«100 мың теңге айлыққа еңбек етіп, жанын қиды»: Успенка ауылы өртте қаза тапқан орманшыны ақтық сапарға шығарып салды

Абай облысындағы өртте қаза тапқан орманшылардың жетеуі Успенка ауылынан. Бүгін «Семей орманы» резерватының ұжымы әріптесі Саят Нұржігітовты соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Марқұмның әріптесі Асқар Тоғышбаевтың айтуынша, 50-ді енді ғана еңсерген Саят Нұржігітов Успен орман шаруашылығында инспектор болып істеген. «Осындай үлкен апат болып тұр. Әріптесімізден айырылып қалдық. Жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Жақсы азамат, жұмысына тиянақты еді», — деп еске алады ол. Жаназаға жиналғандардың ішінде Орман шаруашылығы жұмысшыларының кәсіподақ ұйымының төрайымы да болды. Кәсіподақ төрайымы Гүлсара Баймағамбетова да марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айтты. Оның сөзінше, Саят 20 жылдан бері осы салада қызмет етіп келген, бүкіл өмірін орман шаруашылығына арнаған. Жаназаға жиналған жамағат.

«Ауыр хабарды естіп, бәріміздің қабырғамыз қайысты. Әлі ес жия алмай жатырмыз. Жұмысшыларымыз қиыншылыққа қарамай өртпен күресіп, адал еңбек атқарып, өз жанын беріп отыр. Саят бүкіл өмірін осы орман шаруашылығына арнады. Мықты орманшымыздың бірі еді. Жақындарына құдай күш-қуат берсін. 20 жылдан аса еңбек етті. Екі баласы бар. Артында әкесі, жолдасы, ағасы қалды. Келіншегі де осы орман шаруашылығында істейді», — дейді Гүлсара Баймағамбетова. Орманшы Саят Нұржігітұлының жаназасы. 

Кәсіподақ төрайымы үкіметтен орманшылардың жағдайын жақсартуды сұрады. «Қазір үкіметке үндеу салып жатырмыз. Орманшылардың жағдайын жақсартса дейміз. Биылғы оқиға бәрінің көзін ашты деп ойлаймын. Кәсіподақ ұйымының атынан жұмысшылардың жалақысы көтерілсін деп сұраймын. Техника ескі, рация жоқ, айлықтары аз, 100 мың теңгеге еңбек етіп, жанын қиып жатыр. Бір-бір үйдің азаматтары еді… Ана ретінде айтарым — балаларымыздың жағдайын жақсартсын. Әкелеріміз өсірген орманды бір күнде жоғалтып отырмыз», — дейді Гүлсара Баймағамбетова.

 

 

Kaz  nur.kz