2025 жылы Қазақстанда өмірге келген әр балаға қанша ақша төленбек?

2025 жылы қазақстандықтар бала туу мен оны күтіп-бағуға байланысты жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 300 миллиард теңге алды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сілтеме жасап.

Отбасыларды қолдау: негізгі сандар

Жыл басынан бері мемлекет тарапынан 294 мыңға жуық адам әлеуметтік қолдауға ие болды, оларға жалпы сомасы 299,8 миллиард теңге төленді.

Бұл төлемдерге бала тууға берілетін бір реттік жәрдемақы мен 1,5 жасқа дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемдер кіреді.

Бала тууға байланысты бір реттік жәрдемақы

Жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалар санына байланысты:

  • 1-, 2-, 3-бала үшін — 38 АЕК немесе 149 416 теңге

  • 4-бала және одан кейінгілер үшін — 63 АЕК немесе 247 716 теңге

2025 жылдың басынан бері бұл жәрдемақыны 117 мың адам алды, жалпы сомасы — 21,1 миллиард теңге. Тек сәуір айында 30,5 мың адамға төленді.

1,5 жасқа дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын азаматтарға:

  • 1 балаға — 22 648 теңге

  • 2 балаға — 26 777 теңге

  • 3 балаға — 30 866 теңге

  • 4 және одан көп балаға — 34 995 теңге

Жылдың алғашқы төрт айында бұл көмекті ай сайын орта есеппен 123,3 мың адам алды. Жалпы төлем сомасы — 14,4 миллиард теңге, оның ішінде 3,7 миллиард теңге — сәуір айында төленген.

Жұмыс істейтін ата-аналарға арналған әлеуметтік төлемдер

Декреттік демалыс алған жұмыс істейтін әйелдер мен ерлерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төлемдер қарастырылған:

Жүктілік және босануға байланысты бір реттік төлем

Демалыс мерзіміне толық төленеді және соңғы 12 айдағы орташа табыс негізінде есептеледі.

  • Орташа мөлшері — 1 637 575 теңге

  • Жыл басынан бері 81,8 мың адам 117,3 миллиард теңге алды

1,5 жасқа дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем

МӘСҚ-қа соңғы 24 айда түскен әлеуметтік жарналар есепке алына отырып, орташа айлық табыстың 40%-ы көлемінде есептеледі.

  • Орташа мөлшері — 91 953 теңге

  • 88,8 мың адамға тағайындалды, төлем сомасы — 147 миллиард теңге

Төлемдерді индекстеу

2025 жылдың басынан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақылар 6,5%-ға индекстелді, бұл бекітілген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне сәйкес жүзеге асырылды.