АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс.Парцелляция құбылысы

ЖОСПАР

КІРІСПЕ.

І ТАРАУ. Парцелляция құбылысының зерттелуі.
1.1 Парцелляция құбылысының табиғаты.
1.2 Жалпы тіл білімінде зерттелуі.
1.3 Қазақ тіл білімінде зерттелуі.

ІІ ТАРАУ. Парцелляциялық құбылыстың көркем мәтін тіліндегі лексика-грамматикалық және стилистикалық қолданысы.
2.1 Парцелляциялық құбылыстың лексика-семантикалық түрлері.
2.2 Парцелляциялық құбылыстың грамматикалық болмысы.
2.3 Парцелляциялық құбылыстың көркем мәтін тіліндегі
стилистикалық қолданысы.

ҚОРЫТЫНДЫ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ЖАҢА ТЕРМИНДЕР.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

Жұмыстың өзектілігі. ХХІ ғасырға тәуелсіз ел ретінде енген республикамыздың әлеуметтік — экономикалық, мәдени өмірінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Сол себепті қазақ тіл білімі саласында жаңа терминдер еніп, қалыптасуда. Соңғы он жыл көлемінде ғана парцелляция құбылысы зерттеле бастады. Жас зерттеуші филологтардың ғылыми жұмыстарының тың тақырыптарына айналып сөз болып жүр.
Алайда, бөлшектеуге көнетін грамматикалық құрылымдар бөлшектелген компоненттердің өзара байланысы, негізгі сөйлемнің шекарасынан тысқары бөлшектеліп шығарылған парцелляттың, яғни қосалқының грамматикалық, стилистикалық және коммуникативтік қызметі әлі анықталып ашылмаған.
Р.Сыздықтың «Бұл құбылыс туралы үзілді-кесілді тұжырымдар айту үшін, оны мол материал жинап ғылыми тұрғыдан зертеу керек»- деуі де бұл мәселенің өзектілігін, маңыздылығын дәлелдейді.
Жұмыстың нысаны. Диплом жұмысы көркем мәтін тіліндегі парцелляция құбылысының өзіндік ерекшелігін, стильдік және тілдік сипатын, парцелляцияның түрлері және оларды топтастыру проблемасын қарастыруға арналған.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты көркем мәтін тіліндегі парцелляция құбылысын әдеби тілдің жеке бір тармағы ретінде қарай отырып, оның өзіндік тілдік, стильдік, типтік үлгілік табиғатын ашу.
Жұмыста осы көрсетілген мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді.
— парцелляция, оның сильдік қызметі жөнінде түсінік бере отырып өзіндік сипаттамасын, ерекшелігін айқындау.
— тіліміздегі парцелляция құбылысын сөз ете отырып, оған қойылатын талаптар мен шарттарды айқындау.
— қазіргі парцелляция құбылысында орын алып жүрген кейбір олқылықтар мен кемшілік мәселелерге тоқталып өз көзқарасымызды таныту.
Жұмыстың дерек көздері. Аталған мақсат пен міндеттерге жетуде А.Байтұрсынов, М.Балақаев, С.Сауранбаев, Р.Сыздықова, т.б. ғалымдардың әдеби тіл, оның стильдік тармақтары жөніндегі теориялық еңбектерін; орыс тілінің синтаксисін зерттеушілер Ф.И.Буслаевтан бастап Пешковский, Белашапкова еңбектерін және оқытушы ұстаздардың теориялық және практикалық еңбектері мен ой-тұжырымдарын, ұсыныстарын қолданып, басты назарға алынды.
Осылармен қоса мектеп оқулықтарындағы, баспасөз беттеріндегі үлгілер талдау материалы ретінде пайдаланылды.
Жұмыстың әдістері мен тәсілдері. Зерттеудің мақсаты мен міндетіне қарай әртүрлі әдістер қолданылды. Олар: сипаттау, талдау, жинақтау, топтау, салыстырудың құрылымдық-типологиялық әдістері. Тілдік фактілерді талдау, мәтіндік бақылау және салыстыру әдістері арқылы жүргізілді.
Дипломдық жұмыстың жаңалығы. Тіл – тарихи құбылыс. Белгілі бір тарихи кезең үшін өз терминдері қалыптасады.
Міне, бұрын А.Байтұрсынов «іргелес сөйлем» деп атаған ұғым қазір басқа қырынан зерттеліп «парцелляция» күрделі синтаксистік тұтастық деген ұғымдар туып, тілдік термин ретінде орнықты.
Жалпы тіл біліміне «парцелляция» термині француз тіліндегі «parceller» сөзінен енген. Бұл ұғым қазақша ұсақ бөлшектерге бөлу дегенді білдіреді. Сондықтан да бөлшектелген сөйлем деп алғанды жөн көрдік.
— бөлшектелген сөйлем әдеби тілге ауызекі сөйлеу тілінің әсерімен енген құбылыс.
— бөлшектеу барысында негізгі сөйлем мен қосалқы арасындағы байланыс үзілмейді; толымды және толымсыз құрылым бірігіп, қосалқылардың санына қарай екі немес бірнеше фазаларда жеткізілетін біртұтас-айтылыс түзеді.
— сөйлемнің бөлшектелуінің алғы шарты – жай сөйлем мүшелері, құрмалас сөйлем бөліктері арасындағы синтаксистік жағынан ғана емес, ішкі –семантикалық жағынан да тым күрделілігі, шұбаланқылығы.
— парцеллят сөз тіркестері, жай сөйлемдер (сөйлем мүшелері) құрмалас сөйлем компоненттері түрінде келеді.
Жұмыстың практикалық маңызы. Диплом жұмысында талдауға түскен мәселелер, ол бойынша сараланған нәтижелер орта мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ беру барысында кеңірек мәлімет беру, меңгертуде мұғалімдерге пайдалы болмақ.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
1. Парцелляция – қазақ әдеби тілінің бір бөлшегі. Оның өзіндік тарихы, даму жолы, қалыптасу кезеңдері бар.
2. Парцелляция өзіндік қалыптасқан сөз, термин, синтаксистік құрылымы бар біртұтас жүйе. Оны қалыптастыру, орнықтыру – тіліміздің кемелденіп дамуының кепілі.
3. Парцелляция – жазу, дағдылану арқылы жүзеге асырылады.
Жұмыстың құрылысы. Диплом жұмысы кіріспе, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.

 

 

 

 

 

 

І ТАРАУ. ПАРЦЕЛЛЯЦИЯ ҚҰБЫЛЫСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ.

1.1 Парцелляция құбылысының табиғаты.

Тіл нормасы – тарихи құбылыс. Ол сөйлеу және жазу арқылы қалыптасып, дамып, жетіліп отырады. Соған орай әр кезде тіл қолдану заңдылықтарын білдіретін ұғымдар да өзгеше болады. Белгілі бір тарихи кезең үшін өз терминдері қалыптасады. Міне, бұрын А.Байтұрсынов «іргелес сөйлем» деп атаған ұғым қазір басқа қырынан зерттеліп «парцелляция», «күрделі синтаксистік тұтастық» деген ұғымдар туып тілдік орнығып, соңғы кезде өте қарқынды зерттеліп жүрген объектіге айналды. Бұл ауызекі сөйлеу мен жазба әдеби тілдің бүгінгі кемелденген шағында біріне-бірінің әсерін тиге отырып, дамуының нәтижесі.
Әдеби тіл ауызекі сөйлеу тілінің лексикалық, грамматикалық жүйесіне сүйеніп қалыптасады. Ауызекі сөйлеу тілі синтаксисінің жазба тілге жалпы әсері әртүрлі жанрлар мен стильдерге айтылыс тізбегінің үзіктілігінен, синтаксистік құрылым компоненттері байланысының әлсіздігінен, құрылымдардың актуалдануы әрі бөлшектелуінен байқалады.
Міне, сондықтан да қазіргі көркем әдеби шығармалардың тілін зерттеп, сөйлемдерді синтаксистік тұрғыдан талдағанда баяғыдан қалыптасқан сарын мен тек жай сөйлем салалас құрмалас деп қана қарау сөйлемдердің байланысын, олардың коммуникативтік қызметін, логикалық мақсатын, несинтаксистік, нестилистикалық деңгейде аша алмайды. Өзара нүктемен ажыратылған кейбір тілдік единицаларды жеке тұрған қалпында ешқандай синтаксис-единица ретінде қарастыруға келмейді және жекелеп қарастырғанда да қандай коммуникативтік ойды жеткізбек болғаны да түсініксіз болады. Өйткені, контекстен үзіліп алынған жеке сөйлем өзінің грамматикалық дербестігін сақтағынымен, контекстегі өзімен байланыстағы басқа сөйлемдердің қатысуымен ғана ашылатын толық мағынасынан айырылып қалады. Мынандай мысал алып көрейік.
Лагерьдегі сынық шеге мұның назарынан тыс қалар ма екен. Қазымыр. Шалдыртпайтын жылпос. Сергек. Комендант Ганс Шуллерге осы қасиетімен жаққан ол.
( І.Жақанов )
Осы мысалдағы бірінші жайылма сөйлемнің өзінен әңгіменің кім туралы екендігін анқытау мүмкін емес. Ал одан кейін тұрған екі жеке сын есім мен сөз тіркесін бөлектеп алып қарастырсақ, олар неге оқшау тұр? Қандай қызмет атқарып тұр? Кімге, неге қатысты сөздер? Синтаксистік тұрғыдан қалай атаймыз? Деген сұрақтар туады. Міне, осы сауалдарға жауап беру үшін бір ортақ ойды білдіретін, бірақ өзара нүктемен ажыратылып, бөлшектелген сөйлемдер тізбегін, яғни парцелляцияланған сөйлемдерді зерттеп, мәнін ашу қажеттігі қазіргі қазақ тіл біліміндегі көкейтесті мәселелердің бірі боп табылады.
Жалпы тіл біліміне «парцелляция» термині француз тіліндегі «parceller» сөзінен енген. Бұл ұғым қазақша ұсақ бөлшектерге бөлу дегенді білдіреді. Сондықтан да бұл терминді бөлшектелген термин деп алғанды жөн көрдік. Әлемдік тіл білімінде бұл бөлшектелген сөйлемдер жан-жақты зерттеу объектісіне айналып, көптеген еңбектерге арқау болып, қызу тартыс тудырып жатқан тұста қазіргі қазақ тілінде осы жылдары ғана назарға ілініп, сөз болып жүр. Алайда, бөлшектелуге көнетін грамматикалық құрылымдар, бөлшектелген компоненттердің өзара байланысы, негізгі сөйлемнің шекарасынан тысқары бөлшектеліп шығарылған парцелляттың, яғни қосалқының грамматикалық, стилистикалық және коммуникативтік қызметі әлі анықталып ашылмаған.
Л.В.Щерба, В.В.Виноградов, С.Е.Крючков т.б. лингвистер тіркесуді өз алдына дербес синтаксистік категория деп санайды. Соңғы кездері бұл тіркес конструкция проблемасына қызығушылықтың соншалықты артуының нәтижесінде «бұл кең аумақты түсініктен тарлау мағыналы «парцелляция» ұғымы бөлініп шығарылды». Ол В.В.Виноградов, А.П.Величук салаласа, сабақтаса байланысу түрі ретінде тұжырымдап, ал М.О.Платонова, А.А.Андриевская, А.П.Сковородников, Р.Сыздық тілдің көркемдегіш құралы ретінде қарастырып жүрген құбылыс.
Бұл парцелляция құбылысы роман, герман, славян тілдерінде, оның ішінде орыс тілінде фонетикалық, синтаксистік, стисилтикалық деңгейде жан-жақты, өте толық зерттелген болса, қазақ тілінде бұл құбылысқа енді ғана көңіл бөліне бастады. Тек М.Балақаев пен Т.М.Сайрамбаев осы мәселеге арнаған мақаласында бұл құбылыс қазақ тіліне аударма нәтижесінде енген деген пікірде.
Алайда, көркем әдеби шығармаларды синтаксистік, стилистикалық тұрғыда зерттеп оқысақ, біз парцелляцияланған сөйлемдерді қазақ жазушылары да бұрыннан қолданып келе жатқанын байқаймыз. Тек бұл құбылыс арнайы зерттеу обьектісі болмаған. Сондықтан біз әлі күнге сөйлемдер синтаксисін оқытқанда да, оларға талдау жасаған кезде де ертеден қалыптасып қалған бір жүйе: жәй сөйлем, құрмалас сөйлем, оны салалас құрмалас, сабақтас құрмалас дегеннен шыға алмай жүрміз. Мынандай бір мысал алып көрейік:
«Бурнашев қолын тез жұлып ап, бар денесімен Бокинге қарады. Шегір көзі оқ атады. Тістенген». (З.Шашкин) немесе мынандай мысал карастырайық: Ол портретті менің алдыма қоя салды. Қараймын. Өзім. Аң-таң болып Асқарға қараймын. Ол үндемейді. Қайта қараймын. Тап өзім. (І.Жақанов).
Міне, бұл екі мысал да бір ой желісімен байланысқан бірнеше сөйлемдер мен сөз тіркестерінен, жеке сөзден тұрады. Біз оларды бұрынғысынша, қалыптасқан дәстүрмен тек қана жай сөйлем, сөз тіркесі, дара етістік деп қарай алмаймыз.
А.Байтұрсыновтың сөйлемдерді құрылуынша түрлерге айыруына ден қойып қарағанда «іргелес сөйлем» деген терминнің бар екендігін анықтадық. «Ішкі жақындық-мағына жақындығынан басқа жақындық жоқ сөйлемдер іргелес делінеді», — деген А.Байтұрсыновтың анықтамасының байыбына барар болсақ, біз қазіргі кезде барлық ленгвистер бірдей «парцелляция» деп атап жүрген құбылысқа балама табамыз. Бұдан парцелляция құбылысын қазақ тілінде ала бөтен осылай атау керек деуден аулақпыз, тек мұндай синтаксистік құрылымның қазақ тілінде де бұрыннан бар екендігіне көңіл аударылады. Іргелес сөйлемдерге А.Байтұрсыновтың келтірген мысалдарын қарағанда, парцелляцияланған сөйлем деп қарастырылып жүрген осы сөйлемдер екендігіне көзімізді жеткіземіз. А.Байтұрсынов: «Күн кеш болды. Ат болдырды ел көрінбеді. Батыр сасайын деді», — деген мысал келтіреді де, «мысалға алынған сөйлемдер арасында кеш уақытта болған уақиғаның жайын сөйлеген ой іргесінің ғана біргелігі бар деп келіп, бұлар тек ой іргесімен жанасқаны болмаса, бастарын қосып тұрған басқа еш нәрсе жоқ, сондықтан бұлардың аралары да бір-біріне қосылмай, ашық-ашық, үзіліп айтылады. Жазғанда араларына үлкен тыныс белгісі – нүкте қойылады» (2.300), — деп тұжырымдайды.
Біздің зерттейін деп отырғанымыз да осы бір ойдың өзара нүктемен бөлінген жеке-жеке, дербес бірнеше сөйлемдерде берілуі. Т.Қордабаев бұл іргелес сөйлемдерді көнерек заманда сөйлем құрамындағы сөздерді, сол сияқты жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын қазіргі дәнекерлер, тәсілдердің, бірі-екіншісін меңгеріп, жетектеп, өзіне тәуелді етіп тұру сияқты байланысу тәсілдерінің анағұрлым берік түрлерінің болмағандығынан, сөздер, сөйлемдер арасында тек мағына желілерінің жақындықтарына қарай бір-бірімен қабыса, іргелесе байланысу тәсілі болған, сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің бір-бірімен байланысы, ара қатынасы тығыз берік болмағандықтан, оларда дербестік, бір-біріне тәуелсіздік күшті болған деген пікір айтады.
Парцелляция құбылысы мейлінше жан-жақты, толық зерттелді деген орыс, француз, ағылшын, испан тілдерінің өзінде әлі де ара жігі анық ашылмаған мәселелер көптеп кездеседі. Мысалы, орыс және француз тілінде парцелляцияланған сөйлемдер тіркескен конструкциялармен пара-пар деп есептелсе, испан тілінде парцелляцияны оқшаулаудың ең биік, жоғарғы дәрежесі деп атаған.
Мұның бәрі әлі күнге дейін жалпы парцелляцияланған құрылымның және бөлшектелу нәтижесінде пайда болған негізгі (базалық) сөйлем мен парцелляцияттың (қосалқының) грамматикалық статусының анықталмағандығынан. Сондықтан да парцелляцияланған құрылымның грамматикалық болмысы туралы сұрақ та әлі ашық қалып тұр.
Парцелляция мәселесінің тағы бір басы ашылып, анықталмаған қыры- оның грамматикалық категорияға жатқызылуы ма, әлде стилистикалық әдіс қатарына қосылуы ма. Себебі барлық зерттеулерде парцелляция құбылысы деп қана атап қойып, әр ғалымдар әр тілдегі оның ерекшеліктерін, жасалу жолдарын, шығу, таралу тарихын, қолданылу жиілігін, негізгі сөйлем мен қосалқының байланысу жолдарын зерттеп жүргендерімен, оның лингвистиканың қай саласында қаралуы да әлі шешілмеген мәселе. Өйткені әдеби жазба тілде парцелляция тек синтаксистік мақсатта — күрделі, шұбалаңқы конструкцияларды жеңілдету мақсатында ғана емес, стилистикалық мақсатта да негізінен жеткізілетін ойдың семантикалық мағынасына эмотционалдық түрлендіруші ренк қосу үшін де қолданылады.
«Эмоционалдық синтаксис» деген терминді енгізген француз ғалымы Ш.Балли: «Сөйлем айтушының негізгі ойын жеткізумен қатар оның сол ойға көзқарасын да білдіреді. Ендеше айтылар ойға эмоционалдық көзқарас сөйлемнің жалпы мағынасының тағы бір негізгі құрамды бөлігі болып табылады. Біз «күн суық», «күн ыстық», «жаңбыр жауып тұр» дегенде фактіні жалаң жеткізумен шектелмей, іс-әрекетті анықтауға қабілетті эмоционалдық әсерімізді немесе практикалық пікірімізді; әр жағдайда «суық», «ыстық», «жаңбыр» деген оймен байланыстыра өзіміздің ризалығымызды немесе ренішімізді, қызығушылығымызды немесе немқұрайдылығымызды білдіреміз», — дейді. «Бейнелеушіліктің өзі көңіл-күймен байланысты. Ол көңіл-күйді, тілекті білдіреді; жай интеллектуалдық пікірді жеткізгенде де ол көңіл-күйге байланысты түрленеді, боялады.» (12.43)
Мына мысалдарға көңіл аударып көрейік:
Әлияның жанары, сол арқылы тұтанған от суретшінің талай шығармасына сәуле түсіргені анық, өйткені сәтсіз махаббат — адамның бүкіл өмір жолына созылған күй. Ұмытылмас күй. Сырлы, назды. Ерке, мұңды. Қайғы әуенінен қуаныш сазы басым. Сондықтан да көңіл түрінде. Сондықтан да мәңгілік. (М.Мағауин).
Күй ана боп аңырады. Дала боп уілдеп, жүректен қан тамшылатты. Қансыратты, талдырды. (І.Жақанов).
Бұл мысалдарды оқығанда әрбір оқырман оның грамматикалық формасы мен семантикалық мағынасына емес, оның бейнелелігіне, көңілді толқытып, жүректі тебірентер әсерлілігіне бірінші назар аударады. Ал бұл бейнелілік араларына нүкте қою арқылы бөлшектелген, яғни парцелляцияланған конструкциялар арқылы жеткізіліп тұр. Міне, осы жағынан қарастырғанда парцелляцияны да көркемдегіш құрал қатарына жатқызуға әбден болады.
— Сөйлемнің көлемі мен формасы;
— сөйлемдегі сөздердін орын тәртібі;
— шақтардың қолданылуы; эмоционалдық синтаксистін немесе синтаксистік стилистиканың қамтитын мәселелері болып табылады.
Енді осы эмоционалдық синтаксистің бір мәселесі – нүктемен ажыратылатын сөйлемдердің өзара байланысын қарастырып көрейік.
Сөйлем ішіндегі нүкте мен үтір арасындағы айырмашылық – паузаның ұзақтығында. Нүктеге сәйкес келетін пауза кезінде сөйлемдер арасындағы байланыс әлсірейдіде, керісінше тәуелсіздігі артып, бір-бірінен оқшаулана түседі. Нүктемен ажыратылған сөйлемдерден гөрі үтір мен ажыратылған жай сөйлемдердегі факторлардың өзара алмасуы жеңілірек болады. Бұл жағдайда бір-біріне тек жанасып тұрып логикалық байланыста болатын жай сөйлемдерді күрделі контекстік бірлестік деп атауға болады. Нүктемен ажыратылған сөйлемдерде де үтір мен ажыратылған сөйлемдердегі сияқты логикалық байланыс грамматикалық конструкциялар сызақ не қиысу, не меңгеру түріндегі семантикалық байланыс болуы мүмкін. Үтір мен ажыратылған ыңғайлас салаластар өте тығыз байланыста болатыны айқындалды. Сөйлемдер нүктемен ажыратылғанда логикалық және шақтық байланыс синтаксистік түрде емес, тек семантикадан туындайды. Әр фраза жеке ойды бейнелейді, жеткізеді. Оларды бөліп тұрған нүктелер ұзағырақ пауза мен аяқталған сөйлем интонациясын нұсқайды. Бұл орайда сабақтас құрмалас сөйлемдердің орны бөлек. Оларда бағыныңқылық қатынас сөйлемдердің бір ізділік тәртібімен беріледі. Енді негізінен тығыз логикалық байланыста бола тұрып, нүктемен ажыратылатын күрделі синтаксистік бірлестіктің басқа бір структурасы қосымша констукцияларға яғни парцелляцияттарға тоқталайық. Қосымша конструкциялар нүктеден кейін сөйлемнің оқшауланған мүшесі түрінде немесе жалғаулық шылаулар арқылы байланысқан салалас құрмалас, яки сабақтас құрмалас сөйлемдер түрінде келеді. Қосымша конструкциялар алдыңғы аяқталған сөйлемге қосымша ой-пікір үстейді. Қосымша конструкцияларда берілетін фактілер алдыңғы сөйлеммен логикалық байланыста, бағынышта, тәуелділікте болады. Бұл байланысқа нүкте кедергі болмайды. Нүктеге қарамай қосылатын бұл конструкцияларды француз стилистері «аяқталған фактіден (істен) кейінгі» қосымша дейді.
Академиктер Л.В.Щерба мен В.В.Виноградов, А.М.Пешковский жалғаулық шылаулардың байланыстырушылық функциясы жайлы айтқан. Қосымша мен салалас сөйлем арасындағы айырмашылықты анықтай келіп С.Е.Крючков: «Қосымша айтушының санасында тура сөйлеу барысында туатын әңгіме үстүндегі толықтырушы үстеме элемент» — деп атайды. «Дәл әңгімелеу үстінде толықтыру үшін туатын келесі элемент» –деп те атайды.
Алдыңғы сөйлеммен логикалық, психологиялық немесе эмоциялық тұрғыда байланысқан қосалқы сөйлем мағына жағынан емес, тек қалыптан тыс форма жағынан ерекшеленеді, оқшауланады. Әдеттен тыс нәрселердің бәрі, әдеби тіл нормасына жатпайтын әр конструкция қалыпты грамматикалық құрылымның шегін бұзып тұрған жағдай ерекше көңіл аударады.
«Сөздердің логикалық тәртібінің бұзылуы тындаушының зейінің, назарын ынталандырып, жандандырады, ал логикалық реттілік, керісінше, оны самарқаулыққа түсіріп, ой ақылын жалқауландырады».
Қосымша конструкциялар әдеби тілде ауызекі тілден пайда болды. Қосымша конструкциялар фразаны ойда құрау аяқталған сәтте, айтылған ойға үстеме түрінде туындайды да қалыпты құрылымды бұзбай ойды жалғай алмайды. Әрине, кейінгі ой жеке сөйлем түрінде берілгендіктен, оның алдыңғы сөйлемдегі ой мен байланысы жалғаулық шылау арқылы байланысқан қосалқыдан гөрі әлсіздеу әрі бейтараптау. Қосымша конструкциялар қай түрде болсада семантика жағынан: түсіндірме немесе айқындауыштың белгісін сақтайды. Осындай «үзік немесе дараланған, оқшауланған сөйлемдер қазіргі біздің көркем әдебиетімізде көптеп кездесуде. Мұндай сөйлемдер әдетте шығарма кейіпкерінің көтеріңкі немесе толқулы, абыржулы көңіл күйін сипаттауда, суреттеуде жиі қолданылады. Мысалы,
Мен бұл әнге құмармын! Ынтықпын! (І.Жақанов)
Сен мені еш уақытта мұндай қасірет үстінде көрмеуге тиіссің, Айнаш. Сен әлі уызсың. Гүлсң. Пәксің. Мөп-мөлдір армансың. Жарқыраған үміт жұлдызысың. (І.Жақанов).
Бұл жігіт өлуі керек! Бүгін! Қазір! Дәл осы арада! (І.Есенберлин). Тірес конструкциялар түрлі сөйлемнің әр мүшесі болып келуі мүмкін. Предикаттық ұя тұйықталмаса да, алдынғы фразаны аяқтайтын нүктеден кейін басталатын тіркес конструкциялар өз алдына жаңа дербес сөйлем құрай алмайды.
Семантикалық жағынан қарастырғанда тіркес конструциялар алдында айтылған ойды толықтыру, анықтау немесе түсіндіру қызметін атқаратын қосымша идеяны білдіреді. Автор тіркес қонструкцияны ол жанасып тұрған бір мүшені күшейту үшін немесе негізгісөйлемде жоқ мүше түрінде қосымша мінездеме, анықтама беру үшін сөйлемнің жоқ мүшесінің орнын толтыруға қолданады.

І тарау. Парцелляция құбылысының зерттелуі мен табиғаты

«Парцелляция» терминінің енуінен бұрын тілдегі бұл фактілер «присоединение-тіркесу» терминімен аталып, көптеген ғылыми зерттеулердің объектісі болып келген. Соңғы 10-15 жылдың ішінде бір феномен осы екі терминмен қатар аталып жүр. Сондықтан да олар белгілі бір дәрежеде синоним болып келді. Бірақ бұл парцелляция мен қосымша мәселесіне арналған еңбектердің тақырыптарының тарлығына, тілдің осы екі фактісінің толық ашылып, анықталмағанынан болып отыр.
Ғылыми синтаксистік қолданыста «қосымша тіркес» ұғымынаң кеңтаралуына Л.В.Щерба, В.В.Виноградов, С.Е.Крючковтардың еңбектері арқау болды. Олар өз еңбектерінде қосымша тіркестердің синтаксистік байланыстың ерекше түрі ретіндегі белгілерін тұжырымдап шығарды.
1. Психологиялық белгісі «аяқ астында, табан аузында, кенет, оқыс ойға келуі». Бұлай тіркесе байланысудың құрмаласа байланысудан айырмашылығы — «екінші элемент — қосымшаның – ойды айтып болған соң, немесе сөйлеу барысында кенеттен туындауы.
2. Экспресивтік – семантикалық белгісі. Қосымша тіркестердің бұл жағдайында «бөлшектер мағына жағынан бір сөйлемге, логика жағынан біртұтастыққа сыймайды. Бұл кезде «субьективтік мотивтер, экспрессивтік форманың нәзік иірімдері синтаксистік құрылымның қалыпты логикасын бұзып, өзгертеді, синтаксистік форма мен стилистикалық қолданыс арасында алшақтық пен үйлеспеушілік тудырады».
3. Семантикалық белгісі. Бұл жағдайда қосымша тіркес жайлы тұжырымдағанда ауызекі орыс тілі жайлы айтқан. Бірақ іс жүзінде қосымша тіркес ой-санада сөйлеу барысында туындаған қосымша ойды жеткізуші, толықтырушы болып табылады». Л.В.Щерба қосымша тіркес жайлы тұжырымдағанда ауызекі орыс тілі жайлы айтқан. Бірақ іс жүзінде қосымша тіркес проблемасын зерттеген көптеген ғылыми еңбектерде Л.В.Щербаның осы критерийі бүкіл орыс әдеби тіліне, ең алдымен жазбаша тілге қатысты айтылып жүр.
Ауызекі сөйлеу тілі мен жазбаша тілдің айырмашылығын дәйекті түрде қарастырғанда қосымша тіркестің негізгі белгісі, ерекшелігі болып саналатын «аяқ асты айтылуда» көптеген лингвистер ауызекі тілмен оның жазбаша көріністерін кейбір фактілерін ғана бейнелейді.
В.В.Виноградовтың еңбектерінде де қосымша тіркестің осы белгісі алға тартылады. В.В.Виноградов қосымша тіркесті негізінен грамматикалық құбылыс емес, стилистикалық әдіс ретінде қарастырды. Бұл турасында «Қарғаның мәткесінің стилі» деген мақаласындағы ой түйіндеуі мен мысалдарын талдағанда В.В.Виноградовтың қосымша тіркесті тілде семантикалық – экспрессивтік негізі бар стилистикалық әдіс, семантикалық-стилистикалық категория деп қарастыратына еш күмән қылмайды. В.В.Виноградов бұл еңбегінде қосымша тіркестің синтаксистік категориялық белгілерін емес, композициялық «монтаж» бен текстегі единицалар «монтажы» арасындағы байланысты (құрылым біртұтастығының принципі) анықтауға тырысады.
В.В.Виноградов: «Пушкин стилінде жалғаулық шылаулар кейде байланысудың алдамшы сигналы болып табылады, қосымша тіркестер үшін жалғаулық шылаудың болуы мүлде міндетті емес, тек олардың көршілес тұруы, жанасуы маңызды» деп пайымдайды.
Бірақ тіркесу туралы В.В.Виноградов тұжырымдаған критерий негізінде орыс тілінің синтаксисінде қосымша тіркес категориясының шекарасын айқындап, анықтамасын жасау мүмкін емес.
С.Е.Крючков қосымша тіркес жайлы өз түсінігін, пікірін жеткізудегі «қосымша пайымдауды» білдіретін қосымша хабарлама деп тұжырымдап, бұл байластың маңызын ашып, қосымша тіркестің синтаксистік категориясын анықтау бағытында белгілі қадам жасайды.
Алайда С.Крючковтың еңбегінде де тек осы байланыс түріне тән арнаулы белгілер шектеліп көрсетілмегендіктен, онсыз да өте кең, әрі толық анықталмаған қосымша хабарлама, яғни қосымша пайымдаудың семантикалық критерийі-қосымша тіркес категориясының аясын шексіз кеңейтіп жібереді. Бұл еңбегінде қосымша ретінде арнаулы жалғаулық шылаулы және шылау тіркесті сөйлемдермен қатар салаластық және сабақтастық шылаулы құрмалас сөйлемдердің әртүрлері, жай сөйлемдердің парцелляциялануының (бөлшектенуінің) айқын көрінісі болып табылатын шылаусыз байланысқан сөйлемдер де қарастырылады.
Елу, алпысынша жылдарда жазылған тіркесу жайлы еңбектерде бұл анықтаманың тұжырымдалу аясы шексіз кең айқын грамматикалық шеңберге түспеген. Сондықтан да қалыптасып әдетті ұғымға айналған тіркесу туралы кең түсінік, қазіргі кезде «парцелляция» деп аталып жүрген құбылысты синтаксистік және стилистикалық зерттеулердің жеке объектісі ретінде жол берілмеді. Қосымша тіркес пен парцелляцияның барабарлығын теріске шығарушы Ж.Е.Петрашевскаяның өзі олардың арасындағы айырмашылық тек түрінде деп, парцелляцияны қосымша тіркестің бір түрі деп санайды. Тіркесу мен парцелляция арасындағы айырмашылық сөйлемнің синтаксистік құрылысы екі аспектігі: құрылымдық және функционалдық болып бөлініп қаралған еңбектерде айқын көрсетілді. Бұл айырмашылық В.А.Белашапкованың монографиясында жақсы анықталған. В.А.Белашапкова тіркесу мен парцелляцияның барабар еместігін, түр арақатынасы жағынан бірқатарға жатпайтындығын дәлелдей келіп, парцелляциялық сөйлемнің коммуникативтік-функционалдық деңгейдегі , ал тіркесу ыңғайлас, қарсылықты, себеп-салдар т.б байланыс түрі сияқты логикалы-грамматикалық қатынастардың бір типіне жататын, яғни сөйлемнің конструкциялық құбылысы екені ашып көрсетілді. Сонымен қазіргі кезде синтаксистер парцелляцияны тіркесудің бір түрі ретінде қарастыруға болатынын анықтай бастады. В.К.Покусаенко болса өз еңбегінде парцелляция мен тіркесу бір-біріне қарама-қарсы құбылыс, себебі, парцелляция кезінде тілдегі біртұтас құрылым сөзде (речь) сөйлегенде бөлшектеледі, керісінше, тіркесу кезінде тілде бөлшектелген құрылдымдар сөйленісте тұтас бірлік ретінде беріледі деп пайымдайды.
Орыс тілінде парцелляция құбылысы әр мақалада, әр еңбекте, әр ғылыми ізденісте әр жағынан қарастырылып, талдау жасауға талпыныс болғанымен олар тек синхроникалық ізденіс еді. Оларда парцелляция құбылыс не жай сөйлем деңгейінде сөйлемнің әр мүшесіне қатысты, не болмаса құрмалас сөйлем деңгейінде де толық зерттелген. Оған қосымша парцелляция мен тіркес құрылымдардың айырмашылығы да әжептәуір айқын көрсетілген.
Славян тобы тілдерінде парцелляция құбылысы бұл тілдерде жазылған өте ертедегі әдеби ескерткіштерден бастап ХХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі кезеңнен сараң болса да байқалады.
Сабақтас құрмалас сөйлем деңгейінде ХІІІ-ХҮІІ ғасырдағы ежелгі және көне орыс текстерінде парцеллят қызметінде тек жалғаулықты (понеже, иже, еже, и ино) себеп салдар бағыныңқы сөйлемдер табылған .
ХҮІІ ғасыр шығармаларында «ибо» себеп жалғаулықты бағыныңқы сөйлемді парцелляттар кездескен.
Орыс тіліндегі ХҮІІІ ғасыр текстерінде «ибо» және «потому что» себеп жалғаулықтары мен себепті білдіру үшін қолданылған «для того чтобы» мақсат жалғаулығы арқылы енгізілген бағыныңқы сөйлемді парцелляттар ұшырысқан. Осындай себеп бағыныңқылығы парцелляттар осы ғасырдағы украин авторларынан да табылған.

Парцелляция құбылысының көркем әдебиет тілі мен публицистика стилінде кеңінен таралып, оған әр тілде көптеген ғылыми еңбектер арналғанымен қарамай, бұл құбылыс түркі тілдерінде де өте аз, тіпті санаулы ғана еңбекке арқау болған.
Қазақ тіліндегі парцелляция құбылысына алғашқылардың бірі болып, көңіл аударып, талдау жасаған ғалымдар: М.Балақаев пен С.Сайрамбаев. Бұл ғалымдар парцелляция қазақ тіліне орыс тілінің әсерімен, әсіресе аударма тәжіребиесімен байланысты енген деген пікір білдірді және мақалаларында негізінен бөлшектелген қосалқы сөздердің орыс тілінен қазақ тіліне аударылғанда сол қосалқы қалпында берілетін жағдай да, негізгі сөйлем құрамына еніп кететін жағдайы да болатынын атаған. Бұл мақалада авторлар қосалқа синтаксистік топтарға өз алдына оқшау қалпында синтаксистік объектіге жатпайтын деп анықтама береді. Осы аталған мақала қазақ тіліндегі парцелляция құбылысын зерттеудің бастамасы болып табылады. Парцелляция құбылыс қазіргі қазақ тіліне енгізілді. С.Орынбасарованың ғылыми мақалалары да осы парцелляция мәселелеріне арналған.
Қазақ әдеби тіліндегі парцелляция құбылысына стилдік тәсіл ретінде назар аударып, біршама талдау жасаған ғалым Р.Сыздық «бұл тәсілді бір сөйлемнің «кетілуі», ал тұтас құрмалас сөйлем болса, оның «сөгіліп», сөгілген бөлігінің «күзеліп» қолданылуы» деп жатық қазақшалап түсіндіреді. М.Әуезов шығармасына «кетіліп» берілген жай сөйлемдер де, «сөгіліп, күзеліп» берілген құрмаластарда да көптеп кездеседі. Жалпы академик Р.сыздық тіл проблемаларын дер кезінде көтеріп отырады. Күрделі синтаксистік тұтастыққа 1970 жылы назар аудару қажеттігін атаған болатын. Күрделі синтаксистік тұтастық туралы Ж.А.Жакупов ғылыми-зерттеу жүргізген бірнеше парцеллятты құрылымдар құрылымдық-семантикалық жағынан осы екі синтаксистік тұтастыққы жақындайды.
Қазіргі татар тіліндегі парцелляция құбылысы Р.С.Сафиуллинаның мақаласында сипатталып, талданған. Мақала авторы тіркесуді парцелляцияның бір көрінісі деп есептейді.
Парцелляция тұрғысынды Р.С.Сафиуллинаның Ю.В.Ванниковтың көптеген қорытындыларымен келіседі де, сөйлемнің әр мүшесінің бөлшектелу мүмкіндігінің әр түрлілігін атайды. Сонымен қатар Ю.В.Ванниковтың сөйлем екі бағытта интенсионалдық және экстенсионалдық бағытта дамитынын мақұлдап, бірыңғай мүшелер экстенсионалдық, яғни кеңейту бағытында қолданылатындықтан, олардың сөйлемдегі мөлшері шектелмейді дейді, ал сөйлем құрылысының интенсионалын тұйық синтаксистік қатар деп есептеп, бұл сөйлемдерді дамыту, өрістету бағытындағы мүшелер саны шектеулі дейді. Сондықтан құрылу жағынан әлсіздеу байланысқан эксенсионал элементтер – бірыңғай мүшелер мен айқындауыш мүшелер, парцелляцияға көбірек, жиірек ұшырайды да, сөйлемнің интенсионал мүшелері тұрлаулы мүшелер мен толықтауыш парцелляцияға сирек ұшырайды деген тұжырымды қолдайды.
Егер ХХ ғасыр басына дейін татар тіліндегі көркем әдебиетте парцелляция өте сирек қолданылса, қазіргі кезде, татар тіліне тән ерекшелікке айналған. Қазіргі парцелляция кейіпкерлер сөзінде де, авторлар баяндауында да кездеседі. Қазіргі татар тілінде де сөйлемнің барлық мүшелері бөлшектелінеді, парцелляцияланған бөлігінде сөздер кері тәртіпте орналасады.

 

 

ІІ ТАРАУ. ПАРЦЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ҚҰБЫЛЫСТЫҢ КӨРКЕМ МӘТІН ТІЛІНДЕГІ СТИЛИСТИКАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСЫ.

Роман тобы тілдерінің ішінде француз тілінде парцелляция құбылысы әсіресе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында өте кеңінен қолданыла бастаған. Испан тіліндегі парцелляция құбылысын диахрониялық сипатта зерттеген Е.В.Литвиненконың еңбегінде роман, герман тобы тілдеріндегі парцелляцияның тарихына да шолу жасаған. Парцелляция құбылысын славян тілдерімен қатар роман, герман тілдерінде ХІІ ғасырдан бастап олар әрекет етіп келе жатқан ХХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі кезеңнің өн бойында қалыптасып, орныққан тарихи құбылыс екенін Е.В.Литвиненко өзінің докторлық зерттеулерінде толығынан дәлелдеп шыққан. Бұл құбылыс әдеби кейіпкерлердің сөйлеу тілінде де, авторлардың баяндау тіркесінде де кездеседі. Кейіпкерлердің ауызекі сөйлеу тіліндегі парцелляция аталған барлық тілдердің бүкіл кезеңдерінде бірдей ауызекі сөйлеу тілінің эмоционалдық бояуы бар спонтанды сипаты. Автордың баяндау тексіндегі парцелляция басқа тілдерде ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін, ал герман тобы тілдерінде ХХ ғасырдың басына дейін, негізінен ХІ-ХVIIIғасырларда кеңінен қолданған, салаластық, сабақтастық жалғаулықтары мол аса күрделі құрылымдарды жеңілдету, ықшамдаумен байланысты. ХХ ғасырда, әсіресе оның екінші жартысында парцелляция құбылысының басты себебі – стилистикалық. Бұл кезеңде автордың баяндау тексіне ауызекі тілдің синтаксистік-стилистикалық нормалары қарқынды түрде енеді. Күрделі құрмалас сөйлем деңгейіндегі парцелляция испан, партугал, француз, итальян, неміс, орыс, украин тілдерінде ең ерте кездегі шығармаларда-ақ кездеседі.
Роман герман және славян тобы тілдерінің олар әрекет еткен ХІІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейін бәріне ортақ жалпы заңдылықтармен қатар (парцелляциятты сөйлемдер құрылысы үлгілерінің бір тектілігі) олардың әр тілде кездесу жиілігінде де, типологиясында да кейбір спецификациялық ерекшеліктер бар. Роман тілдерімен салыстырғанда герман және славян тілдерінде парцелляттар саны аз. Роман және славян тобы тілдерінде парцеллят қызметінде сабақтастық жалғаулықтары арқылы енгізілген сөйлемдер қолданылса, герман тобы тілдерінде себеп-салдар салаластық жалғаулықтары арқылы енгізілген сөйлемдер қолданылады. Күрделі сөйлем деңгейіндегі парцелляцияның дамуы әрқашан тек өрлеуде болған жоқ. Қолданылуы сирексіген кездер де болған: роман тобы тілдерінен француз тілінде ХVII ғасырда, португал және испан тілдерінде ХVIIІ ғасырда. ХІХ – ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы талдауға жатқызылған роман және славян тілдерінің бәрінде парцелляция сирек әрі кейбір авторларда ғана ұшырасады. Бұл автордың болжауы бойынша, аталған тілдер синтаксисінде осы кезеңде синтаксистік бірліктер көлемін қысқартуға бет бұрғандықтан болса керек. ХІІІ-ХVIIІ ғасыр тілдеріне соншалықты тән күрделі синтаксистік комплекс кезеңі толығынан қолданудан шықты. ХІХ-ХХ ғасыр басының авторлары күрделі сөйлемдерді, тіпті күрделенген құрылымдарды аса қолайсыз, шұбалаңқы деп есептемейді. Автордың баяндау мәтініне ауызекі сөйлеу тілінің енуі бұл кезеңде әлі жеткілікті бірізділікке түспеген.
Жай сөйлем деңгейінде сөйлем мүшелі парцелляттар ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін, герман тілдерінде ХХ ғасырдың басына дейін бірен-саран мысалдардан кездеседі. Роман, славян тілдерінде ХХ ғасырдың екінші жартысынан, герман тілдерінде ХХ ғасырдың басынан күрделі сөйлем деңгейінде де, жай сөйлем деңгейінде де парцелляция қазіргі проза тілінің синтаксистік-стилистикалық тенденциясына айналды. Бұл кезеңде сөйлем мүшелі парцелляттар саны сөйлем бөлікті парцелляттар санынан кем түспейді, кейбір авторларда бөлшектелген сөйлем мүшелері тіпті көп.
Еңбек авторы парцелляцияланған құрылымдар мен тіркес конструкциялар арасындағы айырмашылықтарды өзінше анықтауға тырысады. Парцелляттар деген өзіне базалық болып саналатын толымды сөйлем құрамынан бөлшектеліп шығарылған, бірақ онымен семантикалық, стилистикалық байланысын үзбеген құрылым.
Синтаксистік байланыстың сақталатынын парцелляттар базалық сөйлем құрамына қайтарылғанда олардың ешқандай құрылымдық өзгеріске түспей-ақ базалық сөйлемнің басқа компоненттерімен толық мәнді мүшесі ретінде синтаксистік қатынасқа түсуі айғақтайды.
Тіркес конструкциялар — өздері тек семантикалық жағынан байланысқан толық сөйлем құрамына «бөлшектеліп кіргізілетін» құрылымдар тіркес конструкция мен толық сөйлем арасында синтаксистік байланыс болмайды. Мұны толымсыз құрылымды тіркес конструкцияларды толымды сөйлем құрамына олардың құрылымына өзгеріс енгізбей кіргізуге болмайтынынан көруге болады. Кіргізетін жағдайда дербес құрылым бағыныңқы құрылымға айналады. Ал еш өзгеріссіз айқындауыш мүше не кірме элемент ретінде енгізілсе, олар толық сөйлемнің басқа ешбір мүшесімен синтаксистік қатынасқа түспей, «бөгде» элемент ретінде қабылданады. Толымсыз құрылымды парцелляттар сөйлем деңгейіне жатқызылса, толымсыз құрылымды тіркес конструкциялар мәтін деңгейіне жатқызылады. Тіркес конструкциялар толымды сөйлеммен қосылып күрделі синтаксистік тұтастық құрайды.
Мұнымен қоса еңбекте бөлшектелген құрылымдардың үлгілері берілген. Олар жоғарыда айтылған славян тілдеріндегі бөлшектелген констукциялардың үлгілерімен біртектес. Айырмашылықтары тек әр үлгінің қолданылу жиілігі мен варианттарының өзгешіліктерінде ғана.
Жалпы алғанда, біз парцелляцияны жазбаша әдеби тілдің экспрессивтік синтаксисінің синтаксистік жағынан байланысқан мәтінді текст нүктемен ажыратылатын, интонациямен оңашаланатын бөліктерге бөлшектелу тәсілі деп түсінеміз.
Парцелляция құбылысын зерттеп жүрген лингвистердің түгелге жуығы негізге алып, одан әрі дамытып жүрген Ю.В.Ванниковтың анықтамасы бойынша «парцелляция дегеніміз» сөйлемнің яғни біртұтас синтаксистік құрылымның бөлшекеліп, бір не бірнеше тілдік интонациялық-мағыналық единицаларда, яғни фразаларда айтылуы.
Н.С.Валгина ауызекі тілден жазба тілге ауысқан құбылыс ретінде ұзақ пауза – нүктеден кейін шылаусыз, тек логикалық жағынан байланысатын тіркес конструкциялар (присоединение) парцелляция (расчленение) деп анықталатынын айтса, Р.П. Лисиченко: «парцелляция айтылыстың жеке бөліктерін бас айтудың (выделение) арқасында әр парцелляцияланған бөлікті айтылыстың актуалды элементіне айналдырудың күшті алмалы» — деп анықтайды.
Таппасаң, таптың. Алдың алатыныңды. Тобылға жүресің. Тап ертең жүресің! (С.Сматаев).
Аршагүл-ау! Сүйіншімді бер! Жоламан тірі екен! (С.Сматаев) деген сияқты бөлшектеуді Т.М.Николаева акценттік назар аударту, просадикалық ерекшелудің өзгеше түрі ретінде «ситуацияға шұғыл ендіру үшін ерекшелеу» деп атауды ұсынады.
Парцелляцияның біз айтып отырған мағынасында тексті бөлшектеудің негізгі белгісі нүкте болып табылады. Леп белгісі мен сұрау белгісі де осы қызметті атқара алады.
Көп ұзамай Есіл мен Ертістің аралығын тұтас жайлаймыз. Жетісу, Жайық, Сыр – бәрін. (М.Мағауин).
Дәрі жоқ па? Сүзекке… тұмауға… дизентерияға. Әйтеуір толып жатыр. (І.Жақанов).
Жазбаша әдеби тілдің әдісі болып табылатын парцелляцияның негізінде ауызекі сөйлеу тілінің дамуына еліктеу жатады. Сөйлеу барысында фразалар алдын ала ойластырылып дайындалып құрастырылған формула бойынша емес, ойдың ағымына қарай құралады.
Парцелляцияланған конструкция базалық не толық стурктураға және парцеллятқа, яғни толық емес құрылымға бөлшектеледі. Лингвистикалық әдебиеттерде сөйлем мүшесі не құрмалас сөйлемнің бөлігі түріндегі толық емес құралымдар, яғни парцелляттар өздері нүктемен ажыратылған толық не базалық құрымдарға қатысы жағынан да (тұтас құрылымды парцелляциялау нәтижесінде пайда болған бөлшек не толық құрылымға толық емес құрылымды біріктіру нәтижесінде пайда болған тіркес), грамматикалық статус жағынан да (дербес сөйлем, сөйлемнің дербес айтылыс түзетін бөлшегі, дербес синтагма, дербес фраза деп) мүлде әр түрлі анықталады.
Толық емес құрылым, яғни парцелляттың грамматикалық статусын лингвистикалық әдебиетте түрліше тұжырымдайды. Дегенмен, беріліп жүрген анықтамаларды екі топқа бөлуге болады.
Бірніш топқа парцелляттарды дербес жеке сөйлем не басқа сөйлеммен байланысы арқасында ғана мағынасы анықталып, сөйлем дәрежесіне көтерілетін толымсыз сөйлем деген анықтамаларды жатқызуға болады. (Кобзев, Звягинцев) Парцелляттарға А.А.Виноградов берген анықтаманы да осы топқа жатқызуға болатын сияқты. А.А.Виноградовтың анықтамасы бойынша, парцелляттар өзінің алдындағы автосемантикалық хабарлама мен бірігіп, бірыңғай семантикалық-синтаксистік тұтастық құрайтын, тексте сөйлемнен жоғарырақ деңгейдегі единацаның, «ерекше коммуникативтік тұтастықтың» қызметін, атқаратын синсемантикалық (көмекші) айтылыс. Осы тарауда біз анықтағандай, сөйлемнен күрделірек единица бірнеше сөйлемнен тұратын күрделі синтаксистік тұтастық болса, онда А.А.Виноградов автосимантикалық хабарламаны да сенсимантикалық (көмекші) айтылысты да жеке, дербес сөйлем деп бағалайды. Парцелляттардың бұл анықтамасына В.Г.Гактың тұжырымдамасы да біршама үнедес келеді. В.Г.Гактің парцелляттарды олардың бағыныңқы сипатына қарамастан дербес сөйлемше құрылған, бір айтылыстың интонациялық –оңашаланған бөлігі дей келіп, бүкіл парцелляцияланушы құрылымды сөйлем мен күрделі фразалық тұтастық арасындағы аралық форма деп қарастырады.
Екінші топқа жатқызылатын анықтамалар бойынша – парцелляттар-сөйлемнің жеке сөзді не интонациялық контуры бар және дербес айтылыстың ақпараттық жүктемесін иеленген сөз тіркесі бөлшегі (грамматика)
— сөйлемнің формасы бойынша құрастырған, дербес айтылыс болып оңашаланған тұтас айтылыстың бір бөлігі, бір сөйлемнің интонациялық және предикативтік жағынан тәуелді емес бөлігі. (Илия).
— сатылы сөйлемнің ерекше құрылымының дербес фазалық екпіні бар бөлігі. (Гвоздев).
— дербес синтагмалар (Андриевская).
— толық құрылыммен бірігіп тұтас айтылыс, біртұтас сөйлем құрайтын дербес фраза (Ванников).
Бұл топтағы анықтамаларға қарағанда барлық лингвистер парцелляттар сөйлемнің бөлігі деген пікірге келіседі де, парцеллят дербес айтылыс түзе ме — әлде толымды және толымсыз құрылым – парцеллят арасындағы пауза (жазбаша текстегі нүкте белгісі) тек фразалық шекара ма, айтылыс бүкіл парцелляцияланушы сөйлемге пара — пар ма, басқаша айтқанда толымды сөйлем мен толымсыз сөйлемдер қосылып бір айтылыс түзе ме деген пікір талас туғызады.
Жалпы, фраза, сөйлем, айтылыс күрделі синтаксистік тұтастық туралы анықтамаларды пайымдап, әдеби шығармалардан жинақтаған мысалдарды зерттеп, саралай келіп, біз осы екінші топтың екінші вариантындағы пікірді ең дұрыс тұжырым деген байламға тоқтадық. Сонымен, біздіңше, парцеллят тағымды сөйлемнің семантикалық және функциялық жағынан байланысқан құрылымдық компоненті болғандықтан, онымен бірігіп, сөйлемдердің барлық компонентетті арасындағы синтаксистік байланыстың тұтастығымен сипатталатын біртұтас айтылыс түзеді. Басқаша айтқанда, парцеллят дегеніміз – біртұтас сөйлем айтылыстың дербес фраза болып бөлініп, шыққан құрылымдық компоненті.
Парцелляция мен оңашаланған айқындауыштың тікелей байланысы, дәлірек айтқанда парцелляцияны оңашалаудың заңды екенін мынандай фактілер айқындайды.
1). Әдеби текстерден өзара өте ұқсас құрылымдар бірде оңашаланған айқындауыш ретінде үтірмен, не нүктелі үтірмен ажыратылған мысалдарды көптеп кездестіруге болады.
2). Сөйлем мүшелері не бағыныңқы сөйлем түріндегі парцелляттар құрылысына ешбір өзгеріс енгізбей-ақ өзінің алдында тұрған толымды сөйлем структурасына оңашаланған конструкция сияқты оп-оңай ене алады. Себебі алдыңғы толымды сөйлемнің аяғындағы оның орны «сақтаулы» болады.
Мысалы:
Соның бәрінің соңында кешірім жасайтын қайран халқым-ай. Кеңсіңдер ғой. (Д.Исабеков).
Қазір бәрі жақсарды. Қабағынан көріп жүрмін. (Д.Исабеков).
3). Парцеллят өте көп жағдайда, олар алдыңғы толымды сөйлемнің құрамында тұрса да, оны белгілі дәрежеде күрделендіріп, жайылта түскені болмаса, құрылысын бұзбайтын бірыңғай мүшенің бірі не бірыңғай сөйлемнің бірі болып келеді.
Сонау алыста өз туған үйінда, туған топырағында бұл ешқашан мұндай жалғыздық сезінген емес, азды-көпті өз басына, өз ортасына лайық жайсыздық көрсе де бүйтіп өгейсімейтін. Қайта құлшынып күресетін, айтысатын, дәлелдейтін. (Д.Исабеков).
4). Оңашаланған айқындауыш не оңашаланған бағыныңқы сөйлем өзі айқындайтын сөздің не басыңқы сөйлемнің алдында тұра алатыны сияқты парцеллят та базалық (негізгі) құрылымның алдында тұра алады.
Мысалы:
Асығыспыз, уақыт жоқ. Белгісіз кеңістіктегі белгісіз бөлшекке тез қайта айналуымыз керек. (Д.Исабеков).
Бірнеше бірыңғай бағыныңқы сөйлемдер базалық сөйлемнің алдына келгенде оның біріншісі соңғыларынан кейде нүктелі үтірмен, кейде нүктемен ажыратылады да, сөйтіп парцеллятқа айналады.
Жеке сөзді, бағыныңқы сөйлемді толымсыз сөйлемдердің толымдық құрылымдық алдында тұра алу қабілеті, оның ойға фраза аяқталып қойған соң ол аяқталар сәтте келген тіркес конструкция емес, сөйлемді бөлшектерге бөлшектеу нәтижесінде пайда болған парцеллят екенін айқын дәлелдейді.
Грамматикалық не коммуникативтік мақсатта сөйлемнің кез келген мүшесінің дербес синтагма болып оңашалану мүмкіндігі парцелляция құбылысы мен оңашаланған айқындауыштың ішкі бірлігін тағы да айқындай түседі.
Енді сонда оңашалану мен парцелляцияның арасында айырмашылық бар ма, бар болса олар қандай деген сауалға жауап берейік.
Нормативтік (мектеп) грамматикасы сөйлемге үнемі «екі финалдық пауза арасында, яғни нүктеден нүктеге дейін, орналасқан текстің бөлігі» ретінде түсінік береді. Сөйлемнің оңашаланған мүшелері еркін орын ауыстыру мүмкіндігіне ие болғанымен, сөйлемнің ішінде, оның құрамында қалады, ал парцелляттар өзідеріне базалық болатын сөйлем шегінен шығып кетеді және оның құрамына тең дәрежелі мүшесі ретінде ешбір құрылымдық өзгеріссіз, кейбір кездердегі сөз тәртібінің өзгеруін есептемегенде «қайтарыла» алады. Еңбекте келтірілген фраза, сөйлем, айтылыс шекараларының ара қатынасы туралы ереже бойынша оңашалау мен парцелляция арасындағы айырмашылық мынада: оңашалау кезінде фразаның интонациялық көрінісі күрделенеді, оның мелодикасы, айтылу темпі өзгереді, пауза ұзарады.
Ал парцелляция кезінде, бір сөйлем бірнеше фразада айтылғанда, оның интонациясы жеңілденеді. Жай, қысқа фразалардан тұратын сөйлеудің (речь) динамикалық үзіктілік әсері туады. Шын мәніде, сөйлем құрылымының күрделенуінде айырмашылық болмайды, себебі, парцелляция кезінде базалық (негізгі) құрылым мен парцеллят арасындағы грамматикалық байланыс бұзылмайды және екі құрылымда да (толымды және толымсыз) жазбаша тексте нүктемен белгіленетін пауза мен бөлінсе де екі не бірнеше фразада (парцелляттар санына байланысты) айтылатын біртұтас сөйлем құрайды.
Коммуникативтік тұрғыда оңашаланған мүшелі сөйлем мен парцелляцияланған сөйлем арасындағы айырмашылық шүбәсіз. Мәтінді жай оқығанда, оны талдауды айтпағанда, сөйлем, оның мүшелерінің орын тәртібі мен тыныс белгісіне қарамай, біртұтас құрылым ретінде қабылданады. Ал ауызекі сөйлеу кезінде мәтін сөйлем және фразалар ретінде қабылдайды. (Сөйлемнің тілдік инварианты мен сөйлем варианты арасындағысы негізгі айырмашылығы көрінеді). Сондықтан да, әрине, бізге күрделі интонациялық – кескіні, суреті бар жалғыз күрделі сөйлемнен гөрі бірнеше дербес фраза мен берілген сөйлем әлдеқайда жеңіл, әрі ыңғайлы көрінеді.
Парцелляциянған сөйлемді текст ауызекі сөйлеу тілінің үлгісі болып қабылданса, көптеген оңашаланған мүшелері бар сөйлемді мәтін әдеби өңделген, әдейі күрделенген құрылым болып қабылданады.
Парцелляция құбылысының бір күрделілігі оның қарама-қайшылықты сипатында: синтаксистік тұрғыдан тәуелді бөлік функциялық, коммуникативтік дербестікке ие болады. Айтылыстың тәуелді бөліктері өздері құрамында пайда болған құрылымның «құрсауынан босатылып» шыққандай болды.
Парцелляция құбылысында тағы да бір-біріне қарама-қарсы екі позиция: сөйлеуші және тыңдаушы (сөзді қабылдаушы) біріккен. Айтушы біртұтас бүтінді бөліктерге бөліп жеткізсе, тыңдаушы, түсінуші бөлшектелген бүтінді қайта қалпына келтіріп, біріктіріп, қабылдайды.
Парцелляцияның арқасында, әдеттегі синтаксистік құралдарға қосымша, сөйлем мүшелері мен жеке сөйлемдерді үйілтіп – төгілтпей жеңіл жайылту мүмкіндігі туады, парцелляция кейбір кездерде сөздердің синтаксистік байланысын ұйымдастыру және анықтау әдісі ретінде қолданады.
Бірыңғай мүшелер мен бірыңғай бағыныңқы сөйлемдерді парцелляциялау арқасында бұл синтаксистік единицалардың әрқайсысының акценттелуімен қатар, синтаксистік конструкциялар ықшамдалады. Жазба тілі ойды органикалық және байланысқан сөйлем түрінде жеткізе алатын болса, тездетіп хабарлау қажеттігі ойды жеткізу элементтерін, оны түсініп қорытуды жеңілдету үшін, жеке бөліктер түрінде беруге мәжбүр етеді. Мысалы,
Белгілі суретші – портретист. Бұл саладағы мен сыйлайтын адамдардың бірі, шығармалары екі рет жеке көрмеге қойылған. Жас. Дарынды. (Д.Исабеков).
Бұл «Абай» кемесі кең жойқын әлемде сенімді, түзу жол сызып, маңып барады. Алға барады, ұзап барады. (Д.Досжанов).
Жұмабай тағы бір ойдағы әңгімесін тұп-тура, қолма-қол бастап еді, онысы Құнанбайдың айтқан сәлемі екен. Сұрап келген деген бір үлкен сөзі екен. (М.Әуезов).
Парцелляцияны қолдану сөйлем мүшесін не бүкіл сөйлемдерді синтаксистік жағынан өрістетіп, кеңейтетін толымсыз құрылым – парцеллятты жаңа абзацқа көшу мүмкіндігін туғызады.
Мысалы,
Қырын отырған әкенің үлкен, кесел пішіні Абайға жартылай ғана көрінді. (М.Әуезов)
Одан өзінің оң жағында отырған Бөжейге қадалды. Бірақ Бөжей мен Байсал мызғыған жоқ. (М.Әуезов)
Ал ер талайы бәйгеге түсер қиын қыстау күн туса… өзгені білмейді, дәл жаңағы Томан бидің ат сауырын беріп, айдалаға тастап кетеріне, тіпті күмәнданбаған.
Жалғыз томан ғана емес. (М.Мағауин).
Кейде парцелляцияланған мүшелер соңғы бір сөзге ғана емес, алдыңғы барлық бірыңғай мүшелерге не бірыңғай сөйлемге қатысты болады.
Мысалы,
… бүкіл Сібір жұртына тірек болған тайпалы ел тұтасы мен қазақ шығып кетті. Көшкен жоқ. Бүкіл жұртымен, қоныс жайлауымен қосыла салған. (М.Мағауин).
Енді терістікке тура тартқан. Адасты. Ашықты. Азып-тозды. Бәрібір жетті. (М.Мағауин).
Еңбегі үшін жаны күйген жатақтар арлы-берлі алас ұрып шабуылдап, әркімге шағып көрген екен. Түк шығара алмапты. (М.Әуезов).
Бұл таза синтаксистік сипаттары мен мүмкіндіктерінен басқа парцелляция негізгі функциясының бірі – айтылыстың кейбір бөліктерін экспрессивтік жағынан бөліп көрсету. Бұл жерде бір ерекше атап өтетін қасиеті – парцелляция экспрессивтік синтаксистік басқа құрылымдарымен де бірге еркін қолданады. Мысалы, айтылыстың белгілі бір бөлігін ерекше акценттеу қажет болса, парцелляция инверсиямен қоса қолданады.
Мысалы,
Жалғанда осы бала жаттығымды тіршілігімде білмей-ақ қойса екен. Маратым – менің! (І. Жақанов).
Лагерьдегі сынық шеге мұның назарынан тыс қалар ма екен. Қазымыр. Шалдыртпайтын жылпос. Сергек. Комендант ганс Шулерге осы қасиетімен жаққан ол. (І.Жақанов).
Парцелляция әдісімен атаулы сөйлемнің негізгі сөзін тарату арсында номинативтің ең негізгі эксперссивтік сипатының бірі ықшамдылығы, тұжырымдылығы сақталады.
Қайран ауыл! Кіндік кесіп, кір жуған қасиетім. Медеттім. Алыстағы айбарым. Қысылғанда сиынар қорғаным. Жоқтаушым. (І. Жақанов).
Түн жым-жырт. Жел де жоқ. Бірақ сәл ғана білінген салқын бар.
(М.Әуезов).
Айтарсың. Осылай айтарсың. Қазақ баласы айтпағанды сен айтарсың Абай! Асылым. Шөлімдегі жалғыз алтын терегім. Шөлден шүлен болып туған серегім! (М.Әуезов)
Жалпы парцелляцияланған конструкцияларды екі негізгі топқа бөлуге болады.
1). Парцелляциясы құрылымдық жағынан жеңілдетілген конструкциялар.
2).Парцелляциясы құрылымдық жағынан қиындатылған конструкциялар.

Парцелляцияны жеңілдететін негізгі шарттар мыналар:
а) Парцелляцияттың құрамында парцелляцияға сигнал (белгі) болатын арнайы сөздің келуі.
ә) парцелляттың салыстырмалы түрдегі грамматикалық дербестігі.
Мысалы,
Сұлтан тобы палауға қарамас та еді. Ет тұрғанда қай көшпенді ботқа жемек. Жай ет емес, таңсық құс еті. (М.Мағауин).
Мен тек ыстық көлдің кермек суын ұрттап байқадым. Суыбір түрлі бал татиды. Шәрбәт. (І.Жақанов)
Ұлжан Абайды көптен, қыстан бері көрмеген. Ана көңілі сағынышты еді. (М.Әуезов)
Ас батпады. Рас, ет өте қатты екен. Түгел шандыр мен сіңір сияқты. Арық әрі дәмсіз. (М.Мағауин).

Бір тиянақты, тұжырымды ойды бірнеше бөлшектелген сөйлемдер арқылы жеткізу қазақ авторларының көркем шығармаларында бұрыннан қолданылып келе жатқан мысалдардан көруге болады.
Желіден аулақ арқандайық. …Былайырақ (Ғ.Мүсірепов).
Топ осы тұста Сұлтанмахмұт жүйемелете жөтеліп қалды. Қытқыл жөтел. (Д.Әбілев).
Жүрегі дүрсілдеп кетті. Бірақ шошынбады. (Ғ.Мұстафин)
Бейшеннің мына бір әні тек маған арналғандай. Маған ғана сыр шерткендей. Мен бұл әнге құмармын! Ынтықпын! (І.Жақанов)
О. Тоба! Рас па, өтірік пе? Полонез! Мен іздеген полонез осы ма? Бірақ мынау… мынау… баяғыдан өзгеше ғой. Ия,… иә.. сол. Соның дәл өзі. Ендншн бұл полонез! (І.Жақанов)
Синтаксистік тұрғыдан қарағанда осы мысалдардан мынаны аңғаруға болады: бұлар қалай да екі топ сөйлемдерден құралған, себебі алдыңғы сөйлемдерді әрі сөз тіркесіне, әрі сөйлем мүшесіне, сөйлем түрлеріне талдауға болады.
Бірінші топтағы әрібр сөйлемнен соң келетін жеке сөйлемдердің компоненттері деп қарауға келе бермейді. Дұрысында бұл синтаксистік топтар алдыңғы сөйлемдердің айқындауыштары қызметін атқарады. Бірақ бұл синтаксистік топтар басқа айқындауыштардан, бңрңншңден, сөйлемнен тыс оқшау қолданылуы жағынан, екіншіден, синтаксистік қызметі жағынан, ІІІ-ден, тұлғалық ерекшеліктері тарапынан да ерекшеленеді.
Сол сияқты, бұл синтаксистік топтарды әдеттегі толыфмсыз сөйлемдер деп те тануға болмайды. Толымсыз сөйлемдер көбінесе, тұрлаулы мүшелердің қатысына негізделетіні белгілі. Оның үстіне ол сөйлемдердің қалайда предикативтілік мәнде екендігі де айқын. Сонда олар – кейде бір емес, әлденеше рет өз алдына сөйлемдік қасиеті айқын емес алдыңғы тиянақты сөйлемнен кейін оқшаулау тұрған бір топтар. Міне, осындай жеке сөзді, сөз тіркесті, тіпті сөйлемдік дәрежедегі топтардың әрқайсысы өзіндік ыңғайда қалыптасып, тілімізде орын алып отыр. Сөйлем мүшесі жеке өзі негізінде тек диалогта, «Түн. Жымыңдаған жұлдыз» тәрізді атаулы сөйлемдер де ғана болмаса, әдетте олай қолданылмайды. Енді солай қолдану тілдің синтаксистік құрылысының өзіндік бір ерекшелігіне айналды. Олар енді әдеби тіл нормасына айнала бастады. Тіл ғылымында «парцеллят» деп аталатын ондай синтаксистік бөлшектерді авторлар «қосалқы сөздер» деп атауды дұрыс көріпті. Әдеттегі жай сөйлемнен қосалқы синтаксистік топтың негізгі айырмашылығы – бірінің дербестілігі, екіншісінің семантикалық тәуелділігі, толымсыздығы. Сонда қосалқы синтаксистік топтар өз алдына оқшау қалпында синтаксистік объектіге арнайы жата қоймайтын категория болып шығады. Ол синтаксистік топтар тек басқа бір, яғни, алдыңғы сөйлемнің ажырамас бір бөлігіне соны жан-жақты айқындайтын категория ретінде қолданылады. Қосалқы сөз ретінде алынатын жеке сөз де, сөз тіркесі де не тұтас сол негізгі сөйлемге қатыстылығымен, не соның ішіндегі жеке бір сөзге қатыстылығымен байқалады. Сонда парцелляция жеке сөзді, сөз тіркесті, сөйлемді түрде сол өзі қатысты сөйлемнің (І-ден) біріншіден айырылмас бір бөлшегі іспеттес, екіншіден, мағыналық жағынан тиянақтаушы, үшіншіден, не тұтас сөйлемге не жеке бір мүшесіне қатыстылығы, төртіншіден бірақ ол қатысты сөздермен әдеттегі айқындауыштар сияқты тұлғалық жағынан кейде ұқсас кейде ұқсас еместігін де ерекшеленеді. Бұған қарағанда ондай синтаксистік топтар қалайда өзі қатысты сөйлемнің ажырамас бір бөлігі , айқындауышы тәрізді, бірақ олар өз алдына жеке қолданылмайды. Сондықтан да алдыңғы сөйлемнен бөліне алмайтын синтаксистік қосалқы топтар. Олардың үш түрлі тұлғада жұмсалатын тілдік фактілер дәлелдейді. Ал құрамын сөз санына қарап та ажыратуға болады. Бірақ бұл қосалқы топтардың құрамын талдау, стилистикалық қызметін анықтау жеке-жеке бірнеше еңбекке тақырып бола алады. Себебі, жалпы түркологияда парцелляция арнайы сөз болған жоқ.
Парцелляцияны теориялық бағытта зерттегенде бір қатар сұрақтар туындайды. Бұл сұрақтарға жауап беру тілдегі осы құбылыстың табиғаты мен болмысын, оның тілдегі қызметі мен ерекшеліктерін, стилистикалық мәнін ашу үшін өте қажет боп табылады.
Парцелляция құбылысын зерттеп білу үшін алдымен қазақ тілінде әлі өз анықтамасын таппаған кейбір түсініктердің мәнін ашып алуымыз керек. Біріншіден, әзірше қазақ тілінде кең қолданылмайтын, бірақ лингвистикамызға қажетті «айтылыс» түсінігіне анықтама беру. Екіншіден, «айтылыс», «фераза» және «күрделі синтаксистік тұтастық» түсініктерінің ара жігін ашып нақтылау проблемасы.
Қазіргі қазақ тілінде парцелляция құбылысы енді ғана зерттеу нысанасына айналғандықтан, парцелляция құбылысының болмысын, оның көлемін, яғни түрлі семантикалық-грамматикалық кластарға жататын сөйлем мүшелеріне қатыстылығын, сонымен қатар бір семантикалық класқа жататын парцелляцияланған және парцелляцияланбаған мүшелердің сөйлемдегі грамматикалық мәні мен қызметінің ара қатынасын да анықтау қажет болып табылады. Ең негізгі проблема -өзінің алдындағы не өзінен кейінгі толық құрылымға тең дәрежелі мүше ретінде нен алатын сөйлемнің оңашаланған мүшелері тектес, толық емес құрылымдар – парцелляттардың статусын анықтау парцелляция құбылысының синтаксистік, стилистикалық болмысын ажырата анықтау; сөйлемнің парцелляцияланған мүшелерінің синтаксистік және стилистикалық қызметтерін анықтау.
Осы аталған мәселелерді шешуді біз синтаксистік бірліктердің иеархия мәселесінен, яғни синтаксистік бірліктердің тілдік деңгейде даму (өсу) сатысына қарай ара қатынасынан бастайық.
Қазақ тілінің лингвистикалық әдебиеттерінде «айтылыс» ұғымына түсінік берілмейді. Жалпы бұл терминнің өзі тек қана Қ.Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» қолданыс тапқан. Сонымен қатар осы «айтылыс», «сөйлем», «фраза» ұғымдарын ажырату типтері де ашылмаған.
Фразаға қазақ тілінде мүлде ешқандай анықтама берілмеген. Сонымен, фраза дегеніміз – интонациялық-мағыналық бірлікті білдіретін сөйлеу тілінің ең кіші дербес единицасы, басқаша айтқанда, бұл нақты коммуникативтік ситуацияға жетерлік белгілі мағына жүктелген, сөйленістің аяқталған бөлігі. Жазбаша тексте аяқталған фразаны шектемейтін финалдық таңбалардың бірі: нүкте, сұрақ, леп белгілері немесе …. ал ауызшада тиісті интонация білдіреді. Сөйлемнен фразаның айырмашылығы оның құрылымдық тұтастығы болмауы да мүмкін.
Ең басты единицалардың бірі ретінде сөйлемге біршама нақты анықтама беріліп, қызметі тиянақталған. Х.Қ.Арғынов сөйлемге «тиянақты ойды білдіретін» бір я бірнеше сөздің тіркесі»-деп ең қысқа тұжырым жасаса, А.Байтұрсынов: «Сөйлем дегеніміз – сөздердің басын құрастырып, біреу айтқан ой» — деп анықтаған. Ең толымды, әрі тұжырымды анықтама «қазіргі орыс әдеби тілінің грамматикасында» берілген: «сөйлем дегеніміз – хабарлаудың дербес синтаксистік единицасы, оның мағынасы предикативтік, формасы – синтаксистік шақтар мен райларды білдіретін арнайы грамматикалық тәсілдердің жүйесін қамтып, иеленген ең кіші құрылымдық үлгі» Қ.Аханов та осы анықтаманы қолдайды. Ш.Балли «Сөйлем-ойды хабарлаудың ең қарапайым мүмкін формасы»- деп қорытқан.
Тілдік ұғым ретінде «айтылыс» нақты анықталмаған және көбінесе мүлде әр түрлі бағытта түсіндіреді. Бұл өзі сөйлеу синтаксисінің кең көлемді единицасы. Айтылыстың коммуникативтік бағыттылығы – оның ситуациямен байланысында.
Айтылыс – қатынастың реалды единицасы ретінде тіл мен сөйлеудің бірлігін көрсетеді. Ю.В.Ванниковтың тілдік материалды талдағанда сөйлем мен фразадан бөлек ерекше единица айқындалады деп тауып, оны шартты түрде «айтылыс» (высказывание) деп атап төмендегіше анықтама береді. «Жалпы түрінде айтылыс дегеніміз сөйлеу тізбегінің бір бөлігі, ол бір сөйлем құрайтын бір немесе бірнеше фразадан тұрады».
Күрделі синтаксистік тұтастық туралы Р.Сыздықова «Бұл категория қазақ тіл білімінде әлі күнге дейін жан-жақты сөз болмай келеді. Оның белгілері, табиғаты тұтастыққа енген компоненттердің бірігу амалдары деген тәрізді жайттар зерттелген емес. Сондықтан бұған тіл мамандарының назарын аударамыз»-деп, бұл мәселені сонау 1970 жылы алға тартса да, бұл мәселе соңғы жылдары ғана зерттеу объектісіне айнала бастады.
Р.Сыздықова, Н.С.Поспеловтың: күрделі синтаксистік тұтастық жеке сөйлемге қарағанда, автордың аяқталған жеке бір ойын білдіретін әлдеқайда үлкендеу синтаксистік автономия (дербес единица) болып табылады және ол әр қилы амал-тәсілдермен өзара байланысқан сөйлемдер тобынан тұрады. Ал тұтас текстің құрылымын синтаксистік жағынан талдағанда, әр бір жеке сөйлемді алып, соларға қарай талдамай, айтылған ойға (высказывание) қарай анализ жасау қажет деген пікірін құптайтынын білдірген. Ендеше мен де осы пікірге қосыла отырып, күрделі синтаксистік тұтастық-арнайы синтаксистік байланыс арқылы біріккен және белгілі бір мағыналық бірлікті құрайтын бірнеше сөйлем тобы деген тұжырым жасаймын. Күрделі синтаксистік тұтастықтың құрамына фразаға бара бар жай сөйлем, бірнеше фразамен берілген интеграцияланған сөйлемдер кіреді.
Күрделі синтаксистік тұтастық кейде күрделі айтылыс деп атайды, алайда сөйлем деңгейінде айтылыстың «тілдік нақтылығы болып, сөйлем мен фразаны біріктіретін тіл мен сөйлеудің единицасы» болса, текст деңгейінде «күрделі айтылыстың» тілдік нақтылығы болмайды, өйткені бұл жағдайда ол күрделі синтаксистік тұтастықтың синонимі болып кетеді. Бұл мәселені А.Жакупов қарастырған.
Парцелляцияның табиғаты мен болмысын анықтауға өте қажетті келесі проблема – парцелляцияға өте жақын кейде бара бар болып есептеліп жүрген оңашаланған айқындауыш мүшелер мен тіркес конструкциялар мәселесі. Бұдан алдымен оңашалнған мүшелердің басын ашу қажеттігі туады. Оңашаланған айқындауыштар кейбір әдебиеттерде бір фразаның ішіндегі «жартылай парцелляция» деп аталып жүр. Бұл анықтамаға сүйенсек, оңашаланған мүшелер толық интонациялық — семантикалық бөлшектелуге (парцелляциялануға) бейімірек деп болжалауға мүмкіндік бар. Енді осы тілдік материалға түсінік беру үшін тағы екі мәселені шешу қажет. Бірінші мәселенің мәні мынаған тіреледі: оңашаланған айқындауыш мүшелер фразадан толығымен бөлшектеліп шығарылмайтындықтан, оңашалау интонациялық-семантикалық құбылыс па, әлде сөйлем құрылысының грамматикалық (структуралық) элементі ме?
Бұрыннан қалыптасқан бірінші көзқарас бойынша оңашаланған айқындауыш грамматикалық құбылыс болып есептеледі.
Айқындауыш анықтайтын сөзінен кейін тұрып, көбінесе оның лексикалық мағынасын, мүшелік қызметін басқа сөздермен дәлдеп толықтырады. Не қосымша көлденең сапасын көрсетеді. (М.Балақаев). Орыс грамматикасында Востоков, греч, буслаевтан бастап оңашаланған айқындауышқа «қысқартылған бағыныңқы сөйлем» деп қалыптасқан және де бұл көзқарас белгілі бір дәрежеде қазіргі кейбір лингвистерден қолдау тауып отырғанымен, бұл жағдайда құрмалас сөйлемнің формальды ерекшеліктері мүлде ескерілмей қалады.
Екінші көзқарас бойынша оңашаланған айқындауышты логикалық-мағыналық және коммуникативтік аспектісінен қарағанда айқындап, дәлелдеп, толықтырушы қызметімен қоса оның үлкен коммункативтік жүктемесі бар, жартылай предикативтілігіне баса назар аударамыз. Оңашаланған айқындауышқа үшінші көзқарасты «таза интонациялық» деп атауға болады. Бұл пікір бойынша оңашаланған айқындауыш негізінен интонациялық – пунктуациялық категория деп қарастырады. Олар айқындайтын сөздерінен және сөйлемдегі басқа мүшелерден дауыс ырғағы арқылы оқшауланып айтылады да, жазуда көбінесе екі жағынан үтірмен бөлінеді. Орыс тіл біәлімінде оған ең алғашқы болып анықтама берген. А.М.Пешковский. ол оңашаланған мүшелер мен бағыныңқы сөйлем арасындағы интоациялық –синтаксистік ұқсастықты (аналогияны) сақтай отырып, айқындауыштың табиғаты мен механизміне таза интонациялық құбылыс ретінде дербес сипаттама берді. Ол «оңашаланған мүше дегеніміз жалғыз не өзіне бағынышты басқа мүшелермен қоса ритм мен мелодия жағынан жа және өзін қоршаған өзге мүшелер мен байланыс жағынан да бағыныңқы сөйлемге ұқсас мүше» — деп сипаттайды. Алайда, А.М.Пешковскийдің тіл мен сөйлеудің (ауызекі тілдің) категорияларын ажыратпауы синтаксистік анализ кезінде әр бағытты құбылыстарды бір жүйеге (топқа) жатқызуға әкеліп соқты. Олардың арасындағы сапалық айырмашылықты жойды. Сондықтан да ауызекі тілдің (сөйледің) интонация құбылысы сөздердің синтаксистік құрылыс құбылысымен бір қатарға қойылады да, ауызекі сөйлеу тілінің фонетикалық құбылысы грамматикаланып, ол тілдің грамматикалық, синтаксистік системасына енгізіледі. Оңашаланған айқындауыш туралы айтылғандарды қорыта келгенде сөйлемнің кез-келген мүшесін оңашалау – фразаның интонациялық-синтаксистік элементі екенін атап айтамыз және синтаксистік оңашаланудың көрсеткіші болады. Сөйлем мүшелерін оңашалаудың көрсеткіші болады. Сөйлем мүшелерін оңашалаудың өзіндік синтаксистік алғы шарты және коммуникативтік себебі бар. Алғы шартқа мыналар жатады:
1). Сөйлемнің оңашаланушы мүшесі мен айқындалушы мүшесі арасында берік байланыстың болмауы.
2). Сөйлемнің түрлі салаластық және сабақтастық және сабақтастық байланыстармен күрделеніп кетуі.
Осыдан барып екі мәселе туады.
Егер оңашаланған айқындауыштар фраза құрылымының интонациялық мағыналық элементі болса, онда оның (сөйлеудің, фразаның) сөйлемдегі интонациялық-мағыналық көрінісінің бір тәсілі – парцелляциядан түпкілікті айырмашылығы болмағаны. Ендеше оңашаланған айқындауыш пен парцелляция бір мәнді құбылыс. Бұл біртектіліктен: сөйлемнің оңашаланған мүшелерінің парцелляциялануы мүмкін бе? – деген сұрақ пайда болады, оңашаланған айқындауыштың бар мәні – фразаның кейбір бөлігінің фраза ішінде салыстырмалы оңашалануы екенін айтқанбыз. Ал, егер, оңашаланған айқындауыш толығымен бөлшектеліп, жеке дербес фраза күйіне ене енсе, оны біз оңашаланған айқындауыш емес, парцелляция деп қарастырамыз. Төмендегі екі мысалды салыстыра отырып, оңашаланған айқындауыш пен парцелляцияның айырмашылыған анықтайық.
1). «Міне, қараңыз, Константин Владимирович, біз сарайдан, мына ағаштардың арасынан, не таптық».
2). «Міне, қараңыз, Константин Владимирович, біз сарайдан не таптық! Мына ағаштардың арасынан!
Екінші мысалда жекеленіп бөлшектелген фраза айқындаушы пысықтауыш емес анықтаушы мәні бар пысықтауыштың парцелляциялануы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Парцелляция құбылысының әр деңгейде жасалу жолдары мен ерекшеліктеріне, қызметіне тоқталып, талдау нәтижесіне қарап отырып, мынандай қорытынды жасауға болады:
1. Бөлшектелген құрылым дегеніміз белгілі бір көңіл-күйді білдіру үшін қолданылатын, өзара нүктемен бөлінген бір ортақ коммуникативтік информациялық ойдың желісімен байланысқан бірнеше фразалардың, сөз тіркестерінің немесе сөйлемдердің тізбегі. Құрылымның басты коммуникативтік информациялық ойды білдіретін бөлігі негізгі сөйлем (НС) деп аталады да, басты ойға қосымша информация реңк беретін бөлігі қосалқы (парцеллят) деп аталады.
2. Парцеллят дегеніміз толымды сөйлемнің семантикалық және функциялық жағынан байланысқан структуралық компаненті. Ол толымды сөйлеммен бірігіп барлық компоненттері арасындағы синтаксистік байланыстың тұтастығымен сипатталатын біртұтас айтылыс түзеді. Басқаша айтқанда парцеллят дегеніміз дербес фраза болып бөлшектелген біртұтас сөйлем-айтылыстың структуралық компоненті.
3. Парцелляция, яғни бөлшектеудің семантикалық, синтаксистік, стилистикалық, қызметін салыстыра, қорыта келіп, оны тек әншейін грамматикалық құбылыс емес, көркем әдеби текстің эмоциялық-экспресивтігін жеткізуге қайталау, инверсия, әсірелеу т.б амалдармен қатар маңызды рөл атқаратын көркемдегіш фигуралардың бірі деп қарауға болады.
4. Парцелляция амалы шығармашының стильдік ерекшелігіне қарай әр жазушыда әр түрлі жилікпен қолданылатынына қарамай, соңғы кезде, әсіресе қазіргі қазақ әдеби тілінде қолданылуы жиелеп келе жатқан құбылыс.
5. Парцелляцияға өте бір күрделі құрылымдармен қатар қарапайым, жай құрылымдар да ұшырайды.
6. Жай сөйлемнің кез келген мүшесі оның құрамынан бөлшектеліп шығарылып, қосалқы бола алады. Соның ішінде бөлшектеуге негізінен базалық сөйлемді дамытып, жайылтушы бірыңғай мүшелер мен сөйлемдер оңай «көнеді».
7. Негізгі сөйлемнен тысқары бөлшектеліп шығарылатын қосалқы негізгі сөйлемдегі басты ойға қосымша мағлұмат, реңк беріп, толықтырушы, айқындаушы, қызмет атқарады.
8. Сөйлемнің қосалқы «қызметіне ауыстырылып», бөлшектеп шығарылған мүшесі қосымша мағлұмат берумен қатар өзі де, актуализацияланып, акценттеліп, «көрнекті» позицияға қойылады, әрі олардың дербестігі артады.
9. Бөлшектеу тәсілі құрмалас сөйлем деңгейінде қолдануға өте тиімді. Себебі бөлшектеу нәтижесінде тым күрделі, шұбалаңқы құрылымдар ықшамдалып, оқырманның қабылдауына, түсінуіне жеңіл бірнеше фразалармен сөйлемдер пайда болады.
10. Бөлшектелген құрылымдарды қосалқылардың құрамына қарай төрт типтік үлгіге бөлуге болады.
1. Бірінші үлгі – бір қосалқылы. Бұл үлгі бөлшектеудің барлық деңгейінде, яғни жеке сөз, сөз тіркесі, жай сөйлем, салалас құрмалас, сабақтас құрмалас сөйлем деңгейінде кездеседі және жеке сөз болғанда сөйлемнің барлық мүшелері де бөлшектеліп, қосалқының қызметін атқара алады.
2. Екінші үлгі – бірнеше қосалқылық құрылымдар.
Бұл үлгі де барлық деңгейде кездеседі. Бірнеше сөйлем – қосалқы құрылымдарды күрделі синтаксистік тұтастық ретінде қарастыруға болады. Бұл үлгінің мысалдары өте көп.
3. Үшінші үлгі – қосалқының орнына қарай топталған.
І вариант – постпозициядағы қосалқы, яғни парцелляттың негізгі сөйлемнен кейін орналасуы бұл қосалқылардың негізгі позициясы, сондықтан осы вариант кең тараған, парцелляцияның ең жиі кездесетін түрі.
ІІ вариант – қосалқының негізгі сөйлемнің алдында орналасуы яғни, препозициядағы парцеллят. Бұл жағдайда ерекше пәрменді позицияға ие болады, яғни айтылыстың темасына айналады.
ІІІ вариант – аралық позиция, яғни интерпозициядағы парцеллят. Бұл жағдайда қосалқы негізінен жеке сөзді болады да алдында және соңында дербес толық сөйлемдер болады, ал қосалқы өзінің алдындағы сөйлеммен де өзінен кейінгі сөйлемнен де тең дәрежедегі лексика-семантикалық байланыста болады және ешбір синтаксистік өзгеріссіз-ақ алдындағы сөйлемге де соңындағы сөйлемге де толық мәнді мүшесі ретінде қосыла алады.
ІV вариант – қосалқының жаңа абзацтың басында орналасуы. Бұл вариант та өте кең тараған, әсіресе М.Әуезов шығармаларында. Жаңа абзацтың басында тұрған парцеллят екі абзацты байланыстырушы қызмет атқарады.
V вариант – қосалқы өзі қатысты негізгі толық сөйлемге, өзі анықтайтын мүшеге, я базалық сөйлемдегі өзімен бірыңғай мүшеге жанаса, яғни контактылы орналасады.
VІ вариант – қосалқы өзі қатысты сөйлемнен, өзі анықтайтын мүшеден, я өзі мен бірыңғай мүшеден алшақ, яғни дестантты орналасады. Бұл жағдайда негізгі сөйлем мен қосалқы немес онымен байлынысты сөз арасында:
1. базалық сөйлемнің басқа мүшелері
2. бағыныңқы сөйлемдер
3. базалық сөйлем ішіндегі қыстырма сөйлем
4. айқындауыш мүшелер
5. базалық сөйлем мүшелерінің біріне қатысты басқа парцеллят (сатылы-тізбекті байланыс)
6. қыстырма, толықтырушы немесе анықтаушы қызметіндегі басқа дербес сөйлем орналасады.
10.4. Төртінші үлгі – байланысу түріне қарай:
І вариант – негізгі сөйлем мен қосалқы жарыса яғни параллель байланысады. Бірыңғай мүшелі, біртекті сөйлемді қосалқылар тең дәрежедегі қызмет атқарып, негізгі сөйлеммен жарыса байланысады.
ІІ вариант – қосалқылар өзара тізбектеле байланысып, негізгі сөйлеммен сатылай байланысады. Бұл негізінен әртекті қосалқылар арасындағы байланыс.
ІІІ вариант – аралас байланысу. Бұл негізінен күрделі синтаксистік тұтастыққа тән байланысу, себебі бұл жағдайда бір базалық сатылай да байланысады.
11. Неғұрлым мықты логикалық-семантикалық байланыс үзіліп, парцелляция «қиындатылған» болса, айтылыстың көркемділігі соғұрлым артып, парцелляттың мәні соғұрлым күшейеді.
12. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы шығармаларда бөлшектелетін құрылымдардың көлемімен қатар негізгі сөйлемнен бөлшектеліп шығарылған қосалқылардың көлемі де қысқартылып, ықшамдалуы кеңінен тарап келе жатқан құбылыс. Қосалқы ретінде ешбір анықтаушы, толықтырушы мүшесіз жеке сөздер өте жиі кездеседі. Негізгі сөйлемнен кейін жеке сөзді қосалқылар тізбегінің келуі қазіргі проза тілінде «үзік» стиль әсерін тудырады.
13. Парцелляция дегеніміз күрделі синтаксистік тұтастықты идеялық-көркемдік мақсатта әдейілеп бөлшектеу болып табылады.
14. Көркем әдеби шығармаларды зерделеу барысында табылған мысалдарды негізге ала отырып, парцелляция құбылысы қазіргі әдеби тілде актив амалға айналды деп есептеуге болады.
15. Бұдан былай парцелляция амалы синтаксистік стилистиканың заңды единицасы болып бекитіні күмән туғызбайды және бұдан былай бөлшектелген сөйлемдерді стильдік категория қатарында тұрақтандырып, қолданысқа енегізу жөн деген ұсыныс жасалады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. М.Б.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Мақасбаев «Қазақ тілінің стилистикасы» А, 1974.
2. А.Байтұрсынов «Тіл тағылымы» Алматы Ана тілі 1992.
3. Р.Әміров «Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері» А, 1977.
4. Р.Сыздық «Сөз құдіреті» А, «Санат» 1997.
5. М.Б.Балақаев, Т.С.Сайранбаев «Парцелляция және оны аудару». Аударманың лексико-стилистикалық мәселелері. А, 1987.
6. Е.В.Литвиненко «Семантическое и синтаксическое осложнение структуры предложения в результате обосовления и парцелляции и его компонентов». К, Гос Университет 1984.
7. Валгина С.Н. О предикативной осложненности предложения (на материале конструкции разговорного синтаксиса) «Филогические науки» 1978. №5 стр 58-64.
8. Ш.Балли общая лингвистика и вопросы французкого языка. «Иностранная литература» М, 1955. стр 416
9. С.Е.Кручков О присоединительных связах в современном русском языке «Вопросы синтаксиса современного русского языка» М, 1950.
10. Шерба Л.В. Избранное работы по русскому языку М, 1957.
11. Ж.Е.Петрашевская К вопросу о парцелляции как приеме экспрессивного синтаксиса. Проблемы грамматики и стилистики английского языка М, 1973.
12. Белашапкова В.А. Сложное предложение в современном русском языке М, 1967.
13. Покусаенко В.К. К вопросу о парцелляции сложных бессоюзных преложений. Влпросы синтаксиса современного русского литературного языка Р-ка Д. 1973.
14. Ю.В.Ванников «Синтаксические особенности русской речи» (явление парцелляции) М, УДН 1969.
15. С.Орынбасарова Парцеллированные конструкции постановка вопроса и степень его изученности Поиск, 1997. №2 36-40.
16. Жакупов А. Сложные синтаксические единства в современном казахском языке авторев дис канд 1990.
17. Сафиулина Д.С. Явления парцелляции в современном татарском языке (Советская тюркология –Б, 1974. №4 5-12
18. Аханов Қ. Тіл білімінің негіздері. А, «Санат» 1993.
19. Х.Арғынов. Қазақ тілі 9 класқа арналған оқулық. А, Мектеп. 1980.
20. Пешковский А.М. Русский синтаксис в научном освещении. М, 1956.
21. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов «Советская энциклопедия» М, 1969.
22. Валгина С.Н. Синтаксис современного русского языка М. Высшая школа 1973.
23. А.А.Виноградов К вопросу о дифференции явлении парцелляции и динамического присоединения (Вопросы языкознания) 1981 №3 98-110.
24. С.Аманжолов Қазақ әдебиет тілі синтаксисінің қысқаша курсы. А, «Санат» 1994.
25. Шалабаев Б. «Қазіргі қазақ ітілндегі синтаксистік тұтастық» Қазақ филология ІІ кітап. А, 1975.
26. М.Ақыжанова «Қазақ тіліндегі парцелляция құбылыс» А, 2001.

 

 

 

 

Пайдалынған көркем әдебиет тізімі

1. Ш.Айтматов “Боранды бекет” А., Жазушы 1986.
2. М.Әуезов “Абай жолы” І-ІІ т. Жазушы 1989
3. Д,Досжанов “Мұқтар жолы”. А., Жазушы. 1988.
4. І.Есенберлин. Шығармалар жинағы. 1-10 том. Жазушы
5. І.Жақанов “Махаббат вальсі” А., Жазушы 1980
6. І.Жақанов “Ықылас”. А., Өнер. 1990
7. Д.Исабеков Таңдамалы. 1,2 том. А., Жазушы 1993
8. М.Мағауин “Аласапыран” А., Жазушы 1988
9. Ғ.Мүсірепов Таңдамалы 1,2,3, том. А., 1980
10. З.Шашкин, “Тоқаш Бокин” А., Жазушы 1978.

 

 

 

 

 

 

 

 

Қолданылған терминдер

Парцелляция – бөлшектеу.
Парцеллят – қосалқы
Параллельная связь – жарыса байланысу.