[:kz]
Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Elbasy.kz сайты.
Отырыс барысында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды, сондай-ақ шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Отырысты ашқан Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, ең алдымен, коронавирус инфекциясының жаһандық пандемиясының әлеуметтік-экономикалық салдарымен байланысты ел дамуының күрделі сыртқы жағдайларын атап өтті.
Осыған байланысты вакцинация жұмыстарының маңыздылығы, сондай-ақ Үкіметтің халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу және экономикалық өсу қарқынын сақтау қажеттілігі атап өтілді.
Нұрсұлтан Назарбаев әскери құрылымда және Қарулы Күштердің қазіргі заманғы жағдайда конфигурациясында жаңа тәсілдер әзірлеу қажет екенін атап өтті. — Біз барлық көршімізбен берік достық қарым-қатынас және жетекші державалармен берік әріптестік орнаттық. Мықты армия — ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі, — деді Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.
Елбасы бүгінде асимметриялық және гибридті қатерлерді тойтаруға дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери процестерді басқаруды автоматтандыру маңызды мәнге ие екенін айтты.
— Біздің Қарулы Күштеріміз егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғауға, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті болуы керек. Осының бәрі таяудағы онжылдықта армияның дамуын жоспарлау кезінде ескерілуге тиіс, — деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін шешу Шекара қызметінің жұмысын және шекараны қорғау әдістерін жетілдіруді ғана емес, сондай-ақ экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздік бағыттарына байланысты жүйелі шараларды талап ететінін атап өтті.
— Шекараны қауіп-қатердің барлық түрінен сенімді қорғауды қамтамасыз ету қажет. Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің құрылысы үндестірілуге және бірыңғай стандарттар бойынша жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге, біз шекара қауіпсіздігі мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарауымыз керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
[:]