортаж – шынында да оқиға туралы әңгіме». «Теледидар репортажы  — бұл оқиғаның өзі белең алған сәттің өзінде көрерменнің көз алдында өрбіп отыратын оқиғаның өзі» [12.115] деп нақтылайды. Ал. В. Ученова «Репортажда оқиғаны шынайы суреттеу, оны талқыға салу автордың ой-пікіріне негізделеді» [13.162] деп оқиға мен оған араласу қырларын анықтап көрсетеді.  

Бұл тұрғыдан келсек, «Айна-ақпараттағы» репортаждардың түрі сан қырлы. Бір репортаждар қысқа-диспатч түрінде кездеседі. Оған репортердің өзінің қатысуы міндетті емес. Репортер болып жатқан оқиғаны баяндағанда, мәтінді кадр сыртында оқиды. Және оның қатысуы байқалмайды. Бұл ең қысқа репортаж. Ал, кейбір репортаждарда репортердің өзінің қатысы да, басқа да осы оқиғаға қатысты лауазымды тұлғаның, бейтарап адамның және оған қарсы екінші топтың пікірлері де қамтылады. «Телерепортаж – теледидардың өзіндік табиғи имманенттілігі (оқиғаға іштей қатысушылығы)… репортердің міндеті – көрерменге оқиға жайлы толыққанды ақпарат беру» [3. 172]. Дегенмен, бұл қысқа ақпараттан гөрі, сараптама материалға ұқсап кетеді. Сол себепті де, «Айна-ақпаратта» репортаждың бұл түрі жиі кездесе бермейді. Алайда, сенсациялық материалдарды беруде мұндай түрге иек артушылық та байқалады. Өйткені, тілші беріп отырған оқиғаны біржақты баяндаудан аулақ болуы қажет. Бұл халықаралық журналистикаға тән үрдіс. Сол себепті де оқиғаға қатысы барлық мүдделі топтар мен бейтарап сарапшылар 1-2 минуттық бағдарламаға қатысуы тиіс.

Сондай-ақ, хабардың маңыздылығы көп жағдайда тележүргізушіге қатысты. Тележүргізуші неғұрлым талапқа сай болса, соғұрлым ақпараттар легі де тыңдаушысына қалтқысыз жететін болады. Тележүргізушіге қойылатын ең бірінші талап — әрине, дауыс ырғағының айқын әрі ашық болуы. Бұл туралы С. Ақтаев: «…Даусың анық, ашық әрі жеңіл. Икемді, ойнақы болу керек. Диапазоның кең болуы шарт. Кез келген мәтінді жеңіл оқысаң, ол тыңдаушысын баурап алады. Оның құлағына жылы да жағымды естіледі… Әр сөздің мәні бар, сөйлемдегі тұрған орнында өзіндік екпіні бар. Соларды іздеп тап та, сол кілтипанға табаныңды тап бас» [14.90-91] деп жазады. Әрі тележүргізуші сөйлеу техникасына машықтанған, тілі икемді болғанда ғана тыңдаушысын елтіте алады. «Тележүргізуші мәнерлі, ойлы, оралымды сөйлеуді меңгеру үшін сөйлеу техникасына жаттығып, дыбыстау мүшелерінің қызметіне жатығуы тиіс» [15.53]. Демек, «Айна-ақпараттың» рейтингісі тек ондағы берілетін хабарлардың обьективтілігіне, журналистердің шеберлігіне ғана байланысты емес, сондай-ақ, жүргізушінің талантына да байланысты. Бұл жағынан оның тұрақты жүргізушісі болып келе жатқан Нұрділдә Серікұлының аталған талапқа сай екендігі даусыз.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы ақпараттар легін беретін «Айна-ақпараттан» басқа «Елден хабар», «Бизнес кz» бағдарламалары бар. Бұл бағдарламалар берілу тәсілі жағынан ақпараттық хабарларға ұқсағанымен, дайындалуы жағынан «Айна-ақпараттан» сәл-пәл өзгешелеу. Өйткені, бұлар қайнап жатқан соңғы хабарларды жеткізуге асықпайды, тікелей эфирден берілмейді. Бұл бағдарламалар көрерменімен қауышу үшін алдын-ала дайындалады. Арнайы, сұрыптаудан өтіп, монтаждалады. Ал, «Айна-ақпараттың» ерекшелігі сонда күн сайын әлденеше рет көреріменімен тікелей эфирде қауышатындығында. Профессор Барманқұлов «Бизнес кz» бағдарламасын экономикалық ақпаратқа жатқызады. «Мир телеарнасынан шығатын «Телебазар» бағдарламасы ғаламдық телемаркет нұсқасына лайықталған. Бұл супермаркет телеарна арқылы тауарды сату, оған тапсырыс беру сияқты жүйені қалыптастырды» [9.72] дей келе бұл бағдарламаның экономикалық ақпараттың электронды пішіні деген анықтама береді. Ал, «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Бизнес кz» бағдарламасы туралы да осыны айтуға болады.

Қорыта айтқанда, «Қазақстан» телеарнасындағы ақпараттық бағдарламалар басқа телеарналардағы қазақтілді ақпараттық бағдарламалардың ішінде көш бастап тұр. Ол біріншіден талау ауқымы жағынан алда, екіншіден обьективтілігі жағынан көш ілгері. Үшіншіден, көрерменмен прайм-таймда яғни тиімді уақытта қауышатындығымен ерекше.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  • 2. Сараптамалық-танымдық бағдарламалардың көтеретін жүгі

Сараптамалық-танымдық бағдарламалардың көш басында «Айна-апта» бағдарламасы тұр. «Айна-апта» бұған дейін эфирде жүргізіліп келген «Мезгіл» апталық шолуының орнына келген жаңа сараптамалық бағдарлама. «Айна-апта» секілді сараптамалық бағдарламалар еліміздің барлық телеэкрандарында орын алады. Айталық, «Хабарда» — «Жеті күн», «Астанада» — «Апта», «КТК-да» — «Шарайна», «Рахатта» — «Апталық шолу», «31-канал» арнасында апталық шолудың орнына «Кім?» телешоуы шығады. Демек, еліміздің жетекші телеарналарының барлығы дерлік мемлекеттік тілде апталық-қорытынды жаңалықтарын сараптама түрінде ұсынады. Сараптама хабардың Қазақстан телеарналарының ішінде тұңғыш рет «Хабар» арнасында дүниеге келгені белгілі. Сараптамалық рынок Қазақстан медианарығында мықтап қалыптасты, өз орнын алды. Ал, телеарналардағы сараптаманың орны өз алдына.

Телеарналардағы бағдарламалардың жанрын анықтауға келгенде қазіргі ғалымдар әлі де бір байламға келе қойған жоқ. Мәселен, профессор М. Барманқұлов: «Жанрлардың насихаттың бір саласынан екінші саласына баруын талдай келіп, олардың бір орнында тұрмағанын ескеру қажет. Белгілі бір жанрдың табиғаты туралы дауласа келіп, біз кейде олардың көпшілігі қатып-семген нәрсе емес екендігін, мәңгі-бақи өзгермейтін дүние емес екендігін естен шығарамыз. Жанр дегеніміз – дамып отыратын түсінік. Кешегі жанр бүгінгіден басқаша болып еді, ал ертенгі күнгі оның сұлбасы тағы да өзгеше көрінуі мүмкін» [16.13] дей келе Барманқұлов жанр эволюциясының төрт себебін ашып: «… оның алғашқысы – жанр табиғатының өзгеруіне өмірдің өзі себепші болса, екіншісі – зерттеуші ғалымдардың белгілі бір жанрды ашуы немесе жоққа шығаруы, үшінші себеп – кейбір жанрлардың уақытпен үндесе отырып қайта жаңғыруы. Төртіншісі – баспасөз бетінде қалыптасқан жанрлардың радио, телевизия, деректі киноға өту барысында өзгеріске ұшырауы» [17.58] деп жазады. Ал, ғалым Тодоров

«Жанрдың тұрақты белгілері әр дәуірге сәйкес өзгеріп, көптеген қосымша сипат қабылдайды, бірақ, ол сипат аса маңызды деп танылмайды, сондықтан, шығарманы белгілі бір жанрға саралауда оның айтарлықтай әсері болмайды. Сол себепті тарихтың әр тұсында бір шығарманың өзі әр қилы жанр болып есептелуі мүмкін. Мұндай жағдайда басты роль атқаратын нәрсе – шығарма құрылымының (табиғатының) қай белгілері мәндірек деп саналуында». [18. 142]. Сондықтан, «Айна-аптаның» жанрын шартты түрде «сараптамалық» деуге негіз бар.

 «Айна-апта» сараптамалық материалдарды екшегенде алдымен аптаның ең маңызды жаңалықтарын іздейді. Соны сараптап, көңіл елегінен өткізіп, өзгелердің пікіріне құлақ асып, өздерінің көзқарастарын қоса береді. «Айна-аптаның» жүргізушісі Дәурен Ғайып бұған дейін ысылған кәнігі телевизия журналисі. «Тележурналист – көпшілік аудиториясы» жүйесі негізінде мынадай талаптарды орындайды: біріншіден, көпшіліктің талап-тілегін қанағаттандыру үшін олардың үндеріне құлақ асу. Бұл аудиториямен арадағы байланысты нығайта түседі. Екіншіден, теледидардағы журналист социологияның тұжырымдық-методологиялық негіздері бойынша  көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізеді.  Үшіншіден, зерттеу жұмыстарының сапалы әрі тұрақты жүргізілуі, хабарлар мазмұны мен түр-пішінінің, идеясы мен көркемдік дәрежесінің артуына септігін тигізіп кемшіліктерді болдырмаудың жолдарын көрсетеді» [3.204]. Осы тұрғыдан алғанда, «Айна-аптаның» қорытынды ақпараттарында небәрі 4-5 проблема айтылады. Оның барлығы өмір қажеттілігінен туындаған маңызды мәселелер. «31 канал» арнасы қорытынды сараптамасында негізінен қоғамдық мәні бар, әлеуметтік және сенсациялық жаңалықтарға басты назар аударып, бірінші кезекті соларға берсе, «Қазақстан» арнасындағы жаңалықтардың реті мемлекеттік маңызды мәселелерден басталады. Дегенмен, кейде өзге арналар мән бермейтін кейбір маңызды ақпараттар дәл осы «Айна-аптаның» төрінен орын алып жатады.

 «Тележурналист ақпаратты жинау мен факт табу жұмысын екі сатыға бөліп қараған жөн болар. Біріншісі – ақпарат пен фактіні редакцияға әкелмес бұрын оларды «бұл қалай?» деген сұрақ тұрғысынан зерделеуі керек. Материал ең алдымен журналистің өзін қызықтыруы қажет. Осы сұрақ бойынша жасаған тұжырымы, шешімі арқылы әрбір журналистің қабілеті, парасаты шығармашылық саналығы  танылады. Екіншісі – «неге осылай?» деген сұраққа жауап іздеу» [19.149]. Міне, бұл тұрғыдан келсек, «Айна-аптаның» журналистері өмірдің өзі тудырған қажеттіліктерді екшей біледі және өздері таңдаған жаңалыққа аса құштарлықтары сезіліп тұрады. Сөйтіп, көрерменге де, өзіне де қызықты ақпараттың сараптамалығы да көңілге қонымды шығады.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы тағы бір сараптамалық хабар Бауыржан Омарұлы жүргізетін «Мемлекет» ток-шоуы.   «Ток-шоу немесе тікелей эфирдегі қызу пікірталас. Бұл нағыз майталман журналист түсетін майдан, қайтпас қаһарман қатысатын қақтығыс. Жүргізуші үшін телефон желісіндегі тыңдарманмен тіл табысу мәдениетін меңгеретін мінбер. «Айтылған сөздің атылған оқ» екенін мойындап, анық бағасын алатын айна-қатесіз емтихан. Оған тақырыбы осындай салмақты көтеретін, табиғаты заман тынысымен астасатын айтулы мәселені өзек еткен жөн» [20, 114]. Бұл тұрғыдан келгенде, «Мемлекет» ток-шоуы дәл осы мақсаттың үдесінен шыға біледі.

«Мемлекеттің» «Айна аптадан» өзгешелігі – бұнда студияда бір емес, бірнеше адамның қатысуы. Студия қонақтары белгілі бір  мемлекеттік маңызы бар тақырыптарды талқылайды. Бұл хабардың пішінін дөңгелек-үстелге жақындатуға болады. «Дөңгелек үстел» жайында профессор Марат Барманқұлов былай дейді: «Бұл жанр диалогшылар тобына арналған. Егер, сұхбаттағы және баспасөз-мәслихатындағы адамға журналист сұрақ қойса, ол бірсарынды, директивалы, позитивті немесе эмоциональды жауап береді, ал «дөңгелек үстел» басындағы бір адам емес, бірнеше адам жауап береді. Екіншіден, жауаптар біркелкі болмайды, әңгімеге қатысушылардың әрқайсысы өз пікірін білдіреді. Бір-бірімен пікір алмаса отырып, сұрақтың мәнін ашады. Мақсат – мәселені бірден бірнеше маманның көзқарасынан білу. Әңгімеде журналистің рөлі сұхбат пен баспасөз мәслихатындағыдай жоғары емес. Оның аты-жөні аталмауы да мүмкін. Әңгімені ұйымдастырудағы міндеті – тақырыпты таңдау, қатысушыларды шақыру, тақырып бағытын реттеу» [9. 142]. Демек, «дөңгелек үстелдің» тиімділігі — әңгімеге қатысушы мәселені әр тұрғыдыан, жан-жақты қырынан ашуға тырысады.  «Қазақстан» ұлттық арнасында дәл осындай типті бағдарлама бұған дейін «Күлтөбе» болғаны белгілі. «Күлтөбедегі» тақырыптардың дені ұлттық мәселелерге арналатын. Ал, «Мемлекеттің» мақсаты, аты айтып тұрғандай, мемлекетте болып жатқан оқиғалар мен проблемаларды талқылау. Мәселен, «Мемлекеттің» соңғы күндердегі бір саны Қазақстан Конституциясына енгізілген реформаларға арналды. Осыған орай студия қонақтары да заңгерлерден, депутаттардан құралды.  

Телеэкран қонағы қашан да сый-құрметті, дұрыс қарым-қатынасты қажет етеді.   «Сөйлеуші адам – бүкіл студия қонағы. Оған қажетінше сый-құрмет, ілтипат, ізеттілік көрсету, жаңылмай, жатық сөйлеп шығуына жағдай жасау телевизия студиясындағы әрбір қызметкердің  борышы» [9. 83]. Бұл тұрғыдан алғанда, кәнігі тележурналисі Бауыржан Омарұлының тәжірибесі мол.

«Айна-аптаның» негізгі өзегі – ақпараттар болса, «Мемлекет» ток-шоуының негізгі өзегі – сұхбатта қатысушы адамдар, олардың субьективті пікірлері мен көзқарастары. «Сұхбат – жай ғана әңгіме емес, репортердің естігісі келген жауаптарын алдын ала дайындалған әңгіме барысында айтып бере алмайды. Суырып салмалық диалог кезінде ойлардың, күтпеген сұрақ және нақты жауап, ақыл-ой жекпе-жегі, әдет айналымындағы қалдықтар  және ойлар тізбегі, шынайы ауызша тілдің салтанаты еш нәрсені ұмытып кетпейтін сәт – міне осылардың барлығы сұхбатқа кіреді. Бұл анықтама теледидар ықпалының арқасында ойластырылды. Ол мақсат тұтқан арманға жету үшін ұмтылады» [9. 126]. Біріншіден, аталған бағдарламада сұрақ күтпеген жерден, тұтқиылдан қойылуы мүмкін. Ал, теледидар қонағы осы күтпеген сәттен жол таба білетін алғыр, пікірсайыста өз ойын асықпай, сарабдал жеткізетін адам болуы заң. Екіншіден, сұхбатқа шақырылатын адам сол күнгі әңгіме тақырыбынан хабардар ғана болып қоймай, сол тақырыпты жан-жақты зерттеген, егжей-тегжейлі білетін болғаны жөн. Ал, «Мемлекет» ток-шоуының қонақтары дәл осы талаптардың деңгейінде болады. Әрі жүргізуші Бауыржан Омарұлы әр кез қиыннан қиыстыра отырып, жол таба біледі.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы тағы бір сараптамалық бағдарлама – «Парламент» апталығы. «Парламент» пішіні жағынан ақпараттық бағдарламаға сай келеді. Бірақ, ол өткен аптадағы «Парламенттегі» жаңалықтарды қорытындылап, сараптап беретіндіктен, біз оны сараптамалық бағдарламалар қатарына қосып отырмыз.

Сайып келгенде, «Қазақстан» телеарнасындағы сараптамалық-танымдық материалдардың жүгі аса ауыр. Ол бір диплом жұмысының бір бөлімінің ауқымына сия да бермейді. Біздің ой елегінен өткізіп, қорытынды жасағандарымыз осылар болды. Құдайберген Тұрсын: «…Шынайы көркем туынды шындықты үш өлшемде алып көрсетуге тиіс. Біріншіден, өмірде осындай болды деп, шындықты қаз-қалпында беру; екіншіден, өмірде бұлай болуға тиісті емес деп, кертартпа күштердің қианатынан қорғау; үшіншіден, өмірді өзгертетін, жаңартатын адамдарды тауып, тани білу» [3.104]. Міне, «Қазақстан» телеарнасындағы сараптамалық бағдарламалардың ұстанған бағыты. Жаңа заманның жаңа теледидарын жасаудағы ізденістерінен ыждағаттылықты байқауға болады.

 

1.3. Интерактивтік «Сырға» бағдарламасы

 

Таңертеңгілік «Көңілашар» бағдарламасымен қоса, күн сайын түскі сағат 2.30-да тікелей эфирге шығатын қыз-келіншектерге арналған «Сырға» бағдарламасы — «Күздің он жаңалығының» бірегейі болғаны белгілі. Жүргізушісі – Гүлмира Дайрабай. «Сырға» бағдарламасы – тікелей эфирге шығады. Сол себептен де болар оны «интерактивті» деп айдарлаған жөн болар. «Сырғаның» қонақтары әртүрлі адамдар. Ал, шын мәнісінде ондағы әңгіме ауыл-үйдің абың-гүбің тірлігі жайында десек артық болмайды. Сондай-ақ, «Сырғаға» келген әрбір қонақ елімізге танымал, саясаткер немесе қоғам қайраткері, өнері адамы болуы да ықтимал. Онда қоғамдық, әлеуметтік және отбасылық мәні бар мәселелер талқыланады. «Сырға» саясаттан тыс. Арасында телефон қоңырауына жауап беріледі. «Тікелей эфир дегеніміз – радиодағы интерактивтілік. Интерактивтілік деген не? Бұл кәдімгі тікелей эфирдегі кері байланыс, тыңдарманнан келіп түсетін телефон  қоңырауы, пейджер арқылы алынатын хабарлама, тұтастай алғанда эфирдің мазмұны мен құрылымы. Телефон желісіндегі тыңдармандармен кері байланыс қазіргі заманғы радиожурналистикада кеңінен қолданылуда. Телефон арқылы құттықтау жолдайды, тыңдағысы келген әндерді сұрайды. Және соның бәрін тікелей эфирге өз дауысымен айтады, бағдарламаға қатысып отырған студия қонағымен тілдеседі, өз пікірін білдіріп, ой таластыруға мүмкіндік береді. Соның бәрімен қатар, тыңдаушылардың ұтыстарға, алуан түрлі ойындарға қатысуын да интерактивтлікке жатқызуға болады» [20.11].

Сондай-ақ, француз тілінде сөйлейтін аспаздың тамақ жасау әдісі сөз болады. Әңгіме соңында студия қонақтары әлгі аспаздың дастарханынан дәм татады. Ең қызығы, студия қонақтарының сол сәтте шығып жатқан кез-келген Оңтүстік Корея телехикаясын бір сағаттай уақыт отырып тамашалап, соңында пікір айтуы. Бәлкім телебағдарламаны ұйымдастырушылардың өзгеше ойлап тапқан әдістерінің бірі осы болар. Дегенмен, студияға келген әрбір қонақтың алтын уақытын телехикаямен өлтіру тым ұтымды шықпаған. «Тікелей эфирдегі әрбір әрекет жеке-жеке және тұтастай  алғанда уақытқа тәуелді.  Сондықтан да секундтар аясындағы сөйленген сөздің салмағы нысанаға  алынуы – шарт» [20.10]. Мәселен, «Сырғаның» соңғы бір бағдарламасында қонаққа келген Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Кореяның «Жасыл қырат жақта» телехикаясын бір сағаттай тамашалап, бағдарлама соңында өз ой-пікірімен бөлісті. Біздіңше, Мәжіліс депутатының уақытын телехикаяға арнауы, оған бүкіл Қазақстан көрермендерінің куә болуы көңілге қонбады. Өйткені, халық қалаулысының телехикаядан өзге де проблемасы жетіп артылмай ма? Ол халықтың сөзін сөйлеп, заңын шығаруды басты мақсат етуі керек қой.

Жалпы, «Қазақстан» телеарнасындағы интерактивті бағдарламалардың жұртты қызықтырмау себебін теледидар қызметкерлері де, журналистер де іздеп көрді. Айталық,  «Қазақстан» ұлттық телеарнасы облыстық филиалының аға режиссері Балжан Медебаеваның «Айқын» газетіне берген бір сұхбатында интерактивтіліктің көрерменді тарта алмауының бірнеше себебін көлденең тартады: «Жалпы, әлемдік тәжірибе бойынша кез келген теле-радио компанияда оның имиджін көтеретін жобалар жасауды ойластыратын идеяшыл топ болады. Олар – «нарықтың сұранысынан шыға алатын не тауар жасауға болады», «қандай бағдарлама ойластырған абзал» немесе «көрерменнің көкейіндегі іздеп жүрген жобасы қайсы» деген сауалдарға жауап іздейтін менеджердің де міндетін қоса атқарады. Ал бізде ше, ол мүлде жоқ. Режиссер компанияның «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргенде қайдағы шығармашылық ізденіс? Оны айтасыз, бізде тіпті режиссер, журналист, оператор және шығармашылық жөніндегі жетекші отырып, бір мәселе талқылау деген жоқтың қасы ғой. Сосын бізде арнайы режиссуралық жоғары білім беретін оқу орны да жоқ. Мысалы, менің өз басым журналист «шекпенінен» шықтым.

Бізге Ресейліктерге қарап ізденуге болады, көшіруге болмайды. Керек жерін үйреніп, қажет тұсын игеріп, өз кәдемізге жарата білсек, жарап жатыр. Әрине, ашығын айту керек, олар қандай бір жобаны жасамасын жарқыратып, жандырып шығарады да, көрермен көңілін баурап алып кетеді. Бұл тұста біздің ұятты екеніміз рас. Өзіңіз де көріп жүрсіз ғой, жеңіл әзіл, құрғақ әңгімеге құрылатын бағдарламалардың ең басты ерекшелігі – жарықпен қамтылуында. Сахнаны безендіру, бағдарламалық атмосфера жасау, қызылды-жасылды түстерді ойнатып қою. Ұтылатын, өкінетін де тұсымыз сол – біздің техникалық әрі қаржылық қорымыз оны көтермейтіні.

 Көп жерде ток-шоу жасай алмауымыздың сыры біздің халықтың менталитетіне де қатысты шешіліп жатады. Себебі бізде көп алдына шығаратын «кейіпкер» жоқ. Кім анау «Окна», не басқалардағы сияқты өз өмірін теледидар алдына шығып айтып бере алады? Ешкім де. Құрығанда соны қолдан жасаудың өзі мүмкін болмай отырған жоқ па? Қазір эфирге шығып жүрген «Жебе» бағдарламасын қазақы қалыптағы ток-шоу деп айтуға әбден лайық. Соның өзінде топ болып талқылап жататын мәселелер кей кезде қатысушы тараптар арасындағы «ашыла алмаудың» әсерінен көздеген межеге жете алмай жатады»  [21].  

 Тікелей эфирдегі жұмысты жүзеге асыру сипаты өндірістегі жоғарғы қарқынды еңбек ырғағына ұқсайды. Осығай орай тікелей эфирді шығармашылық өндірістік процесс ретінде қарастыруға болады. Ғылыми зерттеулер көрсетіп бергендей, тікелей эфирдегі жүргізушінің қызметі айрықша, кейде тіпті, төтенше ахуалда жүзеге асады. Демек, келесі кезекте тікелей эфир шығармашылық-техникалық сипаттағы күрделі психологиялық процесс. Сондықтан да, тікелей эфирді жүргізетін  радиожурналиске кәсіби деңгейдегі даярлықпен қатар, арнайы психологиялық дайындық қажет.

Негізінде тікелей эфирдегі психологиялық ахуалды қалыптастырудың іргетасы микрофон алдына барғанға дейінгі даярлық кезінде жүзеге асатын нақты әрекеттер мен тынымсыз ізденіс нәтижесінде қаланбақ. Ең бастысы, тікелей эфир жүргізушісі  тартымды да, татымды, ұтымды да ұтқыр дүниелердің үздік үрдісін ұсынатын кәсіби маман болуы керек. Ол үшін журналист сол тұрғыдан қойылатын талаптар  деңгейінде өзінің кәсіби санасын қалыптастыруы тиіс. Кәсіби сана – журналистің жеке санасындағы көзқарас, сенім формасында жүзеге асатын кәсіби-адамгершілік түсініктер.

«Журналистің кәсіби санасының құрылымы: а) әдістемелік сипаттағы білім, яғни, жалпы ізденіс пен тақырыпқа сәйкес әлеуметтік зерттеулер негізінде  жинақталған білім; ә) технологиялық ережелер мен қағидалар, яғни, тікелей эфирдің техникаға тәуелді  екеніне және радиоарнаның ұстанған бағытына байланысты туындайтын талаптарды орындау мен ережелерді сақтау; б) адамгершілік бағдарлар, яғни, мәдениеттілік таныту, сыпайылық сақтау, дүниетаным деңгейін көрсету; в) жұмыс барысында жинақталған тәжірибе, яғни, күн сайын шеберлікті шыңдау. Міне, осы кәсіби сана құрылымын толық меңгергенде ғана журналист професионализмнің кілтін тауып, өзінің ішкі даусын тыңдау қабілетіне ие болады. Сөйтіп, ол өз қызметіндегі мейлінше, күрделі жағдайларда кәсіби  қағидаларды пайдаланып, саналы нәтижелерге қол жеткізеді» [22.85]. «Сырға» дәл осы талаптардың үдесінен шыға алып жатыр ма? Әрине, «Сырға» өзіне жүктелген міндетті адал атқарып келеді. Ондағы студияның жабдықталуы, көрермендердің өзін еркін игеруге мүмкіндік алуы, тіпті, тікелей эфирдің  кейбіреулеріне тән болып тұратын оқыс жағдайлардан да қазір ада. «Жалпы, тікелей эфирдің схемалық көрінісін 3 түрге бөліп қарауға болады:

1.Жүргізуші – қонақ;

2.Жүргізуші – қонақ – байланысқа түскен тыңдармандар.

3.Жүргізуші – байланысқа түскен тыңдармандар.

Тікелей эфир – интерактивтлік сипат алып Журналист – Эфир – Аудитория тізбегімен басталған процесс қайтадан қолма-қол керісінше,          Аудитория – Эфир – Журналист тізбегіндегі әрекетке алмасады» [20.71]. «Сырғаның» орысша түрі кешкі сағат 17.40-та эфирге шығады. «Дела житейские» деп аталады. Меніңше, осы «Дела житейские» бағдарламасы «Сырғадан» гөрі ұтымды шыққан тәрізді. Біріншіден, ол бағдарлама – кешкі прайм-тайм уақытында, яғни, тиімді мерзімде эфирге беріледі. Екіншіден, эфир қонақтары «Дела житейские» бағдарламасынан кейін шығатын ресейлік телехикая «Не родись красивойға» алтын уақыттарын шығындамайды. Үшіншіден, онда әлдебір тілде сөйлейтін аспаз жоқ. Демек, жасандылықтан ада. Өмірдің өзіндей қарапайым. Бәлкім, сондықтан болар онда айтылған әңгімелер де сенімді шығып жатады.

Дегенмен, «Сырға» интерактивті бағдарламасы «Қазақстан» телеарнасындағы осы жанрдың талаптарына жауап беретін жалғыз бағдарлама. Сол себептен де оның көрермені де, эфир қонағы болуға ұмтылушылар да көп. Әрі тікелей эфирдің табиғатына сай мұнда «журналист – эфир – аудитория» үш тағаны жақсы үйлесім тапқан.

 

 

 

 

 

 

 

 

2.«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы ойын-сауық бағдарламалары

 

Теледидардағы ойын-сауық бағдарламалары сол арнаның ең жанды жері десе де болғандай. «Қазақстан» телеарнасының жаңа шығармашылық тобы негізінен күшті осы ойын-сауық бағдарламаларына салды. «Күздің он жаңалығының» негізі де осы бағдарламалардан тұрады. Айталық, «Қымызхана», «Айтыс – Қазақстан чемпионаты», «Тойбастар». Сондай-ақ, эфирде көп уақыт болмаған «Күй керуені» бағдарламалары осының айғағы. Бұл туралы «Телеэкрандағы хабарлардың сан алуан түрлерінің ішінде ток-шоу күн санап етек алып барады. Ток-шоу актерлік ойынға бейім… ток-шоу бүгінде музыкалық және көңіл-көтерушілік бағытта бағдарламалар ағынында мол байқалуда» [3.186] деп жазды Құдайберген Тұрсын.

 «Қазақстан» ұлттық арнасында бұған дейінгі ойын-сауық бағдарламалары «Алтын қақпа», «Атамекен», «Қыз қуар» сияқты ұлттық менталитеттің негізінде жасалған шығармалар еді. Ал, жаңа шығармашылық топ   ұлттық менталитетті де ескерді. Айталық, «Айтыс – Қазақстан чемпионаты», «Қымызхана». Сондай-ақ, ұлттық менталитеттен тыс, жаһандану үрдісіндегі жаңа сипаттағы «Тойбастар» секілді бағдарламаларға да орын берді. «Журналист өз өнімін ақпаратты тұтынушыға қалай, қандай тәсілмен жеткізеді, өзін тыңдайтын, айтқан әңгімесіне құлақ асып сөзге араласатын  аудиториясын қалай, қайтып қалыптастырады, қандай арна арқылы ол өз ақпаратын дәл қазіргі оны қабылдайтын қоғамға ұсына алады?» [9.79]. Хабарды жасаушылар алдымен осы мақсатта жұмыс істегені абзал. Бұл мақсаттың үдесінен қарар болсақ, аталған бағдарламалардың ішінде ең шоқтықтысы – «Айтыс – Қазақстан чемпионаты» мен «Қымызхана» бағдарламалары. Бұл екеуінің рейтингісі бүгінгі таңда дау тудырмай тұр.

 

 

2.1.«Қымызхана», «Тойбастар», «Айтыс» — Қазақстан чемпионаты» бағдарламаларының көркемдік деңгейі

«Қымызхана» — бұған дейін телевизия тарихында болған бағдарлама. Сондықтан болар, оның бұл жолғы көрсетілімі басқа бағдарламалардан қарағанда, сәтті шықты деуге болады. Бұл алдыңғы әріптестерінің «Қалаймақан» бағдарламасының орнын басқан туынды. Ойын-сауық бағдарламаларында ескерілетін студияның ерекшелігі, оның көз тартымдылығына «Қымызханада» ерекше мән берілген.

«Қазақстан ұлттық телеарнасы «Қымызхана» бағдарламасының продюсері Сәуле Жиреншина «Айқын – Дидар ТВ» апталығына берген «Қымызхананың» рейтінгісі дау тудырмайды»  атты сұхбатында оның ерекшеліктері туралы сөз қозғайды: «Жыл құсындай болып қалың көрермен қауыммен қайта қауышқан бұл хабар­ды бұрынғы «Қымызхана­ның» заңды жалғасы деп қабылдауға әбден болады. «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Сол айтқандай, өт­кен ғасырдың 70-80 жылда­ры жарыққа шығып, миллиондаған көрерменнің жү­регін жаулап алған «Қы­мыз­хана» бағдарламасының жа­былғанына да, міне, 30 жыл­ға жуық уақыт өтіпті. Біз бәріміз сол телетуындыны та­машалап, сол хабардан ұлт­тық нәр алып өскен ұрпақ өкілдеріміз. Ол бағдарлама сол кездің өзінде-ақ өзінің ал­дына қойған мақсат-мұ­ра­тын орындап, бүкіл бұқара халықтың үмітін ақтады де­сек, артық айтқандық емес.

Бізкезінде талғамы зор көрермендердің жүрегіне жол тапқан тележобаны қай­та тірілтуге бел будық. Сөйтіп, сол бағдарламаның бойына қан жүгіртіп, оның осы заманға лайық жаңар­ған нұсқасын халық наза­ры­на ұсынғанды жөн сана­дық. Әсте қателеспеген екен­біз. Бұл жаңа жобамыз жал­пақ жұрттың көңілінен шы­ғып, әр аптаның жексенбісі күні асыға күтетін хабарына айналды.

 Хабардың шынайы тү­сіріліп, көрермендердің жү­регіне жол табуына актер­лердің шеберлігі өте-мөте қажет. Сондықтан біз бұл іске аса жауапкершілікпен қарадық. Қаладағы бүкіл театрлар мен өнер ошақ­та­рына шақыру қағаздарын жі­беріп, құлақтандырулар жасадық. Соның нәти­же­сінде екі жүзден аса актер­лер келіп, сынақтан өтті. Солардың ішінен Көркемдік кеңес мүшелері қазіргі әр­тіс­терді таңдап алды. Олар­дың бәрі қазір көрермен­дердің ыстық ықыласына бө­леніп жүр деп айта аламын.

 Авторларды тарту да біз­ге оңайға түскен жоқ. Ел­ге белгілі сатирик-жазушы­ларды шақырып, оларға ха­бар­дың бағыт-бағдарын тү­сіндірдік. Кейіпкерлердің ат­қаратын қызметін, олардың мінез-құлқын айтып, солар­дың образын ашатын сце­на­рийлер жазып беруін өтіндік. Кей авторлар біздің жоба­мызға келіспей, бұрынғы «Қымызхананы» қайта­лау­ды ұсынды. Қысқасы, олар­мен ортақ мәмілеге келіп, ке­лісімшарт жасастық. Со­лардың ішінен Доқтырқан Тұрлыбек, Асқар Найман­таев, Данияр Саламат, Гүл­наз Балабекова, Үміт Зұл­харова секілді авторлар ірік­теліп шықты. Қазір олар да біздің бағыт-бағдарымызға сай сценарийлер жазуға әб­ден төселіп алды. Осы жерде айта кететін жайт, біздің бағдарлама біреуді кекетіп, мұқатып және сынауды мақ­сат етпейді. Біз тек өмірде кез­десетін және адамзат ба­ла­сының мінезіндегі кей­бір әттеген-ай деген тұс­та­рын же­ңіл әзіл-қалжыңға айнал­дырып, көрермендерге ұсы­намыз. Ең басты мақсаты­мыз – жексенбінің кешінде телекөрерменнің көңілін кө­теру. Сондықтан да бағ­дар­лама көрермен қауымға ең қолайлы-ау деген уақыт­қа қойылған.

Бағдарламаның рейтінгісі өте жоғары деп бір ауыз сөзбен тұжырымдауға болады. Өйткені осы уақыт­қа дейін ресми рейтингі бо­йынша бірінші және екінші орыннан төмен түсіп көрген жоқпыз. Ал енді көрер­мен­дердің біздің хабарға деген ықыласын олардың редак­ция­мызға соққан телефон қоңыраулары мен жолдаған хаттарынан байқап отырмыз.

Осы уақытқа дейін әр апта сайын көрермендердің назарына тек қана жаңа бағ­дарлама ұсынып келеміз. Ма­мыр айының соңына дейін осы үрдіс өз жалғасын табады. Ал жаз айларында барлық телеарналар секілді біз де демалысқа шығамыз. Сол кезде туындылары­мыз­дың ең таңдаулы дегендерін қайталап көрсететін бола­мыз» [23]. Осы әңгімеден-ақ, «Қымызхананың» ерекшеліктерін аңғаруға болады. Бір сөзбен айтқанда, «Қымызхана» көпшілік көңілінен шыққан ойын-сауық бағдарламасы.

Ал, «Айтыс – Қазақстан чемпионаты» бағдарламасы – қазақтың дәстүрлі айтыс өнерінің негізінде дүниеге келгендіктен де, көрермен оны жатсынбай жылы қабылдаған секілді. Аталған бағдарламада бірден көз тартатын дүние – студияның безендірілуі. Студияның бұндай ерекшелікпен көркемделуі – ең алдымен көрерменге ерекше жылылық сыйласа, екіншіден,  онда келетін қонақтардың да көңілін демдейтін көрінеді. Дегенмен,  бұл студия көптеген адамдарға бокс алаңын елестетеді. Одан да өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді ескеріп, киіз үй форматында жасағанда не болар еді? Осы жағын «Айтыс – Қазақстан чемпионатының» студиясын безендірушілер ойланғаны жөн.

 Біз бұған дейін дала парламенті  аталған «Айтыстың» сахналық түріне куә болып келсек, бұл «Айтыстың» телевизиялық түрі. Бұндай тәсіл бұған дейін өткен ғасырдың 80-ші жылдары болғаны белгілі. Ол кезде дәстүрлі өнеріміздің өлмеуі үшін, бұл әдісті ойлап тапса, бүгінгідей «Айтысымыз» қайта жанданған заманда, көрерменді телеэфирге баулудың жаңа әдісі болып отыр. Сахналық айтыста біршама еркіндік болады. Өйткені, онда тақырып таңдау, алдын-ала жазылған сценарий бойынша айтысу дәстүрі жоқ. Айтыскерлер көңіліне не алса, соны айтады. Ал, телевизиялық айтыстың бұл түрі біршама шектеулерге ұшыраған. Алдымен, екі ақынға танысу, өз жетістіктері мен кемшіліктерін айту, екіншіден белгілі бір тақырып аясында айтысу мүмкіндіктері беріледі. «Айтыс – Қазақстан чемпионаты» бағдарламасының продюсері Айгүл Мырзаханның өз аузымен айтқан әңгімесіне құлақ түрсек:

«Жүлде қоры туралы: Жүлде қоры мен бас бәйгеге не тігілетіні туралы екінші, үшінші турға дейін белгісіз болады. Қанша дегенмен жүлденің белгілі бір деңгейде ақынға әсер етіп кеткен тұсы көп. Отыз екі ақын алатын жүлдесі үшін айтысып жатқан жоқ. Олар қазір бірінші кезекте өз абыройы үшін, одан кейін аймағының намысы үшін айтысып жатыр. Әр ақын өз өлкесінде қандай жетістіктер бар, кеше-бүгін нендей айтулы жаңалық болды, міне, осы туралы айтса, керісінше, қарсыласы оның кемшіліктерін сынайды. «Танысу» бөлімінің көбінше ақпараттық бағыт ұстанатыны сондықтан. Көрермендерге айтысымыздың тез жақын болып кеткендігі де сонда болса керек. «Тақырып айтыс» бөлімі ақындарымыздың заманға сай саяси, әлеуметтік, мәдени білімінің қаншалықты екендігін байқатады. «Түре айтыс» пен «Қайым айтыс» та солай. Демек, әр ақын жай ғана табиғи талант иесі емес, халыққа ой тастайтын аналитик бола алатындығын дәлелдейді. Тақырыптар айтыскерлерге бір апта бұрын беріледі. Бұл уақыт кеңесуге, дайындалуға жеткілікті. Студияға келген соң оның біреуін компьютер таңдап алып береді.
Ал ақындардың іріктелуіне келетін болсақ, о баста министрлік облыстарға хат жолдаған. Сол бойынша жергілікті әкімдіктер бізге жіберетін ақындарын іріктеп, шығармашылық дайындықтан өткізіп жібереді. Себебі чемпионат соңында жеңіске жеткен ақынға Қазақстан Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер деген мемлекеттің үлкен наградасы берілмек. Ал жалпы чемпионатқа қатысқан ақынға жауапкершілікті сол жердің әкімдігі алады. Ақындар аймағының атынан келеді дейтініміз сондықтан.

Айтыскерлерге цензура жоқ:  Айтысқа продюсер болу кім-кімге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен өзім де бір кезде айтысқа қатыстым. Сондықтан суырылып ел алдына шыққан өнер иесін қақпақылдау дұрыс емес деп есептеймін. Қыркүйектен бері қаншама оқиғалар болып жатыр. Бұл айтыста Тәуелсіздіктің он бес жылдығы, Желтоқсанның жиырма жылдығы, тіпті кешегі Үкіметтің ауысқанына дейінгі қоғамдық-саяси мәселелердің барлығы айтылды. Бірақ ақын оны қалай жеткізеді ол оның өзінің жауапкершілігі мен шеберлігіне байланысты. Суырып салады екенмін деп бет алды не болса соны айтуға болмайды.

Бағдарлама туралы: Айтысқа еге болуға меніңше, ешкімнің құқы жоқ. Бұл – халықтық өнер. Бірақ идеясына нұқсан келтірмей, форматты ауыстыруға болады. «Айтыс Қазақстан чемпионатының» жанры мен ток-шоу ғана емес, телевизиялық ұлттық шоу дер едім. Хранометражы 1 сағат 15 минут. Оның ішінде айтыс таза – 50 минут. Болашақта одан да ұзартылуы мүмкін. Бірақ қазір біз өзгерте алмаймыз, чемпионат біткенше 50 минутқа бір секунд қосылмайды немесе алынбайды. 50 минут кез келген ақынның қарымын анықтауға жетерлік уақыт, әрі дауыс берушілерге де ыңғайлы, көрермендер жалығып кетпейді. Біз мүмкіндігінше әлемдік телевизиядағы ең озық жетістіктерді пайдаландық. Шығармашылық топтың жұмыла жұмыс істеуінің арқасында осындай жоба жүзеге асып, жанданып жатыр.
Ерекше атап айта кетерлік нәрсе – бағдарламаның декорациясы. Бұған арнайы кәсіби мамандар жұмыс істеді. Айтыста ән шырқауға келген әншілердің өзі халық қаумалап отырғанда ерекше шабытпен ән салғандарын, кәдімгі сахнадан бұл сахнаның ерекшелігін айтып жатады. Меніңше, біз осы декорация арқылы айтысты табиғи қалпына жақындаттық қой деймін. Ал қызыл, көк, қара түстер бір-біріне контраст болғандықтан, шоудың күшін арттырып тұрады. Жасыл, ақ түстер телевизияның түсі емес, жұтылып кетеді. Тіпті кейбір кісілер декорацияны боксқа, бушидоға ұқсатып жатады. Бұл кемшілік емес, қайта жетістік. Ежелден жекпе-жектің алдында дабыл қағылып, керней тартылатын болған. Түркістанда тайқазан көтерілгенде де сондай дәстүр болған. Керней мен дабыл елдің назарын аудару үшін декорацияға қосымша элемент ретінде алынғаны сондықтан.

Бізге 14 облыс, 2 қаладан ақындар түгел келді. Бізде Қазақстан бойынша қай жерде қандай айтыскер ақын бар екендігі жайлы, тіпті бір кезде бір-екі айтысқа шығып, кейін қатыспай кеткен ақындар туралы да толық мәлімет бар. Осы чемпионатқа қорықпай кірісіп кеткеніміз сондықтан.  Чемпионаттың басынан аяғына дейін 64 айтыс өтіп, мәреге жаздың ортасында жетеді. Құдай бұйырса, төртінші, бесінші тур бұрын болмаған шоу түрінде өтеді деген жоспарымыз бар. Оған айтысқа бата берген 64 ақсақал түгел шақырылады» [24].

Демек, «Айтыс – Қазақстан чемпионаты» бүгінде қазақстандық көрермендердің көзайымына айналған сәтті бағдарлама. Рейтингісі дау тудырмайды. Бұл бағдарламалардың сәтті болғаны – ұлттық менталитетті айрықша ескергендігінің арқасында болса керек. Бұлар ұлттық өнердің қаймағын қалқып, бүгінгі телевизиялық түр-сипат бергендігінің арқасында жасалып отыр. Дегенмен, бұны «Айтыс – Қазақстан чемпионаты» деп айдарлағаннан гөрі, «Теле – айтыс» деп қарапайым атағаны оңды болар ма еді? Өйткені, бұған қатысатын ақындар анау айтты атақты, ардақты ақындар емес. Көбі көрерменге онша танымал емес. Бір-екі рет сахналық айтыстарда бой көсреткендері де бар.

Бұл бағдарламалардан басқа «Күздің он жаңалығының» бірі болған «Күй керуен» жобасы да тоқталып өтуді қажет етеді. «Күй керуен. Көктөбе – 2006» эфирде біраз уақыт қана болды да, ысырылып қалды. Дегенмен біраз қазақстандықтың жүрегінде сақталды десе болғандай. Аталған, тележобаға дайындық барысы жөнінде «Қазақстан» ұлттық арнасының бас редакторы Сағатбек Қалиев «Халықтың уақытын жеуге болмайды» атты сұхбатында былай дейді: «Табиғатынан фестиваль бәсеке емес, негізінен, өнердің белгілі бір немесе бірнеше жанрын қамтитын үлкен қоғамдық акция деп түсінген абзал болар. Бүгін не көп, концерт, конкурстар көп. Ал халықтың менталитетіне жақын ұлттық музыканың насихатталуы әлі де болса көңілден шықпайды. Осы сияқты жағдаяттарды ескере келе, «Қазақстан» телерадио корпорациясының басқарма төрағасы Нұртілеу Иманғалиұлының бастамасымен біраз уақыттан бері ойда жүрген күй фестивалін ұйымдастырдық. Игі іске Алматы қаласы әкімдігінің қолдау білдіргенін ерекше атап өткен жөн болар. Ырымшыл халықпыз ғой, күй анасы Динаның домбырасын Атыраудан арнайы алдырып, күй мерекесінің тұсауын сонымен кестік. Фестивальдің негізгі идеологиясы – біздің дәстүрлі музыканттардың қоғамдағы, мәдениеттегі тиесілі орнын көрсету, статусын көтеру еді. Сол үдеден шығып жатсақ, бек абырой. Көрермендер бұл фестивальдің телевизиялық нұсқасын жақын арада «Қазақстан» арнасы эфирінен көретін болады. Көктөбенің басындағы күй кешін миллиондаған көрерменнің жүрегіне жеткізу үшін біздің арна қызметкерлері тиянақты жұмыс жасап жатыр. «Күй-керуен» атынан айтылып тұрғандай, басы кетті, енді қалғаны қазақтың дархан даласында жалғасуы керек. Тарихи өлке Көкшетау бар, Баянауыл бар, Абай ауылы Жидебай бар, Құрманғазы ауылы бар, Маңғыстау үстірті бар, Күй атасы – Қорқыт Ата жатқан жер бар, сырлы Созақ бар, Жер жаннаты Жетісу, басқа да өлкелер бар, сол жерлерде неге жалғастырмасқа?.. Бұның бәрі – осы шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген азаматтардың, ел ағаларының жадында жүрген мәселелер.
Өткен ғасырдың бас кезінде қазақ мәдениетін зерттеуде орыс ғалымдары ел арасында кеңінен мәлім күйлерді нотаға түсіріп, алып кетіп отырған. Сол секілді біраз әншілердің дауысы да әлі күнге сақталып қалды. Мысалы, Әміре Қашаубаевтың дауысын бұрындары Жарқын Шәкәрім бастаған сапартоп арнайы барып, іздеп тауып, алып келген еді. Биыл белгілі дереккөздеріне сүйене отырып, Жарқын Шәкәрім, Базаралы Мүптекеев сынды музыка зерттеушілері Ахмет Жұбановтың өз орындауында былайғы жұрт түгіл, салалық мамандар әлі естімеген тоғыз күйді Петербордан алып келді. Бұл да біздің ұлттық мәдениетімізде айрықша орын алатын зор қуаныш. Ол жақта әлі де болса, көптеген қазақ қайраткерлерінің шығармалары жатқан болуы мүмкін. Оны табу – табанды ізденісті талап ететін үлкен шаруа. Ең қызығы, Жұбанов тартқан сол күйлерді Қаршыға Ахмедияров та солай орындайды екен. Арада бір ғасырға жуық уақыт жатса да бәлендей өзгермегендігімен-ақ қазақ күйі өзінің классикалық форматтағы өнер екендігін дәлелдей алады»  [25]. Сол «Күй керуен. Көктөбе – 2006» тележобасы эфирден де өтті. Бұл да ұлттық өнерімізді көкке көтерген, төл мәдениетімізді ұлықтаған ірі жобалардың бірі болды. Ең өкініштісі, сол Сағатбек Қалиев айтқандай жобаның Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалғасуын табуы болмай тұр. Әзірге, бұл жөнінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы үнсіз.

«Қазақстан» теларнасындағы ойын-сауық бағдарламаларының тағы бірі – «Тойбастар». «Тойбастардың» атына қарасаңыз, тағы да қазақы қалыптың иісі аңқып тұр. Ал заты? Олай емес. Бағдарлама ең алдымен екі тілде жүргізіледі. Шақырылған қонақтар да, жүргізушілер де осы ыңғайда. Содан болар, көптеген көрермендер бұл бағдарламаны шатпақ деген баға беріп жүр. Онда шақырылған әншілер де ұлттық қалыптан тыс.

«Қазақстан» телеарнасындағы осы бағдарлама жайында «Түркістан» газетінде арнайы жүргізілген сауалнамада біраз көрермен дәл осы «Тойбастар» бағдарламасын алабажаққа теңейді. «Шынымды айтсам, кешегі мен бүгіннің арасында түк те айырмашылық жоқ. «Қазақстан» телеарнасы емес, жалпы телеарналардың ешқайсысына көңілім толмайды. Басшылық ауысқан кезде үлкен жаңалық күткенбіз. «Күздің он жаңалығы» деп айғайлатқанда, жақсы бір жаңалық болады-ау деп ойлағам. Ондай айғайлататындай ештеңе көріп отырғам жоқ. сол баяғы сарын. Өзге арналарға қарағанда, «Қазақстан» телеарнасы ұлтты көбірек ойлайды ғой дейсің. Бірақ, ана «Тойбастарың» алабажақ бірдеңе ғой» [26]. Демек, «Тойбастар» көп адамның көңілінен шыға қоймаған тележоба болды.

 «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Күздің он жаңалығына» енбей, қазаққа тән байсалдылықпен байыпты түрде енген «Әлі есімде» ретро-әндер музыкалық бағдарламасы. Көрермен асыға күтіп, сүйсіне тыңдайды. Бағдарламаның жүргізушісі, өз дәуірінің майталман күйшісі Абдулхамит Райымбергеновтың ән туралы әңгімесі кім-кімді болса да еліктіріп әкетері сөзсіз.

Атақты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің ақиық ақын Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазған «Куә бол» әнін білмейтін қазақ кемде-кем. Ал бірақ ол әннің қалай дүниеге келгені туралы хабары аз.  Қаншама адамның жүрегін жаулаған осы әннің шығуына бірден-бір себепкер Нұрғиса ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Дариға апай екенін көрермен кейіпкердің өз аузынан естіді.

Сондай-ақ, Шәкен Айманов  түсірген «Тақиялы періште» фильміндегі Бибігүл Төлегенованың орындауындағы әннің негізгі орындаушысы Бақыт Әшімова екенін естіген көрерменнің біразы таңқалған шығар. Бейнелері көз алдымыздан ғайып болып бара жатқан әншілеріміз: Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Суат Әбусейітов, ағайынды Абдуллиндер, Құрманай Омарова, Мәдина Ералиевалардың әуезді әуендері де осы «Әлі есімде» бағдарламасында. Кезінде көгілдір экраннан түспейтін, қазір көп көріне бермейтін күміс көмей, жез таңдай әншілеріміз Рашид Мұсабаев пен Бақыт Әшімова, Сара Тыныштығұлованы да осы бағдарламадан көріп қуанып қалдым. Айналайын ағалар мен ардақты апайлар, қазақ өнерінің жұлдыздары, аман болыңыздар!

«Әлі есімде» бағдарламасына бірден-бір ат салысып келе жатқан сазгер  – Мыңжасар Маңғытаев. Өмірден көргені көп, түйгені мол сазгердің әр бағдарламадағы айтқан ойлары тартымды. Өткен апталардың бірінде Мыңжасар аға өзінің «Іздедім сені» әнінің дүниеге келгені туралы қызықты әңгімеледі. Ауруханада жатқан құрдасының сөздеріне ән жазған ағамыз махаббат деген сезімнің ауруға да бой бермейтінін, ғаламат күш екенін айтып өтті. Әрине, бала кезімізден сөзі де, әуені де құлағымызда жаңғырып тұрған «Іздедім сені» әні әлі есімізде.

17 желтоқсан күні эфирден өткен «Әлі есімде» бағдарламасында өз өнерімен, дарынымен талай көрерменді тәнті еткен, бұл күндері елге ана болып отырған Хабиба Елебекова апайымыз «Жас қазақтың» әнін жазған Рамазан Елубаевтың бұл әннің сазгердің еліне деген аманаты екенін айтты. Әуелеген аманатты халыққа аман-есен жеткізген қазақтың біртуар азаматы Жүсіпбек Елебеков екенін де осы бағдарлама арқылы білдік. Қаламынан кесек-кесек әдеби туындылар дүниеге келген Ғабиден Мұстафин ағамыз сөзін жазған бұл әннің ғұмыры 60 жылды артқа тастаса да, әлі күнге дейін өзінің шарықтау шегінде.

Демек, «Әлі есімде» ретро-әндерді қайта жаңғырту арқылы көрермен жүрегінен жол тапты. Бұл берілу тәсілі жағынан «Хабар» арнасындағы «Есіңде ме, сол бір кезге» көбірек ұқсайды. Тіпті, соның көшірмесі десе де болғандай.

Қорыта айтқанда, «Қазақстан» телеарнасындағы ойын-сауық бағдарламаларының өзі бір төбе. Оған деген көрермендердің ықыласы да ерекше. Біреу ұнатады, біреу жаратпай жатады. Бірақ, қалай дегенмен де бұл арнада телевизиялық туындылар, оның ішінде қазақ тіліндегі туындылар баршылық. Соның бір парасы – ойын-сауық бағдарламалары. Және бұл саладағы ізденістерді жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, көрерменнің көзайымына айналу үшін әлі де іздену керек.

 

 

 

 

2.2. Ойын-сауық бағдарламарындағы телевизиялық әдіс

 

Ойын-сауық бағдарламаларының барлығы дерлік ток-шоу, теледуманға жатады. «Теледидарда ток-думан, сұхбат, әңгіме, ойын-сауық жанрлары үстемдікке ұмтылыс танытуда. «Ток-шоу (ток-думан). Телеэкрандағы хабарлардың сан алуан түрлерінің ішінде ток-шоу күн санап етек алып барады. Ток-шоу актерлік ойынға бейім… ток-шоу бүгінде музыкалық және көңіл-көтерушілік бағытта бағдарламалар ағынында мол байқалуда» [3.151]. Мәселен, «Қымызхананы» ток-думанға жатқызсақ,  «Айтыс» теле-шоуын теледидардағы интерактивтілікке жатқызуға болады. Өйткені мұнда кері байланыс болмағанымен, пейджер, телефон арқылы дауыс беру бар. «Пейджер – біржақты, соған қарамастан, кері байланыстың ең тиімді түрі. Эфирлік студиядағы пейджерге тыңдармандардың жүргізушіге айтылған тілектері, жолдаған құттықтаулары келіп түседі, ал жүргізуші оларға жауапты тікелей эфир арқылы береді т.с.с.» [20.13]. Бұл жерде көрермендер тек дауыс беру үшін телефон желісі мен   пейджерді пайдаланады. Олардың дауысы эфирде естілмейді және кері байланыс жоқ. Телефонда немесе пейджердегі әңгімелерге жауап берілмейді. Бірақ, көрермен соған қарамастан байланыстың аталған түрлерін дауыс беру үшін пайдаланады. Демек, «Айтыс – Қазақстан чемпионаты» бір жағынан шоу, екінші жағынан интерактивті бағдарлама.

Алдымен, «Қымызхана» бағдарламасындағы студияның безендірілуіне назар аударып көрсек. Студия шағын кафе немесе барға ұқсайды. Түрлі деңгейдегі қызметкерлер мен аталған дәмханаға бас сұғушылардың арасындағы әзіл-әңгімелер «Қымызханаға» өзек болған. «Қымызхана» саясаттан тыс. Ешкімді сынап, шенеу мақсаты қойылмаған. Әзілдерінің өзі өмірдегі күнделікті түйткілдерден алынған. Бүгінгі заманның бет бейнесі. Нарықтың  шеңгеліне түскен халықтың аңқаулығы, алаяқтарға алдануы. Яғни, күнделікті өмірде болып жатқан күлкілі жайттар сценарий арқауы болған. Мұнда ащы ирония немесе сарказм жоқ. Тек қана әзіл, күлдіру негізгі мақсат. Аталған телеөнім «Тамаша», «Терісқақпай», «Шаншар», «Күлкі керуені», «Бауыржан-шоу» сияқты әзіл-оспақ отауларының телевизиялық үлгісі. Аталған әзіл-оспақ отаулары сатираның сахналық үлгісін көрсетсе, «Қымызхана» телевизияға сатираны алып шықты. «Тілдің орыны  ерекше бола тұра, хабарлардың көркемдік бейнесінің айтылған сөзді дәлелдеуі, оны терең ойларға жетелеуі – режиссердің хабар дайындауда мән беретін мәселелердің маңыздысы» [29. 103]. Бұл тұрғыдан келгенде, «Қымызханадағы» әзіл-оспақтар тым қарабайыр, кейде күлкі тудырмауы да мүмкін. Бірақ, соған қарамастан «Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрсетіліп жатқан жалғыз әзіл-оспақ бағдарламасы болғандықтан болар, оның рейтингісі үнемі жоғары.  

Ал, тікелей эфирде әр аптаның жексенбі күндері көрермендерімен қауышатын «Айтыс – Қазақстан чемпионаты» теле-шоуы — әрі теледуман, әрі интерактивті бағдарлама. Мұнда күш тележүргізушіге немесе актерларға түспейді. Күш айтыс ақындарына түседі. Яғни, бүкіл хабардың сәтті өту-өтпеу жауапкершілігін айтыскерлер көтереді.  «Тікелей эфирдегі туындының қай-қайсы да ұжымдық туынды» [20.24] десек те, мұнда айтыскердің ыждағатты болғаны ғана бағдарламаның бет-бейнесін аша алады. бұл телетуынды туралы «Түркістан» газетінде тележурналист Ораз Әлімбек: «Бүгінгі басшылықтың жасап жатқан дүниесіне келсек, оларда бір-ақ хабар бар. Ол – «Айтыс чемпионаты». Айтыстың өзінің жанрына қарай, оның телевизиялық формасын жасады. Мүмкін бұл «Біздің ұлттық өнерімізді шоу қылып жіберді» деп кейбіреулерге ұнамайтын шығар. Бірақ, телевизиялық стандарт тұрғысынан қарасақ, бұл бүгінгі «Қазақстан» телеарнасындағы сәтті шыққан бірден-бір хабар» [26] дейді. Яғни, кез-келген сыншының көңілінен шығып, жүрегін жаулаған аталмыш бағдарламаның сәтті шығуы төл өнеріміздің арқасында болып отыр.

Дегенмен, күш айтыскерлерге түсті десек те, ондағы ұжымдық еңбектің ерен болғандығы да байқалады. «Тікелей эфирдегі шығармашылық тұтастықты ұжым бір кісідей жұмылып әрекет еткенде ғана жүзеге асыра алатыны белгілі. Өйткені, тікелей эфирдің өзі  — техникалық мүмкіндіктің жемісі… Ал тікелей эфирдегі шығармашылық тұтастықтың тұтқасын ұстаған шығармашылық топ мүшелері – журналист, бағдарлама авторы, бағдарлама жүргізушісі, диджей, редактор, режиссер, шолушы, саунд-дизайнер» [28.25] десек, бағдарламаның продюсері барын салғаны байқалады. Сонымен, біздіңше, «Қазақстан» телеарнасындағы «Күздің он жаңалығының» ішінде ең сәттісі «Айтыс» телешоуы.

Ал, жексенбі күні түнде көрерменімен қауышатын «Тойбастар» теле-шоуы жайында мұны айта алмаймыз. «Тойбастардың» жанры ойын-сауық, теледуманға көбірек келеді. Көңіл көтерушілікті басты мақсатқа айналдырған бұл бағдарламаға көбіне көп өнер адамдары шақырылады. Жүргізуші екеу. Екеуі де екі тілде шебер майталман. Олай дейтініміз бағдарлама екі тілде жүргізіледі. Арасында ерлі-зайыптының рөлінде екі қуыршақ бар. Олар өздерінше әзіл-оспақ айтып жұртты күлдіріп қояды. Дәл осы қуыршақтар ғана қазақ тілінде сөйлейді. Ал, көрерменнің көбі — өнер жұлдыздары. «Тойбастардың» телевизиялық үлгісін біз Ресейдің тағы бір телеарнасынан көргенбіз. Бұл бағдарламаның «Қазақстан» телеарнасының төл туындысы дегеннен гөрі, көршілеріміздің телеарнасының көшірмесі десе де болғандай.

«Қазақ теледидары өзінің телетуындыларымен өз көрермендерін қызықтыра ала ма? Ұлттық телетуындылар ең алдымен қазақ халқы үшін түсінікті әрі қызықты болуы керек. Ал біздің қалалық мәдениетке бейімделген жас сценарийстеріміз бен режиссерларымыздың принципі – бүкіл әлемге түсінікті болу. Бірақ, ондай телетуынды жоқ. Олардың қателесуі де осында. Себебі, Феллини ең алдымен итальяндықтарға түсінікті. Сонан соң ғана барып, бізге, бүкіл әлемге түсінікті» [3.186] деген Қ. Тұрсынның пікірін дәл осы «Тойбастарға» арнап айтуға болатындай. «Тойбастар» ең алдымен қазаққа түсінікті һәм қазаққа қызықты болуы керек еді. Керісінше, ол қазаққа да, басқаға да түсінікті емес. «Тойбастарда» ауызға алып айтар жалғыз ерекшелік бар, ол – тағы да студияның безендірілуі. Студия еріксіз баурайды, көрерменнің көз қуанышына айналған. Ал, сондай-ақ, бағдарлама арасындағы қос қуыршақтың әзілдері де ұтымды. Дегенмен, тұтастай алғанда көрерменді өзіне баурағаннан гөрі, кері итеріп тұрады. Бұл, бәлкім ұлттық менталитетті ескермегеннен болған сияқты. «Тоғызыншы музаға» өзінің бар қабілет-қарымын, күш қуатын жұмсайтын редактор өмірдегі сан алуан құбылыстарды жинақтап, оны көрермен жан-жүрегін жаулап алатындай сиқырлы өнер әлеміне айналдырады. Онсыз көрерменді ойландыру, толғандыру үлкен тебіреніске келтіру мүмкін де емес. Өйткені, өмір дегеніміз үнемі дамуда, өзгеруде, жаңаруда. Ал осы бір құпиялы әрекеттердің бастау бұлағында – ой, сана, түйсік тұрады» [15.10]. Дәл осы түйсік «Тойбастардың» редакторлары мен режиссерларында бар ма екен? Әлде қазіргі қоғамымыздағы үрдіске сай, осындай алабажақ бағдарлама жасау қажеттігі туды ма екен? Бір жағынан, «Тойбастар» арқылы біз бүгінгі орысшасы мен қазақшасы араласқан қоғамның бет-бейнесін танығандаймыз.

Қорыта келгенде, «Қазақстан» телеарнасындағы ойын-сауық бағдарламаларының телевизиялық берілу әдісі – телешоу, думан, аты айтып тұрғандай, ойын-сауық бағытында. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Айтыс» телешоуын, сонымен қатар, интерактивтік бағдарламаға жатқызамыз. Көрерменнің көңілін көтеруге арналған мұндай бағдарламалардың көбеюі – телеарнаның рейтингісін көтеретіні айқын. «Кез келген радиохабардың негізгі критерииі – оның тыңдалу дәрежесі» [30.110]. Осы критерий тұрғысынан алып қарасақ, «Қымызхана», «Айтыс», «Тойбастардың» көрерменінің көп екендігі дау туғызбайды. Бірақ, көрерменнің талғамымен ойнауға болмайды. Теледидар қызметкерлері көрермен біз ұсынған тележобаның бәрін қабылдай береді деп ойласа, қателеседі. «Өскелең уақытқа орай көрермен де өзгерді. Олар ақпараттар тасқынының молдығынан білім мен мәдениеттің шырқау биігіне көтеріліп, көп мәселелерде өздері байлам, қорытынды жасайды. Оларға теледидар, радио және газет ақыл-ойға нәр беретіндей дерек, факті және ақпараттарды үздіксіз беруде» [15.7]. Сондықтан, көрерменнің көзайымына айналатын бағдарламалар көп ұсынылуы тиіс.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Қазақстанның әлемдік ақпараттық кеңістікке енгені ешқандай дау тудыра қоймас. Қазір тап сондай процесс біз қалайық, қаламайық, елімізде жүріп жатыр. Егер, ақпарат құралдарының мемлекеттік құрылымымызда алар орны мен атқарар қызметін толық бағаламайтын болсақ, немесе оның аса нәзік тұстары мен әрі өте күрделі құрылымын жете игермесек, егемен елдің шаңырағын шайқалтып алу қаупі жоқ емес. Сол себептен де біздің бітіру жұмысымызды нысанасы болып отырған «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы жаңа ізденістерді біз осы тұрғыдан сараптап, талқыға салдық.

«Ойдың өрбу қайнар көздері қандай? Біріншіден, журналистің өмірлік тәжірибесі, жан-жақты білімділігі. Осының бәрі бір жүйеге жинақтала келе, ой процесінде өзінің тұшымды пікірлерін қалдырады… Екіншіден, қайнар көз – ақиқат деректің өзі. Ол ойдың өрбуіне дүмпу береді» [15.14]. Бұл тұрғыдан келгенде «Қазақстан» телеарнасында «Күздің он жаңалығы» негізінде дүниеге келген жаңа бағдарламалар ақиқат деректің өзінен құралған. Сондай-ақ, телеарнаға жаңадан тартылған журналистердің өмірлік тәжірибесі, жан-жақты білімділігі ескерілген. Осының арқасында «Қазақстан» телеарнасында ірілі-уақыт көрермені сүйіп көретін, тыңдаушысы еліте тыңдайтын дүниелер дүниеге келді. біз осылардың барлығын ой елегінен өткізіп, өзіндік ой-пікірлерімізді білдіруге тырыстық. «Ұлттық арна атына заты сай болса ғана өрісті болмақ. Онда ұлттық идеологияның барлық нышандары көрініп тұрса құба-құп. Ұлттың басты бейнесі, оның тілі десек, телеарнаның тұтастай қазақ тілінде жүруі арнайы заңға қарамастан Қазақстанның барлық телеарналарынан қуылып шыққан мемлекеттік тілді дамытуға аз да болса септігін тигізер еді» [31] еді деп жазды  С. Оразалинов. Біз бітіру жұмысында «Қазақстан» телеарнасындағы бағдарламаларды осы тұрғыдан сараптауға тырыстық. Артықшылықтарын астын сыза айтып, басым көңіл бөлдік, кемшіліктерін естен шығармадық. Өзіміздің субьективтік көзқарасымызды білдіре отырып, өзгелердің де пікіріне сүйенуді жөн көрдік. Демек, пікіріміз жалаң шыққан жоқ. Бітіру жұмысында теориялық тұрғыдан профессорлар Н. Омашев,  С. Масғұтов, Қ. Тұрсын, Б. Жақып, М. Барманқұлов, Ж. Әбдіжәділқызы, Қ. Әбжанов, т.б. ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып, телеарнадағы жаңа бағдарламалар туралы жазылған «Айқын-Дидар ТВ», «Түркістан», «Жас алаш», «Жас қазақ», «Алтын орда» газеттерінің, т.б. мерзімді басылым беттеріндегі мақалаларға үңілдік.

Бітіру жұмысы – негізгі екі тарау және кіріспе, қорытынды бөлімдерден тұрады. Бірінші тарау – «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы ақпараттық-танымдық бағдарламалар» деп аталып, үш тараушаға жіктелді. Олар: «Телеарнадағы ақпараттық бағдарламалардың берілу тәсілі, обьективтілігі» «Сараптамалық-танымдық бағдарламалардың көтеретін жүгі», «Интерактивтік  «Сырға» бағдарламасы» деп аталды.

Ең алдымен телеарнадағы ақпараттық бағдарламаларға назар аударуымыздың да өзіндік себебі бар. Біріншіден, ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры. Ақпаратсыз – телеарна болмайды. Тіпті, ақпарат – телеарнаның жұлын-жұтасы деуге негіз бар. Телеарналар телехикаясыз немесе тележурналсыз болуы мүмкін, бірақ, ақпаратсыз болмайды. Тіпті, белгілі бір салаға арналған телеарнаның да сол саладан ақпарат беретін жаңалықтар қызметі болады.  «Телеақпарат – ең басты жанр. Әрі ол экран кестесінің көп бөлігін алатын «таңғы», «күндізгі», «түсті», «кешкі», «қорытынды» жаңалықтардан тұрады…»  [3. 170] дейді Қ. Тұрсын.

Сондықтан, біз негізгі күшті осы ақпараттық бағдарламалардың берілу дәрежесіне арнадық. Ал, оның қандай деңгейде беріліп жатуын сараптау – диплом жұмысының жүгін еселей түскендей. Телеарнада «таңғы», «күндізгі», «кешкі» деп айдарланатын «Айна ақпараттың» ерекшелігі, берілу тәсілі, журналистердің шеберлігі мен оперативтілігі және жаңалықтардың обьективтілігі сарапқа салынды. Сондай-ақ, «Елден хабар», «Бизнес kz» сияқты белгілі бір салаға арналған ақпараттық бағдарламалардың да ерекшелігі, берілу тәсілі назардан тыс қалмайды.

Бұдан кейін біздің назар аударғанымыз – сараптамалық-танымдық бағдарламалар болды. Сараптамалық бағдарламаның негізінде де ақпарат жатыр. Бұндағы айырмашылық, апта жаңалықтарын қорытындылап, ой елегінен өткізіп, сараптау. Сол себептен де оның салмағы арта түседі. Өйткені, ақпараттар тек болған оқиғаны хабарлайтын болса, сараптама бағдарламада ол ақпаратқа деген қоғамдық пікір ескеріледі. Журналистің өз көзқарасы айтылады. Мемлекет қайраткерлерінің төрелігі беріледі. Сөйтіп, маңызды оқиғаның сүрленіп-қырланып жеткенінің куәсі боламыз. Әр жексенбіде 19.30-да эфирге шығып, дүйсенбі сайын 13 сағатта қайталанатын «Айна апта» міне осындай бағдарлама. Оның жүргізушісі Дәурен Ғайыптың да, журналистерінің де күнделікті жаңалықтарға араласпай, тек осы апталық шолуға барын салатындығының себебі де осында жатыр. Сонымен қатар, «Мемлекет», «Парламент» танымдық-сараптамалық бағдарламаларының жанрлық ерекшеліктері, берілу тәсілдері және сараптамалық жүгі осы тараушада сөз болады. Ал, интерактивтік «Сырға» бағдарламасын бұл бағдарламалардың барлығынан бөліп алуымыздың да өзіндік себебі бар. Біріншіден, «Сырға» осы телеарнадағы тікелей эфирде шығатын бірден-бір бағдарлама. Бағдарлама барысында телефон қоңырауына жауап беріледі. Көрермендердің ықылас-тілектері жолданады, батасы айтылады. Сондықтан да, біз бұл бағдарламаны эфирдегі интерактивтілікке жатқыздық.

Ал, екінші бөлім «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы ойын-сауық бағдарламалары» деп аталды. Бұл бөлімнің өзі екі тараушаға жіктеледі. Біріншісі, «Қымызхана», «Тойбастар», «Айтыс» — Қазақстан чемпионаты» бағдарламаларының көркемдік деңгейі», екіншісі, «Ойын-сауық бағдарламарындағы телевизиялық әдіс».

Телеарнадағы ойын-сауық бағдарламалары көбінде демалыс күндері эфирге шығып, көрерменнің көңілін көтеруге күш салған ұтымды бағдарламалар. Әсіресе, бұл бағдарламалардағы студияның безендірілуі, көркемдік деңгейдің дәрежесі және берілу әдісі біздің басты нысанамыз болды. Қазір телеарналардың тым жұтаңдығы, қазақ көрерменінің ықыласын тарта алмай отырғандығы, эфирдегі қазақтілді бағдарламалардың аздығы жиі сөз болады. Біз аталған бағдарламаларды ой-елегінен өткізе отырып, осы сауалдарға жауап іздеуге тырыстық.

Ал, кіріспеде бітіру жұмысының тақырыбының өзектілігі, аталған тақырыпты таңдап алғандағы мақсат пен міндет талқыланды. Сондай-ақ, әрбір тараудың соңында қысқаша қорытындылар беріп отырдық.

Профессор Н. Омашевтің «Қазіргідей капитал мен олигарх топтарға тәуелділігі арта түскен БАҚ-тарда қызмет ету, ондағы журналистерге ар-ождан кодексін сақтай білу үлкен сын болып тұр. Бізге, қалам қайраткерлеріне, осылардың бәрінен биік тұратын ұстаным керек! Өткінші саяси ойындардың ықпалынсыз, елшіл, отаншыл рухта жазылған дүниелер ғана оқырманға ұсынылмағы лазым!»  [1. 17] деген пікірін құптай отырып, «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көзіқарақты оқырманның осыны талап ететіні айта кеткен абзал. Қазақстан әлеумдік ақпарат кеңістігіне толықтай енді деп айтуға болады. Бірақ, сол кеңістікке біз қай тілдегі ақпаратпен барамыз. Бұл ең басты толғақты мәселе. Осы тұрғыдан келгенде «Қазақстан» телеарнасындағы қазақтілді бағдарламаларын сараптаған біздің бітіру жұмысымыз ақпараттың даму, өркендеуіне сәл де болса үлес қосады деген сенімдеміз.

 

 

СІЛТЕМЕЛЕР ЖҮЙЕСІ

 

1.Намазалы Омашев. Ақпарат әлемі. 1-кітап. Алматы: Қазығұрт, — 2006, 339 б.

  1. С.Масғұтов: Телевизиялық журналистика негіздеріне кіріспе. Алматы: Білім, — 1975. 274 б.
  2. Қ.Тұрсын: Қазақ журналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары. Алматы: Алматы: Білім, 349 б.
  3. БАҚ туралы заңы. Алматы: Жеті жарғы, -1999. 28б
  4. Гүлзина Бектасова. «Қазақстандағы» наразылықтың төркіні неде? // «Түркістан», №17, 27 сәуір, 2006 жыл.
  5. Б. Хасанұлы. Қ. Жұбанов мұралары. Ақтөбе, 2000, 140 б.
  6. Бақытбек Бәмішұлы. Мәйексіз айтылған сөзге мән де аз беріледі. // «Қала мен дала», №9, 5-наурыз, 2004 жыл.
  7. Қанат Әуесбай. Қазақ телевизиясындағы қырық жылдық ақпараттың қыр-сыры // «Айқын-TV дидар», 04.05.2006
  8. Марат Барманқұлов. Телевизия: бизнес әлде билік? Алматы: Қазақ университеті, — 2007. 217 б.
  9. Ел телеарналары ақпаратты қалай беріп жүр? // «Айқын-TV дидар»,  13.07.2006.
  10. Нұрділдә Серікұлы. Тележүргізушілердің жеке стилін қалыптастыратын мектеп ашқым келеді. // «Айқын-TV дидар», 15.08. 2006 жыл.
  11. Основы телевизионной журналистики. Москва, 1966.-224 б.
  12. Проблемы информации в печати. Москва. 1975, — 280 б.
  13. Ақтаев С. «Дауылсыз дауыс» Алматы, 1989, — 120 б.
  14. Құдайберген Тұрсын «Көгілдір экран құпиясы» Алматы, 1998
  15. Барманкулов М. Жанры печати, радиовещания и телевидения. Алматы, КазГУ, 1974. 128 б.
  16. Тодоров Ц. Поэтика – Вкн. Структурализм, «за» и «против». Москва, Мысль, 1975. 251 б.
  17. Әбжанов Қ. Телевизиялық фильмдер. Алматы: Қазақ университет, 2003. 161 б.
  18. Масғұтов С. Көгілдір экран — өмір айнасы. Алматы: Мектеп, 1976. 129б.
  19. Әбдіжәділқызы Жидегүл. Тікелей эфир табиғаты. Алматы: Қазақ универститеті, 2003, — 140 б.
  20. Тұрсынмәмет Түсіпханұлы. Режиссер – шығармашылық менеджер болуы керек. // Айқын. 12.10.2006.
  21. Лазутина Г.В. Професиональная этика журналистики. Москва, 1999 г. – 265.
  22. Сәуле Жиреншина: «Қымызхананың» рейтінгісі дау тудырмайды. // «Айқын – Дидар ТВ». 12.01.2007.
  23. Айгүл Мырзаханқызы: Даудың басы – техниканың қателігі // «Айқын – ДидарТВ». 18.01.2007
  24. Сағатбек Қалиев «Халықтың уақытын жеуге болмайды» // «Айқын – ДидарТВ», 07.09.2006.
  25. Гүлзина Бектасова Қазақстан ТРК: Кеше және бүгін // «Түркістан», 20 ақпан, 2007 жыл.
  26. Ардагүл Тоқышева. «ӘЛІ ЕСІМДЕ» халықтың әлі есінде// «Айқын», 11.01.2007 жыл.
  27. Марченко Т. Радиотеатр. М.: Искуство: 1970, 285 б.
  28. Розенталь В. Культура речи. – М.:МГУ, 1964. 140бб
  29. Омашев Н. Толқындағы тотияйын. – Алматы: Қазақстан, 1988. – 160б.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

  1. Омашев Н. Қазақ радиожурналистикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. 264б.
  2. Назарбаев Н.Ә. БАҚ туралы // Егемен Қазақстан. – 2001. 20 наурыз.
  3. Марченко Т. Радиотеатр. – М.: Искуство: 1970, С. 219.
  4. «Тіл туралы» заң, 1997.
  5. «БАҚ туралы» заң, 1999.
  6. Михайлов Б. Радиоочерк. – М., 1959. 63б
  7. Омашев Н. Журналистиканың жаңа стилі // Ақиқат №9. 1997, 85-88б.
  8. Ералиева А. Радиожурналистикаға көзқарас. Студент. 2001, 2 сәуір.
  9. Рендалл Д. Универсальный журналист. Перевод с английского. Алматы, 1996. 137-151.
  10. Шумилина Т. Сіз айтып бермес пе екенсіз?… Журналистика сұхбатының әдістері. – М.: 1976.
  11. Янская И., Кардин В.Сенімділік шектері. Деректі әдебиет очерктері. – М.: 1981.402б.
  12. Чеснокова Б. Бұқаралық насихат құралдары практикасы мен теориясының мәселелері. 261-262б.
  13. Ученова В. Баспасөздегі ақпараттар проблемалары. 162б.
  14. Юровский А., Борецкий Р. Телевизиялық журналистика негіздері. – М.: 1966.224б.
  15. Омашұлы Н. Журналист даярлауда жаңалық көп // Хабаршы. Журналистика сериясы. №4, 1998.
  16. Н. Омашев Ақпарат әлемі. 2-кітап. Алматы: Қазығұрт. Алматы. – 2006 жыл. 423 б.
  17. Жақып Бауыржан. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары.-Алматы: Білім, 2004.-368б.
  18. Т.Амандосов. «Публицистика – дәуір үні»,-Алматы,1974; «Қазақ баспа сөзінің жанрлары», «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы».­- Алматы: Мектеп. 1978.- 172б.
  19. Байтұрсынов.А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Ата мұра, 2003.-208б.
  20. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі, құрастыр: З.Ахметов, Г.Шаңбаев. Алматы, — Ана тілі, 1996, — 240 б
  21. Қабдолов З. Сөз өнері.   Алматы, — 1992,   250 б.
  22. Егоров В. «Телевидение и зритель».  Москва: МГУ,      240 б.

Дэвид Рендалл. Универсальный журналист. М., Международный центр журналистики, 1996 год, 342 стр 

  1. Оразалинов С. Өмірмен өзектес өнер. // Лениншіл жас, 1990, 8 қыркүйек.

 

 

 

 

 

 

 

 

  •  
  •