«150 мың теңге төленді»: Ырысбала Икрамбай «Қалаулым» туралы бар шындықты айтты

“Қалаулым” арқылы көпшілікке танылған Ырысбала Икрамбай “Менің өмірім” бағдарламасында атышулы жобаға күйеуі шақырғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

“Жұлдыз болуға асықтым. Сөйтіп “Қалаулымға” күйеу іздеп шықтым. Ол бағдарламаға мені болашақ күйеуім шақырған болатын. Аталмыш жобада ақша төленетіні анық. Себебі, қаншама адам ол жерде ай бағып, шошқа тағалап отырмайды. Менің айлығым 150 мың теңге болды. Сосын мен бағдарламаның үлкен продюсеріне жолығып, олардың айтқандарының бәрін жасамайтынымды айттым. Көбіне мінезіме байланысты қарама-қайшылықтар, кикілжіңдер болды. Сөйтіп, мен 150 мың теңгеге қарап отыра алмайтынымды, жұмыс істеуім керегін айтып едім, “айлығыңды өсіреміз” деген уәдесін алдым. Арада екі ай уақыт өтті, алайда берген уәдесін орындамаған соң қолымды бір сілтеп мен де кетіп қалдым. Ол кезде менің күйеуім “Қалаулымда” оператор болып жұмыс істеген. Мені де шақырған сол болатын”, – дейді блогер. 

Ол өзінің ең үлкен өкініші барын да жасырып қалмады. 

“Қалаулымда” қатысушы болып жүрген кезде біраз қателік болды. Анамды аз жылатпадым. Сол үшін қазір өкінемін. Қалаулым – өмірімдегі ең үлкен өкінішім. “Абайлап, байқап жүріңіз, қалаға келген қара қыз” дейтін өлең жолдары бар еді ғой. Ауылдан келген сіңлілеріме осы сөзді айтатын едім”, – деді ол өз сөзінде.

Блогер атышулы жобаға қатысушы болғанын жақындары, туыстары мен ата-енесі қалай қабылдағанын айтып берді.

“Менің бетіме келіп ешкім айтпайды, бірақ ауылдың ішінде бауырларымның бетіне салық қылып салып, анамды айыпты қылды. Ауылдың үлкендері менің ісім үшін анамды жөнге салмақ болып, көптің көзінше ұрысқан көрінеді. Анамның солай жылап кеткен кездері болған екен. Оны маған кейін өзі айтты. Қазір өзім қыз өсіріп отырмын. Енді мен жасаған қателіктерді қызым қайталамай-ақ қойса деймін. Күйеуім сол жобада жұмыс істегендіктен, мені толықтай түсінді. Қазір бұл тақырыпты мүлдем қозғамаймыз. Бәрімізде түсініспеушілік болды. Енеме де сөз қайтарған кездерім болды, қайынәпкеммен де түсініспеушіліктер болды. Бірақ қазір соған қатты өкінемін”, – дейді Ырысбала.