[:kz]
Арман Болысбеков Германиядағы көлік құрастырудың отаны саналатын Штутгарт аймағында тұрады. Ол әлемге әйгілі Mercedes-Benz компаниясының зауытында қызмет етіп жүр. Қандасымыз бос уақытында Қырғызстан мен Молдавиядан келген досы үшеуі қазы айналдырып, сатумен айналысады, деп хабарлайды Түркістан басылымы
Арман Болысбеков Ақмола облысы Атбасар ауданы Самарка ауылында дүниеге келген. Ол 7-сыныпқа дейін Самаркадағы орта мектепте оқып, кейін 2002 жылы отбасымен бірге Германияның Штутгарт аймағына қарасты Вюртемберг қаласына көшіп келген. «Әкем жуырда зейнетке шығады. Анам үй шаруашылығымен айналысады. Мен — үйдің үлкенімін. Қарындасым жергілікті фирмада хатшы, ал інім тұрғын үйлерді жарықтандырумен айналысатын электрші болып жұмыс істейді. Отбасылымын. Әйелім жергілікті ауруханада медбике. Ал өзім Mercedes-Benz компаниясының зауытында автоматтандыру бойынша электрші қызметін атқарамын. Mercedes-Benz-тің бөлшектерін құрастыратын станоктармен жұмыс істеймін», — дейді Арман Болысбеков.
Арман жұмыстан тыс уақытта қазы жасаумен айналысатынын жасырмады. Оның сөзінше, Германияда 1 келі жылқы еті 7 еуро тұрады (теңгеге шаққанда бағасы – 4500 теңге шамасында-ред.). «Елде жүргенде үнемі қазы жасайтынбыз. Германияға қоныс аударған соң, қазы әзірлейтін жерді іздеп таба алмадық. Сосын жылқы етін сатып алып, алғашында тек өзіміз үшін жасап жүрдік. Бірде Германияда құрылған «Qazan e.V.» атты неміс-қазақ қауымдастығының төрағасы Валерий Оствальдпен кездескенде ол «Сен қазы жасап, неге сатпайсың? Біріншіден, ақша табасың, екіншіден, ұлттық тағамды насихаттайсың, үшіншіден, атажұрттың дәмін сағынып жүрген жандарға «жақсылық» жасайсың» деп идея беріп, қанаттандырып жіберді.
Сөйтіп, бастапқыда бұл іспен бес жыл бойы жалғыз өзім айналысып жүрдім. Сосын сол қауымдастық арқылы Қырғызстаннан келген Виктор есімді жігітпен таныстым. Ол Германияда қасапшының оқуын оқыған, тиісінше оған шұжық өнімдерін әзірлеуге рұқсат етілген. Айта кетерлігі, Германияда шұжық өнімдерін әзірлеп, сату үшін арнайы рұқсатнама алуың қажет. Әйтпегенде бұл өнімдерді заңсыз түрде сататын болсаң, тергеуге алып, тіпті түрмеге қамап қоя алады.
Сосын арамызға Молдавиядан келген Виталий қосылды. Виктор қазының не екенін бұрыннан біледі екен, бірақ бұған дейін жасап көрмеген. Ал Виталий қазы секілді тағам түрінің бар екенін осында келіп білді, бірақ ол қазыны бірден ұнатты. Сөйтіп, қазір соңғы екі жылда бәріміз бірге қазы айналдырып, тапсырыстар аламыз», — дейді Арман. Арман етті арнайы фермадан алатынын, қазыны жекелеген клиенттің тапсырысымен ғана жасайтынын атап өтті.
Ол «жүректің түбінде табыс табудан гөрі, шетте жүріп, қазыны әлемге таныту арманым» дейді.
«Қазақ екенімді мақтан тұтамын, қазақ екенімді үнемі айтып жүремін. Бәзбіреулер секілді қайдан тарайтынымды айтудан жалтақтамаймын. Германияда тұрып жатқаныма жиырма жылға жуықтап қалса да, көңіл Қазақстанға тартады да тұрады. Елге бара бергім келеді. Жыл сайын барып тұратын едім, пандемия салдарынан соңғы жылдары бара алмай жүрмін. Келесі жылдың жазында барып қайтуды жоспарлап отырмын. Жалпы, Қазақстан, әсіресе біздің ұлттық тағамдар туралы әңгіме естіп қалсам, жүрегім жібіп сала береді. Қастарына барып, оларға бұл тақырып туралы сағаттап айтуға бармын. Соның ішінде қазы айналдыру ісі маған жақын. Маған бұл іспен айналысқан ұнайды. Біреулер көлік айдағанды қалай жақсы көрсе, мен де етпен жұмыс істегенді, одан қазы жасағанды солай жақсы көремін», — дейді Арман Болысбеков.
[:]