[:kz]
Сайлау кезінде Әміржан Қосановты қолдап, халыққа үгіт-насихат жүргізген Дос Көшім сайлаудан кейінгі алғашқы пікірін білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Дос Көшім сайлаудан кейін біршама уақыт елдегі жағдайлар жайында тіл қатпаған. Барлық заң бұзушылық пен әділетсіздікті талқылап ел алдына шыққан Досмұхаммед мырза:
«Әрине, қазір кеш шығар. Біз барлық материалды жинап шыққан соң ғана толық мәлімет беруге болады. Қазіргі таңда біздің көріп отырғанымыз бір ғана нәрсе, ол сайлаудың әділетсіз өткені. Сайлау ашық, демократиялық түрде өткен жоқ. Бақылаушылардың құқығы бұзылды. Оларға қысым көрсетілді. 90 пайыз бақылаушыларды сағат 21:00 болмай жатып учаскеден қуа бастады. Біздің орталық штаб хаттамалардың тек 10%-ын ғана алды. Біз негізінде 70-80% бақылаушылардан жауап аламыз деп ойлағанбыз. Биліктегілер біздің хаттаманы алғанымызды қаламаған секілді. Бақылаушылардың қолында хаттама болмағанымен, Құдайға шүкір, қазір барлығында гаджет бар. Сол арқылы біз сайлаудың әділетсіз екенін дәлелдей аламыз. Біз қазір 10000-нан аса заң бұзушылықты тіркеп отырмыз. Менің білетінім, халықтың білетіні сайлау әділетсіз өтті.»,- деді.
«Сайлау әділ, ашық түрде өтеді» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы:
«Қасым-Жомарт Кемелұлы да Нұрсұлтан Назарбаевтың тобында болған адам, ол топ ішінде бұрыннан бар. Ол да осы авторитарлық жүйенің құрамында болған. Абыройлы жұмысы үшін халық Тоқаевпен бірге саяси реформа келетін шығар деп ойлады. Саяси реформа тек сайлау әділ өткен кезде ғана болады.»,- деді.
Сөзін толықтыра келе:
«Меніңше, халықаралық бақылаушылар өте аз. Олар топпен жұмыс жасап жатыр. Әрқайсысы 2-3 учаскені ғана тексере алды, ал қалған жерлерде барлығы ойына келгенін істеген шығар»,- деді Дос Көшім.
Qamshy.kz
[:]