[:kz]
«Бұл өзгерістің артында елдегі басқару жүйесінде парламенттік билікті күшейту идеясы тұруы да мүмкін. Сондықтан әліптің артын бағып, Сенаттың экс-төрайымы қандай қызметке баратынын күту керек болар», — дейді ол.
Біздің жүйе сондай: тіпті, мемлекеттегі екінші адамның отставкасы туралы хабар жеткізгенде ресми органдар таратып айтпайды, құрғақ сөзбен құтылады. Оның жай-жапсары жайында ләм-мим деп аузын ашпайды, мұндай қадамның себебі неде, енді ол қандай қызметке барады, оның орнына кім келеді – ешкім түсіндіріп жатпайды.
Содан барып ел ішінде әртүрлі алып-қашпа әңгіме тарайды. Оның өзі онсыз да ызалы да ашулы, кез келген ақпаратқа елең ете қалатын қоғам ішінде дүрлігу мен дүмпулер туғызып жатады.
Бүгін осы шешімге қатысты саяси сәуегейлік танытылып, алуан-түрлі конспирологиялық болжамдар айтылып жатар. Оның бәрі тек жобалау, өйткені шешімнің түп-төркінін не елбасы, не президент қана біледі. Біздікі тек болжау ғана.
Бұл қадам, сөзсіз, өте маңызды әрі резонансты. Өйткені біз әлі де билік транзитінің ішінде жүрген елміз. Ал Сенат басшысы деген лауазым ол шешуші мәнге ие, Конституция бойынша, екінші позиция. Ол қызметте отырған адам саяси жүйенің маңызды элементіне айналады.
Бұл жерде өте маңызды бір жайт бар.
Біз осы шешімге қатысты әлі де елбасының пікірін естіген жоқпыз. Әзірше ол өз көзқарасын білдірген жоқ.
Егер де бұл кадрлық-саяси өзгеріс президент пен елбасы арасындағы келісімге сәйкес жасалған қадам болса, онда біздегі қос биліктің әлі де саяси тұрғыдан қауқарлы, бір-бірімен келісіп жұмыс істеуге жарамды екендігінің белгісі.
Олай болмаса, арты қиын болып кетуі мүмкін! Бірақ өз басым екінші президент дәл бүгінгі жағдайда дәл сондай қадамға бара алатындай толық құқықтық, инфрақұрылымдық, саяси әлеуеті бар дегенге сенбеймін.
Бұл өзгерістің артында елдегі басқару жүйесінде парламенттік билікті күшейту идеясы тұруы да мүмкін. Сондықтан әліптің артын бағып, Сенаттың экс-төрайымы қандай қызметке баратынын күту керек болар. Көп нәрсе сол мәселеге байланысты.
Мәселен, бұл өзгеріс келесі жылы өтуге тиіс парламенттік сайлауға дайындық болуы да мүмкін.
Біздің жүйеде кландардың қандай орын алатыны белгілі. Меніңше, осындай ауыс-түйістер византиялық сипат алған біздің жабық саяси жүйедегі ықпалды қаржылы топтар арасында жүріп жатқан мылтықсыз майданға да өз әсерін тигізеді. Яғни, не олар бір-бірімен мәмілеге келеді, не өзара қақтығыстары одан сайын өрши түспек. Ал оның өзі қоғамдағы тұрақтылыққа теріс ықпал етуі мүмкін. Өйткені, бөлісу кезінде риза болмаған топтар бас билік үшін күресте демократиялық ұрандарды желеу етіп, саяси күреске араласып кетуі де әбден мүмкін. Ол үшін олардың қаржысы да, ұйымдық мүмкіндіктері де жеткілікті.
Осыдан біраз уақыт бұрын біз билік ауысуының отбасылық (династиялық) нұсқасы туралы айтқанбыз. Бәлкім, осы кезде елбасы отбасының басқа да мүшелері белсенділік танытқысы кеп жатқан болар? Ол да мүмкін.
Бірақ та өз транзиті туралы шешім қабылдағанда билік елбасы отбасы мүшелерінің осыншама жыл мемлекеттік басқару істеріне, мемлекетке жақын олигархтық бизнеске араласуының теріс тәжірибесін ескеруі керек деп санаймын.
Біздің жүйе сондай: басты саяси шешімді қоғам емес, көппартиялы парламент емес, билік басындағы ат төбеліндей ғана топ өздерінің субъективтік таңдауына сай қабылдай салады. Содан барып, ел наразы болып, қарсылық білдіріп жатады.
Бірақ, қазір қоғамның сана-сезімі, белсенділігі мүлдем бөлек. Өйткені, өзім қатысқан президенттік сайлауда халықтың наразылығы, жүргізіліп жатқан саясатқа қарсылығы қандай екенін билік көрген жоқ емес, көрді. Сезді. Білді. Ендігі жерде билік транзитіне қатысты кез келген кадрлық шешімнің халық тарапынан өз сұрауы болмақ. Осыны билік мықтап ескеруі тиіс деп санаймын!
Skifnews.kz ақпарат порталы.
[:]