АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Қар мен шөп жедім»: Боранда бір апта далада түнеген бақташының хикаясы [:]

[:kz]

 

Өткен аптаның соңында Қостанай облысы Аманкелді ауданына қарасты Қарасу ауылында тұратын бақташы иен далада бір апта жоғалып, аман-есен табылғаны жайындағы жаңалықты отандық БАҚ жарыса жазған болатын. Қыстың қақаған аязы мен ұйытқыған боранда жеті күн бойы ұйқы мен тамақ көрмей, ашық аспан астында түнеген Аманкелді Тұржановтың еш жері үсімеген.

Аманкелді Сағымбайұлы осымен үшінші рет өлімнен аман қалған. Осыдан 12 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында құрылыста жұмыс істеп жүріп, 6-қабаттан құлап кеткен екен. Ол кезде аяғы сынғаны болмаса, басқа дене мүшелеріне зақым келмеген.

Бірнеше мәрте ажалды жеңген бақташы басылымға сұқбат берді деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Аманкелді Тұржанов қазіргі уақытта Жезқазған қаласындағы ауруханалардың бірінде емделіп жатыр. Құтқарушылардың оны далада әбден әлсіреп, қозғалыссыз жатқан жерінен тауып алғаны белгілі.

Дәрігерлер бақташының аяқ-қолы, беті домбығып, қатты суықтан өңі қарайғаны болмаса, еш жері үсімеген деп отыр. Бір апта бойы ұйқы мен тамақ көрмегендіктен, салмағы бірден 20 келіге азайған екен.

Ал бір ажалдан аман қалған Аманкелді Сағымбайұлының өзі төтенше жағдай қызметкерлері тауып алардың алдында иманын үйіріп, бұ дүниемен қоштаса бастағағанын жасырған жоқ.

«Тілімді кәлимаға келтірдім. Алдыма марқұм анам келді. Әдбен сілем қатып қиналғандықтан, шешеме «мені алып кетіңіз» деп жылап, жалбарындым. Ол менің қолымнан итере салып, ғайып болды. Ренжігендей болдым. Анашымның «өмір сүрсін» деп қалдырып кеткенін енді ұғынып жатырмын. Есім кіресілі-шығасылы болып жатып аспанға қарасам, маған қарай қарлығаш ұшып келе жатыр екен. Көзімді жұмып, сәлден соң қайта ашып қарасам, бүркітке айналған. Сәлден соң құлағыма тікұшақтың дыбысы келді. Қуанып кеттім. Мені құтқарушылар әуе көлігіне көтеріп салды. Содан кейін есімді білмеймін», — деп ағынан жарылды ер адам. 

Бүгін науқас кереуетінен тұрып, ақырын жүре бастағанын айтты. Біртіндеп тамақ ішіп, әлдене бастапты.

«Дәрігерлерге алғысым шексіз. Сол кісілердің арқасында күш жинап, тәуір болып келемін. Далада бір апта бойы жатқанда жылқы жейтін шөпті жұлып, қармен араластырып азық еттім. Бірінші күн қиын болды. Ереңінде үйрене бастадым. Содан асқазаным дүрыс жұмыс істемей қалыпты. Ауруханада бірнеше күн тамақ іше алмадым. Енді ғана біртіндеп өз қалпына келіп жатырмын. Аман қалғаным әуелі Алла, сосын анамның арқасы. Бір апта бойы жанымда болды. Көзім ілігіп бара жатса, оятады. Ал аязда ұйықтаған адамның қайта оянбайтыны белгілі. Қалың қарды қазып, үңгірде жаттым. Әлім жеткенше қимылдай бердім. Бір жерде тыпырлап, еңбектеп жүрдім», — дейді ол. 

Аманкелді Тұржановтың туған-туыстары оның ажалдан осымен үшінші рет аман қалғандығын айтады. 25 жасында жігіттер арасында төбелес болып, кеуде тұсына пышақ сұғылған екен. Араға 12 жыл салып, 37 жасында Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс алаңында жұмыс істеп жүріп, 6-шы қабаттан құлаған. Ал қазір жасы 49-да. Әр мүшелде бір қатерді жеңіп келеді. «Құлдилап келе жатып, көз алдыма балаларым елестеді. Қас қағым сәтте басымда қаншама ой болды. Құдайға жерге аяғыммен түссем екен деп жалбарындым. Дәл солай болды. Аяғым ғана сынды. Қалған жерім аман. Қазір анда-санда мазалайтыны болмаса, басқа шағым жоқ», — деп есіне алады.  Аманкелді Сағымбайұлының жұбайы, 5 баласы, 4 немересі бар. Жақындары оның өте мейрімді, өзінен бұрын өзгені ойлайтын кең адам екенін айтады. Оның аман қалуының да бір сыры көптің алғысы мен батасына бөленгенінде екендігіне сенімді. 

«21 ақпан күні кешкісін Біралы қыстағынан шопанның жоғалып кеткені туралы ақпарат түскен болатын. Іздестіру жұмыстарына «Нива Бронто Марш» автокөлігімен Амангелді ауданының төтенше жағдай бөлімінің мамандары және жергілікті полиция қызметкерлері, сондай-ақ шопанның туыстары қатысты. Боран мен қатты жел іздеу жұмыстарын едәуір қиындатты. Бақташымен де ешқандай байланыс болмады. Қостанай облысының ТЖД басшылығының сұрауы бойынша құтқарушыларға көмекке ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ Ми-8АМТ тікұшағы жіберілді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты толық жанармай құюдан кейін тікұшақ 26 ақпанда Жезқазған қаласында болған. Әуеден іздеу жұмыстары келесі күні — 27 ақпан сағат 10:50-де жалғасты. Ер адам қамыс арасынан табылды. Ол қатты шаршағандықтан, өздігінен қозғалуға әлі болмаған. Осы уақыт ішінде ол жазық далада болған», — дейді Қостанай облысы ТЖ департаментінің бас маманы Гүлдана Әлмағамбетова.

Пакизат Қожахметова – Аманкелдінің туған әпкесі. Бауырының бір апта бойы табылмағанына аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандарын айыптайды. Ол жеті күн бойы уақыты жылаумен, қайғырумен өтіп қиналғанын, інісін тауып алу оңайға түспегенін айтты. «Бауырым әбден қиналған. Оны ертерек тауып алуға болатын еді.

Аудандық құтқарушылар сылбыр жұмыс істеді. Облыстан көмекке ешкімді шақырмаған. Өзімнің Нұр-Сұлтан қаласынан келуіме тура келді. Төтенше жағдай министрлігіне қайта-қайта хабарласып, тікұшақ сұрадық. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ол екі күн ұша алмады. Әбден үрейлендік. Анам марқұм қасиетті адам еді. Түсіме кіріп аян берді, інімнің тірі табылатынын түсіндім. Ортамызға оралғаны үшін қуанышым шексіз. Аянбай көмектескен Қостанай облыстық ТЖ департаментінің бастығы Біржан Кәрімовке алғысым шексіз. Техниканың қуаты деген осы – адамдар бір апта бойы іздеген інімді тікұшақ жарты сағатта тапты», — дейді ол. 

Аманкелді Сағымбайұлы өзінің қалай аман қалғанына әлі күнге таң қалып жүргенін мойындады. Енді ол тезірек ауруханадан шығып, үйіне, бала-шаға, туған-туыстың ортасына оралар сәтті асыға күтіп жүр.

Автор: Сәке Қанатұлы

kaz.nur.kz

 

[:]