[:kz]
Көшенің бұрынғы атауы басында Солдатская болып, кейін Красногвардейская аталған екен.
Кезінде Алаш зиялыларының рухани ордасы болған Семей қаласының орталығында Желтоқсан көтерілісшілерін ауыр жазалаған әйгілі ҚазССР бас прокуроры Ғалым Елемесовтің атында көше бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы бүгін, яғни дәл Конституция күні қарсаңында Макпал Орынбетова есімді желі қолданушы өзінің фейсбук парақшасына жазды.
«Семей қаласындағы «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековке ең ауыр үкімді шығарған Елемесовке берілген көше. Осы жағдайда Ата заңымызды қалай әспеттей аламыз? Конституционализм доктринасы туралы қалай тебіренеміз? Парадокс», – дейді, желіге төмендегі суретті жүктеген автор.
Жазба астына пікір қалдырғандар да бұл жайтқа қатысты өз наразылықтарын білдіріп өткен. «Ұлттық идеология жоқ. Жергілікті ішкі саясат бөлімі не істеп отыр?», «Мәдениет бөлімі Семей қаласына қарағанымен, бұл мәселе тек олардың қолында тұрған жоқ. Ононмастикалық комиссияның республикалық қарауынан өткенде барып шешіледі», «Бұл біздің жүйенің дұрыс еместігін көрсетіп тұр», «Андағының дөкей туыстары бар шығар. Оның басқа қалаларда да көшелері бар» деседі олар.
«Басқа қалаларда да көшелері бар» демекші, бұл советтік прокурор Ғалым Елемесовтің аты туған жеріндегі облыс орталығы – Көкшетауда бір көшеге берілген. Тіпті, сол қалаға ескерткіші қойылып, музейі де ашылыпты. Бұл туралы abai.kz-ке жарияланған мақаладан білуге болады.
Ал Семейдегі мына көшенің бұрынғы атауы басында Солдатская болып, кейін Красногвардейская аталған екен. 2004 жылдың 13 ақпаны күні Семей қаласы әкімінің және қалалық мәслихатының біріккен №285-16 шешімімен Ғалым Елемесов көшесі болып өзгертілген болатын. Содан бері сол Елемесовті әлі ұлықтап тұр.
[:]