[:kz]
Өңірде мұғалімдердің көбі демалысқа кетіп қалған
Елімізде қашықтықтан білім беру басталса да, Алматы облысында қажетті компьютерлік техникалар әлі толық сатып алынбаған. Оқушыларға тағы 1 269 компьютер мен планшет қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
IV тоқсан басталса да, облыста 500-ге жуық мұғалім ақылы демалысқа шығып кеткен.
Өңірдегі 760 мектепте 411 мыңнан астам бала бар. Оларға 41 397 педагог білім беріп келген. Ал коронавирустың таралуынан сақтану мақсатында педагогтар қауымдастығы 1-11 сынып оқушылары үшін 165 видеосабақ әзірлепті. Облыс бойынша қашықтан оқытуды ұйымдастыру 3 бағытта жүзеге асады.
«Мұғалімдерге 1 992 компьютер, оқушыларға 10 461 компьютер уақытша пайдалануға берілген. 478 мұғалім ақылы еңбек демалысына шығып кеткен. Қосымша білім беруді 22 мекемеде 493 мұғалім оқытады. 380 575 оқушыда компьютерлік техника бар. IV тоқсанды оқушылар қашықтан оқиды», — деп мәлімдеді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алдағы уақытта 239,5 млн теңгеге 1 269 компьютер мен планшет, құрылығылар сатып алынбақ. Бүгінгі күнге дейін 40,8 млн теңгеге 159 компьютер алыныпты. Теледидар арқылы 185 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарланған. Облыста 173 оқушы тапсырманы қағаз форматында алады.
Әкімдіктің хабарлауынша, Алматы облысында 1 167 балабақша жұмысын тоқтатса, 68 колледж қашықтан білім беру режиміне көшкен.
[:]