«50 шақты адам келген»: Роза Рымбаеваның Ақтаудағы концерті желіде қызу талқыланды
ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева Ақтауға гастрольдік сапармен барды. Алайда концерттің болатыны алдын-ала хабарланса да, көрермен жиналмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі Амал мерекесі күні қарсаңында Маңғыстау өңірін аралады. Алайда, сол күні 112 қызметі облыстың барлық тұрғындарына жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін жел соғатыны туралы ескерту жолдаған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өнер иесі ашық аспан астында концерт берді.
“»Концертті өткізбейік дегенбіз, бірақ Роза Рымбаева үзілді-кесілді бас тартты. Ақтаулықтар қашаннан мықты адамдар, олар бұл қаланы ыстықта, қақаған аязда, қатты желде және сусыз даланың арасында тұрғызған. Сондықтан бұл концерт ақтаулықтарға құрмет», – дейді ұйымдастырушылар.
Қатты желге қарамастан концертке 50-ге жуық қала тұрғыны жиналды. Желі қолданушылары түрлі пікір жаудырып жатыр.
“Көрісу күні болып, үйімізге қонақ шақырып қойдық”, “Концерт уақыты сәйкес келмеді”, “Ауызашар уақытында концерт бере ме?”, “Тегін палау десе ауа райына қарамай баратын еді” деп жазып жатыр оқырман қауым.
Еске салайық, Павлодар қаласында Роза Рымбаеваның өнер көрсетуі 10 миллион теңге екенін жазған едік.