[:kz]
«Жылына мыңдаған бала донор таппай, қиналып көз жұмады. Ал бізге 12 мүшесі толық қылмыскер не үшін керек? Бауыр, бүйрек, тері сияқты мүшелерді пайдалану ойға сыятын сияқты», — дейді ол.
Елді елең еткізген Сәтбаев қаласындағы оқиғадан кейін қалың көпшілік педофилдерді ату жазасына кесу керек деп ашынуда. Ал қоғам белсендісі Перизат Мырзахмет Instagram парақшасында бұл тақырыптағы ойын басқаша жеткізген. Оның пікірінше, педофилдерді донор ретінде пайдаланған тиімді көрінеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Оларға өлім аз. Бірақ… Өмірімде бірінші рет адамға жаза ойлап табумен болдым. Алуан түрлі нұсқасын. Адам ретінде, ана ретінде балаға қиянат жасауды ең ауыр, кешірілмес күнә деп білемін. Екі дүниеде қорлыққа лайық. Өз шақшадайым шарадай болған соң сіздердің көмекке жүгіндім. Оқырманның 4/3 бөлігі өлім жазасын таңдаған. Қалғандары: толық піштіру, азаптау, өмір бойына оқшаулау, ауыр жұмысқа салу деген нұсқаларын жазды. Бірақ…
Неге бірақ дей берем? Қазіргі билік, сот жүйесіне өлім жазасын сеніп тапсыра аламыз ба? Меніңше, өлім жазасы енгізілген күні барлық саяси қауіпті элементтер «педофил» деген деректер табылып, билікке қарсы сөйлемек түгілі, уф дегеннің бәрі ату, асу жазасына кесіледі. Ешқандай фактчекинг көмектеспейді. Ешкім ақтап шыға алмайды. Зорланған бала да, арызданған ата-ана да рөлдерін керемет сомдап береді. Оған көктемдегі Әліби ісі дәлел», — дейді жазба авторы.
Айтуынша, билік өлім жазасын сол үшін қалайды. Оған мысал ретінде Америка лингвисі Ноам Хомскийдің «Бұқараны манипуляциялаудың 10 тәсілі» деген зерттеуіндегі 2-тәсілді келтірген.
«Бұл әдіс «мәселе-әрекет-шешім» деп те аталады, яғни билікке тиімді шешімді қабылдауды халықтың өзі талап ететіндей мәселені ойдан құрастыру. Мысалы, қалаларда зорлық-зомбылықтың жиілеуіне жол беру немесе қырғын лаңкестік әрекеттер ұйымдастыру арқылы азаматтық бостандықты шектейтін саясатты жүргізетін, қауіпсіздік шараларын күшейтетін заңдарды қабылдау туралы ойды халық аузына салып береді», — депті лингвист.
Ал Перизат Мырзахмет педофилдердің санын азайтуға толық механикалық піштіру де көмектеспейтінін алға тартты.
«Зерттегендердің айтуы бойынша, педофил сексуалды ләззат алудан гөрі әлсіздің қиналуы, жалынуы, жылауынан рахат табады. Сондықтан бостандыққа шыққан соң тағы да қайталайды.
Өмір бойы түрмеде отырғызғым келмейді. Неге біздің салық балалардың мектебіне, грантына, тұрғын үйіне емес, қылмыскерді асырауға жұмсалуы керек?
Сауалнамадан бір ғана жауап көңілге қонды: «зорлықшыны донор ретінде пайдалану». Жылына мыңдаған бала донор таппай, қиналып көз жұмады. Ал бізге 12 мүшесі толық қылмыскер не үшін керек? Бауыр, бүйрек, тері сияқты мүшелерді пайдалану ойға сыятын сияқты», — деп түйіндеген ол өз ойын.
Сөйткен де, соңғы нүктеге «Әрине, әлгі 30 жылда дені дұрыс бір заң қабылдай алмаған жепутаттар қабыл алса», — деген зіл тастаған.
[:]