280 млн теңге пара алған: Талдықорғанда енді білім бөлімінің бастығы ұсталды
Жетісу облысының білім саласындағы ірі жымқыру ісінде жаңа мән-жай бар. Облыс бойынша антикоррупциялық қызмет Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Антикорға сілтеме жасап.
Ол білім бөлімінде бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Өз кезегінде пара берген адамдар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау туралы іс бойынша негізгі айыпталушы саналады және соттың санкциясымен қамауда отыр.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, күдіктілерге қатысты олардың кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті үкімді сот шығаратын болады.
ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды.
Сонымен бірге Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес күдіктінің кінәлілігі заңды күшіне енген сот үкімі шықпайынша кінәсіз деп есептеледі.