АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Гаухар Әлімбекованың тағдыры: «Музарт» саған айтам… Төреғали мен Қайрат, сен тыңда![:]

[:kz]

Ерекше әуезді үнімен келіндерді ата-анасының босағасынан аттатып, өз шаңырағына қадам бастырған, өсиетін ән арқылы жеткізген қазақтың аяулы әншісінің басына қара бұлт үйірілді. «Ақ келін»,  «Келінге өсиет», «Оралшы махаббат», «Жазығым не?» әндерінің орындаушысы Гаухар Әлімбековаға «алаяқ» деген аты жаман қылмыс таңылып, 6 жылға сотталып кете барды.

«Жазығым не, мен әлі түсінбеймін…

Бар ма әлде жазған бір ісім деймін?»

Өзінің орындауындағы бұл әні арқылы тағдырға сұрау салып еді?! Енді, міне, жазықты атанып отыр. Дәл қазір Гаухар Әлімбекованың әндерін тыңдап отырмын. «Жүзі жылыдан түңілме» деген қазақ. Өзінің жүзі қандай жылы болса, әндері де жылы бұл әншіге «қылмыскер» деген атауды жаба салу біз секілді, сізге де оңай емесіне сенімдімін.

Біріншіден «алаяқ» дегеніміз кім? Бір емес, бірнеше адамды сан соқтырған, әр адамнан мыңдаған, миллиондаған ақша жинап алып, өзі шетелге тайып тұрғандарды, тек өз пайдасын көздегендерді қоғам «алаяқ» деп таниды. Олардың жазасы да ауыр болуы тиіс. Себебі шын мақсаттары – жұртқа пайдам тисе деп емес, ақшаларын алып, өзім байысам деген арам ниетті алға тартады.

Ал деректерге сүйенсек, Гаухар Әлімбекова құрбысына көмектескісі келді де, өзі де өзге біреуге алданып қалды. Мақсаты – олжалы болу емес еді, КӨМЕКТЕСУ! Мұны адвокаты Жұмағали Зейнелов та өз мәлімдемесінде растады.

Қазаққа белгілі ақын, журналист Есей Жеңісұлы Fcaebook желісіндегі парақшасында Гаухар Әлімбекованың өнерде ғана емес, өмірде де адал екенін жазды.

«Гауһар әпкемді «Жас Алашқа» жұмысқа тұрған 1998 жылдан бері білетіндіктен, оның табиғатын түсінетіндіктен, бірнеше әніне соавтор болып бірге жұмыс істеп көргендіктен, аяулы әншіні «қылмыскер» деп атауға қимаймын.

Қателескен болар, заңның әділ салтанат құрып, шын алаяқтың ақша алғаны дәлелденетініне сенген болар. Қалай дегенде де, жығылған үстіне жұдырық жұмсаудың қажет емес екенін айтқым келеді.

Гауһардың біз білетін әлемі — қиянаттан ада. Ақша берген адаммен арасында түсініспеушілік болмағаны анық аңғарылады, бірақ жөнсіз күстәналамайық. Өнерге адал қазақтың бір қызы болса, ол Гауһардың өзі», — деп әншіге қолдауын көрсетті.

 

Мұны бар қазақ та біліп отыр, әсіресе, әншіні жақсы танитын әріптестеріне бұл жағдай аян. Осы тұста, «Гаухарды ақтап алмаса, қазақтың белді әншілеріне сын» дегенді алға тартқым келіп отыр.

Осыдан 6-7 жыл бұрын Super Star жобасы арқылы танылған Қайрат Түнтеков те істі болған еді. 2012 жылы ешкім зардап шекпеген жол апатына себепкер болған әнші үш жылға дейін көлік айдау құқығынан айырылып, 40 күн түрмеге отырып шықты.  Бұл кезде де халық ду етті, Қайрат үшін әншілерден, биліктен көмек сұрады. Өкініштісі, екі тараптан да бұл өтінішке жауап болмады. Әлеуметтік желіде сөзбен белсенділік танытқан әншілер іске келгенде осал болды. Деректерге сүйенсек, Қайрат Түнтековтен сот талап еткен моральдық шығынның жартысын да жинап бере алмады. Қайрат толығымен жазасын өтеп шықты, есесіне өнердің биігінен құлады, абыройына нұқсан келді. Сахнаға басын тіктеп шығуы тиіс Қайрат әлі де қара пиардың нақ ортасында. Тіпті бір сұхбатында «сахнаға қайта оралмаймын» деп мәлімдеген еді.

Ендігі кезек Гаухар Әлімбековаға келді ме? Қазағымның әншілеріне қара күйе жағудан аулақпын. Алайда әншілердің бірлігінің бар-жоғы осындайда білінеді. Ауызбен айтуға, жазуға бәріміз шеберміз. Тек айтқанды іспен көрсету бір басқа. Кешелі бері әлеуметтік желіде белсенділік танытып жатқан әншілерді көзіміз шалып, риза болдық. Енді соны іспен дәлелдеп, Гаухарды түрмеден шығарып алуға атсалысуды міндетім деп түсінсе екен, бұл қазақ.

Жігіт ағасы атанып, өнердің төрінде отырған «Музарттан» бастап, халықтың сүйікті әншілері Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі бастаған топ бір тойларының ақшасын қиып берсе, әріптестерінің абыройын да сақтап қалар ма еді?!

Дереккөздерге сенсек, Қайрат Нұртастың ең жоғары ставкасы – 10 мың доллар, ең кемінде 7-8 мың доллар алады. Төреғали Төреәлінің де табысы осының айналасында. Бұдан өзге танымал әншілердің бір тойдан алған табысы бір көліктің құнына тең. Ал қазақта кім көп, әнші көп.

«Көп түкірсе көлді» көрсетіп, көз алдарында жүрген әріптестеріне ол әншілер осылай қолдау көрсетсе игі.

Гаухар Әлімбекованы «сүттен ақ, судан таза» деп ақтап алудан аулақпыз. Билікке жалбарынып, көмек сұраудан тағы аулақпыз. Үсенов секілді қылмыс істеуге әуестерді, үлкен көлемде пара алса да, билікті ақшамен қарқ қылған Василий Нилерді қорғаған сот қорғансыздарға келгенде қайырымсыз екенін қарапайым халық жақсы біледі.

Дөкейлердің ғана жағдайын жасайтын билік онсыз да бар, ал қорғансыз қазақ болса, халқынан өзге ешкімге арқа сүйей алмайды. Ендеше, іспен дәлелде, қазақ!

Гүлім Жақан

«Қамшы» сілтейді

коллаж Ⓒqamshy.kz

[:]