АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Енді қыз тумаймын![:]

[:kz]

Cондай көңілшекпін ғой, күйеуім «туа бер» дегенге туа беріппін, жөргектерін жуа беріппін. Содан алты қызым бойжетіп, тұңғышым түрік жігітіне тиіп кетті, қазір Түркияда. Одан кейінгі қызым Америкада, тістері ғана аппақ негрдің түтінін түтетіп отыр, «Апа, ауылды сағындым!» деп ол да жылауын үдетіп отыр. Одан кейінгі қызым Сирияда күйеуімен қашып жүр, қайтейін, бақыт жоқ, баспана жоқ, қып-қызыл отты басып жүр. Тағы бір қызым үнді жігітіне тиген, маңдайына қызыл бояу жағып, үстіне шұбатылған мата көйлек киген. Анарым Дубайда. Жанарым бір белгісіз тайпаның көсеміне байға тиіп кеткен. Бүгінде қыздарымыз шетелдіктердің етегінен ұстауды сәнге айналдырып алды емес пе? Кіші қызым қытайлық қысық көзге тұрмысқа шыққалы шашым ағарып кетті, бір күні «апа, үйге келіңіз» деген sms жетті. Содан күйеуімді қолтығыма қыстырып алып, жо-жоқ, қол ұстасып алып, Қытайдағы күйеубаланың үйіне келдік. Обалы не керек, күйеубаламыз құрақ ұшып күтіп алды, қызым көзінің жасын сүртіп алды. Дастарханда отырмыз.
Алдымызға иірілген бірдеңе қойды. Шұжық сияқты. Күйеуіме жеп көру қызық сияқты. Ол енді қолын соза бергенде қолын қағып жіберіп, қызыма қарап:
– Мынау немене? – деп сұрадым.
– Апа, жыланның етінен жасалған десерт қой.
– Астапыралла! – деп орнымнан ұшып тұрдым, шынымды айтсам, жүрегім айнып құсып тұрдым. Күйеуім жылан шағып алғандай: «Ойбай!» – деп қалды. Күйеубалам бір кезде қағазға оралған бірдеңені ұстатып, қақалған қазақшасымен:
– Апа, же, же, жаки дәми… – деді.
Күйеуім оралған қағаз ішіндегі қызара қуырылған бірдеңенің бір-екеуін енді аузына сала бергенде қолын қағып жіберіп, қызымнан:
– Бұл не? – деп сұрадым.
– Ой, апа, мен де үйреніп кеттім, тарақан қой, қуырылған… қытырлақ…
Құдайым-ай, көзімнен жас шығып кетті бытырлап… Күйеуімді құшақтай жылайын. Ол да селкілдеп, еңкілдеп жылап тұр. Ал күйеубала қызымнан: «Бұлар неге дуэт болып жылайды?» – деп сұрап тұр. Сол күні ештеңе жемедік. Тіпті «қызым, ет асып берші» демедік. Содан таңертең асқазанымыз айқайлай берген соң, ас бөлмесіне келдік. Күйеубаламыз тәрелкеге бірдеңені былжыратып салып келді. Өзі пісіреді екен. Екеуміз талтайған бірдеңеге бажырайып, алайып, қанымыз қарайып қарадық. «Өкөрөшке шығар?» деп ойладым ішімнен. Күйеуім тамсанып, былжыраған бірдеңені енді жей бергенде қызымнан:
– Бұл ненің еті? – деп сұрадым.
– Не ғой…
– Айта бер, асқазанымызда албасты жүр…
– Қорықпайсыз ба?
– Динозаврдың еті болса да жейміз! Аштан өлетін болдық!
– Бұқтырылып пісірілген бақа ғой…
– Ойбай! – дедім мен.
– Айбай! – деді күйеуім.
Ойбайлап, айбайлап, қайран, қыздары қағынған Қазақ еліне, туған жерімізге қашып кеттік.
– Енді қыз тумаспын! – дедім үйге кірген соң қалшылдап.
– Туа алмайсың да ғой… – деп міңгірледі күйеуім. Сөйтсем, өлә, өзім жетпісте, күйеуім жетпіс бесте екен ғой. Астапыралла!..

Мұхтар ШЕРІМ

zhasalash.kz

[:]