АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Испанияда тұратын қазақтың екі қызы «Реал Мадрид» клубының жасөспірім футболшыларына лагерь ұйымдастырады[:]

[:kz]

 

Айнұр Мұқанова Испанияда алты жылдан бері тұрады. Құрбысы Нүрия Түгелбаева екеуінің туристерге арналған арнайы кеңес беру орталығы бар. Шетелде кездейсоқ кездесіп, достасқан қазақ қыздары Испанияда білім алу, туризм және басқа да түрлі шараларды ұйымдастыруды қолға алған. Құрылғанына көп уақыт болмаса да орталық «Реал Мадрид Campus» қорының ресми серіктесі атанып үлгерген. Құрбылар Испанияда балаларға араналған футболдық лагерь ұйымдастырады.

 

Azattyq Rýhy тілшісі Айнұр Мұқановамен сұхбаттасып, Испаниядағы білім жүйесі, жасөспірімдер арасындағы футбол және ол жақтағы пандемиялық өмір жайын сұрап білді.

Айнұр Ақтөбе қаласының тумасы. Мектепті бітіргеннен кейін бірден Санк-Петербург қаласына оқуға түсіп, PR (қоғаммен байланыс) мамандығын тәмамдап шыққан.

«Санк-Петербургте бес жыл білім алдым. Сол жерде ағылшын тілі аудармасын оқып, екінші диплом тағы алдым. Бес жылдан кейін елге оралып, мамандығым бойынша жұмыс істедім. Кейін «Болашақ» бағдарламасымен Англияға оқуға түстім. PR бағыты бойынша магистратура бітірдім. Оқуды бітіргеннен кейін Қазақстанға қайта келіп мемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда жұмыс істедім. Сосын Испанияға кеттім. Ал, өткен жылы Швейцария университетінде халықаралық басқару бойынша білім алып, МБИ дәрежесіне ие болдым», — дейді Айнұр.

Құрбысымен бірге құрған «RIЯ Consult» кеңес беру орталығының жұмысы жайында

«Біз қазір Испанияға оқуға түсуге құжат дайындау, кеңес берумен айналысамыз. Сонымен қатар, тілдік курс ұйымдастырамыз. Ағылшын, испан тілін үйренгісі келетіндер онлайн және офлайн оқи алады. Әріптестердің бәрінің лицензиясы бар. DELE емтиханын өткізеді. Аталған емтихан азаматтық алуға, оқуға түсуге, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Испанияның тілі, заңдары мен салық жүйесінен толық хабардармыз. Былайша айтқанда, біздің компания Испания мен Азия елдерінің арасындағы көпір секілді. Оқуға түсуден бөлек, туристік қызмет және футболдан лагерь ұйымдастырамыз», — дейді Айнұр Мұқанова.

Испанияда жыл сайын футболдан жасөспірімдер арасында іріктеу жүргізіледі. Қабілеті бар балалармен келісімшарт жасалып, оларды кәсіби деңгейде дайындайды. Отандасымыз сондай іріктеу биыл алғаш рет қазақстандық жас футболшыларға да жүргізілетінін айтады. Бұл қазақ балалары үшін үлкен мүмкіндік.

«Реал Мадрид Campus бұл – 9-17 жастағы балаларға арналған футболдық лагерь. Жаз айларында келіп, басқа елдің балаларымен бірге жаттығу жасайды. Бұл лагерь бұрыннан жоғары дәрежеде жұмыс істеп келеді. Біздің аталған қор атынан лагерьге балалар жинауға, кеңес беруге толық өкілетілігіміз бар. Мұнда аса қатаң іріктеу жоқ. Келуге өтініш білдірген балалардың барлығын қабылдаймыз.

Сондай-ақ «Intersoccer» футбол академиясымен жұмыс істейміз. Академия жыл сайын футболдан іріктеу ұйымдастырады. Оған 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер келе алады. Оларға кәсіби футбол клубының мамандары қарап, баға береді. Бұл жәй ғана байқау емес, осындай іс-шара арқасында футбол ойнайтын балалардың таланты ашылады. Қазан айында біз жаңа топ жинаймыз. Ішінен өзін көрсете білген баланы алып қалып, оны кәсіби деңгейдегі футболшы болғанға дейін дайындайды. Аты әлемге әйгілі Месси де осы іріктеуден таңдап алынған. 13 жасында әкесі Барселонаға әкеліп, көп футболшының қатарына қосады. Алғаш келгенде оның атақты футболшы болатынына көбі сенген жоқ. Бойы кішкентай, денсаулығында ақау болған Месси өзін дәлелдеп жұлдызға айналды. Бұл әрбір жас футболшы үшін үлкен мүмкіндік. Аталған академия әлем бойынша іріктеу жүргізгенімен осы күнге дейін Орта Азия елдерінің футболшыларын бағаламаған. Биыл қазан айында алғаш рет қазақстандық жас футболшылар қаралады», — дейді отандасымыз.

Айнұр елімізде футболға аса қатты мән берілмейтінін айтады. Сол себепті қазақстандықтардың жас фуболшыларға жасалып жатқан мүмкіндіктер мен іс-шаралардан хабары жоқ дейді ол.

«Лагерьге Қазақстаннан келетін балалардың саны аз. Бұл қор жайында көбі біле бермейді. Тіпті, осындай лагердің бар екеніне күмәнмен қарайтындар бар. Сол себепті қазір барынша ақпарат таратуға тырысып жатырмыз.

Біз футболдық лагерь өкілі болғанымызбен, нағыз маман емеспіз. Десе де, қазақтардың арасында да таланттар бар екенін білеміз. Тек дұрыс тәрбиелеу керек. Қазақстанда Испания мен Бразилиядағыдай футбол идеологиясы жоқ. Испанияның әлемге әйгілі футбол клубтары бар. Футболшыларға мұнда өте жақсы мүмкіндік жасалған. Тіпті оқу орындарында «спорт менеджмент» деп аталатын мамандық бар. Олар футболмен өмір сүреді. Осындай атмосферада өскен бала міндетті түрде футболға жақын болады», — дейді Айнұр.

Ол Испаниядағы білім жүйесінің ерекшелігі мен артықшылығына да тоқталды.

«Оқу жүйесі Еуропа көптеген еліндегідей мектепке дейінгі білім, мектеп, орта және жоғары білімге бөлінеді. Маған ұнайтыны, оқушылар 9-10 сыныпта кім болатынын, қайда баратынын шешіп қояды. Испанияда техникалық мамандықтар жақсы дамыған. Қазақстанда ЖОО-ның колледжге қарағанда беделі жоғары саналса, бұл жақта ондай түсінік мүлде жоқ. Университет пен колледж арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Жақсы жұмысқа тұру үшін университет, магистратура немесе докторантура бітіру керек емес.

Мұнда оқуға түсетін қазақстандықтар аз. Дегенмен, келіп оқитындар бар. Қазақстаннан бөлек Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келетіндер көп», — дейді отандасымыз.

Испан жігітіне тұрмысқа шықтым…

Айнұр испан азаматына тұрмысқа шығып, Испанияға біржола көшкен. Қандасымыз жұбайымен қалай танысқанын, Испанияға қалай көшкенін айтып берді.

«Бұған дейін Испанияда тұрған бес жыл ішінде тек келіп-кетіп жүрдім. Өткен жылдан бастап тұрақты тұрып жатырмын. Испан азаматына тұрмысқа шықтым. Ол Тальго компаниясында жұмыс істейтін. Арнайы келісімшартпен Қазақстанға келіп жүрді. Үшінші іс-сапарында екеуміз таныстық. Мен испан тілін тез меңгеріп алдым. Біраз уақыттан кейін үйлендік. Ол Қазақстанда тұрғысы келмеді. Себебі, өзіңіз білесіз, біздің қоғам өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, үйленуді толық қабылдаған жоқ. Түрлі мәселелер болғандықтан біз көшіп кеттік. Бұл шешіміме еш өкінген емеспін. Өзге елдің мәдениетіне халқына тез үйреніп кеттім», — дейді Айнұр.

Айтуынша, жолдасы мен ата-енесі қазақ елінің тілі мен салт-дәстүріне құрметпен қарап, әр мерекені тойлайды екен.

«Мен әлем адамымын. Түрлі елге сапар шеккенді, жаңа нәрсені көргенді ұнатамын. Қазақстанға келіп тұрамын. Себебі, ата-анам, достарым бар. Туған жеріңе ешқандай ел жетпейді. Басқа елде жүріп, басқа тілде сөйлесем де, жүрек түкпірімде қазақ болып қала беремін. Үйде ұлттық тағамдарды міндетті түрде пісіремін. Ораза ұстаймын. Испан елінің де түсініктерін қабылдадым. Күйеуім, ата-енем, менің салт-дәстүрімді, құрметтейді, түсінеді. Сәйкесінше мен де олардың ұстанымдарын сыйлаймын», — дейді ол.

Испания әлемге туризммен танымал елдердің бірі. Айнұр Испанияға келетін туристердің легін қай ел азаматтары құрайтынын айтты.

«Келушілерге туризм бағытында түрлі қызмет ұсынамыз. Той жасау, салтанатты шаралар, бизнес кездесулер ұйымдастырамыз. Осы жерде тұрғандықтан көптеген тур орталықтар беретін мәліметтен бөлек түрлі фестиваль, карнавалдардың уақытын, жүзім өсетін кезеңдер жайында ақпарат бере аламыз. Қай жерде қандай арал, үңгір, тау, қонақ үй, қайда тамақтануға болатынын толық білеміз.

Испания жан-жақты ел. Оңтүстік бөлігі бұрын арабтарда болғандықтан сұлтандардың архитектурасы жақсы сақталған. Әдемі ғимараттарға куә боласың. Ал, солтүстік жағы керісінше жап-жасыл, жаңбыр жиі болады. Мәдениеті, тамағы мен тілі мүлде бөлек. Испанияға еуропалықтар көп келеді. Германия, Норвегия және ағылшындар мен америкалықтардың сүйікті елі. Сондай-ақ, Беларусь, Украинадан туристер жиі келеді. Бүкіл әлем келеді десе болады», — дейді ол.

Айнұрдың айтуынша, Испанияда коронавирус жағдайы жақсарған. Халық баяғы күндерге вакцина алудың арқасында оралды дейді қандасымыз.

«Халықтың 75 пайызы вакцина алды. Еуропада адамдар заңды қатаң ұстайды. Біздегідей жасырын тойлар мүлде болған жоқ. Арақашықтық сақтау міндетті. Қазір вакцина арқасында қарттар үйіндегі өлім жағдайы төмендеді. Мұнда қарттар үйі өте көп.

Осы жылы туристерге жол ашылды. Өлім жағдайы тоқтады деуге болады. Өзім де вакцина алдым. Қазақстандықтардың вакцинаға соншалықты кері көзқараспен қарайтынына таңғаламын. Ұжымдық екпе арқасында жақсы өмірге қайта оралдық. Маусым айынан бастап көшеде маскасыз жүруге рұқсат берілді. Десе де, адамдар әлі маска киіп жүр», — дейді Айнұр Мұқанова.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

[:]