[:kz]
Түркістандық Гүлдарина Баударбекова жаға ұстатар жайтты жайып салды. Туған әпкесі Гүлзира Баударбековаға қайын әпкесі Бағила Кәрібай қорлық көрсеткен. Алайда жәбірленуші сотқа арыз жазбайтынын, қайын әпкесінің әрекетін кешіретінін айтты.
Бұл туралы “Дау дамайсыз” бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Түркістан облысында газ плитаны жумадың деген сылтаумен Гүлзира Баударбековаға Бағила есімді қайын әпкесі шанышқыны отқа ысытып басады. Бетінде тыртық ізі қалды. Гүлзира уақытында ем алып, дәрігерге қаралмаған. Қамқоршысы қамқорлық көрсеткеннің орнына, қорлық көрсетті. Мұны Гүлзираның өзі кешіргенімен, әпкесі Гүлдарина кешіре алмайды.
“Біз жастайымыздан жетім қалдық. 5-6 сынып оқып жүргенімізде әке-шешеміз қайтыс болды. Әркімнің есік алдын жинап, жұмыс істеп, 500 теңге үшін еңбек етіп өзімізді асырап келдік. Гүлзира әпкемнің мүгедектігі бар. Ақыл-есінде мүкістігі бар. Оны пайдаланып қайын жұрты қорлық көрсетіп жүр. Қайын әпкесі газды жумадың деп шанышқыны басқан. Мен оны кешіре алмаймын. Қамқоршының әрекеті кешірерлік әрекет емес. Оны өзім қамқорлығыма алғым келеді. Маған оның ақшасы керек емес, әпкемнің бала-шағасымен жақсы болғанын қалаймын. Ақшасының өзіне жұмсалғанын қалаймын”, – деді сіңлісі.
Ал Гүлзираның айтуынша, ол өзіне қанша зейнетақы, мүгедектік үшін қанша ақша түсетінін білмейді. Оны қайын әпкесі алады. Алайда киім дәрі-дәрмек ешнәрсе алып бермейтін көрінеді.
“Неге плитаны жумадың?” деп шанышқыны басып алды. Бетім жара болып қалды. Ешкім көмектескен жоқ. Сосын бір медбике қыз сұрады. Мен құлап қалдым дедім. Ол “шыныңды айтшы” деп сұрады. Сол кезде не болғанын айттым. Мен ешкімге ренжімеймін. Оны кешірдім. Екі қайын ағам ұрады. Басымнан теуіп, ұрып жіберген. Оның бәрін айтып жүрген жоқпын. Әркімнен қалған киімді кием. Маған өз ақшама киім де алып бермейді”, – деді ол.
“Жеке көмекші қамқорлығындағы адам үшін ай сайын акт өткізеді. Қазір бәрі онлайн болды. Жылына екі рет нендей жұмыс атқарылғанын айтып есеп береді. Біз қамқоршының әрекетін, қаншалықты заңға сай жұмыс істеп жатқанын анықтаймыз. Соған сай қорытынды шығарамыз”, – деді Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту бақарма басшысының орынбасары Нұрғали Есембердиев.
Қамқоршының қорлық әрекетінен жауапты мамандар бейхабар болып шықты. Олар істі бақылауға алып, назарда болатынын айтып ақталды.
“Қазір ғана эфирден қор болған келінді көрдік. Гүлзира мен Гүлдаринаның өмірімен таныстыңыздар. Енді оларға бүкіл туыстары тісін қайрап отыр. Гүлзираның күйеуінің туыстары тарапынан қысым көп. Онсыз да бала кезден тұлдыр жетім қалып, өскенде бағы ашылмаған қыздардың қалған өмірін қалай жақсартсақ екен? Кімде қандай идея, ұсыныс, жоспар, жұмыс бар, қыздар. Гүлдаринаның қолынан келмейтіні жоқ, барлық іске епті. Гүлзира да еңбекқор, жаны таза адам”, – деді істің басы-қасында жүрген журналист Гүлмира Әбіқай.
Ал уақытылы полицияға арыз берілмегендіктен қылмыстың ауырлығын анықтау қиын. Себебі, қылмыстық жаза сараптамаға қарай тағайындалады. Сондықтан іс тоқтап, жәбірленуші кешірім берді.
“Бізге бұған дейін ешкім арыз жазған жоқ. Тек желі арқылы белгілі болған соң учаскелік полицей барып анықтады. Іс қозғалып, сараптама тағайындалды. Бұдан кейін де іс назарға алынады”, – деді Отырар аудандың ІІБ басшысы Ермек Өсербаев.
Ал оған қорлық көрсеткен Бағила Кәрібай кешірім сұрап, өз әрекетін түсіндірді.
“Газды неге жумадың?” деп ашуланып кеттім. Палау араластырып тұрған шанышқымен басып алдым. Екінші рет жазатайым тиіп кетті. Шайтан түртті ме білмеймін. Бұған дейін оған тиіскен емеспін. Ауылға сыйлы келінмін. Гүлзира маған ренжімейді. Мен одан кешірім сұраймын. Бұдан кейін ондай әрекетке бармаймын”, – деп жалынды.
Айтуынша, Гүлзираның зейнетақысы 65 мың, қамқорлығы үшін 50-60 мың аралығында ақша алады. Іс барысында Гүлдарина Баударбекова әпкесіне заң бойынша өзі қамқоршы атанды. Енді оның күтіміне өзі қарайды.
Айта кетейік, 2021 жылдың жаз айында әлеуметтік желіде Түркістан облысында қайын апасы газды жумағаны үшін келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдіргені туралы ақпарат жарияланғанеді. 40 жастағы Гүлзира Баударбекованың келін болып түскеннен бері осындай азап көріп келе жатқаны туралы белгілі болды.
[:]