[:ru]Қайыржан ТӨРЕЖАН. АЛМАТЫ – ҒАСЫРЛАР КУӘСІ[:]

[:ru]

almaty-gasyrlar-kuasi-gylymmi-konferentsiyasy-02Кеше Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияны ұйымдастырғандар – Қазақстан Халқы ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» кеңесі, «Интеллект Орда» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер интеграциясы халықаралық иституты.

Конференцияның мақсаты – қазақстандық жастар мен азаматтар арасында патриотизмді қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, Алматы қаласының тарихымен таныстыру, арттыру, жүргізушілердің кәсіби шеберлік деңгейін, мәдениеті деңгейін көтеру және халыққа көлік қызмет көрсету сапасын арттыру, алматылықтарды  ортақ тарихи-мәдени құндылықтардың айналасында шоғырландыру, қоғамдық санаға «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын сіңіру.  Ғылыми шараға Алматы қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің, Алматы қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, Алматы қалалық әкімшілігінің қызметкерлері, ЖОО ұстаздары мен студенттері, белгілі тарихшы ғалымдар, ғылым саласының қызметкерлері, қалалық этнотоптар бірлестіктерінің, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Конференцияны Қазақстан халқы ассамблеясының Алматы қалалық хатшылығының жетекшісі Маргарита Абдалиева мен Қазақстан халқы ассамблеясының Алматы қаласы бойынша төраға орынбасары Казбек Мамсұров сөз сөйлеп ашты. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Арнабай Нұржанов Алматы қаласының 1000 жылдық тарихы бойынша баяндама жасап, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған мыңжылдық тарихи жәдігерлер туралы айтты. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Сұлтан Орашев өзінің баяндамасында Верный қаласының 1879 жылы жасалған статистикалық деректерімен таныстырды.

– Бүгінгі «Алматы – ғасырлар куәсі» атты ғылыми конференциясына жиналып отырған себебіміз –  ежелгі заманнан бастап, бүгінгі күнге дейінгі осы Жетісу өңіріндегі өткен тарихи, мәдени оқиғаларды қорытындылап, әсіресе, оның тарихи ескерткіштер жағын қамтымақшымыз. Бұл әңгімені біз жыл сайын жалғастырып отырғанымыз жөн сияқты. Елбасының «Қазақстан жолы – 2050», «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясын көтеруі маңызды тәрбиелі үрдіске айналды. Былтыр біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтсек, биылғы жылы Алматы қаласының 1000 жылдығын арнайы атап өтіп жатырмыз. Бұл тәуелсіздік алған күннен бастап жасалып жатқан ұлттық тарихымызды зерттеулердің нәтижелері, – деді «Интеллект Орда» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер интеграциясы халықаралық иститутының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов.

Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған Қазақстан халқы ассамблеясының 2016 жылғы жоспарына бірнеше тарихи-мәдени шараларды жүзеге асыру кіреді. Конференция аясында «Алматы қаласының тарихи орындары» атты еріктілер мен жастар арасындағы үздік постер, сондай-ақ Алматы жүргізушілері арасында  қаланың тарихымен көрікті жерлерімен  таныстыру байқау жарияланған. Оған 50 шақты адам қатысты.

Конференцияның соңында осы байқаулардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар, алғысхаттар табысталды.

Алтынорда

[:]