АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Аскар Сүлейменовтың шығармашылығы

Мазмұны:

 

Кіріспе

 

  1. А. Сүлейменов шығармашылығы – ой тасқынына толы шығармашылық

 

  1. Жанр табиғатындағы ерекшеліктер

 

Қорытынды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

 

Кіріспе

 

Тақырыптың өзектілігі: Әдебиетке XX ғасырдың екінші жартысында келген, «алпысыншы жылғылар» деп аталып жүрген әдеби буын төл әдебиетіміздегі елеулі құбылыс болып табылады. Оны зерттеп саралаудың маңызы зор дер едік. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр деуге болады. Оған дәлел ретіңде сол кезеңдегі әдеби процесс мәселелерін зерттеу нысанына айналдырған А.Ісімақова, Ө. Көзбеков, Қ. Әбдезұлы, С. Асылбекұлы т.б. зерттеу жұмыстарын айтып өтуге болады. Асқар Сүлейменов — XX ғасырдың екінші жартысыңдағы әдеби толқынға қатысты тұлға. Бұл толқынға жататын тұлғалар: І.Есенберлин, Ә.Нұршайықов, М.Мақатаев,  Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов, Ә.Кекілбай, М.Мағауин, М.Шаханов сынды суреткерлер. Мұндағы әрбір есімнің әдеби құбылысқа айналғаны — ешкім жоққа шығармас шындық. XX ғасырдың екінші жартысындағы әдеби кезеңнің төл перзенті болып табылар А.Сүлейменовтің шығармашылығын саралау — осы кезеңдегі әдеби процесті түсініп игеруге жол ашар іргелі қадам.

Осындай қажеттіліктен барып біз, А. Сүлейменов шығармашылығын зерттеу нысанына айналдырдық. Жұмыста негізінен жазушы шығармашылығындағы үш салаға көңіл бөлінеді. Олар: көркем проза, драматургия және сын. Осы үш сала бойынша жазушы шығармашылығының жанрлық ерекшеліктері сараланады.    

Жұмыстың мақсаты мен міндеті:

А.Сүлейменовтың өмірі мен  шығармашылығын жан-жақты талдау, көркемдік қырларын ашу. Жазушы өз шығармашылығында қандай көркемдік ерекшеліктерге ден қойды. Олардың шығу түп төркінін анықтау – жұмыстың басты мақсат-міндеті.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты — жазушы А.Сүлейменов шығармашылығының көркемдік ізденіс қырларын ашып көрсетіп, идеялық-көркемдік тұрғыдан саралау.

Осы орайдағы зерттеу мақсатынан мынадай міңдеттер шоғыры келіп туындайды:

  1. Жазушының шығармашылығына тұтас көркемдік талдау жасау.
  2. Суреткер шығармашылығының даму кезеңдерін анықтау.
  3. Тақырыптың бұған дейіші зерттелу деңгейін анықтау үшін жазушы шығармашылығы жайлы мәліметтерді жинақтап, саралау.
  4. 60 жылдардағы әдеби ағым ауқымында А.Сүлейменов шығармашылығының ерекшелігін айқындай түсу.
  5. Жазушы стилінің қалыптасуына әсер еткен әдеби зандылықтарды анықтау.
  6. Жазушы Асқар Сүлейменов шығармашылығы көркемдік тұрғыдан тұтас нысанаға айналып отыр.
  7. Шығармашылық кезеңдерге шолу, «Адасқақ», «Қара шал» әңгімелер циклы, «Шашылып түскен тіркестер», «Эписталярлық хаттары» атты философиялық ой-толғамдары көркемдік идеялық тұрғыдан сараланды.

            Зерттеу әдісі:Аталған зерттеу жұмыстары  «60-шы жылғылар», 90-шы жылдардағы әдеби процесс секілді әдеби құбылыстар кешенді түрде слыстыру әдісі пайдаланылды.

Ғылыми жаңалығы:Жазушы шығармашылығы жөнінде алпысыншы жылдардың өзінде байсалды пікір қалыптасты. А. Сүлейменов көркемдік танымы туралы түрлі көзқарастар сол жылдарда қалыптаса бастағандығы нақты деректер келтіру арқылы зерттелді.

Құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспеде зерттеу жұмысының тақырыбының өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылган тұжырымдар, жұмыстың теориялық — практикалық маңызы айтылады.

 

 

  1. А. СҮЛЕЙМЕНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ – ОЙ ТАСҚЫНЫНА ТОЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

 

«Құнды сөз құнарлы ойдан шығады, ойы нәрсіздің тілі де нәрсіз» демекші адамзат санасындағы сан қилы сезімді бейнелі өрнекпен кестелеп сөз арқылы ғана жеткізуге болады. Өйткені көркем сөз – көрікті ойдың көрінісі. Сондай сөз шеберінің бірі – А.Сүлейменовтың өрелі ойының терең иірімдерінен тамаша суретті сөздер өріледі. Оның ақ нөсердей төгілген жыр жолдарында өзіндік өмір өлшемдері, түйінді, тұғырлы таным дүниесі кестелі өрнекпен нақтыланып, даралық сипатқа ие болып тұрады.

Асқар – ұлы рух. Рух – от, рух – жан. Ол – адам жанының ең қалтарыс түкпіріне сәуле түсіретін нұрлы шапақ, адам жанының ең бір нәзік қыл ішектерін қозғалысқа келтіретін ұлы ырғақ. 

Асқарды тануда саясат  ықпалынан, уақыт қыспағынан аса алмаған кездер болды. Енді заман өзгерген шақта азат елдің азат ойымен, азат жүрегімен, азат зердесімен Асқарды тануға тиіспіз.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданында Шорнақ ауылы бар. Қарлығаштың ұясындай осы ыстық мекенді маңайдағы ел өнер қонған танымал  азаматтар жетерлік. Солардың бірі – арамыздан мезгілсіз кеткен талантты  жазушы – Асқар Сүлейменов еді.

Көздеген  нысанамыз жазушы  шығармашылығындағы  көркемдік ізденістер һәм сол ізденістер нәтижесінде пайда  болған  поэтикалық  ерекшеліктерді, жетістіктерді ашып көрсетпек. Бұл мақсатта  біз үш  тарапты  бағдаршы етіп алдық. Ол: жазушы шығармашылығындағы көсем сөз, проза, әдеби мақалалар.  Әр сала  жазушы  шығармашылығындағы  бір толық, бүтіндіктен тұрады. Жазушы өз шығармашылығында  қандай көркемдік  ізденістерге  ден қойды: олардың  шығу  түп-төркінін  анықтау; жазушының  көркемдік  қолтаңбасына  әсер  еткен қандай  әдеби бағыттар болған;  жазушы  өз  шығармашылық  ізденіс жолында дәстүрлі әдеби бағыттар мен жаңаша (модернизм)  әдеби ағымдарды қаншалықты дәрежеде пайдаланады; олардың жазушы қолтаңбалық өрнегіне әсер ету күші қаншалықты; жазушы қолтаңбасының негізгі ерекшеліктері неден көрінеді; қысқаша тұжырымдағанда зерттеу міндеттерінің ауқымы осылай болып көрінеді.

Жазушының өзі жоқ,  шығармалары сайрап тұр. Мінезі, бейнесі, тұрмысы, барша тағдыры  шығармаларынан өріп шыға келеді.  Шығармалары сөйлеп тұрған жазушыны өлді деуге хақың жоқ. Оны ұғуға көңілдің көзі, зерденің зейілі болса, жетіп жатыр…

Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып, қарғыс айтпай, одан сабақ алып, жіберген қателігімізді қайталамай найзаның ұшымен, рух-намыстың күшімен қорғаған  Асқар аға аманатын орындау – бүгінгі ұрпақтың парызы.

«Асқардың әдебиет пен философия, саясат пен идеология, бейнелеу өнері мен музыка, кино мен театр, архитектура-сәулет, арғы-бергі адамзат тарихымен терең әрі ыждаһатты түрде айналысып, оқып үйренген, пікір түйген кезі сол алпысыншы жылдардың ортасы мен жетпісінші жылдарда болатын. Дұрысын айтсақ, күллі қоғамдық ғылымдар саласының әрқайсысынан терең білім жинап, энциклопедиялық  дәрежеде зерделеген бүгінгі таңға дейін ұлтымыз арасынан шыққан  бірден-бір аса зор оқымысты адам еді».

60-шы жылдардағы қазақ әдеби өмірі өте белсенді, қызғылықты болды. «Лениншіл жас» газетінің даңқы шықты. Осы газетте Асқар өзінің «Қара шал» әңгімесін жариялады. Жазушылық тұсауын кесті. Осы кезде ол Қазақстан жазушылар одағының органы «Жұлдыз» журналында қызмет атқарды. Онда ол өзінің қаламгер жақын досы М.Мақатаевпен әріптес боп қызмет атқарды. Осы журнал беттерінде жазушы өзінің сыншылық қабілетін байқап көрді. Шыңдады. Кейіннен «Жұлдыз» журналындағы келеңсіз жағдайларға байланысты  қызметтен кетті. Бұл Асқардың бір сүрінетін кездері. Бірақ осы  «Жұлдыз» шаңырағында Асқар өзін профессионал сыншы ретінде әдеби ортаға танытты. Асқар сол кездегі әдеби орта мен студент жастар қауымының кумиріне айналды.

Орта кезең. Бұл кезең 70 – 80-ші жылдар шығармашылығын қамтиды. Бұл орта кезең – орта бел, жазушы шығармашылығының да, өмірінің де орта бел омыртқа сүйегі. Негізгі жанрларда қалам тартты. Көсемсөз, драматургия, проза, жеке бас өміріндегі аса күрделі, ауыртпалығы мол ащысы мен тәттісі қатар келген кезең. Осы кезеңде Асқар шынында біз білетін Асқар болып қалыптасқан секілді.

Жазушының шығармашылығының түйінді кезеңі 80-ші жылдар соңы мен 90 жылдар басы. Соның ішінде ерекшеленетін тұс ол – 90-шы жылдар. Бұл тұсқа қатысты шығарма ол – «Шашылып түскен тіркестер». Бұл шығарма жазушының көсем сөз жанрындағы ірі жетістігі.  Шығарманың ойшылдық, анализ жасаушылық сарыны қатты білініп тұрады. Ол сарын өз кезегінде мүлтіксіз тілдік жамылғымен оралған. А.Сүлейменов шығармашылық феномені осы кезеңде анық бояу боп көрінді.

«Адасқақ» — А.Сүлейменовтың прозалық ең басты шығармасы болып табылады. Оның талантының шын — жарқырап  көрінген тұсы. А.Сүлейменовтың негізгі поэтикалық қуаты ол — проза. Зерттеу еңбегімізде, бізде сондықтан бұл шығарманы ең басты тірек — нысана етіп алдық.

«…Бар мықтағанда белді-белді ақындарымызды Маяковскимен салыстырып, қай ақынның қай қырға, қай қыратқа шыққанын сөз  етіппіз. Прозаны ұмытып та кетіппіз. Сондай-ақ прозаның өз Маяковскиі жоқ па екен?» А.Сүлейменов.

Прозаның Маяковскиі Асқар Сүлейменов әлемдік әдеби процеске ішкерілей енген, оның терең, қара иірімдерінен нәр алған жазушы. Өзінің алғашқы әдеби кезеңдегі сыни шығармаларында-ақ ол әдеби процеске әлемдік деңгей тұрғысынан қарайтынын аңғартқан болатын. А.Сүлейменов прозасы күрделі, экспериментті проза. Экспериментті болатыны ол әлі толқып тұрған, әлі аптығы, ыстығы басылмаған проза. Оның поэтикалық ұңғыл-шұңғылы әдеби тұрғыдан жете зерттеле қойған жоқ. Сонымен бірге, А.Сүлейменов проза саласында түрлі эксперименттерге көп барған. А.Сүлейменов прозасы ХХ — ғасыр жаңалықтарын тұтас бойына әдемі сіңіре білген, жинақталған тығыз әлем.

А.Сүлейменов «ой тасқыны» әдісіне өзінің жақындығын «Адасқақта» барынша байқатады. «Адасқақ» — А.Сүлейменов қолтаңбасының айнасы. Қалыптасқан дағды, шынайы стиль бар. Осы шығармасында ол «ой тасқыны» әдісін  мүмкін болған мөлшерде қолданысқа түсіреді. «Адасқақ» — ауыр ойға құрылған интеллектуалды — психологиялық туынды. Шығармада жазушы түрлі баяндау түрлерін шебер қолданады. Олар: ішкі монолог, жат-тіке баяндау (несобственно прямая речь) деген сияқты құралдар. Бұл баяндау құралдары реалистік дағдыда кең қолданыс табатын элементтер. «Адасқақта» Асқар бұл баяндау кұралдарын өзгеше басқа ракурста пайдаланып көреді.

    Мысалы: шығармадағы I диалог жаттіке баяндаудың (несобственно прямая речь) кемелді үлгісі. Ал, IV диалогта (Сол күн-түн. Ақан — эпизодында) ішкі монологтың жарқын үлгісі бар.

«Ой тасқыны» әдісі — композициялық құрлымға төңкеріс жасаушы әдіс. Онда кейіпкердің өзінен гөрі оның ішкі ой қатпарына көбірек көңіл бөлінеді. «Ой тасқыны» әдісінің кейіпкері сюжеттік кейіпкер емес, психологиялық кейіпкер (іс-әрекет кейіпкері емес, толғаныс кейіпкері). Біржан осындай ой-толғаныстық кейіпкер. Шығармадағы Біржан образы реалистік шығармадағыдай таза, айқын бедерленіп көрінбейді. Ол шығарманың өн бойында сұлбаланып, үзік-үзік бейне күйінде елес береді. Біржан бұл жерде қарайған обьект. Кейіпкер болудан гөрі, сана, ой кейіпкер ретінде білінеді. Сыртқы бейне тұрғысынан қарағанда, Біржан — импрессионистік кейіпкер персонаж. Ал, кейіпкердің ішкі идеялык, иірімдерінде импрессионистік шашыраңқылык жоқ. Керісінше болаттай беріктік, жинақылық бар.

Импрессионизм бұл тек бояу емес. Сонымен бірге дыбыс.
Мысалы: «… үш өрме тізгін қатты бұралған ішек боп желге
жылады, желмен жылады» [16.18б]. (Жылқы тізгінің тартқанда
шыққан дыбыс-авт.) Жалпы «Адасқақтың» структуралық қанқасы,
ондағы образдар қозғалысы реалистік қалыптан гөрі
импрессионистік қалыпқа жақын.                                        

Асқар әрбір ірі модернистік үлгілерді пайдаланғанда трафареттік көшіруге бой ұрмайды. Керісінше, оның бояуын орынды пайдаланып, қазақы түрге түсіреді. Және де әрбір үлгіні үлкен талғампаздықпен керекті жерінде шым-шымдап қана кіріктіреді.     Мысалы, «Адасқақта»    үлкен    образ    жасаушылық қадамдарға барады. «Адасқақтың» жалпы Асқардың ауыр оқылатындығына бірден-бір себепкер материал ол, оның өте көп пайдаланатын образдар тасқыны. Бір жағынан «Адасқақ» образдар коймасы іспеттес. Осы құбылыстың сөйлемдік құрылым конструкцияларда қалай жүзеге асатынына мән берейік. Мысалы, сөйлем: «Сөз бен әуеннің бауырына бүккен қызыл қырғын әсерін, кекіл жарар арын екпінін, тегеурінді тепкісін домбырамен жан алысып, жан берердей болған, сонау боп келетін бозбас іңірінен бастап індетіп ұғып жүрген Біржан, мына бәлемен Ажалмен бастас болмаған екен». Осы сөйлемнің Қарабайыр сүйегі: «Сөз бен әннің бар сырын домбыра ұстаған» жас кезінен бастап терең ұғып жүрген Біржан өлім туралы ойлап көрмеген екен. Осы сөйлемді қабылдау үшін оның негізгі (өз) мағынасынан гөрі образдык (бөгде) мағынасын түсініп алу керек болады. Әйтпесе сөйлемді үстірт оқып шыққан адамға ешқандай мағына білінбесі кәдік. Сөйлем түгелдей көркем образға құрылған. Бұл Асқардың бір ерекшелігі, көркемдік қыры. Образды көп пайдаланатындығы. Кейде образдар жүйесі мағынаның өзін көлегейлеп тұрады. Мысалы: «Жанботаның толы тегене қымыздай күлкісіне құмалақ тотияйын тастап жібердім». [11.45б.] Күлкі кәдімгі физикалық материал зат ретінде суреттеледі. Күлкі — толы тегене қымыз. Ойлауға, санаға сіңіруге ауыр. Асқарда қиыннан қиыстырған образдар көп. Асқардың бір әдісі «оңайды қиындатып» айту.

А.Сүлейменов әдебиеттің тар шеңберінде нәрсіз, сұрықсыз күйде қалған жоқ. Әлем әдебиетінің шылжырап аққан сан тарау капилляр талшық бұлақ көздерінен еміне, еркін ішкен шебер.

А.Сүлейменов прозасының тым жаңашыл боп көрінетіні содан. Шындығында оның жаңашылдығы бар ескіден бой тартпай, олардың әдемісін ішке сіңіру. Ол мейлі ұлттық үлгі (шешендік өрнек үлгі), мейлі шығыстық сарын (дін), мейлі батыс эстетикасы (модернизм) болсын жазушы одан бас тартпайды. Жазушы қолтаңбасынан алуан түрлі үлгілердің бой көрсетуі соған дәлел. Жазушы қолтаңбасындағы жаңа замандық әдебиеттен, сырттан алынған деуге болатын тағы бір осындай үлгі, ол — символизм сарыны. Жалпы символизм жазушының шеберлік үлгісіне (үлкен орны болмағанымен) етене жақын өрнек. Өйткені әлемдік эстетика иірімдеріне ден қоюшы шебердің символизмнен бойына ештеңе жұқтырмай кетуі де мүмкін емес. Символизмге А.Сүлейменов етене жақындығын байқататын бір тұжырымы: «Жазушының бір міндеті ой — идеяны ашу емес, оны мұнартқа көміп мұнармен бүркеу». [7.15б].

Символистердің де мұраты сол логикалық ойдан қашу, түсініксіз боп көріну, айтарын түпсіз қара түнекке көму («Это огромная алгебра, ключ от которой потерян». Э.Верхарн. Символизм жайлы айтқаны).

Символизмге тән көкке, ғарышқа деген сүйсініс А.Сүлейменовке де тән. Символизмдегі сүйікті образдың бірі — күн. Асекең де — ай. Символизмдегі негізгі тіректің бірі ол — подтекст. Ол жазушыда бар ма? Бар, көп. Подтекстік мәнерге ие болушы образдың бірі — жылқы. Жылқы жазушы шығармашылығының өн бойында жүретін үздіксіз маңызды образ — кейіпкер. Автор танымында жылқы – «еркіндіктің символы». Жазушы жылқыны мал атаулыға  санамайды.

Жазушының жаңа атаулыға үлкен ұмтылысы оның XX — ғасырдың эстетикалық қазанында таза қайнауына әкеп соқты. Осыған келіп біз жазушының эстетикалық қайнар көзі, шеберлік мектебі деген категориялардың шығу тегін бір сыдырғы модернизм өлкесіне қарай сырудан аулақпыз. Керісінше, оның негізгі үлес салмағы ол: дәстүрлі эстетика ұстанымы, реалистік мектеп. Асқар реализмі ХХ — ғасырда модернизм үлгісімен үлкен ерегіске түскен (ғасыр басында), кейінірек (ғасыр соңында) бітімге келген, сансыз эксперименттерді бастан кешіп, сапалық өзгерістерге түскен (мағыналық та, формалық та жағынан) жаңа қалыптағы реализм.

«Адасқақ» — сондай жаңаша қалыптағы реализм туындысы.
«Адасқақ» — тұла бойы сапалы, нәрлі жаңалықтарға тұнып тұрған
туынды. Осы шығарма бойына жалпы ХХ — ғасырдың екінші
жартысындағы қазақ әдебиетінде болған сапалық өзгерістер
жинақталған тәрізді. Ол өзгешелік, жаңалықтар шығарманың ең
бірінші жанрлық сипатынан-ақ көрінеді. Біреулер үшін «Адасқақ» —
даусыз роман (3.8б.), ал біреулер үшін — повесть, ал автордың»
айдарлауында әңгімелер циклы. Мүмкін «Адасқақ» — философиялық
притча жанрына жатар? «Адасқақты» реалистік қалыптағы тұрғыдан
қарағанның өзінде жаңалықтар жағынан өте бай. Шығарманың
жанрын анықтаудан-ақ «дау-дамай» тууы соның ә дегендегі
көрінісі. (Әрине «дау-дамай» жаңа жаналық атаулының өлшем,
эталоны емес екені анық). Шығарманың композициясына назар
аударайық. Ол өте күрделі механизмнен тұратын дүние. Оның
күрделілігі шығарма дағдыдағы бір қалыпты композиция
жүйесімен құрылмаған. Шығарма еркін композиция жүйесімен
құрылған. Кеңістік, уакыт ара-қатынасы өте ауыр, күрделі боп
келеді. Баяндау жүйесі интеллектуальды алғыр ойға, шым-шытырық
ассоциативті көркем образға құрылған. Композициялық жүйенің
батыл еркіндігі жағынан: әсіресе кеңістік, уакыт феноменінің
ғажайып ерекше ара-қатынасы тұрғысынан А.Сүлейменовты XX —
ғасырдағы үлкен формашыл, реализм мектебінің өкілі
У.Фолкнермен салыстыруға келеді. У.Фолкнерден «Адасқақтың»
бойында кездесетін поэтикалық элементтер: шиеленіскен сюжеттік
ретроспекциялар, күрделі сан қырлы монологтар т.б.

Біз А.Сүлейменовтың поэтикалық шеберлік сырларын туған топырақпен байланыстыра іздеуіміз керек сияқты. Бұл тұрғыда бізге негізгі нысана М.Әуезов шығармашылығы болмақ А. Сүлейменов пен М.Әуезов стилінде ортақ өрнектер көп. Ең бірінші екі автордағы ортақ стильдік ерекшелік ол біздіңше — қазақылық. Яғни ұлттық қазақы стиль. Ол қандай қазақы стиль? Оның біз көретін негізгі бір белгісі ол — шешендік тіл мәйегі болса керек. Ол М.Әуезовтың «Еңлік Кебегіндегі» шешендік тіл мен «Адасқақтағы» тілдік шеберлік ортақтық. «Еңлік-Кебек» — ұлттық шешендік үлгінің жаңа драмалық формаға түсуі. «Адасқақ» — қазақы ұлттық шешендік үлгінің ХХ — ғасырдың соңындағы прозалық үлгісі. Оның өзін-өзі ақтаған соны формалық көрінісі. «Адасқақтың»тағы бір: ерекшелігі тілі және бір жағынан
қарағанда М.Әуезов тілінің жаңа философиялық қыры сияқты
болып көрінеді. Ал, М.Әуезов тілі өз кезегінде өзінің поэтикалық
бастауларын Абайдан алмайтын ба еді? М.Әуезов тілінің
философиялық қыры деп отырғанымыз, өз кезегінде М.Әуезов тілі
қазақ тіл байлығын өз бойына жете сіңіре білген жан-жақты бай
тіл. М.Әуезов тілі философиялық, ойшыл тіл. Өткір, шешен тіл,
сурет құрғыш образшыл  тіл, интеллектуальды — ғылыми тіл. Осы
қасиеттердің барлығы да А.Сүлейменов тілінде әр түрлі дәрежеде
кездеседі. Соның ішінде оның философиялық — интеллектуальды
жағы басымдау. Бір сөзбен айтқанда әдебиеттегі ықпал ету күшінен
А.Сүлейменов шығармашылығы да ада емес. Оның
шығармашылығына ықпал  еткен әдеби ағымдар мен авторлар
жетерлік. Соның біразын анықтап ажыратуға тырыстық. Мысалы,
бүркемелей айтсақ, Фолкнерге Джойстың тигізген әсері қандай
болса, [16.98] М.Әуезов әсері А.Сүлейменовке сондай дәрежеде болуы
ықтимал.    М.Әуезов    әсері әсіресе  А.Сүлейменов шығармашылығынан анық көрінетін құбылыс. М.Әуезов туралы А.Сүлейменов былай пікір білдіреді: «Идеальный облик культуры — синтез научного знания и душевного переживания: изваять этот облик было под силу М.Ауезову». Автор бұл жерде М.Әуезовтың шығармашылық тұлғасы туралы терең мағлұматты пікір білдіреді. Ғылыми сипат пен поэтикалық қалып ол — М.Әуезовтың шығармашылығына тән құбылыс.

  «Шашылып  түкен  тіркестерге» жанры  жағынан  қайын  жазба деп  айдар  тағуға  болады.  Қазақ  әдебиетінде  қайын жазба  жазбайтын  жазушы  жоқ  десе де  болады. Алайда  А.Сүлейменовтың  аталмыш  шығармасының  бұл  жағдайда  өзіндік ерекшелігі бар. «Шашылып түскен  тіркестердің» формасы әдебиетімізде  қалыптасқан қайын жазба үлгісіне келіңкіремейді. Әдебиетте қалыптасқан  дағдыда қайын жазба үлкен көркемдік жүк арқаламайды. Қайын  жазба  негізінен  шашыраңқы ой-тұжырымнан  тұрады. А.Сүлейменовтың «Тіркестері» — тұтас бір организм. Бас  аяғы  жинақы күрделі композициялық құрылымға  ие  дүние. Бұл шығарманың архитектоникалық қалпы. Тіл  қолданысына келсек жазушы тілі өте шебер. Әрбір сөйлемін үлкен поэтикалық салмақ бере отырып сомдайды. Жазушының бұл орайда қолданылатын негізгі құралдары: афоризимді құнарлы  ой  дәні,  риторикалық  сауал, қайын жаб түріндегі шығарманы стильдік деңгейге  көтерген. Оған стильдік – көркемдік мән дарытқан. Қайын жазбаның стильдік деңгейге көтерілуі төл әдебиетімізде әлі болмаған құбылыс.

  Енді шығарманың ішкі жақ, идеялық мазмұнына көңіл бөліп көрейік. Шығарма көлемі тым шағын. Бірақ тақырыптық кеңістігі тым ауқымды. Шығарманы жалпы алғанда мынадай тақырыптарға жіктеуге болар еді: өнер мұраты; ұлтық болмыс; саясат; тарих; дін; философия; адамгершілік және т.б

  Бұнын өзі түгел қамтығандық емес.Өнер мұраты – тақырыбы жазушының бүкіл шығармашылығындағы алтын арқау желілердің бірі. Өзінің басты идеялық шығармасы «Тіркестерде» бұл тақырыпты айналып өтпеген «Шашылып түскен тіркестер» А.Сүлейменов шығармашылығының идеялық түйіні іспеттес дүние. Сондықтан көптеген ой – пікірлер, тұжырым – байлаулар осы шығармада  финалдық  шешімге жетеді. Сондай күрделі  тақырыптардың бірі — өнер мұраты.  Өнер мұраты тақырыбы жазушының сонау 60 – шы жылдарда жазылған сыни  мақалалардан көрініс табады. Мысалы, жазушының 60 – шы жылдары прозалық жаңа түр іздеуі нені көрсетеді?!

Ол сол кездегі прозаның өзіне лайықты формалық қалып іздеуі болатын. Өнер мұраты тақырыбы бертін келе «Адасқақта» үлкен өзекті тақырыптардың біріне айналады. «Тіркестерде» шырқар шынына  жетеді.  Шығармада  осы  тақырып  қалай  көрінеді  екен. Соған  келейік. «Тіркестер» — Асқардың жалпы эстетикалық – идеялық көз қарасын ашық білдіретін, бүкіл шығармашылық мәнін ашуға кілт  болып  табылатын  шығарма.  Шығарманы зерделей  қарағанда  жазушының поэтикалық принціпін ажыратуға болатын іздер бар. Ондай іздер бірде анық, ашық айтылатын ой – пікірмен, бірде жанама көмескілеу тұжырымдардан көрінеді. А.Сүлейменовтың жалпы өнерге деген көзқарасын ашық бейнелейтін тұжырым пікірі: «Өнердің өмірден айырмашылығы өнер өмірден үйренбейді. Оның жаратылыстан болмаса өмірден алар дәрісі жоқ. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар» [27.45б] деген сөзінен көрінеді. Біздің әспеттеп келген тұжырымдарымызға  мүлде  қайшы пікір. Біз білетін тұжырымда өнер өмірден үйренуі керек еді. Жазушының бұл ой – пікірі «таза өнер»  идеясымен  сарындас.  Алғашқысына  қарағанда  соңғысының  өмірге аңағұрлым икемді боп шыққаны ақиқат. А.Сүлейменовтың «таза өнерге» жақындығы оның модернизм үлгілерін формалық тұрғыдан жамылғы арқау етіп алуынан білінеді Және бұл жолда ол ұтылған жоқ. Ұтты.А.Сүлейменов шығармасында көркемдік принціпін стиль, идея секілді поэтикалық компоненттер арқылы пайымдап өтеді.

  Шығармадағы үлкен бір жаңалық – дін тақырыбы. Бұл туған әдебиетімізде үлкен бақытсыздыққа ұшырап  әдебиет  ішінен  өз орнын ала алмай жүрген  тақырып.  Әсіресе,  ол ХХ – ғасырда  орны  толмас  үлкен  эстетикалық  зардап  шекті.  Дін  тек  мемлекеттік жүйеден ғана шеттетілген  жоқ,  біздің  бүкіл  мәдени  болмысымыздан  ажыратылды. Бұл жерде қызыл коммунистік цензура аз рөл  атқарған жоқ. Әдебиетіміз дінсіз бір қабат терісі алынған қызыл шақа денеге  айналды. Міне осындай рухани мешеулік жайлаған атмосферада А.Сүлейменов өте жаңашыл, ірі қадам жасайды. Әрине Асқарда өз ортасының жемісі. Ол өзінің дінге бет бұруын жалған бояулармен әсірелегісі келмейді. Ішкі болмысты таза қалпында көрсеткісі келеді. Яғни оның бет бұруында қарама – қайшылық жоқ емес.Бұл тарапта ол өзінің көз қарасын «Мен дінге сенбейтін діндәрмен» деп білдіреді.  Әрине көркемдік  қабаты  да жоқ  емес.  Бұл  өзі  жартылай  іштей бүркемеленген ой – пікір.

Жазушының Құранның ең бір қадірлі, ірі маңызды сүресін аударуында үлкен мән бар. Ол Құранға үлкен оқымыстылықпен қарайды. Коммунизм елесін қуған қараңғы қоғамда өмір сүріп мұндай байламға келу оңай шаруа емес. Оны аудармашылық ерекшелігінен көруге болады. Сол сияқты жазушы 100 сүренің алғашқы бес аятының сарыны мен үлкен шабытпен өлең түрінде бес қатар жолдан төрт шумақ жыр жазған. Асқардың дінге жақындауы бұл біздің қазақ әдебиетінің дінге жақындауымыз. Діннен үркіп қашқан әдебиетіміз енді оған шөліркеп бас қоюда. Осы орайда Асқардың дін жайындағы ашық, тура пікірлерінің құндылығы даусыз.

Шығармадағы үлкен ой толқыны басты деуге де болады, ол ұлттық болмысқа тән. Жалпы шығырманың ішкі күшті қуат серпіні, ол оның ұлттық бояуының қанықтығында. Әдебиеттегі салмағы жөнінен А. Сүлейменовтың «Тіркестері» А. Байтұрсыновтың «Қырық мысал», «Маса» атты шығармаларымен сарындас, ыңғайлас деуге келеді. Бұлай деуге себепші: 1) шығармадағы тақырыптық — идеялық  бірлік.  Шығарма  көтерер  жүк  тақырып ол – ұлттық идея. 2) Тарихи – саяси  сабақтастық.  Екеуінде  де  шығарма  арқауы  саясиастарлы оқиға тәуелсіздік алу кезеңі.3) Пафосы. Публицистикалық ұран салушылық,сыншылдық. Алғашқы екі шығармада  ұран салу сарыны ашық, анық  көрінсе  соңғысында  поэтикалық емеурін арқылы білінеді.

Ұлт  болмысы  тақырыбының  сығынды  көрінісі  «Тіркестер».  Бұл  тақырып  қарапайым оңай формада көрінбейді. Асқарда Міржақыптағыдай бір  түсті плакатты ұран салу жоқ. Ұранның өзі бойын жасырып әр түрлі түспен беріледі. «Дін құрыса тіл сақтайды, тіл құрыса үн сақтайды, бәрі құрыса діл сақтайды. Дін, тіл, діл тізе қосқанда оны оқ қана жеңеді» (27.58б.). Жалпы Асқар сөйлемдері момақан, жуас боп келмейді. Керісінше әрбір ой пішіні, сөйлемі шиыршық атып, жұтынып тұрады. Неге екенін білмеймін, кейде маған ақиқат сөздің ашылығы кәдәмгі түйір-түйір дәрі сияқты көрінеді. Бәлкім, бұл сол дәрінің тәніңді сыздатқан дертке дауа болатыны сияқты, ақиқат сөздің де қалғып бара жатқан сананды қағып-сілкіп алуымен ұқсастығынан шығар десем, Асекеңнің артынан қалған мұндай сәулелі ой пікірлері аз емес. Оның оқырмандар алдындағы беделін көтерген шұрайлы туындылары «Кек» жинағында десек те, артық айтқандық емес.

Бұл жинақта қазақ халқының әлеуметтік өмірін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мінез-құлқын, тіршілігін, қарым-қатынастарын өте шеберлікпен асыра әсірелемей, сол шақтың болмысына сай, кейіпкерлердің ой-өрісіне дөп келетін сөздердің өз орнымен қолдана отырып, қазақ халқының дархан көңілінің керемет көрінісін, халықтың өзіне ғана тән өзге ұлтта кездеспейтін қадір-қасиетін дара таныта алған.

Сонау ғасырлар қойнауынан бастау алатын ұлттық тәлім-тәрбиеміздің қайнар көзі болып табылатын шашылып түскен тіркестер «Кек» жинағанда бүкіл өн бойында аз емес. Асқар Сүлейменов өз халқының асыл қазынасы, этнотәрбиенің ұлттық үлгісіне тәрбиелейтін тіркестерге ерекше сергек қарап, олардың ұрпақ санасын қалыптастыруға тигізетін зор әсерін үнемі назарда ұстап, орынды пайдаланып отырғанын көреміз. Жазушы сөзімен айтсақ: «…бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы тұшынғанын қаз-қалпында сақтай біледі» екен. Демек, «…Бала қиялы ол көргендерінен көлемді ой түйіп жатпайды, қайта үзік-үзік үмітін өзінен  рахат сезімге бөлене беретін…» көрінеді. Яғни жеткіншек санасына үлкен ойдың түймедей түйіні болып табылатын тіркестердің тигізетін әсері басқаларға қарағанда әлдеқайда маңызды болғаны ғой. Осыны Асқар Сүлейменов кейінгі ұрпақ бізге ұғындыра отырып, оның мәні мен мағынасына терең бойлауды қатаң талап ететінін көреміз.

Ұлттық тәлім-тәрбие адам болып толысудың ұлы мектебі екенің осы жинақтан оқығанда әбден көзім жетті.

Енді «Кек» жинағындағы ұлттық этно-педагогикалық тәлім-тәрбиенің бұлақ көзі болып табылатын тіркестерге нақтылай тоқталайық:

«Кек» жинағында автор қазақтың мінезін танытатын тұлпарларға қатысты да халықтың асыл сөздерін де аз келтірмеген. Иә, біздің мінезіміз бәйгенің сәйгүлігіне, даланың дауылпаз сұңқарына ұқсайды. Әр қазақтың ат десе, алғыр құс десе арқасы қозып тұратыны да осыдан болса керек-ті. Сол себептен де болар біздің халықта жылқыға байланысты айтылған тіркестер өте көп. Оның біразын осы жинақтан да кездестірдік.

«Ат пен азамат тақымға жаратылған. Ел тақымына» деген тіркесті қаламгер атбегінің өзінің атына деген ынтық көзқарасын беру үшін қолдана отырып, жылқы малының қазаққа қандай қымбат екенін жігіт одан мақұрым болса, онда ол ер санатынан шығатынын, тұлпар азамат ары, әрі намысы екенін шүйіле айтады. «Атсыз ер қанатсыз құспен тең», «Жаяу қалсаң – жау қолына түскенің, сан қорлықты запырынан ішкенің» дейді.

Бұл атты ардақтаудың биік шыңы болса, керек. Жүйріктің қасиетін, сәйгүліктің бағасын біздің қазақтан артық ешкім ұға алмас. Міне, сондықтан да ел ішінде жас ұрпаққа ғибрат болатын жылқы туралы тіркестер, мақал-мәтелдер, толғау жырлар, арнау өлеңдер өте мол.

Адам санасы бүгінгі әлемдік апараттардың қоймасына айналып барады. Бұл құбылыс келешек ұрпақтарымыздың да сана сезіміне әсер етуде. Әрине, оның жақсы жағы да, жаман жағы да жетіп артылады. Бала санасы балауса құрақтай иілгіш, әрі еліктегіш. Сондықтан да көбіне-көп жаман-жақсыны талғап, таңдап жатпастан бәрін де өзі қабылдай береді. Бір өкінішті жақсы жағы емес, көбіне жаман жағы баланың еркін, оның болмысын билеп, кететіні. Осының әсерінен балаларымыз бүгінгі ұлттық этнопедагогиколық тәрбиенің алтын қазығы – қазақы мінез-құлықты орнықтыратын дәстүрлі отбасы тәрбиесінен қол үзіп барады. Ұлтымыздың дарынды жазушысы Асқар Сүлейменов «Кек» жинағында ұлттық тәлім-тәрбиенің, оның ішінде шашылып түскен тіркестердің бала мінезінің қалыптасуына, оның дүниетанымдық болмысының өсіп жетілуіне тигізетін ықпалы орасан мол екенін ескеріп, оған жазу барысын да қайта-қайта айналып соғып отырған.

«Бала тапқандікі емес, бала қаққан мен баққандікі» — деп, баланы дүниеге әкелу аз нәрсе. Ал оны өз орнын табатындай етіп, ұлттық мінезді бойына сіңіріп, ұлтжанды етіп тәрбиелеу парыз. Егер нағыз азамат тәрбиелесең, сонда ғана балам бар деуге болады.

«Бота бағу, бала бағу – қайсысы қиын?». Ұл өсіріп, қыз асырап отырмыз. Жалпы, біз талдаған жоғарыдағы тіркестердің мәні мен мазмұны біз айтқан пікірмен, біз келтірген мысалдармен шектелмейді. Олардың философиялық мағынасы өзінің қолданысына қарай өзгеріп, жаңа мазмұнға ие болуы әбден мүмкін.

Қазір бала тәрбиесін бүгінгі теледидарға, компьютерге жүктедік. Ғалам қаншалықты өзгеріске ұшыраған сайын адам санасы да сонымен бірге жаңа өзгерістерге ұшырайтыны ақиқат. Осындай кезде адам өзінің тектілік, ұлттық тәлім-тәрбиесінің негіздері болып табылатын халықтық үлгі-өнегеден қол үзбеулері ауадай қажет.

«Білмеген мін емес, білместікке көнген мін» — деген тіркесте Асқар Сүлейменов «білмеген мін емес», дегенмен біл. Білуге ұмтылыс қажет. Адам туа білмейді. Бірақ ол өмірге ұмтылуы керек. Өмір – үлкен мектеп. Осы мектепте әр мен деген кеудесінде жаны бар азамат үнемі ізденумен болады.  Сол адамды ғана «толық тұлға» ретінде қабылдаса болады дегенді меңзейді.

«Өтірікті кешіруге болады – тек ақтауға емес». Егер байқамай өтірік айтқанын мойындаса, оқыс болса, кешіруге болады. Асекең «Кісілігін жоғалтпаса жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады» — деген. Тек ақтауға емес. Ал өтірік – ақтауға тиіс нәрсе емес. Өтірік — өсек, ұрлықтың алғашқы баспалдағы екенін ашық көрсете отырып, одан алыс болуды үндейді.

Иә, адам баласы ішіне не болса соны сала беретін бос ыдыс емес. Асекеңді оқыған сайын осы бір ақиқатқа көзің жете түседі. Өзің бір бейнелі пілтелі шам тәрізді, енді болмаса әлгінде оқыған ой оттығының жарқылынан тұтанып кететіндей сезінесің. Жазушының ой еркіндігі, интелектуалдық өресіне тәнті болған сайын сен де бір саты биіктей түскендей боласың.

Асқар шығармашылық тілге көп мән берген жазушы. Бұл турасында жазушы мынадай ой пікір білдіреді. « Сөйлемнің жазатын өмірі бар да, сөйлемнің өз өмірі бар. Жазарман сөйлемді тірі шөпті таптағандай таптайды. Сөйлемнің тән екені, сан тарау тамырлары, капилляр-тамыршалары бары ұмыт қалады. Абзацқа, тарауға, бүкіл кітапқа қызмет ететін сөйлемнің автономды өмір кешерін ұмытады. Шығарманың бір аты-ырғағы, бояуы кемпірқосақ боп көрінер, күміс ойы түпке тартар сөйлем ғана. Жазарманға бәрібір, ал жазушы үшін қиынға түсері — сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады» (27.76б.). Бұл жазушының шеберлік ұстанымы, бір жағынан поэтикалық декларация деп қабылдауға да болады. Өз шығармашылығында жазушы осы жолды айнымай жүріп өтті. Жазушы прозасының ауыр оқылуының себебі де сол тілдік қабаттан. Тілдік жамылғы оқиға мағынаны бүркемелеп тұрады. Нәтижесінде оқырман, жазушы проза тілін түсіну үшін екі қабаттық кедергіден өтуге мәжбір. Ол тілдік және мағыналық. Асқар прозасында енді осы лингвистикалық өрнектер қалай орын тепкен екен ? Ең әуелі Асқарда бұл процесс троптарды пайдаланушылықтан көрінеді. Ол оған шешуші стилдік, тілдік мән, реңк береді. Асқардың жазу машығы жасырып, бүркеп, сипап айту. Оның бұл тәсілінің бет-ажарын ашушы құрал — перифраз. Ол әрбір ұғым, ой-пікір, іс-әрекет, құбылыс атаулыдан көркем бейне іздейді. Мысалы: көмейдегі шоқ қыжылды салқын күлмен көмдім, күйік күшіктің қарғысын сыпырды. («Адасқақтан» авт.) Асқар теңеулеріде тың, тосын бояуға ие. Бұл тұрғыда ол бұрын соңды поэтикалық айналымға түспеген  тұрмыстық, заттық құбылыстарды пайдаланады. «Үйдің іші ертіп күміс құйғандай самалаланып кетті.»

Жазушы тілдік мәнерінде көп қолданылатын көріктеу құралы — эпитет. Оның эпитеттері күрделі, ауыр, көбіне метафоралық бояумен беріледі. Енесінің ешегіне шиқан шыққыр екінді, талапқа бергісіз бұзау тіс өтініш, қос қайнауы ішіндегі қызыл ет әуен, Осындай троптық әдістердің арқасында жазушыда тосын суретті эпитеттер көп жасалынады. Бұл құбылыс абстрактылы ұғымдардың деректі заттармен бетпе-бет тіркесуіне әкеп соғады. Мысалы: беломыртқа сауал, бүкір күдік, сұхбат су, ырғи ой, бұлт маса, талай таланған қымыз жеңге, құмырсқа күн; Жазушының бұл өрнектері бір қарағанда дөрекілеу тілдік комбинация секілді боп көрінгенімен өзін — өзі ақтайтын жері аз емес. Мысалы: бүкір күдік, бұлт маса, құмырсқа  күн деген тіркестерді солғын тартымсыз көріксіз деп кім айта алады. Керісінше бұлар тілді әсерлейтін, тілді қозғалтып денесіне қан жүгіртетін амалдар деуге болады.

  Асқардың тілдік қолданыстарындағы біз «дөрекілеу» — деп отырған тілдік құбылыс жазушы қол таңбасында көп шығармашылық жолдан, эксперименттік сыннан өтіп орныққан нәрсе. Кезінде бұл өрнек сынға да ұшыраған. Ғ.Мүсірепов бұны «ішкі теңеулері рабайсыз сөйлемдер» — деп атаған. Кейіннен сол «рабайсыз» («дөрекілік» біздің термин.авт.) тілдік өрнек жазушының қолтаңбалық ерекшелігіне айналды. Біз мұны  «затшылдық көрініс» («материалъностъ») деп те атағымыз келеді. Яғни дерексіз ұғымның заттық, деректі ұғыммен контрасты түрде бетпе-бет троптық-фигуралық байланысқа түсуі. (Немесе, жанды мен жансыздың бетпе-бет келуі). Жанағы айтылған  бүкір-күдік, құмырсқа күн, бұлт-маса деген сияқты. Бұл схеманың тағы бір әдемі көрінісі ол; «Қоржыннан сиымды екі зерен, буаз шібіштің желініндей өзбек пиала, шүберекке түйілген, ірі пытырадай қос уыс тоқаш шықты. Бұнда да әдемі затшылдық бар.       

Жазушы өзінің поэтикалық, стильдік шеберханасында троптың неше түрін кеңінен, мол пайдаланады. Бірақ «Адасқақта» экспериментке аз орын қалған. Мұнда көп жылғы қорытынды, сығынды шеберлік бар. Мысалы; «Бесінде» эксперименттік деңгейде қалған қолданыстар көп. Мысалы: «Бар білері; осыдан келеді». Бұл тілдік құбылыстың түп негізі қайда? Ол өзіміздің ұлттық тілдерімізде жатыр. Яғни шешендік мектеп, Асқар тілі төгілген қас шешеннің тілі. Жай қарапайым баяндаудың өзін ол қарабайырлықпен емес, шешендікпен сөйлейді. Шешендік туралы Ә.Қоныратбаев «Мұндай  сөздер ( шешендік  сөздер – авт) образдап ойлау мен логикалық ойға бірдей ортақ тілдің күрделенген фразалық материалы болып саналады» (18.84б.) дейді. Асқардың сөз қолданыс иірімдері осы тұжырымға сай келеді. Образдап ойлау – тілдің көркемдік қабаты, логикалық ой, ол мағыналық қабаты. А.Сүлейменов жазуында, прозасында қалай бой көрсетеді екен? Асқар тілінде шешендік өрнекке тән аллитирация мен ассонанс өте жиі қолданыс табады. Мысалы: «Тіліп айтпа, табан асты тұтанатын тәлпіш тотайлығың бар — бұл жағынан бізге, нағашы жұртына тартқансың, сайқымазағыңа алмай күліп айт. Тіліп айту мен бүріп айту болмасын». Бұл Жанботаның Біржанға тіл қатуы. Ескідегі от тілді, орақ ауызды шешендердің мақамына ұқсайды. Төгілген аллитерация. «Шұрқырап кеп Зерендіге құлағанда көк көлдің көксеркесін шоршытар көк алаң да санаулы сенің» — деген аллитерациялық үйлесім осы үдеден шығатын өрнек. Аллитерация Асқарда көп қолданылатын тәсіл. Аракідік шебер тоқайласқан ассонанс та жетерлік. Мысалы: «Мұны азын көпке қосып жіберіп, көпті бөліске салмай тынбайтын тараң, арғын түгіл кенен Керейде біледі.» «Андыздап шауып албастыдай басатын арғын емес пе?» Шешендік мәйегі ол — афоризм. Жазушыда ой, сезім жиынтығы есебіндегі афоризмдер көптеп кездеседі. Олар: « Әркім өз жанының түндігін өзі ашады», «сұлулықтың да тартқызар азабы көп», «ақыл інге апармайды, ән ақылға апарады», « ат арқасына алдымен жақын терлік» сияқты болып келеді. Асқар сөйлемдері ырғақты болып келеді. Оның сөйлем құру жүйесі көбіне инверсияға негізделеді. « Шайнамай тізесін кемірмей тұяғын тына қояр, тыншы қояр түрі жоқ». Ол оның сөйлемінің қозғалыс динамикасын арттырады, ұшқыр етеді. Мына бір тіркесті образды алайық: жіп жолға ұршықтығын; жылқының жолға жүргіштігін айтып отыр. Бір шолғанда көзге ілінбейтін күрделі қиын образ. Мұнда динамика, зырлаған қозғалыс бар. Сол сияқты « жыл диірмен» тіркесті сөз образын да айтуға болады. Осындай ұшқыр түседі. Етек – жеңін жия алмай жататын, сылбыр, еріншек сөйлемдер Асқарға тән емес.

Жазушы тілі «таптанды — таптаурынға» қарсы тіл. «Мен де сосын бастан сөз асырғанша, бас қияр баяғыма бастым» (11.62б.). Осы сөйлемдегі кәдімгі тіркес «бастан сөз асырғанша өлгенім жақсы, жер басып жүрмейін» деген қалыптанған тіркестерді өзінше басқа қырынан көріп, құбылтып «бас қияр» дап тосын суреттеп отыр. Сол сияқты: «қол қатқаным жоқ» — дейді. Кәдуәлгіде бұл тіркес: қол созғаным жоқ, қол салғаным жоқ. Сонымен бірге тұрақты тіркестердің өзін бұзып арасын ажыратып жазатыны да бар. Мысалы: «Жақаннан жар тапқандай, алқам да, тағы салқамсың» дұрысы: алқам-салқам.

Асқар осындай әдемі тілдік эксперименттерге бара отырып өзі де тіліміздің шырайын кіргізіп әдемі көркем тіркестер тудырады. Мысалы: Отан-орманы, от- ошағы, шаңырақ-шырағы, шолақ-шыжым тіркес.        

Асқар — тіл ойшылы. Ол әрбір сөзді қасаң түрде пайдалана бермей, ойлы көзбен қарап одан терең мағына іздейді. Оның ұшан-теңіз көп, қым-қиғаш сөз образдары осындай қадамдардан туады. Мысалы әйел деген ұғымды бірнеше вариантта алады: қырмызы, көгілдір, сұқсыр. Сол сияқты жаңа сөздер. Бейталант, кемталант, тоқ қарын (билік басындағыларды айтқаны) көк қарын (көпті айтқаны, ұрма кезі (жастық шақ), ақыр-түпкіш ( соңы дегені), сырғамалар (мінез-қимыл өзгерісін айтады. Бұл автордың өзі жасаған сөздер. Сол сияқты архаизмдер де жазушы лексикасында шебер қолданыс тауып отырады. Мысалы: қатынпараздық, набыт болу, шобыр, қотан тал, аршындылар, пайыңды шапқыр, лекер мінген, атпыраш тағыда басқалар. Жазушының образшылдығын күшейтетін, оның тіліндегі шешендік элемент. 

Тілдік жалпы қасиеті: Асқар тілі номинативті емес, риторикалық тіл. Риторикалық тіл ажарлы, әшекейлі тіл. Троп пен синтаксистік фигураларды қолданады. Яғни жазушы тілі риторикалық, ауыспалы мағынада қолданылатын троптық тіл.

Біз А.Сүлейменов поэтикалық тілі туралы айтқанда, біраз,жазушы тіліне қатысты, өрнектерді белгілеуге, көрсетуге тырысып жатырмыз. Олар: жазушы тіліндегі троптық қолданыс, шешендік өрнек немесе риторикалық, ауыспалы мағынада қолданылатын троптық тіл немесе «Асқар — тіл ойшылы» деген сияқты ұғымдар боп келеді. Асқар тілі – образдар  тасқынынан құралады.

«Адасқақ» — тілдік инфармациялық қойма. Ол, ұлттық жадтық  -коммуникативтік қызмет атқаратын құрылым, қойма. Ол бүгінді жасайды, жасампаздық рөл атқарады. Жазушы тіліндегі оккосионализм құбылысы бұған дәлел. Сонымен бірге, оның үлкен қызметі ол ұлттық-этнографиялық түсінікті, ұғымды, идеяны тасушы тіл. Мысалы сөз тіркестерін алайық: дүрегей тазыдай, сам жамырады, қанша қымыз сүзбе болды? Қаншатайдың жал-құйрығы күзелді… Қаракіреуке жамылып ай тұтылмағанмен, қанша жұлдыз набыт болды? Сол сияқты: … кеуде мен көмей қатар қатар желіндеп ән уызданс, құндақтағы домбыра жылаған, аспанның үрпісі дертісе жұлдыз үзілген…» (12.39б.). «Үпершекке түскен кездік»-бұл А.Сүлейменов қолданысындағы ең бір белгі айқын тілдік сурет, образдық элемент. «Сам жамырады» да қатардан көрінетін тілдік өрнек. Бұның бәрі әдемі қазақы ұлттық өмірден, шығарманың идеялық-тақырыптық ауқымынан тыс жанама мәлімет, хабар таратушы рөлін атқаратын тілдік компоненттер. Осы тілдік компоненттердің өзі әр түрлі сипатта білінеді. Бұл тілдік көріністер тіке мағына емес, ауыспалы образдық мағынада қолданыс табады. Мысалы «дүрегей тазыдай» деген теңеуді алайық. Бұл жерде әңгіме дүрегей тазы туралы боп тұрған жоқ. Дүрегей тазы тек – көркем мағына сурет үшін алынған элемент. Метафоралық қолданыстар да көп. Сол сияқты жазушы тіліндегі тұрмыстық-этнографиялық іздер көрінетін көркем образдың қолданыстар — фразеологиялық формада да білінеді». «Әркім өз жанының түндігін өзі ашады» «Отарды алтынсұр болсада, қой бастамайды,  бастайтын серке». «Өмір ене, өнер — құлын». Байқалғандай А.Сүлейменов үшін бүкіл тілдік көркемдік комбинациялар ұлттық: салт-дәстүр, тіл, саясат, философия, дін, тарих, әдебиет, психология үрдісін паш етуші құрылым.

«Адасқақ» тілінің оның құрылымдық әлемінде бұл тұрғыдан алар орны ерекше. «Адасқақ» тілінің айқын, анық бір-ақ мақсаты, идеясы бар. Ол — ұлттық идея. Тіл стилі бадырайып көрініп тұрған ұлттық-психологиялық өрнек тілі. Мұндағы ұлттық тілдік философия еркін құлаш сермеген. Керісінше кейіпкерлер бойына жаға алмаған ұлттық бояу ойды, идеяны жазушы тілдік тінге, тілдік конструкцияға көшірген, орналастырған. «Адасқақтың» тілдік бояуы сондықтан қалың жағылған шығарма. Өз алдына көркем дүние. Сондықтан да әр уақытта ол өзіне зерттеушілердің жіті көңіл бөлуін қалайды. Тілдік қағида бұл жерде жетекшілік рөлге көшеді.

Жазушы тілі — ұлтттық тілдің өткені мен бүгінін жалғастырушы алтын көпір. А. Сүлейменов – эпистолярлық жанрдың хас шебері. Бұл салада ол үлкен, бедерлі із қалдырды. Жазушы хаттары негізінен қызы Қаркөзге, Әсмаға, ұлы Әлішерге, жары Әлияға, немерелері Бегзатқа арналған.Жазушы орыс тілін шебер үлгі күйінде пайдаланады. Жазушы хаттарын алғаш жариялаған «Жас қазақ» газеті редакциясы бұл жайында былай деп өтеді:  «Жазушының хаттарын қазақшаға аударып та жариялауымызға болар еді, оны жөн көрмедік. Өйткені, суреткердің ой тереңі, сөз бояу реңкі, ырғақ — әуезі түп нұсқадағыдай сақталмасы анық » (24.27б.). Газеттің «сөз бояу — реңкі» деп отырғаны жазушы стилі. Оның ешқандай бөтен, жат қолдың қол сұққанын жақтырмайтын нәзік тұстары. Шын мәнісінде жазушы қолтаңбалық   өрнектері өте күрделілігімен қатар,тым өте нәзік. Сондықтан ешқандай жасандылық пен жамап-жасқауды көтере алмайды. Газет оны дұрыс аңғарған. Жазушы хаттары оның өзіне ең жақын автобиографиялық шығармалар деуге келеді. Хаттарда жазушы негізінен өзінің туған-туыстарына ең бір жүрек түкпіріндегі сырларын ақтарады. Бірақ ол жеке хаттарды да «Тіркестердегідей» стильдік деңгейге жетіп жазылған. Және тек хат күйінде қалмаған. Жазушы шығармашылығының поэтикасының бір арналы бөлігін құрайды. «Тіркестер» философиялық туынды болса, жазушы хаттары — лирикалық туынды. Бұл тұрғыда газет жазушы хаттарының топтамасына «Кінәз болмыс сырлары» деп өте дәл, дөп тақырып қойған. Жазушы үшін стиль ол — тұтас, автордың өзі мен шығармашылығын бөліп қарамайтын құбылыс. Сондықтан оның жеке хаттары да осы стильдік ауқымнан шықпайды. Жазушының ұлы Әлішерге жазған хат тақырыбы ол — өнер, шығармашылық әлем жайында боп келеді. Жазушы ұлы ол үшін үлкен — пікірлес жан. Жазушы — ұлы Әлішер үшін қадірлі ұстаз бейнесінде көрінеді. Шығармашылық жайын жазушы ұлына былай баян етеді.       

(«В писменном творчестве надо выпотеть почти до полного бессоливания организма, что означает; надо писать до одурения, надо заболеть грофоманством, ибо как говорят соотчественники Шекспира из сртадфорда на Эйфоне-Черепаха выгрывает гонку, пока заяц спить»)(25.75б.). «Жазушылық өмірде бар ағза тұзсыз қалғанша терлеу керек, яғни естен танғанша жазу керек, грофомандықпен сырқаттану керек. Өйткені Эйвондағы Страдфордтағы Шекспирдің  отандастары айтқандай «Қоян ұйықтап жатқанда, тасбақа бәйгені алар» Асқардың бұл әрине өзінің жазушылық өнеріне қойған талабы. Ол өзі сол талапты орындаған. Өзгеден талап етер шығармашылық  талабы да осы. Жазушы хаттары ірі философиялық интеллектуалдық сарында жазылған. Бейне бір жай тұрмыстық хат емес, философиялық шығарма тәрізді. Шын мәнінде жазушы хаты оның кім екенін әйгілейді. Ішкі, сыртқы бейнесін, келбет болмысын көрсетеді. Хат — адамның шын ішкі сырын, оның жан түкпіріндегі майда қалтарыстарын жариялайтын орын. Хат  авторы қарапайым, қатардағы адам емес. Зор білім иесі, интеллигент. Хаттары да соған сай. Автордың «Хаттарындағы» көзге түсетін өрнектің бір көрінісі ол-жазушының хат жолдаушыларына ат қойғыштығы. Оның өзіне жазушы өте шебер жазушылықпен қарайды. Ұлы Әлішерді – Меле-Сахар, Крон-Принц деп әспеттесе, қызы Қаракөзді — Кара негро, немересі Бегзатты — император (өзін – «табунщик императора» дейді). Зайыбы Әлияны — Әлия бала, қызы Әсмәні-Миледи деп әспеттеген.Осы бүркеншік аттардың өзі бір көркем әлем. Бұл да бір жазушының суретшілік жаратылысын байқатады. Ол әр нәрсеге тек суретшілік көзқараспен қараған секілді. Шағын ғана хатты да сондықтан, қатты мән беріп көркемдік қалыппен жазады. Оны жәй бір хат ретінде сүйкей салатын дүние деп түсінбейді. Хат — ол үшін көркем шығарма, өнер.

  Жазушы Асқардың өз жеке өмірін шығармашылығынан – бөлектеп қарауға болмайды деген пікірлерімізге дәлелді осы хаттарынан да табуға болады.

  Бұл үшін біз жазушының ұлы Әлішерге жазған хатынан үзінді келтірейік. «Представляется: время втекает в человека, в общество, в государство, гнездится в них, и вот, время уходит, исчезает, а человек – общество — государство остаются… государство осталось, а его время ушло, … человек есть, но его время исчезло, где оно – время?., вот человек, а единственное, особое, только сним связанное время, ушло, уплыло, утекло…». Дәл осы текті тек қазақ тілінде автор өзінің «Шашылып түскен тіркесер» атты туындысында пайдаланады. Ондағы түрі: «Уақыт – енеді. Адамға да, қоғамға да, мемлекетке де енеді. Енеді де ұя салады, түп-түйәнәңді жайлайды, бірақ кетеді бір күні-бір сәтке кетеді, ұшады, құриды. Ал, адам мен қоғам қалады. Адам қалды – бірақ уақыт өтті. Қайда кетті ол уақыты? Адамның міне, ал оның өзі иемденген, өзі ен салған, оның өзімен тіл табысқан өз уақыт – мерзімі оқпан құрдымға құрыды». Бұл өрнектер жалпы жазушы лабораториясынан да хабар беріп өтеді. Бұл тұрғыда қарағанда жазушының барлық туындылары арасында тығыз байланыс бар. Мұндай байланыс «Адасқақ» пен «Шашылып түскен тіркестер» арасында да бар. Жазушы хаттарының қолтаңбалық өрнегін жете байқау үшін кейбір хаттарынан мысал келтірейік.

  P.P.S. Самое страшное: «гармония» страха и стыда.

  P.P.P.S. Еще страшное: делать больно не только себе, но и близким, Последнее – страшней.

  Бұл хат тек жазушы немересі Бегзатқа ғана емес, бүкіл интеллигенция қауымына, оқырмандарға ашқан сыр исповеді сияқты.

60 — шы жылдар кезеңінде жазушы сын жанырымен қатар өзінің негізгі шығармашылық арнасы проза саласында тынымсыз еңбек етті. «Қара шал» солардың ішіндегі көрнекті орын алатын шығарма — әңгіме. Біріншіден, ол автордың алғашқы қолтаңбалық көрсеткіші ретінде құнды дүние. Екіншіден, өзінің көркемдігі жағынан шын мәнінде деңгейі  жоғары дүние. Әңгіме әдеби ортада көзге ілінді. Жазушы Ә. Нүрпейісов әңгімедегі кейіпкер туралы: «Черный старик Аскара Сулейменова – образ колоритный сугубо национальный (19.36б.)» деп пікір білдірген. Жазушы шындығында әңгімедегі Қара шал (кейіпкер есімі: Үкібай Омаров) туралы өте дәл, орнықты пікір білдіре білген . Шығарма қалың ішкі монолог баяндауға құрылған. Әңгімедегі алғашқы көзге ұрар нәрсе жазушының болашақта толық ашылып көрінер поэтикалық дарын элементтерінің осы әңгіме ішіндегі ұшқын боп көрінуі. Ол термелесек қандай элементтер екен.

1) Күрделі, қалың ішкі монолог – баяндау.

2)Тақырып: Ұлттық идеология. Жоғарыдағы Ә. Нүрпейісовтың «Қара шал», «Ұлтшыл көріністегі кейіпкер» дегені осы жерден шығады.

3) Жылқы культы. ( жылқы бейнесінің әсерленіп суреттелуі) Біз қазақы бейне  образдарды атрибуттық — символдық тұрғыдан қарастырып отырмыз. Мысалы: Бала кезінде, осы Жөкейдің құмдауытында талай қызықтаған: осы кәдуілгі жалпақ шұбар көлбақа көк қоңызды болсын, көбелек шіркейді болсын, тіпті дәуіттің өзін жақындап кеп, тастай сазарып тұрып, тілімен сарт қабар еді. Мына сұрауы да сол көлбақаның тілі боп, көз ілестірмей жылдам оянды. Сауал кескінді ой оянды…» (14.49б.). Осы конструкцияға қадалып қарайық. Текст екі бөлшек, екі қабаттан тұрады. 1 – қабат. Көлбақаның өз жемін аулаудағы іс – қимыл, әрекет – суреті қабат. Кейіпкер санасында аяқ астынан ой – сауалдың пайда болуы. Текстің 2 – ші қабаты негізгі қабат. 1 – ші қабат соған қызмет. 2 – ші қабатсыз 1 – ші қабаттың композициялық орны жоғалар еді. Ол эпитеттік мағына – қосымша, көркемдік деталь рөлін атқарушы. Яғни мұндағы «кәдуілгі жалпақ шұбар көлбақа» — ол шығармадағы толыққанды, өз алдына дербес бейне емес. Қосымша қызмет етуші тәуелді бейне. Дербес бейне ол – «аяқ астынан кейіпкер санасында  пайда болған сауал – ой». Яғни «кәдуілгі жалпақ шұбар көлбақа» — ол, белгілі бір дәрежеде  символдық – таңбалық бейне. Негізгі  көркем бейнені үстемелеп көркем мағына қосып, әсерлігін  арттыру үшін ғана пайдаланып отыр. Шығарма текстіне тікелей – мағыналық  композициялық әсер қатысы жоқ. Жалпы «Адасқақтық» образдардың жасалу механизмі осы таңбалық — символдық әдіске жақын келеді. «Адасқақтағы» — таңбалық символдық образдар өз кезегінде атрибуттық негізге ие. «Көлбақа» ол – ономастикалық зоонимдік атрибут. Біз «Көлбақа» образы арқылы шығармадағы образдардың ішкі құрылысын тереңдей қарастыруды мақсат тұттық». «Адасқақтағы» образдар галереясындағы біз даралалап бөліп отырған үш образ бейне – атрибуттар: ән, домбыра, жылқы – үлкен әсермен бедерлене суреттелген образ бейнелер. Үш бейне де символдық әсерлеуге қатты беріле суреттелген. Образ әсерін немесе образдық әсерлеудің түп – төркіні неде жатыр? Ол образдардың атрибуттық негізінде жатыр. Енді әсерлеудің жаңағы біз даралап алып отырған үш бейнеге қатысты тұсын қарайық: «Домбыраға сұқтанба; дүниеде, әсте домбыраға, жылқыға, әйел жынысына сұқтанба; түсті ме көзің? Әйелдің, жылқының, домбыраның болмыста болмастай бірегейлігіне көзің анық – қанық жетті ме? Ал бас кетсе кетсін, ал; бірақ берме; айнытсаң егер, айныса егер таста;  домбыраны басқа біреу ұстасын, тұяқты басқа біреу мінсін, әйелдің қасына басқа біреу, біреулер, демі сасықтар, қарындар, кебеже қарнымен ойлайтындар жантайсын – таста; екі қолды көрген домбыра айнымай тынбайды, екі тақымды көрген жылқы  бұзылмай тынбайды; екі еркектің демін жұтқан әйел – сыртымен  қанша тұнжырамасын ішінен азбай тынбайды; домбыраның үкісіне, тиегіне, шайтан тиегіне, ішегі мен пернесіне тиме, жылқының ер — әбзеліне тиме, әйелдің  құлыны, құлындарына әсіресе тиме; құлын тегіне тартса, таппай қоймайды, не қалада сенімен, не алып ұрып жетеді бір күні; таста; тастадың екен, бір жола, түгелінен таста, тек дабыра қылма». (11.5б.). Бұл өте көркем әсерлі текст – бөлшек үлгісі. Домбыраны, жылқыны қатты әсерлеу бар. Үшінші — әйел, сәл бізге қатысы жоқ. Бірақ әйел, домбыра, жылқы – араларында қандай байланыс бар. Оларды біріктіріп тұрған не? Бұл жерде  сюжеттік желі жоқ. Концептуалды (лат. Ой – түсінік, жүйе) желі бар.

Жазушы: «Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті ой – идеяны ашу емес, оны мұнартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай боп қиналса несі ерсі? «Алсын қамау терін» (23.47б.) «Көлегелеген», «бүркеген» А. Сүлейменовтей – ақ болар. А. Сүлейменов «идеяны»  бадырайтып, қолапайсыз айтпайды. Сәндеп, жасырып, бүркеп құбылтып – ақ береді. Оның әрбір жолынан, сөз тіркестерінен анық, күшті «идея» лебі есіп тұрады. Бұл оның қалауы. Оның қаламайтын тым қарабайыр «түсінікті» идея. Яғни «идея» мәселесінің, «идея» проблемасының оп – оңай тез шешілуі. Немесе, жалпы кейбір шығармаларында идея проблемасының болмауы да. Немесе, жалпы кейбір шығармаларда идея проблемасының болмауы да. Немесе ой – идеяның көркемдік өрнекпен пар келмеуі. Жақсы идеяға, жақсы көркемдік қабық керек.

Біз «Қара шал» әңгімесінде қарастырып отырған символдар, белгілер ержесінде Қара шал, Қызыл айғыр бір жақ топ кейіпкерлер. Екінші жақ – Нығмет Сафин. Ол басқарма. Бірінші жаққа қарама – қарсы жақ. Нығмет Сафин өкімет өкілі. Қара шалдың драмалық қалпына «қызыл айғыр» идеяның трагедиялық халіне себепкер – персонаж. Н. Сафиннің жағында кім? Райком. Саясат ошағы. Нығмет Сафин ол да қазақ. Ұлт, ел қаны бар бойында. Бірақ саясат құрбаны. Құрылым қызметкері. «Тау ішіндегіні» айтады. Үкібай Омаров – Қара шал – «Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ» — тың адамы. Ол техника. Социалистік қоғам техналогиясы. Қара шал оны неге қиратады? Техникаға қарсы ма? Жоқ. Техникаға қарсы емес. «Қызыл» сойылды. Совхоз «құрбандығына» шалынды. «Мотоцикл фары» күлталқан қирады. «Совхоз» қызылды жойды. «Мотоцикл фарын» Қара шал қиратты. Идея мен құрылым үндестік таппаған жерде осындай трагедиялық шиеленіс болады. Шығарма соңы. Соңғы сюжеттік шешім. Кульминациялық эпизод…

Кемпірі: «Сорлы – ау, айғырдың жазығы не, оданда мені жар, еркек басыңмен Абылайдың  алдында қара бет болғанша мені жар,» — деп (17.32б) кеп қара шалдың қолындағы қабан қанжарға жармасты. Абылай — немересі. Неге Абылай? Қазақ тарихындағы Абылай ханға сілтеме, емеурін емес пе? Мүмкін. Мүмкін қатысы жоқ. Бірақ қатысы бар десек қайта сол шыншыл әдемі көрінбек. Шығармадағы идеялық ахуал ыңғай солай көрінеді. Соңғы эпизотта шал қалай көрінеді: «Қайтейін, Рәбә — ау (кемпір) қайт десең енді? – деді кемсеңдеп (17.41б.). Шал жеңілді. Құрылымнан, отаршылдық зорлық машинасынан жеңілді. Осы эпизодта барлық кейіпкер көркем бөлшек образдар топтасады. Образдық топтасу. Табиғатта мінез танытады. «Ал, жаңбыр болса тоқтаған жоқ, қайта сарылы – сарыны молайып кеткен екен» (17.53б.). Табиғатта зорлыққа, күштікке қарсы.

Рас, А. Сүлейменов шығармашылығы «идея» билік жүргізетін шығармашылық. Ол – «идея» енді бірде филасофиялық әсершіл – бейімділік  байқатады. «Идеяның» жазушы шығармашылық структурасында, көркемдік баланста басты рөлді орындауы. Ол жазушы шығармашылығының тікелей авторлық «мен» ой – идеяға  көп жақындығынан келіп туындайтын құбылыс. Интеллектуалдық  «мен» — лингвистикалық – поэтикалық «менге» қарағанда басымдау. Интеллектуализм — әдеби шығармашылық мағына жағына жақын. Мағына форма әдебиет өнерінің жан – денесі. Екі үлкен ұғым әдеби  процестің ішкі қозғалысын реттеуші. Мағына – форма ара – қатынасы күшті шығармаларда бой көрсетіп қатты білініп тұратын құбылыс. «Ой» — мазмұн, «тіл» — форма. Жазушы қазақ тілінің бар сөлін сығып жұмсауға тырысты. Интеллектуалды ойды да арқып жұмсады. «Ойды шегіне тартып керу» — Асқар жазушылық  мәнері . Прозасындағы бір ерекшелік поэзияға тән нығыздық, тым жинақылық. Сөздердің қысылып – қымтырылуы мағынаның қысылып – қымтырылуына әкеп соғады. А.Сүлейменов шығармашылығындағы ауыр батпан ой үздіксіз құйылып отырады. Жалпы А.Сүлейменов прозасындағы инверсиялық қасиет оның прозасын поэзиялық қалыпқа бейімдеп отырады. Шындығында А.Сүлейменов жазу өрнек мәнері өлең мен қара сөздің қоспасы секілді бір бөлек өрнек. Ол әрдайым байқалып отырады. Мысалы:

Қаракөк мынау

Алқаракөк фәниге

Келгендер көп-

Келмегендер көбірек…

Көрдім.

…Сүттей аппақ бұл жарық

Отасыпты түнекпен.

Күйесіндей қазанның

Айтпауға да  болған – ды…

Әлем маған айтады:

«Мен әлем», араммын.

Көнесің. Көндіремін көнбесең

Себебі мен араммын

Ол аз десең-

Араммын һәм ажалмын

Мен айрықтамын, әлеумет.(13.96б.)

«Көркемдік декларация» — көркем ой мен автордық таза ұстаным, автор ойы бір – біріне мағыналық жақындығы көп деген осы. «Ірі болуы» — ой ірілігіне жеткен автордың ішкі сыры. «Жай пенденің бірі болу» үшін ол күрескен жоқ. «Сүттей аппақ бұл жарық отасыпты түнекпен күйесіндей қазанның». Бұл ойдың жөңкілуі, ойды ой ізіне түсіп қуады. Идея даусы қатты білінеді.

Айқайлайды; идея: «Мен – адаммын». Идеяға шығар баспалдақ проблема күйі. «Әлем маған айтады. «Мен, әлем, араммын». Асқар прозасы, Асқар шығармашылығы идея тастаушы, идея- мәтін философиясы бар ма? Бар болса, ол не? Бар. Ол «Қаракөк мынау, Алқаракөк фәниге». Фәни діни термині шығармада  жақсы қолданыс табады. Фәниге, өмірге қалай келіп, қалай кету автордың ең бір мықты  филасофиясы. Жазушы ойшыл сол филасофиямен ой кешіп, уайымдап өмір сүрген. Оның үлкен зорлықшыл, жаншыған идеяға бағынбай өмір сүруі соған дәлел. Ол басқа өмір сүрген жоқ. Ол көнген жоқ. Идеялық «сеператизмге» барған жоқ. Зорлықшыл идеямен ауыз жаласқан жоқ. Осы «Кек» драмалық повестінде алғы сөз (Сарынның даусы) Асқар шығармашылығының шағын макеті, сығынды моделі, секілді. Олай болатын себебі тұтас алғанда жазушы шығармашылығының авторлық тұлға «мен» идеяның төңірегіне тығыз күйде топтасуынан. Автор — әдеби идея ошағы. Бұл заңдылық аумағына «Қара шал» да кіреді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. ЖАНР ТАБИҒАТЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР.

 

60 жылдардың бірінші жартысында жазушы сыни шығармашылықпен айналысқан. Осы кезеңде қаламгер өзінің көркемдік-эстетикалық ұстанымдарын айқындап, өзінің болашақ шығармашылық мақсаттарын белгілейді. Бұл мәселелер оның «Түр туралы бірер сөз» (1963), «Өлшеніп өнер тартылса» (1972), «Болмыспен бетпе-бет» (1977), «Тәкеннің шаңқанбоздары» (1966) атты сыни мақалаларында қарастырылған. Жазушы шығармашылығындағы негізгі арна ол — көркем проза. Қаламгердің проза саласындағы еңбектері 60-70 жылдардағы «Қара шал»  (1964),  «Ақ кемпір» (1965)    әңгімелері, «Бесатар» (1970), «Ситуация» (1964) повестерінен бастау алып, 80-90 жылдардағы «Адасқақ» (1988) әңгімелер циклы, «Шашылып түскен тіркестер» (1992) ой толғамдарымен түйінделеді. «Адасқақ» — жазушьшың шеберлігі толысқан кезде жазған, стильдік даралық ерекшеліктері мейілінше айқьшдалып көрінетін туындысы. Сондықтан да   диссертацияда бұл туындыны   талдап саралауға баса             назар  аударылады.   Жазушы шығармашылығындағы шоқтығы биік бір сала ол — драматургия. Қазақ драматургиясына өзіндік үнімен келген автор бұл салада да өнімді еңбек етті. Соның дәлелі «Жетінші палата» (1985), «Қыздай жесір — штат қысқарту» (1986), «Төрт тақта жайнамаз» (1987) атты үш пьесадан тұратын «Ситуациялар» ұштағаны. Жазушының драмалық еңбектері орынды бағаланып 1985 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Ситуациялар» ұштағанынан өзге жазушы қаламынан әр кезде «Кек» (1977), «Ерулік» (1980) сынды драмалық шығармалар туды. Драмалық шығармаларда суреткер өзі өмір сүрген кезеңдегі қоғам шындығын, оның әлеуметтік астарын зерделеуге ұмтылады. А. Сүлейменов артында шығармашылық мол мұра қалдырған, өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар дарын иесі болып табылады. Осындай суреткердің шығармашылық дара болмысын танып зерделеу зерттеу тақырыбының өзектілігін көрсетеді.

А. Сүлейменовтің шығармашылық тұлғасын танытудағы бет-бұрысты қадам ретінде оның «Бесін» атты тұңғыш кітабы жайлы (8.12б.) академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің  1970 жылы 25 қыркүйек айында    «Қазақ әдебиеті»    газетінде   жарияланған    «Кітап    аты — «Бесін», авторы — Асқар» атты мақаласын айтуға болады.

Асқар Сүлейменов шығармашылығын танып, зерттеудегі ірі қадамдардың бірі — «Парасат падишасы» атты естеліктер жинағы (7.53б.).

Екінші тарау «Жанр табиғатыңдағы ерекшеліктер» деп аталады. Бұл тарауда жазушы шығармашылығының жанрлық ерекшеліктері көркемдік даму динамикасымен байланыста қарастырылады.

Алпысыншы   жылдарда     жазушы     сын     саласындағы ізденістерімен қатар көркем проза саласында тынымсыз еңбек етті. Өзіңдік қолтаңбасы айқын әңгіме, повестерімен проза саласында кеңінен танылды. Алғашқы туындыларының бірі — «Қара шал» әңгімесі арнайы тоқталып талдауды қажет етеді. Біршшіден, ол — автордың алғашқы суреткерлік қолтаңбалық көрсеткіші ретінде құнды дүние. Екіншіден, көркемдік деңгейі биік әңгіме. Жазушы Ә.Нұрпейісов әңгіме кейіпкері туралы: «Асқар Сүлейменовтің қара шалы — ұлтшылдығы басым колоритті образ» (10.261б), — деп пікір білдірген. Жазушы шыңдығында әңгімедегі қара шал (кейіпкер есімі — Үкібай Омаров) туралы өте дәл, орнықты пікір айтқан.

Қара шал — мінезді кейіпкер. Оның өмір сүру салты — өз ұлтының таным-түсінігіне, менталитетіне сай. Өзі түйсінген түсінікке, ұғымға сыйыспаған іс-ерекеттерді ол қабылдай алмайды. Мысалы жүйрік атты етке өткізу ол үшін ақылға сыймас нәрсе. Сондықтан совхоз тарапынан болатын бұл талапқа ол мойын ұсына алмайды. Экономикалық тұрғыдан қарағанда бұл жерде жасанды кеңестік шаруашылық түрі мен ұлттық шаруашылық ережесі сай келмей тұр. Жекеменшік ерік жойылған зорлықшыл шаруашылық формасы үстемдік құрған жерде бұндай кереғарлықтың болмай қоюы мүмкін емес еді. Жөне де бұл оқиғаның өйгілі коллективтендіру дүрбелеңінен кейін болып жатқанын еске алу керек.

Ал енді менталитет тұрғысынан келгенде де екі жақтың бір мәмілеге келуі мүмкін емес. Қара шал қазақ жерінде ғасырлар бойы тамыр жайып қалыптасқан исламдық сана түсінігіндегі жан болса, совхоз құрылымы атеистік көзқарасты ұстанған социализм идеясынан келіп туындаған қоғам көрінісі, яғни, қай тұрғыдан қарағанда да екеуара қақтығыстың болары анық. Асқар Сүлейменов өз шығармасын осындай үлкен қарама-қайшылыққа құра алды. Соның нәтижесінде қара шал образы өте қанық, колоритті бояуымен көрінген.

«Бесатар» повесі — жазушының кезеңдік келесі бір биікке көтерілген туындысы. Біздіңше, прозалық тұрғыдан А.Сүлейменовтің шеберлік сатылары былай жүйеленсе керек. «Қара шал» — «Бесатар» — «Адасқақ». Осы реттен «Бесатардың» жазушы шығармашылығындағы алар белесті орны айқын көрінуге тиісті.

«Бесатар» арқылы жазушы өзінің қолтаңбалық ерекшелігін шын байкатты. Академик — жазушы Ғ.Мүсірепов шығармаға арнайы талдау жасап, өз пікірін білдірді. Атақты қаламгер әдеби ортаға: «Жаңаша жазушы, жазуға жаңалық кіргізер жазушы келе жатыр. Ойлы да серпінді жазушы келе жатыр» (9.6б.), — деп жар салды. «Бесатарда» өзіңдік жазушыға тән жеке қолтаңбалық ерекшеліктер айқын көрініс берген. Шығарманың бірден көзге түсер ерекшелігі — оның психологаялық астары терең туынды екендігі. Жалпы А.Сүлейменов жазушылық мәнерінде байқалатын екі бөлік ерекшелікті атап көрсеткен жөн. Олар: 1. психологиялық (ішкі жан: түйсік, сезім элементтері). 2. философиялық (ой түйгіштік, пікір түйгіштік) мәнер. «Бесатар» — осы екі мәнерді айқын паш етеді. Шығармада қалыпты дағдыдағы сюжеттік құрылым жоқ. Ғ.Мүсірепов айтқандай: «Асқар қозғалыстың сырт көріністерін, оқиға тізбектерін алмаған: ішін аша білген соң, сыртқы көріністер өзінен-өзі көз алдына тізбектеле береді» (9.16б.) Жазушының «ішін аша білген» деп отырғаны бар оқиға желісі, шығарма тынысы жекелеген кейіпкерлердің «ішкі менімен» монолог арқылы беріледі. Әр тарау да сондықтан жеке кейіпкерлер есімінен тұрады. (Иноземцев-Крейгель-Сәруар, Төрехан-Сәруар, Крейгел-Қараала… деген сияқты). Осындағы әрбір кейіпкер — өз алдына бір әлем. Әр тараудағы аты аталып, түсі түстеліп тұрған кейіпкерлердің әрқайсысы да сол жекелеген тарауларда жеке-дара сомдалады. Яғни, әр кейіпкерге жазушы жеке отау тігіп, әр тарауда әрқайсысына арнап кеңістік, уақыт бөлінеді. Сол кеңістік аумағы мен уақыт мөлшерінде олар өздеріне тиесілі іс-әрекеттерге барады. Іс-әрекеттен гөрі ішкі ой-сезім толғаныстарға беріледі. Өздерінің ішкі менің, мендік әлемін жасайды.

Шығармадағы кейіпкерлер галереясы екі лагерге, екі бөлікке бөлінеді. Бір жақ: қазақ елін отарлаушы патша армиясының өкілдері (дәлірек айтқанда-жендеттері): Крейгель, Иноземцев, Голоножкин, Губернатор Фольбаум… Екінші жақ: жер-ел үшін атқа қонған көтерілісшілер, олар: Төрехан, Мұқағали, Сәруар, Қараала…

Крейгель  айқын сомдалған түлға. Крейгель — патша офицері болса, ол нағыз сол патша офицері дәрежесіне көркемдік тұрғыдан сомдалып жеткен кейіпкер. Оны бұл деңгейге көтеріп тұрған нанымды ішкі иірімдік сезімдер, шебер соғылған көркемдік уақыт пен кеңістік және заттық-декорациялық әлем.

Крейгель кім?»Қолы кобура іздегіш тергеуші» офицер. Оның ішкі қалпы: «Мен білгенде өмір-ата, намыс-бала» (35.266б). Қызмет бабындағы көзқарасы: «Тантығанды қалыбына түсірер жалғыз әдіс, ол таяқ» (35.289б).

Ол үшін ең басты нәрсе ар-намыс деген нәрселер емес. Өмірдің өзі. Сол өмірдегі бір қызық — мансап, дәреже. Қазаққа келгенде оларды бұратана деп қана қарайды. Крейгель патша саясатының қазақ даласындағы бірегей көрінісі.

Драмалық шығармалар — А.Сүлейменов шығармашылығының шоқтықгы бір бөлшегі.

В.И.Хализев драмалық шығармаларда сөздің материал ретіндегі қызметін бірінші орынға қоя отырып, сөздің тек осы драмалық шығармаларда ғана коммуникативтік мэндегі бағасы еселеп артатынын айтады (10.33б.). Тілдің коммуникативтік қызметін оның ең зор қыры деуге болады. Бүл жерде зерттеуші Б.Құндақбаевтың көркемдік және мазмұнның терең ашылуы сахналық тілге байланысты деген пікірін де еске салған жөн (16.44б.).

Драмалық әдеби түрдің көрермен — оқырманмен тікелей қарым-қатынасқа түсе алуы оның үлкен артықшылығы болып табылады және екі арада сахна — әдеби мәтін мен көрермен — оқырман арасында зор коммуникативтік байланыс орнайды.

А.Сүлейменов драматургияға кеңестік-атеистік қоғамның ішкі трагедиялық иірімдерін әшкерелеу үшін барған сияқты. Бұл мақсатта ол «диалог» құралын шегіне жеткізе пайдаланады. Автордың өзі диалог жайлы былай дейді: «Диалог — сезім мен ой өлшемі» (23.187б). Диалогте ой-идеяны еркін, әр түрлі қырынан мол пайдалануға мүмкіндік зор. А.Сүлейменовтей ойшыл жазушы үшін бұл тұрғыда, диалог — таптырмас құрал қызметін атқарғаны даусыз. Автордың драмалық шығармаларында қоғамдық-саяси, терең астарлы әлеуметтік реңк басым. Жазушы драматургиясы авторлық «ой-идеяның» ашық дауысқа ие болатын тұсы.

Ағылшынның атақты қаламгері Бернард Шоу пьесаларды сыртқы формалық үш түрге бөлген. Олар: іс-қимыл пьесасы (пьесы действия), ішкі көңіл-күй пьесасы (пьесы настроение), сөз талас пьесасы (пьесы — дискуссии) (13.65б.). А.Сүлейменов драмалық шығармалары өзінің сипаты жағынан осы үш түрдің соңғы екеуіне үйлеседі.

«Ситуациялар» деп аталатьш триптих — үштағанның бірінші пьесасы — «Жетінші палата» (14.41б).

«Жетінші палата» — интеллигенттер жайлы пьеса. Тілті емхана пациенттерінің негізгі бөлігі оқыған білімді интеллигенттерден тұрады. Емхана психологы «ішетін интеллигенттер» терминін бекерге қолданбайды. Бұл әлеуметтік топқа пьесадағы негізгі кейіпкерлер — Ж.Сахатов, Келісовтер де кіреді. Келісов — жазушы, ол бір ұлттың бетке ұстар әлеуметтік тобына жататын тұлға. Сахатов ғалымдар әулетінен.

Ж.Сахатов — ішкі психологиялық тебіренісі терең, өзіндік айтары бар персонаж. Тіпті ол әлеуметтік тұрғыдан қарағанда өз белсенділігін тауысқан, қоғам алдыңда ешқандай салмаққа ие емес кейіпкер ретінде көрінетін секілді. Нардиспансер пациенті туралы шындығында басқаша қалай ойлауға болады? Бірақ мәселеге барлап қарағанда, солай ой түюге бола ма? Жоқ, әрине. Нардиспансер Ж.Сахатов үшін моральдық тұрғыдан төменге қарай құлдилаған сонғы өмір нүктесі емес, керісінше, оның өмірінің рухани шешуші бір кезеңіне айналған жер. Дәл осы жерде Ж.Сахатов өз өміріне терең анализ жасау мүмкіндігіне ие болады. Оған себепкер болып отырған орта, жағдай, адамдар да осы жерде кездеседі. Дәл осы жерде нардиспансер палатасында өмірдің шындық айнасы басқа жерлерге қарағанда анығырақ, айшықтырақ болып көрінеді. Сахатов емхана пациенті ретінде үлкен ішкі рухани, психологиялық толғаныстарға түседі.

Ұштаған-триптихтің екінші пьесасы — «Қыздай жесір — штат қысқарту» деп аталады. Бұл пьесаның да кейіпкерлері интеллигенция өкілдері. Тек, бүлар «Жетінші палатадағы» интеллигент өкілдеріне қарағанда басқаша мұраттағы жандар. Немесе пьесада жазушы интеллигенция ұғымына, тақырыбына басқаша қырдан көз жіберген деп айтуға болады. Негізгі кейіпкердің бірі — жазушы Мәлік. Мәлік — кеңестік қоғам тудырған жалған интеллигентшілдіктің өте айқын, бейнелі өкілі. Мәлік бейнесін автор онша күлбілтелемей анық, ашық тіке мағынасында сомдауға тырысады. Бас кейіпкердің бойындағы жағымсыз қылықтар кейіпкерді пьесаның басынан аяғына дейін аямай әшкерелеп отырады.

«Ситуациялардың» соңғы бөлігі — «Төрт тақта жайнамаз» пьесасы. «Төрт тақта жайнамазды» — кеңестік қоғамның саяси құрылым жүйесін қамтыған, соған іштен көркемдік тұрғыдан шолу жасаған дүние деуге болады. Ондағы кейіпкерлердің атының өзі мән-жайдан хабар беріп тұрғандай.

Мысалы: Райсобес, Райгосстрах, Райстат, Райфин, Прокурор, Сот, Агент деген сияқты. Біріншіден, бұл кейіпкерлер жайлы мәліметті олардың аты-жөні емес, өздері қызмет істейтін мекемесі, не қызмет түрі беріп тұр. Кейіпкерлердің аты-жөні көрсетілмей қызмет ететін мекеме аты көрсетілуінің өзі олардың тұлға емес, жүйе қызметкері екенін аңдатады. Райсобес, Райгосстрах, Райфин.. бұл олардың аты-жөніне айналған атаулар, олардың түлғалық бет-ажарлары. Бұлар — жүйе қуыршақтары.

«Ситуациялар» циклы — нақты қоғамдық — саяси бағытты көздеп жазылған дүние. Оны автордың өзі де кезінде сыншы Зейнолла Серікқалиевке сыр ғып ашқан. Жазущы, сөзі бойынша пьесаларды жазудағы мақсаты — іріп-шіріген алдамшы, азғындық жүйесімен біржола есеп айырысу болған. Яғни, бұл драмалық шығармалар қоғамдық-саяси реңкі басым дүниелер болып шыққан. Саяси тұрғыдан қарауылға алынған нысана — кеңестік жүйе. Бір ғасыр бойы алып кеңістікті жайлаған, әлемдік аналогы болмаған адамзат болмысьша жат жүйеде өмір сүріп, оны танып-білу оңай шаруа емес. А. Сүлейменов пьесалары сол жүйе мазмұнын танып-біліп қана қоймай, соған ашық көркемдік майдан ашқан дүниелер.

Жазушы әуел баста әдеби қауымға сыншы ретінде танылған. Өзінің алғашқы сыни еңбектерінде ол жекелеген жазушьшардың шығармашылығы жайында сараптама макалалар жазды.

Соның бірі М.Әуезовтің шығармашылығына арнап жазған «Болмыспен бетпе-бет» атты мақаласы. Сыншы метафоралық шешен тілмен М.Әуезов шығармашылығының болмысына үңіледі. Автор жазушыны «тұлпар тұяқ сияқты бір жұп қабырғасы артық суреткер. Айдар — кекілін жаңа заманның желі тарап, айдын қасқасын жаңа заман ашқан суреткер…» (12.107б), — деп сипаттайды. Автор М.Әуезов драмалық шығармаларын Горький, Брехт, Дюрренмат, Сартр туындыларымен салыстыра отырып, олармен қатар қояды. Бұл жерде ол, әсіресе жазушының «Дос — Бедел дос» атты шығармасын жоғары бағалайды. М.Әуезов прозасын Л.Толстой, Э.Хемингуэй дүниелерімен салыстырады. Сыншы М.Әуезовтің қазақ ұлтының болмысындағы оның тарих, мәдениет, әдебиет сынды салаларындағы алар орнын өзінше анықтап көрсеткісі келеді. Онысы табыссыз да болмаған. Бір ғана «Әуезовтің қасында Ғабеңнен, Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтен басқаның бәрі оқушы» деген пікірінің өзі үлкен салмаққа ие болып көрінеді.

Дәл осы сарыңдас мақаланы автор Ғ.Мүсіреповтің 70 жыңдығына   орай   «Өлшеніп   өнер   тартылса…»   атты   тақырыппен жазды. Жазушыны сыншы қазақ совет әдебиетінің кексе гвардиясы деп таниды. Ғ.Мүсірепов ерекшелігі ретінде сыншы оның аз жазатынын, сөзге аса үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Жазушының бұл ерекшелігін сыншы: «көлігі — сөз, өзі — сөзге көлік» деп  афоризмдік қалыппен тұжырымдайды.  Жазушы шығармашылығының көрсеткіші ретінде «Тулаған толқында», «Боранды түн», «Ұлпан», «Ақан сері-Ақтоқты» атты шығармалары аталады. Сыншы жазушы тіліне байланысты сөз — сылқым, сөз — қаңтар, сөз — семсер, сөз — сиқыр, саңлақ сөз, сөзмер деген тіркестерді қолданады. Сыншы жазушының тіл ерекшелігін «сөзді рәсуа етпейтін» суреткер деп білдіреді. Тағы да: «Ғ.Мүсіреповтің жазу машығында тіл — дәмін татар, құлақ — әуезін естір, көз — көркін көрер байырғылық бар» (12.93б), — деп саралайды.

«Түр туралы бірер сөз» – А.Сүлейменовтің алғашқы кезендегі шоқтықты әдеби теориялық еңбегі. Өзінің ауқымына, сипатына қарай бұл туындыны жазушының әдеби-шығармашылық өміріндегі бағдарламалық дүниесі деуге келеді.

Сыншы ең бірінші нені іздейді? Түр. Иә, жазушы жаңа түр іздейді. Іргеде XX ғасырдың 60 жылдары тұрды. Заман ауысты. Дүние өзгерді. Жаңа ұрпақ тарих сахнасына шықгы. Жаңа ұрпақ жаңа көзқарастар әкелу керек. Олар үшін өткен заман талабы ескірді. Енді жаңа заманға лайықты түр керек. Казақ прозасы да осындай үлкен өзгеріс, жаңалық табалдырығын аттағалы тұрған болатын. М.Бахтин айтпақшы: «Жаңа көркемдік таным түрлері өте баяу, ғасырлар бойы пісіп-жетіледі, ал, дәуір болса жаңа түрдің жарыққа шығуына тек қолайлы сәттер туғызады» (15.63б.).

Осындай ірі түр өзгерістері XX ғасыр прозасына тән. XX ғасырдың екінші жартысына қарай прозалық эксперименттерден жаңа үлгі түрлері туды. Ажыратып айтсақ, Пруст, Джойс желісінен В.Набоков феномені шықты деуге болады. В.Набоков — психологиялық символизм өкілі. Әлемдік ірі әдеби тұлға. Л.Толстой, Ф.Чехов үрдісінен Э.Хемингуэй шықты. Э.Хемингуэй бұл бүкіл XX ғасыр прозасының кейінгі бояу палитрасын бере алады деп айтудан аулақпыз. Арада Фолкнер, Камю бар. Жаңа прозаның түркілік-европалық үлгісі ретіңде Ш.Айтматовты айтуға болады.

Бұның бәрі әлем әдебиетінің бұтақтары. Жеке-жеке байланыстары бар. Мысалы, М.Әуезовтің Бальзактан үлгі алғаны рас. Әлемдік әдебиет ауқымында М.Әуезов қалай көрінеді? Ол — реалистік модельді жақтаушы шебер. Ж.Аймауытов осы ретте екінші желіні ұстанушы формалық жаңашылдыққа бейімдеу тұлға боп табылады.

Жазушы зайанға лайықты жазу техникасын іздеді. Өз ғасырына сәйкес стильдік өрнек іздеді. Шындап келгенде, эссе соңына таман қойылған: «Ғасыр әдебиетіңде ғасырға тән түр бөлектігі бола ма өзі, әсте? Оның дәстүрден алары, дәстүрмен қорлануы қалай көрінеді? Оны қалай танимыз? Қазақ прозасының оған қатысы туралы не демекпіз?» (5.135б.), — деген сұрақтар жазушының көбіне өзіне тікелей қойылған авторлық сұрақтар болып шықты. Сол кезде жауапсыз қалған сұрақтарға автор тұтас шығармашылық өмірбаянымен, шығармашылық материалымен жауап берді.

Қазақ прозасы әлемдік әдебиет үрдісінде XX ғасыр прозасымен етене жақындаса алды, үзеңгі қағыстыратын тең дәрежеге жетті деп айта аламыз. Ол сонау 1910 жылғы үлкен жазушы М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалымен» басталған үрдіс болатын. » Бақытсыз Жамал» — XX   ғасыр прозасының басы.

Түрлік ірі қадам. Бұл туралы А.Ісімақова «М.Дулатов өзінің жеке стиліне сәйкес қазақы роман моделін жасау туралы алдына шығармашылық мақсат қойған» (16.145б.), — дейді. Сол сияқты А.Сүлейменовтің де алдына қойған өзіндік мақсаты болды. Ол мақсат әлемдік әдебиеттің бай поэтикалық тәжрибесін ұлт әдебиетін көркемдік тұрғыдан жетілдіру үшін қолдана білуді көздейді.

«Стильдік ізденістер» деп аталатын екінші тарауда жазушы шығармашылығындағы ерекшеліктер, оның қалыптасу жолдары сараланады.

Асқар Сүлейменов — әлемдік әдеби процеске ішкері ілгерілей енген, оның терең, қара иірімдерінен нәр алған жазушы. Өзінің алғашқы әдеби кезеңдегі сыни шығармаларында-ақ ол әдеби процеске әлемдік деңгей тұрғысынан қарайтынын аңғартқан болатын.

Ол — әлемдік әдебиеттің модернизм үлгісінің сұлу өрнектерін өз прозасына шебер кешіре білген жазушы. Модернизм үлгілерінің қазақ әдебиетімен арадағы көркемдік байланыстары біздің әдебиеттануда жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Осы тұрғыда біздің А. Сүлейменов прозасын модернизм үлгілерімен байланыстыра қарауымыздың мақсатты сыры бар.

Жазушы қолтаңбасыңда қандай модернистік үлгілер бой керсетеді? Бұл жерде ең әуелі А.Сүлейменов қолтаңбасының «ой тасқыны» әдісімен байланысы туралы айта кету керек сияқты. «Ой тасқыны» әдісі туралы әдеби энциклопедияда былай анықтама беріледі: «Ой тасқыны» әдебиеті — XX ғасырдағы модернизм әдебиетіне тән ішкі жан дүние толғаныстарын, ой-ағымдарын бейнелеуші көркем өдіс». » (17.91б.) немесе: «Ой тасқыны» әдісі — әр түрлі психикалық қозғалыстарды толыққаңды түрде көрсетіп бере алатын бірден-бір әдіс ретінде айтылады». (17.98б).

Яғни, «ой тасқыны» («поток сознания») әдісі ішкі психологиялық иірімдерге терендей ену, жете үңілуден пайда болатын құбылыс. Бұрынғы әдеби құбылыс «ішкі монологтың» («внутренный монолог») ерекше күрделенген, шиеленіскен түрі десе болады. Бұл процесс, әсіресе, XX ғасыр басындағы прозада әлеуетті көрініс ашты. «Ой тасқыны» әдісінің қалыпты реалистік үлгіден негізгі айырмашылығы сол, онда сюжеттік оқиға желісінің әлсіреуі, не мүлде болмауы. Бірыңғай психологиялық ой тасқынымен, суреттер тізбегімен шығарма композициясын көмкеру. Яғни, сюжетті өзіне сіңіру, композициялық толық билікке ие болу. Әлемдік әдебиетте оның негізгі өлшемі ретінде М.Пруст, Д.Джойс, Вулф, А.Белый т.б. авторлардың шығармашылығы танылады. XX ғасырдың 10-20 жыддары әдеби процеске еніп үлгерген «ой тасқыны» әдісі жоғарыда атап өткен келеңсіздіктерге байланысты, біздің әдебиеттің сыртында қалды. А.Сүлейменов «ой тасқыны» әдісіне қаншалықты мөлшерде қатысы бар жазушы? Психологиялық бағдардағы жазушы ретінде ол XX ғасырда кең тараған, алдыңғы қатардағы жазу техникасына белгілі мөлшерде соқпай тұра алмаған. А.Сүлейменов — таза «ой тасқыны» стиліндегі жазушы емес. Ол — бұл жаңаша әдіске реализм ауылынан келген өкіл. Жоғарыда айтқанымыздай, А.Сүлейменов өзінің стильдік өрнегі жөнінен психологиялық бағдардағы жазушы. Ол өзінің бұл ерекшелігін алғашқы кезендерде мысалы, «Қара шал» әңгімесімен-ақ паш еткен болатын. «Қара шал» — психологиялық «ішкі монолог» әдісін шебер кірістіре жазьшған туынды. Одан беріде, «Ситуация», «Бесатар» атты повестерде суреткер өзінің қолтаңбалық ерекшеліктерін айқындап көрсетті. Егер «Қара шал» импрессионистік реңктер мен жұқа символикалық қабаттан тұратын психологиялық туынды болса, «Ситуация» повесі — таза реалистік сипаттағы психологиялық шығарма. Бұл жерде қалыптасқан реалистік дағдыдан шетке шығу деген жоқ.

А.Сүлейменов «ой тасқыны» әдісіне өзінің іштей жақыңдығын «Адасқақта» барынша байқатады. «Адасқақ» — жазушы қолтаңбасының айнасы. Бұнда қалыптасқан дағды, шынайы стиль бар. Осы шығармасында ол «ой тасқыны» әдісін мүмкін болған мөлшерде қолданысқа түсіреді. «Адасқақ» — ауыр ойға құрылған интеллектуалды-психологиялық туынды. Шығармада жазушы түрлі баяндау түрлерін шебер қолданады. Олар: ішкі монолог, өзгелік төл сөз деген сиякты құралдар. Бұл баяндау құралдары реалистік дағдыда кең қолданыс табатын элементтер. «Адасқақта» автор бұл баяндау құралдарын өзгеше, басқа ракурста пайдаланып көреді. Ол өзгешелік «ой тасқыны» құрылымына байланысты өрбиді.

Мысалы: шығармадағы I диалог — өзгелік төл сөз баяндаудың кемелді үлгісі. Ал, IV диалогте (Сол күн. Түн. Ақан-эпизодында) ішкі монологтың жарқын үлгісі бар.

«Ой тасқыны» әдісі — композициялық құрылымға төңкеріс жасаушы әдіс. Онда кейіпкердің өзінен гөрі, оның ішкі ой қатпарына көбірек көңіл бөлінеді. «Ой таскыны» әдісінің кейіпкері сюжеттік кейіпкер емес, психологиялық кейіпкер (іс-әрекет кейіпкері емес, толғаныс кейіпкері). Біржан — («Адасқақтың» бас кейіпкері) осындай ой-толғаныс кейіпкері. Шығармадағы Біржан образы реалистік шығармадағыдай таза, айқын бедерленіп көрінбейді. Ол шығарманың өн бойында сұлбаланып, үзік-үзік бейне күйінде елес береді. Біржан бұл жерде қарайған, обьект кейіпкер болудан гөрі, сана, ой кейіпкері ретіңде білінеді. Сыртқы бейне тұрғысынан қарағанда, Біржан — импрессионистік кейіпкер, персонаж. Ал, кейіпкердің іщкі идеялық иірімдерінде импрессионистік шашыраңқылық жоқ. Керісінше, болаттай беріктік, жинақылық бар.

Асқар Сүлейменов шығармашылығындағы әдемі анық бояу боп көрінетін тағы бір модернистік үлгі, ол — импрессионизм. Импрессионизмнің бір көрінер тұсы — «Адасқақтағы» бояу палитрасының байлығы. Ол жазушының космогониялық пейзаждарынан көрінеді. Мысалы, жазушының айды қалай әртүрлі кейіпте суреттейтінін қарайық. «Ай туған екен. Күндізгі аптаптың қызуымен балқығандай жалпақ, семіз, кызыл ай жер-жиектек бауырын енді көтеріпті» (9.90б). «Күреңіте бастаған айдьщ етегіне қарабас ақ тоқтының сеңсеңіңдей бұлт жармасты» (9.128б). «Қанын тартқан қызыл ай, аспанның үзік бауына жармасқаңца» (9.131б). «…буазыған ай бар екен-көк көлдің қақ ортасынан тай қазанның қақпағындай, қақтаған күміс көрді» (9.90б). Ғажайып образдар галереясы бұл.

А.Сүлейменов әлем әдебиетінің сан тарау бұлақ көздерінен еркін қанып ішкен шебер.

Суреткер прозасының жаңашыл болып көрінетіні содан. Шындығыңда, оның жаңашылдығы — бар ескіден бой тартпай, олардың әдемісін ішке сіңіру. Ол мейлі ұлттық үлгі (шешендік өрнек), мейлі шығыстық сарын (дін), мейлі батыс эстетикасы (модернизм) болсын жазушы одан бас тартпайды, қайта керегіне жаратады. Жазушы қолтаңбасынан алуан түрлі үлгілердің бой көрсетуі соған дәлел. Жазушы қолтаңбасыңдағы жаңа замандық әдебиеттен, сырттан алынған деуге болатын тағы бір осыңдай үлгі, ол — символизм сарыны. Жалпы символизм — жазушының шеберлік үлгісіне етене жақын өрнек. Символизмге А.Сүлейменовтің етене жақындығын байқататын бір тұжырымы: «Жазушының бір міндеті ой-идеяны ашу емес, оны мұнартқа көміп мұнармен бүркеу» (17.143б).

Символистердің де мұраты — сол логикалық ойдан қашу, түсініксіз боп көріну, айтарын түпсіз қара түнекке көму.

Символизмге тән көкке, ғарышқа деген сүйініс А.Сүлейменовке де тән. Символизмдегі сүйікті образдың бірі — күн. А.Сүлейменовте —  ай.  Символизмдегі негізгі тіректің бірі ол — астарлы ой.  Ол жазушыда бар ма? Бар, көп. Астарлы мәнге ие болушы образдың бірі —  жылқы.  Жылқы — жазушы  шығармашылығының өн бойында жүретін, үздіксіз маңызды образ-кейіпкер. Автор танымында «жылқы — еркіндіктің символы».

Асқар Сүлейменов — шығармашылық тілге көп мән берген жазушы. Бұл турасында жазушы мынадай ой-пікір білдіреді. «Сөйлемнің жазатын өмірі бар да, сөйлемнің өз өмірі бар. Жазарман сөйлемді тірі шөпті таптағандай таптайды. Сөйлемнің тән екені, оның сан тарау тамырлары, капилляр-тамыршалары бары ұмыт қалады. Абзацқа, тарауға, бүкіл кітапқа қызмет ететін сөйлемнің автономды өмір кешерін ұмытады. Шығарманың бір аты-ырғағы ыңқылдаған, бояуы кемпірқосақ боп көрінер, күміс ойы түпке тартар сөйлем ғана. Жазарманға бәрібір, ал жазушы үшін қиынға түсері — сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады» (12.147б]. Бұл — жазушының шеберлік ұстанымы, бір жағынан, поэтикалық декларация деп қабылдауға да болады. Өз шығармашылығында жазушы осы жолды айнымай жүріп өтті. Қалыпты әдеби шығармаларда сөз материал арқылы көркем образ жасалса, Асқар сөз материалдың өзінен көркем образ жасайды. Яғни, көркем образ жасаушы тіл материал өзі көркем образ материал калпына көп түседі. Бұлай болатыны жазушының «сөйлемнің жазатын өмірімен ғана болмай, сөйлемнің өз өмірімен де» санасатындығынан.

Жазушы прозасының ауыр оқылуының себебі де сол — тілдік қабаттан. Тілдік жамылғы оқиға, мағынаны бүркемелеп түрады. Нәтижесіңде оқырман, жазушы проза тілін түсіну үшін екі қабаттық кедергіден өтуге мәжбүр. Ол тілдік және мағыналық. Жазушы прозасыңда енді осы лингвистикалық өрнектер қалай орын тепкен екен? Ең әуелі бұл процесс троптарды пайдаланушылықган білінеді. А. Сүлейменовтей өз тілдік мәнерінде троптарды көп пайдаланатын жазушы әдебиетімізде сирек. Ол оған шешуші стальдік-тілдік мән, реңк береді. Троп пайдалануында өзіңдік ерекшеліктері бар. Оның жазу машыгы жасырып, бүркеп, сипап айту. Оның бұл тәсілінің бет-ажарын ашушы құрал — перифраз. Ол әрбір ұғым, ой-пікір, іс-әрекет, құбылыс атаулыдан көркем бейне іздейді. Мысалы: көмейдегі шоқ қыжылды салқын күлмен көмдім, күйік күшіктің қарғысын сыпырды. («Адасқақтан» — авт.) Теңеулері де тың, тосын бояулы. Бұл тұрғыда ол бұрын-соңды поэтикалық айналымға түспеген тұрмыстық, заттық құбылыстарды пайдаланады. «Үйдің іші ерітіп күміс құйғаңдай самалаланып кетті» (9.138б).

Жазушы тілдік мәнерінде көп қолданылатын көріктеу құралы — эпитет. Оның эпитеттері күрделі, ауыр, көбіне метафоралық бояумен беріледі. Енесінің емшегіне шиқан шыққыр екіңді, талапқа бергісіз бұзау тіс өтініш, қос қайнауы ішіндегі қызыл ет әуен; Осындай троптық әдістердің арқасында жазушыда тосын суретті эпитеттер көп жасалынады. Бұл құбылыс абстрактылы ұғымдардың деректі заттармен шендесіп тіркесуіне әкеп соғады. Мысалы: беломыртқа сауал, сынық сауал, бүкір күдік, сұхбат су, қырғи ой, бұлт маса, талай таланған қымыз жеңге, құмырсқа күн. Жазушының бұл өрнектері бір қарағаңда дөрекілеу тілдік тіркестер секілді боп көрінгенмен, өзін-өзі ақтайтын жері аз емес.

Жазушы тілі — бейнелі тіл. Ол көбінесе көркем астарға ие болып келеді. Бұл тілдік құбылыстың түп негізі қайда? Ол өзіміздің ұлттық тіл өнерімізде жатыр. Яғни, шешендік мектеп, жазушы тілі төгілген қас шешеннің тілі. Жай қарапайым баяндаудың өзін ол қарабайырлықпен емес, шешендікпен сөйлейді. Шешендік туралы Ә.Қоңыратбаев: «Мұндай сөздер (шешендік сөздер — авт) образдап ойлау мен логикалық ойға бірдей ортақ тілдің күрделенген фразалық материалы болып саналады» (18.60б.), — дейді. Жазушының сөз қолданыс иірімдері осы тұжырымға сай келеді. Образдап ойлау — тілдің көркемдік қабаты, логикалық ой, ол — мағыналық қабаты. Лингвистикалық өрнекті прозада осы екі мэселе кдтар үлкен маңызға ие болады. Қалыпты прозада тілдік көрсеткіш зәру күйінде болмайды. Осы тілдік, шешендік белгі А.Сүлейменов жазуында, прозасында қалай бой көрсетеді екен? Асқар тілінде шешендік өрнекке тән аллитерация мен ассонанс өте жиі қолданыс табады. Мысалы: «Тіліп айтпа, табан асты тұтанатын тәлпіш тотайлығың бар — бұ жағынан бізге, нағашы жұртыңа тартқансың сайқымазағыңа алмай күліп айт. Тіліп айту мен бүріп айту болмасын» (9.112б.). Бұл — Жанботаның Біржанға тіл қатуы. Ескідегі от тілді, орақ ауызды шешендердің мақамына құсайды. Төгілген аллитерация. «Шұрқырап кеп Зерендіге құлағанда көк көлдің көксеркесін шоршытар көк алаң да санаулы сенің» (9.95б), — деген аллитерациялық үйлесім де осы үдеден шығатын өрнек. Аллитерация — авторда көп қолданылатын тәсіл. Аракідік шебер тоқайласқан ассонанстар да жетерлік. Мысалы: «Мұны азын көпке қосып жіберіп, көпті бөліске салмай тынбайтын тараң арғын түгіл кенен Керей де біледі.» «Аңдыздап шауып албастыдай басатын арғын емес пе? » Шешендік мәйегі ол — афоризм. Жазушыда ой, сезім жиынтығы есебіндегі афоризмдер көптеп кездеседі. Олар: «Әркім өз жанының түндігін өзі ашады».,

«сұлулықтың да тартқызар азабы көп», «ақыл әнге апармайды, ән ақылға апарады», «ат арқасына алдымен жақын терлік» сияқты болып келеді. Асқар Сүлейменов сөйлемдері ырғақты болып келеді. Оңың сөйлем құру жүйесі көбіне инверсияға негізделеді. «Шайнамай тііесін, кемірмей тұяғын тына қояр, тынши қояр түрі жоқ». Ол оның сөйлемінің қозғалыс динамикасын арттырады, ұшқыр етеді.

Тілдік жалпы қасиеті: номинативті емес, риторикалық тіл. Риторикалық тіл — ажарлы, әшекейлі тіл. Троп пен синтаксистік фигураларды ұтымды қолданады. Яғни, жазушы тілі — риторикалық, ауыспалы мағынада қолданылатын троптық тіл.

Жазушы прозасын сипаты жағынан интеллектуалдық-лингвистикалық деп анықтау оның табиғатын дұрыс анықтағандық болып табылады. Бұл пікірді суреткердің ең негізгі беллетристикалық туындысы «Адасқақтың» табиғаты да айғақтайды. «Адасқақта» интеллектуализм сарыны — негізгі өлшемнің, басты мотивтің бірі. Жалпы, А.Сүлейменов шығармашылығының жанрлық сүйегі ол — интеллектуализм. Оған жазушы шығармашылығын тұтас алып қараған кезде көз жеткізуге болады. Драмалық «Қыздай жесір — штат қысқарту», «Жетінші палата» прозалық «Ситуация», философиялық-публицистикалық «Шашылып түскен тіркестер» атты шығармалар — жазушы шығармашылығындағы интеллектуалды шоғырды құрайтын дүниелер. Бұлардың ішінде, әрине, «Шашылып түскен тіркестердің» орны ерекше. Алдыңғьглары көркемдік тұрғыдағы дүниелер болса, соңғы шығарма — ашық ой-пікірге құрылған публицистикалық туынды.

Интеллектуалды жанр сөз өнері ғылымында «роман — концепция», «драма-концепция» түрінде де қолданыла береді. Интеллектуалды жанр ерекшелігі шын өмірдің өзін ондағы адамдардың мінез-құлық (характер) ерекшеліктерін сомдаудан гөрі шығармадағы кейіпкерлердің идеялық-теориялық айтыс-тартыс пікірлеріне көбірек мән беруінде. Яғни, жазушы көркем образдардан гөрі ой-пікір, түсініктермен ойлап, әдеби көркем шешім қабылдайды.

Әлемдік әдебиетте интеллектуалды жанр үлгісінде жазатын жазушыларга атақты жазушы Томас Манн прозасы (мысалы «Доктор Фаустус»), Бертольт Брехт драмалары («Сычуанның мейірі») жатады. Интеллектуалды жанр притча (төмсіл) жанрымен тығыз байланысты. Притча жанрының символдық-аллегориялық қырлары жазушы шығармаларына тән қасиет.

«Адасқақ» — XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің бар көркемдік арсеналын пайдаланған синтезді проза үлгісі.

«Шашылып түскен тіркестерге» жанры жағынын қойын жазба деп айдар тағуға болады. Қазақ әдебиетінде қойын жазба жазбайтын жазушы жоқ десе де болады. Олардың шеберлігі жағынан біршама жетістікке жеткеңдері де бар. Үлгілі әдебиеттен бұл тұрғыда қойьш жазба шебері Ғ.Мүсіреповті айтуға болады. Бертіндегі әдебиеттен танымал жазушы Ә.Нұршайықовты атар едік. Алайда А.Сүлейменовтің аталмыш шығармасының бұл жағдайда өзіндік ерекшелігі бар. Әдебиетте қалыптасқан дағдыда қойын жазба үлкен көркемдік жүк арқаламайды. Қойын жазба негізінен шашыраңқы ой-тұжырымнан тұрады. А.Сүлейменовтің «Шашылып түскен тіркестері» — тұтас бас-аяғы жинақы күрделі композициялық құрылымға ие дүние. Бұл шығарманың архитектоникалық қалпы. Тіл қолданысына келсек, жазушы тілі — өте шебер, әрбір сөйлемін үлкен поэтикалық салмақ бере отырып сомдайды. Жазушының бұл орайда қолданылатын негізгі құралдары — афоризмдік құнарлы ой дәні, риторикалық сауал, ерекше толқыңды инверсия. Бір сөзбен айтқанда, А.Сүлейменов қойын жазба түріндегі шығарманы стильдік деңгейге көтерген.

Шығармадағы үлкен бір жаңалық — дін тақырыбы. Бұл туған әдебиетімізде үлкен шектеуге ұшырап, әдебиет ішінен өз орнын ала алмай жүрген тақырып. Әсіресе, ол XX ғасырда орны толмас үлкен эстетикалық зардап шекті. Дін тек мемлекеттік жүйеден ғана шеттетілген жоқ, біздің бүкіл мәдени болмысымыздан ажыратылды. Бұл жерде қызыл коммунистік цензура аз рөл аткарған жоқ Әдебиетіміз дінсіз, бір қабат терісі алынған қызыл шақа денеге айналды. Міне, осындай рухани мешеулік жайлаған атмосферада А.Сүлейменов өте жаңашыл, ірі қадам жасайды. Әрине, жазушы да өз ортасының жемісі. Ол өзінің дінге бет бұруын жалған бояулармен әсірелегісі келмейді. Ішкі болмысты таза қалпында көрсеткісі келеді. Яғни, оның дінге бет бұруында қарама-қайшылық жоқ емес. Бұл тарапта ол өзінің көзқарасын «Мен дінге сенбейтін діндәрмін» (12.138б), -деп білдіреді. Бұл -таза діни емес, әлеуметтік астары бар ой-пікір бедері.

Жазушының дін тақырыбындағы сонылығы Құраннан тікелей аударма жасағандығы. «Құран. Сура N112; Әль-Ихлас. Меккеде аян болған төрт аят. (1) Алла жалғыз, (2) Ол — өлмес-дүр, (3) Туылмаған, тудырмаған ешкімді, (4) Ешкім оған тең келмес-дүр» (12.145б.). Жазупіының Құранның ең бір қадірлі, ірі маңызды сүресін аударуында үлкен мән бар. Жазушы Құранға үлкен оқымыстылықпен қарайды. Оған үстірт мойын бұрып отырған жоқ. Бұл тек Құран сүресінің аудармасы емес, бүл оның бар идеялық-эстетикалық тұжырым, байлауы. Ол өз жанының байыздап, үйездер жерін осы Құраннан табады. Өзінің шын мұсылмандық кейпін танытады. Бұған дәлел келтіріп отырған — сүре. Ол бұл байлауға ұзақ жол жүріл жетті. Коммунизм елесін қуған қараңғы қоғамда өмір сүріп, бұндай байламға келу оңай шаруа емес. Жазушы Құранға үлкен көркемділік талғам тұрғысынан қарайды.

«Шашылып түскен тіркестер» — интеллектуалды шығарманың жарқын үлгісі, көркемділікпен жазылған қойын жазба, кесем сөз түрі.  Интеллектуалды жанрда жазылған шығармалардың, мемуарлық сипатта боп келетіні бар. Абайдың «Қара сөздері», Мәшһүр Жүсіптің «Аспан, жер және адам жаратылысы туралы» (19.26б.) шығармалары сондай мемуарлық элементтері бар дүниелер. Зерттеуші ғалым Қ.Ергөбеков өзінің «Баян ғұмыр» (20.38б.) атты шығармасында осы шағын елеусіз жанрлар: эссе, мемуар, күнделік, қойын жазба, хат табиғатын жете зерттейді. Осы жанр түрлері түгел интеллектуалдық негізде түзілетін шығармалар. Өйткені бұл шығармаларда автор позициясы, интеллектуалдық деңгейі анық, ашық көрінеді. Қ.Ергөбеков эссе табиғатына көбірек көңіл бөледі. Оның кең мағынада қанат жая бастағанын зерделейді. Ол: «Кейде притча, деректі шығарма, философиялық миниатюра, формасы шағын мемуарды да эссе атау ерсі болмай қалды» (20.53б), — дейді. Осы жанрлар қоспасы «Шашылып түскен тіркестерге» еш жат емес. «Шашылып түскен тіркестер»- притча-философиялық миниатюра-мемуар-күнделік жанрларын шебер қиюластырушы дүние. Жазушы шығармашылығының квинтэссенциясы сияқты шығармалар болады, өзінің бүкіл шығармашылық өмірін сараптаудан өткізетін. Бүкіл өмір қорытындысын шығаратын. А.Сүлейменов үшін «Шашылып түскен тіркестер» сондай шығарма.

XX ғасырдың екінші жартысы — қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби процеспен ең етене араласқан тұсы боп табылады.

Бұл құбылыстың жарқын бір үлгісі — А.Сүлейменов шығармашылығы. Жазушы шығармашылығындағы «Адасқақ» әңгімелер циклы, «Шашылып түскен тіркестер» философиялық толғау эссесі , «Түр туралы бірер сөз» мақаласы, «Қара шал» әңгімесі, «Бесатар» повесі, «Ситуациялар» триптихі, «Кек», «Ерулік» сыңды драмалық шығармалары осы тұрғыдан сараланды.

Әрбір жазушы шығармашылығына тэн өзіндік даму ерекшеліктері болады. Ол ерекшеліктерді аңғару үшін оған әсер етуші факторларды анықтай білу керек. Суреткердің эстетикалық көзқарасының түп-тамырында ұлттық таным негізі жатыр. Сонымен бірге оған белгілі бір дәрежеде батыс әдебиетінің де өз әсері болған.

Жазушы    прозасы әлемдік көркемдік    тәжірибеге    сүйенген синтезделген проза түріне жатады.

А.    Сүлейменовтің        драмалық        шығармалары        терең концептуальдық үлгіге («драма-концегщия») құрылған.

Жазушы     шығармашылығы ұлттық     үрдіспен     шектелмей, әлемдік біртұтас әдеби процеске кіріге алуымен ерекшеленеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

Асқар Сүлейменов — рух пен намыстың төресі

Асқар! Ол – ұлы есіммен жүректің дәл түбін шаншыған, қияға шарқ ұрып самғаған, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел баласы, заман жасы, дүйім жұрттың алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы, қиюы қашып ыдырай бастаған ескі қоғамдағы әділетсіздікке қарсы күресіп, демократияшыл озат ойларда берік тұтынған кесек тұлғалы аса көрнекті жазушы.

Ел мен Жерге ем болған ердің қадір қасиетіне бас имейтін, поэзиядан мақұрым ездер мен ерсі, ессіз мемлекеттік мекеме басшыларының салғырт, салақтығының салдарынан салмақты асылдарымызбен сабақтасып жатқан ақын, батырларымыздың салы суға кетіп, өздеріне тиесілі жер бетіндегі сыбағаларынан сына қағылуда.    

Менің ойымша, қазақ халқының зиялылары қандай бір қиындық кездеспесін, басына қандай бір қауып-қатер төнбесін, зиялы болып қалулары керек. Барлық кезде өзін-өзі ұстап, өзімен еріп келе жатқан іні-қарындастарына, ұл-қыздарына, үлгі өнеге танытып, зиялылыққа  тәрбиелеулері тиіс.

­Өсетін елдің, өркен жаятын елдің ұрпағы  осы шығармадан ғибрат  алар, ұлттық рухы биік жақсылар мен жайсаңдар  көбейер деп ойлаймын.

Сондықтан да оған бағышталар бүгінгі заманның, болашақтың ескерткіші де қоладан  құйыла ма, шомбал жартас, Созақ бұлағынан өріле ме, бәрібір ең бастысы  тектілік-тегіне лайық шын пейіл көңілімен көмкеріліп, өзі медет тұтқан тек таза  әуен мен әуезден ғана құрастырылуы шарт.

Асқар Сүлейменов шығармаларында айтылған ұшқыр ойлар егеменді еліміздің, қазақ тағылымындағы жас ұрпақтың ойына — ой қосып, жігеріне – жігер қосып, азаматтық рухта тәрбиелейді деп сенемін.

Біріміздің көзімізге көрініп қуанышқа кенелтер, біріміздің күпті көңілімізді ойландырып есейтер Қазақстанның келер ғасыры осындай  аяулы перзенттері ғибраты мен рухани кеңестігін көріктендіре берері хақ.

А.Сүлейменов шығармашылығы — ұлттық әдеби, мәдени мақтанышымыз. Жүз жылдық отарлық құрсаудан, рухани езгі қыспақтан босаған, азат болған тұста, шын тәуелсіз, рухани ерікті көзқараспен қарап, шын жауһар дүниелерді  танитын кез жеткен секілді.

А.Сүлейменов – Қазақ елінің қара шаңырағы – қазақ  әдебиетінің қара қазанына қара өлеңімен қолтаңба қалдырған арқалы ақын. Оның тіркестерін талдау, мән-мағынасын түсіну. Шығармаларын оқи отырып ақынның ішкі жан дүниесін түсіну, өмірге деген көзқарасын тану. Қазақ жастарына А.Сүлейменовтың шығармаларын оқытып, мәнділігін ұғындыру. Шығармаларының тәрбиелік  жағын сезіндіру. А.Сүлейменовтың  әдеби формасы — әлемдік стандартқа жауап беретін форма. Интеллектуалды-теориялық деңгейі де шын  мәнінде  ғаламдық (глобальды) деңгей. Осы өреге ол туған әдебиет  топырағынан  көтеріледі. Туған топырақтан тамырын үзген жоқ. Кез келген авторды, ден қойған, еліктіріп әкететін әлемдік әдеби флора-фауна  А.Сүлейменов тұлғасын тұншықтыра алған жоқ. Ол өз жаратылысын сақтай отырып туған әдебиетін  түрлендірді, түлетті, соған жанкештілікпен қызмет етеді. Өнер деген сиқырлы заттың дегеніне көніп оған да өз айтқанын істете білді. Оған дәлел артта қалған шын сөз шеберінің қолынан шыққан хас туындылар.

Ол — шексіз бай адам! Өзінің алып жүрегімен қара қылды қақ жарған шыншылдығымен, ұрпақтан – ұрпаққа мұра болып сақталатын інжу-меруерт сөздерімен, қайталанбас қайшылықты өмірімен бай. Тумысынан асқан дарынды, өзі үшін ғана соқпаққа түспеген Асқар ағаның тұлғасы бүгінгі ұрпақтың жүрегінен орын алары сөзсіз. Көзі оттай жанған, алмас қылыштай жарқылдаған ақиық қыран тұлғасы мәңгілік биік тұғырда.

 Қорыта айтқанда:

— Асқар Сүлейменов – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің ірі өкілі;

— Асқар Сүлейменов – интеллектуалды лингвистикалық проза өкілі;

— Асқар Сүлейменовтың прозалық жазу мәнерінде «ой тасқыны» әдісі үлкен роль атқарады;

— Жазушы әлемдік мәдениет деңгейіндегі интеллектуалдық қорға ие;

— Жазушы тілінің негізінде ұлттық шешендік мектебінің белгісі жатыр.   

Зерттеу жұмысы ғылыми ой-пікірлер тұжырымы нақты деректер келтіру арқылы ғылыми негізде зерттелді.

Қорыта  айтқанда,  А.Сүлейменов  XX ғасырдың  екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің даму үрдісіне белсене араласып, осы кезендегі төл әдебиетіміздің дамуына сыншылдығымен де, көркем проза, драматургия саласындағы еңбектерімен де қомақты үлес қосқан сан қырлы талант иесі болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Қ.Ысқақов. Еліктеу ме, мұқтаждық па? // Жұлдыз, 1963,№5.
  2. Ғ. Мүсірепов. Кітап аты – «Бесін», авторы – Асқар // Қазақ әдебиеті, 1970, 27 қыркүйек.
  3. Т. Тоқбергенов. Шым-шымдап ойды толғатып… // Таң Шолпан, 2001, наурыз.
  4. Ө. Қырғызбаев. Асқар ұшқан ұя. Алматы, 1997.
  5. Парасат падишасы, Естеліктер, Алматы, 1998.
  6. А. Сүлейменов. Қара шал // Адасқақ, Алматы, 1998.
  7. А. Сүлейменов. Бесатар// Бесатар, Алматы, 1997.
  8. Ж. Шаштайұлы. Текті тәкаппарлық // Парасат падишасы, Алматы, 1998.
  9. А. Сүлейменов. Шындық көп, ақиқат – жалқы // Қазақ әдебиеті, 1990,

    29 маусым.

  1. А. Бөкен Сүлейменннің Асқары деген керім // Парасат падишасы, Алматы, 1998.
  2. А. Сүлейменов. Ситуация // Адасқақ, Алматы, 1988.
  3. А. Сүлейменов. Шашылып түскен тіркестер // Егемен Қазақстан, 1992,

    9 мамыр.

  1. М. Үкібеев. Жанымдай жақсы көрген досым еді // Парасат падишасы, Алматы, 1998.
  2. А. Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш // Ақжол, Алматы, 1991.
  3. А. Жұмадилдин. Аманат. // Жұлдыз, 2002 №3. Айгүл Ісімақова. Ұлт прозасы. // Қазақ әдебиеті, 1999, 24 желтоқсан. Әмірхан Меңдеке. Қазақ әдебиетінің қасіреті неде? // Қазақ әдебиеті, 1997, 27 қаңтар.
  4. О. Томпащ.Аслам Иман Ғибадат, Алматы облысы, Қарғалы селосы,2001.
  5. Р. Сыздықова .Асқардың өмірі // Парасат падишасы, Алматы, 2008.
  6. М. Мақатаев. Жылап қайттым өмірдің базарынан, Алматы, 1994.
  7. М. Жұмабаев. Ақан сері // Шығармалары, Алматы, 1989.
  8. А. Сүлейменов.Кінәз болмыс сырлары //Жас қазақ, 1992, 11 маусым.
  9. А.Сүлейменов. Қыздай жесір-штат қысқарту // Жас қазақ, 1992,

   11 маусым.М жұмабаев. Ақан сері // Шығармалары, Алматы, 1989.

  1. А. Мауқараұлы. «Адасқақтың» асты сырлары // Парасат падишасы, Алматы, 1998.
  2. Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы, Алматы, 1991.
  3. А. Сүлейменов. Өлшеніп өнер тартылса // Сөзстан, Алматы, 1980.
  4. А. Сүлейменов. Болмыспен бетпе-бет // Сөзстан, Алматы, 1980.
  5. О.Сәрсенбай. Асқарлар алыстан көрінеді. // Егемен Қазақстан, 2007.
  6. Зейнолла Серікқалиұлы. Тектілік. // 9.03.2006. №
  7. Ә. Жақсылықұлы. «Ситуациялар сыры». // Халық кеңесі, 2008 жыл.
  8. Қазақ-совет энциклопедиясы.