АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Филолог латын әліпбиіне көшу туралы: Қазақ мектептеріндегі оқушылар жаппай орыс мектебіне ауыса бастайды[:]

[:kz]

Филолог Дастан Елдесов қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге қатысты өз ойын айтты. Тіл маманының пікірінше, латын қарпіне көшкеннен кейін, қазақ мектептеріндегі оқушылар орыс мектебіне жаппай ауыса бастайды.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап. 

Бір кездері латын қарпіне көшкен Түркияда бұл процесс шамамен 30 жылға созылған еді. Реформаға наразы болған консервативті және діни қарсыластар мемлекеттің ислам әлемінен бөлінетінін және ұлттық құндылықтардың өзгеретінін айтқан еді. Десе де Түркия латын қарпіне толықтай көшті. Филолог Дастан Елдесовтің пікірінше, Қазақстан үшін мұндай модель жарамайды.

«Бізде екінші тіл – орыс тілі бар болғандықтан, мұндай модель жарамайды. Түркияда екінші тіл болған жоқ. Латын қарпіне көшу екінші тілдің бар-жоғын ескеріп отырған жоқ. Қазір тәжірибе жүргізіліп жатқан мектептерде 4 графика, 3 тілді үйретілуде. Бұл тілдердің барлығын меңгеруді қиындатады. Тіл жағдайын ескеру керек. Орыс тілі бар болып тұрғанда, латын қарпіне көшудің мәні жоқ», — дейді филолог.

Сонымен қатар тіл маманы еліміз латын қарпіне көшкеннен кейін қазақ мектептеріндегі оқушылар жаппай орыс мектептеріне ауысып, тарих ұмыт болып, халық сауатсызданады деген пікірде. Адамдар екі топқа бөлінеді, дейді ол. 

«Екі тіл болады. Кирилл қарпіндегі қазақ тілі және латын қарпіндегі қазақ тілі. Екі тілдің фонемалық негізі әртүрлі. Халықаралық терминдерді жазуда, әдебиетті аударуда үлкен қиындықтар туындайды», — дейді Елдесов. 

Қазақстанда латын қарпіндегі әліпби 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізілуі тиіс. Биылғы жылдың жоспарында халықты латын қарпіне үйрететін мұғалімдердің дайындығы болған еді. Алайда әліпбидің өзі жетілдірілуі тиіс болғандықтан, бұл процесс ұзақ жылдарға созылуы мүмкін.

Stan.kz

[:]