[:kz]
Ауылдың барлығы «Қалаулымды» көреді екен. 3 сағаттап, 4 сағаттап теледидардың алдында тапжылмай отырады екен. Әрбір актерды жатқа таниды. Ауылға барғанда соған көз жеткізіп қайттым.Сондықтан, мен «Қалаулымның» жабылуына қарсымын! Өйткені, «Қалаулымды» жапсақ, біз қазіргі қазақ тілді көрерменді ең «құнды ләззатынан», «рухани дүниесінен» айырамыз. Біздің қазақтілді аудиторияға ондай бағдарламалар керек.
Себебі, біздің халықтың (бәрі емес) деңгейі өскен жоқ. Оларға сол қызық. Біреудің көрпесінің астында не болып жатқаны қызық. Біреудің біреумен ажырасып кеткені қызық.
Біздің халыққа тарихи, мәдени, әдеби, танымдық дүниелердің түкке де қажеті жоқ. Түкіргені бар ондай дүниелерге. Оған басын ауыртқысы келмейді. Керісінше, ит боп үретін, шошқа боп қорсылдайтын актерсымақтар мен тойдың деңгейінен әрі аса алмайтын әншісымақтардың «өнері» мен өмірі керек оларға.
Халықтың басым бөлігінде «ізденейінші осы», «ой-өрісімді кеңейтейінші», «бірнәрсе білейінші» деген ой мүлдем жоқ. Оған әрекет те жоқ.
Әйтпесе, танымдық, интеллектуалдық өнімдер жоқ емес, бар. Бірақ, қаралымын қарасаң, мәз емес.
Сондықтан, құрметті продюсерлер, режиссерлар, әріптестер, интеллектуалды бағдарлама жасаймыз, халықтың деңгейін көтереміз, деп әуре болмай-ақ қойыңыздар. Бәрібір ешкім көрмейді. Басымнан өткен жағдай.
Бірақ, жеке өз басым пайдасы бар интеллектуалды дүниелерді көруді тоқтатпаймын. Мен көзімнің ашық болғанын қалаймын.
Данияр Есен
Фейсбуктегі парақшасынан
[:]