[:kz]
Грузияда қазақстандық Әсел Айтпаеваның өліміне кінәлі күдіктінің адвокаты Тордуа Лаша Шукакидзе даулы мәлімдеме жасады. Сөзінше, айыпталушы Бесик Тордуа мен көз жұмған бойжеткен некелеспекші болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Грузияға сілтеме жасап хабарлайды.
«Айтылып отырған айыптаулардың барлығы да негізсіз. Менің қорғауымдағы азамат пен марқұмның арасындағы қарым-қатынас жақсы болған. Тіпті, ол бойжеткенге үйленейін деген. Мұны дәлелдейтін айғақтар бар. Айыптаушы тарап тек жазбадағы әңгімеге арқа сүйеп отыр. Алайда түпнұсқаны тыңдайтын болсақ, онда Тордуаның байсалды түрде сөйлегені естіледі. Оның дауысынан ешқандай дөрекілік байқалмайды», — деді адвокат.
Бұған қоса, адвокат күдікті мен марқұмның арасында жанжалдың болмағанын куәгерлер де растап отырғанын жеткізді. Сөзінше, Айтпаева өз еркімен Тордуаның үйіне 30 сәуірде көшіп келген.
«Ол өзінің қалауымен айыпталушының үйіне көшіп келген. Әпкесінің күйеуі Мурад қызды екі күн бойы зорлаған. Бұл туралы Әсел 30 сәуірде Тордуамен дүкен аралап жүргенде айтқан. Мұны естіген Тордуа Руставиде қалуға уәде берген. Сол уақытта Әсел ешқайда кеткісі келмейтінін, Мурадтан қорқатынын мәлімдеген», — деп қосты адвокат.
Қорғаушының айтуынша, Тордуа Әсел Айтпаеваға көмектескісі келген. Тіпті, оған үй тауып бермекші болған. Алайда бойжеткен Тордуамен қалуды жөн көрген. Ер азамат бірден полицияға хабар бергісі келіпті, алайда қазақстандық қыз бөлімшеге барудан бас тартыпты. Кейіннен Тордуа Мурадты соққыға жығып, артынша Қазақстанға билет алып салып жіберген.
Адвокат Әселдің қолы кесілгенін алға тартады. Сөзінше, ол психологиялық тұрғыда қатты күйзеліске ұшырағандықтан, суицидке барған. Бұған қоса, заңгер айыптаулармен келіспейтінін жеткізді.
Айта кетейік, 6 мамырда қазақстандық бойжеткен Грузияда түсініксіз жағдайда көз жұмғаны айтылған еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол тоғызыншы қабаттан құлап кеткен. Кейіннен Грузия бас прокуратурасы Әселдің зорланғаны туралы мәлім етті.
[:]