26 ел Украинаға әскер жіберуге дайын — Макрон

Парижде өткен «қайсарлар» коалициясының жиынында Франция президенті Эммануэль Макрон 26 мемлекеттің Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскери контингент немесе ресурстар бөлуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Оның айтуынша, бұл шаралар атысты тоқтатқаннан кейінгі тұрақтылықты сақтауға бағытталған ұзақ мерзімді миссия аясында жүзеге асады.
Макрон әскерлердің Ресеймен соғыс қимылдарына қатыспайтынын атап өтті. Олардың міндеті — бейбітшілікті қамтамасыз ету және жаңа агрессияға жол бермеу. Күштер майданнан тыс қауіпсіз аймақтарға орналастырылмақ.
Президент Киевке бейбіт келіссөздер басталғанға дейін нақты қауіпсіздік кепілдіктерін беру қажеттігін айтты. Жақын арада АҚШ-тың коалицияға қосар үлесі талқыланады.
Ал Мәскеу шетелдік әскерлерді орналастыруға қарсы екенін жеткізіп, өзара қауіпсіздік қағидатын ұстанатынын мәлімдеді. Кремль Украинаны қолдау өзге елдердің мүддесіне зиян келтірмеуі тиіс екенін айтып, аумақтық ымыраны жоққа шығарды.
Altyn-orda.kz
