2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 40 тан астам мал ұрлаумен айналысқан топтар құрықталды

2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 188 мал ұрысы ұсталып, ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлаумен айналысқан 41 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Бұл туралы Altyn-orda.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

Полиция қызметкерлерінің арқасында мал иелеріне ұрланған 1134 бас мал қайтарылды.

Қылмыскерлер қалай әрекет етті

Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлері аймақтың далаларында еркін жайылып жүрген ірі қара малды ұрлап келген үш адамнан тұратын қылмыстық топтың ізіне түсті. Тергеу барысында белгілі болғандай, қаскөйлердің бірі Volkswagen жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген және ұрланған етті Алматыға тасымалдап, базарларда сатқан.

Тергеу олардың 30-дан астам сиырды ұрлауға қатысы барын анықтады.

Тағы бір оқиға Павлодар облысында тіркелді. Экибастұз ауданында жергілікті ЖШС-тердің бірінің жылқышысын қоса алғанда үш адамнан құралған топ жылқы ұрлығымен айналысқан. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер екі жылдың ішінде 70-тен астам жылқыны ұрлаған.

ІІМ сақтық шараларын еске салады

Ішкі істер министрлігі мал иелеріне келесі қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

  • қора-жайлар мен мал қамау орындарын нығайту;

  • малды қараусыз қалдырмау;

  • асыл тұқымды малға GPS-трекерлер қолдану;

  • малды есепке алу әдістерін пайдалану – чип салу, сырға салу, таңба басу.

ІІМ атап өткендей, бұл шаралар мал ұрлығының алдын алып қана қоймай, жоғалған малды табуды жеңілдетуге және табын иелері арасындағы дауларды шешуге де көмектеседі.