АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Грузияны нағыз демократ әйел басқаратын болды[:]

[:kz]

Грузияда кезекті Президент сайлауы болып өтті. Екі турға созылған сайлау нәтижесінде Саломе Зурабишвили жеңіске жетті. Сонымен тәуелсіз Грузия тарихында Президент орынтағына тұңғыш рет әйел адам отырды.

 

Парижде туып-өскен

 

Саломе Зурабишвилидің жасы қазір 66-да. Ол 1952-жылғы наурыз айында Франция астанасы – Париж қаласында, грузин эмигранттары отбасында өмірге келген. Оның атасы 1918-жылы Ресей империясынан өз тәуелсіздігін жариялап, 2 жыл өмір сүрген Грузин Демократиялық Республикасы мүшелерінің бірі болған, Грузияда Кеңес өкіметі орнағасын шетелге эмиграцияға кеткен, ұрпақтары сол жақта өсіп-өнген.

 

С.Зурабишвили Париждегі саясат ғылымдары институты мен АҚШ-тың Колумбия университетін бітірген. Оның саяси қызметтегі мансабы Франция Сыртқы істер министрлігінде басталған. Алғашында Италиядағы елшілікте 3-ші хатшы болған, кейін Францияның АҚШ-тағы, Африкадағы Чад мемлекетіндегі елшіліктерінде еңбек еткен, басқа да қызметтер атқарған, Францияның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы өкілі, Франция Ұлттық қорғаныс Бас хатшысының орынбасары болған, Австрияда, НАТО, Еуроодақ ұйымдарында жұмыс істеген.

 

С.Зурабишвилидің Франциядағы беделі жоғары. Ол Францияның Ұлттық Ар-намыс және Құрметті легион ордендерімен, басқа да орден-медальдармен марапатталған. Француз тілімен қоса өз ана тілі – грузин тілін біледі, сондай-ақ орыс, грек, неміс, итальян, ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

 

Ол екі мәрте тұрмыс құрған. Бірінші күйеуі Николоз Гугушвилиден Теймураз атты ұлы мен Кетеван есімді қызы бар, екеуі де жоғары білімді, бүгінде бірі БҰҰ-да, екіншісі француз телеарнасында лауазымды қызметтер атқарады. С.Зурабишвилидің екінші күйеуі Анри Джакия да – эмигрант, ол кейінгі жылдары Грузияға оралып, телеарналарда жұмыс істеген.

 

Франция азаматтығынан бас тартты

 

Грузияның жаңа Президенті өзінің тарихи Отанына осыдан 15 жыл бұрын, 2003-жылы келіпті. Яғни сол жылы ол Францияның Грузиядағы елшісі болып тағайындалған. Арада 1 жыл өтер-өтпесте елдің сол кездегі Президенті М.Саакашвили оған Сыртқы істер министрлігін басқаруды ұсынады. Бірақ С.Зурабишвили бұл қызметте көп отырмаған, 2005-жылы оппозиция­лық күштер қатарынан табылған. Ол 2007 – 2009-жылдары Грузияда болған наразылық акцияларына белсенді түрде қатысқан.

 

С.Зурабишвили 2010-жылы саясаттан кететінін мәлімдеген. Кейін БҰҰ-да, жоғары оқу орындарында еңбек еткен. Дегенмен 2013-жылы Грузияда өткен кезекті Президент сайлауына өзін-өзі ұсыныпты, бірақ Франция және Грузия азаматтығын қатар алып жүр­гендіктен Орталық сайлау комиссиясы оны үміткер­лікке тіркеуден бас тартқан.

 

С.Зурабишвили Грузияда 2016-жылы өткен Парламент сайлауына тәуелсіз үміткер ретінде қатысқан. Ал биылғы тамыз айында Франция азаматтығынан ресми түрде бас тартқан, Грузиядағы кезекті Президент сайлауына түсетінін мәлімдеген.

 

Таяуда Грузияда өткен Президент сайлауына 10 адам түскен еді. 7 үміткер түрлі партиялардан ұсынылса, 3 үміткер өзін-өзі ұсынған болатын. С.Зурабишвили осы өзін ұсынушылар қатарында, дегенмен оған билік басындағы «Грузин арманы» партиясы қолдау көрсетті.

 

Президент сайлауының 2-ші турына ол өзінің негізгі қарсыласы – біріккен 10 оппозициялық партия құрамындағы кезінде Саакашвили құрған «Біріккен Ұлттық қозғалыс» партиясының өкілі Григол Вашадземен өткен болатын. Бұл жолы сайлауда Зурабишвили жеңіп шықты. Енді ол алдағы 6 жылда Грузияны басқаратын болады.

 

Ресейге оң қабақ танытпай тұр

 

Грузияның жаңа Президенті өзінің Саакашвили кезінде бой көтерген Президент резиденциясында тұрмауды шешкенін мәлімдеді. Ол Тбилисидегі Орбелиани сарайын таңдады.

 

Зурабишвилидің мәлімдемесінде «басқа типтегі Президент», «өз үйімде тұрамын», «жұмысқа жаяу қатынаймын», «керек-жарақты базардан сатып аламын» деген сияқты сөздер бар. Мұны біреулер алысқа бармайтын саясаткердің өзіне пиар жасаған түрі десе, енді біреулер жаңа Президенттің қадамына сүйсініс білдіріп жатыр.

 

Ал Грузияны Ресей өзіне 1800-жылдары қаратқаны белгілі. 1920-жылы онда екі жыл өмір сүрген тәуелсіз Грузин Демократиялық Республикасын Совет өкіметі құлатты. Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын Грузиядан Абхазия мен Оңтүстік Осетия бөлінгенде Ресей оларды қолдады, тәуелсіздігін таныды. Сондықтан бұл ел бүгінде Ресейді агрессор ретінде санайды.

 

Грузияның жаңа Президенті де әзірге Ресейге оң қабақ таныта қойған жоқ. Кезінде Грузияны екі мәрте басып алғанын, бүгінде одан бөлінген территорияны қорғап отырғанын, сондай-ақ Украинаға қысым жасап жатқанын алға тарта келе мұндай жағдайда Ресеймен ынтымақтастық болуы екіталай екенін жеткізді. Яғни екі ел арасындағы 2008-жылы үзілген қарым-қатынастардың қайта қалпына келуі әзірге бола қоймайтынын білдірді. Қысқасы, алдағы уақытта Грузия Ресей мен ТМД мемлекеттерінен гөрі НАТО-ға, Еуроодаққа жақындай түсетін сияқты.

 

…Жалпы, Грузия өз өркендеу жолын таңдап, енді қалыптасып келе жатқан дамушы ел саналады. Онда бүгінде 4 миллионға жетер-жетпес халық тұрады. Оның 87 пайыздайы – грузиндер. Елде одан басқа әзірбайжан, армян, орыс, осетин, украин, шешен, күрді, авар, аджар, еврей және басқа да ұлт өкілдері мекендейді. Халқының 50 пайызы – қала тұрғындары. Ел астанасы – Тбилисиде 1 миллион 100 мыңнан аса адам бар, басқа ірі саналатын оншақты қаласында 30 мыңнан 160 мыңға дейін адамдар тұрады.

 

Грузия құрамына 9 өлке және 2 автономиялық республика кіреді. Абхазия мен Оңтүстік Осетия өз тәуелсіздігін жариялаған, оны бірқатар мемлекеттер мойындаған. Алайда халықаралық деңгейде олар Грузия құрамында деп есептелінеді. Бірақ бүгінде оларға Грузия билігі жүрмей тұр. Ал Грузия­ның өзі бұл екі республиканы Ресей басып алған деп есептейді.

 

…Жалпы, Грузия тәуелсіздік алғалы онда Президент сайлауы 7-ші мәрте өтті. Ал таққа осымен 5-ші Президент отырды.

 

Президент сайлауы тікелей дауыс беру тәртібімен биыл соңғы рет өтті. Бұл ел өткен жылы мемлекеттік құрылымның парламенттік жолын таңдап, Конституцияға өзгеріс ендірген болатын. Енді алдағы уақыттарда Президентті елдегі арнайы Сайлау коллегиясының 300 мүшесі дауыс беру арқылы таңдайтын болады.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 
zamana.kz

[:]