АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қайыржан ТӨРЕЖАН. ӘЛЕМДІК АРЕНАНЫҢ САРДАРЫ[:]

[:kz]

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», деп жазды Елбасы өзінің   «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жобасын іске асыру шеңберінде әр сладағы жетістіктерге жеткен, табысты азаматтар халық арасында танымал бола бастады. Солардың арасына еліміздегі бейбіт өмірді қамтамасыз ететін, сыртқы жаулардан қорғайтын Қарулы Күштерде әскери қызметте жүрген көптеген сардарларымызды қосуға болады. Әскери қызметшілер халықтың алдына шыға бермейтіндіктен көбінесе көлеңкеде қала береді. Сондықтан олардың үлгілі, ізгілікті істерін кейінгі ұрпаққа ұлықтап, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы халыққа насихаттауымыз керек.

 

         Қай елде болмасын халқына берілген, Отанын қалтқысыз сүйетін нағыз патриоттар әскери қызметкерлер болуы заңды. Өйткені олар әскери оқу орындарында білім алып Қарулы күштердің әртүрлі салаларындағы арнайы мамандықтарды игереді, сөйтіп бүкіл өмірін Отанын қорғауға арнайды. Бейбіт өмірді қаласың – соғысқа дайын бол, деген сөз бар. Сондықтан әрбір мемлекет өздерінің әскерін жасақтап, қаруландырып, кез-келген жағдайда елін қорғауға дайын тұруын қамтамасыз етеді. Қазақстан Қарулы күштері жақында ғана өткен Халықаралық армия ойындарында бірінші орындарды жеңіп алып, өзінің әлеуетін, жоғары дайындық деңгейін әлемге паш етті. Қазақстандық жауынгерлердің әртүрлі бағыттар бойынша өткізіліп жатқан  халықаралық әскери жаттығуларда тапсырманы мүлтіксіз орындап, үлкен ареналарда алдыңғы саптан көрініп жүргенін әлем біледі. Бұны біз стратег қолбасшыларымыздың, тактик сардарларымыздың, білікті сержанттардың өз ісіне деген жауапкершілігі, еліне деген сүйіспеншілігі деп түсінуіміз керек. Осындай еліне қалтқысыз қызмет етіп жүрген сардарларымыздың бірі, Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерлеріне қарасты Десанттық-шабуылдаушы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Шайх-Хасан Сапарқұлұлы Жазықбаевты жұртшылыққа таныстырғымыз келеді.

         Алдымен оның өмірбаянына қысқаша тоқтала кетейік. Жастайынан офицер болуды армандаған Шайх-Хасан Жазықбаев орта мектепті бітіргеннен кейін Ресейдің Пенза қаласындағы Артиллериялық-инженерлік жоғары әскери училищесіне түсіп, 1999 жылы оны қызыл дипломға бітіріп шықты. Орайы келіп тұрғанда айта кетейік, кейіннен, 2013 жылы Қазақстан Қорғаныс университетін де алтын медальмен бітірді. Пенза әскери оқу орынын үздік бітіріп келген жас офицер Алматы облысындағы  Панфилов ауданында орналасқан 74261 әскери бөліміне ракета-артиллериялық қарулар бөлімшесі бастығының көмекшіс, келесі жылы сол жерге бастық болып тағайындалды. Теориялық білімін қызметінде тиімді пайдаланатын, өз ісіне қашанда жауапкершілікпен қарайтын тиянақты офицер басшылардың көзіне түсіп, қызметі өсе бастады. 2004жылы Қапшағай қаласында орналасқан Қазақстан бітімгершілік батальонына рота командирі болып ауысты.  Шайх-Хасан Сапарқұлұлы содан бері осы бітімгершілік бригадасында қызмет етіп келеді. 2006 жылы инженерлік-саперлер тобының командирі, келесі жылы Қазбат командирінің орынбасары болды. 2010 жылы Қапшағай қаласындағы 28079 әскери бөліміне бастық болып тағайындалды. Полковник Шайх-Хасан Жазықбаев өткен жылдан бері Десанттық-шабуылдаушы әскерлері қолбасшысының орынбасары болып қызмет етті. Қазір ол Ресей Федерациясы Қарулы күштер Бас штабының академиясына екіжылдық оқуға жолдама алып, бір-екі күнде Мәскеуге ұшуға дайындалып жатыр.

– Қазақстандық бітімгершілік батальонының құрамында Иракқа екі рет бардым. Бірінші рет алты айға 2006 жылы топ командирі, одан кейін 2008 жылы жеті ай жасақ командирі болдым. Бітімгершілік жасағында 29 адам болдық, оның ішінде 7-еуі жарылғыш заттарды залалсыздандыратын саперлер, 6-ауы ішуге жарамсыз суды тазартып, ауызсуға айналдыратын агрегатта істеді, қалған жетеуі көлік жүргізушілер, жөндеу жұмыстарын атқаратын көмекшілер, қамтамасыз ету тобы болды.

 

Ол жердегі бізге жүктелген тапсырма – соғыс болған жерлерде шашылып қалған жарылғыш заттарға бейбіт тұрғындар, балалар түсіп, жарылыстан мүгедек болып қалмас үшін сол жарылғыш заттарды залалсыздандырып, жою болды. Олар өте көп, біреулер есік алдынан тауып алады, екіншілері мал бағып жүрген жерлерінде көргенін айтып келеді. Соларды біз барып залалсыздандырдық. Екінші тапсырмамыз жергілікті тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету болды. Соғыс жүрген жерлерде су мәселесі проблемасы туындап, ауызсудың тапшылығы қатты сезілді.  Тағы бір тікелей атқарған жұмысымыз – дертке шалдыққан, минаға түсіп жарақат алған жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету. Мина іздейтін, залалсыздандыратын, су тазартатын тағы басқа қажетті техникалардың барлығын өзімізбен бірге осы жақтан алып бардық. Әрине, біз өзіміздің дайындық деңгейіміздің жоғары екендігін  НАТО әскерлерінің алдында көрсетуге тырыстық. Оларды мойындаттық. Су тазартатын машинамызға америкалық әскерилер алғашында сеніңкіремей, Германиядан әкелінген агрегатпен жұмыс істеуді ұсынды. Содан кейін мен өзіміздің басшылыққа, сол жердегі дивизия басшылығына баянат жазып, бізге сенімсіздік көрсетіп отырғанын жеткіздім. Содан кейін АҚШ және Германиядан біреуі 2 сағаттық, екіншісі 24 сағаттық екі комиссия келіп біздің машинаның тазартқан суын тексерді. Нәтижесінде біздің су тазартатын әскери техникамыздан тазарған ауызсу германиялық контейнерлердің суынан таза болып шықты.  Содан кейін біз маңайдағы кішігірім ауылдарды уланған тазартылған ауызсумен қамтамасыз ететін болдық, — деп әңгімелейді полковник Жазықбаев Ирак еліне бітімгершілік миссиямен барған сапары туралы.

Ол жақтан келгеннен кейін Шайх-Хасан Жазықбаев «Қазбат» бітіргершілік батальоныны басқарды. Бұл кезде оның кеудесінде ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, «Халықаралық әскери достықты дамытуға қосқан үлесі үшін», «Бітімгершілік операцияға қатысқаны үшін» медальдары жарқырады. Бұдан кейін де ол бірнеше мәрте шет елдерде өткен халықаралық әскери жаттығуларға, конференцияларға шықты. Мысалы, 2008 жылы Голландиядағы, 2008 жылы АҚШ-тың Тусон қаласындағы жиынға, АҚШ-тың Аризона штатында өткен «Дала қыраны-2009» конференциясына, Литваның астанасы Вильнюстегі әскери жиынға қатысты. 2013 жылы тамызда Украинада өткен «Рэпид Трэйд» жаттығуына, сол жылы қыркүйекте Ресейдің Чебаркуль қаласында өткен «Нерушимое братство» халықаралық жаттығуларына қатысты. Осы жауапты шаралардың барлығында қазақстандық сардар өз елі туралы жағымды пікір қалыптастырды.

Полковник Шайх-Хасан Жазықбаев 2010 жылдың қыркүйегінде тағы бір халықаралық деңгейдегі аса жауапты операцияға қатысып, абыроймен орындады. Қазақстан Қарулы күштерінің Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы тобының құрамында 15 қыркүйек күні бұлар Қырғызстан жеріне ұшып шықты. Қазақстан Республикасы басшылығының жүктеген тапсырмасы бойынша арнайы топ Қырғызстанда болған саяси оқиғаға байланысты сырттан көмек күтуге мәжбүр болып Жалалабад қаласында отырған Қырғызстан Республикасының президенті Құрманбек Бакиевті және оның отбасы мүшелерін алып шығуға тиіс болды.

– Қапшағай десантшылар әскери бөлімінің командирі болып жүргенімде көрші Қырғызстан еліндегі жағдайға байланысты сол елдің президентіне эвакуация жасау туралы құпия тапсырма алдым. 20 адамнан тұратын арнайы жасақ Қырғызстанның оңтүстігіндегі Жалалабадқа ұшып шықтық. Сол жердің әуежайында ұшаққа отырғанша Құрманбек Бакиев пен оның отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Тараз әуежайында біздің Оңтүстік өңірлік қолбасшылықтың жауынгерлері тосып тұрды, — деп есіне алады сол операцияны полковник Шайх-Хасан Жазықбаев.

Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы жасағының жылдам, батыл, ұтымды орындаған арнайы операцияның арқасында  тапсырма ойдағыдай орындалды. Жалалабад әуежайына қонған қазақстандық ұшақ Қырғызстан президенті мен оның отбасы мүшелеріне эвакуация жасап, тез арада Жамбыл әуежайына жеткізді.

Шайх-Хасан Жазықбаевтың отбасы  үш бала тәрбиелеп отыр. Жақын арада Жазықбаевтар жанұясы уақытша Мәскеуге көшетін болады. Ол жақта полковник Шайх-Хасан Жазықбаев екі жыл бойы әскери академияда оқып, мемлекеттік басқару бағыты бойынша дәріс алады.

 

Алтынорда

[:]