«6 сағат жыладық, табыстық»: 40 жылдан кейін Айгүл Иманбаеваның әкесі қызының концертіне келді
Танымал актриса, әнші Айгүл Иманбаева жеке концертінде барша халық алдында әкесінен тағы да кешірім сұрап, ата-анасына ән арнады. Өнер иесінің «Мен…» атты жеке концерті «Хабар» телеарнасынан көрсетілді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Айгүл Иманбаева жеке концертінде тебіреніп тұрып, ата-анасына жүрегіндегі сөздерін ақтарды. «Өмірім де өнерім де көз алдарыңызда ғой. Өнердегі жеткен жетістігім, бағындырған биігім де аз емес деп ойлаймын. Бірақ, бір жақ қанатымның орны үнемі үңірейіп түратын. Сол ұуысты қайсарлығыммен жабуға тырысатынмын. Ол қуыс менің әкемнің орны еді», — деді өнер иесі.
Әнші, актриса уақыт өте келе, ой-санасы кемелденген сайын әкесін іздегенін атап өтті. «Жасыратын несі бар. Балалықпен әкеме талай қатты сөздер айттым. Соның бәрінен әкеме деген сағынышым биік тұрды. Өзімнің ішімдегі өзім өсіріп, семіртіп алған өкпе-реніш тәкаппарлық дегеннің барлығын жиып тастап, әкемді іздеп барып кешірім сұрадым. 6 сағат бойы жыладық, қауыштық, табыстық.
Мен ішімдегі кішкентай Айгүлмен табыстым. Мен өзімді сол күні қауырсыннан да жеп-жеңіл сезіндім», — деп ағынан жарылды актриса. Өнер иесі кешірімді сезінудің өзі бақыт екенін айтып, 40 жыл араға салып, әкесінің жеке концертіне келгенін айтты. Әнші әкесінен орнынан тұруын сұрап, тағы бір мәрте ел алдында одан кешірім сұрады. «Әке ана сіздер мені кешіріңіздерші. Сіздер — менің биікке самғар қос қанатымсыздар. Мен сіздерді 62 тамырыммен, бар болмысыммен жақсы көремін»,- деп аяқтады сөзін өнер иесі. Жеке концертінде ата-анасына арнап Айгүл Иманбаева «Кешір, әке-ана» әнін орындады.