[:kz]
Ескелдi ауданының әкімі Рустам Али ауданда тұратын жалғыз ардагердi Жеңістің 76 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бүгiн аудан әкімі Рустам Али Ескелдi ауданында тұратын жалғыз ардагер Ещенко Петр Михайловичтi Жеңістің 76 жылдығымен құттықтады.
Ещенко Петр Михайлович 1943 жылы Қызыл Әскер қатарына шақырылған. Белоруссияны, Польшаны, Украинаны азат етуге қатысып, бірнеше рет жарақат алған.
1946 жылы III топтағы мүгедек атанып, демобилизацияланды. Алдымен колхозда, кейін Сарқан ауданы Черкасск электр станциясында машинист болып жұмыс істеді. Петр Михайлович құрмет демалысына шыққанға дейін құрылыс ұйымдарында жұмыс істеген. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және көптеген жауынгерлік және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Өз кезегінде аудан басшысы ҰОС ардагерін облыс әкімі А.Баталовтың атынан құттықтады. Рустам Али ардагерге соғыс кезіндегі қажырлы еңбегі мен көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтып, оған мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар, ардагерге азық-түлік себеттері табысталды.
Ұлы Отан соғысына қатысушыларға материалдық қолдау көрсету-мемлекеттің басымдықтарының бірі болып табылады. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлері ешқашан мемлекеттің назарынан тыс қалған емес. Жеңіс күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға бір миллион теңгеден төленді. Ал тыл еңбеккерлері 30 мың теңге қаржылай көмек алды. Айта кетсек, аудан бойынша барлығы 315 тыл еңбеккерлері бар.
Мереке күні аудан әкімінің бастамасымен ардагердің үйінің ауласында мәдениет үйі әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ардагердің көршілері концертті қуана бақылап, әннің әуеніне қосылып, қошемет білдірді.
Кездесу соңында айбынды ардагер жиналған қауымға алғыс айтып, елімізге бейбітшілік пен амандық тіледі.
[:]