[:kz]
Қазақстанның вице-премьері Иманғали Тасмағамбетов ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банкінің «Өнімді инновацияны ынталандыру» жобасы аясында құрылған Ғылым және коммерциализациялау бойынша Халықаралық кеңесінің мүшелерімен ресми кездесу өткізді.
Кеңес құрамына 2 қазақстандық және 5 шетелдік сарапшылар енді: Селуччи Томос Энтони – АҚШ президенттері Барак Обама және кіші Джордж Буш тұсындағы коммерциализация жөніндегі кеңсенің бұрынғы директоры, Азулай Эрик Кале – кеңес төрағасы, коммерциализация технологиясы бойынша сарапшы, Чанбаша Башир – мұнай химиясы және нанотехнология саласындағы 2005 жылғы Азияның үздік зерттеуші-сарапшысы, Мартин Эмиль — University of Texas Health Science Center in Houston, McGovern School of Medicine оқу орнының профессоры, Маджиди Мехди – әлеуметтік инновациялар (инклюзивті), денсаулық сақтау саласындағы шағын және орта әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша сарапшы, Оңтүстік Корея үкіметіндегі жұмысшы тобының сарапшысы, Асқар Арынғазин – физика-математика ғылымдарының докторы, 70-тен аса ғылыми еңбектердің авторы, Аюп Ысқақов – биология ғылымдарының докторы, 105-тен аса ғылыми еңбектердің авторы.
Қазіргі уақытта Ғылым және коммерциализациялау бойынша Халықаралық кеңесінің мүшелері ағымдағы жылғы тамыз айында өткен байқаудың үздік жобаларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде. Гранттық байқауға барлығы 400-ден аса өтініш тапсырылды. Ғылым және коммерциализациялау бойынша Халықаралық кеңесінің мүшелері 71 жобаны іріктеп алды. Дәл қазір құжаттар конкурстық іріктеудің екінші кезеңінен өтуде. Оның ішінде 30 жоба анықталып, гранттық қаржыландыруға ие болады.
Кездесу барысында Иманғали Тасмағамбетов жаңартылатын энергия, нано- және биотехнология, робототехника сияқты заманауи салалардағы жобаларды әзірлеуге көңіл бөлу қажеттігін атады. «Байқоңыр ғарыш айлағының халықаралық мәртебесін ескерсек, біздің еліміз үшін аэроғарыш саласындағы жобаларға басымдық беріледі» — деді вице-премьер.
«Кез-келген мемлекет үшін ғылымның маңызын өздеріңіз жақсы білесіздер. Еліміздің жетістігі бұл саланың қаншалықты дамығаны және экономикағы бағытталғанына тәуелді. Тәуелсіздік жылдарындағы Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен, сондай-ақ, халықаралық қаржы институттарының табысты жұмысы нәтижесінде алғаш рет ғылымның дамуына қомақты қаржы бөлініп отыр. Бұл мәселеде ғылыми ізденістің бұдан әрі қаржыландырылуы отандық ғылымды дамыту жұмыстарының тиімділіне және дұрыс жүзеге асырылуына байланысты болатынын түсінуіміз қажет» — деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов.
Кездесу барысында жобалардың бірден-бір құрамдас бөлігі – ол өндірістік міндеттерді шешу үшін өндірістік және әлеуметтік секторлардың инновациялық консорциумын құру және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы халықтың тұрмыс деңгейін көтеру екендігі айтылды.
«Өнімді инновацияны ынтыландыру» жобасына келсек, ол 2016-2021 жылдар аралығында Қазақстанда жүзеге асырылады. Жоба 5 құрамдас бөліктен тұрады. Атап айтқанда, ғылыми жобалар мен PhD зерттеулері үшін гранттар, өндірістік консорциумдар мен әлеуметтік инновация консорциумдарын құруға бағытталған гранттар, венчурлық қор, брокерлік команда, шетелдегі технологиялық жылдамддату кеңселерін құруға бағытталған технологияларды коммерциализациялау жүйесін біріктіретін бөлік, сондай-ақ, жобаларды басқару бойынша топтар қызметін қаржыландыру бөлігін құрайды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының жанынан республикадағы инновацияларға талдау жасау алаңын құру жоспарлануда.
[:]