АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Қазақ әдебиеті газетінің тарихы

                                   Қазақ әдебиеті газетінің тарихы

 

САРАПТАМА

 

           Студент, …………………………………….дің «Қазақ әдебиеті газетінің тарихы» тақырыбында жазылған бітіру жұмысымен танысып, сараптай келе мынандай тұжырымға келдім:

            Біріншіден, бітіру жұмысы «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихын қамтып, терең зерттегенін байқауға болады;

Екіншіден, тақырып мысалдар біршама ашылған, дәлелдер, мысалдар көп;

Үшіншіден, газеттің тарихы зерттеліп, бүгінгісіне дейін қамтылған;

 Сонымен, қорыта келгенде, Мерекеева Мейрамгүлдің бітіру жұмысының құндылығы «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихының маңыздылығын зертеуінде болып отыр. Бұл студенттің теориялық білімін ұштастыруға деген ұмтылысын және ғылыми бейімділігін танытса керек.

Студенттің жұмысы жоғарғы бағаға лайық.

 

 

ЖОСПАР

 

Кіріспе

 

І тарау. «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихы.

               1.1. Газеттің қалыптасуы мен дамуы.

               1.2 «Қазақ әдебиеті» газеті және сын.

 

ІІ Тарау. Тәуелсіздік кезеңдегі «Қазақ әдебиеті» газеті

                2.1 Ұлттық рухтың шырақшысы

                 2.2 «Қазақ әдебиеті» газетіне – 70 жыл.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

СІЛТЕМЕЛЕР ТІЗІМІ

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

 

Кіріспе

 

Қазақ халқының мәңгілік өмір үшін толаспайтын күрес ғұмырының толғақты сапарында дүниеге келген рухани төл перзенттерінің бірі – «Қазақ әдебиеті»   газеті.

Заманның саяси оқиғалары тарих төрінен орын алған кезеңдерде дәуір үні — мерзімді басылымдардың да алдыңғы шепке шығып жолбасшылық  роль атқарғаны – еліміздің даму жылнамаларынан соқтықпалы жолдарынан белгілі жайт.  Сан алуан қоғамдық өзгерістерімен саяси сілкіністер дәуірінде, яғни, ғасыр басында дүниеге келген түрлі басылымдар арқылы айшықты үнін аңғартқан сөз серкелері бұған дәлел болады. Сөз жоқ, олар қазақ баспасөзінің дами түсуіне өз ықыластарын тигізді.

Қазақ баспасөзі халықтардың мәдени-рухани ізденістеріне ұйытқы болып, оған тікелей ықпал етіп отырды. Баспасөз үгіт-насихат құралы, жаңалық жаршысы деуден гөрі, халықтардың саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани ахуалының айғағы десек болады.

Коммунистік партияның идеологиялық өктемдеріне қарамастан, мерзімді баспасөзде ерлік ой – идеологияларын өткізетін ұрымтал құралдарға айналдыра білді.

Қоғамда болып жатқан әр алуан, ірілі – оқиғалар туралы дер кезінде оқырмандарына мәлімет жеткізу міндетін атқаратын мерзімді басылым, уақыт өте келе баға жетпес құнды деректер көзіне айналды. Халыққа болған оқиға туралы жедел ақпарат таратқан мерзімді басылым, сол оқиға туралы өз бойына қажетті мағлұматтар да жинайды, сөйтіп уақыт өте келе өзі де тарихи дерек көзі ретінде  ғылымға қызмет етіп, оқиғалардың кейбір қырларын ашуға көмектеседі.

Дегенмен, мерзімді басылымдар жазба деректердің басқа түрлеріне тек өзіне ғана тән сипаттарымен ерекшеленеді. Сондықтан оларда сақталынған мәліметтер объективті аталғанымен, бұл еңбектерде мағлұмат алу мақсатында зерттеушілер баспасөзді тарихи дерек көзі ретінде арнайы қарастыруға болады.

Яғни, қазақ мерзімді басылымдарын қарастырсаңыз онда шынымен тарихқа көз жүгіртесіз.

Бұқаралық ақпарат құралдары ішіндегі мерзімді басылымдардың бірі «Қазақ әдебиеті» газеті.  Басылымның тарихқа толы дара мазмұн – мағынасы айрықша.

Бітіру жұмысымның зерттеу барысында  қарастырып отырған  тақырыбым «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихы. Мақсатым газеттің  тарихын қоғамда  алатын орнының  айрықша екендігін дәлелдеу.

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұзақ жылдардағы тарихына өрлегенде, бізге мәлім шежіресінде оның жұртшылық ықыласына  бөленгені, елдің көңіліндегі армандар мен мүдделерді дәл тауып айтқан, проблемалық мақалалар көтере білген басылым екендігіне көз жеткіземіз. Сонымен қатар газеттің әр санынан  қоғамдық өмір, саясат, әдебиет пен өнерге, ұлттық салт-дәстүр  тақырыбын оқи аламыз. Газетті оқи отырып оның бүгінгі таңда да  үлкен жетістікке жеткенін  көреміз.

«Қазақ әдебиеті»  ұлттық басылым, жазушылар мен журналистердің және  оқырмандардың үні мен тілі. Мұндағы негізгі мәселе  халықтың қамы. «Қазақ әдебиеті» газеті сол кездегі саяси, әлеуметтік, әдеби өмірдің қайнаған ортасында жүрді.

Бұл бітіру жұмысымның мақсаты «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихын одан әрі тереңдете көрсету. Ол үшін айдарларын  зерттеп, жазып жүрген журналистердің  мақалаларын оқып, олардың жазу стильдерімен таныстым. Бітіру жұмысымның бірінші тарауында газеттің шығу тарихы туралы айтылған.  Екінші тарауы тәуелсіздік кезеңіндегісі мен бүгінгісіне дейін қамтылған.  «Қазақ әдебиетінің» парақтарын ақтара отырып, ондағы жазылған мақалалардың алуандығына көз жеткіздім. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі сын туралы жазылған мақалалар жайлы тоқталдым.  Сонау жылдардағы газет беттерінде жарияланған мақалаларды ақтарып қарадым. Ұлы зиялыларымыз жазған мақалалардың мән-мағынасынан сол кездегі халықтың қамы, елім  деп соққан жүректерінің лүпілін байқай алдым. Газеттің  шығуына  басшылық жасаған  Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров,  Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов. Сөйтіп, алып тұлғаларымыздың бастамасымен 1934 жылдың 10 қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газеті дүниеге келген. Газет әр жылдарда не бір қиыншылықтарға қарамастан өзі ұстанған «Ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген маңдайшадағы жазылған,  бағытынан айнымай қызмет атқарған. Газет тағдыры небір қиын кезеңдерді бастан кешіріп тұрған. Кеңес өкіметінің озбырлығынан да қанша жазушы, газет қызметкерлері қуғынға ұшырап, жұмыстан босатылған.  Көптеген деректерге сүйене отырып, «Қазақ әдебиеті» газеті Ұлы Отан соғысы  қарсаңында, 1940 жылдары шығуын тоқтатып, 1955 жылы қайта жарық көрген.   Сол жылдары Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбу Сәрсенбаев, Ғ. Омаров, С.Шаймерденов тағы басқа  редакция ұжымының мақалаларының  мазмұны ұлттық тақырып пен тың туралы, «Қазақ әдебиеті тарихының» мәселелері, хат қоржыны, хаттарға шолу, шет елдік аудармалар, репортаждар да беріліп тұрған.

Біз тәуелсіздікке заңды түрде жеттік. Еліміз осынау тәуелсіздікті  ту ғылып алғаннан бастап,  елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының саны арта түсті. Мәселен, 1990 жылы республикада 552 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген болса, 1991 жылы оның саны 744-ке жетті, 1992 жылы бұл көрсеткіш 1052-ге жетті, ал 1998 жылы 1334 газет, 280 журнал, 202 телекомпания, 74 телерадиокомпания, 80 радиокомпания, 33 ақпарат агенттігі  ресми тіркеліп жұмыс істеді /1/.

Еліміз егемендік алып «БАҚ туралы» заң қабылданғаннан кейін, қазақ басылымдары қайта түлеп, тың тақырыптарды игеріп халыққа жеткізіп отырды.

Жалпы  Қазақстандағы БАҚ-тың  хронологиялық тақырыптарының шеңберіне тоқталсам:

1934-2004 жылдар аралығы. 1934-1940 жылдар Жаппай сауатсыздықты жою. Халыққа білім беру ісінің дамуы. Республикада жоғарғы мектептің қалыптасуы. Ғылымның және ғылыми оқулықтың құрылуы. 1941-1950 жылдары Ұлы  Отан  Соғысы. Соғыстан кейінгі 50-60 жылдардағы экономикалық өнеркәсіпті көтеру. Тың және тыңайған жерлерді игеру. 1960-1985  жылыдары жүргізілген экономикалық реформалар. Қазақстандағы «Қайта құру». «Қайта құру» кезеңіндегі республикадағы қоғамдық саяси өмірдегі өзгерістер. 1991-2004 жылдары Қазақстанның мәдени және әлеуметтік дамуы. Міне, осындай кезеңдерде «Қазақ әдебиеті» газеті   де өмірдің шынайы құбылыстарын  бейнелей білді.

 Уақыт өте келе  «Қазақ әдебиеті» газетінде әдебиет, мәдениет, саясат  тақырыптарын болсын  тайсалмай жазып келген ұлт  рухының шырақшылары бүгінгі  баспасөз тарихының қалыптасу жолында. Басылым  бүгінге  дейін өзінің алға қойған рухани із мақсатынан тайсалмай еңбек етуде.

Бітіру жұмысымның жазу барысында баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдар  Б.Кенжебаев, Т.Қожекеевтің  «Қазақ Совет баспасөзі тарихынан», Қ.Аллаберген, Ж.Нұсқабайұлы, Ф.Оразайдың «Қазақ журналистикасының тарихы», Қ.Атабаевтың «Қазақ баспасөзі. Қазақста тарихының дерек көзі ретінде», Бауыржан Жақыптың «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» және «Қазақ әдебиеті»» газеттерінің 1934-2007 жылдар аралығындағы  бірнеше сандарын қарап, оларға талдау жасап шежірелерімен таныстым. Қосымша ретінде Болат Шарахымбай зерттеп, жинаған шежірені соңына енгіздім.

«Қазақ әдебиеті» газетінің  тамыры тереңде жатқан тарихы мол басылым екеніне басылымның өткен жылдардағы санынан куә болдым.

 

 

 

І-тарау. «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихы.

 

1.1. Газеттің қалыптасуы мен дамуы.

 

БАҚ ішіндегі мерзімді басылымдардың басқа жазба деректерден ерекшелігі сонда, олардың беттерінде мерзімділігіне байланысы  әр түрлі дәрежеде бейнеленеді. Болған оқиға  не құбылыс туралы мәлімет баспасөз бетінде ұзақ уақыттар бойы сақтау мүмкіндігіне ие болады. Екіншіден, кез-келген уақиға мен құбылыс белгілі бір кеңістік пен уақытта болғандықтан, сол құбылыстар негізінде пайда болған объективті дерек ретінде, баспасөз материалдары  өз бойларында өзі дүниеге келген жері мен уақытының, яғни, белгілі бір тарихи кезеңінің, ерекшіліктерін де сақтайды. Осылай, мерзімді басылымдар жазба тарихы деректің бір түрі ретінде келешек ұрпаққа оқиғамен қатар сол оқиға болған елі мен жері және уақыты туралы да мәліметтер жеткізеді.

 Қазақ халқына ғана тән, өзіндік жергілікті ерекшелігі мол, төл деректеріміздің бір тобын ұлттың мерзімді басылымдар құрайды. Яғни, мерзімді басылымдар біздің қоғамымызда үлкен рөл атқарады. Олардың ішінде ­­­­­­«Қазақ әдебиеті» газеті де бар.

Жиырмасыншы жылдардың басында газеттер шығару қауырт қолға алынып көптеген басылымдар дүниеге қаулап келе бастады. Жазушылар қатары көбейе бастағанымен олардың баспасөзі болмай, өлкелік, губерниялық газеттерде жұмыс істеді. Алайда өз басылымы керек екенін сезгенін жазушылар қауымы  осы мәселені көтерді. Әуелі «Жыл құсы» альманағын шығаруға  қосқоладан оның жалғасы  «Жаңа әдебиет» содан соң «Әдебиет майданы» журналы жарық көрді. Сонда да олқылық сезіліп тұратын, әдебиет өнер мәселелерін жедел көтеріп, көрсетіп, қым-қуыт өмір қарбаласынан қалмай, ой-пікір қозғап, қоян қолтық араласып отыратын орган — газет керектігі ойландырды. Оны шығару, шығаруға рұқсат алу оңай емес еді. Себебі, ол кезде (қазақ  халқын) республиканы Голощекин билеп тұрған кезеңде (1925-1932ж) жүргізген солақай саясаттың салдарынан зардап шекті. Әсіресе,  ұлтжанды әдебиет, мәдениет қайраткерлері түгелге жуық, «ұлшыл», «ескішіл» деп айыпталып, қуғын көрді. Бұл қуғын сүргін кез 1932 жылдың аяғында Голощекиннің республика басшылығынан кеткенге дейін созылды да, ұлттық әдебиетімізге орны толмас үлкен зиян келтірді.

1933 жылдың бас кезінде басшы кетіп, орнына  Л.И. Мирзоян келіп, жылылықтың  лебі ескенде көптеген ойда пісіп, толғағы жеткен мәселелерді қоюдың күні туды. Мирзоянның келуі ел өміріндегі жаңа бір жарқын дәуірдің басталуына ұйытқы болды.

Осы тұста арман еткен бақытымызға орай ел ағалары « Қазақ әдебиеті»  газетін ашуға кірісті. Газет тарихының ауқымы өте үлкен. Жалпы газеттің шыққан алғашқы саны 1934 жылдың 10-қаңтар делінгенімен, оның алғашқы нөмірінің жарыққа шығуы түйенің толғағындай ұзақ болған көрінеді. Таратып айтсақ «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген  ащы ұраны бар. 1932 жылы 26 ақпанда Қазақстанның бүкіл жазушылары мен аудандық газет редакторларының тұңғыш басын қосқан алқалы жиын болды. Онда Қазақстанда шығатын бапасөздің жайы талқыланып, қазақ пролетариат жазушыларының міндеттерін айқындау және сол тұстағы тұңғыш қаламгерлер ұйымы-қазақ пролетар жазушылар қауымдастығының (Қаз АПП) жұмысын қайта құру мәселесі көтерілді. Бұл ҚазАПП дегеніміз Ғабит Мүсіреповтың сөзімен айтқанда «жауыр атпен жайдақ шапқандар озып, нағыз көркемсөз  шеберлері  шетқақпай қалған бір солақайлау ұйым» болған. Солақайлығы сол, ол ұйымға, басқаны былай қойғанда, тіпті Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлиннің өзі мүшелікке қабылданбай келген екен. Осы 32-жылғы жиында жұртқа әдеби басылым қажеттілігі алғаш рет сөз болды.

Сол тұста қабылданған ВКП(б) Орталық Комитетінің «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысына сәйкес көркемдікке  мән бермейтін, жадағай, жалаң үгітшілдікті» ұран етіп, жікшілдікпен айналысқан бұрынғы пролетар жазушылар қауымдастығы таратылды. Оның орнын басатын жаңа ұйым — Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру комитеті құрылып, өзінің бірінші Пленумын өткізеді, онда Ілияс Жансүгіров «Әдебиет ұйымдарын қайта құру және советтік Қазақстан жазушыларының міндеттері»  атты деген тақырыпта және кейінгі жарыссөздерде жазушыларды алалап, жіктемей, партиялық бір бағытқа жұмылдыратын жаңа жазушылар ұйымын құру қажеттілігі айтылуымен қатар «Қазақ әдебиетіның аты азан шақырылып қойылмағанымен қалың бұқаралы идеялық — көркемдік бағытта тәрбиелейтін, біріктіретін дербес басылымның керектігі де қайта-қайта тілге тиек болды.

Кейінірек осы мәселемен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов төртеуі Қазақстанның сол тұстағы басшысы Мирзоянға кіреді. Оларды Крайкомның үгіт-насисат бөлімін басқаратын Жалайдар Садуақосов алып барған.  Тәуекелшіл төртеудің талап-тілегін тыңдап, толымды сөзіне тоқтаған Мирзоян  Совнарком бастығы Ораз Исаевты шақырып алып осы мәселемен айнасуды тапсырады. Міне, «Қазақ әдебиетінің» дүниеге келуіне осы кісілер, ұлтымыздың ұлылары ұйытқы болған, газет осылай ашылған болатын.

Газеттің тұңғыш редакторлығына  32 жастағы  Ғабит  Мүсірепов   бекіді.  Газетті ұйымдастыруға, оның жұмысын  алға бастыруға қазақ  әдебиетінің  жоғарыда  аттары  аталған  көрнекті  өкілдері  қызу атсалысты.  Жауапты хатшылыққа  Мұхамеджан  Қаратаев  тағайындалды. «Қазақ  әдебиетінің» өз қаржысы  болмағандықтан  оның  екі  басшысы айлықты «Жазушы» баспасынан  алып  тұрған. Маңдайшасына   «Қазақ  әдебиеті» ұлт  мәдениетін  көтеруде  үлкен  орын  алсын» деп жазылған, бір  мың таралыммен  шыққан   газеттің алғашқы нөмірінде аударма  материалдармен  қатар  өлеңдер  мен  мақалалар, әр  алуан хабарлар жарияланды. Ғабит  Мүсіреповтың «Ұлы дәуірге үлкен әдебиет» атты мақаласы, Сәкен  Сейфулиннің «Кезектегі істерім» атты  мақаласы жарық көрген /2/.

Ұлттық көлемдегі газет шығару идеясының ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының ортақ идеясы екенін, ол идеяның өмірлік қажеттіліктен туындағаны белгілі.

«Қазақ әдебиеті» газетінің шыға бастауы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының бас кезінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жедел қарқынмен дами түсуімен байланысты еді. Ал әдебиеттің тез өркендей түсіуіне сол кездегі саяси,  мәдени ахуалдың жақсара түседі айтарлықтай әсер етті.  

Жазушы болатын кісінің бірінші  өтетін  баспалдақтары — мерзімді  басылым.  Қазақ  совет  әдебиетінің  негізін  қалағандар,  Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден бастап  күні бүгінге  дейінгі  және  болашақтағы  да  жазушылардың  халыққа  алғашқы  әйгілі  болатын  орны  газет  пен  журнал.  Яғни  мерзімді  басылым.  Бөліп  айтсақ,  әдеби   газет-журналдар  деуге  болады.

 «Қазақ  әдебиеті» газеті  алғашқы  жылдары  Кеңес  жазушыларының   Қазақстандық  комитетінің  тілі  (органы) ретінде  жарық  көріп  тұрды /3/. 

Астанамыз — Алматыда  1934 жылы  8-16 қаңтарда   Дзержинский  атындағы  клубта  Қазақстан  комунистерінің  VIII партия  конференциясы  жүріп  жатты.  Мен (Ғ. Мүсірепов )де  сол  конференцияға  қатысушылардың  бірі  едім.  10  қаңтар күні  түскі  үзілістен  кейін  делегаттар  мәжілесіне  қайта оралған  кезде,  әр  делегат  отыратын  орындыққа  бір   данадан  қойылғанын  көріп  жалма-жан алып  жіберіп  қарасақ,  қазақ  совет  жазушыларының  ұйымдастыру комитетінің  атынан  жарық  көрген «Қазақ әдебиеті» атты  айына  5 рет шығатын,  4 беттік  латын  әріпімен басылған газеттің бірінші нөмірі  екен / 4/.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас мақаласында және Өлкелік партия коммитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің құттықтау хатында кеңес дәуірінде Қазақстандағы индустрия өнеркәсіп орындарының тез қарқынмен өскен, қазақ жұмысшыларының құрала бастағаны, бытыраңқы жеке шаруалардың 70 пайызы колхозға ұйымдасқаны олардың жоспарлы түрде жаңа қоныстанғаны айтылады және газет алдына мынадай міндеттер қойылды: Әдебиет газетінің редакторлары және редакция алқасы газет маңына жазушыларды әртістерді, әншілерді, күйшілерді молынан топтастырып түрлі ұлттың мазмұны социалистік мәдениетіміздің барлық саласын  көтеруге зер салуға көмекші болып, дәуіріміздің ұлылығын кең көлемде көрсете алатын қазақтың үлкен әдебиетін жасау – ең басты міндеттің бірі болсын, туысқан социалистік республикалар әдебиетінің байланысы, қарым-қатынасы күшейтілсін.

«Қазақ әдебиеті» алғашқы жарық көрген санынан бастап еркін шығармашылық ойдың жаршысы болуға ұмтылды. Бірақ бақылаулар мен  тыйым  салуларға қарамастан  халықтың мәні, ұлттық сипаты бар кейбір мәселелелерді өз пікірін астарлап та, ашып та білдіріп қалған тұстары аз болған жоқ. Мұндай батылдық оған халқымыздың ірі тұлғаларының, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің қаламынан дамыды. Ел назарындағы беделді әрі шығармашылық еркін ұйымның газеті болғандықтан да белгілі бір дәрежеде салмақты пікір білдіріп, ақиқатты айтуға мүмкіндік алды. Сол үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді.

Қалай дегенмен де, бұл басылым, ең алдымен, әдебиет газеті. Ғабит пен Бейімбеттен кейін редакторларының бірі С.Мұқанов айтпақшы: «Сәкен, Бейімбет, Ілиястардан бастап бүгінге дейінгі және болашақтағы да жазушылардың халыққа алғашқы әйгілі болатын орны». Ал ақын – жазушының ойлайтыны – халықтың қамы екендігі ежелден белгілі. Газетіміздің маңдайшасында «Қазақ әдебиеті» деген атымен қатар қазақ елінің арын арлап, жоғын жоқтап өткен ұлы Абай бейнесінің тұруы сондықтан.

Газеттің алғашқы санындағы «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын деген маңдайша сөзінен оның мақсатын айқын аңғарамыз /5/.

Газет редакциясының алғашқы мекен-жайы: Алматы қаласы, Красин көшесі 41-үй. Қазіргі мекен-жайы: Алматы қаласы, Абай даңғылы 143-үй, 5—қабат.

Алғашқы жылдары «Қазақ әдебиетінің» белгілі бір ретпен шығатын жүйесі қалыптаспады. Соның салдарынан әр жылдағы саны әр түрлі шығып тұрды. Мысалы; 1934 жылы 31 саны шықса, 1935 жылы 35, 1936 жылы 50, 1937 жылы 54, 1938 жылы 17, 1939 жылы 2, 1940 жылы 6 саны жарық көрді. Айта кетері, 1936 жылғы алғашқы санынан бастап газеттің маңдайшысына «бес күнде бір рет шығады» деген мәлімет келтіргенімен бұл жүйе сақталмаған. Газеттің әр нөмірінің арасындағы уақыт мөлшері 6-9 күн, кейде 10-13 күнге созылған. 1940 жылы шыққан 6 нөмерінің барлығы қаңтар айында жарық көрген  /6/.  

«Қазақ әдебиеті» газеті түрлі жағдайларға байланысты 1940-1954 жылдар аралығында шығуын тоқтатып, 1955 жылдың қаңтарынан бастап қайта басыла бастады. Бұл кез «тың игеруді» ұрандатып, қазақтың даласында келімсектердің көптеп келіп, соның салдарынан жергілікті ұлттың өз жерінде азшылыққа айналып, қазақ мектептерінің көптеп жабылып, тіліміз бен дінімізден кетіп, «түрлі ұлттық, мазмұны социалистік» мәдениеттің жасала бастаған тұсы болатұғын. Міне, ұлт тағдырының осындай бір аумалы – төкпелі қыл үстінде тұрған кезінде қайта шыға бастаған  «Қазақ әдебиеті» ұлт әдебиетін, ұлт мәдениетін, ұлт тілін ту ғып көтеріп шығып, тарихи еңбек сіңірді.

Бұл Сталин қайтыс болғаннан кейінгі жылымықтың басы еді. Әйтсе де компартияның жеке басқа табынушылықты әшкерелеген ХХ съезінін кейін әміршіл жүйенің темір құрсауының сәл босаусығанын дер кезінде аңдаған әдебиетіміздің қос Ғабең, Мұқан, Сәбең бастаған көрнекті өкілдері Жазушылар Одағы секретариатының шешімін шығарып, жоғарғы жақты көндіріп, «Қазақ әдебиетін» қайта дүниеге әкелді, оған дарынды ақын Сырбай Мәуленовты басшылыққа қойды.

Бұл репрессияның райы қайтқанымен коммунистік идеологияның өктемдігі әбден асқынып тұрған, қаламгерлер халықпен бірге социалистік догматизмнің қасаң да тор шеңберінде шермеде болған тұсы еді.

Сонау 30 жылдардан бері созылып келген қуғын-сүргіндер мен жаппай жазалаудың жарасынан әлі қан тамшылап тұрған. Ұлт зиялылары ақталмаған, олардың есімдерін ауызға алудың өзі қылмыс саналатын. Осы кезеңде  «Қазақ әдебиетінің» қайта шығуы халқымыздың мәдени өміріндегі аса елеулі ғажап құбылыс болды.  Ол бірінші сонымен бастап – ақ өзінің о бастағы діттеген бағыты – ұлттық мәдениетті көтеру мәселесін қайта темірқазық етіп алғанын байқатты. Осы сандағы Мұхтар Әуезовтің  «Сәт сапарға дос ниет», Ғабиден Мұстафиннің «Талант қанатпен шарықтайды», Ісмет Кеңеспаевтың «Тіл байлығы үшін»  деп аталатын мақалалары  басқа газеттерде жазыла бермейтін тың ойларға,  соны пікірлерге толы еді /7/. 

Мұхтар Әуезовтың 1940-жылы жабылып қалып араға он бес жыл салып  1955-жылы 14-ші қаңтарда қайта ашылғандығы алғашқы мақаласынан «Қазақ әдебиетін» болашақта қай қырынан  көргісі келетінін ағынан жарыла айтып, тілегін білдірген.

 … Біздің әдебиет газетінің болуы үлкен ырыс. Осындай газет бізге аса қажет еді. Бұған  талай дәлелдер мен себептер алуға болады. Тәжірибеге қарағанда, әдебиет жұртшылығының арнаулы газеті оқушы жұртшылыққа әдебиетті қоғамдық жақыннан танытады. Ұдайы үзілмес дем-тынысымен, талап- табысымен тірі, тұтас бейнедей, жанды күйде жақсы аңғартады. Өмір мен әдебиеттің, халық пен жазушының күнделікті аралас-қатынасы үздіксіз өсіп отыратын болады.

Бүгінгі әдебиет жаңалықтарына күнделікті сын үлгісімен қатынасудың үстіне «Қазақ әдебиеті» жалпы қазақ әдебиеті тарихы мен әдебиет теориясы мәселелерін де  ойдағыдай орын беріп отыруы шарт /8/.

Осы, 1955 жылдың 14 қаңтарынан бастап газеттің бағыт-бағдары түбегейлі өзгерді. Газеттің ең басты назар аударғаны — ел мен жер тағдыры. Қазақ елінің  болашағын ғылыми  көзбен бағдарлау, республиканың экономикасын дамытудың шешуіші күші — өндіріс орындарында еңбек ететін ұлт  қадрларын молайту, өз байлығы өзіне жететін Қазақстанды басқаға кіріптар етпеудің қамын ойлау, мал шаруашылығын  өркендету үшін бұл кәсіпті «екінші тың деп жариялап, ауылдық жерлерде тұратын халқымыздың  тұрмыс күйін көтеру шараларын жүзеге асыру сияқты мәселелер газет бетінде жүйелі көтерілді /9/.

«Қазақ әдебиеті» газеті шыққаннан бері шығармашылық өрлеуді де, құлдырауды да бастан кешірді. Бірақ ол қашан да әдебиеттің айнасы болудан, ұлттың, халықтың сөзін сөйлеуден айныған жоқ. Ел өміріндегі өзекті проблемаларды халыққа жеткізе біледі.

Әсіресе, қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы арман-аңсарлары көрініс тауып, күрес жолдары жырланған шығармаларды қалың оқырманға алғаш жеткізген де осы газет. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев сынды елінің мұңын мұңдап, жырын жырлаған әдебиет арыстарын алғаш таныстырған да осы «Қазақ әдебиеті» газеті.

Жетпіс жылдан аса уақыт ішінде «Қазақ әдебиеті» газеті халқымыздың рухани, мәдени жағынан кемелделе түсуіне қыруар үлес қосып келеді. Әдебиет газетінің алдағы уақыттарда да, егеменді еліміздің ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің жемісті жаңа биіктерден көріне беретіндігіне сенімдімін. Газетте болашақта ел өміріне қажетті мақалалары әлі де халық көңілінен шығары сөзсіз.

Газеттің алғашқы санындағы «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын деген маңдайша сөзінен оның мақсатын аңғарамыз.

«Қазақ әдебиеті» газеті қоғам, заман жайындағы көз қарастарды, батыл айтып, саяси — әлеуметтік, ұлттық мәселелерге де өткір өзекті талдаулар жасап отыратыны даусыз ақиқат.

Ол әрдайым Алаш зиялыларының ұйытқысы болып, қоғамдық сұранысқа сай пайда болған басылым. Ғабит Мүсірепов бастаған ХХ ғасырдың орта шенінде қазақ зиялыларының іс-әрекеттерінің негізінде шыққан ұлттық басылым. Газет көтерген өзекті мәселелері қазақ халқының мұн – мұқтажы, қазақ халқының  мәдени рухани байлықтарын насихаттау.   

 

1.2 «Қазақ әдебиеті» газеті және сын

 

Баспасөз – газет, журнал, кітап бастыру халықтың, елдің  саяси, шаруашылық, мәдени өмірінің көркею, күрделену, белгілі дәрежеде дамуына байланысты туып, өркендейді.

Баспасөз әдебиет пен өнер мәселесіне үлкен көңіл бөліп отырды. Осы кезеңде халықтың тек материалдық талаптары да өсті. Соған байланысты әдебиет пен өнердің және баспасөздің де рөлі арта түсті.

Бұл міндеттерді шешу ісімен бүкіл қазақ  баспасөзі, оның ішінде «Қазақ әдебиеті» газеті, «Әдебиет майданы» мен «Литературный Казахстан», «Әйел теңдігі», «Ауыл мұғалімі» журналдары сияқты мәдениет мәселелеріне арналған баспасөз органдары шұғылданды.

«Қазақ әдебиеті» газеті екі жойқын соғыстың (I дүниежүзілік және II дүниежүзілік соғыстары), Кеңес өкіметінің куәсі болды.

Бұған қосарымыз «Қазақ әдебиеті» газеті тек аласапыран заманның оқиғаларын сырттан қараған бақылаушысы ғана болып қойған жоқ. Ол сол оқиғалардың ортасында жүрді. Қазақ өмірінің аса күрделі кезеңнің шежіресіне, баға жетпес көзіне айналды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде ұлттық тарих пен мәдениет мәселелерінің батыл көтерілуі қалың жұртшылықтан қолдау тауып отырды. Осылайша, басылым ақын-жазушылардың ғана емес, жалпы зиялы қауымның сүйіп оқитын газетіне айналды.

Сарғыш тартқан газет тігінділерін парақтап қарағанда, оның жылдар бойғы шежіресінде жұртшылықтың ықыласына бөленіп, оқырман жұлдызды шағы — 1956 жыл болған секілді деп пайымдадық. Соған қарамастан осы жылы ауыр сынға ұшырап, оның қызметкерлері қуғын көрді.

Дәл осы тұста публицист Рахманқұл Бердібаевтың 1956 жылы 22 сәуірде «Қазақ әдебиетінің» бетінде жарияланған «Ең үлкен мәдени байлық» атты проблемалық мақаласы қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Бұл – тоталитарлық жүйенің асқынған кезіндегі езілген ұлт өкілінің ышқынған жан айқайы секілді нәрсе. Елуінші жылдардың бас кезінде қазақ зиялыларының жасаған репрессияның  зардабы халқымыздың кеудесін басып, намысын мүлде өшіріп тастаған еді. XIX ғасырдың 30-40 жылдарында ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Кеңесары Қасымовты қаралау қауымының кең көлемде және барша қатыгез жүргізілгені соншалық – ендігәрі қазақ баласы теңдік, елдік мұрат дегенді ауызға алмайтындай хәл орныққан болатын. Талантты тарихшы Е.Бекмаханов азаттық үшін күресті зерттегені үшін бірнеше жыл бойында сын сойылынан көз ашпай, ақырында жиырма бес жылға сотталғаны белгілі. Мектеп оқулықтарында тәуелсіздік туын көтерген ерлердің әдебиеттегі бейнесін сөз еткен көрнекті ғалымдар Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайылов, жас ақын Б.Ысқақов, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов та сотталып, жиырма бес жылды «арқалап»  ит жеккенге кете барған. Қазақ филология ғылымының көшбасшысы М.Әуезовтың көзін жоюға тексеру органдары шындап кіріскені анық. Бұл қатерден Мұқан Мәсеуге кетіп қана аман қалған. Қазақ ғылымының академигі Қаныш Сатпаевтың «ұлтшылдықпен» айыпталып, қуғынға түскені де тарихымыздың қасиетті беттер болып табылады.

«Ең үлкен мәдени байлық» деген мақалада Рахманқұл Бердібай көтерген мәселенің негізі-ұлт тіліне, мәдениетіне, дәстүріне төнген қауіптің атын атап,түсін түстеп көрсетуге барған сайын қарқын алған орыстандыру саясатын әшкерелеуге арналған болатын…  Бұл мақала жұртшылықтың көңілінде тұнып тұрған түйіткілдерді дөп басқан еді.

Редактор Сырбай Мәуленов алғашында  мақаланы жариялаудан бас тартқанымен, алқа мүшелері М.Әуезов пен С.Мұқановтың келісімінен кейін басуға қол қойған бұл мақалада шынында да сол тұстағы идеологиялық үстемдікке, отаршылдық саясатқа қарсылық айқын білдірілген болатын. Ал бұл – сол бұғаулы заманда адам айтып жеткізгісіз ерлік еді.

Ал бұдан кейін іле шала партия тарихы институтының жас ғалым Тұрсынбек Кәкішев бастаған бір топ ғылыми қызметкерлері – Р.Сейсебаев, Х.Хасенов, Т.Әлішеров, А.Байшин, А.Мұхтаров, Қ.Әбділдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған «Тіл мәдениеті» (17.08.1956) атты мақаласы қазақта төрт түлік мал жөнінде ешбір елден кем түспейтін тіл байлығы мен білімнің барлығын айта кетіп, Алматы мал дәрігерлік институтында қазақ бөлімін ашу керектігі жөнінде маңызды мәселе көтереді. Ал абақтыдан аман оралған сыншы Мұхаметжан Қаратаев «Қайта қарауды қажет ететін мәселе» атты мақаласында қазақ әдеби тарихын жасауда жіберілген келеңсіздіктер мен кемшіліктерді, идеологиялық өктемдік салдарынан қалыптасып отырған теріс көзқарастарды жеріне жеткізе айтып, ашық сынайды.

Дәл осындай тұрғыда әдебиетші ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың «Өтелмеген парыз» атты мақаласы жарық көрген. Ол өз мақаласында Сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары болған Смағұл Садуақасов, Ерғали Алдоңғаров, Жиенғали Тілепбергенов т.б. сияқты 20-жылдардағы бірқатар жазушылардың бай мұрасы қағажу көріп отырғаны, сол асыл мұраларды жарыққа шығару қажеттігі туралы айтты.

Газет бетінде сынға, ұлттық мәселелер мен тілге байланысты өзекті мәселелер жарияланып, халық көңілінен шығып тұрған.

Осындай аса өзекті ұлттық мәселелер газет бетінде сегіз ай бойы үздіксіз көтеріліп жатты. Әрине, бұл орталықты бей-жай қалдырған жоқ. ҚКП Орталық комитетінің 1956 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері» деп аталатын жасырын қаулы қабылдауымен аяқталды. Қаулының қатарында жоғарыда аталған мақалаларды жариялауды газеттің жіберген кешірілмес өрескел саяси қателігі ретінде бағаланды. Қаулы жасырын қабылданғанмен, оның зардабы жарияланды.

Содан бергі жылдары да газеттің басшылары жыл құрғатпай ауысып жатты. Алайда ол өз бағытынан айныған жоқ. Кеңес идеологтары «қазақ» деген халық Октябрь революциясына дейін ешқандай білімсіз, мәдениетсіз, қараңғы, надан, жабайы болған, оның көзін ашқан, адам қылып, ұлт қатарына қосқан, оқытып, басына үй, қолына кәсіп берген тек Кеңес өкіметі мен ұлы орыс халқы болды » деген сыңаржақ ұғымды сыналап оқулықтарға енгізіп, ұрпақтар арқылы ұлт санасына сіңіріп, аксиомаға айналдырмақ болғанда осыған көлденең тұрып, алдымен соққы берген осы «Қазақ әдебиеті» газеті. Ежелгі өркениетіміз, тамыры терең тарихымыз, бай тіліміз, өнегелі әдет-ғұрпымыз, үлгілі дәстүріміз, әлемдегі кемеңгерлермен тең тұрған ұлыларымыз бен ғұламаларымыз, қайраткер, күрескер тұлғаларымыз бар екенін заманда бүгежектемей бүкпесіз айтқан «Қазақ әдебиеті». Алайда «шындыққа өкпелеуге болмайды, шындыққа тек шындықпен жауап беру керек» деген қағида әміршір жүйенің құлағына қайдан кірсін? Бірақ сол соқыр саясаттың салқыны күні бүгінге дейін өшпей арқамызды аяздай қаруда /10/.

«Қазақ әдебиетінің» алғашқы санында аударма материалдармен республикамыздың көрнекті жазушыларының мақалалары, өлеңдер, әр алуан хабарлар жарияланған. Мысалы: «Қазақ әдебиеті» газетінде 1970 жылы  3 сәуірде «Талап пен таланттың тілашары» мақаласында былай дейді: «Альбатростың бірінші бөлімі басылып шықты, енді екінші бөлімін даярламақпын. «Қызыл ат» жария болды. Бірақ оның соңғы бөлімін түгелдей толықтырып жазбақпын… Осы күні «Біздің тұрмыс» атты роман жазып жүрмін. Бұнда «қала, колхоз және завод жұмыстарын көрсеткім келеді». …І.Жансүгіровтің осы нөмірінде жарияланған «Колхоз айтысы» атты өлеңінде «Талап» пен «Қастен» колхоздары арасында өзара айтысқа түседі. Сол арқылы ақын олардың жетістіктерін де, кемшіліктерін де көрсетеді. Бейімбет Майлиннің «Сары май» деген әңгімесінде колхоз бен совхоз жұмысына немкетті қараушылық, колхозға жасырын кірген кулактардың ұрлығы мен сұмдығы, сонымен қатар колхозда адал еңбек етіп жүрген Нұрыш сияқты колхозшылардың еңбегі көрсетіледі. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтың «Астық» пьесасы туралы сын мақала жарияланған.

Батыл сын айтқан материалдар аяқсыз қалмай, шара қолданылатын да оның нәтижесі «ҚӘ» дабылынан кейін деген   айдар аясында жарияланып тұрған. Ұлт рухының шырақшылары С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов сынды алыптар жетекші болған «Қазақ әдебиеті» сол тұста ежелден келе жатқан қазақтың бай тілі мен бай әдебиетін, мәдениетін, өнерін дамытуға, озық үлгілерін насихаттауға көп көңіл бөлді. Батыл ұсыныс-пікірлер айтылды.

М.Әуезов 1955 жылы 14 қаңтарда жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газетінің №1 санына «Сәт сапарда дос ниет» деген көлемді мақаласы жарияланған. Мақала газеттің бір неше міндеттерін атап көрсеткен. Мәселен, сын: «әділ, негізгі талабы зор, қамқор сын болудың үстіне ғылымдық өнері артқан шебер, үлгілі сын болуы шарт», «Әдебиетіміздің егізінің сыңарындай саналатын көркем өнердің – театр, кино, музыка, суретшілік салаларымен үнемі иық сүйесіп, жазушы жұртшылығы бұл саланың көркеюіне ұдайы, үздіксіз бейіл көрсетіп отыруға міндетті /11/. 

Мерзімді басылымдар сыни көзбен қарап, қоғам өмірін шынайы көрсете білуі керекті. Сын болмайынша қоғам өмірінің беті айқын емес. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі сыни мақалалар бос әурешілдікпен емес, елі, жері, дәстүрі деп жанын берген зиялыларымыздың үнімен берілген.

Тағдыр Бейімбет Майлиннің газетте көп істеуін жазбапты. Қай кезде де шалып жармасушылар аз болмады.

Кей сыншылар оны қара шаруа жазушысы деп кінә тақса, енді біреулер алашорданы жақтаушы ұлтшыл деп сынады. «Мырқымбайың қайда кетті, неге өндірісті жазбайсын, ауылды неге айналшықтай бересің» сияқты солақай сынға да ұшырады. 1937 жылы жаппай халық жауын, жапон шпионын, алашордашыларды ұлтшылды, тройцкийшіл фашисті іздестірген кезде оның да басына қауіп төнді. «Қанды қырғын» басталған уақытта Жазушылар Одағында «Халық жауларын» әшкерелеп бәйғам отыр деген кінә  тағылуы мұң екен, мұнда да бірін-бірі жау ғып көрсету, өз басын арашалап қалуға тырысып, басқаларға жала жабу өрттей қаулады. Баспасөздерге «Халық жауларын» әшкерелеп, жан түршігерлік айып тағылған мақалалар қаулап басылып жатты. Бейімбет Майлиннің «Қазақ әдебиетіндегі» жұмысы осындай аласапыранмен тұспа-тұс келді. «Қазақ әдебиеті» газеті жабылып қалмай, апыл-тапыл алғашқы қадамын нық басып кетуіне,өріс алуына өз үлесін қосты /12/.

Сырбай Мәуленовтың газет редакторы ретінде ұйымдастырушылық қабілеті, халық көңілінде қордаланып қалған сын мен шынды өткір, батыл көтеруге жетекшілік етерлік кең тынысы айрықша аңғарылды. Газеттің әрбір нөмердегі материалдарын талдап,  бағалайтын лездеме жиналыстарда Сырекең қызметкерлер пікірін, сын ұсыныстарын тыңдап, алдағы кезде қандай мақала немесе очерк жазылуы қажеттігін анықтап, авторын да  белгілейтін.

1956 жыл «Қазақ әдебиетінің» ұлттық мұраттарды көтеру бағытындағы кезеңі еді. Сол жылдың ұзына бойына ұлт мәдениеті мен әдебиетінің шешімін таппай, жылдар бойына іркіліп қалған мәселелері батыл көтерілді. Қазақ мектептерінің қысқара бастауы, қазақ тілі мен әдебиетінің сағат сандары күрт азаюы, ауыз әдебиетіндегі ондаған, жүздеген көне, қаһармандық, ғашықтық,  нақтылы тарихи дастандардың «Қамбар батырдан» басқасына залалды деген «үкім» шығарылып, қайта басылмай қалуы, жоғары оқу орындарына түсуге талаптанған қазақ абитуриенттеріне орысша шығарма жаздырып, жаппай құлатушылық, қысқарған сөздерді орысша нұсқасындай етіп жазуға қаулы қабылдануы, кейбір республиклық газет, журналдардың («Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан коммунисі») орысшадан аударылып басылуы, облыстық газеттердің «Көкшетау правдасы», «Семей правдасы» делініп жартылай орысшалануы, қазақ тілінде іс қағазы жүргізілмеуі, қазақ жастарын Алматы секілді үлкен қалаларға тіркеуге қатаң шектеу қойылуы, «коммунизмге жету үшін орысша білу керек» деген Хрущев шақыруларының жедел қарқынмен жүзеге аса бастауы, Қазақстанның орталық және солтүстік облыстарында қазақ халқының қалыпты тілдік ортасының бұзылуы, жер атауларының өзгертілуі, жазба әдебиеттің асыл нұсқалары кертартпа идеяларды уағыздайды деген сылтаумен жаппай дерлік қаралануы жұртшылықтың көңілінде шешілмеген түйткіл болып ұялаған еді. «Қазақ әдебиеті» осы және басқа көптеген проблемаларды өз беттерінде ашық әңгімелеп, «тұмшаланған» ойлардың тиегін ағытты… Мұншама сорақы бұрмалаушылықтың әшкереленуінен қауіп ойлаған Орталық Комитет 1956 жылдың күзінде  «Қазақ әдебиеті» газетінің «тас-талқанын» шығарып қаулы алды, «ұлтшылдығым» үшін мен қызметтен шығарылдым, көп ұзамай газет редакторы дәстүріне ұзақ жылдар бойында қиянат жасап келгендіктің әшкереленуі: жамағатшылық сана-сезімінде бұл мәселелер төңірегінде оянудың, сергудің пайда болуы /13/.

Республикамызда шығатын әр түрлі газет журналдарда қызмет атқарған Шерхан Мұртазаның ең көп уақыт және тұп-тура жариялылық пен қайта құру кезеңі басталған кездегі редакторлығы – «Қазақ әдебиеті» газетінде ( 1980 жыл  10 қазан-  1989 жыл 10 қараша ) өтті.

Шерхан Мұртаза бас редакторлық еткен 1980-85 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газеті республикамыздың әлеуметтік-қоғамдық тіршілігін, төл әдебиетіміздің өркендеу барысындағы көркемдік жүйені жан-жақты көрсетуге көп күш жұмсады.

Айталық, газет бетінде әдебиет, өнер, тарих мәселелеріне арналған Қ.Мұқаметжановтың  «Бұқар жырау» ( 30 шілде 1982 жыл ) , Р.Бердібаевтың «Фольклор және көркемдік даму» атты әдеби сыны ( 16 шілде 1982 жыл) т.б. мақалалары оқырмандардың оң пікірін тудырды.

Қазақстан жазушыларының 1981 жылы болып өткен VIII съезінде қазақ әдеби сынының мәселелері кеңінен қозғалды. Осы тұста әдеби көркем сынның өсіп-өркендеуіне «Қазақ әдебиеті» газетінің тигізген әсері қомақты. Басылым бетінде нөмір сайын  шығатын сын материалдардың айдарына қарап отырсаңыз, әдебиеттің бірде бір саласы көңілден қағыс қалмаған. Мәселен,  «Поэзия: ізденістер мен іркілістер» , «Аударма: өре мен өріс» , «Бір роман туралы екі пікір», «Сын туралы сын» , «Әңгіме туралы әңгіме», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» газет айдарлары ойымызды дәлелдей түседі. Газет бетінде әдебиет сыны туралы мәселе көтерген проблемалық  мақалалар да, диалог, шолулар да, жекелеген кітаптарға жазылған рецензиялар да баршылық. Бұлардың арасында «Проблема: жанр мен қаһарман», «Талап таразысы», «Жазушының жан сыры», «Шабыттың шаңқай түсі», «Алтын тамыр», «Құм — қадам», «Сөз сарасы» атты айдарлармен берілген сын мақалалардың көтерген жүгі оқырман көкейіндегі мәселелерді дөп басып отырды.

Әрбір газет редакторлары өз әлінше тың мәселелер көтеруге талпынады.  Шерхан бас редакторлық  еткен «Қазақ әдебиеті» газеті СОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір Пленумынан кейін босаңқыған тізгінді қолға мықтап ұстап,  етектен тартқан енжарлық пен тоғышарлықты, одан өрбіген  түрлі келеңсіз құбылыстарды әділетті сынады. Редакция ұжымы күрделі, көп ретте жаңа  мәселелерді батыл қолға алды.

Шерхан «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби сынның әрі шыншыл, әрі сауатты, әрі тегеурінді болуын талап етті. Өзіндік беті, мінезі жоқ баспасөздерді жұрт қадірлемейді, керісінше, өз қолтанбасы анық болса ғана, көркемдік, қоғамдық дамуға  жетекші болатынын бас редактор ретінде батыл міндет етіп ұстай білді. Демек, Шерхан «Қазақ әдебиеті» газетінде де туралықты ту еткен батыл, адал, әділетті, шыншыл редактор болды /14/.

«Қазақ әдебиеті» газетінде атқарар міндеті көтерер жүгі ауырлай түскені, тақырып ауқымы да кеңейген. Газет өзінің жақсы дәстүрлерін жалғастырып, қоғамдық, әлеуметтік, сыни мәселелерге батыл араласып, әрдайым үн қатып отырды.

Газетті ақтара отырып 17 қыркүйек 2004 жылғы санында жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Талаптан Ахметжанның «Оралханды ойлағанда …» деген мақаласында Оралхан Бөкейдің қазіргі  қазақ сыны туралы  өзі де күнделіктерінде жазып кеткен екен.  Енді соған назар аударып көрейік. «Сыншыларымыз қанша шамданғанымен жалпы қазақ әдебиетінің даму процесі мен ізденіс-сұранысынан қозыкөш  қалып қойғанын бұрын да сан рет  айтқанмын.  Сын әсте де сынау емес, шығарманың бары мен жоғын  сараптау,  табиғатын түсіндіру, жазушы мен оқырман  арасына дәнекер болу; сонымен қатар туған  әдебиеттің зәредей болса да табысын тасқындата көрсету, демек, барына — жаршы, жоғына –жоқшы болу.  Әлбетте, әдебиет  «жоқ» деп «мысық тілеу» болудан өскен әдебиетті көрген емеспіз. Кішкентай әдебиеттің үлкен насихатшысы болғанда ғана  төлтума өнердің өрісі кеңеймек. Бізде сын жазудан гөрі сыншы болуға дайындық басымырақ. Пушкин Белинскийді тудырды дегенге қарсымын. Олай болса, Шекспир, Гете, Байрон, Әуезов пен Айматов кімді, қандай алып сыншысын ала келіпті. Бүгінгі болсын, баяғы  болсын сынның эстетикалық-философиялық міндеті «тілгілеу» емес, түсіндіру болмақ. Қазақ әдеби сынында ең әуелі көркемдік кеңістік пен білімдарлық зерде және ұлттық мінез жетіспеген, әрі солай … (өкінішке орай) «, —  деп жазыпты.

Мерзімді басылымдардың деректік маңызына әсер ететін келесі фактордың бірі – сол басылымдарды шығарушылардың жеке тұлғалық қасиеттері. Газет не журналдарда салынған нақты ақпараттардың ғылым үшін құндылықтары, сол ақпаратты жеткізіп отырған мақала авторының  қоғамдағы орнына, өмірлік позициясына, ондағы көтеріп отырған мақаланың түп-төркініне, саяси сын көзқарастарына, жазып отырған мақаланың қаншалықты білетіндігіне, жалпы білім дәрежесіне тағы басқа қасиеттеріне тікелей байланысты.

Жалпы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған  сыни мақалалар жетерлік. Бүгінгі күнге дейін  редакцияда сын бөлімдері қыруар еңбек атқаруда.

 

ІІ тарау. Тәуелсіздік кезеңдегі «қазақ әдебиеті» газеті

 

2.1 Ұлтық рухтың шырақшысы

 

«Қазақ әдебиеті» газеті алғашқы санынан бастап ұлт мүдесін ұлықтап, ұлттық дәстүрімізді жазып келе жатқан басылымдардың бірі. Осы басылымға сол кезеңде газеттің басы қасында болған, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және өзге де көптеген  тұлғалар мен қатар, публицистикалық мақалаларын  да жариялап келгені де жұртшылыққа белгілі. Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы санынан бастап,  күні бүгінге дейін  публицистика жанры тұрақты дамып, қазақтың ұлттық мүдесін қорғау жолындағы күресте алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Иә, еліміз тәуелсіздік жолында қанша күресті. Тарихты айтпасқа болмас. Сондықтан қысқаша айту парыз деп санадым.

Кеңестік дәуірде де тынши алмай, дүркін-дүркін толқын соғып тұрған ұлт-азаттық қозғалыстардың ең соңғы шыңы, ең ақыры, қайғылы да жеңісті көрінісі 1986 жылғы желтоқсанға дөп келді. Ереуілдеген жастардың көтерілісін  басу кезінде,  желтоқсанның 17-сінен бастап бірнеше күн бойы, қызыл империя өзінің басыбайлы отарлық құлы деп білген қазаққа бұрын тәтті ұранмен  көлегейленіп келген жыртқыштық-айуандық ұсқынын ашық ашып көрсетті. Мұстафа Шоқайдың 1917 жылдың желтоқсанында төгілген қанға байланысты айтқанындай, 1986 жылдың желтоқсанындағы көтерілісте қаза тапқан, жазаланушылар озбырлығынан азап шеккен қыз-жігіттеріміздің  құрбандығы тек қана империяны   қаусатып, тәуелсіздік алуымыз бен өткені анық болды /15/.

Желтоқсан қозғалысы жазушылардың  ой-өріс пайымынан ұшқын алып,  зиялылыр арқылы  жастардың арасына тарап, белгілі дәрежеде ұлттың  ойлау жүйесін қалыптастырды.  Желтоқсан оқиғасы өзінен-өзі пайда болған жоқ. Әсіресе, 17-18 желтоқсан   күні жастардың  ереуілінен кейін, ол салмақ дерліктей қаламгерлердің  мойнына түсті. 17-18 желтоқсан күні жастар шеруі одақтық  үйінің  алдына арнайы тоқтап: «Жазушы ағалар қайдасыңдар! Олжас аға, қайдасың? Еліңнің намысы үшін аттанып барамыз. Бізге қорған болыңдар!», — деп айқайлаған үні әркімнің есінде шығар.

Желтоқсан оқиғасы өткеннен соң он күннен кейін Колбинмен өткен кездесуде сөз сөйлеген Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Қалмұхан Исабаев, академик Салық Зимадановтар оқиғаға сондай ұлттық-әлеуметтік  нысаналық негіз қалады. Олар империяның  жазалау саясаты мен өктемдік пиғылына тойтарыс берді. Жазушылар одағы рухани қарсылық пен ұлттық қозғалыстың бірден-бір ұйытқысына айналды. Шерхан Мұртазаның «Алаңнан әскерді әкетіңдер!», С.Бердіқұловтың «Талай сұқ саусақты көргенбіз. Шошайтпаңдар!», Досхан Жолжақсыновтың «Жазалауды тоқтатыңдар!», Олжас Сүлейменовтың «Хатшылық — Қазақстанның  ұстамалы дертіне айналды!», —  деген сияқты қанатты сөздерін әр адам бір-біріне  сүйсіне айтып жүрді. Егер де  Олжас Сүлейменов  Колбинді кездесуге шақырып,  оны көндіріп Жазушылыр Одағына алып келмегенде, мұндай ашық пікірлердің  дәл сол кезде  айтылуы мүмкін емес еді. Бұл кездесу үлкен қоғамдық пікір туғызды.

Желтоқсан оқиғасы жылдары мерзімді басылымдарда осы оқиғаларға байланысты мақалалар жарияланып тұрған. Бірақ іле шала жазаланып тұрған. Осы кезеңде Жазушылар Одағын тұқыртып ұстау үшін  барлық айла-амалдарды қолданды. Ең соңында бұрыннан жарықшоқ түскен   тұлғалардың арасындағы топтық жіктеулерді іске қосты. Ең алдымен Жазушылар Одағындағы  бірінші хатшыға  және оның жақтастарына  қамшы үйірілді. Әбіш Кекілбаев орнынан ауыстырылды. Олжастың елу жасқа толуына орай суретін басқаны үшін «Жұлдыз» журналының редакторы Бекежан Тілегенов қысымға алынды. Онда жарияланған шығармалардаң ұлтшылдық, рушылдық  бағыттары әшкереленді. Ұлтшылдық сезімді оятқан жазушылардың тізіміне Ілияс Есенберлин ілінді, тіпті ол туралы М.Қозыбаев марқұмның  сыни мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Орталық Комитеттің «Ұлтшылдықты оятқан» жазушыларының қатарында  Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Сәтімжан Сакбаев және «жас алашордашы»  саналған мен де бар болатынмын. (Тұрсын Жұртпай). («Бесігіңді түзе!..» атты роман-эсседегі «Алаштың ала туы» деген М.Әуезовтің  сөзін пайдаланғаным үшін) /16/.

Мұрағат деректеріне жүгінсек дүниені дүр сілкіндірген сол үш күнде 60 мың  адам алаңға шыққан екен. Оның 8 мыңы уақытша  қамауға алынса,  200-дейі әртүрлі мерзімге абақтыларға жабылған. 1мың 500 адам әкімшілік жазаға тартылған. Қаншама отбасы қайғы мен қасіреттің қара бұлтын жамылды, қаншама боздақтар жер жастанды. Сондай-ақ, желтоқсан ұлт –азаттық  көтерілісі – қазақ ұлтының жүрегіне түскен ауыр жара /17/.

Қазақстан қоғамындағы біліне бастаған  өмірдің бүкіл болмысы  мен бейнесін түбегейлі өзгерту тенденциясын 1990 жылы қабылданған Қазақ КСР-інің егемендігі туралы Декларациясы мен соның негізінде  1991 жылғы желтоқсанның 16-сында қабылданған Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң едәуір көрсете білген еді. Сонымен, Қазақстанда өзінің конституциялық  құрылысын жасаудың принципті жаңа процесі  басталды. Мұның өзі ежелгі қазақ жерінде жаңа, саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз мемлекеттікті одан әрі құрудың алғы шарты және оның  негізін қалайтын өлшемдерін жасады.

Мемлекетіміздің егемендік жолымен дамуының алғашқы жылдары өтпелі кезеңнің қандай да болмасын қиыншылықтарын басымыздан кешіре тұрсақ та, біздің халқымыздың, қоғамымыздың, саяси күштеріміздің  бойынан жас мемлекетімізді нығайту, құқықтық демократиялық қоғам орнату, онда рухани бірлік пен ұлтаралық келісім ахуалын  қалыптастыру жөніндегі ұлан-асыр жұмыстарды батыл бастап кетуге деген ерік-жігер  мен ақыл-парасат жеткілікті мөлшерде табылғанын толық көрсетті /18/.

«Қазақ әдебиеті» газетіне желтоқсан оқиғасына байланысты мақалалар жиі келе бастады.

Әрине, «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы жылдардағы беттеріне үнілсек, халқымызға қарсы, тәуелсіздігімізге қарсы әу баста Ресей империяшылдарының өкілдері болса, кейін бірте-бірте қазақ тілімен мәдениетінің құңдылықтарынан бейхабар, орысша оқыған маргиналдар мен козқамандар пайда болғанын ұғынамыз. «Қазақ әдебиеті» газеті бұлардың бет-бейнесін, ішкі әлемін, ой-өрісін ашып көрсетіп, әшкерелеп бергеннен кейін мылтықсыз майдан сахнасына қазақ тілді нигилист-сатқындар шығатынын көреген саясаткер ғалым, марқұм Сәбитқазы Ақатай  бұдан он шақты жыл бұрын газетімізге жазған екен.  Міне, енді біз марқұм Алдан Айымбетовтың  сөз саптауымен айтсақ, нағыз «Национал сатқындарға» қарсы күрес жүргізуге мәжбүр болып, солармен  бетпе-бет келіп тұрғанымыздай /19/.

Газет бетіне Асанәлі Әшімов  13 желтоқсан, 1991 жылы «Біздің атымыздан жамылып…» атты мақаласында былай делінген: Өздеріңізге мәлім 1986 жылдың әйгілі желтоқсанынан кейін бірнеше күн өткеннен соң, республикалық баспасөздерге бір топ өнер қайраткерлерінің, творчество адамдарының  алаңдағы жастардың іс-әрекетін  айыптаған  ашық хаты жарияланды. Демократияның  Қазақстандағы тұңғыш көрінісі ретінде  бой көрсеткен студенттер мен жұмысшы  жастардың сол тарихи шеруіне  «ұлтшылдардың» іс әрекеті деп жазықсыз жала жапқан бұл хаттың соңында қол қойғандардың ішінде менің де есімім жүр. Басқаларға қайдам бұдан менің  еш қатысым жоқ. Хаттың жарияланған сыртынан қойғанын естіп,бұл жайында Г.Колбинге, партияның Орталық Комитетіне білдіріп, шұғыл хат жаздым. Бірақ біздің атымыздан жамылып халықты алдаған, кінәсіз партократия өкілдері менің жария түрден кешірім сұрау жөніндегі талабымды көпшілікке жеткізуден бас тартты. Әрі, менің бұл мәселеге араласпауымды қатаң қадағалап отырды.

Еліміз тәуелсіздік мемлекетке айналған соң баспасөз бостандығы, ой-пікір алуандығы басқаша болды.  Адамдардың жаңаша ойлау, өткен-кеткенді  қайта бағалау  бұқаралық ақпарат құралдарының да, әдебиет  пен өнердің де дамуына, өркендей жаңаша сипат алуына өз ықпалын тигізді.  Жергілікті жерлерден мерзімді басылымдарға  редакцияға  әр алуан көзқарастар, атап айтқанда ондағы тіл, дін, салт-дәстүр, экономика, әлеуметтік жағдайға байланысты тың ойлар айтыла, олар «Қазақ әдебиетіне» жариялана бастады. Күні бүгінге дейін осындай тақырыптар халқымыздың көкейінен, күнделікті тұрмысынан алынып газетке жарияланып тұруда.

Бұл әсіресе 90-шы жылдардағы қазақ баспасөзінің, онда жарық көрген публицистикалық шығармалардан айқын көрініс тапты. Қазақтың рухани тазару  мектебінің біріне айналған «Қазақ әдебиеті»  апталығы болатын.  Осы газет туралы профессор Намазалы Омашев сындарлы тұжырым  айтыпты: «…Бізде әдебиет саласы бойынша «Қазақ әдебиеті» газеті шығады. Бұл үлкен жетістігіміз. Өйткені журналистиканың араласпайтын саласы жоқ. Сол тұрғыда «Қазақ әдебиеті» газеті – қазақ халқының рухани байлығы. Мысалы, шопаны бар, шоферы бар, диханы бар, қоғам қайраткері бар — бәрі бірдей әдебиетті біле жақсы біле бермейді ғой. Бұл газетті оқи отырып, қазақ әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің ұлттық журналистиканың, қазақ тілінің түрлі жетістіктері мен проблемаларын біліп, дәстүр-салтын, тарихын таразылап отырады. Оқырманның рухани байлығын мейлінше байыта түсетін, тіпті үзбей бірнеше жыл оқыған адамға осы саланың институтын бітіргендей нәр берер басылымның халқына бергені де, берері де мол …»

Танымал талант иелері, жазушылар Төлен Әбдіков пен Оралхан Бөкей бас редактор болған тұстағы газеттің қыруар жүкті көтергеніне көз жеткіздік. «Қазақ әдебиеті» — елдің тек әдеби өмірін, әдебиет саласындағы жаңалықтар мен ақын-жазушылар шығармаларын жариялайтын салалық басылым шеңберінен шығып, халқының тағдыры хақында салиқалы сөз қозғайтын бүкілұлттық басылым  деңгейіне көтерілді.

Дәл осы кезеңде қазақ публицистикасының дамуында да жаңа бір дәуір басталды. Ол – озат ойдың, еркін сөздің дәуірі еді. Публицистика қоғамдық маңызды мәселелерді көтерген де ғана, оның әсер ықпалы зор болатындығы белгілі. Сондықтан 90-шы жылдардағы ең өзекті мәселелерді алға тартқан публицистикалық шығармаларға назар аударуға тырыстық.

          Жалпы, 90-шы жылдардағы қазақ баспасөзінде көрініс тапқан негізгі тақырыптар мынандай болып келді: 1) тәуелсіздік; 2) Қазақстанның территориясының тұтастығы; 3) Тіл саясаты; 4) Егемендік; 5) Казактар туралы; 6) Қоғамды жаңғырту жолдары; 7)Қазақтардың тарихи атамекеніне оралу мәселесі.

«Қазақ әдебиеті» газетіндегі 90-жылдардағы көтерілген басты мәселе ұлттық тәуелсіздік  тақырыбы болатын. Жалпы кез-келген саяси өзгерістер кезінде сан түрлі ой-идеяларды ұстанған қозғалыстар мен топтар мен пайда болатыны тарихтан белгілі. Еліміз егемендігін алуға бет бұрған кезеңде Қазақстанда  да түрлі партиялар саясат майданына араласты. Соның бірі –ұлттық мемлекетті меңзеген «Азат» партиясы еді. Онымен қос қабаттаса ХХ –ғасыр басындағы қазақ зиялылары құрған «Алаш» партиясынын атын жамылған бір даурықпа топ пайда болды. Дәл осы кезде «Қазақ әдебиетінде» «Жебеушісі – жариялылық, демеушісі – демократия » деген айдармен «Азат» партиясының төрағасы, саясаткер-ғалым Сәбетқазы Ақатаевтың  «Азат» пен «Алаштың» айырмасы атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың басынан-аяғына дейін тәуелсіздік рухында жазылғанына көз жеткізуге болады /20/.

Сәбетқазы Ақатаевтың «Тәуелсіздік – біздің түпкі мақсатымыз» атты орыс зиялыларына ашық хатында қозғалған мәселерінде назар аударарлық. Автор көптің көкеінде ойларды айтады. Алып империядан арқан үзудің мақсатындағы қазақ халқы мүдесімен сабақтас талаптар бұл:

«… Сондықтанда мен Қазақстан президентін бізді, қазақтар мен бейбіт қазақстандықтарды, «біздің адамдарымыздан» қорғау үшін өз құзырына тәуелді меншік республикалық әскер бөлімдерің, ішкі істер министрлігін, мемлекет қауіпсіздігі комитетін құруға шақырамын.

Орыс адамдары! Алдауға, қайыршылық пен құқықсыздыққа бір ауыздан жоқ делік! Қатігез империя керек емес! Тең ұлттардың ынтымағы жасасын! Менің бұл хатамды Отаннан зорлық пен айырған, Отаның аса сағынған   «бұратананың» жан дауысы деп қабылдаңыздар» /21/.

   «Қазақ әдебиеті»  газетінің 1991 жылғы бірінші нөмірінің алғашкы бетінде Абылай хан суреті басылып, оған жапсарласа редакциялық басқа мақала берілді. «Абылай ханның туғанына 280 жыл» деген айдар аясында Қазақ Хандығының іргесін көтерген Әз Жәнібек пен Керей хан екендігі, онан кейін қазақтың тұңғыш конституциялық құжатын жасаған «Қасым ханның қасқа жолы», мемлекеттілік ыдырай бастаған кезде қайта қалпына келтіріп хандықты дамытқан «Ақназар хан, Тәуекел, Еңсегей бойлы Ер Есім»- Есім хан, Жәңгір хан, «Жеті Жарғыны» жасаған Әз Тәуке хан есімдерімен атқарған ұшан-теңіз істері халық жадында қайта жаңғырады. Қазақ елдігін сақтап қалуға, қазақ мемлекеттігін дамытуға Абылай ханның сіңірген еңбегі де өлшеусіз екендігіне дәйекті баға беріледі егер осы деректер құрғақ баяндалып қана кетсе – бұл тарих болар еді. Ал мақала түйінінде оның публицистикалық шығарма екендігін айғақтайтын тұжырымдар. Мақалада орыс ұлықтарына тұтас қала, аудан, ауыл аттары берілгенде, қазақ елдігін сақтап қалған хандарымызға құрмет көрсетпеуіміз сыналады, егемен елдің публицистикасына осындай өткір проблемалар еркін көтеріле бастады.

Дәл осы үрдіс әрі қарай жалғасып, газет бетінде қазақ билері, батырлары туралы, тұжырымды мақала, тарихи-танымдық очерктер жарияланып тұрды. Мәселен басылымда Сыпатай батырдың туғанына 210 жыл толуына орай, Сыпатай Әлібекұлының суреті басылып, батырға арналған  Қайырбек Асановтың «Бірлік пен береке бейнесі» атты репортажы жарияланды. Сондай-ақ, Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына  300 жыл толуына орай баба суреті басылып, Қайым Мұхамедхановтың  «Қаракерей Қабанбай батыр», Болатжан Абылқасымовтың  «Хан батыры Қабанбай» атты көлемді тарихи-танымдық очерктері жарық көрді. Осының бәрі – егемендік жылдардығы қазақ публицистикасының «өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтіп», жаңа тарихымызды жасауға қызмет еткендігінің көрнісі.

Желтоқсан оқиғасының 5 жылдығына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұхтар Шахановтың «Ақиқат үшін айтқан едім» деген қысқа да тұжырымды толғанысының да маңызы зор. Онда: «Қазақ халқы өзінің ұлттық намысын, бостандығын қорғау жолында аса елеулі үш оқиғаны басынан өткізді.

«Ойтүрткі» айдарымен басылған жазушы-драматуг Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қызыл кітапқа кіретін халық» атты мақаласында ұлттық тіл, мәдениет, ұлттық сана-сезімдерді сақтап қалу керектігіне қоғам назары аударылды.

Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің «Қазақтың тайпалық құрамы мен саны және орналасуы» атты мақаласы ұлттық демографиялық саясаттың публицистикадағы көрінісі деуге негіз бар. 

Дәл осы проблеманың шешімін табудың бір бағытын публицист Ақселеу Сейдімбек «Миграция жөнінде немесе ұлы көш туралы тезистер» атты мақаласында айқындай алған. «Біртұтас қазақ халқының жерінің бөлшектеніп, туған жермен бірге елінің де бөліне бастағанына биыл аттай 110 жыл деген тұжырым айтады  /22/.

 1991 жылдың 16 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес Қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мүддесі көрініс тапқан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Коституциялық Заңын қабылдады. Бұл тарихи оқиға – республика бұқаралық ақпарат құралдарында басты әңгіме өзегіне айналды. Дәл осы кезде «Қазақ әдебиетінің» редакциялық мақаласында: «Ақ түйенің қарны жарылған күн!» деген серкесөз басылды. Серкесөз деп отырғанымыз бұрынғы кеңестік кезең публицистикасындағы бас мақаланың жаңа бір жаңғырған түрі. Онда:

           «260 жылдан кейінгі азаттық.

Басымызға ноқта киіп, аяғымызға арқан байланғалы 260 жыл болған екен. Бодандықтың бұйдасын о баста өзіміз тілеп алғанымызбен «өз еркімен қосылған елдің» еңірегенде етегін жасқа толтырып, «тілеп алған аурудың емі жоқ» дегендей, елімізден де, жерімізден де айырылып қала жаздадық.»

Жалпы «Қазақ әдебиті» ұлттық басылым екендігіне көзіміз толық жетеді. Газеттің тәуелсіздіқ алған жылдардағы сандарына көз жүгіртіп қарағанда біз ұлыларымыздың ұлықтаған қазақтың ұлттық тақырыптарын көреміз. Ұлт рухының шырықшысы болған басылымда ұлттық мүдде туралы жаңаша ойлауға бағытталған материалдар жетерлік. Сондықтан әлі де толық зерттеуді қажет етеді.

 

                             2.2 «Қазақ әдебиеті» газетіне – 70 жыл

 

Зиялы қауымның көз қуанышы халықтын сүйіп оқитын «Қазақ әдебиеті» газетінің ғұмырлы жолы үлкен тарих десек те болады. Ахмет Байтұрсынов айтқандай:  «Газет халықтын көзі, құлағы һәм тілі» деп. Иә, газетті оқи отыра ұлт зиялымыздың сөзінің түп негізін түсіне аламыз. Демек, газет өміріміздің айнасы, күнделікті хабар ететін жеткізушіміз.

Уақыт – сынап секілді, қоғамдық формациялар өзгеріп, алып құбылыстар өзгеше бой көтергенмен өзгермейтін бірақ нәрсе – ұлттық болмыс, ұлттық тіл мен мәдениеті, тілдің шырайын шығарған әдебиет  деп білеміз.

Қазақ әдебиетінің ұзақ сонар көшінде сол көштін дәл басар тамыршысы, жанашыры мен жарнамашысы     «Қазақ әдебиеті»  газетінің  70 жылдығы 2004 жылы атап өтілді.

«Қазақ әдебиеті» газеті 70 жылда қазақ әдебиетінің ең бірінші насихатшысы болумен қатар қазақ деген елдің ең сүйікті басылымына айналды.

Қаламгер кауымының жүрегінен жарып шыққан өлең мен әңгіме, поэма мен роман, естелік пен көсемсөзді алғаш оқырманға жеткізер жаршысы да «Қазақ әдебиеті» газеті.

Қолына қалам ұстаған қауырсын қанат жас талаптардың қабырғасын қатайтып, қаламын ұштаған шоқты көрік те осы  «Қазақ әдебиеті». Ғабит Мүсірепов бастаған бас редактор шоғырын тәрбиелеп сапқа қосқан да осы беделді басылым дерміз. Казіргідей қоғамдық формация озгеріске ұшыраған кезінде оның күнгейі мен көлеңкесін қаламгер сөз арқылы халыққа жеткізіп , жаңаның жаршысы ескінің ескертушісі болып отырған да осы   «Қазақ әдебиеті».

Қазақстанның халық жазушысы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің  «Қазақ әдебиеті» газетінің 70 жылдығына орай айтқан тілегі: «Ұлттық әдебиет – ұлттық рухтың айнасы. Қай ғасырда да, қай халықта да солай болған. Ұлттың әдебиеті мықты халық – қашанда сыйлы, қауқарлы келешегі зор халық.  «Қазақ әдебиеті» газеті осынау ақсақал жасына келгенше, сондай үлкен әдебиеттің жаршысы, насихатшысы және оның дем берушісі де болып келді.

Бірақ уақыт, заман алға бұрынғы жүріп өткен жолдардан  да соны, соқпақты, әрі одан да ұзақ жолдарды ұсынады. әдебиеттегі бұрынғы жақсы, өнегелі, аталы дәстүрлерді жалғастыра отырып, жаңа да, сындарлы шақтарды бастан кешуге жетелейді. Жаңа биік белес, асқаралы армандардың шан құздары да көлбеңдейді.

Сол сияқты «Қазақ әдебиеті» газетінің 24-30 желтоқсан, № 51 санында Назым Дүтпаеваның «Қазақ әдебиеті қалай шығады?» мақаласының газет ұжымының қажырлы еңбектерін көре аламыз.

Қолына қалам алған көзі қарақты қауым газеттің шығу барысымен жіті таныс болмасада, жалпылама жұмыс тәртібінен хабардар. Редакцияға жолданған мақаланың шығар шыққанша жүгіріп өтетін жолы өзіндік ерекшелікке ие, қызығы мен шыжығы аралас хикаялы құбылыс. Редакцияға келген мақалаңыз ең бірінші хат бөліміне түседі. Онда сан жылдар бойы «Қазақ әдебиетінде» хатшылық қызмет атқарған салиқалы баслымнын санқырлы редакторлары мен бірге қызмет істеген, өмір жолы «Қазақ әдебиетімен» біте қайнасып келе жатқан Алтынгүл Сұлтанаева отырады. Ол кісінің қолына түскен сіздің қол жазбаңыз, хатты тіркеу журналына тіркеліп, бөлім бөлімге таратылады. Бөлім меңгерушісі жолданған мақаланың жарамды, жарамсыз екендігін газет редакциясының алқасына дәлелдеп, ұсынады. Егер алқа мүшелері мақала берілуі керек деп шешсе, сіздің жазбаңыз компьютер орталығына – терімге қарай бет алады. Компьютерлік орталықтағы қыздардың қолына түскен материалдар олардың жүйрік саусақтарымен теріледі. «Қазақ әдебиеті» Шерхан Мұртаза редакторлық еткен жылдары келген Жұмабаева Рыскүл бүгінгі күнге дейін осы ұжымда табанды еңбек етіп келеді.

Ал оның әріптесі Мөлдір Сатымқұлова  болса өзі жұмысқа келгеннен біраз жылдар ішінде компьютер басуда қолына көз леспейтін жылдамдықты менгеріп алды.

Әдетте қойылған спектакльде сахнаға шыққан актерлер ауызға жиі ілініп сахна сыртындағы қызмет иелері еленбей қалып жататыны секілді, газет жұмысында тек шығармашылық топтың есімі елге танымал келеді де, газеттің шығу процесінде көп жұмыс атқаратын техникалық мамандардың еңбегі елеусіз қалатын кездері болады. «Қазақ әдебиетінде» газет бетін қаттаушы Елубек Базарбеков. Ол кісінің қолына газетте орналасатын материалдардың белгілеп жоба ұсынатын, сатирик Еркін Жаппасұлы. Өздерініз газет бетінен білетін «Қалжың қалта» Еркін ағаның қойын-қонышы да қалжыңға, юмор мен  әзілге толы.

Хош делік, сонымен жауапты хатшы жобалап, бет қаптаушы бетке түсіріп берген  материалдарыңыздың сапасы сақталуы үшін, сөзіңіздің құны кетпес үшін үтіріңіз, нүктеңіз, тырнақшаңыз бен белгіңіз, сұрау белгіңіз бәрі-бәрі өз орнын тауып дұрыс орналасуы тиіс. Ол жолда сіздің арқа сүйейтініңіз әрине корректорлардың қызметі. «Қазақ әдебиеті»  газетінде бір неше жылдан бері абыройлы еңбек етіп жүрген Гүлжан Теміреева апай бастаған Кенже Нүсіпова, Гауһар Қорғасбекова сынды нәзік жандар өз істеріне қашанда адал. Газет сыртына қанық адамдар арасында  тараған   «қате деген ұры, оқыған сайын шығады» дейтін сөз бар. Шынында да, беттерді белгілі қате жібермей оқып шығудың қиындығы корректорлықты атқарып жүрген адамға белгілі. Сондықтан өз ісін адал, тиянақты атқарып жүрген Гүлжан апай бастаған қырмызы қыздар бүгінгідей айтулы қандай құрметке болмасын лайық деуге болады.  

Мақаланың жүрер жолын әр қарай сабақтасақ, бетке түскен мақалалар түгел теріліп оқылып біткесін бас редактор орынбасарына, сосын бас редактордың қарауына беріледі. Бұл соңғы тексеру дұрысты дұрыс деп, бұрысты түзетіп шешуші кезең. Әрине, бұл жұмыстардың барысында әр бөлімге жауапты журналист газет басылып шыққанша өз міндетіне алған автор мақаласы болсын, өзінің материалы болсын қадағалап, оның басы-қасында жүреді. Олардың қатарында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, саясат майданында талмай «шайқасып» келе жатқан ұжымымыздың ағасы Куанбек Боқаеве,  әлеуметтік мәселелерімен «Қазақ әдебиеті»  газетінде шежіре айдарын жүргізіп келе жатқан Болат Шарахымбай, тәжирбелі ақын ағамыз, поэзия бөліміне жауапты Қайрат Әлімбеков, «Жылап аққан тамшылар», «Көкжал» сынды өркен шығарламалары мен оқырманға таныс, Кеңесары тарихын зерттеп жүрген Думан Рамазан, мәдени-әдеби өмірдің жақсы жаңалығын жеткізушісі Жазира Байсынбекова  сынды қаламгерлеріміз бар. Ал, о бастан-ақ қазаққа ақындығымен кең танылған қос басшымыз болса, бүгінде аталған ұжымның бағыт бағдарын бағамдап көш  бастап келеді. Бүгінгі ұжым мүшелерінің дәнекері оқырманды да авторды да, тілектес қаламгерді де ең алғаш күлімдеп қарсы алып, сыпайы шығарып салатын қабылдау бөлімдегі Эльмира ханым. Міне бүгінгі күні қазақ әдебиеті қалай шығады, онда кімдер істейді дегенге тоқталсақ біз өз ойымызды осылай сабақтадық.  

Ал бүгінге бар  дүние ертеңгі тарих екендігін белгілі.

 Мысалы, латын қаріпімен жарық көрген газеттің алғашқы тиражы мыңның о жақ, бұ жағында болған екен. Ал статистикалық есепке жүгінер болсақ, 1935-1940 жылдары 2300-5200; 15 жыл үзілістен кейін 1955 жылдан 6000 тиражбен шыққан. Ал, 1980 жылы 45 мың тиражбен шықты.  Бүгіндегі таралымы 11045, тапсырыс 102073.  Бұдан байқағанымыз газет қанша жыл небір қиындықтарды жеңе отырып, бүгінде үлкен марапатқа ие болып отыр. Күн өткен сайын оның тиражы өсуде екенін байқай аламыз. Демек, газет  оқырман көңілінен шығып отыр.

 «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен жылы үш мыңыншы саны жарық көрді. 1 желтоқсан 2006 жылдың №48 (3000) санында «Самғай бер, сырласым» атты Гүлжан Темірееваның мақаласында газет қызметкерлері туралы және оның бұрынғы  атқарған тарих жолдарына да тоқталған.

«Қазақ әдебиеті» газетінде  жыл бойларына тұрақты рубликалар болып,  материалдар сала-сала бойынша соның аясында беріліп тұрды. Мысалы, «Құрмет. Сенім. Міндет», «Ынтымақ. Ықылас. Жауапкершілік», «Азамат. Күрескер. Қайраткер», «Іздену.Өсу. Толысу», «Саңлақ, Шебер», «Ғалымның пікірі»,  тағы басқа  халық шаруашылығының  сан саласы, еңбек адамдары жайлы тамаша очерк, суреттеме, өлең-жырлар, романнан үзінділер,  ақтаңдақтардың  алғашқылары жарияланды. Әлем әдебиетінен, республикадағы ұлттар әдебиетінен аудармалары жиі беріледі. Батыл сын айтқан материалдар аяқсыз қалмай, шара қолданылатын да оның нәтижесі «ҚӘ» дабылынан кейін, деген айдар аясында жарияланады.

1987  жылы 24 шілдеде «Қазақ әдебиетінің» 2000-шы нөмірі шықты. Осы мереке қарсаңында біраз жуналистер баспаналы болып, тың шабытпен қалам тербеді. Газет алғаш рет экология зардаптары жайлы дер кезіңде үн көтерді. Тың пікірлер айтылды. Газет бетінде Оралхан Бөкейов, Дос Қапасов бастап,  тағы басқа қаламгерлер ел тағдырына қатысты циклды публицистикалық мақалалар жариялады. Осы тәрізді бірнеше маңызды бастамаларды басқа басылымдар, радио-теледидар іліп әкетіп қуаттап, қолдап отырды. Сол бастама нәтижесінде Тәуелсіздік алғаннан кейін Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен ХХІ ғасырдағы азат елдің астанасы   Сарыарқа төсінен ойып орын алып, бой көтерді. Газет шежіресіне көз салсаңыз, елі үшін атқарылып жатқан мұндай шаралар ұшан-теңіз.

«Қазақ әдебиеті» алғашқылардың бірі болып, 72 жылдық бел-белестерінде екі мәрте мемлекет басшыларымен сұхбат жариялады. Оның біріншісі – жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бас редактор Шерхан Мұртазаевтың сол кездегі  Қазақ ССР Министерлер Советінің Председателі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен  өткізген сұхбаты болса, екіншісі – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Бас редактор Ұлықбек Есдәулетовтың Президентіміз  Президентіміз Нұрсултан Әбішұлы Назарбаевпен болған «Әдебиет – руханият қайнары деген тақырыптағы әдебиеттің келешегі мен бүгінгісі жайлы терең мағаналы толғамы. Газетті мысалы, АҚШ, Англия,  Германия, Мажарстан, Қытай, Моңғолия елдеріндегі оқырмандар арнайы сұратып алдырып жатады. Иә, заман озған сайын  басылым айбыны асқақтай берері сөзсіз.

          «Қазақ әдебиеті»   газеті:

  — шежіренің алтын қорына айналған өткеніміздің парасатты парақтары;

 —  ұлт намысының айнасы. Ана тілінің арқасүйері;

 — үлкені бар, кішісі бар, қаламгер қауымның жүрегін жарып шыққан           «Қаһарман сөздерді» оқырманға жеткізер жаршы;.

  • Қазіргі таңдағы зиялы қауымның көпшілігі осы қара шаңырақтан өсіп өргендер. Бұл шаңырақта ұлт шырақшыларының ізі, рухы бар. Шаңырақ бізге солардан қалған аманат. Аманатты ардақтау әркімнің борышы.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын  дегендей, бүгінгі мерекелік мінберді  пайдаланып, редакциядағы бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын қара нардай арқалап, шаршап-шалдықпай 20 жылдан аса  еңбек етіп келе жатқан Ұлықбек Есдәулетов, Еркін Жаппасұлы, Алтынгүл Сұлтанаева, Рыскүл Жұмабаева, Кенже Нүсіпова, Мөлдір Сатымқұлова, Қуанышбек Боқаев, Болат Шарахымбай, Жазира Байсымбекова, Аягүл Мантаева, Роза Сейілханова, Заря Жұманова, Мархаба Шойбекова, Мүсілім Тәттібаева, Елеубек Базарбеков тағы басқа әріптестер есімін атауға болады.  Бүгіндері бас редактордың орынбасарлары Бейбіт Қойшыбаев, Бекжан Әшірбаев, жауапты хатшы Нұрболат Адырбек, Бөлім редакторлары – Болат Шарахымбай, Заря Жұманова,  Жәди Шәкен. «Қазақ әдебиеті» газетінің құрылтайшысы және шығарушысы:  «Қазақ газеттері» Жабық акционерлік қоғамы. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторлар төрағасы – Бас директоры Мереке Құлкенов.

«Қазақ әдебиеті» газетіннің 1934 жылдан бастап бүгінге дейінгі атқарған міндеттері тек қазағым, ұлтым, жерім деумен. Яғни, бұл  ұлттық басылымның бірі.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

«Қазақ әдебиеті» газеті еліміз егемендік алғаннан кейін жаңа сапалық белестерге  көтерілді. Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мұрасын енді ұлттық мүдде тұрғысынан саралау ісін көтеріп, әдеби-мәдени  ой-пікірдің орталық қазынасына айналды. Кеңес өкіметі жылдарында саяси есептермен әдеби мұраларды игеруде қыруар жұмыс атқарды. Әсіресе, қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы арман-аңсарлары көрініс тауып, күрес жолдары жырланған шығармаларды қалың оқырманға алғаш жеткізген де осы газет.

«Қазақ әдебиеті» газеті шыға бастаған күннен бастап халақтың көкейтесті үміт сөзін, бүгіні мен келешегі үшін  аңсарын айтып келеді. Демек, «Қазақ әдебиеті» газетінің  жеке бір тақырыпты немесе мамандықты сөз қылатын газет емес, оның әрбір демі, әрбір тынысы, халықтың өмір болмысы дерлік жүрек соғысына айналған ақтық ақиқат секілді арманның газеті.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде  небір өткен жылдар ішінде көтерілген тақырыптарды санап шыға алмайсыз. Бір сөзбен айтқанда, әдебиет газеті  адамға жүрек соғысы, тыныс алуы қандай қажет боласа, әрбір шыққан демалысы, тынысы секілді өмір газеті. Газет қазақ халқының  азаттық арманы, болашақтан күткен үміті жөніндегі мәңгілік қоңыраудай , арман сағатындай, ақтық демдей жүрек соғысы ұлттық өнеріміздің де симболы болып келеді. «Қазақ әдебиеті» газеті қазақ халқының  өшпейтін рухы, сөнбейтін үміті болып келеді.

 Мен қарастырып отырған республикамыздағы ұлттық басылымдарымыздың бірі «Қазақ әдебиеті» газетінің  тарихы жөнінде . Жалпы, жазып отырған жұмысымның бөлімдеріне жеке-жеке қорытындылай кетсем. «Қазақ әдебиеті» газетінің сонау 1934 жылдың 10 қаңтарымен бүгінгісіне дейін тізбектелген іздер жатыр. Ол тарихи із.

Бірінші тарауда «Қазақ әдебиеті» газетінің қалыптасуы мен дамуы дерлік қарастырылған. Онда газеттің қалай жарық көріп, жылдар аралығында шығуын тоқтатқаны жөнінде, 1955 жылдың қаңтар айында қайта көргендігі мен  сол кездері газетке  шыққан мақалаларға талдау жасалды.

«Қазақ әдебиеті» және сын тақырыпшасында 1956 жылдар аралындағы Р.Бердібаевтың «Ең үлкен байлық» атты мақаласының сынға қалай ұшырағаны жөніде және газет бетінде жарық көрген журналист ағаларымыздың, ұлы тұлғаларымыздың  сыни мақалалары үшін қызметтен босатылуы, қуғынға ұшырауы туралы айтылған.

Екінші тарауда, тәуелсіздік байланысты «Қазақ әдебиеті» газетіндегі, тәуелсіздік тақырыбындағы мақалалар мен  «Қазақ әдебиеті» газетіннің  – 70 жылдығы жайлы  және  газеттің бүгінгісіне тоқталдым.

Сонымен ұлан ғайыр уақыт ішінде  өзінің 70 жылдық тарихын межелеген «Қазақ әдебиеті» газеті бүгінде өз ұстанымынан айныған емес. Қаракөз Алаш баласы алаң да, алаң хал кешіп, тағдыры қылыш жүзінде аунаған сол  бір қиын – қыстау кезеңде орайын тауып, ойындағысын айтқан, ұтымтал тұста ұлт мүдесін жақтап сөйлеген осы «Қазақ әдебиеті» газеті болды. Бұлай деуімізге, әрине, газеттің замана белестерін қамтыған тұтас мазмұны мысал, көне шежіресі куә.

Заман озады. Озған заманның ортақ игіліктері де молайып, мәуелей түсері анық. Жаңа табыстарға, жаңа мүмкіндіктерге иек артып, ілгерілеген қазақ қоғамының  «Қазақ әдебиеті»  де бірге өсіп, бірге кемелденіп келеді.Алыптар тудырған әдебиет, өнер саңлақтары, үкілеген ән-күйі, ірі-ірі мемлекет орындары мен білім ордалары, жасампаз істерге бой ұрған адамдар қашанда  «Қазақ әдебиеті»  жарық көрген мақалар мен  очерктердің, публицистикалық толғаулар мен сыр сұхбаттардың өзегі болған.

Қазақ публицистикасының негізгі даму бағыттары:

1) қоғамдық саяси бағыт; 2) көркемдік бағыт; 3) сыншылдық-сатиарлық бағыт; 4) поэтикалық-философиялық бағыт; 5) ұлттық — психологиялық – көркемдік бағыт; 6) проблемалық – аналитикалық бағыт; 7) зерттеушілік, тарихи – танымдық бағыт болды.

Бұл мерзімдегі публицистика ерекшеліктері С.Сейфуллин, Ж. Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Б.Бұлқышев, М.Иманжанов, Ә.Нұршайықов, Ә.Нүрпейсов, З.Қабдолов, Н.Ғабдиллин, Ш.Мұртаза, Қ.Найманбаев, О.Бөкеев, А.Сейдімбеков, Ж.Елшібеков, М.Қабанбаев, Ж.Аупбаев шығармашылықтары арқылы ашылды.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуына орай пайба болған газет публицистикасы, радио публицистикасы сияқты заман туғызған публицистика түрлеріне де мән берілді. Кеңістік кезеңдегі қазақ публицистикасының функциялары анықталды.

Тәуелсіздік кезіңдегі публицистика гащет публицистикасы нұсқалары тұрғысынан талданды. «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» басылымдарындағы қоғамдық маңызы зор мәселелерді қозғаған шығармалардағы тақырыптық және проблемалық ізденістер айқындалды. Тәуелсіздік жылдардағы баспа сөздегі тенденциялар Ш.Мұртаза, К.Смайылов, Ө.Жәнібеков, Ә.Кекілбаев тағы да басқа публицистикалық шығармалары негізінде жарық көрді.

«Қазақ әдебиеті» газеті халқымыздың әдебиеті мен өнеріміздің көкейкесті мәселелерін ғана емес, сонымен қатар бүкіл еліміздің, жеріміздің, ұлтымыздың тағдыры мен болашағына тікелей қатысты тарихтың негізін құрайтын деректері жетерлік.

«Қазақ әдебиеті» газетінің айдарлары жылдың әр уақытына, тарихта қалған күндерге байланысты әр санында әртүрлі беріліп отырады. Бірақ олардың аталары өзгергенмен мағыналары бір. Мәселен, «Жетіген», «Мемлекет», «Сұхбат», «Тұлға», «Саз әлемі», «Поэзия», «Проза», «Жанғырық», «Мәселе», «Тағзым», «Руханият», «Өнер», «Өмір — өзен», «Қалжын қалта» айдарлары беріліп отырады.

«Қазақ әдебиеті» газеті тарихтың айнасы. Еліміздің рухани, әдеби басылымдарының көшбасшысы,  жетпіс жылдан аса тарихы бар «Қазақ әдебиеті» газетінің іргесін қалаған бұл басылым зиялы қауымның, өнер сүйер көпшіліктің, ақын-жазушылардың сенімді серігіне айналды.

Газетте 1934-2007 жылға дейін,  Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов,  Асқар Тоқмағанбетов, Әлжаппар Әбішев, Сырбай Мәуленов, Ісләм Жарылғапов, Әбділда Тәжібаев, Зейнолла Қабдолов, Жұмағали Сайын, Жұмағали Ысмағұлов, Әбен Сатыбалдиев, Әзілхан Нұршайықов, Қапан Сатыбалдин, Нығмет Ғабдуллин, Сәкен Жүнісов, Әнуар Әлімжанов, Сырбай Мәуленов, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Оралхан Бөкей, Ахат Жақсыбаев, Жұмабек Кенжалин, Жүсіпбек Қорғасбек редакторлық жұмыстар атқарды. Бүгінде редакторы Ұлықбек Есдәулет.

Әрине, шежіресі мол, рухани басылым «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихын зерттеуді бір диплом жұмысына сидыру мүмкін емес. Әлі де үлкен ғылыми еңбек жазуға тұрарлық тақырып. Сондықтан біздің  ұлттық мақсатымыз ұлттық рухымызды биіктете білген әдеби басылым туралы зерттеу жұмыстарға тамшыдай болса да үлес қоса білсек мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.  «Қазақ әдебиеті» газетінде кейінгі жылдары және бүгінгі күндері қызмет істеп келе жатқан жас буындарды тәрбиелеуде жоғары да аталған аға журналистеріміздің еңбектерінің маңыздылығын ерекше атауға болады.

Бұрын да және осы күндері де республикамызда жарық көріп келе жатқан қай басылымды алсақ та және сол басылымдарда қызмет істеп келе жатқан журналистердің барлығы да осы «Қазақ әдебиеті» газетін үлгі тұтатыны хақ.

Сондықтан да «Қазақ әдебиеті» иісі қазақ халқының рухани байлығы, тарихы деп білеміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                   «Қазақ әдебиетінің» шежіре беттерінен

 

  • «Қазақ әдебиеті» газетінің бірінші саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрді.
  • «Қазақ әдебиеті» алғашқы жылдары Совет жазушылары Қазақстандық комитетінің тілі (органы) ретінде жарық көріп тұрды.
  • Газет редакциясының алғашқы мекен-жайы: Алматы қаласы, Красин көшесі, 41- үй. Қазіргі мекен жайы: Алматы қаласы: Абылай хан даңғылы, 105-үй, 3- қабат.
  • Тұңғыш редакторы Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшысы Мұхаметжан Қаратаев болды.
  • Редколлегияға Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Әйтеке Мусин, Ғабит Мүсірепов, және Мұхаметжан Қаратаев мүше болды.
  • Алғашқы жылдары газеттің белгілі бір ретпен шығатын жүйесі қалыптаспады. Әр жылдардағы әр түрлі шығып тұрды. Мысалы, 1934 жылы 31 саны шықса, 1935 жылы 35, 1936 жылы 50, 1937 жылы 54, 1938 жылы 17, 1939жылы, 1940 жылы 6 саны жарық көрді.  
  • Газеттің 1936 жылы алғашқы санында бірінші беттің маңдайшасында «бес күнде бір рет шығады» деген мәлімет келтірілген. Алайда, түрлі себептерге байланысты. Бұл жүйе сақталмады. Басылымның әр нөмірі арасындағы уақыт мөлшері 6-9 күн, кейде 10-13 күнге созылған.
  • Газеттің таралымы алғашқы жылдары -1934 жылы 1 мыңнан 3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3500- ге жеткен.
  • 1940 жылы шыққан 6 нөмірдің барлығы дерлік қаңтар айында жарық көрген. Ал, одан кейін мүлдем тоқтап, 1954 жылдың аяғына дейін шыққан жоқ.
  • «Қазақ әдебиеті» он бес жылдық үзілістен кейін 1955 жылы 14 қаңтарда қайта жарық көрді.
  • Қайта жарық көрген басылымның Бас редакторы болып Сырбай Мәуленов тағайындалды.
  • Осы жылы «Қазақ әдебиетінің» 51 нөмірі жарық көрсе, 1956 жылдан кәзіргі күнге дейін аптасына 1 рет, жылына 52 саны шығатын жүйесі қалыптасты.
  • 1956 жылы газет бетінде аса өзекті ұлттық мәселелер көтерілген кезең болды. Осы жылдары Р.Бердібаевтың «Ең үлкен мәдени байлық» (1956, 22 сәуір), Ә.Нәрымбетовтың «Ана тілін ардақтайық» (1956, 1 маусым), М.Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселе» (1956, 10 тамыз), Партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкерлері – Т.Кәкішов, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлімқұлов, А.Байшин, А.Мұхтаров, Қ.Әбілбаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған. «Тіл мәдениеті» (1956, 17 тамыз) атты аты шулы мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. Бұл жарияланымдар қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.
  • Газетте жарық көрген осы мақалаларға орай ҚКП Орталық Комитеті 1956 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері туралы» жасырын қаулы қабылдады (ҚР. Президент архиві, 708-қор, 30-тізімі, 168-іс). Қаулының қарарында газеттің жіберіп отырған саяси қателігі барынша айыпталды. Газет редакторы С.Мәуленов Орталық Комитетте жазаға тартылды.
  • Көп ұзамай ҚКП Орталық Комитетінің органы есептелетін «Социалистік Қазақсатан» газеті 1957 жылғы 29-қаңтардағы санында «Қазақ халқының мәдениетін көркейте берейік» деген мақаласын жариялап, онда «Қазақ әдебиеті» газетінің қазақ мәдениеті мәселелерін жазуда жіберген қателіктері туралы қара күйе жаққан сөз қозғады. Қаралау мақала «Осы елеулі қателерді жіберуде аталған мақалалардың авторлары ғана емес, сонымен бірге «Қазақ әдебиеті» газетінің редколлегиясы мен Бас редакторы С.Мәуленов жолдас та, Қазақ Совет Жазушылар одағы басқармасы мен оның бұрынғы председателі Ғ.Мұстафин де сөзсіз кінәлі» деген жолдармен аяқталды.
  • Бұл айыптаулар газет қызметкерлерінің алған бетінен қайтара алғант жоқ. Көп ұзамай 1957 жылы 25 қаңтарда Бейсенбай Кенжебаевтың Алаш ардақтыларын ақтаған «Өтелмеген парыз» атты мақаласын жариялап табандылық көрсетті. Әрине, бұл да өктем партияның назарынан тыс қалмаған.
  • Осы «саяси қателіктер» үшін газет қызметкерлері мен авторлар қуғынға ұшырады. 1957 жылы көктемде Бас редактор С.Мәуленов, Бас редактордың орынбасары Ж.Молдағалиев, жауапты хатшы Т.Әбдірахманов, әдеби қызметкер Р.Бердібаев қызметінен босатылды.
  • 1961 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің редколлегия мүшесі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүниеден озды. Осы жылы газеттің бас редакторы Жұмағали Сайын қайтыс болды.
  • 1973 жылы «Қазақ әдебиетінің» алғашқы авторларының бірі, кейін редактор болған Сәбит Мұқанов дүние салды.
  • 1985 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің тұнғыш редакторы Ғабит Мүсірепов және 1955 жылы газеттің қайта шығуына ықпал етіп көп күш-жігер жұмсаған Ғабиден Мұстафин бақилық болды.
  • 1993 жылы газеттің Бас редакторы Оралхан Бөкей дүниеден озды.
  • Қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы және еңбекшілерді тәрбиелеу ісіне белсенді қатысқаны үшін «Қазақ әдебиеті» газеті 1984 жылы 50 жылдығына орай «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сілтемелер тізімі

 

1.Бүгінде де бұқаралық ақпарат құралдары  күн өткен сайын көбеюде. Сәрсенбаев «Новое имформационное пространства Республики Казахстан: проблемы и перспективы. Алматы, «Ақыл кітабы», 1998 жыл, 200-бет.

  1. Ұлт рухының шырақшысы // Қазақ әдебиеті – 2004 ж.24 желтоқсан.
  2. Деректер сыр шертеді // Қазақ әдебиеті —  2003ж. 21желтоқсан.
  3. Алғашқы қанат қаққанда // Қазақ  әдебиеті -1970ж.  3сәуір.

5.Талғап жазайық // Қазақ әдебиеті – 1955ж. 14қаңтар .

  1. Деректер сыр шертеді. // Қазақ әдебиеті – 2003 ж. 21 қараша.
  2. Ұлт рухының шырақшысы. // Қазақ әдебиеті – 2004 ж. 24 желтоқсан.
  3. Біздің әдебиет газетінің болуы – үлкен ырыс // Қазақ әдебиеті — 2003ж. 24 қазан.
  4. Бас редакторлардың мінбесі. // Қазақ әдебиеті — 1994ж.15 сәуір.
  5. Ұлт рухының шырақшысы // Қазақ әдебиеті — 2004ж. 24 желтоқсан.
  6. Самғай бер, сырласым! Қазақ әдебиеті – 2006ж. 1 желтоқсан.
  7. Бейімбет және «Қазақ әдебиеті» // Қазақ әдебиеті – 1994ж. 7 қаңтар.
  8. Редактор «Сырбай Мәуленов»// Қазақ әдебиеті – 2002ж. 20 қыркүйек.
  9. Жақсылықбаева.Р.С. «Шерхан Мұртаза – публицист, редактор» Алматы 2003ж. 54-57 б.
  10. Қасіретті де салтанатты ғасыр, киелі ай және қасиетті-қастерлі Тәуелсіздік //Қазақ әдебиеті – 2003ж. 15желтоқсан.

16 Желтоқсан оқиғасы және жазушылар// Қазақ әдебиеті -2006ж. 15 желтоқсан.

  1. Қасірет және ұлттық рух // Қазақ әдебиеті – 2006ж. 15 желтоқсан.
  2. Н.Назарбаев. Тәуелсіздігіміздің бес жылы. Алматы,1996ж. 377-554 б.
  3. Біздің туымыз — қазақтың ұлттық мүдесі // Қазақ әдебиеті – 2006ж. 1 желтоқсан

20.»Азат» пен «Алаштың» айырмасы // Қазақ әдебиеті – 1991ж. 4 қантар.

21.Тәуелсіздік – біздің түпкі мақсатымыз // Қазақ әдебиеті — 1991, 27 қырқүйек.

  1. Миграция жөнінде немесе ұлы көш туралы тезистер //Қазақ әдебиеті – 1991ж.15 желтоқсан.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

  1. Кенжебаев.Б, Қожекеев.Т «Қазақ баспасөзі тарихынан» Алматы, 1962 жыл.

Қ.Аллаберген, Ж.Нұсқабаев, Ф.Оразай «Қазақ журналистикасының тарихы» Алматы «Рауан» 1996жыл .

  1. Н.Омашев «Жол үстінде – журналист» Алматы, «Атамұра» 1999жыл.
  2. Атабаев Қ.М. «Қазақ баспасөзі. Қазақстан тарихының дерек көзі ретінде» Алматы, 2000 жыл.
  3. Жақсылықбаева. Р.С. «Шерхан Мұртаза – публицист, редактор» Алматы, 2003 жыл.
  4. Талап пен таланттың тілашары.// Қазақ әдебиеті -1970 ж. 3 сәуір.
  5. Біздің атымыздан жамылып. // Қазақ әдебиеті – 1991ж. 13 желтоқсан.
  6. Сәт сапарға дос ниет.// Қазақ әдебиеті – 1955 ж.14 қаңтар.
  7. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі публицистикалық шығармалардағы тақырыптық, проблемалық ізденістер Хабаршы, 2006ж. №1.
  8. Орамды ойлағанда // Қазақ әдебиеті – 1990ж. 17 қыркүйек.
  9. «Ұлт» деген сөзімізді ұлықтамай тереземіз теңеспейді //Қазақ әдебиеті – 2003ж. 12 желтоқсан.
  10. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1955, № І-V
  11. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1956, № І-ХІІ
  12. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1963, № ІV-ХІІ
  13. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1970, № ІII-V
  14. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1989, №V-ХІІ
  15. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1990, № V-ХІІ
  16. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1991, № XI-ХІІ
  17. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1991, № ХІІ
  18. «Қазақ әдебиеті» газеті, 2002, №IX
  19. «Қазақ әдебиеті» газеті, 2003, № I-ХІI
  20. «Қазақ әдебиеті» газеті, 2004, № І-V
  21. «Қазақ әдебиеті» газеті, 2006, № І
  22. «Қазақ әдебиеті» газеті, 2007, № IV