[:kz]
Жыл сайын көктемде үйіміздің кіре берісіне ұя салатын қос қарлығаш бар еді. Біз оларға, олар бізге әбден үйреніп алғанбыз.
Ұясын бұзбаймыз, олар сол ұяға тағы балшық тасып, қалыңдата беріп, ұя әбден үлкейіп кеткен.
Биыл көктемде ол қарлығаштардан бөлек тағы екі қарлығаш келіп, ұя сала бастады. Оны көрген ағам жаңа қарлығаштардың ұясын бұзып тастаған. Жақында ғана үйімізді еврожөндеуден өткізгенбіз, тұсқағазды былғап тастайды деп ашуланған. Ал бұрынғы ұяны ешқайсысымыз бұздырмаймыз.
Сол ұяны бұзған күні үйімізге ұры түсіп, бордақылап отырған он төрт қошқарымызды ұрлап кетті. Мықты көріпкелдерге, палшыларға пал аштырғанымызбен, сұрастырып талай ауылдарды аралап, бір дерегі шығып қала ма деп мал базарға шыққанымызбен қошқарлар қайтып табылмады. Сонда әжем: «Қарлығаш – киелі құс, оның ұясын бекер бұздың!» – деп ағама кейіген. Онсыз да мал іздеп шаршап жүрген ағам әжеме: «Ой, апа-ай, сондай ырымдарыңызды қойыңызшы! Әшейін сәйкестік болып қалды да», – деп ашуланған. Сонымен малдың табылмайтынына көзіміз жетіп, оны іздеуді де қойдық.
Арада бір жеті өтті ме, әлде одан да аз уақыт па, білмеймін, әлгі қарлығаштар үйімізге тағы ұя сала бастады. Әжемнің қой дегеніне қарамастан ағам оны да жартысына жетпей бұзып тастады. Ал тура сол күні біздің қанша жылдан бері пайдаланып келе жатқан мал жайылымдық және суармалы жерімізді әлдекімдер өз аттарына рәсімдеп алыпты. Әкем мен ағам жерді жыртқызуға барса, танымайтын бір кісілер жерді әлдеқашан жыртқызып, пияздың тұқымын сеуіп жүр дейді. Біреудің жеріне сұраусыз баса-көктеп кіріп, егін егіп жүргендерің қалай десе, қолдарындағы құжаттарын көрсетіпті. Мемлекеттік акт сол кісілердің атына рәсімделіп тұр екен.
Бұл қалай болғаны деп әкем де, ағам да ештеңені түсінетін емес. Былтырға дейін біздікі болып келген жер табан астында бөгденікі болып шыға келіпті. Әкем анда-мында жүгіріп шапқылағанымен нәтиже шықпады. Әжем бұл жолы ағама ештеңе дей қоймады. Бірақ оңаша қалғанымызда әлгі қарлығаштардың киесі ұрды деп жиі қайталайды.
Осыдан кейін мен де ойланып қалдым. Шынында да бізді қарлығаштың киесі ұрды ма екен? Әлде бұл ағам айтқандай жай ғана сәйкестік пе?
Ж. ПЕРНЕ.
[:]